Исатай, Махамбет басқарған ұлт-азаттық
көтерілістердің тууына себеп болған жағдайлар
Әр ақын көбінесе өзі өмір сүрген кезеңнің тыныс-тіршілігін, көзімен көріп, басынан өткергенін жыр етеді. Оның өлеңдері - өз өмірбаяны да іспетті. Сондықтан да ақын, жыраулар өлеңдерін оқи отырып ықылым замандарда болған небір ғажайып оқиғаларға жолығасың, сол дәуірдегі тарихи тұлғалармен танысып, олардың қуанышы мен қайғысына ортақтасасың, шығармашы өмір сүрген кезеңнің болмысын, елдің тұрмыс-тіршілігін көз алдыңа әкелесің.
Сонау У-ҮІІІ ғасырларда тіршілік еткен түркі тайпаларының тасқа ойып жазып кеткен “Орхон-Енисей” жазуларынан сол тұста болған соғыстар мен қақтығыстар, Күлтегін сияқты қолбасы мен Тоныкөк секілді мемлекет қайраткерлерінің батырлығы мен біліктілігі әңгіме болса, 1069 жылы жазылған Юсуф Хас Хаджибтің өлеңмен жазылған “Құтты білік” (“Құтадғу білік”) атты түркі тектес халықтарға ортақ трактатынан да халқымыздың рухани жан дүниесі мен рухани байлығын терең ұғынып, сол дәуірдің тыныс-тіршілігін де сезінеміз. 1505-1530 жылдар аралығында жазылған хорезмдік Нұрсейіт баласы Мұхамед Салықтың “Шайбанинама” дастанынан ХУ-ХУІ ғасырлардағы қазақ, өзбек ұлысының тарихын, Бұхара соғысын, Бұхара әмірі Бақи тарханды Шайбанидің жеңгенін, тағы да басқа оқиғаларды оқып білеміз.
“Хандық дәуірде өмір сүрген Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіздер көбіне ноғайлы ұлысының бүлінуін жырлаған болса, XVII ғасырдағы Жиембет, Марғасқа поэзиясынан көбіне Кіші жүз ханы Есімнің жорықтарына, қазақ-ойрат соғысына қатысты деректер табамыз”, /5/ Ақтамберді (1675-1768), Тәтіқара (XVIII), Үмбетей (1706-1778) жыраулар жоңғар басқыншыларының шабуылдарын айтып, ерлікті, өрлікті жырлайды.
Махамбет өмір сүрген XIX ғасырдың бірінші жартысы қазақ тарихында қайшылығы мен қақтығысы мол кезең болатын. Қазақ елінің бодандыққа кіргеніне ғасырға жуық уақыт өтіп, патша үстемдігі қазақ даласын түгел қамтып тұрған дәуір еді. Қазақ елінде хандық билік жүйесі Батыс өңірде ғана сақталғанымен, хан патшаға тәуелді болып, оның айтқанынан шыға алмайтын күйге жеткен.“Бастау бұлағы - Бұқар жырау, белді өкілдері Шортанбай, Дулат, Мұрат болған әдебиеттегі зар-заман деп аталған ағымға кіретін ақындардың өлең-жыр, дастандарындағы өзекті сарын отаршылдыққа наразылық идеясы болғаны белгілі. Соларды туғызған қоғамдық, тарихи жағдай әлеуметтік қайшылық, күйзеліс XIX ғасыр басында күшейе түсіп, Махамбеттің буырқанған ашу- кекке толы, еркіндік аңсаған поэзиясының өмірге келуіне негіз болды” /6/.
Достарыңызбен бөлісу: |