Жертөледегі жазу



бет20/29
Дата14.06.2016
өлшемі2.03 Mb.
#134303
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   29

ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ ТАРАУ

СҰЛТАНДАЙ СҮЙЕГIҢДI ИТ КЕМIРДI

1

Келгенiне бiр ай болса да Сәбира әлi бiр рет көшеге шыққан жоқ. Бүкiл ауыл жүрген-тұрғанын аңдып тек осыны ғана сөз қылатындай, жұрт көзiне көрiнуге қорынып бетiнен басты. Таңның атысы, күннiң батысы қыбыр-жыбыр күйбеңмен тыным таппайды. Ыдыс-аяқты жуып, едендi сыпырып-сүртiп үйдiң iшiн жайғастырып бiтiрсе, ескi сырма шапанды киiп, ауланың қарын күрейдi, малдың шөбiн салып, астын тазалайды. Бұрын ештеңеге еңкеймейтiн ерке-тотай кекжиген басы қазiр иiлгенде жерге тиедi. Көзiне тек едендегi қыл-қыбыр, пеш аузындағы күйе, қорадағы шашылған шөп сияқты өңкей iсте деп тұрған нәрселер ғана көрiнедi.

Келгеннен берi, апасының қайтесiң дегенiне қарамастан, төрт бөлменi саңғыратып ақтап шықты. Сырмақ-текеметтi сыртқа шығарып қырық жылғы шаңын қақты, көрпе-жастықты күнге кептiрдi. Шұқыған сайын шыға беретiн шексiз бiрдеңе. Оған қиналып жатқан бұл жоқ. Жан-дүниесiне бiлдiрмей кiрiп алған бiр кiрiптарлық бар, өстiп күйбеңдеп жүрiп үйдегiлердiң көңiлiн тапқысы келетiн сияқты, әрi ойланбауға, көкiрек тырнаған жараны еске түсiрмеуге жақсы. Сондықтан әр нәрсенi түртiншектеп iстей бередi, iстейтiн түк қалмаса да ермек қылатын нәрсенi бәрiбiр iздеп тауып алған болар едi.

Бiрақ қанша жалпақтағанымен үйдегiлер оң қабақ танытар емес. Көңiл суытқан жат бiреудей, сол баяғы терiс қарап тастай қатқан қалыптары. Көкесi әлi бiр рет тура қарап ләм-мим тiс жарған емес. Ол үшiн бұның бары да, жоғы да бiр сияқты. Шамасы келгенше қашқалақтап, бiр үйде жүрсе де көрiспеуге, дастархан басында қатар отырып қалмауға тырысады. Үйленбеген тетелес ағасы да бұл келгелi үйге жууды қойды. Оны-мұныны сылтауратып, достарының үйiнде қонып қалатын болып жүр. Әйтеуiр сөйлесiп тiлге келетiн жалғыз адам апасы ғана. Оның өзi анда-санда қарадан-қарап күрсiнiп, көзiнiң жасын төгiп-төгiп алады.

Аула сыртындағы өз ағысымен өтiп жатқан өмiрден бейхабар әрi соны бiлсем, көрсем деген құлық та шамалы. Бiр-бiрiнiң аузын аңдып, қызық iздеп ерiккен ермексiз ауылдың бұл келгеннен берi көк қақпаға қарай-қарай көзi әбден талған шығар. Шала-пұшық естiген қаңқуына қиялын қосып, сыртынан құлағын шулатқаны аздай, өзiн көргенде қырық саққа жүгiртiп тағы бiр гуiлдеп қалар едi-ау, шiркiн. Бiрақ бұл ауылдастарына ол «қызықты» қимай, кiрпiш дуалды кең ауланың iшiнде тас бекiнiп жатып алды.

Көп қызығушының алды боп, шыдай алмай екi күн бұрын Рауза кiрiп шыққан. Бiрге оқыған құрбысы. Жiңiшке жалғыз тал жирен бұрымы белiне түскен, көк көз, шикiл сары қыз. Бетiне ұйқыдай боп безеу қаптап кетiптi. Салған жерден: – Ой, түк өзгермепсiң ғой! – дедi салдырлаған әдетiмен не ойлап келгенiн жасырмай. Өзгергенде қандай болуы керек екенiн қалай елестететiнiн құдай бiлсiн, әйтеуiр бұны дәл осындай түрде көргенiне таң. Түпкi бөлмеге қарай жүрiп келе жатып та, сықырлақ ескi орындыққа отырып жатып та тiнткiлеп бұған қараумен болды. Әрине, үстiндегi гүлдi қызыл халатын қызықтаған жоқ, бет-жүзi, жүрiс-тұрысынан бiр өзгерiс iздегенi хақ.

Рауза бұрын мұның жанында кiрпiгi төмен, именшек едi. Анда-санда қасына ерiп бiрге жүргендi әжептәуiр мәртебе көрiп масайрап қалатын. Қазiр батыл, кеудесi шалқақ. Ендi сен кiмсiң, көрiксiз болсам да мен артықпын деген өктем ұшқын бар ма қалай, көкшiл жанарында?

Әйтсе де жау iздеп жатырқаған өз көңiлi екен, сөйлесе келе көп күдiктiң арасынан сол баяғы ақ жарқын, аңқау Рауза қол созып жақындап келе жатты.

Сәбира демдеулi тұрған аққұманнан екi шыны шай құйып, қант-кәмпитiмен сырлы подносқа сап әкеп ортаға қойды.

– Иә, не жаңалық бар? – дедi қарсы орындыққа тiзе бүгiп жатып.

Менен сұрап тұрсың ба дегендей Рауза көзi жыпылықтап Сәбираға қарап алды да:

– Бiзде не жаңалық болсын, тәйiрi, – дедi қолын сiлтеп. – Жаңалықты қайта қаладан келген өзiң айт!

– Жаңалықты естiп жатқан боларсыңдар.

– Ол немене?

– Мен туралы не дейдi жұрт?

– Е, құдай-ай, анау ма?.. Бiреудi өсектемесе iшi кебедi емес пе!

– Жел болмаса, шөп басы қимылдамайды ғой.

– Қойшы, дәл сондай болмаған шығар?..

– Қорлады ғой, Рауза, қара бет қылды.

– Алла-ай, Алматы да осы ауыл сияқты жаман жер десеңшi. Жарайды, жылама. Қайта тiрi қалғаныңа шүкiр де.

– Бүйткенше өлтiрiп кеткенi жақсы едi!..

– Қой, олай деме. Еркiңнен тыс болған нәрсеге сонша түңiлетiндей сенiң кiнәң не. Ондайдың көкесiндейiн күнде жасап түк болмағандай қайқаңдап жүр ғой әне талайлар осында. Әлгi параллель класта оқыған Хадиша бар емес пе едi, соны қазiр жiгiттер «пожарная» деп атайтын болыпты. Ерiнбеген еркектiң ойыншығы. Құдай сақтасын ондайдан.

– Көшенiң қызығынан құр қалып жүрмеген боларсың. Әйтпесе, үйде отырып түздегiнiң бәрiн қайдан бiлесiң?

– Қой, ойбай, бейсауат аттап бассам, көкем сирағымды сындырады. Ол кiсiнiң мiнезiн бiлесiң ғой. Ауылдағы бейбастақтықты естiген сайын апшысы қуырылып, апама «қызыңа ие бол!» деп ысқырып отырады. Соңғы кезде екеуi сыбырласып, менен құтылудың қамын ойластырып жүр. – Өкпелеген сыңайда айтқанмен жүзi бал-бұл жайнап кеттi.

– Мынауың жаңалық қой. Кiмге бермекшi?

– Танымаймын. Қараталда тұратын жiгiт. Биыл әскерден кептi. Апамның алыстан қосылатын аталас ағайындары екен. Жақында әкесi келiп түстенiп кеттi. Маған шай құйғызды. Ой, сондағы қысылғаным-ай!

– Бiр-бiрiңдi әлi көрген жоқсыңдар ма?

– Жоқ. Бiртүрлi қорқамын.

– Неден?

– Ұнамай қап жүрсем қайтемiн?

– Саған ұнамаса ше?

– Менi қойшы. Ол ұнатып жақсы көрсе болды емес пе.

Дүниедегi ең асқақ iзгiлiктiң осыншалық қарапайым болатынын ендi бiлгендей, ақ жарылып аңқылдап отырған құрбысын Сәбира отырған жерiнде құшақтай алып, бетiне бетiн басып, қатты-қатты қысты.

– Сен бақытты болшы, Рауза! Осы әппақ жүрегiңмен бақытты болмауың мүмкiн емес!..

Қос құрбы өткен-кеткеннiң басын шалып ұзақ шүйiркелестi. Көптен берi Сәбираның шер тарқатып жан баласымен ақтарыла сөйлескенi осы шығар.

Ертеңiнде кешқұрым Рауза тағы да кiрiп келдi алқын-жұлқын. Ит қуғандай алқынып тұр. Серпiп тастай салған есiк ашық қалды, апасы: «ойбай, балам-ау, суық кiрiп кеттi ғой» деп иек көтерген соң айналып барып тұтқаны тартқан. Қуанғаны ма, қорыққаны ма – белгiсiз, жүзi әлем-жәлем. Қолтығына жабыса кетiп бұны оңашалап былай алып шықты да:

– Ораз келдi! – дедi сыбырлай, ыстық демi құлағын оттай қарып. Сәбира iркiлiп қалды. Ми қатпарын қалай ақтарса да жақын-жуықтан ондай есiмдi ешкiм есiне түсер емес.

– Ол кiм?

– Кешегi айтқан жiгiт ше, маған құда түскен. Аты Ораз екен.

– Әдемi ме екен?

– Байқағам жоқ. Көзiм түк көретiн емес, есiм шығып кеттi. Апа-жездесiмен келiптi. Жүрiс-тұрысыңды бағып сыртыңнан қарап отырғанда қиын екен. Жүршi бiздiң үйге. Қасымда бол.

– Апам жiбермейдi ғой.

– Өзiм сұрап алам... Апа, Сәбираны жiберiңiзшi, бiздiң үйге қонақ келiп едi, көмектессiн. Кешке өзiм әкеп тастаймын.

Анасы мұның бас шайқап тартыншақтаған түрiне қарап қабағын кiржиттi:

– Өмiр бойы үйде тығылып отырмақпысың. Бар, серпiлiп қайт!

Ораз Раузаның алтыншы оқитын iнiсi Ақылбекке болысып аула ортасында отын жарып жатыр екен. Бұларға сыртын берiп, қараған жоқ. Иығы қушиған, еңкiш денелi, ұзын жiгiт. Отын бұтап болған соң, шынжырлаулы қызыл төбеттiң басынан сипап, еркелетiп, көпке дейiн айналсоқтап сыртта жүрiп алған. Жездесi: «Осы үйдiң итiмен ойнауға келгендей қарашы, мына неменi. Әй, тоңып өлдiң ғой, келсеңшi мұнда!» дегеннен кейiн барып үйге кiрген. Дөп-дөңгелек төбесiмен жарықты сүзiп тұқырайған күйi қапталдағы қоңыр диванның шетiн кертiп қана қонақтады. Тiзесiнiң арасына қолдарын түйiстiре салбыратып қимылсыз отыр. Сәбира сәлемдесейiн деп назар тiккен едi, басын көтерер емес. Табанының астындағы паластың өрнегiнен басқа ештеңенi көрiп отырған жоқ.

Әрi-берiден соң, көршi-қолаң жинала бастаған кезде Раузаның жеңгесi үшеуiне: «кемпiр-шалдың арасында сендерге не бар. Одан да сыртқа шығып, серуендеп қайтыңдар» деген. Киiнiп сыртқа қарай беттегенде Ораздың жездесi ере шығып:

– Әй, шырақ! – дедi мазасызданып. – Ұзап кетпе. Бұл ауылдың балалары бұзық, үйге келгенде пәртретiңдi танымай қап жүрмейiк.

Қауiптенуiнiң жөнi бар. Бұл өзi қиян түкпiрде өз буына өзi пiсiп, талпынып кәсiп қылмай азып-тозуға бет алған ауыл. Үлкен-кiшi демей қирап iшкен соң, не қайыр. Басы қақшаңдаған кемпiрлер той болса, келiннiң көрiмдiгiне жылтыңдатып газетке орап бiр жарты қызыл апарады. Бар айтары: «Екi жас бақытты болсын. Шаңырақтары биiк болсын. Сол үшiн осыны алып қояйық!..» Стаканды ауызға төңкере салады да:

«Жайқалған күлдер далада

Сүйгенiм менiң қалада...» деп әндетiп кетедi. Қыза келе жастармен жарысып: «Көркә! Көркә!» деп те жiбередi. Қысты күнi, тойдан қайтқанда далада жатып қалып, өлiп қалғандары да бар.

Сыйластықтың жалғыз өлшемi – арақ: құйған – жомарт, iшкен – мәрт. Арақ iшпеген – ауру не арамза. Сиыр су iшсе, бұзау мұз жалайды. Үлкеннiң түрi осы болса, жастары қайдан оңсын. Шетiнен бұзық. Сырттан бiреу келсе, ұрып-соқпай жiбермейдi, болмаса, өздi-өзi жақ-жақ болып қырылысып жатқаны. Арақ iшу – мақтан, өнер. Кiм көп iшсе – сол мықты. «Паh, шiркiн! Пәленшекеңдi-ай, бiр бөтелкенi дем алмай аузынан бiр-ақ жұтып, закуска жеместен, жеңiн иiскеп жүре бердi ғой!»

Iшудiң кесiрiнен әрнеге соқтығып, сотталмағаны кемде-кем. Тоқталып тәубаға келудiң орнына, түрмеге барғанын Хажыға барып келгендей мақтан көрiп, күпиiп жүргендерi. Соңғы жылдары тағы бiр жексұрын әдет тапқан. Iстейтiн кәсiп жоқ, өнер қумай талапсыз тоқыраған көр соқыр кеуде азғындамай қайтедi. Кешке қарай әйел баласына жалғыз-жарым үйден шығу – қауiп. Тойдан, кинодан қайтқан не әлдебiр шаруамен бейсауат жүрген қыз-келiншектi оңаша шыға бергенде қалтарыста аңдып тұрған топ жiгiт басына қап не күпәйке кигiзiп жiберiп, аулаққа алып барады да, ойларына келгенiн iстеп, ақымақ қып тастап кетедi.

Iстерiн үнсiз тындырып жым-жылас жоқ боп кететiн жымысқылардың кiм екенiн қорланған байқұс бiлмей дал, кейде бiлсе де жұртқа жария болудан қорқып, жылап-сықтап iштен тынуға мәжбүр. Қараңғыда көппен бiрге әуейiленiп жүрiп жақын қарындасының етегiн көтерiп масқараға ұшырағандар да бар. Әшкереленiп сотталып та жатыр. Бiрақ сонда да шекелерiне тисе қане.

Жазда бұлармен бiрге мектеп бiтiрген бiр қыз iңiрде сиыр iздеп жоңышқалыққа барған екен, бiр топ мас жiгiт ұстап алып абыройын төгiптi. Сегiз жiгiт екен. Тас қайнат, өжет қыз едi, ештеңеден қаймыққан жоқ. Ертеңiнде-ақ сегiзiн қойдай көгендеп милицияға ұстатқан. Жаны қысылғанда байекеңдер кiсi салып, сегiзi сегiз жақтан «мен алам, мен алам» деп, маңыраған екен, илiкпей қойыпты. Алды он бес, соңы сегiз жылға кеттi.

Қосақ арасында жүргеннiң бiрi бұлардың көршiсi Серiк едi. Биыл ғана солдаттан келген, сырт көзге бұйығы, момын болатын. Сотқа барып келген шешесi Бақжамал байқұс: «кiруге дәтiм шыдамай, есiктiң жабығынан тыңдап тұрсам, түк iстегем жоқ, аяғын ұстап тұрдым дейдi намыссыз қайыршы. Құдай-ай, не бетiмдi айтайын, сирағын ұстаймын деп сегiз жылға кеттi ғой!» деп бетiн тiлiп, өксiп-өксiп жiберген.

Осы көшенiң аяғында Мариям деген жалғызiлiктi келiсаптай ғана қара кемпiр бар. Есi шалыс. Шiлденiң ыстығында сырма шапанның белiн кендiрмен буып, керзi етiкпен күрпiлдетiп жүредi. Түн баласында қақшаңдап ұйқы жоқ. Күл-қоқырын көшенiң ортасына төгедi. Бiреуден қи, бiреуден көмiр ұрлайды. Өштескен адамының қорасының қақпасын ашып, малын сыртқа айдап жiбередi.

Жақында дағдылы әдетiмен көшенiң ортасында бүкеңдеп күл төгiп жатқан кемпiрдi мас боп келе жатқан екi жiгiт шап берiп ұстап алыпты. Бiрi аяғынан, екiншiсi бас жағынан көтерiп, шабындыққа қарай ала жөнеледi. Көшенiң шетiндегi тас жолға шыға бергенде, қала жақтан машинамен келе жатқан ферма бастығы көрiп қалып абырой болыпты. Шоферi екеуi екi бейбастақты ұрып-жығып, аяқ-қолдарын байлап, кеңсеге қамап тастапты. Ертеңiнде милицияға хабарламақ болған екен, ес жиған екеу жылап-еңiреп кемпiрдi апалап аяғына жығылады, кешiрiм сұрап, екеуi екi семiз қой апарып берiптi. Жынды кемпiр не десiн, «қызылсырап жүр едiм, жақсы болды ғой бұларың, қарақтарым!» дептi.

Осы жайлар есiне түскенде Сәбира iңiр қараңғылығын қымтанып үңiрейген тым-тырыс көшеге үрейлене қарады. Үй маңынан ұзағысы келмеп едi, Рауза киноға барайықшы деп болмады.

Клубқа дейiн бiр шама жер. Сыртқа шыққаннан берi әлi Ораз жақ ашқан жоқ. Көк түтiнiн бұрқ-бұрқ иығынан асырып темекi тартумен келедi. Аяқ астындағы қардың сықырынан басқа дыбыс жоқ. Шаңытқан биiк аспанның тұңғиығынан ояна бастаған жұлдыздар «үндемесеңдер де бәрiн бiлемiз» дегендей қас қағып жымыңдасып тұр. Будақтап бет сипаған темекiнiң түтiнiне Рауза танауын төсеп жұпар жұтқандай мас. Жүрек қытықтаған қуанышын жасыра алмай тершiген алақанымен мұның қолын қысып-қысып қояды.

Жарты жолдан асқанша ауыздарына маржан толтырып алғандай үшеуiнде де үн жоқ. Сәбираның iшi пысты. Көз қиығын Оразға тастады. Лып қызарған темекiнiң шоғы бет деп аталатын бұжыр-бұжыр бұлшық еттi сипап өттi. Мұрыны қайсы, ерiнi қайсы белгiсiз, бәрi салпайып, салбыраған бiрдеңе. Аузын буған өгiздiң өзi. Мынау сөйлемейдi, тек мөңiрейтiн шығар. Әйтпесе түн қараңғы, үшеуi оңаша, неменеден ұялады екен.

– Иә, Ореке, әңгiме айт, – дедi Сәбира тымырсық үнсiздiкке одан әрi шыдай алмай. Орекең не айтамын дегендей үңiрейе бiр қарап, басы одан сайын салбырай түстi.

– Бiздiң ауыл ұнады ма?

– Ұнады. Тау бауырына орналасыпты. Жерi отты, малға қолайлы шығар.

– Үйленген соң осында тұр онда.

– Жоқ, «күшiк күйеу» деп ел мазақтамай ма!

Тiлiнен тартса, сөйлейтiн түрi бар.

– Не жұмыс iстейсiң?

– Мен бе? Мен... Кә семсот айдаймын! Әскерде командирдiң «уазигiн» айдағанмын. Ауылда директордың «Волгасын» айдап едiм, әйелi – бiр, бала-шағасы екi қожаңдап, күндiз-түнi маза бермеген соң, тракторға шығып кеттiм. Әйтпегенде қазiр «Волгамен» келетiн едiк қой!

– «Волгамен» жүйткiп жүргенде, ауылыңнан бiр қыз бұйырмағаны ма, бiздiң Раузаны қалай тауып алдың?

– Жазда жеңешем келiп кеткен, сол айтып келдi.

– Көрмесең де ұнаттың ба?

– Иә. Жеңешем жақсы деген соң... Үлкен кiсiлер бiледi ғой.

– Қалай, ойлағаныңдай ма екен?

– Иә!

– Бiздiң қызымыз – алты-ын! Тек сен ұнасаң жақсы. Осындағы артынан жүгiрген талай жiгiтке қарамай қойған!



– Қойшы, өтiрiк айтпашы! – дедi демiн iшiне тартып бағанадан үнсiз келе жатқан Рауза шошып кеткендей. Сәбира сұқ саусағымен бүйiрiнен түртiп қалды.

Ешқандай өтiрiгi жоқ, расы сол. Байқа!

– Байқағанда не iстеймiн?

– Ұнауға тырыс. Мәселенки, анау үш қабатты үйдiң төбесiнен секiршi десе, секiресiң бе?

– Жындымын ба, өлiп қалмайым ба!

– Рауза үшiн жаныңды қимайсың ба?

– Жоқ.

– Неге?


– Ол – ақымақтың iсi! – дедi ойнап түрткенге шындап тулап. – Карелияда әскерде жүргенде үш солдат ұйыққа түсiп кеттiк. Бетiн мүк басып көгерiп жатқан құйбатпақты байқамай қаппыз. Мен жанталасып, жұлқынып жүрiп қолым бiр қу түбiрге iлiгiп аман қалдым. Екi жолдасымды оппа батпақ қорқ еткiзiп сорып жұтып қойды. Сондағы олардың соңғы сәтте ышқынып шыңғырғандары әлi құлағымнан кетпейдi. Далбасалап ұмтылсам мен де кетер едiм құрдымға. Өмiр деген кез келген жерге умаждап тастай салатын керексiз қағаз емес қой...

Әр нәрсенiң басын шалып клубқа да жеткен. Кино басталып кетiптi. Аяздан iсiнiп жиегiн қырау әдiптеген ауыр ағаш есiктi ашып қалғанда iштегi әртүрлi иiс ию-қию араласқан қапырық ауа, аузын жумаған адамның демiндей мүңк етiп мұрынға ұрды. Кес-кестеген билет тексерушiнiң керегiн бармағына қыстыра салып, еңкеңдеген күйлерi қараңғыны сипалақтап жүрiп бос орындарға отыра кеткен.

Абажадай залдың жартысы бос. Әр жерде шашырап отыр жұрт. Алдыңғы қатарда қонақтаған қарғадай етiк-пималар қаз-қатар қалқаяды: кейбiр сабаздар бос орындықтың арқалығына аяқтарын асып тастап, шалқалап жатыр. Проекция жарығының өтiнде әр тұстан дiрiлдеген темекiнiң түтiнi қоздап тұр.

Қаладан келген бойдақ келiншек туралы парықсыз көрiнiстерi көп фильм екен. Бейбастақ есерлердiң құдайы берiп қарық боп отыр. Жар құшағын аңсап ұйқысыраған жас келiншек жастықты жұмарлап аунап түскенде, жарты тәнi жарқ етiп ашық қалып едi, алдыңғы жақтағы әлдекiм: «паh шiрке-ен!» дедi елеуреп. Сол-ақ екен зал iшiн дарақы күлкi дар айырды: «Ой, қасқа-ай, өкпең түстi ғой уhiлеп. Түк көрмей қу тақым боп жүр ме едiң!» «Мына бейшара өлдi ғой аунақшып, барсаңшы бiреуiң!» «Мұндайға Мұхамедия ептi. Барсаңшы-ей, неғып отырсың, сауабын аласың!» Келесi сол сияқты көрiнiсте тағы да күлкi, тағы да жамыраған жиiркенiштi сөз.

Бұл жерде кино көрiп береке таппайсың. Ылғи да осы. Ант атқан есерлiкке жел беретiн көп түйткiлдiң бiрi – экран алдындағы мақаулық. Жылына жүздеген фильм қазақшаға тәржiмеленедi деп естiгендерi болмаса, мұнда әлi бiрi келген емес. Ауылдағы төрт орыстың бiрi – киномеханик Мишка өзiне лайықтап ылғи орысша кино әкеп көрсетедi. Бiрыңғай қазақ ауылында тұрып, қазақша оқитын жастардың оны түсiнiп жатқандары шамалы. Көпшiлiгi суретiн ғана тамашалайды. Солдатқа барып не шоферлық курс оқып тiл сындырып келгендерiнiң өзi де бетiн қарпығаны болмаса, терең иiрiмiн бойлай алмайтын. Содан кеп ұзақ отыра алмай зерiгiп, түрт шайтандары ұстап, жап-жақсы фильмнiң берекесiн ботқа ғып жiберетiн. Олар үшiн фильм қызық болмаса да, дарақыланып жұртты күлдiрiп дуылдап отырған қызық. Сыртта күн суық, басқа барар жер, көңiл көтерер орын жоқ, есiнеп зерiксе де аяғына дейiн отырады. Өздерiнше базар құрып гуiлдесе, жақтырмағанның жүйкесiне тисе – сол ләззат, сол рахат. Кейде пленка үзiлiп қалып не Мишка «темекi тартқанды доғарыңдар, әйтпесе көрсетпеймiн!» деп үзiп тастаса, зал соншалық ынтымақтастықпен өре түрегелiп, айғайлап, ысқырып, жер тепкiлеп: «әй, әкең аузы саксаул, Мишка – сапожник, козел, импотент, баран, быдло!!!» деп бар бiлетiн орысшасын бiр-ақ ақтарып тастайды.

Қазiр де есерлiк екi иығын жұлып жеп отыр. Әр тұстан: «Қойсаңдаршы-ей, жiгiттер. Адам құсап кино көрейiк те!» деп жасқана шыққан дауыстарды «Омай, мынау қайсысы-ей. Орысша ұғады екен-ау, иә!» деп дарылдап күлiп тұншықтырып тастаған. Кейбiрi тiптi «Әй, қысып отыршы!» деп нос көрсетiп желкесiн күжiрейттi.

Киноның ортан белiне жетпей елдiң бiразы кете бастады. Бұл да кеткендi жөн көрiп едi, Рауза етегiнен басып жiбермедi. Көзi ежiрейiп, аузын ашып экранға қадалған Ораздың қасында сәл де болса иық түйiстiрiп қатар отыра түссем дейтiндей. Соңғы титрлар көрiне бастағанда қолынан жұлқылап әзер тұрғызған. Сәбира шам жанбай тұрып тезiрек шығып кетуге асықты. Айызы қанбай әлi де ермек iздеп елiрген есерлердiң қаладан аты шығып келген мұның айналасынан фильмнiң екiншi «сериясын» өрбiтiп жiберуi әбден ықтимал ғой!

Ешқайда қарайламай, тез-тез басып, баған басындағы шамның дөңгеленiп түскен жарығын айналып өтiп, қараңғыға сiңiп ұзай берген. Кенет қайдан шыға келгенi белгiсiз, арт жақтан аяқ дыбысы естiлдi. Қасат қарды қарш-қарш басып екпiндетiп келедi. Үрейлене көз қиығын тастап едi, қалбаңдаған екi көлеңке арқан бойы жерге таяп қапты. «Бiттi! – деп ойлады Сәбира күйреп. – Ит аузына ағаш тығып аласұрып жүрген сұмырайлардың бұл қайсысы екен. Басқа ауылдан келдiң деп қазiр мына байқұсқа соқтығып итiн шығарады-ау!» Буынынан әл кетiп, аяқтары еркiне көнсе қанеки.

Әне-мiне дегенше желке тұстан бастырмалатып қуып жеткендер:

– Тоқтаңдаршы! – дедi. Өтiнген бейбiт дауыс. Жалт қараса – кәдiмгi өзiнiң кластасы Бiләл мен Әлиакпар. Үрейдiң бұлты сейiлiп қуанып кеттi. Аман-сәлемнен кейiн:

– Сәбира, сәл тұра тұршы. Шаруа бар, – дедi Әлиакпар шетке қарай қақпайлап.

Екеуiнiң аузынан да арақ мүңкидi. Бiләлдiң сығырайған кiшкентай көзi тiптен қылиланып кеткен.

Ораз Раузаны ертiп анандай жерге барып, темекiсi жылт-жылт етiп күтiп тұрды.

– Иә, айтыңдар, не шаруа?

Әлиакпар бұқа көзденiп бетiне ұзақ телмiрiп, түкiрiгiн жұтынды. Жаздыгүнi «ақсүйек» ойнайтын түнi дәл осылай арсыздана қарап едi.

– Мына кластасыңның бiр өтiнiшi боп тұр. Өзi айтсын. – Сөйле дегендей Бiләлдiң бүйiрiнен бiлдiрмей түртiп қалды.

– Сәбира! – дедi Бiләл дауысы дiрiлдеп. – Өзiмiздiң Жәмила бар емес пе едi. Соның бүгiн туған күнi боп жатыр.

– Болса қайтейiн?

– Кiрiп шығайықшы, кластасымыз ғой.

– Шақырмаған жерге бармаймын.

– Ендеше жүршi былай, қыдырайықшы бiраз.

– Жоқ, үйге баруым керек, кеш боп кеттi.

Сөзi таусылып абдырап қалған Бiләл ендi не деймiн дегендей көзi жыпылықтап Әлиакпарға қараған. Екi аяғына кезек салмақ салып, теңселiп тұрған Әлиакпар ықылық ата сасық демiн бетiне үрледi:

– Бiр айдан берi бiр шықпадың ғой үйге қамалып. Iшқұса боп өлмейсiң бе. Ауылда дегенiң қазiр күнде думан, күнде той. Бүгiн, мiне, Жәмила дастархан жайып күтiп отыр. Бәрi өз кластасың. Бөтеннен Хадиша мен Гүлсiм ғана.

Екi қыздың атын естiгенде Сәбира тiптен ыршып түстi:

– Ондайлар жүрген жерге мен аяғымды аттап баспаймын!

– Ондай емегенде сен қандай едiң? – дедi Әлиакпар сыңар танаулай осқырынып. – Неменеге бәлсiнесiң... бiз бiлмейтiндей.

– Ненi бiлесiң?

– Бiлуге тиiстi нәрсенiң бәрiн бiлемiз!..

Ары қарай сөйлемесе екен деп жанұшырған Бiләл:

– Болды! – деп жолдасын жеңiнен жұлқып қалды, жаны ышқынғанда жүрегiнiң терең түкпiрiне сақтап жүрген сөзiнiң қалай аузынан шығып кеткенiн бiлген жоқ: – Мен сенi бәрiбiр жақсы көрем! – дедi төмен қарап етiгiнiң тұмсығымен қарды тепкiлеп. – Түсiншi, Сәбира, мiне, мен iшiп кеттiм ғой, сен сондай күйге ұшырағаннан берi...

– Былжырамашы! – деп Әлиакпар үздiгiп тұрған бейшараны кеудесiнен итерiп қалды да, қыздың қолынан шап бердi.

– Тiресiп тұрғанда той тарқайды. Сөздi қой, жүр. – Жұлқылап сүйрей жөнелдi. Езуiндегi жылт-жылт жанған темекiнiң жарығы арсыз беттiң бояуын сатып тұр. Дауысынан айғыр оқыранды. Шабынған ашкөз мақұлық. Үйiрге қосылмай бұлталақтаған байталдың шоқтығынан шайнап, теңкиген сауырға тебiтiп шығып, төңкерiлiп түспей аптығы басылар емес.

– Жiбер, ешқайда бармаймын! – Тiзесiн бүгiп табандап отыра кеткен.

Әлиакпар аузын құлағына тақай ызбарлана сыбырлады:

– Ескертiп қояйын, маған көнбесең, жағдайың қиын. Бiздiң ауылдың жiгiттерiн бiлесiң ғой, «группен секс» жасаймыз деп жүр сыртыңнан. Мен қамқор болсам тiстерi батпайды. Жүр, нең кетедi, құдыққа қауға салғаннан суы ортая ма!..

Мына арсыздықты естiгенде Сәбираның жаны ышқынды. Жұлқынып қолын босатып алды да жәдiгөй күлкi ұялаған жабайы беттi шапалақпен тартып кеп жiбердi:

– Жоғал, хайуан!

Жiгiт шатқаяқтанып барып әзер түзелдi. Басын шайқап-шайқап жiберiп гүжiлдей ұмтылды:

– Ой, әкеңнiң... орыстан қалған салдақы, кiмге қол көтермексiң!..

Шолтаң етiп шоқпардай үйiрiлген жұдырықтың жойқын соққысын күтiп шошығаннан қыз көзiн жұма қойған. Әне-мiне күткен соққы кешеуiлдеген соң кiрпiгiн жасқана көтерiп едi, төбесiне төнiп-ақ келдi-ау деген Әлиакпары жел көтергендей алыстап барады: аяқ-қолы диiрменнiң қалақшасындай аспанда ербеңдеп анандай жерге гүрс ете түстi. Не болғанын санасы саралайым дегенше көз алдын Ораздың кең жаурыны көлегейледi:

– Әй, жiгiттер, мен ашуланбай тұрғанда кетiңдер!

Қар үстiнде қара крес боп керiлген жолдасын тұрғыза алмай тырбаңдаған Бiләл:

– Ашуланғанда қайтесiң? – дедi шақарланып.

– Жаман болады, – дедi Ораз жайбарақат. – Ескертiп қояйын, мен бiрiншi разрядты боксермiн, горнизонның чемпионымын.

Бiрiн бiрi сүйемелдеп тұрған екеуге ес кiрдi ме, берi беттеген жоқ, үстi-бастарын қаққыштап, терiс айнала бердi.

Сәбира қорлықтан булығып өксiп-өксiп жiбердi. Дәл былай мазаққа ұшыраймын деп ойламаған. Осы күнге дейiн елге көрiнуден қаймықса – iлiп-шалған сөзден, мүсiркеген көзден қашқаны едi. Мынасы не сұмдық, таптады ғой кеудесiн табанымен. Кешегi, сөз айтпақ түгiл, бетiне тура қарауға жарамайтын қортық пен шартық ендi басынып қолжаулық қылғысы келген соң не қадiр-қасиетi қалды бұның.

Қыз өксiгiн баса алмай ұзақ жылады. Iргедегi үңiрейген тауға басын сүйеп қалғыған қара түн күрсiне мұңайды. Қалтыраған суық аспанның қара тақтасын бордай сызып, жұлдыз ақты. Ал Рауза мен Ораздың көзi жымыңдасқан шоқ жұлдызда. Тершiген ыстық саусақтар оқыс жанасып оттай шарпысқанмен еркiн табыса алмай үркектей бередi – көкiрегi қарс айрылған бақытсыздың жанында өздерiн бақытты сезiнуге жасқанып келедi.



2

Сәбира қызарып, домбыққан көзiнен жылағанын байқап қала ма деп үйге имене кiрiп едi, апасы бұған қарайтын халде емес екен. Ауызғы үй керосин сасиды, ескi панардың пiлтесiн мұрттап, шишасын сүртiп әлденеге әбiгер.

– Ә, жақсы келдiң, – дедi есiкке қарай еңсерiле бұрылып.

– Жетi түнде не iстеп жатырсың үйдiң iшiн мүңкiтiп?

– Марта бұзаулағалы тұр.

– Қалайша? Екi-ақ апта болған жоқ па суалғанына?

– Жылдым сиырдың ұрқы емес пе туғанша сауылатын. Уыз жинасын деп әдейi суалтқам. Ел танитын жасқа келдiңдер, мал танымайсыңдар. Бағана суғарғанда байқамадың ба құймышағы түсiп, екi бүйiрi қусырылып тұрғанын. Бас жiбiн алып, қой қораға қамап қойдым. Ауық-ауық қарап тұрмасақ болмайды, түнде туса, бұзауы үсiп өлiп қалар.

Киiмiн ауыстырған соң екеуi қораға келдi. Қолдарындағы теңселген шамның өтiнде көлеңкелерi қорбаңдап iшке енгенде, керегемен қоршалған бөлiктегi қой-ешкi дүр етiп ұшып тұрды, ағынды судың түбiндегi малта тастай көздерi жылт-жылт етедi. Бiр бұрышты жалғыз өзi толтырып дөңкиiп жатқан қоңыр сиыр да бұлардан сескендi ме, ауыр ыңырсып орнынан құлықсыз көтерiлдi. Толғақ қысып туғалы жатса керек, қылтиып бұзаудың әппақ тұяғы шығып келедi екен.

– Ойбай, бейшара-ай, қиналып тұр екен ғой! – деп апасы қолындағы панарды дiңгектегi шегеге iлдi. – Астын сулап тастапты, бүйiрiнен сыз өтiп кетер.

Екеуi екi жақтан оттықтағы сағдарды құшақтап әкеп еденнiң үстiне көпсiтiп шаша бастап едi, қой-ешкi жан-жақтан маңырап қоя бердi. «Өй, жағың қарысқыр, түк көрмегендей шулауын қарашы!» деп апасы, бiрдеңе түсiнетiндей соларға ұрсып әуре.

Сәбира Мартаның қасына барып басынан сипады. Көзiнiң шарасы жасқа толып мөлт-мөлт етедi. Қинала ыңырсығанда танауынан шыққан ыстық дем қолды шарпиды. Әукесi, мойыны бусанып терлеп кетiптi.

– Шайқап қағып жiбередi, былай тұр! – Сәбира ығысып кейiн шегiндi. Басына бостандық тиген қоңыр сиыр тыпыршып оңды-солды шыр айналып жүрдi де, бiршама уақыт өткен соң сағдардың үстiне жата кеттi. Бүйiрiне аунап, артқы екi аяғын көсiлiп ышқына күшендi. Денесi бiр жиырылып, бiр созылып жануар ұзақ қиналды. Апасы бiлегiн түрiнiп қылтиған тұяқтан «шым-шым» деп тартып едi, берi жылжыр емес. Бұзау терiс келiп, артқы аяғы шығып тұр.

Абыр-сабыр жанталаспен қанша уақыт өткенi белгiсiз. Әлдеқайдан тауық шақырғанын емiс-емiс құлақ шалады. Шамның пiлтесi жалпылдап күйелене бастаған соң Сәбира үйге апарып керосин құйып, шишасын тазалап әкелдi.

Жануар әбден әлсiредi, ышқынып қайрат қылуға дәрмен жоқ, аяқтарын созып сұлық жатыр. Денесiне дiрiл жүгiрiп, көзi алайып қинала ыңқылдайды. Өлеусiреген шаммен бiрге үмiт оты әлсiреп өңi қашқан апасы:

– Шарананың суы кете бастады – бұзауы да, өзi де өлетiн болды ғой. Ендi қайттiк, құдай-ай. Еркегi түскiр де осындайда үйде болмайды!.. – деп зарлай сөйлеп, жүгiрiп сыртқа шығып кеттi де, зыр жүгiрiп қайта кiрдi. Бiр қолында – пышақ, бiр қолында – дөңгелегiн бiлегiне кигiзген кендiр арқан. Арқанның бiр ұшымен сиырдың артқы аяқтарын қосарлай буып, екiншi ұшын бұған ұстатты:

– Жiбермей керiп ұстап тұр.

