Кертаева г. М. Педагогикалық деонтология негіздері қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


– сурет. Мораль, этика, деонтология ұғымдарының өзара қатынасы



бет2/14
Дата26.06.2016
өлшемі2.44 Mb.
#159682
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

1 – сурет. Мораль, этика, деонтология ұғымдарының өзара қатынасы


Ойымызды түйіндесек, педагогикалық деонтология – ұстаздық парыз туралы ғылым, ұстаздың iс-әрекетiнiң саналы, адамгершiлiк компонентi. Педагогикалық деонтологияға мұғалiмнiң парызына деген адалдығы мен кәсiбiне сәйкес саналы әдеп, құқықтық ұстанымдар мен ережелер кешенi жатады.

Жоғарыда келтірілген философиялық ой-тұжырымдар мен педагогикалық топшылауларды сараласақ, педагогикалық деонтология этиканың, жеке мамандыққа тән педагогикалық моральдың ұстанымдары мен ережелерінің ерекшеліктерін қарастыратын бөлігі болып, ұстаздық қызмет аясында практикалық іс-әрекетті реттеуші рөл атқарады.


Тарихи-әлеуметтік алғышарттардың негізі әртүрлі қоғамдық-экономикалық кезеңде ұстаз тұлғасына қойылатын талаптар мен олардың орындалу барысындағы қарама-қайшылықтармен байланысты.

Ұстаз қызметіне, оның жеке тұлғасына, мінез-құлқына қойылатын нақты тарихи-әлеуметтік талаптар тарихи жағдайлардан туындайды, қоғамдағы саяси құрылым, әлеуметтік-экономикалық қатынастар, ұлттық дәстүрлер білім жүйесін қалыптастырды.

Ұстаз мамандығының көп ғасырлық тарихы бар, оның мәні мен мағынасы заманға сай өзгеріп отырды. Бұл мамандықтың қажеттілігі ақыл-ой еңбегінің қара күш еңбегінен бөлінуіне байланысты адамзаттың алғашқы қауымы ыдырауы кезінде пайда болды.

Көне заманда (Ежелгі Месопотамия, Шумер, Аккад, Вавилон, Ассирия және т.б.) ұстаздар әлеуметтік сатының жоғары деңгейінде тұрған. Мектепті басқару, оқушыларға қажетті кесте-сұлбаларды жасау, жаттығулар жазу сол кездегі оқытушының міндеті еді. Ірі «кесте үйлерінде» (сол кездегі мектептер солай аталды) жазу, есептеу және сурет салу сабағының мұғалімдері қызмет етті. Мұндай білім беру мекемелерінде арнайы меңгеруші тәртіп қадағалады. Оқыту ақылы түрде жүргізіліп, төлемақының көлемі оқытушы беделіне байланысты болды. Педагогтың ерекше назарына ие болу үшін ата-аналар оқытушыға сый-сыяпат тарту ететін.

Көне Мысырда ұстаз мамандығы әлеуметтік дәулеттің кепілі ретінде қарастырылды. Папирустарда «Әрқашан басшы болатындай ұстаз лауазымынан басқа лауазым жоқ екенін байқа, есіңнен шығарма» сияқты пікірлер жиі кездескен.

Көне мысырлықтар сөзуар емес, мұқтаждық, өмір тауқыметі мен адам тағдырының ауыр соққыларына берік адамды аса қадірлеген. Осындай қадір тұту астарында оқыту мен тәрбиелеу жатты. Тек ерекше дарынды балаларға ғана білімге жолы ашық болған. Бұл мектепте оқушы, ең алдымен, тыңдай білу мен тіл алуды үйренуге тиісті еді. «Тіл алу – адамда бар ең жақсы қасиет» қанатты сөзі сол кезде танымал қолданысқа иеленді. Оқытушы «Ықыласты бол, менің сөздеріме құлақ сал, менің айтқандарымды естен шығарма» деп, оқушылардың назарын аударған. Оқушыларды тыңдату үшін жазалар қолдану қажет деп саналды. Ұстаздар оқушыларды үнемі ұрып, жазалап отырды. Көне папирустардың бірінде жазылған «Бала әрбір теріс қылығына жауап беруге тиіс, сондықтан да оларды үнемі ұрып отыр» деген сөз мектепте ұран ретінде қолданылды [26].

Көне Қытайда ұстаз мамандығы зор құрметке ие болды, себебі білім алу – аса маңызды іс. Әке есебінде саналған тәлімгер оқушыны түрлі тапсырмаларды дербес шеше білуге үйретуден жалықпаған.

Антикалық Жерорта теңізі әлемінде ұстазға деген көзқарас ерекше еді. Мәселен, Көне Грецияда педагог (сөзбе-сөз жетекші) дәулетті отбасылардың ұл балаларын бақылайтын ерекше құл ретінде саналды. Көп жағдайда шаруашылыққа жарамсыз құл тәрбиеші болып тағайындалды, сондықтан мінез-құлқының қырлары кері әсерін тигізді. Оқытушылардың еңбекақысы аз, әлеуметтік мәртебесі өте төмен болды.

Б.з.д. ІІІ ғ. Ежелгі Римде балалар тәрбиесін тәлімгер-құлдарға тапсырған. Бала күтуші құлдар 4-5 жасқа дейінгі балаларды тәрбиеледі, оқуға, жазуға және есептеуге үйретті. Олар тек ауқатты азаматтардың отбасында болды, қалған римдіктер өз балаларын алқалы жиынға жіберіп отырған. Сол кезде Рим қоғамында педагог кәсібі өте төмен мәртебеге иеленді. Ал І-ІІ ғғ. римдік педагогикалық ойлар өз дамуының шарықтау шегіне жетті. Бұл кезеңнің өкілдерінің бірі - Сенека ( б.з.б. 4- б.з. 65 жж.) мектеп жүйесіндегі «формализмді» сынап, оның жанды емес, ақылды ғана дамытатынын дәлелдеді. Оның ойынша, білім беру дербес жеке тұлғаны тәрбиелеуі керек. Сенеканың «Мораль тақырыбындағы хаттары», «Луцилиюға арналған адамгершілік хаттары»  еңбектерінде адамгершілік тәрбие мәселелері кеңінен қарастырылады.

Орта ғасырдағы Қытай елінің педагогикалық дәстүрлерінің негізінде  отбасылында қоғамдық тәрбие жатыр. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерге негізделген кез келген отбасында белгілі бір этикалық ережелер сақталған. Олар жер бетіндегі адамгершілікті бақылап отыратын құдай бар деп сенген. Тәрбиелік  қатынастар отбасының  кіші мүшелерінің үлкендерді сыйлау және құрметтеуінен басталды.  Адам тәрбиесі туралы алғашқы ойлар Конфуций, Мэнцзы, Сюнцзы еншісінде. Б.з.б. ІІ ғ.- б.з. ІІ ғ. ежелгі Қытайда конфуцийлік ілім ресми идеологияға айналып, білім беру мен тәрбие үдерісінің дамуына үлкен ықпал жасады. Бұл кезеңде қоғамда оқыған адамның беделі өсті, кәсіби білігін арттыруға мүмкіндік берді. Қытайда алғашқы мектептер б.з.б. 3 мыңжылдықта пайда болды. Мектептер сян және сюй деп аталды. Сян мектебі соғыс өнеріне, Сюй мектебі «алты өнерді», яғни мораль, жазу, санау, музыка, садақ ату және ат баптауды үйретті. Чжоу кезеңінде (б.з.б. ХІ- ІІІ ғғ.) Госюэ - жоғары шенеуліктер мектебі, Сансюэ - орта шенеуліктер мектебі жұмыс істеп, иероглифтерді жазуға үйретті. Ежелгі Қытай – адамзат баласының жетілуіне, білім беру саласының дамуына ықпал еткен өркениеттердің бірі. Алғаш рет  философиялық ойлардың дамуы барысында тәрбие мен оқыту мәселесінің теориялық мәнін ашуға қадам жасалды.

Ал Батыс Еуропада монахтар мен сопылар жоғары әлеуметтік мәртебеге ие болып, діни және шіркеу мектептерінде ұстаздық қызмет атқарды. Оған қоса шағын мектептерде шіркеуге қарсы шыққан әрекеттері үшін қуғынға ұшыраған әлеуметтік мәртебесі төмен оқытушылар да болған [24]. Қайта өрлеу дәуірінің XV ғ. бастап XVII ғ. ортасына дейін бастауыш мектептердің діни оқытушылары орнын кәсіби оқытушылар алмастырды, олардың мәртебесі өсті. Бұрын «мектеп қаражаты», ортақ қауымның заттай тауары мен өнімінен қаржыланса, XVII ғ. аяғынан бастап оқытушының төлемақысы қауым қаржысынан төленді. Бұл – мектептің шіркеуге тәуелді еместігінің нышаны.

Сол кезеңде оқытушылардың кәсіби деңгейі, әсіресе кедей отбасыларына арналған мектептерде өте төмен еді. Ұстаздық қызметті кездейсоқ адамдар, яғни қолөнерші, әскербасылар және т.б. атқарған, көбінің арнайы білімдері болмады. «Көптеген оқытушылар тіпті жазу да, оқу да білмеген» деген деректерді біз XVII ғ. француз мектептері жөніндегі құжаттардан біле аламыз. Осындай жағдай барлық жерге тән болды.

Ұстаздық қызметке байланысты белгілі конституциялық өзгерістер XIX, XX, XXI ғғ. енгізілді.

Батыс Еуропа елдерінің көптеген мектептерінде дін сабақтары оқытылғандықтан, ұстазды шіркеу қызметкерлері тағайындады.

Ал Англияда жеке меншік мектептердің беделі жоғарылай түсті. 1870 жылға дейін білім беру мекемелері жеке тұлғалардың қаражатына тәуелді болған. Мектеп заңнамалары білім беру саласындағы жеке бастамашылықты қолдады. Оқушыларға білім беруге кепілдік беретін кез келген тұлғаның мектеп ашуға мүмкіндігі болған. Жеке меншік мектептердің оқытушылары мен құрылтайшыларынан (ұйымдастырушы) педагогикалық дайындық жөнінде ешбір куәліктер талап етілмеген. Мұнда оқытушы-мамандардың жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналды. Бұл жастардың оқытушы мамандығына деген қызығушылығының төмендігі және қызметтегі ұстаздардың өз жұмысынан кетуіне байланысты жағдайлармен түсіндірілді. Мектептегі оқушылар білімінің төмен деңгейі, сыныптағы оқушылар санының тым көптігі, төлемақы мөлшерінің аздығы басты себепке айналды.

