ӘОЖ 37.013:378-057.8(574) Қолжазба құқығында
ЖОЛДАСБЕКОВА КАРЛЫГАШ АБДИМАНАТОВНА
Студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін этнопедагогика материалдары негізінде қалыптастыру
13.00.08– Кәсіптік білім берудің теориясы мен әдістемесі
Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Шымкент, 2010
Жұмыс М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде орындалған
Ғылыми жетекшісі: педагогика ғылымдарының докторы,
профессор И.Б.Сихимбаев
Ресми оппонентері: педагогика ғылымдарының докторы,
профессор Кенжебеков Б.Т.
педагогика ғылымдарының кандидаты
Жарбулова С.Т.
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ Ұлттық
педагогикалық университеті
Қорғау 2010 жылы «___»_________ сағат_____М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д14.20.01. диссертациялық кеңесінде өтеді. Мекен-жайы: 160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5, 342 ауд.
Диссертациямен М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады. (160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5үй, 2 қабат)
Автореферат 2010 жылы «___» ___________таратылды.
Диссертацилық кеңестің
Ғалым хатшысы С.А.Жолдасбекова
Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі. Қазіргі қоғамдағы өзгерістер, ғылым мен мәдениет салаларындағы жетістіктер жастарға жалпы адамзаттық және жеке ұлттық игіліктер негізінде тәрбие мен білім беру ісін жоғары деңгейге көтеруді қажет етеді. Әсіресе бүгінгі таңда жоғары мәдениетті маманға қажеттілігі байқалып келеді.
«Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2015 жылға дейінгі тұжырымдамасын» даярлау барысында білім беру қызметкерлері мен білім беру мекемелерінің міндеттері анықталды, онда бүгінгі таңдағы жоғары білімнің мақсаты мен басты стратегиялық бағдары – кәсіби шеберлігі мен біліктілігі жоғары, дүниетанымдық көзқарасы мол, кәсіби құзіреттілігі қалыптасқан, шығармашылық ойлауға дайындалған, іскерлік қабілеттілігі жетілген, адамгершілік қасиеттері жоғары білікті мамандардың жаңа ұрпағын даярлау қарастырылған.
Біздің зерттеу нысанымызға байланысты жоғары мектептің негізгі бағыттары арнайы жоғары кәсіби білім беру.
Жоғары оқу орындарында студенттердің құзіреттілігін жалпы мәдени тұрғыда қалыптастыру заман талабы. Ал, студенттердің бұл сапалы жағын этнопедагогика материалдары негізінде жүзеге асыру педагогика іліміндегі өзекті мәселе.
Студент жастардың жалпы мәдени құзіреттілігін этнопедагогика материалдары негізінде қалыптастыру мәселесі ұлттық мәдениетімізді дамытуға, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларымыздың мәнін түсіну, тарихты зерделей отырып, жан-жақты дамыған, рухани мәдениетті жеке тұлға тәрбиелеуде маңызы зор. Мұндағы басты талаптардың бірі – ұлттық қасиеттерімізді танып-білу, соның негізінде жалпы мәдени құзіреттілікті қалыптастыру.
Жалпы мәдени құзыреттілік қасиет адамның белсенді өмірін, оның кәсіби өмірі мен әр алуан әлеуметтік салаларды бағдарлайтын қабілетін анықтайды, сонымен бірге оның әлеуметтік санасы мен ішкі әлемін үйлесімділікке жетелейді. Алдына белгілі бір мақсат қоя білетін әрі сол мақсаттарға қол жеткізу жолдарын қарастыруға, ерікті шешім қабылдауға, әрі олардың орындалуын өз жауапкершілігіне алуға қабілетті, жігерлі, беделді мамандарға қоғамда қажеттілік туындап отырған сәтте осындай көп қырлы сапаның маңыздылығы арта түсуде.
Сонымен қатар, студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігінің негізін салушы санатындағы жоғарғы оқу орнының заманауи оқу үдерістері осы күнде дәстүрлі жағдайынан өзгермеген, әрі аталған мәселені шешуге арналған толыққанды мүмкідіктер жасалынған.
Бүгінгі таңда «жалпы мәдени құзіретті» тұлғаға бірыңғай көзғарастардың жоқтығын ғылыми жұмыстарға талдау жасау барысы көрсетті. Жалпы мәдени құзіреттіліктің жұртшылыққа белгілі құрылымы жоқ, әрі оны бірегей айқындайтын анықтамалар да белгіленбеген. Жалпы мәдени құзіреттіліктің қалыптаспағандығы студенттердің тұлғалық өсуіне және барлық оқу үдерістерінің тиімді болуына кері әсер етуде. Сондықтан, студенттердің тұлғалық өсуін айқындайтын әрі жоғарғы оқу орнындағы оқу үдерістерін өркендетуге ықпал жасай алатын жалпы мәдени құзыреттілігін көп қырлы тұлғалық сапасында қалыптастырудың мәні ерекше.
Жоғары оқу орындарындағы студенттерді олардың болашақ іс-әрекетіне кәсіби даярлау жүйесінің әдіснамалық, педагогикалық, теориялық және әдістемелік негіздерін ашып көрсету үшін педагогика ғылымы саласындағы осы мәселелерге тиісті деректерге жан-жақты талдау жасау қажет.
Мәдениет жалпы мәдениеттілік туралы проблемаларға ғалымдар әр қырынан мән беріп, түрлі зерттеулер жүргізеді. Атап айтсақ, философиялық негізін В.С.Библер, Л.Н.Коган, Д.Кішібеков, М.Х.Балтабаев, т.б. қарастырған, ал психологиялық мүмкіндіктерін Қ.Б.Жарықбаев, Ә.Алдамұратов, С.Бабаев, А.А.Леонтьев, С.Л.Рубинштейн және т.б.еңбектерінде зерттеген.
Зерттеп отырған құзіреттілік мәселесін, кәсіби құзіреттілік туралы Б.Т.Кенжебеков, Г.Ж.Меңлибекова, А.Дорофеев, А.Б.Ежова, А.В.Райцев, Б.Б.Кенджаева, М.Ж.Жадрина, Г.Қасымова, Р.Даулетова және т.б. еңбектерінде қарастырады.
Проблеманың этнопедагогикалық тұрғыдағы аспектілерін қарастырған ғалымдар С.А.Ұзақбаева, Ж.Ж.Наурызбай, К.Ж.Қожахметова, Ә.Табылдиев, Қ.Қ.Шалғынбаева және т.б. болды.
Студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігі олардың болашақ маман ретінде кәсіби даярлығының құрамдас бөлігі болатындығын Б.А.Оспанова, Б.Д.Сыдыков, И.Б.Сихимбаев, Б.Т.Кенжебеков, С.Т.Жарбулова, Б.А.Тойлыбаев, Ш.Таубаева және т.б. кәсіби білім берудің теориясы мен әдістемесі бойынша еңбектерінде қарастырған.
Сонымен, қазіргі кезде әр саладағы көрнекті ғалымдар ұлттық негіздегі мәдениет, құзіреттілік мәселелерінің мән-мағынасына, жалпы адамзат қоғамындағы олардың рөліне айрықша мән беруде. Дегенімен де, студент жастардың жалпы мәдени құзіреттілігін этнопедагогика материалдары негізінде қалыптастыру мәселесі арнайы зерттеуді талап ететіндігі дәлелденіп отыр.
Демек, мәселе бойынша тәжірибелерге, ғылыми-педагогикалық және оқу-әдістемелік және т.б. әдебиеттерге жүргізілген теориялық талдаулар жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие үдерісінде бұл проблема толық зерттелмеген және осы негізде кәсіби біліктілікті шыңдаудың шарты ретінде, арнайы зерттеулер жүргізуді талап ететіндігін дәлелдейді. Сондықтан қазіргі рухани мәдениетіміздің жаңару кезеңінде студент жастардың жалпы мәдени құзіреттілігін дамыту қажеттігі мен педагогика ғылымында аталған проблеманың теориялық түрде жүйелі зерттелмеуі; оны өмір талабына сай ұйымдастыру мен жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыру мазмұны, әдістемесінің болмауы арасындағы қайшылықтар шешімін табу бізге зерттеу проблемасын айқындап, тақырыпты “Студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін этнопедагогика материалдары негізінде қалыптастыру” деп таңдауымызға себепші болды.
Зерттеу нысаны: жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие процесі.
Зерттеу пәні: этнопедагогика материалдары негізінде студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыру.
Зерттеудің мақсаты: студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін этнопедагогика материалдары негізінде қалыптастыруды теориялық тұрғыда негіздеу, әдістемесін жасау және оны тәжірибелік-эксперименттен өткізу.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер, студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін этнопедагогика материалдары арқылы қалыптастыру теориялық тұрғыда негізделіп, қоғам мен ғылым интеграциясы негізінде этнопедагогикалық тұрғыдағы студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыру мүмкіндіктеріне мән берілсе, оның моделі жасалып, оқу-тәрбие процесіндегі шарттары айқындалса және әдістері ұсынылса, онда ұлттық сана-сезімі жоғары, адамгершілік мінез-құлық қасиеттерін бойына жинаған, жалпы мәдениеті басым жеке тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік туындайды, өйткені этнопедагогика материалдары арқылы тәрбиелеудің өмірлік орны ерекше.
Зерттеудің міндеттері:
1.Этнопедагогика материалдары негізінде студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыруды теориялық тұрғыда негіздеу.
2.Студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыруда этнопедагогика материалдарын пайдалану мүмкіндіктерін айқындау.
3.Оқу-тәрбие үдерісінде этнопедагогика элементтері негізінде студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыру моделін жасау, оның өлшемдері мен көрсеткіштерін анықтау.
4.Студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыруда этнопедагогика материалдарын пайдаланудың педагогикалық шарттарын айқындап, ұсынылған әдістеменің тиімділігін тәжірибе жүзінде тексеру.
Зерттеудің жетекші идеясы: этнопедагогика материалдары негізінде студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыру – кәсіби даярлықтың аса маңызды бөлігі, сондықтан оны жоғары оқу орнындағы оқу-тәрбие процесінде мақсатты түрде жүзеге асыру жаңа тұрпатты азамат тұлғасын дайындауға бағыттайды.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: философия, психология және педагогика ғылымдарының жеке адамды дамыту туралы ілімдері, ұлттық дәстүрлердің философиялық және психологиялық теориясы, оқу-тәрбие үдерісінде этнопедагогика материалдарын пайдаланудың жеке тұлғаны қалыптастырудағы ролі туралы психологиялық – педагогикалық тұжырым, этнопедагогиканың теориялық қағидалары, ұлттық тәлім-тәрбие, теория мен тәжірибе арасындағы байланыстар, кәсіби білім берудің теориясы.
Зерттеу көздері: рухани-мәдениет құндылықтары туралы философия, әлеуметтану, психология, педагогика салаларындағы ғылыми еңбектер, «Қазақстан Республикасы Конституциясы», «Қазақстан - 2030 даму стратегиясы», ҚР «Білім туралы» заңы, «Этномәдени білім беру тұжырымдамасы» және басқа да құжаттар мен ресми материалдар, оқу-әдістемелік құралдар, бағдарламалар, автордың өзінің педагогикалық іс-тәжірибесі.
Зерттеу әдістері: зерттеу проблемасы бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық және ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге теориялық талдау жасау, озат педагогикалық іс-тәжірибелерді жинақтау, педагогикалық эксперимент жүргізу, жоғары оқу орнының оқу-тәрбие үдерісін бақылау, студенттермен, оқытушылармен әңгіме жүргізу, сауалнама алу, модельдеу, эксперимент нәтижелерін өңдеу және қорытындылау.
Зерттеудің негізгі кезеңдері:
Бірінші кезеңде (2005-2006ж.ж.) зерттеу проблемасын анықтау үшін философиялық, психологиялық - педагогикалық және арнайы әдебиеттерге талдау жасалынды және жүйеге келтірілді, зерттеудің ғылыми және ұғымдық аппараты анықталды. Студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастырудың қазіргі жағдайы айқындалып, оның моделі жасалды. Айқындау экспериментінің нәтижелері өңделді.
Екінші кезеңде (2006-2008ж.ж.) жинақталған деректер қазіргі педагогика ғылымының теориялық негіздері тұрғысынан сараланып, жоғары оқу орны оқу-тәрбие үдерісін зерттеу проблемасына сай жүргізудің педагогикалық шарттары нақтыланып, әдістемелер ұсынылып, қалыптастырушы эксперимент жүргізілді.
Үшінші кезеңде (2008-2010ж.ж.) тәжірибелік жұмыстары жалғастырылып, ғылыми жүйеге келтірілді, қорытындылары шығарылды және әдістемелік ұсыныстар жасалынды.
Зерттеу базасы: М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемелекеттік унивеситеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Шымкент университеті.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні:
-этнопедагогика материалдары негізінде студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыру мәселесі теориялық тұрғыда қарастырылып, оның жалпы оқу-тәрбие жүйесіндегі маңыздылығы анықталды;
-студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыруда этнопедагогика материалдарын пайдалану мүмкіндіктері мен жоғары оқу орнындағы бүгінгі жағдайы айқындалды;
-этнопедагогика материалдары негізінде студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыру моделі жасалып, өлшемдері мен көрсеткіштері, деңгейлері анықталды;
-студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыруда этнопедагогика материалдарын пайдаланудың педагогикалық шарттары нақтыланып, ұсынылған әдістеменің тиімділігі тәжірибе жүзінде тексерілді.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы: жоғары оқу орындарында студенттердің жалпы мәдени құзіреттігін қалыптастыру әдістемесі жасалып, практикаға еңгізілді. «Жалпы мәдени құзіреттілік негіздері» атты элективті курс бағдарламасы жасалды. Зерттеу нәтижелерін болашақ мамандардың жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыру мақсатында жоғары оқу орнындағы оқу-тәрбие процесінде, сондай-ақ мамандардың біліктілігін жетілдіру институттарында қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
- этнопедагогика материалдары негізіндегі «студенттердің құзіреттілігі», «жалпы мәдени құзіреттілігі» ұғымдарының мәні мен мазмұны;
-этнопедагогика материалдарын жіктемеге келтіріп, сұрыптау студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастырудағы олардың мүмкіндіктерінің жоғары екендігін дәлелдейді;
-студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін этнопедагогика материалдарын пайдалану арқылы қалыптастыру моделі мотивациялық, мазмұндық және іс-әрекеттік компоненттері бірлігінде байқалады және нақты өлшемдер, көрсеткіштер мен деңгейлер арқылы сипатталады;
-студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастырудағы педагогикалық шарттарға негізделген әдістемелер зерттеу міндетін жүзеге асыруды қамтамассыз етеді.
Зерттеудің нәтижелерінің дәлелдігі мен негізділігі алғашқы әдіснамалық және теориялық көзқарастармен, зерттеудің ғылыми аппаратының мазмұнға сай болуымен, зерттеу пәніне сәйкес әдістерді қолданумен, эксперимент бағдарламасының педагогикалық мақсатқа сәйкестігімен, теориялық тұжырымдардың практикадан алынған нәтижелерімен үйлесілімділігін тәжірибе жүзінде тексерумен, оны практикаға ендірумен дәлелденді.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және ендіру эксперимент барысында халықаралық, республикалық, ғылыми-практикалық, конференцияларда (Шымкент, 2005-2009; Астана, 2005; Алматы, 2007; Тадықорған, 2007; Тараз, 2009) баяндалып, республикалық баспа беттерінде жарияланды, жоғары оқу орындарындағы ғылыми семинарларда, ғылыми-әдістемелік кешеннің мәжілістерінде талқыланып, жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие процесіне ендірілді.
Диссертация құрылымы: диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі, нысаны, пәні, ғылыми болжамы, міндеттері анықталды, әдіснамалық негіздері, ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні, ұсынылатын негізгі қағидалар, зерттеудің практикалық мәнділігі көрсетілді.
«Студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін этнопедагогика материалдары негізінде қалыптастырудың теориялық негіздері» атты бірінші тарауда жоғары оқу орындарында студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастырудың теориялық негіздері сараланып, зерттеліп отырған мәселеге байланысты негізгі ұғымдарға талдау жасалып, мазмұны мен мәні ашып көрсетілді. Соның негізінде студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыру мүмкіндіктері сараланып, моделі жасалды.
«Этнопедагогика материалдары негізінде студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастыру әдістемесі» атты екінші тарауда студенттердің жалпы мәдени құзіреттілігін қалыптастырудың жаңаша жүйесін айқындаудағы педагогикалық шарттар нақтыланып, оқу-тәрбие процесіндегі оның жолдары, әдістері ұсынылды және тәжірибелік-эксперимент жұмыстарының мазмұны мен нәтижелері баяндалады.
Қорытындыда педагогикалық тәжірибе жұмыстарының нәтижелері негізінде дайындалған тұжырымдар мен ұсыныстар берілді.
Қосымшада диссертацияға қатысты материалдар берілді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Өркениетті елдер қатарына жету деңгейінде жастарды қазіргі қоғамда ізгілікке, парасаттылыққа баулитын жалпы мәдениеттілігі, болашақ мамандығына деген кәсіби құзіреттілігі мен білімділігін арттыру өзекті мәселенің бірі болып отыр. Жалпы рухани құндылық, ұлттық мәдениет пен дәстүрді қорғау мәселесі білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың ұстанымдары болып келеді. Демек, еліміздің қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси, мәдени өркендеуі өндірістің барлық салаларында қызмет жасайтын мамандарды даярлаудың сапасын жетілдіруді қажет етеді. Бұлар білім беру мен тәрбиелеу ісін жаңаша сипатта жаңғырту, жетілдіру міндеттерін қамтитын білім беру жүйелерінің қабылдаған жаңа мазмұнды заңдар мен тұжырымдамаларда т.б. көрсетілген.
Жоғары оқу орындарындағы студент тұлғасын қалыптастыру, олардың кәсіби маман ретінде көрінісін білдіретін құзыреттілігін мәдени тұрғыда қалыптастыру білім беру саласындағы маңызды мәселе. Бұл мәселені теориялық талдауды алдымен арнайы ұғымдарды, түсініктерді анықтаудан бастаған дұрыс деп есептедік. Сондықтан бұл ұғымдардың ғылыми-педагогикалық, әдістемелік және т.б. әдебиеттердегі талқылануын зерделеу маңызды.
Философиялық, психологиялық және педагогикалық әдебиеттерге жасалған талдаулар «мәдениет» ұғымының бейнесі тым көп екендігін көрсетеді. Біз «мәдениет» дәрежесін талдаймыз. Алайда, шешімін іздеп отырған мәселеге байланысты біз мәдениеттанымдылық білімдерді ортаға саламыз немесе тікелей пайдаланамыз. «Мәдениет» ұғымын анықтайтын көптеген анықтамалардан біз, біріншіден зерттеу пәнімізге сәйкестерін, екіншіден адамның субъективті жасампаздық қызметін өзекті ететінін таңдадық.
Ғылыми әдебиеттерге талдау жасау нәтижесінен біз келесі қорытынды жасадық, біздің зерттеу пәнімізге лайық В.А.Коневтің «мәдениет» ұғымына берген анықтамасын: «Мәдениет – бұл адамды қалыптастыру арқылы осы іс-әрекетті қайта өңдеуге қажетті оның жинақтаған тәжірибесі» басшылыққа алдық.
Мәдениет ұғымын танып білуде болашақта мәдени іс–шаралардың жаңа үлгісін жасайтын және өзі меңгерген мәдени әлеуметтік тәжірибені қайта өңдеуге қабілетті жастарды тәрбиелейтін іс-шараларға бағытталған бейнені алады. Біз мәдениет ұғымын әлеуметтік қызметтің субъектісі ретінде дамыған адаммен байланыстырамыз, яғни адам өз әлеуметтілігін іске асыру арқылы қызмет субъектісіне өтеді.
«Мәдениет» деген термин Цицеронның еңбектерінде «Жанды жетілдіру» деген ұғыммен байланысты қарастырылды. Кейінірек еуропалық тілдерде мәдениет сөзі «білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу» сияқты мағыналарға ие бола бастады. Уақыт өте келе, тәрбиелеу, оқыту деген ұғыммен қатар, кең мағынада білім беру, ағартушылық деген мағыналарда да қолданылған. Демек, бізге үйреншікті болып кеткен «мәдениет» ұғымының тәрбие мен біліммен байланыстылығының тамыры сонау көне заманнан бастау алады. Білімсіз және тәрбиесіз адам еш уақытта мәдениетті бола алмайтыны ақиқат, олай болса, білім мен тәрбие барлық халықтар мәдениетінің қайнар бұлағы болып табылады.
Біз үшін сипаттамаларды анықтаудың маңыздылығы сол, бір уақыт аралығында тұлғаның мәдениет субъектісі әрі объектісі болуында, сондықтан жалпы мәдени құзіреттілік – бұл жинақталған білімнің, дағдының, тәжірибенің, қарым – қатынастар мен сапалардың бірлігі, сонымен бірге олар мінез – құлық пен іс - әрекеттерді жүзеге асырудың тәсілі мен үдерісі, бұл жағдай, әрі нәтиже, әрі жеке тұлғалық және әлеуметтік құндылықтарды меңгерудің, әрі жасудың өнімді үдерісі.
Мәдениетті іс-әрекет тұрғысынан қарастыруда, біз бұл құбылыстың әлеуметтанушылардың назарындағы жай – күйін ескереміз: мәдениетті алуға және беруге болады; оның әлеуметтік мирасы бар; оны оқып, үйренеді, себебі ол адамның генетикалық табиғатымен берілмейді. Мәдениет біріншіден өнім, екіншіден, адамның әлеуметтік тұрғыдан өзара әрекет жасайтын жоғары қабілеттілік жүйесі. Біздің зерттеуіміздегі берік ұстанатын нәрсе ол мәдениетті бойында тұрақтандырған екі субъектінің бар екендігінде, олар: қоғам және адам, сондықтан да тұлға мәдениеті мен қоғам мәдениеті туралы айту заңды құбылыс. Әрине олар бір – бірінсіз өмір сүрмейді, Адам қоғамсыз, ал қоғам адамсыз өмір сүрмейді. Педагогикалық көзқарас тұрғысынан бұл өзара байланыс бізді оқу – тәрбие үдерісі негізінде қызықтырады.
Мәдениет туралы, ол адам әлемі, адамның шығармашылық белсенділігі, тіпті тұтас бір өркениетті халықтың болмыс-бітімі, ғасырлар бойы жинаған мұрасын келесі ұрпақтарға қалдыру тәжірибесі деген қорытынды шығаруға болады. Бұл тұрғыда көпшіліктің сыртқы тұлға-болмысынан, олардың өзара қатынасынан, тілінен, жасаған өнер туындылары мен тұрмыстық бұйымдарынан, әр халықтың өзіндік ұлттық ерекшеліктерінің, дүниетанымының, эстетикалық көріністегі сапаларын, эстетикалық-мәдени даму жолдарын, салт-дәстүрлер үлгілерін көруге болатынын айта кетуге тұрарлық. Негізінен, адамның дамуына сырттай әсер ететін қозғаушы факторлар – білім беру, оқыту, тәрбиелеу, яғни педагогиканың негізгі категориялары болса, ал адам өмірінің құндылығы оның руханилығы, өзінің кім екенін саналы түрде меңгеруге ықпал ететін қозғаушы факторлар – жан мен рух екенін көптеген ғалымдар мойындауда.
Қарапайым тілмен түсіндірсек, мәдениет дегеніміз – адамдардың іс-әрекетінің моральдық, сапалық жиынтығы. Ал оның көрсеткіштері: бойындағы білімі мен біліктілігін, тәжірибесін дұрыс, орынды, ұтымды пайдалана алуы, дүниетанымының қалыптасуының деңгейі. Сонымен бірге мәдениет – адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал болып табылады.
Жалпы мәдени құзіреттілікті қалыптастырудың мәдени - әлеуметтік шарттары мәдениет мүмкіндігімен байланысты, өйткені мәдениетте адамның шығармашылық қуаты мен қабілеті бар, қоғам дамуының жан – жақты қамтылған сипаты мен қызмет түрлерін меңгереді; мәдениетте адамның өмір мен әлемді игеру тәжірибесін қабылдау, ойлау, күйзелу және әрекет жасау түрінде қуаттандырылады; сонымен бірге білім, құндылық, қағида, мақсат және мазмұн түрінде оның тәжірибедегі іс - әрекеттері мен рухани тәжірибесін қайта жасайды, ал білім – оның тірі «жол басшысы» әрі байланыс жасайтын құралы.
Мәдениет құбылыс ретінде оқу-тәрбие үдерісінде екі жағдайда байқалады: қоғамдық және жеке болып. Біздің зерттеуімізде оқыту мен тәрбие мәселесінің бұрыннан келе жатқан дәстүрдегі этнопедагогика элементтерін пайдалану отандық психология мен педагогикада да қарастырылған. Педагогика ілімі дәстүрлі педагогикалық әдебиетте оқыту мен үйрету, тәрбиелеу жолы арқылы тұлғаның мәдениеттілігін қалыптастыру үдерісі ретінде қарастырылады. Бұл әлеуметтендіру үдерісінің мәні адамзаттың жағымды әрі маңызды тәжірибесін болашақ ұрпақтарға беру және педагогикалық қызмет пен мәдениеттің өзара әрекеттерінің қоғамдық деңгейі ретінде қарастырылады.
Зерттеулеріміздегі адамды тұлға, субъект, жеке тұлға деген анықтамалар негізінде анықтағанымыздай студент – ол тұлға ретінде өзін тануды қажет ететін, өмірдегі өз орнын анықтауға, өзіне өзінің, қоршаған ортаға, өз болашағына қарым – қатынасын, тұлғалық тұрғыда өзін белгілеуге, өзінің белгілі бір ішкі мүмкіндіктері мен қабілеттері бар тұлға. Сонымен бірге, біз студентті іс - әрекеттің субъектісі деп қарастырамыз, себебі оның өзін - өзі дамыту, өзін - өзі жасау туралы педагогикалық тұрғыда әрекеттері байқалып отырады.
Мәдени - әлеуметтік шарттарға этномәдениеттің шарттары жақын жанасады. Қалыптасып отырған жаңа жағдай мәдениеттің бұрын болмаған кескінін жасайды. Этномәдениеттің себепшісін жеткілікті бағаламау көптеген зерттеушілердің пікірінше қақтығыстар, тоқыраушылық пен түсінбеушілікке алып келеді және өзінің мәдениетін ғана үздік деп қабылдауға мүмкіндік жасайды.
Мәдениетті тануда бөгде мәдениеттегі деректерге сезімталдық қарым – қатынастардың мәнін ескеру маңызды. Адам оған байыппен, төзімділікпен, бейтарап қарауы тиіс, ол жайында хабардар болуы, өз қызығушылығын көрсетуі, сүйінішін, таңданысын көрсетіп, әсермен күйзеліп, көбірек тануға тілегін білдіруі қажет және т.б. Бөгде мәдениеттің деректеріне байланысты жеке өмір дерегі ретінде немесе сырттағы, бөгдедегі көңіл – күйдің құндылық деңгейіне байланысты адамның күйзелуі байқалады. Бұл бөгде мәдениетті және менталитетті түсінуге ықпал жасайды, сонымен бірге, бөгде мәдениет бөгде болмағанда өзара түсіну айқындалады.
Мәдениеттануды зерттеуге жасаған талдаулар қоғамды жаңа бағытта жасауда әлеуметтік қайта жасаудың маңызды шарттары немесе себептері ретінде менталитетті ескеру міндетті екенін көрсетті. Менталитетте оның ұйытқысын құрайтын дәстүрліліктің бар екені белгілі және уақыт өте оның құрамын жаңалар толықтырады, олар да уақыт өте дәстүрге айналады. Бұл ұйытқының мазмұнын анықтау – көптеген әлеуметтік үдерістерді түсіну, жалпы мәдени құзіреттілікті жетістіктермен қалыптастырудың болжамы мен оны күтудің негізі. Менталитет тіл мен мәдениет қорымен қалыптасады, бірақ ол адамның жеке ерекшелігі мен оның әрекеттерінің тәжірибесінің нәтижесінде пайда болады. Туындаған төрт бастаулардан (тіл, мәдениет, жеке тұлғалық, іс - әрекет) менталитет адам өміріне өзі ықпал жасайды. Бұл ретте менталитет дүниетанымға жақын, алайда нақты ұқсастық жоқ. Дүниетаным – адам өмірінің философиясын айқындайтын әдіснамалық феномен. Менталитет адам өмірінің қандайда бір бағыттарын белгілейді, мысалы, кәсіби, ұлттық және т.б. бағыттар.
Мәдениет саласындағы саясат мәселелері бойынша өткен ЮНЕСКО конференциясының 30 – шы сессиясының қорытынды құжатында нұсқалған мәдени өзгешеліктердің мәселелері бойынша ережелердің біздің зерттеуіміздегі «мәдениет диалогы» идеясын жүзеге асыру үшін маңызы ерекше. Онда мына мәселелер ерекше айтылады:
- кез – келген мәдениетте қайталанбас әрі таптырмайтын құндылықтар жиынтығы бар;
- кез – келген ұлт өзіндік дәстүрлері мен лебіздері арқылы өзі туралы әлемге жария ете алады;
- мәдениетіндегі өзіндік ерекшеліктерді бекіту әрі нақтылау халықтардың еркіндігіне ықпал жасайды, әрі керісінше, кез келген үстемдік оның өмір сүруіне қауіпті болуы мүмкін немесе оның өзіндік ерекшеліктерін жоққа шығаруы мүмкін;
- мәдени өзгешеліктер бағасы жоқ құндылықтар болып, адамды жан – жақты дамыту мүмкіндіктерін кеңейтеді, әр бір халықты өз өткен тарихын меңгеруге жетелейді әрі басқа мәдениет элементтерін меңгеруге мүмкіндік береді;
- барлық мәдеиеттер адамның жалпы мирастарында бір бүтінді құрайды. Халықтардың мәдени өзгешеліктері басқа халықтардың құндылықтары мен дәстүрлерімен байланыс жасау нәтижесінде байиды және жаңарады. Мәдениет бұл диалог, ол басқа мәдениеттердің дәстүрлері мен құндылықтарына қол жеткізу шарттары болып табылады;
- ешқандай мәдениет жан – жақтылыққа үміттене алмайды. Жан – жақтылық барлық халықтардың тәжірибелерінен жинақталады, олардың әрбірінің өзіндік өзгешеліктері бар. Мәдени өзгешелік пен мәдениеттің алуан түрлілігі бір бірімен байланысты;
- әрбір халықты қорғайтын, дамытатын және байытатын өзгешеліктері мен мәдени мұралары бар, басқа мәдени қағидаларды толық құрметтеуді қамтамассыз ететін мәдениетті саясат қажет;
- барлық мәдениеттердің теңдігі мен әрбір халықтың құқығын және мәдени қауымдастығын мойындау әрі олардың өзіндік мәдени ерекшеліктерін сақтау және оларды қастерлеуді қамтамассыз ету қажет.
Педагог әрбір студенттің мүмкіндігіне қарауы тиіс және оны тек педагогикалық ықпалдың объектісі деп қабылдамай, оны ерікті әрі өз еркімен әрекет жасаушы тұлға деп қабылдауы керек. Бұл студенттерге әдеппен қарау, олардың қадір – қасиетін құрметтеу, бұл жағдай өзара сыйласу, әріптестік жасау атмосферасын қалыптастырып, студенттерде жалпы мәдени құзіреттілікке қалыптасуына жағымды көзқарастар туындауына ықпал етеді. Мәдениеттендіруге бағдарлану қолайлы педагогикалық технологиялардан бас тарту емес, керісінше, студенттердің жеке тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты өзгерістер, жасау. Мұнда келесі талаптарды да ескерген жөн, олар: білім алушыны күмәнсіз қабылдау, оған тұрақты жағымды қарым – қатынас жасау; жеке тұлғасына құрметпен қарау және әр түрлі жағдайда да өзіндік жеке сезіміне құрметпен қарау; басқаға ұқсағысы келмейтін тұлғалық құқығын мойындау; ерікті таңдау жасауға мүмкіндік беру; білім алушының жеке тұлғасын емес оның іс - әрекеттеріне баға беру; білім алушының жеке даралық психологиялық және тұлғалық ерекшеліктерін ескеру (жүйке жүйесінің түрі, темпераменті, ойлау ерекшеліктері, қабілеті, қызығушылығы, қажеттіліктері, іс - әрекеттері, бағытталғандығы, мен тұжырымдамасының жағымды қалыптасуы, белсенділігі).
Жалпы мәдени құзіреттіліктің құрамы төмендегідей:
-
құзіреттіліктің көп қырлылығы: барлық көріністерінің біртұтастығын сақтай отырып түрлі мекемелерде байқалуы;
-
әлеуметтігі: жоғары дәрежедегі жалпы мәдени құзіреттілігінің тұлғалық сипаты(әріптестері мен жолдастары ортасындағы беделі), сонымен бірге қоғамдық ортадағы мәні;
-
реттеушілігі: тұлғаның өзін - өзі реттеуі мен өзін - өзі тануына жалпы мәдени құзіреттіліктің ықпалы;
-
дарашылдық: шығармашылық даралыққа қалыптастыруды жүзеге асыру;
-
үздіксіздік: субъектінің өзін дамытуға үнемі қажетсінуін және үздіксіз білім алуға тұлғалық ұмтылысы. Біз жалпы мәдени құзіреттілікті үнемі қозғалыстағы әрі ашық жүйе деп қарастырып отырғандықтан, үздіксіздік бұл жүйенің ең маңызды құрамы.
Зерттеу барысында педагогикалық-психологиялық әдебиеттердегі теориялық талдаулар нәтижесін мынадай анықтама беруге мүмкіндік берді: этнопедагогика материалдары негізіндегі студенттердің жалпы мәдени құзыреттілігі дегеніміз – болашақ кәсіп иелерінің халықтың рухани құндылықтарын түсінуі арқылы оларды құзыреттілікте қолдана алуымен анықталатын, кәсіби мәнді, тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуын құрайтын адамгершілік тұрғыдағы мәдени басқарушы іс-әрекеті.
Студенттердің жалпы мәдени құзыреттілігін этнопедагогика материалдары негізінде қалыптастыру арнайы жүйелілікті талап етеді. Бұл бағытта алдымен теориялық талдау нәтижесіне сүйенген мақсат, міндеттер негізіндегі модель мен оны жүзеге асыру бойынша педагогикалық шарттарды анықтау жағдайында жұмыстар жүргізілді. Біз осының бәрін ескере отырып студенттердің жалпы мәдени құзыреттілігін тұлғалық қалыптастыру моделін жасадық (Сурет1).
Жалпы мәдени құзіреттіліктің қалыптасқандығының көрсеткіштері мен көріністерін белгілеуде біз келесі өлшемдерді пайдаландық:
-
жалпы мәдени құзіреттілік көріністерінің тұрақтылығы;
-
жалпы мәдени құзіреттілік құрылымының біртұтастығы;
-
этнопедагогика элементтеріне байланыстылығы.
Сурет 1-Студент тұлғасын жалпы мәдени құзыреттілігі бойынша кәсіби даярлау моделі
Жалпы мәдени құзіреттіліктің көрсеткіштері мен компоненттерін және оның қалыптасу деңгейін анықтауда біз компоненттерге арнайы талаптар ұсындық. Компоненттер төмендегі ретпен анықталды:
-
жан – жақты болуы;
-
зертеліп отырған құбылыстың ең маңызды, негізгі сәттерін енгізу;
-
құбылыстың қарапайым жақтарын қамту;
-
нақты, дәл, қысқа саралау немесе пайымдау;
-
тек зерттеушінің ғана тексергісі келгенді өлшеу.
Осыларды ескере отырып, біз келесі компоненттерді анықтадық: мотивациялық, мазмұндық, іс-әрекеттік. Жалпы мәдени құзіреттіліктің әр бір компоненті оның қалыптасу деңгейіне сәйкес көрсеткіштермен айқындалады.
Зерттеу нәтижесі бізге студенттердің этнопедагогика материалдарына негізделген жалпы мәдени құзыреттілігінің қалыптасу моделін жасауға мүмкіндік берді ( 1- кесте).
Кесте 1- Студенттерде этнопедагогика материалдарына негізделген жалпы мәдени құзыреттілікті қалыптастыру моделі
Компоненттері
|
Өлшемдері
|
Көрсеткіштері
|
Мотивациялық
|
Студенттің жалпы мәдени құзыреттілігіне жағымды эмоциональдық көзқарас
| -
жалпы мәдени құзыреттілікке қызығушылығының болуы, оны қажетсінуі;
-
жалпы мәдени құзыреттілікте этнопедагогика элементтерінің дұрыс ықпалы бар екенін сезінуі;
-
ұлттық дәстүрлерді, халықтық педагогика элементтерін эмоциональды түрде қабылдай алауы;
- жалпы мәдени құзыреттілігін ұлттық дүниетаным тұрғысында көрсете білуге ұмтылысы.
|
Мазмұндық
|
Этнопедагогика материалдарына негізделген жалпы мәдени құзыреттілік туралы білімінің болуы
| -
жалпы мәдени құзыреттілік туралы білімі;
-
тұлғалық құндылығын жалпы мәдени құзыреттілік тұрғысында көрсетудегі ұлттық идея, салт-дәстүр сияқты этнопедагогика элементтерінен сауаттылығы;
- жалпы мәдени құзыреттілігінің шамасын этнопедагогика материалдарының ұстанымдары бойынша көре білуі.
|
Іс-әрекеттік
|
Жалпы мәдени құзыреттілік сапалары
|
-этнопедагогика материалдарына негізделген жалпы мәдени құзыреттілігін көрсете алады.
|
Мотивациялық компонент студенттердің жалпы мәдени құзыреттілікке деген қызығушылығы, оған деген қажетсінуі; жалпы мәдени құзыреттілікке этнопедагогика элементтерінің дұрыс ықпалы бар екенін сезінуі; ұлттық салт-дәстүрлерді, халықтық педагогика элементтерін эмоциональды түрде қабылдай алуы және жалпы мәдени құзыреттілігін ұлттық дүниетаным тұрғысында көрсете білуге ұмтылысы сияқты көрсеткіштерден тұратыны анықталды.
Мазмұндық компонент студенттердің жалпы мәдени құзыреттілік туралы білімі; тұлғалық құндылығын жалпы мәдени құзыреттілік тұрғысында көрсетудегі ұлттық идея, салт-дәстүр сияқты этнопедагогика элементтерінен сауаттылығы; бұл сапалы жағын этнопедагогика материалдарының ұстанымдары бойынша көре білуі сияқты көрсеткіштерден тұрады.
Ал, іс-әрекеттік компонент студенттердің өзін-өзі жетілдіруі мен дамытуы; ұлттық дәстүрлерді мәдени құзыреттілігінде ұстану біліктілігі; этнопедагогика материалдарына негізделген жалпы мәдени құзыреттілігін көрсете алуы және т.б. көрсеткіштерден тұратыны анықталды.
Бұл модельдің негізінде студенттердің этнопедагогика материалдары негізінде жалпы мәдени құзыреттілікті қалыптастырудың жоғары, орта, төмен деңгейлері анықталды.
Жоғары деңгей: этнопедагогика материалдарына сай тұлғалық құндылықтарға негізделген мәдени құзыреттілік сапалары, ұлттық дәстүрлерді эмоционалды түрде қабылдай алады, оларға деген қызығушылығы мен сыйлы қатынасы жоғары, этнопедагогика материалдарының дұрыс ықпалының бар екенін жақсы түсінеді, ұлттық дәстүрлердің салаларынан білімі терең, оларды жалпы мәдени құзыреттілік тұрғысында пайдалана біледі және өзінің өмірін мәдени құндылықтарға бағыттай отырып, өзін-өзі көрсете алады.
Орта деңгей: этнопедагогика материалдарын, ұлттық дәстүрлерді эмоционалдық тұрғыда қабылдауға ұмтылады, оған қызығушылығы мен сыйлы қатынасы болып, бірақ оны құзыреттілікте пайдалануға мән бермейді, өз тарапынан оны түсінуге, талдауға ниеттенбейді, өзі өмір сүріп отырған ортасында құзыреттілікте этнопедагогика материалдарын пайдалануға біршама қызығушылық көрсеткенімен, өзінің іштей психологиялық мүмкіндігінің таяздығынан ешбір белсенділік көрсете алмайды. Студенттердің арасында әлі де өзінің жалпы мәдени сапаларын көрсете алмайды.
Төмен деңгей: этнопедагогика материалдарының жалпы мәдени құзыреттіліктегі маңызын түсінбейді. Этнопедагогика мұраларына қызығушылығы мен сыйлы қатынасы болғанымен, жалпы мәдени құзыреттіліктің қалыптасуындағы ықпалын жете түсінбейді.
Осындай бірізділікпен айқындалатын мәдени құзыреттіліктің қалыптасу деңгейлері оқу-тәрбие процесінде студенттердің адамгершілік сезімі, ұлттық санасы, еркі, рухани мәдениеттілігі мен мінез-құлқына, өмірлік бағдарының дұрыс қалыптасуына жүйелі, ықпалды әрекет жасауға мүмкіндік туғызады.
Педагогикалық шарт педагогикалық жүйедегі оқыту мен тәрбие міндеттеріне байланысты ажыратылады. Дәстүрлі педагогикалық жүйеге қарағанда жаңа, жетілдірілген педагогикалық жүйеге қызмет ететін шарттар жиынтығы педагогикалық шарттар болып табылады.
Студенттердің жалпы мәдени құзыреттілігін этнопедагогика материалдары негізінде қалыптастыру бойынша кәсіби даярлығын жүзеге асырудың педагогикалық шарттарын педагогикалық жүйені құраушылардың мазмұндық сипатына сәйкес төмендегідей тұжырымдауға болады:
Студенттерді жалпы мәдени құзыреттілікке ұсынылған модель бойынша тәрбиелеу үдерісі не, яғни даярлық мазмұнына оқу материалдары мен тәжірибелік іс-әрекет үлгілерінің енгізілуі; этнопедагогика материалдары негізінде жалпы мәдени құзыреттілігін қалыптастыруда студенттерді кәсіби даярлау әдістерінің қажетті деңгейде қамтылуы; студенттердің жалпы мәдени құзыреттілігін жоғары оқу орындарында қалыптастыруды ұйымдастырудың инновациялық формаларының қамтылуы, осы бағытта студенттерді кәсіби даярлау жүйесіндегі оқыту технологиялары; «Жалпы мәдени құзыреттілігі негізі» атты элективті курс енгізу; студенттердің жалпы мәдени құзыреттілігін этнопедагогика материалдары негізінде қалыптастыру үдерісін мақсатқа сәйкес ұйымдастыру.
Бірқатар ғылыми ізденіс нәтижелерін талдап, зерттеуді қорытындылай келе біз этнопедагогика материалдары негізінде студенттердің жалпы мәдени құзыреттіліктін қалыптастырудың мынадай жолдарын айқындадық: этнопедагогика материалдары негізінде студенттердің жалпы мәдени құзыреттілігін қалыптастыруды жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие үдерісіне енгізу мүмкіндігін бағалау; осы бағытта студенттерді кәсіби бағыттылықты құраушы мазмұнды аспектідегі оқу-тәрбие материалдарын іріктеу; студенттердің жалпы мәдени құзыреттілігін этнопедагогика материалдары негізінде қалыптастыру бойынша әдістемелер ұсыну; және оларды жүзеге асыру құралдар жүйесін тиімді пайдалану.
Студенттердің жоғары оқу орнына қабылданған алғашқы күндерінен бастап-ақ оқуға ынталылығын арттыру, өз бетінше жұмыс істей білудің озық формалары мен әдістерін тиімді меңгеру барысында жалпы мәдени құзіреттілігінің, кейбір өлшемдерін меңгеру аса маңызды болып табылады. Себебі, студент қауымының ішінде тұлғалық көрсеткіші, мәдениеттілігі мен іскерлігі, әдептілігі жағынан «нашар» көрінгісі келетін студент жоқ.
Студенттердің жалпы мәдени құзіреттілік дағдыларының даму динамикасы мына көріністерде ескеріліп отырды:
Байсалды байыппен тілдесу; қамқорлық таныту; тапсырмаларды, өтініштерді ықыласпен орындау; мінез құлық, жүріс-тұрыс ережесін сақтау; басқа балаларға достық ниетпен әсер ету; ұстамдылық көрсету; өзіне көпшілік назарын қарата алу; дауыс ырғағын ұстау.
Зерттеу жұмысында колданылған формалар мен әдістер мына жағдайларда ескеріп жүргізілді: Студенттердің өзара және ұстаздар арасындағы жалпы мәдени құзіреттілігі, яғни әңгімеге тарта алу, қызықтыру, байсалдылықты сақтай отырып, өзінің тілегін, өтінішін білдіруі, ересектердің қойған талаптарын орындаудан бас тартқан кезіндегі реакциясы, сыпайы сөздерді қолдану ситуациялары оның өзінің көзқарасына иландыра алу икемділігі; сол сияқты өзінің іс-қимылын ұйымдастыра алуы, өзін-өзі, өзара бағалай алуы. Әңгімені бастамас бұрын ойды жинақтап, сөйлеу барысына мақсат қою дағдысы, сөйлесіп отырған тұлғаның сөзін бөлмей, жауапты тура беру; және сөйлесушіге ықыласын білдіре алуы, жәрдем бере алуы, өтінішті ескеруі, қамқор бола алуы.
Достарыңызбен бөлісу: |