Өзi ту сыртына шығып, iшiнен дұға оқыды ма, аузы жыбырлап сәл iркiлдi де, батыл, әбжiл қимылмен еңкейiп, қайқы пышақтың өткiр жүзi жұқа шапқа төне берген. Бұл жаны түршiгiп, көзiн жұма қойды. Құлағы бiтiп, басы айналып кеттi ме, бiр сәт есi ауып қалғандай болды. Тек белiн орай ұстаған арқанның оқыс жұлқып-жұлқып жiбергенiн ғана бiледi.

– Меңiрейiп неғып тұрсың, келсеңшi, ойбай!

Ышқынған дауыстан селк етiп көзiн ашып алса, сиырдың бауыры шұбатылып жайрап жатыр. Буы бұрқырап ақтарылған iшек-қарынның арасынан тулап шыққан бұзаудың мұрынын сылып апасы жалма-жан аузын үрледi.

Бұзауына жанын берiп, жарық дүниемен қоштасқан қоңыр сиыр қара көлеңкеде қорқыныш шақырып қорқырап, аяқтары сереңдеп жатыр. Сәбираның есi шығып кеттi, қорқыныш пен аяныш екi жақтап жүрегiн буып тастағандай. Апасы әкел дегендi әкелiп, ұста дегендi ұстағаны болмаса, не iстеп, не қойғанын өзi де бiлмейдi. Шаранасын шүберекпен сүртiп болған соң бұзауды ескi шапанға орады да екеуi екi жағынан көтерiп, үйге алып келдi. Көмiрдi үстемелеп қалап, гуiлдей тартып өнебойынан шымыр-шымыр қызу шашқан қайырма пештiң iргесiне киiз төсеп үстiне жатқызып қойған.

Сiлелерi қатып талықсып ұйықтап кеткен екен, тасыр-тұсыр дыбыстан көзiн ашса, төрдiң ортасында тәлтiрек қағып, құлағы едiрейiп қоңыр бұзау тұр. Жалаңаш тақтайдан тұяғы тайғанақтап, аттаудан қорқып тiрсегi дiр-дiр етедi. Қалыптаспаған жiңiшке дауысын созып мөңiрегенде жылап тұрған бала секiлдi. Азынаған жетiмдiк гимнi шарасыз булыққан өксiкпен өзегiн қалтыратты. Сәбира қолын созып талпиған танауынан сипап едi, сұп-суық. Дереу түртiншектеп, алақанын жұмсақ ерiндерiмен жыбырлатып жалай бастаған. Қолын тартып алса, мөңiреп тәлтiрек қағып соңынан қалар емес. Шөлмекке жылы сүт құйып, емiздiк кигiзiп аузына тосып едi, тосырқаған жоқ. Таңдайына құйылған жылы сүттi көзiн жұмып қомағайлана жұтты.

Мұз қалыңдасымен көл ортасына қарай ұзап еркек қос жатып балық аулауға кеткен әкесi екi күннен соң оралып, жайсыз хабарды естiгенде, жағалап жүрген жамандықтың нышанын көргендей күйзелiп қабақ шытты. Ауызғы үйдiң ортасында алаша үстiнде көсiлiп, аяғын шешiп отырған.

– Бұл үйдi биыл қырсық айналдырып кеттi ғой. Қай пиғылымыздан құдайға жаздық екен! – деп сыртын сауыттай мұз қаптаған, табаны кере қарыс пиманы дүрс еткiзiп босағаға қарай лақтырды. Сәбираның жүрегi зiрк еттi. Әке сөзiндегi зiлдiң жуан басы бұған сiлтеңгенi белгiлi.

Жетiм бұзаумен бiрге көңiлдерге де бiр жетiмдiк енгендей үй iшi қоңырайып жүдеу тартты.

Мал баласы сағаттап өседi емес пе, ай қабақ қоңыр бұзау екi-үш күнде ширап, Сәбираға бауыр басып алды, қарны ашса, танауы делдиiп, мөңiреп соңынан қалмайды. Қашан емiздiк аузына тигенше түртiншектеп, қолын, жеңiн сорып жеп жiбере жаздайды. Арғы жағына ел қонған соң моп-момақан. Сiлкiнiп алып, арлы-берлi тыпырлап жүредi де, бiр уақытта пеш түбiндегi сабан төсеген орнына барып, төрт аяғын астына бүктеп шөге кетедi. Тiк шаншылған құлағы бiрте-бiрте төмен құлап салбырап, одан соң басы құлдилап, иегiн еденге созып ұйықтауға кiрiседi. Сондай сәтте алаңсыз рахат ұйқыға батқан бұзау жетiм болса да бұдан бақыттырақ болып көрiнедi.

Опынтып өшкен өмiрдiң құрсағынан iңгәлап шыққан әлсiз тiршiлiк күн санап тәй-тәй басып ержетiп келе жатты.

Ертелi-кеш жетiм бұзаудың жүрiс-тұрысын қызықтағаннан басқа жылт етер алданыш жоқ, қоңырайған көп күндердiң бiрiнде салаң етiп екi жолаушы түсе қалды. Шошайтып түлкi тымақ кигенi егде кiсi, үшкiл сақалы қылғындыра түймеленген шолақ қара тонның алқымын ақ сына боп жарып тұр. Қасындағы да мосқал, аласа, нығыз денелi. Желiндеп, iсiнген қып-қызыл бетiнiң жалпақтығы сонша, бiрден таңырқап, басқа еш жерiн көрмейсiң.

Түс әлетi, әкесi үйде едi. Тымақтыны таниды екен, төс түйiстiрiп, қауқылдасып жатыр. Суыт жүрiстен солықтаған бiр құла, бiр бурыл аттың бүйiрi қарайып бу шегiп тұр.

Әдейiлеп келгенi не жолай соққаны белгiсiз, әйтеуiр кiм болса да қадырлы мейман екен, апасы зыр жүгiрiп қазан көтердi. Апасы жел болса, бұл – құйын, екеуi ас қамымен абыр-сабыр. Арлы-берлi өткенде пердемен ғана далдаланған есiктен төргi бөлмедегi әңгiменi үзiп-жұлып құлағы шалып қалады.

– Мына құрдасты танымадық қой? – дедi көкесi.

– Қайдағы құрдас. Бұл бала емес пе, тәйiрi! – Егде кiсi қасындағысын қызғыштай қорғап шар ете түстi. Көкесi ыңғайсызданып қалды ма, дауысы жуасып шықты.

– Е, қайдан бiлейiк. Ала көлеңкеде көзi түскiр бұлдырап дұрыс көрмейдi.

– Мұрты салбырағаны болмаса, бұл жас қой, жас. Үрпитпей құрғырды қырып таста десе ұқпайды, сиқын кетiрiп. Биғали деген немере iнiм бұл. Жасы қырық сегiзде. Қия шапқан қылыштың жүзiндей қылшылдаған кезi емес пе ер жiгiттiң. Келiн екi жыл бұрын қайтыс болған, ауырмай-сырқамай бiр-ақ күнде жүректен кеттi.

– Иманды болсын, шырағым!

– Айтсын, – дедi ажарсыз ұяң дауыс.

– Үш ұл, бiр қызы бар. Алды ержетiп, үйлендi, кенжесi сегiзiншiде оқиды. Тымпиып отырғанмен нағыз байдың өзi. Бiздiң ауылға барсаң, күндiк жерден көрiнетiн үй осынiкi. Көк шатырлы, сегiз бөлме. Ондай үй директорда да жоқ. Төрт бие, он екi сиыры бар, ұсақ малдың саны белгiсiз. Жалғыз өзi бiр колхоз! Мәскуишi тағы бар...

– «Жигули», девятка!

– Иә, сонысымен бүгiн келейiк деп едiк, қарға батып қала ма деп қорықтық...

Шайдан кейiн әлгi мұртты қонақ аяқ жазып сыртқа шыққан. Сенекте Сәбира екеуi бетпе-бет ұшырасып қалды. Алыстан жуандығымен күмпиiп қомақты көрiнгенмен тәпелтек екен – төбесi Сәбираның мұрнының астында қалқып тұр. Арақтың буы шапқан жалпақ бетi мыс табақтай алаулап одан әрi жайылып кетiптi.

– Халiңiз қалай, айналайын... қарындасым!..

Әкесiндей кiсiнiң қарындас деп жасарып тұрғанына таң-тамаша. Жап-жасыл жалын бүрiккен бадырақ көздер өне бойын тiнткiлеп iшеп-жеп барады. Май көрген аш жабайы мысықтың көзi осылай жанатын шығар. Ары жақ-берi жағыңнан өткен сұғанақ рентген – көздердiң алдында лыпасыз тұрғандай қысылып, кiрерге тесiк таба алмаған.

– ... Аттар суыған шығар, кiшкене жем болса, алдына төгiп қоятын...

Сәбира қораға барып сипама шелек сұлы әкеп бердi. Шелектi ала берiп те анау қолының сыртынан қабаттай ұстап қысып-қысып қойды. Алақаны жылбысқы тер, жиiркенiп дереу қолын тартып алды. Бұл қылығына ен таға алмаған Сәбира «Мас қой, мас. Әйтпесе үлкен кiсi бұлай iстей ме!» деп өзiн алдарқатуға тырысты.

Меймандар аттанған соң үй iшiн сыпыруға кiрiскен апасы бiр уақытта:

– Көтек, мынау не? – дедi шошып кеткендей өз-өзiнен күбiрлеп. Сырмақтың үстiнде шаншулы тұрған қызыл сапты бiздi алып таңырқай қарады. – Бұл үйде бiз ұстайтын кiсi жоқ, қайдан жүр? Әлде әлгi кiсiлердiң қалтасынан түсiп қалды ма екен?

Диванда жантайып жатқан отағасы басын оқыс көтерiп, түйiле қарап:

– Әй, алжыған неме, тауықтың миындай ми болсашы сенде! – дедi. – Неменеге даңғырлап тұрсың сүйiншi сұрағандай. Осы жасқа келгенше қазақтың жiңiшке емеурiнiн бiлмеймiсiң? Жетiстiң, қуан. Жап ана есiктi!..

Ыдыс-аяқ жуып жатқан бұл не боп қалды деп қанша елеңдегенмен жымдаса жабылған есiк жымқырылған ерiндей сыртқа сыр шашар емес. Екеуi ұзақ күбiрлестi. Анда-санда көкесiнiң күңiренген, ышқынған дауысы ғана «қамал» бұзып үзiк-үзiк күңгiрлеп кетедi:

– ... Құдай-ай, сұлтандай сүйегiмдi ит кемiрдi-ау!.. Бұл қазақта ұят, ар болсашы, обалды ойласа-шы... Күнi бойы ыстық үйде пысынап қалпағын шешкен жоқ, басы таз ғой деймiн, таз!.. Елдiң тазына дейiн басынған соң қайтейiн!!!

Iштен апасы екi көзi қызарып, сүйретiлiп шықты. Қабағына көлеңке ұялап, жалғыз-ақ сәтте қартайып шөгiп кеткен. Көкесi диванда терiс қарап тымырайған күйi кеш батқанша тырп етiп қозғалған жоқ.

Кешкi асты томсырайып, бiр-бiрiмен ұрсысып қалған не ұялған адамдай, үшеуi үш жаққа қарап iштi. Көкесi төсек салғызып жатып қалған соң, шешесi Сәбираны түпкi бөлмеге оңаша кiргiзiп, есiктi жауып алды. Аналы-балалы екеуi қырғи қабақ екi елдiң елшiсiндей, столдың қарама-қарсы бетiнде сөздi неден бастарын бiлмей состиып ұзақ отырды. Апасы байқұс тамырлары арсиып дiр-дiр еткен сүйектi үлкен қолдарын бiресе тiзесiне қойып, бiресе саусақтарын айқастыра ұстап әуре. Жағаға шығып қалған балықтай бiрер дүркiн аузымен ауа қармап барып:

– Балам! – дедi өшкiн үнмен. – Қартайғанда әке-шешеңнiң не күй кешiп отырғанын өзiң сезесiң ғой. Құдайдың осы жылатқаны аз емес, одан ары қинауға кәрi жүрек шыдамас, жауырды жаба тоқығанмен жараның аузын тырнайтындар да табылып жатыр. Бетiне шiркеу түскен қыздан құтыла алмай отыр дейтiн шығар. Шартық пен қортыққа қор болып көзге күйiк болғанша бұл жерден қараңды батыр. Жақсы ит те өлiгiн көрсетпейдi, үйренген Алматың ба, басқа қала ма, көз көрмес, құлақ естiмес жыраққа кет, әйтпесе балақтағы биттiң басқа шығатын түрi бар. Сағы сынған төмен етектiнiң алды-арты сен емессiң, бәлкiм, сол жақтан қадырыңдi түсiнер қатарың табылып, маңдайың ашылар...

Сәбира сөз төркiнiн түсiндi. Бағанағы жалпақ беттiң жәдiгөй бейнесi көз алдында тiрiлiп, ашу мен қорқыныш итжығыс түскен алапат сезiмнен қалшылдап кеттi.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет