ӘОЖ [371.13:37.013] : 378 Қолжазба құқығында
КАДИРБАЕВА ДИДАР АРТЫҚБАЙҚЫЗЫ
Жоғары оқу орнында болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдіру
13.00.08 – Кәсіби білім беру теориясы мен әдістемесі
Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты
Қазақстан Республикасы
Қарағанды, 2008
Жұмыс Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде орындалған
Ғылыми жетекшілер: педагогика ғылымдарының докторы,
профессор Каргин С.Т.
педагогика ғылымдарының кандидаты,
доцент Сырымбетова Л.С.
Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы,
профессор Кенжебеков Б.Т.
педагогика ғылымдарының
кандидаты, доцент Манабаева А.Ш.
Жетекші ұйым: Евразия гуманитарлық институты
Диссертация 2009 жылы «___» ___________ сағ._____ Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғау жөніндегі БД 14.50.05 диссертациялық Кеңесінің мәжілісінде қорғалады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, бас корпус, №1 кеңейтілген дәрісхана.
Диссертациямен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2008 жылы _______________ таратылды.
Біріккен диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы Н.Ә. Мыңжанов
Кіріспе
Зерттеудің өзектілігі. Егемендік алған кез-келген елдің, халықтың ең басты міндеті – жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастырып, шыңдауға қызмет ететін білім жүйесін қалыптастыру. Білім берудің ұлттық жүйесін құру –ұлттық мәдениетті оқу-тәрбие процесінде пайдалану арқылы ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеу. Болашақ мұғалімдерді этнопедагогикалық біліммен қаруландыру мақсатында, халықтық дәстүрлердің тәрбиелік мүмкіндіктерін ашу - осы мәселені шешу жолдарының бірі.
Қоғамның кезек күттірмейтін талаптарының бірі – кәсіби бейімделген болашақ мамандарды даярлау. Болашақ мұғалім – баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы басты тұлға. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік-саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім-тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі. Ендеше қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып, биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу – мұғалімнің басты міндеті.
Халық құндылықтарының бірі – оның мекені, сол мекеннің географиялық ландшафтысы. Географиялық детерминизм бойынша адамның өмір сүруі, шаруашылығы, оның психикасының қалыптасып дамуы, бет-бейнесіндегі ерекшеліктері, мінез-құлқы сол жердің географиялық ландшафтысына байланысты болады. Ұлттық тәрбие ана тілін, елінің тарихын, төл мәдениетін, туған жерін, халқының ертедегі тұрмыс-тіршілігін оқып, үйренуден басталады. Мектептің оқу-тәрбие процесінде халық педагогикасының тәрбиеде алатын орны мен маңыздылығын студенттерге үйретіп, болашақ мұғалімдерге география пәні арқылы этнопедагогикалық білім беріп, ұлттық тәрбие, ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, ұлтжанды азамат тәрбиелеп шығаруға даярлаудың қажеттілігі туып отыр. Осы орайда, жоғары оқу орны жағдайында студенттердің қоршаған табиғи орта мен құбылыстары туралы түсініктерін дұрыс қалыптастыруда халықтық педагогика материалдарын ғылыми теориялық-әдістемелік қағидалармен ұштастыру көкейкесті мәселеге айналып отыр. Соның бірі, халықтық педагогика материалдарын география пәнімен байланыстыра отырып, болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудің объективті қажеттілігі артты. Қоршаған орта, ауа райының күйі, аспан әлемі, жер-су атаулары туралы географиялық білім беру арқылы болашақ мұғалімдердің этнопедагогикалық даярлығын қалыптастыру – тұтас педагогикалық процестің құрамдас бөлігі.
Жастарға білім беру, тәрбиелеу, табиғат пен адам өмірінің тіршілігін ажырамайтын, бөліп қарастыруға келмейтін біртұтас дүние ретінде қарастырып, жастардың дүниетанымын қалыптастыру, адамгершілікке тәрбиелеуді қазақ халқының біртуар данышпандары А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов; ұлттық дәстүрлерді дәріптеуді қазақ халқының ағартушы-ғалымдары мен ақын-жазушылары Ж. Аймауытов, Ы. Алтынсарин, М. Әуезов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев өз еңбектерінің негізгі арқауы еткен. Ұлттық мәдениеттің негізгі көзі болып табылатын құндылықтарды белгілі ғалымдар Ж. Артықбаев, Х. Арғынбаев, Ә. Бірмағанбетов, А. Нысанбаев еңбектері этнопедагогиканың теориялық негіздерін анық, ұғымдық-терминологиялық аппаратын жасауға тікелей ықпалын тигізді және біздің зерттеу жұмысымыздың әдіснамалық негізін құрады.
Жоғары оқу орнында болашақ педагогтарды даярлау мәселесін, оқу-тәрбие процесін жетілдіру, мектепке кәсіби білімі жоғары мамандарды даярлау мәселелері қазақстандық ғалымдар Қ.М. Арынғазинның, Ш.Ә. Әбдіраманның, Б. Әбдікәрімұлының, С.Т. Каргиннің, Ж.А. Караевтың, Қ.М. Кертаеваның, Р.М. Қоянбаевтың, Н.Ә. Мыңжановтың, Ж.Ы. Намазбаеваның, Н.Д. Хмельдің, Л.А. Шкутинаның еңбектерінде қарастырылған.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім мазмұнын жаңарту және оқыту мен тәрбиелеу сапасын жетілдіру, дамуы жоғары елдердің озық тәжірибесіне сәйкес мамандарды даярлау жөнінде шаралар қолдануды қажет екендігі аталған.
Этнопедагогикалық даярлау мәселесін алғаш көтергендердің бірі - Г.Н. Волков. Оның пікірінше, тек мұғалім ғана балаларды оқыту, тәрбиелеу процесін нақты аймақтық жағдайда, халықтың көп ғасырлы мәдениеті негізінде ұлттық тәрбие, дәстүрмен тығыз байланыста ұйымдастыра алады.
Жастарға этнопедагогикалық білім беру мәселелері Ж. Асанов, Қ. Бөлеев, Л.А. Бөлетова, Р.Қ. Дүйсенбінова, Қ. Жарықбаев, К.Ж. Қожахметова, С. Қалиев, Ж. Наурызбай, Ә. Табылдиев, С. Ұзақбаева; қолданбалы салалары Р.М. Айтжанова, С.Қ. Әбілдина, Ш.М. Мұхтарова, Қ.А. Сарбасова, Л.С. Сырымбетова, т.б. ғылыми зерттеулерінде қарастырылды.
Географиялық сауаттылық тек күнделікті өмірден ғана алынбайды, ол география мұғалімдерін кәсіби дайындаумен байланысты болады. Себебі кәсіби дайындығы жоғары маман ғана географиялық орта туралы сауатты білім бере алады. Сондықтан география мамандарын кәсіби дайындау процесіне көп көңіл бөліне бастады. Болашақ география мұғалімдерін даярлау мәселесін Ә.С. Бейсенова, Н.А. Бекенова, Ғ.Қ. Ділімбетова, Ж.Ж. Жатқанбаев, С.Қ. Қасенов, Г. Мұқышева, Р.Т. Төлегенова, Ж.К. Тілешова, С.Т. Шалғынбаев, Ж.Б. Шілдебаев, А.В. Чигаркин және т.б. зерттеген.
Табиғатты қорғау мен адамның қоршаған ортамен байланысы, экологиялық білім беру мен тәрбие беру мәселесін шешуде Н.А. Бәкірова, Ә.А. Саипов, К. Сарманова, Қ.Н. Сарыбеков, М.Н. Сарыбеков, А.Н. Захлебный, И.Д. Зверев, И.П. Сафронов А.В. Миронов және т.б. ғалымдар еңбектерінде ғылыми-практикалық тұрғыда шешімін тапқан.
Жоғарыда аталған ғалымдардың ғылыми жұмыстарында жоғары оқу орындарында кәсіби бейімделген мамандарды дайындау, олардың кәсіби құзіреттілігін жоғарылату мәселесін қарастыра отырып, оларды шешудің тиімді жолдарын ұсынған және болашақ мұғалімдерді мәдениеттің ұлттық болмысын терең сезініп, әлемдік өркениетпен сабақтастыра дамытуға бағыттайды. Көптеген зерттеулерде этнопедагогикалық мәселенің өзектілігін, білім беру жағдайында ұлттық тәрбиенің ерекшеліктері мен бүгінгі тәрбие жағдайында озық педагогикалық дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығын атап көрсеткен, бұл біздің зерттеу жұмысымызға арқау болды.
Осы бағытта диссертациялық зерттеу жұмыстары болғанымен, ғылыми еңбектерде география мұғалімдерінің туған жер ландшафтысын тәлім-тәрбие беру бағытында пайдалануға жеткілікті көңіл бөлінбеген, қазақ халқының өткен тарихи-мәдени, рухани-мәдени әлемінен әлі де толық игерілмей жатқан байлық көзі – фольклорлық мұралар, этногеографиялық деректер, этнотопонимикалық атаулар туралы деректерді қамтуына назар аударудың қажеттілігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Философиялық және педагогикалық әдебиеттердің, психологиялық-педагогикалық зерттеулердің мазмұнын сараптау барысында жоғары оқу орындарында география пәні мұғалімдерін кәсіби даярлау процесінде:
-
қоғамда білім беруді этнопедагогикалық тұрғыдан іске асыруға дайын мұғалімге деген қажеттілік пен нақты қалыптасқан жағдай арасындағы;
-
этнопедагогикалық ғылымның дамуы мен жоғары оқу орындарындағы білім беру мазмұнында оны жүзеге асырудың жеткіліксіздігі арасындағы;
-
болашақ география мұғалімдерінің этнопедагогикалық даярлығына педагогикалық практиканың қажеттілігі мен жоғары мектеп дидактикасында оның іске асырылуының жеткіліксіздігі арасындағы қайшылықтар бар екендігі анықталды.
Аталған қайшылықтардан жоғары оқу орнында болашақ география мұғалімдерінің этнопедагогикалық даярлығының мазмұны мен оны қалыптастыру мәселесінің туындап отырғаны біздің зерттеу тақырыбымызды «Жоғары оқу орнында болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдіру» деп алуымызға негіз болды.
Зерттеудің мақсаты: болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудің педагогикалық шарттарын анықтау, теориялық тұрғыдан негіздеу және эксперименталдық тексеру.
Зерттеу нысаны: жоғары оқу орнының педагогикалық процесі.
Зерттеу пәні: болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудің педагогикалық шарттары.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер болашақ география мұғалімдерін даярлауда олардың этнопедагогикалық даярлығын жетілдірудің арнайы шарттары анықталып, жүйелі түрде қолданылса, онда жалпы кәсіби даярлау процесінің тиімділігі арта түседі, өйткені студенттер аталмыш даярлыққа сәйкес іс-әрекетке бағытталады.
Зерттеудің міндеттері:
1. Болашақ география мұғалімдерінің этнопедагогикалық даярлығының мәнін ашу;
2. Болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудің педагогикалық шарттарын анықтау;
3. Болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудің моделін құрастыру;
4. Болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудің әдістемесін жасау және оны эксперименттік тексеру.
Зерттеудің жетекші идеясы: болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдіру географиялық білім беру процесінің этнопедагогика негізінде ұйымдастырылуынан тәуелді.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Жеке тұлғаның этнопедагогикалық даярлығын жетілдіруде ұлттық рухани-мәдени мұралары мен қазақтың табиғи ортаны танып білу білімдері мен «адам-қоғам-табиғат» жүйесінің жалпы заңдылықтары, өзара қарым-қатынас және тұлғаның қалыптасуы туралы ілімдер, қазақ халық педагогикасы мен этнопедагогика сабақтастығы туралы тұжырымдамалар, философиялық ілімдер, педагогикалық-психологиялық ой-пікірлер, ландшафт ерекшелігіне байланысты қалыптасқан мінез-құлық, ұлттық психикаға әсер еткен географиялық детерминизм туралы тұжырымдар мен тәрбие туралы тұжырымдамалар, тұлғалық-бағдарлық, жүйелілік тұғырлары.
Зерттеудің әдістері: зерттеу мәселесі бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық және әдістемелік әдебиеттерді тақырып бойынша теориялық және ғылыми-әдістемелік тұрғыдан талдау, диссертация тақырыбына байланысты материалдарды жинақтау, саралау, жүйелеу, эксперимент, бақылау, салыстырмалы талдау әдістері, білім беру саласындағы ресми құжаттарды талдау, географиялық білім беруде этнопедагогика материалдарын ендірудің әдістемелеріне сипаттама және сауалнама, бақылау жүргізу, тәжірибелік-эксперимент жұмысының нәтижесіне баға беру, зерттеу нәтижелерін математикалық өңдеу әдістері.
Зерттеу көздері: педагогика, психология, философия, география ғылымдарының классиктерінің еңбектері, Қазақстан Республикасы үкіметінің ресми құжаттары (заңдар, қаулылар, бағдарламалар, актілер, тұжырымдамалар, т.б.), жалпыға міндетті білім берудің мемлекеттік стандарттары, оқу бағдарламалары.
Зерттеу кезеңдері:
бірінші кезең (2002-2004 жж): зерттеу тақырыбы бойынша тарихи-философиялық, психология-педагогикалық, этногеографиялық және әдістемелік әдебиеттерге талдау жасалынды; зерттеудің ғылыми аппараты айқындалды; зерттеудiң теориялық және әдіснамалық негіздері анықталды, анықтауыш эксперимент жүргізілді.
екінші кезең (2004-2007 жж): зерттеу мәселесі бойынша жинақталған теориялық және этнопедагогикалық материалдарға талдау жалғастырылды. Тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылып, жүргізілді.
үшінші кезең (2007-2008 жж): тәжірибелік жұмыстың қол жеткізген нәтижелері өңделініп, ғылыми жүйеге келтірілді. Негізгі теориялық қорытындылар мен ұсыныстар құрастырылып, ғылыми - әдістемелік қорытындылар жасалынды. Жинақталған материалдар мен тәжірибелік жұмыстың нәтижелері сарапталынып, диссертацияның редакциялық өңдеуі аяқталды.
Зерттеу базасы: Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңызы:
- болашақ география мұғалімдерінің этнопедагогикалық даярлығы түсінігінің мәні ашылған;
- болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудің педагогикалық шарттары ашылды;
- болашақ география мұғалімдерінің этнопедагогикалық даярлығының компоненттері, көрсеткіштері мен деңгейлері айқындалды;
- болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдіру моделі жасалынды;
- болашақ география пәні мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудің жүйесі құрастырылды.
Зерттеудің практикалық мәнділігі: жоғары оқу орнында болашақ география пәні мұғалімдері мамандығының оқу жоспарындағы пәндер бағдарламаларына қосымшалар, «Жалпы жер тану», «Топонимика», «Қазақстанның физикалық географиясы», студенттерге арналған «Этногеография» атты арнайы курс, «Болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлау ерекшеліктері» атты оқытушыларға арналған арнайы семинар, оқу-далалық, кешенді, педагогикалық практикаға арналған бағдарламаға қосымша жасалынды. Зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие процесінде пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
- мұғалімнің этнопедагогикалық даярлығы мұғалімнің кәсіби даярлығының маңызды және қажетті компоненті ретінде жоғары оқу орнының оқу жоспарының барлық пәндерін игеру, далалық, педагогикалық практикаларды өту барысында қалыптасқан этнопедагогикалық құзіреттіліктерді біріктіретін кіріктірушілік сипаттағы жүйе;
- болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлау – бұл мазмұны мен ұйымдастырылуын педагогикалық мамандықтағы адамдарға деген талаптармен этнопедагогикалық ортада анықтайтын мақсатты бағытталған процесс. Мұндай даярлаудың шарттары: арнайы даярлау мазмұнындағы этнопедагогикалық бағыттылық, белсенділік, ұлттық мұраларды өзектендіру, этнопедагогикалық іс-әрекетке және тәрбиенің дәстүрлі мәдениетіне тұрақты қызығушылықты қалыптастыру болып табылады;
- болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудің моделі - мақсаты, міндеттері, принциптері, мазмұны, әдістері, формалары мен құралдарының құрамдас бөліктерінен құралады;
- болашақ география мұғалімдерінің этнопедагогикалық даярлығының компоненттері, көрсеткіштері және деңгейлері;
-
болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдіру бойынша жүргізілген эксперименттің нәтижелері.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі: диссертациялық зерттеудің әдіснамалық, теориялық бағытымен, зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестілігімен, эксперименттік-тәжірибелік жұмысының жоспарлығы, алынған нәтижелерді өңдеуде математикалық әдістерді қолданумен және олардың тиімділігі тексеріліп, оқу-тәрбие процесіне енгізумен қамтамасыз етілді.
Зерттеу жұмысының теориялық қағидалары мен нәтижелерін байқаудан өткізу. Ғылыми зерттеу жұмысының мазмұны халықаралық (Алматы, 2006 ж., Қарағанды, 2007 ж., 2008 ж., Жезқазған, 2007 ж., София 2008 ж) ғылыми-практикалық конференцияларда, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің география, педагогика кафедраларының ғылыми-әдістемелік семинарларында баяндалды; зерттеу жұмысына байланысты баспасөз беттерінде «География в вузах и школах Казахстана» (2006), «Ұлт тағылымы» (2007), «Ізденіс» (2007), «Қазақстан жоғары мектебі» (2007), «ҚарМУ Хабаршысы» (2007), «Этнопедагогика» (2008) мақалаларда көрініс тапты.
Диссертацияның құрылымы: диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, тұжырымдар мен қорытындыдан, пайдаланған деректер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
Кіріспеде зерттеудің өзектілігі, ғылыми аппараты, мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері мен болжамы, зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері, әдістері, зерттеудің ғылыми жаңалығы, теориялық мәнділігі, маңызы, зерттеу кезеңдері мен базасы, қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар қамтылған.
«Болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлаудың теориялық негіздері» атты бірінші тарауда зерттеліп отырған проблема педагогикалық, психологиялық және философиялық тұрғыларынан теориялық және практикалық жақтарынан негізделіп, олардың болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудің ерекшеліктері мен мүмкіндіктері анықталып, мақсат-міндеттері қарастырылды. Этнопедагогикалық даярлықты жетілдірудің педагогикалық мүмкіндіктері ашылып, проблеманың қазіргі жағдайы қарастырылды.
«Болашақ мұғалімнің этнопедагогикалық даярлығын жетілдіру бойынша тәжірибелік жұмыс» атты екінші тарауда оқу-тәрбие процесінде студенттердің этнопедагогикалық даярлығын жетілдірудің негізгі формалары мен әдістері айқындалды, негізгі пәндерге қосымша этнопедагогикалық бағыттағы қосымша бағдарлама мен арнайы курс бағдарламасы сипатталып, эксперименттік-тәжірибелік жұмыстардың нәтижелері қорытылып, баяндалды.
Қорытындыда теориялық, эксперименттік-тәжірибелік жұмыстардың нәтижелеріне негізделген тұжырымдар мен ұсыныстар берілді.
Қосымшада студенттер, оқытушылар мен мектеп мұғалімдерінен алынған сауалнама, қазақтың географиялық жұмбақтары мен табиғатқа байланысты мақал-мәтелдері, қазақтың ауа-райы туралы болжамдары және студенттердің оқу-далалық тәжірибе кезіндегі зерттеу жұмыстарының есебі ұсынылды.
Негізгі бөлім
Болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудегі зерттеу жұмысымыздың өзектілігін ашуда біз әдіснамалық негізде кәсіби білім беру теориясы мен этнопедагогикалық тұжырымдарға сүйендік.
Осыған байланысты біз зерттеу тақырыбымызбен тікелей байланысты келесі екі топқа жататын ұғымдардың анықтамаларына талдау жасадық. Бірінші топқа кәсіби білім беру теориясына байланысты «кәсіби даярлау», «кәсіби даярлық» және «кәсіби құзіреттілік», ал екінші топқа «этнопедагогикалық іс-әрекет», «этнопедагогикалық мәдениет», «этнопедагогикалық даярлау», «этнопедагогикалық құзіреттілік» ұғымдары жатады.
Салыстырмалы талдау арқылы аталған ұғымдардың мәнін аша отырып, болашақ мұғалімдердің этнопедагогикалық даярлық түсінігін біз төмендегідей тұжырымдадық: кәсіби іс-әрекетте арнайы білімдерді, іскерлік, дағдыларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кәсіби маңыздылыққа ие тұлғаның кіріктірілген қабілеттерінің жүйелі жиынтығы.
Осы тұжырымға сәйкес біз болашақ мұғалімдерді этнопедагогикалық даярлауды география пәні мамандығының ерекшелігіне байланыстыра нақтыладық. Бұл жерде негізгі әдіснамалық бағыт ретінде географиялық детерминизм алынды. Сонда, болашақ география пәні мұғалімінің этнопедагогикалық даярлығы деп этникалық кеңістіктегі этнопедагогикалық іс-әрекетіне қажетті арнайы білімдер мен іскерліктер негізінде қалыптасқан және жаңа білімдерді ұдайы игеруге бағытталған тұлғалық интегративтік қасиеттердің, қабілеттердің жүйелі жиынтығын түсінеміз.
Мұғалімнің кәсіби даярлығына жан-жақты мән беру және оларды қажетті, міндетті деп есептей отыра, этнопедагогикалық даярлықты ерекше атап көрсетуге тура келеді.
Болашақ география мұғалімін этнопедагогикалық даярлаудың дидактикалық негізі – бұл мақсат, міндеттер және мазмұнның біріңғай жиынтығын қамтитын кәсіби-білімдік жүйенің құрамдас бөлігі.
Этнопедагогикалық даярлаудың маңызды мақсаттарын жүзеге асыру тұлғалық қасиеттерді, талап етілген білімдер мен іскерліктерді модельдеу негізінде ғана іске асыру мүмкін. Сондықтан болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудің моделін құрастыруды жөн көре отырып, оның алдында біз сол даярлаудың көрсеткіштерін анықтадық. Бұл мәселеге байланысты ғылыми әдебиеттерді талдау негізінде келесі қорытындыны жасадық: болашақ география мұғалімін этнопедагогикалық даярлау өзара байланысты және өзара шартталған үш компонентті біріктіреді. Олар: тұлғалық, мазмұндық, технологиялық.
Тұлғалық компонент – кәсіби және тұлғалық қасиеттерден, этнопедагогикалық және географиялық білімдерге қызығушылық, сонымен бірге, этнопедагогикалық даярлық процесінде тәрбиеленетін және дамитын педагогикалық жұмыстың ерекшеліктері талап ететін қасиеттерден тұрады.
Мазмұндық компонент – мақсат қоя білу және педагогикалық білім мазмұнын саралауды көрсетеді. Мазмұнға жалпы кәсіби және географиялық біліммен қоса, халық педагогикасының әдістері, факторлары, құралдары, формалары, халықтық тәрбие тәжірибесі, халықтың тарихы мен мәдениеті, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар жүйесі, этнопсихологиялық ерекшеліктер туралы білімдер кіреді. Аталған білімдер этнопедагогикалық білім түріне жатады.
Технологиялық компонент – игерілген кәсіби және географиялық білімдерімен бірге этнопедагогикалық білімдерді қолдану іскерліктерін, дағдыларын, полиэтникалық ортада этнопедагогикалық процесті ұйымдастыруды, этнопедагогикалық міндеттерді қойып, оны шешуді, тәрбиелеудегі ұлттық тәжірибені этнопедагогикалық міндеттерді шешуде қолдануды, табиғи ортаны танып білудегі ата-бабалардан қалған бай тәжірибені пайдалана білу әдістерін таңдауды, отбасымен өзара әрекетті жандандыруды, мәдени құндылықтарды біріктіреді.
Барлық кәсіби компоненттердің қалыптасу ірге тасы тұлғалық компонент болады. Бұл компонент – базалық. Бұл компонентсіз қалған компоненттер іске аспайды.
Білім беру процесінде педагогтің этнопедагогикалық даярлығының компоненттері өзара ажырамай үнемі байланыста болса, атқарылатын жұмыстың нәтижесі де жоғары болады. Олардың әрқайсысы қойылған мақсатты жүзеге асыруды қамтамасыз ететін кәсіби құрылым болып табылады. Осы кәсіби құрылым жүйенің барлық компоненттерін жүзеге асыруды шарттайды.
Этнопедагогикалық даярлаудағы этнопедагогикалық мәдениет халық тәжірибесінің құндылықтарын, этнопедагогикалық білімдер мен іскерліктерді беру құралы ретінде саналады.
Әр компоненттің қалыптасқан деңгейін белгілі бір көрсеткіштер арқылы анықтауға болады (1- кесте).
Кесте 1 – Болашақ география мұғалімінің этнопедагогикалық даярлығының моделі
Компоненттер
|
Тұлғалық
|
Мазмұндық
|
Технологиялық
|
Көрсеткіштер
|
Этнопедагогикалық білімдерге деген қажеттілік
|
Жалпыкәсіби білімдер
|
Кәсіби іс-әрекетін
этнопедагогикаға
негіздей алу
|
Өз кәсібінің әлеуметтік
маңызын сезіну
|
Этнопедагогикалық
білімдер
|
Этнопедагогикалық
және этногеографиялық
білімдерді ұштастыра алу
|
Этнопедагогикалық
және этногеографиялық
білімдерге қызығушылық
|
Географиялық білімдер
|
Этнопедагогикалық
және этногеографиялық
білімдерді педагогикалық міндеттерді шешуде қолдану іскерлігі
|
Тұлғалық компонент келесі көрсеткіштермен ерекшеленеді: этнопедагогикалық білімдерге деген қажеттілік, өз кәсібінің әлеуметтік маңызын сезіну және этнопедагогикалық, географиялық білімдерге қызығушылық. Бұл өлшемдер болашақ география пәні мұғалімдерінің этнопедагогикалық бағыттылығын, мотивтерін, өз халқының тарихын, дәстүрлі тәрбие мәдениетін үйренуге, қажетті этнопедагогикалық білімдер мен іскерліктерді игеруге деген қызығушылығын, этнопедагогикалық іс-әрекетке, дәстүрлерге, ұлттық мәдени құндылықтарға тұрақты оң қатынастың болуын, этнопедагогикалық ортамен өзара әрекеттегі этнопедагогикалық іскерліктердің дамуын көрсетеді.
Мазмұндық компоненттің көрсеткіштеріне жалпыкәсіби, этнопедагогикалық және географиялық білімдер жатады. Олардың ішінде ең маңыздысы қазақ халқының жер ландшафтысы, халықтың ауа райын болжай алуы, халықтық тәрбиенің дәстүрлі жүйелері, «адам – табиғат – қоғам» арасындағы заңдылық байланыстар туралы білімдер болып саналады.
Технологиялық компонент кәсіби іс-әрекетті этнопедагогикаға негіздей алу, этнопедагогикалық және географиялық білімдерді ұштастыра алу, этнопедагогикалық және этногеографиялық білімдерді педагогикалық міндеттерді шешуде қолдану іскерлігі сияқты көрсеткіштерді қамтиды.
Қарастырылған көрсеткіштер жоғары оқу орны студенттерінің этнопедагогикалық даярлаудың барлық компоненттерінің қалыптасу деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Әрбір көрсеткішті біз белгілер жүйесі арқылы қарастырдық. Аталған болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлаудың көрсеткіштерін ескере отырып, оның төмен, орташа, жоғары деңгейлері анықталды.
Жоғары деңгей: өз бетімен шығармашылық әрекетті ұйымдастыра және халық дәстүрлері негізінде этнопедагогикалық ортаны құра алады, анық көрінетін танымдық этнопедагогикалық бағыттылық, халықтың дәстүрлі мәдениеті жайлы білімдерге деген құштарлық, этнопедагогикалық іс-әрекетке тұрақты оң қарым-қатынас, білім берудегі этнопедагогикалық іс-әрекеттің маңызын сезінуі бар.
Орта деңгей: баланың ұлттық психологиясының маңыздылығын сезінеді, халықтық дәстүр, тәрбиенің халықтық мәдениеті туралы шектеулі білімдерді игеріп, оны өз педагогикалық іс-әрекетерінде ара-тұра қолданады, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін, халықтық құралдарын пайдалана алады, этнопедагогикалық іс-әрекетті ұйымдастыра біледі, тәрбиенің халықтық дәстүріне негізделген педагогикалық іс-әрекетке қызығушылық танытады.
Төменгі деңгей: этнопедагогикалық және этнопсихологиялық бағыттылықтағы жүйеленбеген білімдері бар, халық мәдениетінің дәстүрлерінің жекелеген түрлерін біледі, этнопедагогикалық міндеттерді шешудегі этнопедагогикалық іскерліктері өте төмен, халық педагогикасының әдістерін, құралдарын қолдана алмайды.
Болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлаудың компоненттері мен көрсеткіштеріне көп тоқталған себебіміз мақсат пен нәтиженің аражігіне байланысты. Яғни, арнайы ғылыми әдебиеттерде мақсат болжамдаған, күткен нәтиже ретінде қарастырылады. Ал, біз зерттеп отырған даярлық болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдіру процесінің нәтижесі ретінде қарастырылып отыр. Олай болса, қойылған мақсат бастапқы жағдай болып саналады, ал бұл мақсатты нәтижеге айналдыру үшін белгілі бір педагогикалық шарттар жүйесін анықтау қажет. Біздің жұмысымызда педагогикалық шарттар нақты жүйе мен ойларға негізделіп жасалған оқу материалдарынан алынып отыр.
Географиялық білімді этнопедагогика материалдарымен байланыстыруға дайын маманның кәсіби даярлығын ұйымдастыру үшін мазмұнды іріктеу әдіснамасын қайта қарау немесе білім беру парадигмасының ауысу фактісін тіркеу жеткіліксіз, білімдік кеңістіктің күйін анықтайтын білімдік-дамытушылық процесті ұйымдастырудың сәйкес формаларын, мақсаттарын қарастыру, қажетті оқу-материалдық базаларын құру, мұғалімдер мен оқушылардың өзара әрекеті барысында қойылған міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін педагогикалық технологияларды жобалау және енгізу сияқты барлық компоненттерін өзгерту қажет. Болашақ мұғалімдер оқушыларға географиялық біліммен бірге этнопедагогикалық білімді сабақтастырса, кәсіби даярлауды әдістемелік қамтамасыз ету ерекше басымды мәнге ие болады.
Мамандардың кәсіби-педагогикалық даярлығын модельдеу мәселесіне арналған ғылыми жұмыстар мен диссертациялық зерттеулерді талдау, жинақталған материалды қорытуға және білімді этнопедагогика материалдарымен байланыстыру принципін есепке ала отырып болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдіру моделін жасауға мүмкіндік берді. Бұл модельді құруда болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдіруді есепке ала отырып, мұғалімнің кәсіби даярлығы сапасына қоғамның қоятын талаптары, мектепте оқылатын география пәнін этнопедагогикамен байланыстыруды ескере отырып, мұғалім даярлауды жетілдірудің негізгі бағыттары, кәсіби даярлықтың білімдер, іскерліктер түріндегі мазмұны және оқу процесіне этнопедагогика материалдарын кіргізу әдістері, географиялық білімді этнопедагогика материалдарымен байланыстыруға болашақ мұғалімді кәсіби даярлауды әдістемелік қамтамасыз ету ескерілді (1- сурет).
Айта кету керек, біздің зерттеу жұмысымызда болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдіру және қалыптастыру айтылады. Қазіргі жоғары оқу орнының оқу процесінде болашақ мұғалімнің этнопедагогикалық дайындығы этнопедагогикалық және этнопсихологиялық курстарын оқу кезінде қалыптасады. Бірақ, бұны болашақ география пәні мұғалімдерінің этнопедагогикалық даярлығын қалыптастыруда жеткіліксіз деп
санап, біз этнопедагогикалық даярлауды жетілдіруді мақсат етіп қойдық. Осы мақсатқа жету үшін аталмыш даярлықтың компоненттерін қалыптастыруға бағытталған міндеттер қарастырылды. Осыған байланысты болашақ география мұғалімдерін этнопедагогикалық даярлауды жетілдірудің принциптері анықталды.
Достарыңызбен бөлісу: |