Францияда 1852 жылдан бастап оқытушылар мемлекеттік қызметкер болып саналды, оларды үкімет орындары тағайындады. Мектеп ережесі әскери тәртіпке пара-пар келіп, оқытушылардың еркін әрекет, жаңа бастама жасау мүмкіндіктері шектелді.

Португалияда заң жүзінде ұстаздарға тек бакалавр академиялық дәрежесіне ие болуға тыйым салынды. Бастауыш мектеп ұстазының өзі магистр болуға міндеттелді.

Испанияда ұстаздар оқушыларға дауыс көтеруге, оқушылардың оқуына қатысты туындаған қиыншылықтар жөнінде ата-аналарына шағым жасауға құқысыз болды. Керісінше, үлгерімі төмен балалар үшін ұстаздар жауап берді.

Жоғарыда келтірілген деректерге қарасақ, қоғамның, мемлекеттің педагог мамандығына деген қажеттілігі мен сұранысының заман талаптарына сай өзгермелі екендігі байқалады.

Қазіргі заманның ерекшеліктеріне көңіл бөлсек, міндетті түрде деонтологиялық даярлығы қалыптасқан ұстаз ғана қоғам қажеттілігіне сай болары анық.

Педагогикалық деонтологияның пайда болу алғышарттары ұстаздың кәсіби тұлғасына парыз тұрғысынан қойылатын талаптардың өсуінде жатыр. Деонтология – парыз ұғымыиен негізделетін ғылым, сол себепті бір сәт атақты ойшыл, педагог ғалымдардың ой-тұжырымдамаларына назар аударайық.

Шығыс педагогы әрі ойшылы Конфуций (б.з.д. 551-479) дұрыс тәрбиені адам болмысының адамгершілік жетілуі деп көрсетті. «Қоғамның тұрақтылығын тәрбие анықтайды» деген тұжырым жасады, қоғам және табиғаттың ролін анықтауға тырысты. Оның ойынша, адам табиғаты дұрыс тәрбие барысында идеалды адам тәрбиелеудің материалы болады, жан-жақты тәрбиеленген адам төмендегідей қасиеттерге ие болуы керек: адамгершілік, саналылық, ақиқатқа деген ұмтылыс, әділеттілік, бай рухани мәдениет иегері және т.б. [25]. Ежелгі конфуциандық ережелерге сәйкес оқушының ұстаз алдындағы парызы таудан да биік, теңізден де терең болып саналған және иемото (педагог) беделі даусыз болған [29].

Ежелгі Рим ғалымы Квинтиллиан (42 ж. – б.з. шамамен 118 ж.) «Шешендік өнерге нұсқау» атты еңбегінде «оқытушы жоғары білімді, ұстамды болып, балаларды сүйіп, оларды жете түсіне білуі қажет, мақтау мен жазалаудың шамасын біліп, ең бастысы, өз іс-әрекетімен, жүріс-тұрысымен оқушыларға үлгі болуы керек» деген. Ол «адам болмысы жағымды негіздерден құралады» деген пікірге қосылып, «дұрыс  педагогикалық нәтижеге жету үшін адамның табиғи мейірімділігі мен тәрбие үдерісін біріктіру керек» деген тұжырым жасады [27].

Ұстаздың кәсіби парызы жөнінде Платон: «Егер де етікші олақ болса, мемлекет оның салдарынан көп зардап шекпейді, мүмкін адамдардың кейбіреуі жақсы аяқ киім кимейтін шығар, ал егер де ұстаз өз міндеттерін нашар орындаса, онда елімізде білімсіз, надан және бұзақы адамдар саны көбейеді» деген [28]. Ол бүкіл халықтық тәрбиені, мектепке дейінгі тәрбиенің қоғам тарапынан болуын жақтады. Мектепке дейінгі тәрбиеде ойынның рөлін жоғары бағалап, әңгіме әдісінің балаларға ұғынықты, түсінікті түрде жеткізілуіне мән берді, жан-жақты тәрбиеге баса назар аударған.

Педагогикалық мәселелерді қарастырған ғұлама ғалым, философ Әл-Фарабидің (870-950 ж.ж.) педагогикалық тұжырымдамасы – дидактика мен тәрбие теориясы мәселелерін қамтитын іргелі жүйе. Оның тәлім-тәрбие жөніндегі ойлары теориялық жағынан кез келген педагогикалық ілімге негіз бола алады, әсіресе барша адамзат қауымдастығының жиынтығы ретінде ұлы қоғамды суреттейтін ізгілік тұғырнамасы қазіргі педагогиканың жетекші идеясына айналды. Жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген ұстаным басты қағида ретінде ұсынды.

Әл-Фараби педагогикалық ұғымдарға анықтама беру арқылы педагогика ғылымының негізін салушы екендігін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Педагогиканың негізгі ұғымы болып табылатын оқыту мен тәрбиеге ғұлама мынадай түсініктеме береді: «Оқыту - адамдар мен халықтарда теориялық қайырымдылық дарыту болады, ал тәрбие - білім-білікке негізделген өнер арқылы оларға этикалық қайырымдылықты дарыту тәсілі. Оқыту тек сөз арқылы жүзеге асырылады, ал тәрбие кезінде адамдар мен халыққа, білімге негізделген қасиеттерден шығатын әрекеттерді жасауды дағдыға айналдыру үйретіледі...». Осы анықтамалардың астарлы мағынасы қазіргі педагогикадағы «оқыту» мен «тәрбие» ұғымдарына берілген анықтамалармен сабақтасып, өзара байланысып жатқандығын айқын аңғаруға болады. Әл-Фарабидің мұрасында «білім беру» де қарастырылған. «Оқу бастамасы біздерге болмыс бастауларын білу құралы болып табылады, ал олардан шығарылатын қорытындылар – ғылыми пәндерді игерудің бастамасы мен құралы» деген ғұламаның анықтамасы қазіргі педагогикадағы «білім беру - оқыту нәтижесі, тура мағынасында ол оқып-үйретілетін пән туралы алғашқы түсініктің, ұғымның қалыптасуын білдіреді» деген анықтамамен өзара ұқсас [30].

XVI-XVII ғ.ғ. Украина мен Беларуссия мектептерінде ұстаздың кәсіби парызы келесі сипатқа ие болған: «дидискал немесе оқытушы - тақуа, момын, дана, ақылгөй, төзімді әрі ұстамды, әрдайым көмекке ұмтылушы, әрқашан ізгілікті жақтаушы» [31].

Қайта өрлеу дәуiрiнiң ұлы ойшылы, ХҮI ғасырда өмiр сүрген француз ғалымы Мишель Монтень оқытудағы танымдық әрекеттiң маңыздылығын ерекше атап көрсеттi: «Тәрбиешi баланың бастан-ақ бойындағы қабiлеттердi еркiн көрсете бiлуiн, түрлi заттардың дәмi мен олардың ерекшелiктерiн ажыратуда өз бетiнше әрекет етуiн, кейде оған жол көрсетiп, кейде, керiсiнше, өзiне iздеп отыруын қалаймын». Монтень таным әрекетiнде оқушының басшылық рөлiнің маңыздылығын түсiндi. «Оқушы мұғалiмнен алған бiлiмiн түгел сүзбеден өткiзiп, өз бетiнше талдау жасауы қажет. Сонда ғана оның бiлуге құштарлығы дами түсетiнi сөзсiз», - деп жазған болатын [32].

Чех педагогы Я.А. Коменский (1592-1670 ж.ж.) ұстаз кодексін жасады, ұстаз мамандығының өте құрметті, абыройлы мамандық екеніне тоқтала келіп, оны жоғары бағалады: «Оларға (мұғалімдерге) тамаша қызмет тапсырылған, күн астында одан жоғары ешнәрсе болмақ емес». Бұл – мұғалімге, оның ұлы мәртебелі ісіне жаңаша, прогрессивті көзқарас. Ұстаз әр уақытта да беделді, белсенді шәкірттерге адамгершілік қасиеттің үлгісін көрсетуі әрі білімді, еңбексүйгіш болуы керек. Оның ойынша, адам ақылының, «барлық адамды барлық нәрсеге үйрететін» адамгершіліктің шыңдалатын шеберханасы, оқушылардың «адамгершілігін», «ақылын» тәрбиелеудегі білім мен оқытуды ұйымдастыратын орталық — мектеп [33].

Ағылшын философы, педагогі Дж.Локктың (1632-1704 ж.ж.) ойынша, тәрбиелеудің басты мақсаты – арасатты, есті және барлық жамандықтардан балаларды сақтайтын, қамқорлық жасай алатын дана, ақылгөй тәрбиеші дайындау. «Үлкен ұстамдылықты, сабырлықты, нәзіктіктілікті, ынталылық пен қайырымдылықты қажет етеді» деген пікірді ұстанған Джон Локк тәрбиеде оң нәтижеге жету үшін баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеру және мінез-құлқындағы жағымсыз қылықтармен күресу қажеттігіне тоқталды [34].

Француз ағартушысы Ж.Ж.Руссо (1712-1778 ж.ж.) баланың табиғи жетілуін жақтады, оның қызығушылығын, еліктеушілігін, дарындылығын табиғи тұрғыда зерттеп, тәрбиедегі қаталдықты (ұрып соғу, зомбылық) сүйіспеншілікпен ұштастыруды ұйғарды. Ол баланың айналадағы ортаға, өмірге ерекше білім құмарлығының болуын, оның өсуін, дамуын ұдайы мұғалім бақылап отыру тәсілдерін ұсынды. Тәрбие нәтижесі білімді меңгеру үдерісінен туындайтынын атап көрсетті. Қолөнермен айналысу, пайдалы заттарды жасау, қоғамға пайдалы еңбекпен айналысу таза, адал еңбек жалғасы екендігіне көңіл аударды [33].

Швейцария педагог-гуманисі И.Г.Песталоцци (1746-1827 ж.ж.) оқыту кезінде «баланың жүрегін жылытуға, ойын дамытуға» ұмтылды, балалардың адамгершілік мінез-құлықтарына әсер етуде моральдық өсиеттерді айтумен шектелмей, балалардың бойында моральдық сезімдерді дамыту, адамгершілік бейімділіктерді қалыптастырудың қажеттігіне тоқталды. Оның ойынша, тәрбиенің негізгі міндеті – адамды жан-жақты және үйлесімді дамыту, сонымен қатар балалардың адамгершілік күш-жігері мектепте іске асуға тиіс.

Песталоцци мұғалімнің рөліне ерекше мән берді. Мұғалімнің тек қана білімін балаларға беруде қызметі мен жауапкершілігі жоғары, ол баланы сүйе білуі тиіс, өзін балалардың анасы ретінде сезініп, оларды тәрбиелеу және дамытуға міндеттенеді [35].   

Неміс педагогі А.Дистервег (1790-1866 ж.ж.) «Ұстаздың сана-сезімі» мақаласында «педагогтың қызметі және оның мамандығы оған белгілі бір таңба қалдырады, оның дүниетанымын және адамдарға деген қатынасын дамытады, одан бір ерекше тұлға қалыптастырады» деген. Ол бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлауды жақсарту үшін күресті, жалпы адамға және халыққа деген сүйіспеншілік бала тәрбиесінде ұштасып жатуы қажет деп көрсетті. Оның ойынша, мектептің мақсаты — азаматтарды саналы адамгершілік рухта тәрбиелеу. [36].             

Педагогтің кәсіби мінез-құлық қалпына А.И.Герцен, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов сияқты ХІХ ғғ. прогрессшіл орыс демократтары да өз үлестерін қосқан.

А.И.Герцен (1812-1870) ерекше табандылықпен оқытудың қарапайымдылығын және түсініктілігін жақтады, бұл педагогикалық шеберліктің өте қажетті жағы деп есептеді. Герцен басқа әдістерге қарағанда мұғалімнің ауызша баяндауының тиімділігін, артықшылығын айтып, оның терең білімді қамтамасыз етуге, оқушылардың ойлау белсенділігін оятуда әсері мол екендігін ескерткен. Оқу-тәрбие үдерісінде мұғалімге өте жоғары талаптар қойды [33].

Н.Г.Чернышевский (1828-1889 жж.) «жеке тұлғаның дамуы және қалыптасуында өмір жағдайы, қоршаған орта және тәрбие басты рөл атқарады, сонымен қатар адам жақсы немесе жаман азамат болып тумайды, жағдайға немесе алған тәрбиесіне байланысты қалыптасады» деп түсіндірді. Ол жалпы білім берудің төрт негізгі бөлімін тәрбиенің жалпы мақсатына қарай бөліп көрсетті: ақыл-ой, адамгершілік, дене және эстетикалық тәрбие, оның ішінде жетекші орынды шәкірттерді табиғат және қоғам туралы терең және жан-жақты білім негіздерімен қаруландыру мақсатын қоятын ақыл-ой тәрбиесіне берді. Адамгершілік тәрбиесінің міндетіне оқушыларда жағымды сезімдер мен ұмтылыстарды, барлық жақсылық пен әдемілікке күшті сүйіспеншілікпен қарауды игертуді жатқызды. Адамгершілік тәрбиесін Отанына және халқына сүйіспеншілік, адамға, еңбек адамына құрметпен қарау, еңбекті бағалау және алдына мақсаттар қоя білу қабілеттілігімен байланыстырды [25].

Н.А.Добролюбовтың (1836-1861 ж.ж.) ойынша, ұстаз парызы «беделді, адамгершілік тұрғысынан адал, балаларға деген сүйіспеншілігімен қатар, олардың жеке мүдделерін құрметтеуде». Ол шәкірт сенімін қалыптастыруда ақыл-ой білімімен қатар, адамгершілік тәрбиесіне ерекше мән берді, негізгі адамгершілік қасиеттерге патриотизм, гуманизм, еңбекке сүйіспеншілікпен қарау, табандылық, турашылдық және т.б. қасиеттерді жатқызды. Оқушылар арасында саналы тәртіп қалыптастыру үшін Н.А.Добролюбов төмендегілерді атап көрсетті: мұғалімнің шәкірттерге ерекше қамқоршы болуы, көңіл бөлуі, оқушыларды дер кезінде міндеттерімен таныстыруы, мұғалімнің оқушыларға қойған талаптарын, табандылық және бірізділік, кішіпейілділік пен қамқорлық қатынастардың ұштасуын қамтамасыз етуі, оқушылардың тәртіпті орнатуға ынталылығы [25].

Этика мен деонтологияның дамуына маңызды үлес қосқан К.Д.Ушинскийдің, П.П.Блонскийдің, Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің, А.Құнанбаевтың, А.С.Макаренконың, В.А.Сухомлинскийдің және т.б. еңбектері педагогикалық деонтологияның теориялық негіздерін салуға септігін тигізді.

К.Д.Ушинский (1824-1870 ж.ж.) өмірмен, қазіргі кезеңмен байланысты дұрыс ұйымдастырылған мектепте өз халқын шын сүйетін және оның дамуы туралы қамқорлық жасайтын мұғалім рөлін жоғары бағалады. Оқыту мен тәрбие үдерісін мұғалімнің жеке басының жігерлендіретін ықпалынсыз елестету мүмкін емес. “Тәрбиеде барлығы да тәрбиешінің жеке басына негізделуі тиіс... Ешқандай жарғы және бағдарлама, ешқандай оқу орнының жасанды орталығы, қаншалықты жетілдірілгенмен, тәрбие ісінде жеке адамды алмастыра алмақ емес. Тәрбиешінің тәрбиеленушіге тікелей әсерінсіз мінез-құлыққа сіңерліктей шын тәрбие беру мүмкін емес”.


Мұғалімнің жеке басы - бұл ешнәрсемен айырбастауға болмайтын жас баланың жаны үшін жасалған күн көзінің жарқын сәулесі. Осындай “күн көзінің жарқын сәулесі” болуы үшін педагог нақты белгіленген жалпы және педагогикалық таным меңгеруі қажет, соның негізінде қалыптасқан берік педагогикалық сенімдермен қаруланған болуы керек. Осындай сенімсіз нағыз тәрбиеші болмай, қарапайым шенеунік деңгейінде қалады. Бұл жөнінде К.Д.Ушинский келесі пікір білдірді: «мұғалімде педагогика және психология саласында білімі, теориялық тәжірибесі болу керек. Бірақ оған тек қана терең білімі жеткіліксіз. Сенімі қатал, терең және жүйелі адам болу керек. Шығармашылық шабытта сенімсіз жұмыс істеуге мүмкін емес. Адамзатты тәрбиелеуге басты жол сендіру және сендіруді тек қана сендіру арқылы жүргізу керек. Тәрбиелеуші сендірусіз қандай да тәрбиелеу әдістері жақсы болса да, шындығында ешқандай күші жоқ, өлі күйінде қалады» [37].

Педагогикалық деонтологияның пайда болу тарихында П.П.Блонскийдің (1884-1941жж.) ойлары өте маңызды. Ол тарихи ұстанымдарды мектептің өмірімен сәйкестендіруді, оқытудың өндірістік еңбекпен үндестігін, оқыту мен тәрбиенің өзара сабақтастығын маңызды жеке тұлғаны жан-жақты әрі үйлесімді дамыту ұстанымы ретінде көрсетті.

Қазақтың көрнекті ғалымы, тарихшы, этнограф және ағартушы Ш.Уәлиханов (1835-1865 ж.ж.) ұстаз «білімі мол, адамгершіл, әсерленгіш, оқушыларға жақсы өнеге көрсететін және өз елінің патриоты» болуы тиіс деп тұжырымдаған [39].

Бұл көзқарасты қазақтың ірі педагог-ағартушысы Ы.Алтынсариннің (1841-1889 ж.ж.) пайымдаулары толықтырды: «Жаңа салынғалы жатқан ғимараттың құндылығы іргетасының беріктігіне байланысты болса, қазақ мектептерінің болашағы ұстазға байланысты». Ұстаз тұлғасына мол үміт артып, қазақ педагог-ағартушысы былай деп жазған: «Халық мектептері үшін ең керектісі - оқытушы. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы өкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілген инспекторлар бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды. Сондықтан да мен жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін» [40].

Ш.Уәлиханов пен Ы.Алтынсариннің көзқарастарымен қазақтың ақыны, философы Абай Құнанбаевтың (1845-1904 ж.ж.) көзқарасы үндес. Оның айтуынша: «Ұстаз дегеннің өзі - биік атауға тең». «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз!» деп, ұстаздың өзі адами құндылықтарды терең сіңірген, рухани жаны таза адам, қазіргі заман талабына сай өскелең ұрпақты білімді, мәдениетті, ұшқыр ойлы, халқының салт-дәстүрін дәстүрлей білетін, туған Отанын, жан-тәнімен сүйетін азамат дәрежесіне тәрбиелеуді мақсат ететін маман иесі болуы керек деген талап қойған.

Ойшыл Абай: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегін кетпес далаға. ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп айтқандай, мұғалім үшін кәсіби шеберлікке жету, өз мамандығының данышпаны болу бір күнде пайда болатын дүние еместігін біз жақсы түсінеміз, әрине, өмір бойы ізденушілікті, зерттеушілікті талап ететін мамандық екенін анық аңғарғанда ғана толық нәтижеге жетуге болады. Мұғалімнің әрбір сөзі, ісі, қимылы, киіну мәнері, аяқ алысы, жүрісі, көзқарасы психологиялық және ізгілік тұрғысынан шәкірт жүрегінен үлкен орын алады. Әрбір ұстаз оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруда мол білімділікті, ақылдылықты, дұрыс іскерліктер мен дағдыларды қолдануы тиіс.

Ал Ә.Сәтбаевтың ойынша, «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді...» [42].

Ұстаздар өзінің қоғамдағы әлеуметтік мәртебесін жете түсінуі тиіс. Бұл жөнінде С.Көбеев «Кейбір педагогикалық мәселелер» атты мақаласында: «Оқытушы әлеуметтік әділеттіліктің, адамгершіліктің жаршысы болуға тиіс» деген [39].

Педагогикалық деонтологияның ғылым ретінде дамуына В.А.Сухомлинскийдің (1918-1970 ж.ж.) педагогикалық ойлары да әсер етті. Ол «Мектептің жас директорымен әңгіме» еңбегінде былай деп жазды: «Егер педагогикалық еңбек мұғалімге қуаныш әкелсін десеңіз, егер күнбе-күнгі өткізілген сабақтар жалықтыратын, бірсарынды қайталанып отыратын жұмысқа айналмасын десеңіз, әрбір мұғалімді зерттеудің бақытты жолына жетелеңіз». Бүкіл әлемге ерекше танымал болған В.А.Сухомлинскийдің «Балаға жүрек жылуы» еңбегінде: «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады» деп, ол балаларды үйлесімді дамытуға бағытталған тәрбиешінің жұмысының жемісті болуы әрбір баланың рухани өмірі мен даму ерекшеліктерін терең білгенде ғана мүмкін екендігін айқындайды [45].

Қазіргі заман ғалымдары дәл осы пікірді ұстанады. Мысалы, С.Соловейчик (1930 ж.) «Педагогика теориясын қаншама жетік білгенмен, педагогикалық әдептің қыр-сырын меңгермейінше, бұған оның қолы жетпейтіндігін» айтады. Оның ойынша, «педагогикалық шеберлік – тек қана мұғалімнің жалпы, жан-жақты және әдістемелік сауаттылығы ғана емес, ол – әр сөзді оқушыларға жеткізе білу, олардың толық қабыл алуы. Мұғалім әр сөзін дұрыс сөйлеп, нық айтуы тиіс, оның жүріс-тұрысы, қозғалысы, отырып–тұруы оқушыларға ерсі болмайтындай дәрежеде болуы керек»[46].

Мұғалім жалпы білім беретін мектептерде жас ұрпақты оқытып, оларды тәрбиелеу қызметін атқаратын маман. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Жоғарыда сипатталған тұжырымдамалар ұстаз тұлғасына қойылатын заманауи талаптарға сәйкестігін көрсетеді. Бұған дәлел ретінде бірнеше мысал келтірейік.

Орта ғасырлық мектептерде тәрбиелеу үдерісінде дiннiң ерекше рөл атқарғанын байқауға болады. Дiннiң уағыздауы бойынша адамды алдағы келетiн «о дүниелiк» өмiрге дайындау мәселесiне мән берiлдi. Шiркеу қызметкерлерi антикалық дәуiрдегi әдеби және ғылыми мұраларды жоққа шығарып, оны таратушыларды аяусыз жазалап отырды. Мысалы, VI ғасырдың соңында Папа Григорий I шәкiрттерiн латын грамматикасына үйреткен епископты жазалауға үкiм шығарған. Жалпы, орта ғасырдағы оқу жүйесi догмалық жағдайда болды, мағынасын түсiнбей жаттап алу жиi кездестi. Оқылатын материал шындықтан алыс, бұлдыр тiлде берiлдi. Сондай-ақ бiлiмдi жеткiзу сұрақ-жауап түрiнде жүзеге асты. Оқытудың мұндай жағдайында танымдық iзденiмпаздық туралы сөз қозғауға болмайтыны белгiлi. Оқытудың мұндай догмалық жүйесi шәкiрттiң жалпы дамуын тежеп қана қоймай, олардың танымдық әрекетiне балта шапты. Бұл жүйе бiрнеше ғасырға созылды. Батыс Еуропа мектептерінде оқыту өте қиын, әрі ұзақ болды. Балаларды үлгермегені және аз-кем тәртіпті бұзғаны үшін шәкірттерді өте ауыр дене жазасын беріп отырды [33].

Сонымен, педагогиканың көптен бері топталып айтылып келе жатқан этикалық мәселелерi қазіргі заман талаптарына сай педагогикалық деонтология деп қайта жаңғырып, жаңа мазмұндалуына себеп жағдайларды атап айтсақ:



біріншіден, баланың жан дүниесiне зиян келтiрмей әсер ету тақырыбына арналған көптеген ғылыми, ғылыми-публицистикалық еңбектер педагогикалық деонтологияның «Зиян келтірме!» ұстанымының көкейтестілігі күннен күнге артқанын дәлелдейді;

екiншiден, педагогикалық деонтологияға қазiргi кезде асыра көнiл бөлiнуiне себепкер болған, көкейтестілігін түсiндiретiн төмендегідей әлеуметтік жағдайлар:



  • заманымыздағы болып жатқан көп өзгерiстердiң iшiнде адамның денсаулығына деген назардың өсуі. Әсіресе, баланың жан саулығына, тән саулығына деген көзге түсер қоғамдағы бетбұрыс. Денсаулықтың арқауы - салауатты өмiр салты дер болсақ, ол өзі – адам бойындағы күнделiктi тыныс тiршiлiгiнен байқалатын ақыл-ой парасаты, сезiм, қимыл-қозғалысы, жүрiс-тұрысы, мiнез-құлқы сияқты тағы басқа жоғары деңгейдегi саналы қасиеттi көрсететiн тұлғаның өмiр сүру үрдісінің көркем бейнесi. Олай болса, мұғалiмнiң кәсiби сауаттылығына, жалпы салауаттылығына, оның қарым-қатынас құру мәнерiне өзiнiң және оқушының денсаулығы тәуелдi екендiгi күмән тудырмайды;

  • өмiр шарттарының өзгеруіне, құндылықтардың ауысуына байланысты мемлекеттiң, әлеуметтiң, ата-ананың мектепке, мұғалiмге қоятын талабының жоғарылауы;

  • халықтың ақпараттану мүмкiншiлiгiнiң өсуiнде. Заман талабы бойынша жарық көрiп жатқан ғылыми еңбектер, iзгiлiктi жұмыс iстеп жатқан әртүрлi оқу орындары, ондағы ұстаздардың парыздарын өнегелi еңбек ету арқылы өтеуi туралы радиохабарлар, телекөрiнiстер, газет, журнал бетiндегi мақалалар бiлiм беру сапасына деген белгiлi бiр жоғары сұраныс қалыптасуына жетелейдi. Мұғалiмдердiң iс-әрекетiндегi деонтологиялық факторлардың рөлiн «керi» ақпардың әсерi де айқын көрсетедi. Мысалы, жалпы бiлiм беру саласындағы, соның iшiндегi жеке мектептер тұрмыс-тiршiлiгiндегi жiберiлген түрлi олқылықтарға байланысты шағым хаттар, сыни мақалалар, радио-телехабарлар өз әсерiн тигізбей қоймайды. Педагогикалық ұжымдағы мұғалiмдердiң балаға деген сезiмталдығы, ақ ниеті, кiшiпейілдiлігi – олардың деонтологиялық мүмкiндіктерiнiң ең маңызды белгiсi. Мұның бар-жоғын халық пiкiрiнен білуге болады. Халық пiкiрi – қай кезде болсын мекеменiң, ұжымның жұмысының нақтылы көрсеткiшi;

үшіншіден, педагогикалық деонтология қағидаларының мазмұны мен қолдану әдiстемесiндегі ерекшелiктерді бiлiм беру саласының әртүрлi нысандарда ескеру қажеттілігі туындайды. Мысалы, балабақша, бастауыш мектеп, орта мектеп және жоғары оқу орындарында заман өзгерiстерiне сай жаңа талаптарды ескеру мүмкінділігі әртүрлі. Сондықтан педагогикалық деонтологияның қолдану нысанына байланысты ерекшелiктерi ескерiлген ғылыми iзденiстердің қажеттігі туындайды.

Сонымен соңғы кезде айқын көрiнiс беретін бiлiм беру жүйесiндегi құндылықтардың өзгеруі педагогика саласы ғалымдарын педагогикалық әдеп және педагогикалық деонтология мәселелерi жөнiнде тереңнен ойлануға итермеледі. Педагогикалық этика саласында зерттеулер болғанымен, педагогикалық деонтология туралы түбегейлі ғылыми еңбектер жоққа жуық (К. М. Левитан). Дегенмен педагогикалық әдеп пен педагогикалық деонтология жөнiндегi кейбір жұмыстарды талдау барысында төмендегідей көзқарас қалыптасты.

Мысалы, К. М. Левитанның «Основы педагогической деонтологии» деген оқулығына көңiл бөлейiк. Егер бiлiм берудің негiзгi мақсаты жеке тұлғаны қалыптастыру емес, оның дамуына жәрдемдесу болса, онда бала – субъект, деонтологиялық талап бойынша педагог оның құқықтарын өз кәсiби қызметiнде есепке алуы керек. Аталмыш еңбекте педагогикалық деонтологияның өзектілігі баланың құқықтары мен қажеттiлiктерi, тарихи сұраныстар, әлеуметтiк тапсырыстар, сондай-ақ бiлiм саласында болып жатқан күрделі жағдайлармен байланысты екені байқалады. Мысалы, «Қазiргi заманғы әлеуметтiк жағдай мұғалiм алдында оқудың төмен меселдігі және оқушылардың бiлiм сапасының төмендігі, бiлiм мен тәрбие арасындағы алшақтық, рухани мүдделердiң жұтаңдығы секiлдi жаңа, күрделі проблемаларды қояды. Бұл жағдай мектеп мүғалімінің жан-жақты жетiлген тұлғасын талап етедi, өйткенi үнемi өзгермелі кәсiптiк жағдайларда мұғалiмнiң негiзгi «қаруы» – оңтайлы педагогикалық шешiмдердi табуға септiгiн тигiзетiн тұлғалық қасиеттері, оның жалпы кәсiби кемелденуi болып табылады»[47]. Бiлiм беру негiзiнде жатқан үдерістер көп жағдайда әртүрлi ұстанымдағы субъектiлер арасында пайда болатын бағдарлы-мақсаттық және стильдiк сипаттамалармен анықталады. Мұнда бiр тұлғаны екiншi бiр тұлғаның әрекет жасауы арқылы дамыту жүйесі қалыптасқан. Осыған орай бұл еңбекте педагогтың маңызды кәсіби қасиеттерi мен тиiмдi педагогикалық стильдердiң әртүрлi жiктемелерi келтiрiлген. Осы мақсатта К. М. Левитан педагог тұлғасының бiлiм, қабiлет, мiнез бағдарлылығы мен түрлi икемдiлiктері (гностикалық, жобалық, ұйымдастырушылық және т.б.) бойынша ғылыми моделін құрастырып, педагогикалық деонтология педагогтың кәсіби іс-әрекетті нормалаушы фактор ретінде ұсынған. Алайда деонтологиялық ұғымдар жүйесі кеңінен қарастырылмаған, болашақ педагогтардың бойында деонтологиялық нышандарды қалыптастыру тетігіне айтарлықтай көңіл бөлінбеген



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет