20- лекция. Тақырыбы: Қазақ халқының қолөнері дамуының жалпы сипаттамасы.
Жоспар
1.Қол өнердің шығу тарихы.
2.Синкретикалық өнер.
Лекция мақсаты: Студенттерге қазақ қолөнерінің даму ерекшеліктерімен таныстыру.
Лекция мәтіні (қысқаша) 1.Қол өнердің шығу тарихы. Қолөнер дүние жүзінің әр халқында бар. Сонымен қатар әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, тарихи ерекшелігіне және эстетикалық талғамына байланысты өзіндік ерекшелігімен өшпес із қалдырып келеді. Қазіргі кезде қолөнер элементтерін үй интерьерінде, киім сәндеу кезінде, бас киімді әшекейлегенде көп қолданып жүр. Қолөнер – ежелден келе жатқан кәсіп. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Өнер туындыларының иесін шебер деп атаған. Қолөнер шеберлері табиғаттың әсем көріністерін қолөнер бұйымдарында жиі қолданған. Оның орындалу технологиясына да ерекшеліктер еңгізіп отыр. Мысалы, ою-өрнекпен әшекейленген бұйымда қатырма жапсыру, моншақтармен, түрлі түсті тастармен безендіру жиі кездеседі. Неше түрлі жібек, жылтыр люрекс жіптері қолданылады. Дегенмен, көне заманнан келе жатқан қазақ қолөнері өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалған. Сол қолөнердің бір түрі – кесте тігу. Бірақ ерекшелігі – кестені ұсақ моншақпен, кішкене түйме тәріздес долмалақ жылтыр материалмен орындау. Моншақпен тек киімді ғана емес, жаулықтарды, неше түрлі сувенир заттарды кестелеуге, панно тігуге болады. Моншақтардың тесікшелері өте кішкентай болғандықтан, жіңішке ине алған жөн. Жіп моншақпен түстес болу қажет.
Қолөнерде жүнді пайдалану. Қазақ қолөнерінде пайдаланылған негізгі шикізат түрі - жүн. Оның табиғаттық қасиетіне зер салып, тиімділігі мен күнделікті тұрмыста қолайлы жақтарын қарастыра отырып, әдемілік жағына да көңіл бөлінді. Бүгінге дейін дәстүрлі қолөнер түрі – киіз басу. Бұл көне заманнан бері әйгілі. Бұрын киізді қара немесе ақ түсті етіп басқан, соңғы кезде оюлап басу кеңінен тарап кетті. Жүннің пайдалы да, сонымен қатар зиянды жақтары да бар. Жүннен жасалған бұйым, әрине, жылы, төзімді келеді. Ал гигиена тұрғысынан қарағанда – шаң, ауа өткізгіштігі төмен. Қазақ халқы-кең байтақ елімізде қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді дамытушы, жаңғыртып байытушы, ұлттық қолөнердің үздік үлгілерін атадан балаға мұра етуші.Қасиетті қазақ халқының, соның ішінде әйел адамдардың қолдарынан шыққан қолөнер туындыларының тарихы тым тереңде жатыр. Ол кең байтақ жерімізді мекендеген сақ, үйсін, қыпшақ, ғұн тәрізді көне түрік тайпаларының мәдениетінен арқау алады. Және де оған Оңтүстік-Сібір, Орта Азия мен Ресей халықтарының да мәдениеті өз әсерін тигізген. Осындай үнемі жаңғыру үстінде болған қазақ халқының дәстүрлі қолөнерінің даму биігіне көтерілген кезеңі ХІХ ғасырдың 2-жартысы мен ХХ ғасырдың басы.Археологиялық қазбалар мен жазба ескерткіштерге арқа сүйенсек, Қазақстан аймағын мекендеген тайпалар жүздеген жылдар бойы металл, тас, сүйек, саз балшық, ағаш, жүн, тағы басқа да шикізаттарды шаруашылық кәсіптері мен күнделікті тұрмыс қажетіне жарап, қол өнердің өз ұлтына тән ерекше көркем түрлерін қалыптастырған.
2.Синкретикалық өнер. Қазақстан жеріндегі қолөнердің көне заманнан келе жатқанына Павлодар өңіріндегі Досыбай жартасынан табылған бейнелер, Өскемендегі жазбалар мен Ұлытау жартасындағы суреттер, өзіміздің облыс көлеміндегі Лебедевка, Қырықоба обаларында жүргізілген архелогиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған керамикалық қазындылардың беттеріне салынған геометриялық өрнектер нақты айғақ бола алады.Өзге де ғылыми деректерде қазақ даласында болған саяхатшылар қазақ топырағын мекендеген сақтар мен массағаттардың барлық заттардың әшекейленіп, киімдердің өзіне тән үлгісі барын айтады. Ал енді қазақтың ұлттық қолөнерінің таңғажайып туындысы – киіз үй орта ғасыр саяхатшылары Марко Полоны (1230), Плано Карпиниді (1246), қатты таң қалдырып, олардың тарихи жазбаларынан орын алғаны – біз үшін үлкен мақтаныш.Ұлттық қолөнеріміздің баға жетпес байлығы-киіз үй-қолдануға ыңғайлы, тасымалдауға жеңіл, ұлан-байтақ даланың табиғаты мен тұрмысына бейімделген ерекше баспана. Киіз үйдің қаңқасы ағаштан жасалса, ал жабындысы, бау-басқұры, жасау-жабдығы мал шикізатынан, яғни жүннен дайындалған. Демек киіз үйдің ішкі сән-салтанатын келтіретін бұйымдардың барлығы дерлік әйелдердің қолынан шыққан туындылар болып табылады. Киіз үйдің киізіне қарай ақ үй, боз үй, қара үй деп бөлінген. Киіздер ақ, боз қойдың жүнінен басылып, ешкінің қылынан есілген жіппен жиектелген.
Бақылау сұрақтары:
-
Қол өнердің қандай түрлері бар?
-
Қазақ халқында қол өнердің қай саласы кең тараған?
-
Қол өнер саласы қай ғасырдан бастап дами бастады?
21- лекция. Тақырыбы: Қазақ халқы ою-өрнектерінің зерттелу деңгейі.
Жоспар
1.Ою-өрнектердің зерттелу деңгейі.
2.Ою-өрнек жүйесі элементтері.
Лекция мақсаты: Қазіргі уақыттағы ою-өрнек түрлерінің зерттелу деңгейімен студенттерді таныстыру.
Лекция мәтіні (қысқаша) 1.Ою-өрнектердің зерттелу деңгейі. Ежелгі өрнектік элементтердің дамуындағы тарихи деректер, болашақ мамандар үшін, олардың шығармашылық жұмыстарында елеулі орын алады. Өрнектік элементтердің жасалуын, түрленуін, олардың тарихи дамуын зерттеп, тарихи көркемдік әдебиеттермен егжей-тегжейлі жұмыс атқарылуы арқасында құнды тарихи деректер жинақтауға мүмкіндік жасайды.
Өркениеттi қоғам мен тәуелсiз мемлекеттiң гүлдене түсуi өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттiлiгiн, еркiн ойлау мен шығармашылығын, кәсiби бiлiктiлiгi мен бiлiмдiлiгiн талап етедi. Әр халықтың ұлттық мәдениетi дегенiмiз - оның ең бiрiншi қолөнерi. Қазақ халқының сәндiк қолданбалы қолөнерiнiң өсу жолы, өзiне тән даму тарихы бар. Б.з.б. III- II ғасырларда аң стилiндегi өнер бiртiндеп құлдырай бастайды. Аң стилi бiрте-бiрте ою-өрнекке айналады. Оның орнын түстi тастан көз салу, бедерлеу техникасы және басқа да әшекейлеу тәсiлдерi қолданылатын полихромдық деп аталатын стиль басады. Жануарлар дүниесiнiң бейнелерi схемаға айналып, бай полихромдық өрнекке сiңедi де, қолданбалы өнер туындылары шығады.
Б.з.б. VI-IV ғасырлардағы екiншi кезеңде жеке өзi, бiр орында тұрған күйiнде бейнеленген жануарлар бейнелерiнiң орнына құрылымы күрделi, динамизмге толы сюжеттер шығады. Жүрiп келе жатқан аңдардың бедерлi бейнелерi, аңдардың шайқасып жатқан, жыртқыштардың шөп қоректi жануарларды тарпа бас салып жатқан көрiнiстерi бар композциялар көбiрек кездеседi. Бейненiң қозғалыста екендiгiн көрсетудiң басқа да техникалық әдiстерi: қисық, сызықтар жүйесi, жануарлардың дене мүшелерiн бұрамалар, шырмауықтар, орамалар, үш бұрыштар, жақшалар және т.б. бейнелер қолданылады. Бұл өнер дайын күйiнде сырттан бiр жақтан әкелiнген жоқ, сақ мәдениетiнiң негiзiнде туды. Ою өрнектiк полихромияның кейбiр әдiстерi б.з.б. VII-VI ғасырларда-ақ жетiле бастады. Сақтардың қолданбалы өнерiнiң маңызды түрi ою-өрнек болды, ол аң стилi өнерiмен қатар, онымен өзара байланыста дамыды. Солардан бiзге жеткен қолданбалы өнерiнiң бiрнеше түрiн: геометриялық, өсiмдiк тектес, зооморфтық, символдық түрлерiн бөлiп көрсетуге болады. Сонымен қатар сақтардың қолданбалы өнерiнiң маңызды түрi ою-өрнек болды, ол аң стилi өнерiмен қатар, онымен өзара байланысты дамыды. Алайда көркемдiк металға қарағанда ою-өрнек салынатын органикалық негiз (терi, киiз, ағаш, жүн, маталар) тез шiридi. Сондықтан да ою-өрнек творчествосының кейбiр үлгiлерi тек ерекше қолайлы жағдайларда ғана, мәселен, оба томында сақталған, оның iшiнде бұл үлгiлер Алтайдың Пазырық қабiрлерiнен табылған.
1.2 Қазақ ұлттық ою өрнектерінің класификациясы. Ата-бабамыздың бай мәдени мұрасының тарихын білмей, жаңа өмiрдiң талабына лайық жауап беретiн туынды жасау мүмкiн емес. Жаңа туындының тамыры көне дүние тарихымен неғұрлым терең астасқан сайын оның өрбiп, жапырақтың бұтақтары да жаңа заманның рухынан нәр алып, сол ортаның идеологиялық және рухани ата-бабадан қалған мәдени мол мұраларынан нәр алып, жаңа өмiрдiң жаңа талабына сай жаңаша жырлауы керек. Қай мамандықтың зерттеушiсi болмасын, ескi тарихи мұралардың негiзiне сүйенбесе, оның еңбегi де, туындылары iргетассыз салынған үймен тең, ондай туындының өмiрi ұзақ болуы мүмкiн емес. Бұл жағдай мамандықтың қай саласы болмасын, барлығына бiрдей қойылатын қатаң да заңды талап. Бұл талапты мүлтiксiз орындау–мамандарымыздың баршасының қасиеттi борышы болса керек.
Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнерінің түрлері де, атаулары да жетерлік. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарағаны - ою-өрнек. Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнердің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді.
Ою деген сөз бен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Өрнек дегеініміз әр түрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшкейлердің ортақ атауы іспеттес. Сондықтан көбінесе ою-өрнек деп қосарланып айтыла береді.
Ою-өрнектің біздің заманымыздың мыңдаған жылдар бұрынғы халықтарда да соншалық ескі дәуірден бері келе жатқан халықтық өнердің бір түрі болып саналады. Қазіргі шеберлердің іс үлгілерін зерттеу нәтижесінде анықталған ою-өрнектердің 200-ден астам түрі бар. Өрнектердің шығу тарихы, адам өмірімен, тұрмысымен байланысты екенін көрсете келе олардың даму ерекшелігін, дәуірдің, адам баласының сана-сезіміне қарай өрнектің таңба, элементтердің дамуы мен өркендеу ерекшелігін байқауға болады.
Ою-өрнектің дамуы, сонымен қатар дәуірдің даму тарихына қарай сәулет өнеріндегі стильдік сипатқа ие болды. Архитектура-дағы өрнектердің сипаты дәуірге байланысты сипат алса, барлық сол кездегі бейнелеу өнерінің түрлері соған байланысты дамып, стильдік бағытта орын алады.
Өрнектік элементтердің түрленуі оның тарихи дамуға байланысты екенін, өрнектік сипатқа талдау барысында анықталды. Ою-өрнек элементтерінің айырмашылықтары олардың адам өміріндегі тарихи дамуына, кәсібіне, ортасына байланысты.
Ою-өрнектің бірінші тобы - жан-жануарлар әлемінен алынған топ. Қазақ-ежелгі көшпелі халық. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Сондықтан оның дүние танымында малға көп орын берілген. Өмірлік мүдде мен қоршаған орта қазақтың оюы мен кестесінен орын алған. Оюларда түйе, жылқы, бүркіт, сұңқар, бөрімен басқалары кейде тұтас тұлғасымен кездессе, кейде олардың белгілі бір бөліктері-мүйізі, табаны, өркеші, тұмсығы, ізі, құйрығы кездесетін болған.
“Қошқар мүйіз”-қазақ дәстүрінде ең көп ұшырасатын ою. Ежелден қой баққан халықтың қошқар мүйіз оюға деген ықыласы бөлек болған. “Қос мүйіз”, “қыңыр мүйіз”,”бұғы мүйіз” атты оюлар тұрмыста көп пайдаланылған.
Көнеден келе жатқан өрнектің келесі тобы - ғарыш сипатты (космогониялық) оюлар. Қазақ қашан да қияли жүйрік халық. Қазақтар ежелгі заманда-ақ ғарыш сырын ұғуға тырысқан. Өз қиялдарын тұрмысындағы заттарды жасауға немесе безендіруге пайдаланылған. Аспаннан жерге жеткендей әсер береді. Зооморфтық ою-өрнек аң стилiнiң көптеген сюжеттерiне негiзделдi. Мұнда хайуандардың, дала қыранының бастарын, текелердiң, бұланның, бұғының мүйiздерiн схемалық түрде бейнелеу көп тараған әдiс болды. Қайсiбiр затта бiрнеше ою-өрнек сарындарының араласып келуi де жиi ұшырасады.
Ғарыштық сипаттағы өрнектер арасындағы, алдымен Күннің жөні бөлек. Сондай-ақ түнгі аспаннан да талай ою алынған. Небір аңыздарға арқау болған. Құс жолына қарап “шимай” және ”бітпес” деген өрнектер жасалынды. ”Айшық”, “Ай гүл” деген өрнектер түнгі аспанның басты тұлғасы негізінде дүниеге келген. “Ай гүл” қазақ тарихындағы алғашқы өрнектердің бірі болған, оған негіз бар.
«Күн» ою-өрнегі Күнді меңзейді. Күн, Ай, аспан бейнеленген тұмарлар қасиетті деп саналған, себебі, діни ұғымда бұлардың магиялық күші бар деп сенген. «Күн», «күн-көзі», «күнсәулесі», «шыққанкүн» оюлары кілемнің, тұскиіздің дәл ортасына салынады, сол сияқты бұл өрнек кесте тоқуда немесе ағаштан, сүйектен ойылған заттарды бедерлеуде, ат-әбзелдерін әрлеуде қолданылады.
Қазақ ою-өрнектерінде кейде түзу, қисық, кейде доға сызықтар көптеп кездеседі. Бұл топқа жататын оюлар мен өрнектер киім безендіруде молынан кездеседі. Кейде өзен, аққан су сияқты ирек кестелер кездеседі. Оны қазақтар тоқтаусыз, қозғалыстағы үзілмес өмір белгісіндей қабылдайды. Мұндай өрнектер көрнекі жерге-киім өңірлеріне түсіріледі. Толқын тәріздес таусылмас өрнектер күрделі жануарлар немесе аспан әлемінен алынған өрнектердің екі шетін қаусырып тұру үшін таптырмайды. Сондай-ақ “сүйір”, “ирек”, “балдақ”, “қармақ”, “тұмарша” тәрізді атаулар оюларды киім безендіруге пайдаланбаған. Олар алаша, ши, басқұр, текемет және басқа тұрмыстық заттар үшін таптырмас безендіру үлгілері.
Ою-өрнектің төртінші үлкен тобы - өсімдік тектес оюлар. Қазақ ежелден табиғатты аялаған. Табиғаттан өзіне пана тапқан. Қазақ ою - өрнегі - ғасырлар бойы дамып келе жатқан өнер туындысы. Ою- өрнек өнері – қазақ халқының ауыз әдебиеті секілді мәдени шежіре. Халқымыздың қай қолөнер саласын алсақ та, ою-өрнектер өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, белгілі бір тәртіппен орналасқанын көреміз. Олардың ежелден келе жатқан нұсқаларында элементтер құстың, гүлдің, жануарлардың түрін тұспалдап тұратыны белгілі.
Ою-өрнектерде, бояу түсі мен мәнерінің тепе-теңдік принципінің берік сақталып келуі негізгі ерекшелік болып саналады. Қазақтың ою-өрнектеріндегі бояу композициясының тереңдігі, көркемдігі мен оның белгілі бір идея әуенінен туындайтындығы - бұл өнердің эстетикалық әсерлілігін байыта түседі. Бояу түсінің құнарлығы, қайталануы, назар аударарлығы көп жағдайда қазақ ән-күйіне бір сарындас болып келеді. Сайып келгенде бояу үндестігі, бояу шешімі ою-өрнек өнерінде адамға идеялық және эмоциялық жағынан мықты әсер ететін негізгі арқау болып табылады.
Әр халықтың өнерінде бояу түсі әр қалай бағаланады. Қазақ ою-өрнек өнерінде ақ түс көбірек қолданылады. “Ақ” түс– шындық, қуаныш, бақыттың нышаны. Сол сияқты қазақтардың ұғымында басқа бояу түстерінің де орны айрықша. Мысалы, “көк” - аспанның, аспанға табынудың, “қызыл”- оттың, “сары” - айырылысудың, “қара” - жердің, “жасыл” - көктемнің, жастықтың, символы. Бұдан, түр-түс ою-өрнек өнеріңде күрделі рол атқаратын, ондағы ойды бейнелеу арқылы болмыс пен шындықты көрсетуде өзіндік шешім табатынын байқаймыз.
Көне түркілердің түсінігі бойынша, құс - көктің, балық -судың, ағаш-жердің белгісі. Сол қазақ ою-өрнегінің мақұлық аты, нәубет аты, ғарыш аты, тіке сызықты нышандық, танымдық т.б. сарындарының мазмұнын байыта түсті. Халқымыздың ғысырлар бойы мұра болып келе жатқан мәліметтерге сүйенсек, шеберлер өздерінің қолөнер туындыларына табиғаттан алынған бейнені дәлме-дәл түсіруге ұмтылған.
Өнер шығармаларында түрлі түс жағынан болсын, бейнелеу жағынан болсын екі нәрсе қатар, яғни қарама-қарсы келгенде арасындағы айырмашылық көзге көбірек түседі. Мысалы, биік пен аласа, көрікті мен көріксіз, жарық пен көлеңке т.б. қатар келгенде, араларындағы айырмасын анық байқаймыз. Мұндай көріністі бейнелеу қарама-қарсылық деп те атайды. Кейде композициямызда түстерде бір-біріне бірігіп қарама- қарсылық үйлесімін тауып тұрады.
Түрлі түстердің байлығы, сөздің ою-өрнегі ғана емес, халықтың бүкіл тарих бойына, санасына ұялаған дүниетаным түйсігі, ұғым нанымы жатыр. Түстердің терең тылсымын, оның құпия сырларын түсінуге, бағдарлауға талаптану қажет. Көркем шығармада түрлі түстерді қолдану тәсілдері мен түстердің арақатынасын анықтап алу керек. Көркем шығарманың құрылымына енген кезде, шығарманың бейнелейтін ойдың мазмұнына сай, көркем-образдық мазмұнына сай, көркем өзгерістерге ұшырау заңдылықтарын анықтау мен көркем түстердің өзара үйлесімділігіне байланысты, белгілі бір стильдік жүйеге тән ерекшеліктерін аша білу керек.
2.Ою-өрнек жүйесі элементтері. Қазақ ұлттық ою-өрнектерінің танымдық мәні. Ел әдетін, этнографиясын білген адамға мұндай өрнектердің бұйымдық ұғымын және олардың неліктен бұлай аталатындығын пайымдау қиын емес. Халқымыздың шиге, алашаға, кілемге салатын «омыртқа» өрнегі Ғ.Иляевтің кілем, түскиіз, терме-алашаға арнап жасаған өрнегі. Өрнек кілең «сынық мүйіз» өрнегінің элементтерінен құрылған. Сонымен қатар, өрнекте ұлы жүз қазақтардың рулық белгісі болған «тарақтаңба» да көрініп тұрады. «Омыртқа» өрнегін малдың кепкен жалпақ омыртқасының сүресін есіне түсіре алмаған кісінің түсінуі қиын. Сол сияқты жалпы атауы мүйіз (қойдың, арқардың, бұғының) ұғымынан алынған әр түрлі және көп тармақты өрнектер де неше иіріліп, әр түрлі тармақталып, бір сюжетті тұспалдап тұрады. Мысалы, «қошқар мүйіз» өрнегі ерте заманда бір түрде жасалып, бара-бара әдеміленіп келіп, екінші түрге ауысқан. Бірақ оның бастапқы затқа ұқсастығынан гөрі әдемілігі, әшекейлігі басымдана түскен. Мысал ретінде көне заманның айбалталарын алайық. Айбалтадағы екі мүйіз тек әдемілік үшін ғана жасалған өрнек. Ал балта жүзінің өзі де жарты ай бейнесін меңзеп тұр. Айта кетерлік бір жай осы сияқты мүйіздеп әшекейлеу арқылы жасалатын өрнектер қазақтан басқа елдерде де көп кездесе береді. Қырғыз, өзбек, армян, әзербайжан, түрікмен, украин, молдавандарда және тағы басқа елдерде кездеседі. Әрине әр елдің салттық ұғымдарына, дәстүрлеріне байланысты олар әр алуан болып келеді. Демек, халықтар арасында бірінен бірі үлгі алу, өнеге ауысу ертеден –ақ жақсы дәстүр болған деген ойымызды бұл жайлар тағы да дәлелдей түседі. Ал шырмауық, шытырман, гүл, жапырақ және геометриялық фигуралар тектес өрнектер барлық халықтарға ортақ. Мүйіз ою-мүйіз тәрізді өрнектелгендіктен мүйіз аталуы сөзсіз. Түскиіздің шетіне көбнесе қолтықшасына өрнектеледі. Жерге төселетін текеметке ұдайы осы ою салынып қолтық деп аталады. Мұнысы, хош келдіңіз, өз үйіңіздей көріп, жантая отырып дем алыңыз деген қонақжайлық белгісі. Омыртқа- мал шаруашылығымен тығыз байланысты туған, малдың дене мүшесіне қатысты өрнек. Бұл ою-қайраттылықтың ерліктің белгісі. Ер адамның, батырдың киімінің, кейде құрлардың шетіне салынады.
Тау оюы- қолөнер бұйымдарының жиектеріне салынады, мәңгіліктің, күш құдіреттің символы. Қариялардың деп бата беруіде тектен тек емес.
Гүл оюларының өзінде де халықтың дана ойы жататынын мынадын байқаймыз: гүл мен гүл түйнегінің айқаса бірігіп салынуы-бірлікті, елдің ынтымақты болуын мегзейді.
“Тасбақа оюы”-мәңгіліктің символы. Бейіт басындағы сынтастар көбнесе тасбақа бейнесіндегі тасқа қашап орнатылады. Бұл оюбатырдың, ханның киіміне, жауырынына, қалқанына салынатын болған.
Халықтың рухани өмірі: ұлттық салт-дәстүрлер, наным-сенімдерге байланысты оюлар-Мысалы, қазақ халқының ерте кезден бергіәдет-ғұрпы, салты бойынша, бөтен жерге, алыс ауылға күйеуге ұзатылатын қыз баланың белгілі бір уақыттан кейін төркін жағына сәлемдеме жіберу дәстүрі болған. Сәлемдемеге жас келіншек өзінің күйеугешыққаннанкейінгі тұрмыс жағдайын ою-өрнекпен бейнелеп жіберуі шарт. Осы салт бойынша тұрмысқа шыққан қыздың үйіне жіберген сәлемдемесінде алақандай жарғақ, оның бетіне бойы сорайған ұзын және өте жіңішке, әрі арық адам бейнесі кестеленіп салынған және оның жанында тұрған дөп-дөңгелек адам тұрпаты бейнеленген. Бұл сәлемдемеде қыздың ата-анасы жат-жұртқа ұзатылған баласының “отырса опақ, тұрса сопақ” болған мүшкіл халін түсінген.Ал басқа ретте күйеуге ұзатылған қыздан “құсмұрын” бейнесі салынған сәлемдеме келсе, ата-анасы одан баласының барған жерінде құстай ерікті, басы бостандықта, жағдайы жақсы екенін ұғатын болған.
Итқұйрық- иттің құйрығы тәрізді ою. Бұл өрнек ауыларалық белгісі (символы). Кебеже, қоржын бетіне, тақыр кілемге салынады.
Түйетабан оюы- алыс сапар нышаны(символы). Көштегі түие жабуына, жібек жол сауда заманында саудагерлердің шапанына салынған.
Қазақ халқының қолөнер шебері ою-өрнек өнерінде нағыз сынға түседі, яғни қолөнер шеберінің таразысы-ою-өрнек өнері.
Қазіргі заман талабына сай сәндік қолданбалы өнер саласында ою-өрнектің алатын орны мен маңызы ерекше. Көркемдік өнер заттары мен бұйымдарының барлығы ою-өрнекпен әшекейленіп, өзінің сәндік, көркемдік мағынасына, түріне, сипатына ие бола алады.
Өсiмдiк тектес ою-өрнектерінде көне жергiлiктi дәстүрлерi жоқ. Оның басты-басты әуендерi қатарында лотостың түйiндерi мен гүлдерi шырмауық өсiмдiктерiнiң өрмесi, гүл тiзбегi үш салалы жапырақтар түрiнде болды. Кейбiр ою-өрнек әуендерi, мәселен лотос Ежелгi Шығыс өнерiнiң ықпалынан туған.
Символдық ою-өрнектiң негiзгi табиғат күштерi мен аспан шырақтарына сыйынушылықтан туды. Шеңбер, бұрама, айқыш-ұйқыш сызық үлгiсiндегi фигуралар күннiң эмблемасы болды; бұйра толқындар сарыны бұрама ирек түрiндегi қисық сызық белгiлерiмен, S-тәрiздес фигуралармен берiлдi.
Қазақтың ою-өрнек өнерiнде кездесетiн әртүрлi саздағы (мотивтегi) элементтер көп ғасырлар бойы сұрыпталудан өтiп, әр шебердiң өзiнше өзгерiс ендiрудiң арқасында бiр түрден екiншi түрге ауысып отырған. Ою жасаушылардың шығармашылық еңбегiнiң арқасында зооморфты саз өсiмдiктер тектес сазға, геометриялық саздағы элементтер – зооморфты, немесе өсiмдiктер тектес сазға т.с.с. ауысып отырған. Бұл жағдай қазақ ою-өрнек өнерiнде бiрнеше элементтермен-ақ шахматтағыдай мыңдаған түрлi композициялық варианттарды жасауға болатындығының дәлелi.
Қазақ оюларының өрiсi кең, болашағы мол. Ою-өрнектердi шеберлердiң шығармашылық жұмыстарынан, тоқыма бұйымдардан, киiм жиынтықтарынан және т.б. кездестiруге болады. Қазақтың ою-өрнек өнерiн ғылыми негiзде зерттеу iсiмен мамандар көптен берi шұғылданып келедi. Елiмiздiң этнограф-тарихшылары мен өнер зерттеушiлерi дайындаған еңбектерiнде ою-өрнектiң түрлерi, атаулары, шығу тарихы туралы көптеген құнды деректер жинады. Тарихи мұраларды қарастыру нәтижесiнде қазақ оюларының негiзiн құрайтын 200-ден астам ою-элементтерiнiң атаулары анықталған. Көп жағдайда ою элементтерiнiң аты материалдық дүниедегi жан-жануарлардың дене мүсiндерiне қарай, өсiмдiктердiң сабақтары мен жапырақтарының сыртқы бейнелерiне қарай немесе геометриялық фигуралардың жаратылу ерекшелiктерiне қарай аталып келген. Тiптi, олардың арасында аңыз ертегiлерде айтылып жүрген аждаћалардың бейнесiнен бастап бүгiнгi күнгi космосты игеру тақырыбына дейiнгi атаулар мен элементтер де кездеседi.
Сонымен қатар қазақтың ою-өрнек элементтерiнiң керемет икемдiлiк ерекшелiгi де бар. Бiр композицияның iшiнде әртүрлi саздағы бiрнеше элементтер бiр-бiрiмен тұтаса бiрiгiп, бiр бүтiн аяқталған ою композициясын құрайды. Мұндай жағдайда ою сүйегi бiр түстi бояумен боялады да, оюдың элементтерiн бiр-бiрiнен жақсы анықтау үшiн фонды түрлi-түстi бояумен бояйды.
Қазақ ою-өрнегінің өзіне тән даму жолы мен тарихы бар. Ол тарих сонау көне замандардан, сақ, андронов мәдениетінен басталады. Андронов мәдениеті — б.з.б. екі мыңжылдықтың соңғы жартысы мен бір мың жылдықтың басында Батыс Сібір мен Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті. Ал б.з.б. VIII—III ғасырларда сақтар негізінен Оңтүстік Шығыс және Орталық Қазақстан жерлерін мекен еткен. Сақ тайпалары (массагет, яксарт, дай немесе даха, фарат, көмар, асқатағ, исседон, асси немесе аримасып, сармат, каспий және т.б.) туралы құнды тарихи дерек тер ежелгі заманғы грек және парсы тарих-шыларының қолжазбаларын да кездеседі.
Ою-өрнек өнерінің белгілі бір халыққа ғана тән тума ерекшеліктері сол халықтың бейнелеу, әсемдікті қабылдау мәдениетінің басты белгілерімен, ұлттық қолтаңбамен тікелей сабақтасып жатады. Қазақ қол өнерінің ертеректе пайда болғанын Досбай тауларында бейнеленген суреттер, Ұлытаудан табылған керамика ыдыстары дәлел бола алады. Көне дәуірде өмір сүргсн адамдардың тұрмыстық кәсіптерінің бірі- саятшылық болғаны мәлім, оның сан түрлі көріністерін Қаратау жақпарларына салынған суреттерден көруге болады. Ол жартаста арқар, барыс және т.б. хайуанаттарды қолға үйрету көріністері, сондай-ақ түйенің, ешкінің бейнелері, жаяу адамдар мен қолына садақ ұстаған аңшылардың суреттері салынған.
Қола дәуірінде өмір сүрген өнер адамдарының әсемдікке деген құштарлығы жөне олардың танымдық дүниесі осы жартаста бейнелен ген суреттерден сезіледі. Тасқа салынған суреттердің көпшілігі нүктелі техникамен, яғни тас құралмен жартас бетіне ұра отырып, нүкте ретінде бейнеленген, арасында аралас техникамен салынған суреттер де ұшыра сады. Мұның өзі жартас бетіндегі суреттердің түрлі кезеңдерде салын ғанын аңғартады. Тас бетіне нүкте түсіру жолы мен сурет салу сақ заманынан жалғасып келді.
Бақылау сұрақтары:
1.Ою-өрнек қай ғасырдан бастап дами бастады?
2.Қазақ жерінде ою-өрнек түрінің қанша түрі анықталған?
3.Ою-өрнек қанша түрге бөлінеді?
Достарыңызбен бөлісу: |