ӘОЖ 82.03:80
Қолжазба құқығында
Жапбаров Нұрғазы Әбсадықұлы
Ағылшын тілін кәсіби бағдарлап оқытудағы аударманың рөлі
(техникалық дискурс негізінде)
6М020700-Аударма ісі мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
Рефераты
Қазақстан Республикасы
Қызылорда, 2013
Диссертация Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің шетел тілдері және аударма кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының кандидаты,
доцент М.Ш.Жұмағұлова
Ресми оппоненті: филология ғылымдарының кандидаты,
аға оқытушы З.О. Сахитжанова
Жетекші ұйым Қорқыт Ата атындағы ҚМУ
Диссертация 2013 жылы «____» маусым айында сағат «_____» Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде 6М020700- Аударма ісі мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдары магистрі академиялық дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңесінде қорғалады.
( 120014, Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі № 40, № 1 оқу ғимараты)
Диссертациямен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасында танысуға болады.
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Магистрлік диссертацияда кәсіби бағдарлап оқыту ағылшын тілін меңгеруде, оның ішінде аудармаға үйретуде білім беру сапасын арттырудағы ең негізгі әрекет етуші құрал екендігі қарастырылған.
Жаратылыстану бағытындағы мамандықтарда ағылшын тілін кәсіби бағдарлап оқытуда аударма жұмысын орындау барысында білім алушылардан түрлі сөздіктер және анықтамалармен жұмыс жасай алу, оқу үрдісінде сөздіктен тапқан термин сөздерін дұрыс қолдана білу, лексикалық, грамматикалық белгілеріне қарай сөзді ажырата білу, әдеби тілде мәтіннің мазмұнын жеткізе білу талап етіледі. Курс барысында білім алушылар ғылыми-техникалық, қоғамдық-саяси мәтіндерді жазбаша және ауызша аударуға машықтанады.
Зерттеудің өзектілігі. Тілге терең мән берілмейтін мамандықтарда әсіресе жаратылыстану бағытындағы мамандықтарда ағылшын тілін оқыту процесіне аударманы енгізу өз дәрежесінде шешілмеген әлі де түбегейлі өзекті зерттеулерді қажет ететін проблемалық мәселе ретінде қалып отыр.
Практика көрсеткендей ұстаздар объективті жағдайлардан туындаған біршама қиындықтарға душар болуда, білім алушылардың оқу процесін игерудегі негізгі құрал ретінде жұмыс істеуде сөздікті тиімді пайдалана алмауы, сонымен қатар мамандық терминдерінің ағылшынша баламасын білмеуі жаратылыстану бағытындағы мамандықтарда аударманы кеңінен игеруге кері әсерін тигізуде. Жаратылыстану бағытындағы мамандықтарда ағылшын тілін оқыту процесінде аударманы пайдалануда белгілі бір жүйенің болмауы, білім алушылардың кәсіби мақсатта электрондық сөздіктермен жұмыс істеуде қабілетсіздігін байқатады.
Жоғары оқу орындарына кәсіби білікті мамандар дайындаумен қатар, сол мамандықтарымен ағылшын тілін білу арқылы кез келген елмен тілдік дәрежеде қиналмай іскерлік байланыс жасауға қабілетті болу міндеттелді. Соның арқасында көптеген мамандар шет елдермен бірлескен кәсіпорындарда және шет елге шығып қызметтерін жалғастыруда.
Соған сәйкес бүгінгі күні кейбір қарама-қайшылықтар туындауда: тілдік саясаттың мазмұны мен жоғары оқу орындарында нормативтік құжаттардағы олардың толық ескерілмеуі, шет тілімен байланыстыра, кәсіби мамандығына сәйкестендіріліп даярланған кадрлардың біріккен кәсіпорындардың қажетіне сай дайындалмауы, оған жоғары оқу орындарындағы жаратылыстану бағытындағы мамандықтардың дайын еместігі айқын сезіліп отыр.
Ағылшын тілін кәсіби бағдарлап, жаратылыстану бағытындағы мамандықтарда аударманың түрлі тәсілдерін пайдалана отырып жүргізу отандық және шет ел ғалымдарының көптеген ғылыми зерттеулеріне арқау болып келеді. Атап айтсақ: Ж.А.Жетесова, П.Г.Чеботарев, В.Н.Крупнов, В.Н.Комиссаров, Т.Н.Мальчевская, А.Паршин, Л.С.Бархударов, Г.Р.Левицкая, А.М.Фитерман, В.П.Беспалько, Ю.С.Брановский, А.В.Хуторский, Б.С.Гержунский, А.Е.Петров, Е.С.Полат, М.Ю.Бухаркина, Е.Н.Дмитриева, М.В.Моисеева, А.Л.Назаренко, М.И.Нежурина, С.В.Новикова, Т.А.Полилова. Сондай-ақ диссертация жазу барысында төмендегідей ғылыми еңбектер зор маңызға ие болды: кәсіби білім берудің теориясы мен әдістемесі (С.И.Архангельский, Ш.А.Абдраман, В.В.Егоров, С.Т. Каргин, Н.Д.Хмель, Л.А.Шкутина), шетел тілдеріне оқыту теориясы (И.Л.Бим, Н.Д.Гальскова, С.С.Құнанбаева, Р.К.Миньяр-Беларучев, Е.А.Пассов).
Көп жылдар бойы білімді кәсіптік білімнің негізгі көрсеткіші деп бағалау теория мен тәжірибе жұмысы дайындығы арасындағы табиғи байланысқа мән берілмеуіне, мамандарды кәсіпке дайындауда білім қорының жеткілікті болмауына әкеліп, кейбір білім алушылардың оқуға, одан кейін болашақ кәсібіне деген біліктілігінің төмендеуіне әсерін тигізді.
Кәсіби бағыттылықты дамытудың маңызды міндеті - жастарды әр кәсіптің ерекшелігімен,олардың мазмұны туралы толық біліммен қаруландыру, әрбір кәсіптің олардың жеке қасиеттеріне қоятын талаптарымен таныстырумен қатар, таңдап алған кәсібіне деген терең қызығушылығын ояту, маңыздылығын сезіндіру, оның қоғамдық өмірдегі әлеуметтік беделін түсіндіру болып табылады. Әсіресе білім алушылардың болашақ кәсібіне байланысты мәселелерді шешу барысындағы олардың шығармашылық ой қабілеттерінің маңызы ерекше. Бастапқы кезеңде бірқатар білім алушылар өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуді жоспарламайды, сондықтан олардың оқуға жағымды көзқарасын тудыру арқылы болашақ кәсібіне қызығушылығын қалыптастыру қажет [1].
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті- ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» - деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді [2]. Аталған міндеттер оң шешімін табу үшін, барлық білім беру ордасы, әрбір оқытушының үздіксіз еңбегі арқылы, кез келген жаңашыл өзгерістер мен қайта құру, өзгерістерге нық қадам жасайтын жаңа практикаға, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды.
Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде білім саласы мемлекеттік негізгі басым бағыттардың біріне айналуда. Қазақстан үшін ғылым мен білімнің дамуы экономикалық жүйедегі бәсекеге қабілеттілікті жетілдірудің әлемдік және аймақтық деңгейде лайықты орын алудың, мемлекеттілікті нығайтудың және ұлттық мүдделерді дамытудың негізгі алғы шарттары болып отыр. Қазақстан Республикасында білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, прогрессивтік технологиялар мен оқыту жүйелерін ендіру білім беруді дамытудың міндетті шарты болып табылады, ал мұның өзі қазақстандық білім беру мекемелерінің әлемдік білім кеңістігіндегі интеграциясын қамтамасыз етеді.
XXI ғасырдағы білім беру стандартының маңызды құрамдас бөлігі және білімді модернизациялаудың басым бағыттарының бірі шетел тілдерін үйрену болып табылады. Тілдік білім жеке тұлғаны дамыту процесінде жетекші роль атқарады, өйткені тіл жеке тұлғаны қалыптастырудың, оның әлеуметтік өзара іс-әрекетінің және өз өміріне қажетті білімді игеруінің тәсілі болып табылады.
Шетел тілін меңгеру сапалы білім берудегі басты құндылықтардың бірі болып саналады, өйткені, біріншіден, шетел тілін білу жастарды жалпы-азаматтық құндылықтар мен жаһандық мәселелерді біріге шешуге ықпал етсе, екіншіден, адамның әлемдік қауымдастықта сәтті қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Шетел тілін әлеуметтік-мәдени іс-әрекеттегі қажеттілікті қамтамасыз етудің тәсілі ретінде тиімді меңгеру, тілді өз бетінше үйрену дағдысын қалыптастырып өз білімін толықтырып отыруды, сондай-ақ коммуникативті және ақпараттық мәдениетті дамытуды қамтамасыз етеді.Осыған байланысты шетел тілін тікелей оқытудан тіл мен мәдениетті меңгеруді өзіндік оқу іс-әрекетіне бағыттау өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Өндіріске қажетті жоғары білікті мамандарға сұраныс талаптарында толассыз ақпараттар тасқынында өзіндік әрекет ету дағдысы қалыптасқан, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыратын мамандар қажет етіледі.
«Қазақстан-2050» стратегиясында Елбасы Н.Ә. Назарбаев бұл мәселе жөнінде: «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингвофранкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады»,-деп атап көрсетеді.
Осы заманғы жоғары білім беру қоғам талаптарын қанағаттандырудың бірнеше жүйелерін қамтиды, яғни ғылымды, білімді және өндірісті интеграциялау түрі ретінде ғылыми оқу-өндірістік кешендер құру; оқытуды және білім алушы еңбегін дараландыру, білім беруді ізгілендіру; оқытушылардың кәсіби даярлығына жоғары талап қою. Мұндай үдеріс әлемнің түрлі елдерде өздерінің ұлттық ерекшеліктеріне, құндылықтарына, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, білім беру жүйесінің дәстүрлеріне қарай әртүрлі деңгейде көрініс тапқан.
Аударма әрі көне, әрі жаңа өнер. Аударманы өнер деп атаудың өзі де оның мәдени әлеуетінің жоғары екенінен хабардар еткендей. Ал сол аударма жасау кезінде орын алатын мәдениеттер сұхбаты өркениеттілік болмыс-бітімнің өзіндік ерекшелігін сомдайды. Демек, аударманы зерделеу – оны өз еншісіне айналдырған тілтанудың, әдебиеттанудың ғана жеке ісі емес, мәдениеттану сынды әмбебап әрі пәнаралық ғылымның да ортақ ісі болмақ [3].
Ағылшын тілі пәні басқа да жалпы білім беретін пәндер секілді тәрбиелік, білімділік, дамытушылық басқа да маңызды мақсат міндеттерді атқарады. Білім алушыларға ағылшын тілінде оқуды, жазуды, сөйлеуді, бір тілден екінші тілге тәржіма жасауды үйреткенде, біз оларға өзге халықтың мәдениетіне, өркениетіне жол ашамыз, яғни басқа тілде сөйлейтін халықтармен мәдениетаралық қарым қатынас жасауға зор мүмкіндік туады.
Болашақ жаратылыстану бағытындағы мамандардың кәсіби бағыттылығына бүгінгі өркениетті қоғамның сұранысы мен оларды жоғары оқу орындарында даярлауда жаңа технологияларды пайдаланып теориялық және практикалық білім беруді жетілдіруде, ғылыми-техникалық мәтіндерді аударуда аудармаға аса зор мән берілмейтіндігі байқалады. Осы қайшылықтардың шешімін іздестіру біздің зерттеу мәселемізді айқындауға және тақырыпты «Ағылшын тілін кәсіби бағдарлап оқытуда аударманың ролі (техникалық дискурс негізінде)» деп таңдауымызға негіз болды.
Зерттеудің нысаны. Ағылшын тіліне кәсіби бағдарлап оқытуда аудармаға даярлық үдерісі.
Зерттеудің пәні. Аударманың әдіс-тәсілдерін қолданып болашақ жаратылыстану бағытындағы мамандық иелерінің кәсіби бағыттылығын қалыптастыру.
Зерттеудің мақсаты. Аударма теориясы мен практикасы негізінде жаратылыстану бағытындағы мамандық иелерінің кәсіби - бағыттылығын қалыптастыруды теориялық-әдістемелік тұрғыдан негіздеу, оны ғылыми-әдістемелік нұсқаулар негізінде жетілдіру.
Зерттеудің міндеттері:
- ағылшын тіліне кәсіби бағдарлап оқытуда аударманың рөлін теориялық тұрғыдан негіздеу;
- техникалық дискурс негізіндегі аудармада мамандардың кәсіби бағыттылығын қалыптастыру моделін жасау, өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлерін анықтау;
- жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану арқылы болашақ мамандардың кәсіби бағыттылығын қалыптастыру жүйесін құру;
- аударманың коммуникативтік-прагматикалық сапасына әсер ететін жағдаяттарды анықтау;
- техникалық дискурс аудармасындағы вербалды және бейвербалды амал-тәсілдердің сәйкестік негізіне талдау жасау;
- ұсынылған әдістемелік жүйенің нәтижесін тәжірибеге ендіру.
Зерттеудің ғылыми болжамы. Егер, болашақ жаратылыстану бағытындағы мамандық иелерінің кәсіби бағыттылығын қалыптастыратын жаңа педагогикалық технологиялардың мәні мен мазмұны, ондағы аударманың рөлі теориялық тұрғыдан айқындалып, моделі жасалып тәжірибеге ендірілсе, онда бүгінгі қоғамға қызмет ететін білікті және бәсекеге қабілетті мамандар даярланады, өйткені бұл қазіргі білім беру саласындағы қоғамдық сұраныс.
Зерттеудің әдістері. Гипотезаны тексеру және алға қойылған мәселелерді шешу үшін мына төмендегі ғылыми зерттеу әдістері қолданылды:
-
негізгі дереккөздерді жинау барысында жаппай сұрыптау, жүйелеу, талдау тәсілдері;
-
техникалық дискурстың мағыналық көлемін анықтауда қолданылған лексика-семантикалық талдау;
-
жасалған аудармадағы трансформация түрлеріне статистикалық талдау жасау;
-
аударма жасау барысында қалыптасқан білім алушылардың кәсіби бағдарлық қабілеттерін байқау;
-
осы заманғы тілдік білімді технологияландыру контексіне сәйкес тілдік емес мамандықтарда жаңа педагогикалық ерекшеліктерді анықтау;
-
ағылшын тіліне кәсіби бағдарлап оқытуда қолданылатын аударманың функциясы;
-
ағылшын тілін кәсіби бағдарлап оқыту жүйесінде жобалық қызмет технологиясының орны мен рөлі жайлы түсініктің табиғатын ашу;
-
аударманы оқыту әдісін жаратылыстану бағытындағы мамандықтарда сынақтық оқу ретінде тексеруден өткізу.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Тұтас педагогикалық үрдісінде технологиялар бойынша тұжырымдар, аударма теориясы, жеке тұлғаның әлеуметтік мәні туралы философиялық, психологиялық қағидалар, жеке тұлғалық – бағдарлы білім беру теориясы, ғылым мен практиканы кіріктіру теориясын құрайды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы ағылшын тілін кәсіби бағдарлап оқыту процесінде техникалық мәтіндерді аударуда аударма модельдерін пайдалануға негізделген.
Зерттеудің теориялық құндылығы аударма модельдерін пайдалана отырып жаратылыстану бағытындағы мамандық білім алушыларын кәсіби бағдарлап оқыту әдісін жасауға негізделген.
Зерттеудің практикалық құндылығы жаратылыстану бағытындағы мамандықтарда кәсіби бағдарлап оқыту практикасына аударманы енгізуге бағытталған. Сонымен қатар төмендегідей еңбектерден тұрады:
-
Мұнай газ мамандығы білім алушыларын ағылшын тілін оқуды және түсінуді үйретуге арналған оқу-әдістемелік құрастырма;
-
Мұнай газ терминдеріне арналған ағылшын-орыс тілдеріндегі түсіндірмелі сөздік (электрондық);
-
Мұнай газ мамандығы білім алушыларына ағылшын тілінен практикалық курстарда өзіндік оқуға арналған мәтіндер жинағы (оқу құралы);
-
ЖОО сырттай білім беру бөлімінің мұнай газ мамандықтарының білім алушыларына арналған бақылау жұмыстары (оқу құралы);
-
Политехникалық институты мұнай газ мамандығы білім алушыларына кәсіби шетел тілі пәнінен оқу-әдістемелік кешен;
-
Аударма терминдерінің қысқаша сөздігі.
Техникалық дискурс және оның аудармадағы көріністерін зерттеу нәтижелері техникалық мәтіндердің прагмалингвистикалық, коммуникативтік және когнитивтік аспектіде қайта кодқа салу типологиясын айқындай түсуге мүмкіндік береді. Техникалық аударма заңдылықтары мен аудармашылардың шеберлігін сипаттауға арналған зерттеу жұмысы осы саладағы теориялық мәселелердің арнайы қарастырылуына септігін тигізеді.
Сонымен қатар зерттеу жұмысында алынған нәтижелер мен қорытындыларды жоғары оқу орындарының жалпы тіл білімі, салыстырмалы және салғастырмалы тіл білімі, прагмалингвистика, паралингвистика, мәдениетаралық қарым-қатынас, лингвостилистика, аударма теориясы пәндері бойынша арнаулы курстарда оқу-әдістемелік материал құрастыруда пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Шетел тілін оқыту әдістемесі, аударма теориясы мен практикасы салаларындағы ғылыми еңбектер, заңдық-нормативтік құжаттар, Қазақстан Республикасы Білім туралы Заңы, Қазақстан Республикасында білімді дамытудың 2005-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, «Қазақстан-2050» стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты, «Petroleum», «Oil and gas of Kazakhstan» атты арнайы мұнай-газ өндіру саласының журналдары, Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беру концепциясы, Қазақстан Республикасында шетел тілінде білім беру концепциясы(2004).
Зерттеудің жетекші идеясы. Ағылшын тілін кәсіби бағдарлап оқыту барысында аудармада жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану қазіргі заман талабына сай білікті мамандардың даярлығын жетілдіре түседі.
Зерттеу базасы. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті политехникалық институты мұнай газ мамандықтары, № 9 Қызылорда облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.
-
Ағылшын тілін кәсіби бағдарлап оқытуда аударма модельдерін енгізу арқылы аударманы білім алушының ақпаратты шетел тілінде түсіндіру құралы ретінде пайдалану .
-
Аударманың функциясына сүйене отырып аударманы тілдік жүйелер мен мәдени айырмашылықтарды салыстырудың әдісі ретінде зерделеу.
-
Оқу процесінде әдіс-тәсілдердің дамуының түрлі кезеңіндегі аударманың орны, аударма білім алушылардың сөйлеу дағдысын тексерудің әдісі ретінде .
-
Ағылшын тілін кәсіби бағдарлап оқыту әдісінің негізінде аудармаға тапсырма беру және оның білім алушылардың дағдыларын автоматтандырудағы ролі.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшадан тұрады.
Кіріспеде зерттеудің өзектілігі, нысаны, пәні, мақсаты, міндеттері, болжамы, әдістері, теориялық және әдіснамалық негіздері қарастырылған. Бірінші тарауда аударманы оқу процесінде қолданудың теориялық және методологиялық негіздері, екінші тарауда ағылшын тілін кәсіби бағдарлап оқытуда аударманың модельдері қарастырылған. Қорытынды жүргізілген зерттеу жұмыстарының түйінінен тұрады. Қосымшада аударма терминдерінің қысқаша сөздігі тіркелген.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Бірінші тарау «Аударманы оқу процесінде қолданудың теориялық және методологиялық негіздері» деп аталады.
Өндірісіміз өркендеп алыс жақын шет елдермен мәдени, саяси қарым -қатынасымыз артуына байланысты ағылшын тілін оқытуға жаңаша көзқарастар қалыптасып, адамның көптеген қызмет аясында білімді дамытуға аударманы кеңінен пайдалана отырып интернационалдыру қолға алынуда. Бұл көбіне көп практикалық қызметтің бүгінгі қолданылып отырған формасы мен әдісіне байланысты. Дамыған компьютер техникасы мен түрлі ақпаратты тарату құралдарының көмегі адам қызметі аясының соның ішінде аударма аясының кеңеюіне игі ықпал етуде. Осы әдістер компьютер техникасының ақпаратты өңдеу, сақтау және беру мүмкіндігін кеңінен пайдалануға негізделген. Коммуникация шеңберінде компьютерлендіру кәсіби қызметті ақпараттандыруға, білім, ғылым, телекоммуникация жүйесіндегі хабарларды алмастырып тұруға және шет тілінде берілген ақпаратпен тиімді жұмыс істеуге ықпал жасайды. Білім алушылар өздерінің ағылшын тілін оқу процестерінде тілдік және лингвистикалық компетенциясының қалыптасуына ғана әсер етіп қоймай, басқа елдің мәдениеті мен тәржіма қызметіне араласуына жол ашылады.
Бұған аударманың көмегімен, біріншіден ақпарат алмасудың тұрақтылығы, жинақылығы, нақтылығы, екіншіден аударма оқуға жеке-бағдарлық көзқараспен қарауды қажет етеді. Қазіргі қоғам келешек мамандардың кәсіби білімдерін терең игерумен қатар, оларды өмірде еркін, біліктілікпен қолданып ағылшын тілінде сөйлесуде әртүрлі ақпарат құралдарын пайдалану арқылы, оның ішінде ғаламтор жаһандық жүйесін игеруді де қоса.
Аударма – ел мен елді, тіл мен тілді жақындастыратын, тілдестіріп, ұғыстыратын бірін бірі байытып, толықтыратын тіл білімі әлеміндегі ерекше бір сала.
Аударма теориясы алдына келесідей міндеттер қояды:
1) Аударманың жалпы лингвистикалық негізін ашу және сипаттау, ол дегеніміз, аударма процесінің негізінде қандай тілдік құрылымдар жатқанын анықтау деген сөз;
2) Аударманы лингвистикалық зерттеу объектісі ретінде тану, оның айырмашылығын көрсету;
3) Аударма ісі түрлерінің негізгі классификациясын жасау;
-
Түпнұсқа және аударма мәтінінің теңдігін аударма ісі негізі ретінде ашып көрсету;
-
Түрлі комбинациядағы тілдердің жеке және арнайы теориясының жалпы қағидаларын жасау;
-
Аударма процесінің жалпы ғылыми сипаттау қағидаларын жасау;
-
Аударма процесіне прагматикалық және әлеуметтік лингвистикалық факторлардың әсерін анықтау;
-
«Аударма нормасы» терминінің мағынасын ашу және аударма сапасын анықтайтын қағидалар жасау [4].
Ағылшын тілін кәсіби бағдарлап оқытуда аударма түрлері қолдану. Кәсіби салада басқа тілдік коммуникацияны игеруге байланысты халықаралық қатынаста өндірістік және ғылыми проблемаларды шешуде, өзара түсіністік пен толық дәрежеде сөйлесуде ғалымдардың назары кәсіби-бағдарлық қабілетті зерттеуде интерактивті, бірінші кезекте аударманы пайдалануға көңіл бөлген.
Бөгде тілдік коммуникацияда аударма жасай білу жартылыстану бағыты саласы мамандарының бірден бір кәсіби сапасы деңгейінің өлшемі болып табылады.
Ендігі жерде аударманың ел мен елді байланыстырушы сұхбаттылық пәрменіне тоқталатын болсақ, онда мәдениетаралық коммуникация, мәдениеттер сұхбаттастығы терминдері өзара ажыратуды, арақатынастарды саралауды қажет ететіндігін айтуымыз керек. Коммуникация термині бізге орыс тіліндегі әдебиеттерден келгенмен, әуел баста латын тілінен шыққаны белгілі. Қазақ тіліне бұл термин “қатынас” деп аударылады әрі дәл аударылады деп ойлаймын. Қатынастың да түр-түрі болады. Солардың барлығын екі негізгі топқа бөліп қарау мүмкін. Олар: тікелей қатынас, жанама қатынас. Тікелей қатынасты біз “араласу” деген ұғым арқылы да жеткізе аламыз. Ол адамдардың өзара, бөгде біреулерсіз, тікелей, бетпе-бет қатынасқа түсуін білдіреді. Қазақи тілдік санада “аралас-қораласымыз бір”, “араласып жүрген жандар” деген сияқты тұрақты сөз тіркестері содан хабар береді.
Аударма түрлерін пайдалана отырып шет тілін кәсіби бағдарлап оқыту оқу процесін жекелеген және аралас дәрежеде құруға негізделген. Қолайлы жағдай тудырылады:
а) білім алушылардың өздігінен бағалы-құнды ақпараттарды іздестіру, өңдеу, жүйелеу және пайдалану барысында шығармашылық қызмет атқаруын ұйымдастыру;
б) Ақпараттық ортада сөйлеу мәдениетін жетілдіру;
в) Өзін-өзі дамытуда жеке моделдер табу мен құрастыруда табиғи таланты мен қабілетін ашу.
Шетел тілін оқытуда аударманың атқаратын функциясы. Жаңа материалды түсіндіру кезінде аударманы қолдану, аударманы контекст тапсырмасы мен мазмұнды жеткізудің әдісі ретінде қабылдау, аударманы білім алушының ақпаратты шетел тілінде түсіндіру құралы ретінде пайдалану әдісі, аударманы білім алушылардың сөйлеу дағдысын тексерудің әдісі ретінде қолдану, аударманы тілдік жүйелер және мәдени айырмашылықтарды салыстырудың әдісі ретінде қолдану, аударма және «пішін-мазмұн» деген қатынас, аудармаға тапсырма беру және білім алушылардың дағдыларын автоматтандырудағы рөлі[5].
Диссертацияның екінші тарауы «Ағылшын тілін кәсіби бағдарлап оқытуда аударманының модельдері» деп аталады.
Модель – бұл тек әрекеттерге қажетті жалпы бағдар. Егер аудармашы тілді де, тақырыпты да жақсы білсе, ол тиімділікке оңай қол жеткізеді. Ол жағдайда аудармашы оның түсінігіне байланысты мәселеге тоқтамай, бірден оған жауап бере алады. Барлығы аудармашының даярлығына байланысты. Әр адам өзінің жеке тәжірибесіне жүгінеді. Аудармашы өзінің тәжірибесі, мәселені жіті түсінуі және тілді білуінің арқасында, қажетті шешімдерге қол жеткізеді. Аударма моделін ең алдымен процесті жуықты басқару схемасы ретінде қарастырған жөн. Басқаша айтқанда, жалпы шығармашылық-танымдық процестегі аудармашының әрекеттерін көрсететін жалпы құрылымдар. Аударма күрделі процесс болғандықтан, аударманың моделі немесе теориясы да үнемі толықтырылып отырады. Аударма моделін білу– білім алушының ойлау белсенділігін арттырады. Модельді негізге ала отырып, аудармашы түпнұсқаның ерекшеліктерін, лингвоэтникалық кедергілердің сипатын, аударма технология, аударма стилінің мәселелерін есепке алады. Кез келген бағыттағы аудармашыларды даярлаудың құрылымы мен мазмұны осыдан көрінеді.
Кәсіби коммуникация саласындағы аударма. Кәсіби коммуникация саласындағы аударма дегеніміз – бұл XXI ғасырдың ғылымының және ақпараттың арнайы салаларының аса дамуын көрсететін және, ең бірінші, кәсіби коммуникация шеңбері кеңейтіліп, адам өмірін жан жақты қамтитын, жаңа ғылыми көрініс деп аталады[6].
Достарыңызбен бөлісу: |