Және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп



Дата25.02.2016
өлшемі179.5 Kb.
#22869
А тобы

Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті.

Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар болганы 4,5 млн бас еді. 1931—1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.

Өлкелік партия комитетінің Торғай ауданындағы уәкілі 1932 жылдың қыркүйегінде мұнда әр адам басына орта есеппен 56 килограмм ғана астық және бір ғана мал калғанын, ал бұлар алты айдан кейін мүлде таусылып, қаңтардың соңына қарай, қыстың кақаған, сары аязында нағыз қиямет-қайым орнайтынын алдын ала ескертіп, дабыл қақты. Ол сонымен бірге кейбір толық емес мәліметтер бойынша ауданда ең кемі 2042 адам аштық құрбаны болғанын, ал 8500 адам аштан өлейін деп жатқанын Құрамысов пен КахианидіңИсаев пенҚұлымбетовтың аттарына жолдаған ресми мәлімдемесінде ашық айтты. Анадан туғандай тыржалаңаш, аш адамдардың дала төсінде босып сандалып жүргендерін, басқасын былай қойғанда, олардың даладағы атқұлақ пен сарышұнақты түгін қалдырмай жеп койғанын жазды. Осындай қайғылы жағдайдың көрші Батпаққара ауданында да кеңінен орын алып отырғаны да айтылды.

Голощекин қазақ даласындағы жағдайды өзі жіберген уәкілдері арқылы жақсы біліп, толық хабар алып отырды. Арнайы тапсырмамен Сарысу ауданында болған О.Жандосов мынадай мәлімет берді:


«Ауылдарды аралаған кезімде мен ондаған күндер бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім... Әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімділеу. Еркектердің бірден ұнжырғасы түсіп кетеді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқты жинайды, оларды жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген терілер де кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамдарды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан екі жасөспірімді көрдім, Олар қайдағы бір ескі жұрттағы, атылған иттердің терісін алу үшін қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. 5-ауылда аштықтан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді».

Голощекиндік геноцид қазақстандықтарды, ең алдымен, қазақ халкын аштыққа және босқындыққа ұшыратты. Зарлаған ана, шырылдаған бала, түнеріп, өлексе сасыған қазақ даласы — большевиктік эксперименттің нәтижесі осы еді.


Б тобы
«АША ТҰЯҚ ҚАЛМАСЫН»

Филипп Исаевич Голощёкин,Қазақ ХАЛқЫНЫң ЖАУЫ Шая Ицкович (9.3. 1876, Витебск облысы, Невель қаласы – 18.10.1941) – саяси ЖАУ, Қазақстан өлкелік партия коммитетінің 1-хатшысы (1925 – 33). 1903 жылдан  Компартия  мүшесі.  Петербург,  Кронштадт,  Сестрорецк,  Мәскеуде, сондай-ақ  Франция,  Германияда большевиктер партиясына араласты. Бірнеше рет ұсталып, айдауда болды. Қазан төңкерісін дайындау және өткізу кезінде Петроград революциясы соғыс коммитетінің мүшесі болып, ішкі және сыртқы байланыс бөлімін басқарды. «Бай-кулактарды кәмпескелеу туралы» 1928 жылы 28 тамыздағы қарулы күштеп тәркілеуге ұласып, совет өкіметі ірі байлармен қатар орта шаруалардың малын да зорлықпен тартып алды.
Бұл советтік саяси науқан «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін ұранмен жүзеге асты. 
1929 жылы Қазақстандағы мал басы 40 миллион болса, 1933 жылы 4 миллионға зорға жетті. Оның өзі де ашаршылық жайлаған республикаға 1933 жылдары сырттан жәрдемге әкелген мал есебінен құралды деген пікірлер бар.
Соның кесірінен онсыз да 1921-22 жылдардағы ашаршылықта 30 пайызынан айырылған қазақ халқы 1931-1932 жылдары тағы да жаппай аштыққа ұрынып, тең жарымы, яғни 2 миллион 500 мыңға жуық адамы қаза болды. Кейбір зерттеушілер аштан қырылғандар 3 миллионнан да асып түседі дегенді айтады.
Қазақ халқы 1723 жылдары жоңғар шапқыншылығы кезіндегі «Ақтабан шұбырынды» мен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де дәл мұндай қырғынға ұшыраған жоқ.
«Кіші Қазан» төңкерісін жасамақ болған Филипп Голощекиннің жосықсыз саясатына қарсы жергілікті халық талай рет бас көтерді. Кейбір дереккөздер мұндай көтерілістер мен толқулар Қазақстанның түкпір-түкпірінде бас-аяғы 372 рет болғанын көрсетеді. Кез-келген толқу күшпен басылып, қатаң жазаға тартылды.
Қазақстанға келгенге дейін-ақ шектен тыс қатыгездігімен танылған Филипп Голощекин Ақпан төңкерісінен кейін қамауға алынған ІІ Николай патшаны отбасымен бірге азаптап, ешбір сотсыз-ақ бір түнде қырып салғандардың бірі болатын.
Талай адамды «халы жауы» деп көрсеткен Филипп Голощекиннің өзі де 1939 жылы «антисоветтік ұйым құрды, Орталық комитетке қарсы күрес жүргізді, сондай-ақ гомосексуализммен шұғылданды» деген айыппен тұтқындалып, 1941 жылы 27 қарашада атылды. Бірақ сталиндік саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар ретінде 1961 жылы ол да ақталды. Бірақ қазақтар «Қужақ» атап кеткен бұл адам халық жадында ашаршылықпен бірге қалды.

В тобы
Бесеудің хаты — қазақ зиялыларының БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекинге жолдаған хаты (1932 ж. 4 шілде). Бастапқыда И.В. Сталинге арналып жазылған. Бесеудің хаты республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапаташаршылық жайлағандығын айтып сақтандырған алғашқы дабылдардың бірі болды. Хатта қазақ ауылындағы социологиялық қайта құрулар бүкілхалықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды — байларды, орташаларды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы шыншылдықпен баяндалды. БК(б)П Қазақ өлке комитетінің ауыл шаруашылығын басқару жөнінде жүргізген қатыгез саясаты сынға алынды. Бірақ құжатта жергілікті жерлерде жіберілген “асыра сілтеушіліктерге” солшыл коммунистер айыпты деп көрсетілді. Елді ауыр жағдайдан құтқарудың жолдары ұсынылды. Хаттың авторлары — жазушы Ғабит Мүсірепов (1902—1985), Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Ғатаулин(1903—1938), Алматы Комвузының басшы қызметкерлері Емберген Алтынбеков (1904—1954) пен Мұташ Дәулетқалиев (1904 — 1982), Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор бастығы Қадыр Қуанышев (1906 — өлген жылы белгісіз) қуғынға ұшыратылды. Хаттың жазылуына Халком Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев түрткі болған. Бесеудің хаты қазақ зиялыларының тоталитарлық тәртіпке наразылығының бір көрінісі болып табылады

«Бесеудің хаты»


БК(б)П Өлкелiк комитетiне, Голощекин жолдасқа

 ...«Бүгiнгi Қазақстан – бұл 163 миллион сомның товарлы өнiмiн беретiн, 40 миллион малы бар өлке», – деп жаздыңыз Сiз, Голощекин жолдас, 1930 жылы «Октябрь революциясының жеңiстерi» деген мақалаңызда («Қазақстанның 10 жылдығы» атты жинақ). ...Бiрақ қазiр, Сiздiң мәлiмдемеңiзден кейiн 2 жыл өткен кезде Қазақстанда мал шаруашылығы саласында мал басының қисапсыз кемiп кеткенi әмбеге аян болып отыр: 1930 жылғы мал басының 1/8 бөлiгi (40 миллионнан 5 миллион) ғана қалды. Тек байлар мен кулактардың ғана емес, тек жекеменшiктi орташалар мен кедейлердiң ғана емес, сонымен бiрге, негiзiнен алғанда, колхоздар мен колхозшылардың (iшiнара совхоздардың да) қоғамдастырылған және қоғамдастырылмаған малы да осындай зор шығынға, сұрапыл қырғынға ұшырады...



... Мал басының қисапсыз кемiп кетуi мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екiншi жартысынан бастап) жөнiнде әлi күнге дейiн ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс?.. Нағыз көзбояушылар, көпiрме жоспарлар жасаушылар, оның үстiне өздерiне жүктелген нақты iс басқара алмаған, көзбояушылықпен «бәрi де жақсы» деп тұжырымдап, өнеркәсiп саласындағы жетiстiктерге арқа сүйеген, сөйтiп, осынау елеулi мәселелерге жұртшылық назарын әлсiреткен жер органдары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерi одағының мүшелерi неге бүкiл жұртшылық алдында сабақ боларлықтай сазайын тартпайды?

Ғабит МҮСIРЕПОВ

Мұташ ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ

Мансұр ҒАТАУЛИН

Емберген АЛТЫНБЕКОВ

Қадыр ҚУАНЫШЕВ
Г тобы

«Ашаршылық құрбандарын еске алу»

1988 жылы қарашада академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев бастаған ғалымдар Тарих, археология және этнология институтында «Орталық Азия респуб-ликалары және Қазақстандағы ұжымдастыру: нәтижелерi мен сипаты» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды. Осы кезден ашаршылық тақырыбына жаңаша көзқарас қалыптаса бастады.
Одан кейiн 1989 жылы құрылған «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғам деректердi iздестiру-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Осы қоғамның ұйытқысы Бейбiт Қойшыбаевтың айтуынша, «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамын құру жөнiндегi бастама Мәскеудегi «Мемориал» қозғалысы үлгiсiмен дүниеге келген болатын. 1988 жылы дайындық комитетi құрылады. Комитет жұмысы барысында бастамашылар тоталитарлық билiктiң өз халқына қарсы жасаған қылмыстарын әшкере етудi, ашаршылықтың, саяси қуғын-сүргiннiң шындықтарын ашуды мақсат еткен ортақ мұратқа тоқайласты». Кейiнiрек бұл қоғам жыл сайын 31 мамыр қарсаңындағы жұма күнi оқу орындарында, мешiттерде еске алу шараларын жүргiзу туралы Үндеу қабылдады.
1993 жылы 14 сәуiрде ҚР жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы заңы шықты. Осы заңда «ашаршылық» сөзi түсiп қалуына байланысты, бiздiң санамызда тек саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi қалды. Содан берi 31 мамырды, бастапқы қалпымен «Ашаршылық және қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi» деп қосып атау немесе бөлек атау туралы мәселе күн тәртiбiнен түспей келедi.
1995 жылы ҚР-ның Президентi жанындағы Мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық Кеңестiң мәжiлiсiнде «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» бекiтiлiп, онда «Тарихи бiлiмнiң негiзгi басымдықтары», «Тарих ғылымының проблемалары», «Тарихи бiлiм беру мен ағарту iсiнiң келешегi» бағыттары қамтылған едi. Соның iшiнде Қазақстан тарих ғылымының алдына қойған мiндеттердiң бiрi Кеңестiк дәуiрдегi Қазақстан тарихын қайта пайымдау. Соның қатарында Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргiн тарихы бар. Оның түп-тамырын кеңестiк билiктiң негiзiнен iздеген жөн. Өйткенi, Ахмет Байтұрсыновтың сөзiмен айтқанда, «қазаққа ақпан революциясы қаншалықты түсiнiктi болса, қазан революциясы соншалықты түсiнiксiз болды» және кеңестiк билiктiң күйреуiне дейiн сол түсiнiксiз күйiнде қалды.
1996 жылы 30 желтоқсанда ҚР Президентiнiң «1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу жылы деп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Онда саяси қуғын-сүргiн құрбандарына жаңа ескерткiштер орнату және бұрын орнатылған ескерткiштердi, олардың жаппай жерленген орындарын жаппай қалыпқа келтiру жөнiнде шаралар қолдану, ҚР Ұлттық банкi Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу жылына арналған монеталар шығару тапсырылды.
1997 жылдың 31 мамыры ҚР Президентi Н.Ә. Назарбаевтың Өкiмiмен саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi болып бекiтiлдi. Сондай-ақ, «Келешек күндерiмiздiң бәрi жарық болғай» деген атаумен ҚР-ның Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың Саяси қуғын-сүргiн құр-бандарын еске алу күнiне орай Қазақстан азаматтарына Үндеуi жарияланады.
Соңғы кезде тарихшы М.Асылбековтiң зерттеулерi бойынша 1933-1937 жылдардағы Бүкiлодақтық құпия санақ мәлiметтерi жарияланды. Онда КСРО халқының саны әртүрлi берiледi. 1933 жылы 168 млн, 1937 жылы 180 млн мен 162 млн адам көрсетiлген. Бұл кеңестiк санақтың құпиясы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарының санын әлем жұртшылығынан жасырумен түсiндiрiлсе керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет