Жүректің қылын тербеген



Дата17.07.2016
өлшемі64 Kb.
#205501
Жазушы портреті
Жүректің қылын тербеген
Қашанда қабырғалы қаламгерлердің творчестволық талғамына зер салып, даралық сипатын саралағанда ол бейнелеген өмірдің қат-қабат сырына үңіліп, оны философиялық тұжырымына ден қойып, олардың өмірлік мақсатын, шеберлік шырайын анықтауға ұмтыласың.

Әрбір жазушының жүрегіне жақын, өзі жақсы біліп, тамылжыта суреттейтін творчестволық әлемі бар, сол арқылы айтар ойын өмірмен өзектесе өріп, адамдардың жан дүнесінің құпиясын ашып, тиянақты тұжырым жасайды. Қаламгер творчествосының қыры сан-салалы. Эпикалық, лирикалық, драмалық сарынды бір адамның туындыларынан іздестіру әбестік. Әрине, ізденістің нәтижесіндегі жанрлық барлаулар, оны нышындардың қылаң беруі кез-келген өнер иесінің парасатты парызы. Дегенмен де шынайы шығармалар дарын табиғатымен астасып, қамшының өріміндей сабақтасып, жүректің қылын тербейді.

Көркем шығарманың басты тұлғасы – адам. Мейлі ол қалада тұрсын, ауылдың тұнық ауасымен тыныстасын кейіпкер міндеті географиялық жағдаймен сараланбайды қаһарман дара интелектуалды қасиетке ие тұлға ма, қарапайым, тіршілік кешкен қатардағы қоғам мүшесі ме, бәрібір, әдеби туындының өзегіне желі ретінде тартылады. Тек жазушы өзінің суреттеуінің нәтижесінде әлеуметтік астар беріп, не лирикалық толғанысқа құрып, парасатта дүние дәрежесіне жеткізіп, тағылымдық нысананы меже тұтуы тиіс. Бұл орайда қазақ жазушыларының орта буын өкілдерінің арасында өзіндік өрнегімен, қоңыр әуенімен, нәзік нақышымен, жеңіл психологиялық толғамымен дараланатын Сайын Мұратбековтың творчестволық лабороториясы ерекше назар аудартады. Он тоғыз жасында жарық көріп, жұртшылықтың ықыласына бөленген «Таңғы шық» атты әңгімесінен бастап күні бүгінге дейін ауыл өмірін көркем шығармаларының артын арқауы етіп келеді.

Тақырып-қаламгердің өскен, өзі етене араласқан ортасына тікелей қатысты. Суреттелетін өмір көрінісін жете зерттеп, тыныс-тіршілігін бойына толық сәңіргенде ғана көркем шығарманың алдына қойған мақсаты орындалады. Бүгінгі таңда көкей-кесті тақырыптың атын жамылып, қаламын әр қияға сілтеп, өзін де, оқырманды да жаңылдырып, із тастап жүрген қаламгерлер аз емес. Сайын Мұратбековтың бір ерекшелігі де осы бір тақырып тұрақтылығында. Оның кейіпкерлері де өз замандастарымыз. Күнделікті қарым-қатынаста көріп, әңгімелесіп, сыр шертісіп, әзілдесіп жүрген жандар. Әсіре қызыл сөзге, жасанды желіге әуес емес. Оның қаламынан шыққан әр оқиға өмірдің өзінен алынып, көзқанық, сыралғы жайлардың негізінде өрбіп, лирикалық жылы леппен баяндалып, тазалығымен, жеңіл мұңымен жүрегіңді шымырлатып, сезім тұнығына батырады. Әсем әлемге жетелейді. Жазушының ұшқыр қиялы нәзік суреттеумен қабыса өрнектеліп, өзіне баурап алады.

Қазіргі әдебиетте ауыл өміріне арналған шығармалар оқырмандардың ықыласын аударып, бұл құбылыстың даму бағыттарына жіті ден қоюда. Одақ көлеміндегі әдеби пікір алысуларды есептемегенде, үстіміздегі жылы Алматы қаласында село еңбеккерлерінің көркем шығармадағы бейнесі қақында халықаралық конференция өтті. Сол мәжілісте еңбек адамының психологиясына терең үңіліп, әлеуметтік мәселе көтеру қақында көптеген пікірлер айтылып, дара тоғысып жатты. Осы бағытта қалам тартып, үздік шығармаларды өмірге әкелген совет жвзушыларының бір шоғырының қатарында Сайын Мұратбековтың да есімі аталып, орынды бағаланды. Бұл жиырма жыл бойы тың тынысын суреттеген, ауыл адамдарының өмірін жырлаған жазушы еңбегінің әділ бағасы.

Бір қызығы – Сайын Мұратбековтың туындыларының дені әңгімелер. Әрине, әдебиеттің қай жанры да дара тамырлас. Бейімбет Майлиннің бір әңгімесінде кейбір бүйірі қалың повесть, романдарда кезіге бермейтін типтік бейнелер, кесек оқиғалар, салмақты әлеуметтік астарлар бар. Сондықтанда жазушының қысқа жанрды іш тартып, аз сөзбен көп мағына беруге ұмтылуы талант иесінің талғампаздығын, жауапкершілігін танытады. Мөлдіреген таңғы шықтай таза сезімге құрылған «Райгүл», «Қылау», «Алғашқы қар», «Менің қарындасым» атты әңгімелердегі жас жеткіншектердің пәк махаббаты, сырлы жан-дүниесі, арманшыл қиялы қоңыр әуенмен, лирикалық толғаныспен тамылжыта баяндалады. Онда бозала таңдағы бозторғайдың әнін тыңдап, жарқын болашақты аңсайтын бозбала мен жанарына нұр тұнған қарақат көз қыздың көктемдегі бүр ашқан гүлдей ояна бастаған махаббаты нанымды да шырайлы суреттеледі. Олардың көкіректеріндегі ықыласты ойларын, тәтті армандарын сыртқа шығармайды, іштей егіліп, елжіреп, қиялдың тұнық та терең тұңғиығына батырады. Бір-біріне ұласып, шытырманға жетелейтін күрделі оқиға да жоқ. Бүкіл шығарманың желісі психология мен сезім иіріміне негізделген. Шағын да шымыр шығарма оқырманның жүрегін дірілдетіп, толқытады. Әңгіме аяқталса да сен сол кейіпкердің болашағын көз алдына елестетіп ұзақ уақыт сол әсерден айыға алмайсын.

Психологиялық лиризм қазақ прозасысында 60-жылдардың басында нышан танытып, бүгінгі таңда қанатын кең жайып отыр. Осындай тың тынысты лептің алғашқы көрінісі Сайын Мұратбековтың творчествосында қылаң берді. Қаламгердің осы бағыттағы ізденістері әр шығармасынан анық байқалды. Автор адамның ішкі сырына үңіліп, жан тебіренісі арқылы кейіпкерінің іс-әрекетін, мүдде-мақсатын, сағыныш-өкінішін ашады. Әрбір қаһарманның өз тілі, өз ұғымы, өз пікірі бар. Қаншама ұқсас тақырыпты жазса да кейіпкерлердің бейнесі мен тұжырымдалған ой-пікір бір-біріне ұқсамайды. Оқшау, жеке дара қалып танытып, соны қырынан көрінеді. Жазушы болмашы оқиғаның өзін әсерлі, айшықты тілмен өрнектеп, жүрекке жеткізеді. Мұның басты сыры – психологиялық лиризимнің күші. Сайын Мұратбеков шығарманың бояуын қоюлатпай, артық дыбыс қоспай, таза, поэтикалық дүние жазуды өзінің творчестволық мақсаты ретінде тұтынады. Сонымен қатар философиялық терең тұжырым мен, пайымды пікір де туындының салмағын арттырып, салауатты көркем шығарма дәрижесіне көтелген.

Қарапайымдылық-қарабайырлық емес. Жазушының барлық кейіпкерлері ауыл адамдары. Сырт көзге қарағанда бір өңірдің тұрғындарының тағдырын роман-новелла ретінде алып, олардың әрқайсысына жеке дара тоқталған тәрізді. Осы орайда Г.Матвеоянның «Буйволы» мен «Тарғыл табыны» оралады. Бірақ әр әңгіменің айтар ойы мен көркемдік шешіміне көз жүгіртсең, автордың жеке адамның ғана бір өтпелі шағын емес, сол дәуреннің жиынтық бейнесін жасағаның, соған саналы түрде творчестволық ізденіспен, зор дайындықпен, келгенің анғарасын. Ол өмір толқынында екшелудің нәтижесінде жүрекке тұнған сезімнің бір сәтін, яғни адамның қуанышын, өкінішін, сағынышын қаз-қалпында көкем тілмен қағазға түсірген. Қаламгер адамның ғұмырындағы шешуші кезеңді ғана алып, қамырдан қыл суырғандай ептілікпен, дәлдікпен баяндап, оқырманға үлкен философиялық тұжырым ұсынады. Әсерлі әңгімені оқып шыққан соң ешқашанда бей-жай күйде қалмайсыз. Қуанасыз, тебіренесіз, ренжисіз.

Адам өміріндегі қимас сәттердің, жаныңда жас сұлудың бейнесі жатталып қалатын мерейлі мезеттердегі сонау бір балдәурен балалық шақты аңсаған сағыныш, жеткіншек жүрегіне түскен алғашқы жара – «жусан иісі», «ананың арманы», «қылау» атты әңгімелердің деніне алтын арқау болған «Үш айдындының» кейіпкері де бала. Оқиға да таныс. Бірақ автор үш шығармада бір дәуреннің үш түрлі қырын суреттеп, үш түрлі көркемдік шешім тауып, философиялық тұжырым жасайды. Қаламгер сол арқылы әр жеткіншектің өміртану түсінігінен қоршаған ортаға көзқарасын, психологиялық толғанысын тілге тиек етіп, поэтикалық қуаты мол, лирикалық сазы сан үнді шығарма жазған.

«Жусан иісі» Сайын Мұратбековтың творчествосындағы үздік жетістіктерінің бірі болып табылады. Ұлы Отан соғысы жылындағы ауыртпалықты суреттейтін шығарма да, бала кейіпкер де мол. Бірақ бұл туынды олардың ешқайсысына да ұқсамайды. Оқиғаның өрбуі мен құрылымы да, логикалық ақыл-ойдың дара сабақтаса дамуы да, лирикалық шығарманың ішкі жан-дүниесі де оқшау. Көз алдыңнан қара жолдыңшақын аспанға шығара жарысып бара жатқан балалардың соңында аяғын сылтып басып, жете алмасын білгенде: «Әй, тоқтаңдаршы, бір қызық ертегі айтайын», - деп соқпақ шетіне отыра кететін Аянның бейнесі кетпейді. Ғажйып қиялдарға беріліп, қызық-қызық ертегілерді айдан шығарып, сонау майдандағы көкесін сағынған кезде оның күрткесін иіскеуі, күндіз ойнауға мұршасы келмей, түнде басқа баланың шанасымен сырғанақ тебуі тәрізді детальдық көріністер өзінің шынайылығымен жүрегіңді шымырлатып, Аянның әрбір қимылына зер салып, елжірейсің. Аян ертегіші. Оның өзі ақыл-парасатына сай шағын әлемі бар. Рухани серігі – қиялы. Сол ұшқыр ойының жетегіне ілесіп, адамдармен , дүниеден ерте кеткен анасымен, майдандағы әкесімен сөйлеседі. Өзге құрбыларынан кішкене, бірақ өмір оны ерте есейткен. Тіпті, оны жұбатуға келген балалардың өзін қайсарлығымен таңдандырады. Әңгіме соңында Аян қаладағы балалар үйіне аттанады. Өзі кетсе де ауылдағы достарының көп нәрсеге деген түсінігін өзгертіп, өшпес әсер қалдырды. Сондықтан да лирикалық қаһарманның «...Тіпті, күні бүгінге дейін, сонан бері талай ондаған жылдар өтсе де, кей күні түнде далаға шыға қалсам, қараңғыда бөрікше шошайған Ешкі өлмес шоқысы астында жалғыз көзді дәу ұйықтап жатқандай соның қарқыраған демінен теңселіп тұрғандай көрінеді. Сол дәумен алысатын бала қойда екен деймін сол сәт... Шынында да бұл күнде Аян қайда екен? Тірі ме екен? Ондай бала тірі болуы тиіс. Ондай бала алдына нендей мұрат қойса да жетеді. Ал тірі болса жусанды төбеге» бір оралмауы қалай?! Жусанның иісін сағынбауы мүмкін емес қой?» деп түйіндеп, оқырманның өзіне сауал қойып, Аянның қалған өмірінің қалай сабақталатынын қиялдауға, көз алдыңа елестетуге мензейді. Жусан иісі – баланың майдандағы әкесінің тері күртесінің иісі. Жусан иісі туған даласының иісі. Автор осы концепциямен Аянның адамгершілік рухының өрелігін, парасатты байсалдылығын, оның қиялы балалық қызығушылықтан туған ұшқыр ой емес, асқаралы мақсатпен астасқан арналы арман екендігін анықтайды. Онда игі сезім балдәурен шақта жүрекке ізін салатындығын аңғартып, моральдық тазалықты оқиға арқылы жырлайды. Иә, қара сөзбен жырлайды. «Жусан иісі» әңгімесінің композициялық құрылымы, поэтикалық суреттелуі, лирикалық қоңыр әуені , кестелі тілі аталмыш туындының поэзиялық қасиеттерімен ұштастырып, жақындастырып тұр.



Ал дүниенің, жеткіншектік дүниенің есігін жаңа ашқан жеңістің өмірдегі қилы-қилы құбылыстарды: жақсы мен жаман қасиеттің алмасып жатуын, ең аяулы адамыңның ренішін, күнделікті тіршіліктегі күрделікті, әрбір нәрсенің психологиялық шешуімен түйінін ұғуға ұмтылған бір талқымалы шағын суреттеуге арналған әңгіме – «Ана арманы». Бәрі де бұрынды-соңды көркем шығармаларда суреттеліп жүрген етене таныс жандар. Әже, ұл, немере, келін. Олардың арасындағы қарым-қатынастар да қайшылықтар да шағын көріністік тартыстар да санылық емес. Бірақ, бұл әңгіме өзінің логикалық құрылымымен, оқиғаны құру әдісімен, характерлік қалтарыстарды ашуымен, философиялық астарымен өзге туындылардан оқшауланып тұрады. Сырт көзге әже бақытты жан. Балалары беделді. Ал іштей үлкен күйзеліс бар. Оны немересі кеш аңғарады. Әже өз ұлдарының арасындағы алауыздықты, әрқайсысы өз қамын ойлайтынына, ынтымақтың, шынайы ықыластың жоқтығына налиды. Тек немересі Жеңіспен сырласады. Бітеу жара асқынған дертке айналады. Дерттен көрі ана жанына өзегін жарған төлдерінің, қызы мен келіндерінің қырғи қылықтары жанына тікендей қадалады. Ашық айтпайды. Автор олардың мінездерін баянда жатпай, бірақ штрихпен аңғартады.Сол штрихтің өзі төбе шашыңды тік тұрғызады. Ана әл үстінде. Барлық ұл келіні жанында. Үзіліп барады. Ұлдары көрші бөлмеде көңіл көтеріп, бас жазып, «Ана жырын» айтып отыр. Келіндері әжелерінің қасында. Бәрі жылап, көзіне жас алады. Әсіресе: «оң қолының білегінен ұстап алдырған Әсембайдың әйелі: Әкетайымяжау!!! – деп булығып еңіреп жіберді. Еңіреп отырып қайта-қайта еңкейіп қолынан сүйгендей болды. Сөйтіп отырғанда оның аржағындағы Мәржәпия (Әженің кенже қызы – Т.Ж.) кенет аяғын біреу басып кеткендей баж ете түсті.

  • Аулақ әрі, Әкел, шешемнің жүзігін, өзім алам, - деді.

  • Ей-й, қыз-ау, жәй-іңә от-тыр-саң-шау, - деп жылай сөйлеген күйінде Әсембайдың әйелі әжемнің қолына тағы еңкейген. Мәржәпия оны қағып жіберді. Ұмтылып кеп әжемнің қолына өзі жармасты. Бұл тағы да еңкейіп, әжемнің саусағын тілімен жалап, жүзікті ары тартты, бері тартты, бірақ шығара алмады».

Осы көріністі оқығанда қайран ананың көңілі неге мұңлы екендігін, неге көңілі талмағандығын түсінесің. Автор ешқандай түсініктеме бермейді, қызы келінін қараламайды да. Тіпті, таңсәріде, қаралы қаза үстінде немересі Жеңіс сыртқа лақтырып жіберген алтын сақинаны қызы мен келіні іздеп жүргенде де қалалық өз кейіпкеріне деген бейтараптық пен салқынқанды арақатынасын жоғалтпайды. Пікір айтумен тұжырымды талғамды, олардың іс-әрекеттеріне деген бағаны оқырманның өз еркіне қалдырады. Тек оң жақта жатқан әжесін көргенде бала: «Әжем, шынында да әппақ боп созылып, ұйықтаған адамша жатыр. Ұрты суалған, қабағындажалғыз мен ғана танитын кейістік бар. » дейді. Әңгіме осымен бітті. Ал одан туындайтын философиялық ой, көркемдік шешім қандай. Бұл оқиғаның барлығын автор неге баланың көзқарасы арқылы баяндайды. Себебі Жеңіс әлі тіршіліктің қилы-қилы тартысына түскен жоқ. Оны дүние-мүлік, атақ-даңқ қызықтырмайды. Демек, жан дүниесі таза, адамгершілік сезімі мол. Автор Жеңіске өз әке-шешесінің, аға-әпкелерінің қатігездігі мен дүниеқоңыздылығын әшкерелеп, өмірдегі қалтарысы мол құбылыстардың себебін түсіндіруге ұмтылады. Оқырманды да соған мензейді. Жаман мінез жаттан ғана жұқпайды, жақыныңнан да табылады. Өз ортаңның, семьяңның кері әсері де тиеді. Бұл текке Жеңіске айтылмаған. Не соның басындағы оқиға емес, кейіпкердің жеткіншек жасындағы өмір есігін жаңа ашқан жастардың типтік үлгісі. Адамгершілік өз аулаңнан басталады. Қандай да болмасын қатігездікті, бейтараптықты, немкеттілікті, дүниеқорлықты дер кезінде дұрыс бағалауға нұсқайды.

«Қылау» - табиғаттың түлеуін -, жеңіл ғана көмкерілген ақша қарды білдіреді. Ал адамға қаратыла айтылғанда көңілдегі тазалықты, не жүрекке ерекше әсер қалдырған сезімді аңғартады. Сайын Мұратбековтың «Қылау» атты шағын да шырайлы, нәзік сезімге құрылған туындысы осы бір сөздің екі ұғымының тоғысуын, яғни, табиғаттың жаңаруымен кішкентай Сатайдың ояна бастаған махаббатын, пән тілегін сыр ғып шертеді. Жарыстырмалы психологизм, табиғат пен адам тағдырын астастыра бейнелеу – әдебиетте ірге тепкен тәсіл. Дегенмен де «Қылаудағы» шендестірудің ерекшелігі өзгеше. Психологиялық паралелизмді қаламгерлер үлкен оқиғаны шегіне жеткізе отырып, оның күйреуімен не түлеуімен сабақтастыратын. Ал Сайын Мұратбеков домбыраның құлақ күйін қоңыр әуенге келтіріп, Сатайдың бір күнгі сезімін қылаулаған қармен шендестіре суреттейді. Өйткені Сатайдың оянған сезімі оның өміріндегі алғашқы құлпыруы, оның жүрегіндегі алғашқы із қалдырушы.

Тіршіліктің ыстық көктемі, атты жазы, найзағай-бораны, сүйініш-күйініші алда. Бұл қылаулаған қордай ғана пәк те кіршіксіз сезімі. Сатай мен Рабиғаның тіл қатулары, елегізулері, ашық та бүкпесіз сұхбаты, ізгілік ілтипаты табиғаттың сол бір қылаулаған шағынан аумайды. Көңілдерінде тыныштық та жоқ, бірақ аласұрған сапырылыста байқалмайды. Алгебра оқулығын Сатайға сыйлап тұрып: «- Сөйтіп, ендігі жылы бірге оқимыз ба... Байқа, класта қалып қойып жүрме», - деп Рабиғаның күліп тұрып ескертуі арқылы автор олардың өмір жолында әлі талай тоғысарын, табысарын, шынайы ыстық сезімге бөленерін мензейді. Ол кезде бұл шақ қос жеткіншектің ең қызық дәуренін кешер, не осы арман күйінде қалар, ол белгісіз. Сондықтан да табиғат та аяздатпай, брандатпай, қылаулаған қалпынан айнымайды.

Міне, үш әңгіме, үш тағдыр. Үш туында да балалық шақтың бір сәтін қамтыған. Көркемдік шешімі, мегзер ойы, орындалу мәнері, лирикалық толғанысы мен жеке дара. Автордың тектес тақырыпқа баруының және оны үш қырынан көрсетуінің мәнін ұғынып, парасатты ой түйгенін мойындайсың. Қаламгердің басты мақсаты да көркемдік шешімнің оқырманды ойға қалдырып, толқыта білуінде болса керекті.

Мелодрамалық оқиғалардың әдебиетте кеңінен қанат жайып, көркемдік сипаттың санатына қосылғанына ұзақ уақыт өткен жоқ. ХХ ғасырда үстемдік алып, тамырын тереңге жаңған тәсіл. Мопасан Моэм із-таңбасын салған соқпақ. Күрделі жайларды қамтитын Стендальдың, Мерименнің, Э. Поның шығармаларының көлемі қазіргі орта буын повестің өлшемінен алып кетіп жүр. Қазақ әдебиетіндегі Бейімбеттің дәстүрі. Сайын Мұратбековтың «Көкорай», «Жабайы алма» атты повестеріне басқа шығармаларының композицияға негізделген. Мәселе көлемде емес, көбігінде емес – көрігінде. Шамасында емес – шырайында, шындықта, оның ішінде көркем шындықта.

Өмірдің сан-саласын, қат-қабатын қамтыған, адам сезімінің құпиясын ашып, жүрегінің түбіне терең бойлаған, сан үнді әңгімелер соның айшықты айғағы. Елеулі оқиғадан өрелі ой туғызу, аз айтып, көп мағынаны білдіру, сараң баяндап, сырағы мән таныту - Сайын Мұратбековтың творчестволық мақсаты. Өзара тұтасып жатқан, алайда мінез-құлық, психология, көзқаас тұрғысынан мүлдем басқа ша өрнектелген «Үскірік», «Алғашқы қар», «Басында Үшқараның», «Күлен-Күлеке», «Кәмен тоғайдың бұтақтары» атты туындыларды оқығанда осы пікірге зейін қойып, пайымды пікір, байсалды ой түйесің.

Аталмыш шығармалардың арасындағы мелодрамалық сипаты басым, ақыл-оқиғамен тосын тұжырымға жетелейтін туынды. «Үскірік». Мұнда қаламгердің көркем дүниелерінде кездесе бермейтін шиеленіс, іштей психологилық тартыс, ашық арбасу бар. Дәнеш-Қайрақ арасындағы психологиялық тартыстың түп тамыры тереңде. Екеуі құрдас. Әзілдерінің астарында да зіл, ащщы запыран аңғарылады. Күле сөйлессе де, іштерінен күңіреніп тұрады. Үндерінде кіжіліс бар. Оның себебі де сонау әріден басталады. «Бір-біріне өмір бойы жинаумен келеді. Далалы жерде, жусанның арасында бір тұтам қара шұбар жылан бір рет қана шағатын уын бүкіл жаз бойы жинайды екен. Бұл екеуі де сол сияқты, құрдастың қақында әзілдескенмен, шым-шымдап жиналып жатқан бар улары ішінде. Ол үші екеуі де кінәлі емес. Кінәлі әкелері... Әкелер арасында болған жауығу ана сүтімен бұлардың бойларына да тарады.» Айдалада екі адам. Қыс. Аяз. Ойыннан от шығып , Қайрақ Дәнештің малақайын құздан лақтырып ібереді. Басына суық тиген Дәнеш ауруханада дүние салады. Оқиғадағы қақтығыс жан дүниенің, көзқарастың қақтығысы. Натуралистік сарын аңғарылғанмен, өмірлік дерекке топшыланған шынайы реалистік туынды. Екі адам бір-бірін жек көруі, бақталастық, бәсекелестік қылықтары ақыры асқынып тынды. Бұл шығарманың тұтқасы логикалық желімен тартылған сонан мен сезімнің тартысы. Жас қабірдің топырағын көрген Қайрақтың өкініші, өзін-өзі лағынеттеуі, ар алдындағы қылмысы, көкірегін жегі құртша кеміріп, онан сайын удай ашытып, ит бұралқы күйге түсіреді. Демек оның рухани күйрегендігі. Автор психологиялық қақтығыс арқылы кейіпкердің ішкі сырын суреттей отырып мерез дерттің себебін ашады.

Жастық шақтың өтпелі көпірінен асып, отызға іліккенде әр адамның жүрегінде өзінің өзінің бозбалалық дәуреніне деген сағыныш пен қимастық сезімнің тууы сөзсіз. Дәл осы шақтағы толқу мен толғану «Басында Үшқараның» атты көлемді шығармада қамтылады. Лирикалық жылы лепті, шырайлы шығарма. Автор Әсеттің ойы арқылы көп нәрседен мағлұмат береді. Он сегіз жастағы махабатты, әнші келіншек, жас сұлу жүйелері арқылы қаһарманның мінез-құлқы ашылады. Әсет жеңілген емес, бірақ айналадағы құбылысқа енжар да қарамайды. Оның ауылға оралуы – түлеу жастан асқандағы мезеті. Өткенге есеп беріп, жаңа байсалды өмір бастауы тиіс. Кейбір сағынған көріністері көзге қараш көрінсе, ойламаған жерден соны бір құбылысқа тап болады. Ол өмірден біраз нәрсе жоғалтқан, табатыны да мол. Шығарманың философиялық бағыты да соны мегзейді.

Диалог көркем шығарманың басты бір қажетті арты. Ұқсатқан адам ұтады. Оның оқиғаны шиеленістірудегі, шешімін табудағы, кейіпкердің характерін сомдаудағы орыны зор. Сайын Мұратбековтың «Ескен жел», «Күзгі бұралық жас», «Басында Үшқараның», «Үскірік» тәрізді әңгімелеріндегі негізгі тартыс осы диалогпен өрнектеліп, оқиға өрбиді. Автор сөз жарысындағы астарға көп назар аударып, шығарманың желісін ширатады. Диалогтерді орынды пайдаланып, ретімен ойната біледі. Кейбір қилы көркемдік детальдық міндетін атқарады. Мысалы: «Күзгі бұралаң жолдағы» Қанатай диірменшінің білегіндегі суретке қызығады. Гришкадан оның құпиясын сұрап, бұғанда салып беруін өтінеді. Диірменші келісіп әкесінің басқа әрпін жазады. Осыдан соңғы диалогке зер салыңызшы.


  • Әкең қайда? – деп сұрады Қанатайдан.

  • Соғыста өлген.

  • Мәссаған... Әй, ол қайдағы соғыста өліп жүр?

  • Отан соғысында.

  • Тоқта, тоқта. Сен жаңа қай жылы тудым дедің?

  • Қырық жетінші...

  • Ал енді не оттап отырсың, онда. Отан соғысы қай жылдарда болды?!

  • Отан соғысында, - деді Қанатай міз бақпай.»

Осы үзіндіден-ақ оқырман көп мәселені аңғарады. Асылы, диалогтың шымырлығы қашанда көркем шығарманы құлпыртып, шымырлатады. Қабырғалы қаламгердің мұндай тілдік, ішкі ырғақтың ізденістері әр әңгіменің шоқтығын көтеріп тұр.

Жазушының «Көкорай» атты бір томдық кітабы оның ұзақ жылдардан берә творчестволық еңбегінің жемісі. Қаламгердің жазу мәнерінен, шеберлік нысанасынан, ізденіс ізінен толық хабардар етеді. Оқырман әр әңгімеден көңіл толқырлық әсер алып, шынайы қуанышқа бөленеді. Одақтың оқырмандарға Москва баспалары арқылы ұсынылған көлемі ауқымды «Жусан иісі», «Жабайы алма» атты кітаптары да жүрекке жетті. Сайын Мұратбековтың өз оқырмандарына жиырма жылдағы еңбегіне берген есебі. Алда үлкен асу бар. Жүйрік қаламның саны туындыларға жетелері анық. Жазушы үшін тоқмейілсу жат қасиет. Шынайы талант иесінің жүрек тебірентерлік шығармасы да болашақтың үлесінде. Парасатты, байсалдды туындылардың шоқтығы қашан да биік. Асқаралы мақсат, қана асқар шыңға шақырады. Сол сапардың күйінішінен сүйініші басым болғай. Қаламгердің бабы да, бақыты да еңбекте. Ендеше, оқырмандардың ойлы жазушыдан өрелі дүниелер күтуі де заңды.


Тұрсын Жұртбаев

Адам өміріндегі қимас сәттер,

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет