Ашамай сүйекті. Арбиған, арса-арса; арық. Сол ұлттық тәуелсіздігімізді жойған Россия патшалығының өзі де құлады ғой, – деді есікке таяу отырған, а ш а м а й с ү й е к т і, тарамыстай қатып қалған қара сұр жігіт (I.Есенберлин, Қатерлі.). Алаң а ш а м а й с ү й е к т і, жұқа өңді, жалпақтау ақшыл келген, тегеурінді жігіт (Ұ.Доспанбетов, Кәрі қобыз.). Қос күрең арындай жөнелгенде, қосарындағы арық торының а ш а м а й с ү й е к т е р і арбаңдап табан астынан шоқытып кетті (Қ.Жармағамбетов, Әнші.). Бұл училищеде бір курс жоғары оқитын, бойы сидиған, а ш а м а й с ү й е к т і, жақтары да сопиған, аузы түртік, көздері кімге де болса кіртие қарайтын, өзі қатар қара жігіт (М.Қуанышбаев, Тайталас).
Қазақ тілін жаңадан үйреніп жүрген немесе қазақ тұрмысымен етене таныс емес тыңдарман не оқырман бұл сөздің мағынасын да, оның мәдени коннотациясын да түсіне алмайды. Оны түсінуі үшін атадан балаға жеткізілетін этномәдени ақпаратты білуі керек. Ол санада шифр, код түрінде көрініс табады. Сол арқылы этнотілдік санада тілдік мәндерде кодталған ғалам бейнесі көрінеді. Ғаламның тілдегі көрінісі осы тілде сөйлейтін халықтың ұжымдық шығармашылығы болып табылады. Әрбір жаңа ұрпақ (буын) ана тілін меңгерумен қатар ұлттық сипат, дүниетаным көрініс тапқан мәдениет кешенін де қабылдайды. Бұл орайда академик Р.Сыздық: «Тілдің лексикалық құрамының сипаты және жеке лексикалық бірліктер сол тілдің, өміршеңдігін танытуға қажет материалдардың бірі деп танылса, бұл құрамның фразеологизм деп аталатын бөлігінің орны айрықша. Қазақ тілін өз бетімен үйренгісі келетіндердің көбі бұл тілде астарлап айту, яғни белгілі затты, құбылысты, абстракт ұғымды және адамның сын-сипатын қимыл-әрекетін тура атамай, «жұмбақтап» (астарлап) білдіру күшті екен, сондықтан бұл тілді үйренуші метафоризация тәсілін дұрыс түсініп, қазақ тіліндегі метафоралық қолданысты жақсы игеруі керек екен – дейді. Мысалы, ол үйге қас қағым сәтте жетіп келді; қарға адым жерге жете алмай отырмын; көмекшім кетіп, қолым кесіліп қалды деп сөйлегенді тілді енді үйреніп жүргендердің бірден түсінуі қиын. Мұндағы курсивпен көрсетілген сөздердің жеке-жеке тұрғандағы мағыналарын білгенмен, қас қағым, қарға адым, қолы кесілу деген тіркес құрамындағы сөздердің семантикалық танымы бөлек екенін үйреніп білу керек болады. Шынында да, қай тілде болмасын, ондағы жалпы тұрақты тіркестердің, оның ішінде бейнелі (образды) метафоралық құрылымдар мен идиомдық бірліктердің мағыналарын, қолданыс тәртібін, модальдық бояуларын, стильдік қызметтерін игермесе, тілді жақсы меңгеру қиынға соғады. Ал бұлар тілдің тек семантикалық-конструктив бірліктер қазынасын сан жағынан молайтып қана қоймайды, тілдің икемділігін, эстетикалық мүмкіндігін танытатын құндылықтар болып табылады. Бұл құндылықтар осы тілді қолданушы халықтың ұлттық белгілерінің бірі – дүниетанымдық дәрежесін, эстетикалық талғамын көрсетеді. Демек, бұларды зерттеудің бір қыры когнитивтік ізденістерге алып барады», – деп жазады [20, 59-б.].
Тіл – адамдардың қарым-қатынас құралы ғана емес, әр ұлттың ұлттық болмысын, дүниетанымын, ойлау жүйесін сипаттайтын жалпыадамзаттық құндылық. Ақиқат дүниені тану үдерісінде дүниетанымдық білімдер арқылы жалпыадамзатық сана қалыптасады. Бұл жалпыадамзаттық сана әлемдегі барлық халыққа ортақ болса, адамзаттың бір-бірінен ұлт ретінде ерекшеленуі ұлттық сананы қалыптастырады. Демек, тілден жалпыадамзаттық құндылықтармен бірге ұлттық дүниетанымдық ерекшеліктер де көрініс тауып отырады. Тіл ғалам мен мәдениетті бейнелеумен қатар сөйлеушіні қалыптастырады, оның салт-дәстүрін, дүниетанымын, ділін, ұлттық сипатын, идеологиясын айқындайды. Әр халық мәдени, тарихи даму барысында қоршаған ортамен тығыз байланыста әлем туралы білімін жинақтап, сақтайды, вербалды сана, ерекше мәдени код түрінде тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады. Жастардың үлкендердің сөзін түсіне алмауы немесе ақын-жазушылардың шығармаларын түсіне алмауы этномәдени кодты игере алмау салдарынан туындайды. Осыған байланысты З.Қ.Ахметжанова: «Қазақ тілінің концептуалды жүйесін білмегендіктен, жастар қазақ халқының салт-дәстүрін ескіліктің сарқыншағы ретінде қабылдап, теріс бағалайды. Жалпыадамзаттық, әлемдік мәдениеттің бөлшегі болып табылатын ұлттық мәдениеттің терең, философиялық мәнін жас буын өкілдері түсіне алмай жүр», – деп жазады [31, 175-б.].
Тілдік таңба этнотілдік сананың көрсеткіші болып табылады, мәндер жүйесі этномәдениет жүйесін айқындайды. Тіл – мәдениет – этнос мәселесінде этномәдени сананың орны ерекше. Этномәдени сана – белгілі бір қоғам үшін әлеуметтік мәні ерекше болатын білімдер жиынтығы, ол тіл арқылы көрініс тауып, сақталып отырады. Себебі тіл, мәдениет, этнос өзара тығыз байланысты. Тіл – мәдениеттің құралы, құраушы бөліктерінің бірі болумен қатар белгілі бір тілдік ортада дамитын этникалық тұлғаның өзегін құрайды. Әрбір сөйлеуші мәдениетті жеткізуші болып табылады, тілдік таңбалар мәдениет таңбасы ретінде де қолданылып, ұлттық мәдениеттің ерекшелігін білдіреді. Мәселен, қазақта алыс жолға шыққан адамның қайда бара жатқанын сұрамайды: Жол болсын! Әлей болсын! деп амандасады. Осыған байланысты А.Байтұрсынұлы: «Біз қазақ тіліндегі сөздердің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдану болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз. Қазақ тілі қазақ ортасындағы бәріне бірдей ортақ пайдаланбайды. Әркім әр сөзді өзінше қолданады, өзінше тұтынады. Бүтін пікірін айтып шығатын әңгіме ішінде түгіл, жалғыз ауыз амандасу жүзінде де әркім әртүрлі сөз қолданады. Мәселен, біреу «амансыз ба?» деп, біреу «есенсіз бе?» деп, біреу «сәлемет жүрсіз бе?» деп, біреу «күйлі, қуатты барсыз ба?» деп амандасады. Бәрінің де ой мақсаты бір, бәрінікі де амандық білу, амандық сұрау, бірақ әркім әртүрлі сөз қолданып, өзінше сұрайды», – деп жазады [1, 369-б.]. Сол сияқты сөйлеушінің ойын дұрыс жеткізуі ғана емес, тыңдаушының оны дұрыс түсініп, дұрыс қабылдауының да коммуникация үшін маңызы ерекше. Қ.Жұбанов коммуникацияның дұрыс жүзеге асуы үшін сөйлеушінің тілдік бірліктерді дұрыс таңдап қолдана білуі, сондай-ақ тыңдаушының айтылған хабарды дұрыс ұғынып, түсінуі қажет екенін айтады: «Танымадық – дегеннің мәні: «танымай тұрмын, өз жөніңіз қалай еді?» «Кім едіңіз?» дегенге келіп саяды. Ал біреуге «Жол болсын!» дегенде алғыс айту, тілегін тілеу емес, «Неғып жүрген адамсың?» дегендей сұрау жатыр»... [2, 71-72-б.]. Яғни коммуникация сәтті болуы үшін сөйленім әрекетінің субъектілері – сөйлеуші мен тыңдаушы, қабылдаушы атадан балаға беріліп отыратын кодтарды меңгеріп қана қоймай, дұрыс қолдана білуі қажет.
Тіл мен мәдениет халық ділімен, дүниетанымымен тығыз байланысты. Тіл ділді қалыптастыратын негізгі құрал болып табылады. Халық санасының ментальді бірліктері тілінде көрініс табады. Діл адамның дүниетанымын айқындайды. Ол – әдет-ғұрып, ұжымдық, эмоционалдық дағды сияқты халықтың өзіндік ерекшелігін сипаттап, тілінде лексикалық және грамматикалық деңгейінде көрініс табады. Тұлға қалыптасуы үшін қажетті алғышарттардың бірі – өзіндік дүниетанымының болуы, айналасында болып жатқан нәрселерге өзінше баға беруі. Ж.З.Кадина когнитивтік аяда көрініс табатын мәдени-менталдық мәннің үш фактордың: 1) антропоцентристік фактор; 2) далалық білім; 3) ұлттық ойлау жүйесінің өзгешелігі негізінде қалыптасатынын айта келіп: «Ментальді мазмұн халықтың ұлттық ойлау тәсілімен байланысты. Ал ұлттық ойлау тәсілінің ерекшелігі – әр халықтың танымдық үдерісінде қалыптасқан модельдері арқылы ортаны қабылдау, олардың заттары туралы ұғым құру (концептуализация), сол ұғымдарды топтастыру (категоризация) үдерістерінің нәтижесі», – деген тұжырым жасайды [22, 10-11-б.].
Тіл – мәдениеттің құрамдас бөлігі, ұлттық рухтың көрінісі. Тіл арқылы ұлттық ділдің ерекшеліктері көрінеді. Сонымен қатар тіл – мәдениетті объективтендіретін, оны тасымалдайтын арнаның бірі. Ф.Оразбаева тілдік формаларды (тұлға – Ф.О.) тіл мен сөйлесімге (сөйлеу – Ф.О.) қатысына қарай жіктей отырып, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігін былайша сипаттайды: «Тілдік тұлғалар – адамзат тілінің сақталуы мен өмір сүруіне қызмет ететін, сөйлеу мүшелері (дыбыстау мүшелері) арқылы жасалатын, фонетикалық, лексикалық және грамматикалық қасиеттерге ие болатын, таңбалық сипаты бар тілдің құрылымық бірліктері. Қатысымдық тұлғалар – тіл арқылы қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, белгілі бір ортамен араласу жағдайында жүзеге асатын, тиянақты ойды хабарлау және қабылдау қасиеті бар, ерекше деңгейге көтерілген тілдік тұлғалардың қатысынан тұратын, қарым-қатынастық мәні бар бірліктер. Тілдік тұлғалар адамның миы мен сөйлеу аппаратының, дыбыстау мүшелерінің қимыл-қозғалысына қатысты, қатысымдық тұлғалар онымен қоса ойлау мен пайымдаудан адам санасында хабарды қабылдауға әрі жеткізуге қатысты» [23, 76-б.].
Ғалым қатысымдық тұлғалардың мынадай қасиеттерге ие болу керектігін айтады:
Сана мен ойға қатысты мазмұнның тиянақтылығы.
Баяндау ғана емес, хабарлау, жеткізу, аппаратты қайта шығару қасиетіне де ие болуы.
Ми жүйесі арқылы қабылданып, қайта айналымға түсуі.
Белгілі бір жағдайда, ортаға байланысты жұмсалуы.
Тіл мен сөйлесім әрекетіне байланысты қарым-қатынаста қызмет атқаруы [23, 59-б.].
Тілдің сөздік құрамын зерттеу арқылы сөйлеушілердің тілінде көрініс тапқан негізгі құндылықтарды айқындауға болады. Бұл орайда тілдің тұрпат межесімен қатар мазмұн межесін де ескеру қажет. Тілдік семантика белгілі бір тілдік ұжымға және жеке сөйлеушіге тән мәдениет әлемінің ерекшелігін сипаттайды.
Этномәдени сана тіл мен мәдениетте көрініс тауып, қарабайыр аксиология ретінде, яғни бағалар жүйесі ретінде көрінеді. Оған жалпыға ортақ, көпшілік мақұлдаған сипаттар жатады. Тілдік санада көрініс табатын қазақ діліміне тән негізгі белгі – айналасындағы дүниенің бәріне өзінше баға беру. Қазақтың этникалық сипатының негізгі құрауыштардың бірі – белгілі бір эталон деген үлгілерді негізге ала отырып, айналасына, өзіне, өзгеге берілген баға: Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дер, Өшер елдің баласы бәрін бірдей қатын дер. Жақсы – Ай мен Күндей, бәріне бірдей. Жақсы туса – жер ырысы, Жаңбыр жауса – жер ырысы. Жігіт ел үшін туады, елі үшін өледі. Ел үмітін ер ақтар, Ар атағын ел сақтар т.с.с.
Әр адам белгілі бір ұлттың өкілі болғандықтан, ұлттық дәстүр, тіл, тарихы, әдебиеті бөлек болады. Әр тіл дүниені өзінше бейнелейді. Адам болмысты тілі арқылы таниды. Ж.Манкеева тіл арқылы берілетін ойдың ар жағында сол тілде сөйлеушінің танымы, мәдениеті, психологиясы, өмір тәжірибесі т.б. рухани-прагматикалық жүйесі жататынын айта келіп: «...Тіл қызметін сол тілде сөйлеушінің жан-жақты қызметі мен болмысынан тыс қарау мүмкін емес. Ал ол қызмет тілдің ұжымдағы коммуникативтік қызметімен ғана шектелмейді. Себебі сол ұжымды ұйыстырушы, тұтастырушы, біріктіруші және жаңа ұрпаққа ұластырушы да – тіл қызметі. Яғни тілдік ұжымда тіл коммуникативті-прагматикалық қызметпен қатар танымдық, құжаттық (кумулятивтік) т.б. қызметтер де атқарады. Мемлекеттік мәртебеге ие тілде бұл қызметтер ерекше сипатта көрініс табуы тиіс. Олай болса, қазақ тілінің жан-жақты қоғамдық, әлеуметтік қызметін негіздейтін, дәлелдейтін, айқындайтын, жаңғыртатын, жандандыратын арқауын анықтауды мақсат ететін жаңаша сипаттағы антрополингвистикалық бағыт қазақ тіл білімінде де өріс алуы – қоғамдық қажеттілік», – дейді [24, 86-б.].
Когнитивті қызметінің нәтижесінде тіл адамның қоршаған орта туралы әсерін жинақтаумен қатар халықтың зерттеушілік ойларын да жеткізіп, халықтың ұжымдық, этномәдени санасында қалыптасқан ғалам бейнесін сақтайды. Тіл – жетілген таңбалар жүйесі, сананы объективтендіретін құрал болып табылады. Сол себепті С.Исаев: «Тіл – қоғамдағы адамдар арасындағы аса маңызды қатынас құралы. Осы себептен де, ол бір жағынан, ойлаумен, екінші жағынан, сол арқылы санамен тікелей байланысты және қоғамдық өмірде белгілі бір қызметтер (коммуникативтік, эстетикалық-экспрессивтік т.б.) атқарады. Тіл, ең алдымен, ойды жарыққа шығарып, жетілдірудің құралы болу арқылы ойлаумен тікелей байланысты. Сондықтан тілдің негізгі единицалары ойлаудың басты категорияларымен сәйкес келіп жатады. Мысалы, сөз ұғымды білдіріп, соның тілдік көрсеткіші болса, ойды білдірудің бірден-бір тілдік көрінісі сөйлем болып табылады. Сондай-ақ тілдік единицалардың бұдан басқа да өзіндік мәндері, атқаратын қызметтері бар. Міне, осы қасиеттері арқылы тіл айналадағы дүние, объективтік шындық туралы адамның санасын қалыптастырады, оларды есте сақтауға негіз болады», – деп жазады [25, 4-б.].
Соңғы кездері тілдегі ғалам бейнесіне ерекше мән беріле бастады. Бұл бағыттағы зерттеулер тілдік формалар арқылы берілген түсініктерді когнитивті құрылымдар арқылы айқындауды мақсат етеді. Ғалам бейнесі тілге ықпал етеді, сондай-ақ тіл де ғалам бейнесін адам санасына жүйелейді. Сондай-ақ «сана» және «ғалам бейнесі» ұғымдарын сөз еткен кезде тілдік сананы назардан тыс қалдырмау керек. Тілдік сана когнитивті сананың міндетті компоненті бола отырып, сөйленіс түзеді. Тілдік сана белгілі бір ұжымның қоғамдық өмірі мен мәдениетінде көрініс тапқан, психикалық сипаты мен тілінде айқындалатын ерекшелік болып табылады. Тілдік санада ұлттық-субъективті ғалам бейнесі қалыптасып, болмыс туралы жалпыхалықтық, стереотипті түсініктер көрініс табады. Яғни тілдік санада халықтың мәдени, тарихи, рухани тәжірибесі, ұлттық салт-дәстүрі көрініс тауып, тілдік ұжымның ұлттық ерекшелігі көрінеді.
Тіл – ақиқат болмыстың бейнесі, адамның ғалам туралы білімінің қалыптасу және өмір сүру формасы. Тілде бейнеленіп, көрініс тапқан болмысты адам тәжірибесіне айналдыра отырып бейнеленген, алынған ақпаратты жүйемен интерпретациялайды. Болмыс және адам туралы өңделген ақпарат – ғалам бейнесі болып табылады. Ғалам бейнесі – адам дүниетанымының басты элементі. Оның өзіндік мазмұны бар: онда адамның дүниені тануының негізгі көріністері жинақталған. Яғни ғалам бейнесі – шынайы болмыс туралы адамның түсінігі.
Ғалам бейнесінің негізін кеңістік, уақыт сияқты әмбебап ұғымдар құрайды. Ал дүниетанымның ұлттық ерекшелікке ие тұсы ұлттық ділді қалыптастырады. Сол арқылы ұлттық дүниетанымның өзіндік ерекшеліктері болады. Адам игерілген білімді, дүниетанымын тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады. Белгілі бір нәрсені білдіретін соған атау болған лексикалық бірліктер реалийдің сөйлеуші санасында бар екенін ғана білдіріп қоймай, сонымен қатар объективті әлемде олардың белгілі бір жүйеге түскенін көрсетеді, яғни ғаламның тілдік бейнесін көрсетеді. Осыған байланысты Қ.Жұбанов: «...Біздің ісек, тұсақ, құнан, құнажын, дөнен, дөнежін деген сөздеріміз басқаларда жоқ. Қазақ синий, голубой, зеленый деген түстердің бәрін көк дейді. Адайларда арабтарда түйе түрлігінің аттары көп; Еділ, Каспий бойының қазақтары балық түрлерінің аттарын көп біледі. Демек, қолданылмаған затқа ат жоқ. Халықаралық тұрмыс қалпы түрлі-түрлі болған соң олардың әр затқа қоятын аттары да түрлі-түрлі. Тіл ұзақ заман жасалады, бірден өзгермейді, оның өзгерісі тұрмысқа байланысты», – деп жазады [2, 119-б.].
Күнделікті өмірде жинақталған, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырған, білім қоры тілдік електен өтеді. Білімнің ең басты құрылымы тілде көрініс табады. Онда адамның танымы, қоршаған ортаның адамға әсері де көрініс табады. Тіл танымды бейнелеумен қатар ойды білдіру құралы болып табылады, сол себепті тілді зерттеу арқылы таным әрекетін де айқындауға болады. Тіл адамнан тыс болмайды, ақиқат болмыс санамызда, жадымызда бейнеленеді.
Ғаламның тілдік бейнесі – ғаламды тануда үнемі қатысатын, қабылдаушы санасында түрлі бейне қалыптастыратын ерекше түзілім болып табылады. Ғаламның тілдік бейнесі – тілді меңгертумен қатар қолданылу ерекшеліктерін де сипаттап, түсіндіріп отырады. Ғалам бейнесі – белгілі бір халықтың қоғамдық санасында болмыс туралы жүйеленген білімдер жиынтығы, ол – философия, әдебиет, мифологияда т.с.с. көрініс тапқан халықтың болмыс, тұрмыс, әлем туралы білімі, құндылықтар жүйесі, таным парадигмасы ретіндегі түсініктер жиынтығы. Ғаламның тілдік бейнесі – сана қызметінің жемісі, ол әлем туралы ойларды білдіру құралы ретінде ойлау, болмыс пен тілдің өзара әрекеті нәтижесінде қалыптасады. Ғалам бейнесінің бұл түрі тіл жүйесінде, яғни сөздік қор мен грамматикада кодталған халықтың ғалам бейнесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
Ғалам бейнесі адамның әлеммен байланысының негізінде туындайды және ол алуан түрлі болуы да мүмкін. Ғаламның тілдік бейнесі адамның болмысқа (табиғатқа, жан-жануарларға, өзіне) қатысын білдіреді. Сол арқылы адамның әрекеті реттеліп, адам мен әлем арақатынасы айқындалады. Бірқатар зерттеушілер ғаламның когнитивті бейнесі деген атаудың орнына ғаламның концептуалды бейнесі деген атауды қолданады. Ғаламның концептуалды бейнесі лингвомәдени социумдағы таным және сөйлесім қызметі арқылы қалыптасады. Ғаламның тілдік бейнесі адам мен болмыс, адам мен әлем арақатынасын бейнелейтін ғаламның когнитивті бейнесімен тығыз байланысты. Ғалам бейнелері ойлау мен тілдің арақатынасынан туындайды. Ғаламның когнитивті бейнесін түзуге ойлаудың бірнеше түрі қатысатындықтан, тілдегі бейнемен салыстырғанда, когнитивті бейне әлдеқайда бай болады. Ғаламның тілдік бейнесі ғаламның концептуалды бейнесінің вербалданған бөлігі болып табылады. Ғаламның тілдік бейнесі ғаламның концептуалды бейнесімен қатар, тең дәрежеде қолданылатын дербес ғалам бейнесі емес, оның құрамдас бөлігі болып табылады.
Қазіргі кезде зерттеулерде ғалам бейнесі түрліше сипатталып жүр. В.И.Постовалова ғалам бейнесі адам дүниетанымының көрінісі екенін айта келіп, адам баласы қай қырынан сипаттаса, ғалам бейнесі де соншалық құбылып, өзгеріп тұратынын айтады [26, 32-33-б.]. Бұл орайда ғалам бейнесінің екі түрін – тікелей және жанама – ажыратып алу керек. Тікелей ғалам бейнесі – адамның болмысты тікелей танып, қабылдауының нәтижесінде түзілген ғалам бейнесі. Мұнда адам сезім мүшелері абстрактілі ойлау арқылы айналасын таниды. Ол дүниетаныммен тікелей байланысты. Алайда екеуін теңестіруге болмайды. Тікелей ғалам бейнесі болмыс туралы мазмұнды, концептуалды біліммен қатар болмыстан танытатын ментальді стереотиптер жиынтығын да қамтиды. Ғалам бейнесінің бұл түрі когнитивті деп аталады. Ол когниция (таным) нәтижесі болып табылады. Тікелей ғалам бейнесі когнитивті сана қызметінің нәтижесі және белгілі бір жүйеге келтірілген білімдер жиынтығына – концептосфераға негізделеді. Адам болмысты, өзін тіл арқылы таниды. Тілде жалпыадамзаттық және ұлттық құндылық ретінде қоғамдық-тарихи тәжірибе көрініс табады. Тілдің ерекшелігіне байланысты сөйлеуші санасында белгілі бір ғалам бейнесі қалыптасады, адам сол арқылы әлемді таниды, бұл ғаламның жанама бейнесі деп аталады. Ғаламның жанама бейнесі – концептосфераның екінші таңбалар жүйесі арқылы көрінуі. Олар санадағы ғалам бейнесін жарыққа шығарады. Яғни тілдік формада көрініс тапқан білімдер жиынтығы ғаламның тілдік бейнесін түзеді.
Тілдік семантика халықтың ғаламды танып-түйсіну тәсілі және болмыс туралы білімнің кодталу жолы болып табылады, сол арқылы ғаламның тілдік бейнесі түзіледі. Осыған байланысты А.Ислам былай дейді: «Адам қоршаған ортаны ойлау арқылы танып біледі және ол адам санасында көрініс табады. Адамның шындықты танып білуі ой арқылы жүзеге асса, тіл – ойдың бейнелеу қызметінің нәтижесін бекітудің құралы ретінде қызмет етеді. Бұл – жалпыға ортақ таным, өйткені табиғаты жағынан адамзат бірдей болса, таным қызметі де, оның механизмдері де ортақ құбылыс екені де мәлім. Қандай да тіл өзіндік тілдік құрылымы және тілдік үлгілері жағынан әртүрлі болғанымен, тілдік болмысты түсінуге келген ортақ танымдық дүниелерден тұрады» [27, 13-б.].
Ғаламның тілдік бейнесінде белгілі бір тілдік қауымдастыққа тән түсініктер мен білімдер кешені тілде көрініс тауып, сақталады. Ғаламның тілдік бейнесі бірқатар өзгерістерге түскенімен, тұрақты сипатта болады, яғни әлем туралы білім белгілі бір құрылымға ие болып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады, сөйлеушілердің тілдік санасы, ойлау жүйесі дәстүрлі түрде қалыптасқан категориялармен беріліп, сақталып отырады. Ғаламның тілдік бейнесі – халықтың болмыс туралы, тілдік таңбалар мен мәндерде көрініс тапқан түсініктер жиынтығы, ғалам туралы ақпараттың, сөздердің жүйелі мәндерінде белгілі бір тәртіпке келтірілген көрінісі. Осыған байланысты М.Балақаев: «Қатынас құралы болып қалыптасқан тілге реформа жасау мүмкін емес. Бірақ оны әдеби нормаға түсіріп байытуға, жақсартуға, икемді етуге болады. Тілдегі бірқатар сөздердің, сөз тіркестерінің құрылысы дәл осы күнгі логикалық ой тұрғысынан онша үйлесімді болмауы да мүмкін. Бірақ солар қазіргі тілдік санада орнықты орын алып, мақсатты ойымызды дұрыс айтуға жарап жатса, ондайды өзгертудің керегі болмайды. Мысалы, «жұмыс істеп жатыр», «қолын тістеп алды» дегендердің құрамын бөліп қарасақ, ондағы сөздер пәлендей логикалық байланыста тұрмағанын аңғаруға болады: жұмыс «істеу» мен «жатыр», «тістеу» мен «алды» етістіктерінің бөлек тұрғандығы мағыналары мүлде үйлесімсіз-ақ қой. Сонда да халық тілінде олардың бірін екіншісіне көмекші етіп, ерекше қызметте, жаңа мағынада солай жұмсалу дәстүрге айналған. Ондайлар ойымызды дәл айтудың бірден-бір дұрыс амалы болатындықтан, оларды өзгертудің жөні жоқ. Тіпті, «күн күркіреді», «шақпақ шақты», «қарным ашты», «жаным ашиды» сияқтылар, ескі мифологиялық ұғымға лайық құралғанмен, оларды қазір басқаша түсініп, жаңаша жұмсап керегімізді өтейміз», – дейді [6, 29-б.].
Ғаламның тілдік бейнесін қалпына келтіру – антропоөзектілік парадигмадағы ерекше маңызды бағыттарының бірі. Бұл орайда сөз белгілі бір нысанның референті ғана емес, сонымен қатар осы мәдениет үшін басты маңызды бірлік болып табылады. Тіл ұлттық ерекшелікті, ұлттық идея мен мұрат-мүдделерді біріктіреді. Ғалам бейнесі әр тілде түрліше көрініс табады. Зерттеушілер тілдік семантиканы зерттеу арқылы халық түзген, тіл иесі субъект жасаған ғаламның тілдік бейнесін қалпына келтіруді (реконструкциялау) мақсат етеді. Лингвистикалық когнитивті құрылымдар ғаламның тілдік бейнесінің қалыптасуына ықпал етеді. Ғаламның тілдік бейнесі тілде көрініс табатын ғаламның ұлттық бейнесімен тығыз байланысты. Мұнда жекелеген сөздердің мәніне, сөздердің этимологиясына ерекше мән беріледі.
Адамның сөздік қоры үнемі байып, толығып отырады. Адам жаңа сөздерді меңгеріп, мәнін түсінуі арқылы дүниетанымы да кеңейіп отырады. Әр жаңа сөз ғаламның тілдік бейнесіне қосымша, жаңа рух енгізеді. Лексиканы талдау арқылы ғалам бейнесі көрініс тапқан, түсіндірме сөздіктерде берілген негізгі категориялар мен топтар айқындалады. Осыған байланысты Н.Сауранбаев: «Адамның рухани өнерінің ең құдіреттісі, өмірге ең қажеттісі – тіл. Рухани өнердің басқа түрлері (әдебиет, ғылым, көркем өнер) сияқты тіл де адам қоғамының бірге шығып, сонымен бірге өзгеріп, дамып отырады», – деп жазады [28, 69-б.].
Сонымен, тіл мәдениет бөлшегі ретінде адамдардың тәжірибесіне негізделеді. Тілді меңгеру арқылы сөйлеуші сол тілде сөйлеп, сол мәдениетке тән дүниетанымды қабылдайды. Тіл мәдениет пен таным үшін белсенді қызмет атқарады. Тілдік таңба тілдік сананың берілу тәсілі болып табылады, сол арқылы халықтың тарихи, мәдениет тәжірибесі көрінеді. Адамның дүниені тануы арқылы жинақтаған білімі тілдік семантикада көрініс тауып, ғаламның тілдік бейнесін түзеді. Тілдік таңба семантикасын зерттеу тілдік (морфологиялық) репрезентацияны айқындауға мүмкіндік береді. Бұл халықтың рухын танып, этнос концептосферасына енуге, белгілі бір тарихи кезеңде халық үшін ненің маңызды, ал қай нәрсенің назардан тыс қалғанын анықтауға жол ашады. Тілдік семантиканы зерттеу арқылы әлемнің тілдік концептуалдану заңдылықтарын айқындап, ғаламның тілдік бейнесін қалпына келтіруге болады. Белгілі бір кезеңде тілде көрініс тапқан болмыс туралы түсініктерді зерттеу халықтың ойлау жүйесін айқындап, ғалам бейнесін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Әрбір тіл халықтың дүниетанымын айқындап, ғалам бейнесін қалыптастыратын өзіндік жүйе түзеді. Белгілі бір халықтың ғалам бейнесі тілдің мазмұн межесінде көрініс табады. Ол барша мәдени стереотиптерге негіз болады. Оған талдау жасау арқылы ұлттық мәдениеттер бір-бірінен ерекшеленеді. Ғалам тілде көрініс тапқанда, адам санасындағы бейнесі, ұлттық ерекшеліктері де айқын көрінеді, сол себепті әр халықтың өзіне ғана тән бейнесі болады.
Достарыңызбен бөлісу: |