Дәріс 1.
Кіріспе. Өсімдік шаруашылығы пәнінің маңызы және мәні. Өсімдік шаруашылығы пәніне кіріспе.
1. Өсімдік шаруашылығының пән аралық байланысы
2. Өсімдік шаруашылығы міндеті және халық шаруашылығында алатын орыны
3. Өсімдік шаруашылығындағы зерттеу тәсілдер
4. Қазақстанда тұқымтану және тұқымдық бақылау қызметінің дамуы
Өсімдік шаруашылығы ғылыми пән ретінде XVIII–ғасырдан бастау алады және оның дамуына үлкен үлес қосқан жақын шетел ғалымдары, оның ішінде М.В. Ломоносов (Ресей ғылым академиясында «егіншілік сыныбын» ашқан ғалым), И.И. Комов («Егіншілік жөнінде» атты кітап жазған), ал XIX ғ. басында А.Т. Болотов (топырақ өңдеу, тыңайтқыш енгізу мәселелерін зерттеген, құнды ұсыныстар жасаған) сияқты Ресей ғалымдарын атап өтуге болады. Алайда өсімдік шаруашылығының ғылым ретінде қарқынды зерттеу, ғылыми жетістіктерді жарнамалау мақсатында ірі ғылыми жұмыстар жазу бағытында жемісті еңбектерімен XIX ғасыр мен XX ғ. басында ресейдің ұлы ғалымдары К.А. Тимирязев, И.А. Стебут, Д.Н. Прянишников, Н.И. Вавилов іске асырды.
- К.А.Тимирязев, фотосинтез ілімін жасауда ірі эксперименттік зерттеулер жүргізіп, солардың негізінде әлемге әйгілі «Өсімдіктер тіршілігі» ж.б. классикалық ғылыми еңбектер жазып қалдырған.
- И.А.Стебут, тұңғыш рет танаптық дақылдарды өсіру жөніндегі шашыраңқы материалдарды біріктіріп, ірі-ірі ғылыми еңбектер жазған.
- Д.Н.Прянишников, өсімдіктердің қоректенуі және тыңайтқыштар қолдану мәселелерін (проблемаларын) зерттеген.
- Н.И.Вавилов, өсімдік шаруашылығы, мәдени өсімдіктердің биологиясы, систематикасы (жүйелеуі) және таралу географиясы жағынан баға жетпес құнды үлес қосқан (оның «Мәдени өсімдіктердің дүни
Өсімдік шаруашылығы ауыл шаруашылығы өндірісінің бір саласы. табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, аграрлық- өндірістік кешенде жаңа технологиялар жасау мен өндіріске енгізу жөніндегі ғылыми кепілдемелер негізінде Қазақстан халқын қоректік өнімдермен және еліміздің азық – түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Еліміздің ауыл шаруашылығы өндірісі негізінен екі саланы -өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын біріктіреді. Бұл салаларды қарқынды дамытып қана қоймай, азық-түліктің өзіндік құнын азайтып, аталған салаларда еңбек өнімділігін анағұрлым арттыра отырып, бәсекеге қабілетті өнімдер өндіру күн тәртібінде тұрған мәселердің бірі.
Біздің елімізде өсімдік шаруашылығы ауыл шаруашылығының негізгі саласы ретінде басымдыққа ие. Өсімдік шаруашылығының негізгі құралы –жасыл өсімдіктер, оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдары қоректік заттардың негізгі көзі болып табылады.
Өсімдік шаруашылығының өнеркәсіп өндірісінен айтарлықтай айырмашылығы бар.: басты айырмашылығы-маусымдылық (қалыпты жағдайларда өсімдіктер аязсыз кезеңде ғана өнім беруге қабілетті); өнім мөлшері мен сапасының топырақ-климат жағдайларына тәуелділігі ; өсімдік тіршілігіне қолайлы жағдайлар жасауда далалық жұмыстардың (топырақ өңдеу, тыңайтқыш жүйесін қолдану, себу (отырғызу), егістікті күтіп-баптау, егінді жинау т.б.) дер кезінде және сапалы іске асырылуы т.б.
Өсімдік шаруашылығы мал шаруашылығымен тығыз байланысты: оған ол ірі сабақты, шырынды, құнарландырылған жем азық берсе, мал шаруашылығынан ол тұрақты және мол өнім алу үшін, әсіресе құнарлығы төмен жерлерде, органикалық тыңайтқыштар алады.
Қазіргі кезеңде өсімдік шаруашылығы өндірісінде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық таза өсімдік және мал өнімдерін өндіруді қабыстыра жүргізген жөн. Сондықтан да осы заманғы ғылыми жетістіктерге сүйенген оңтайлы технологияны қолдану, қоршаған ортаны қорғау шараларына кепілдік береді. Жалпы қоршаған орта, оның ішінде топырақ, неғұрлым таза су көздері, мал, өсімдік гендік қорлары, жануарлар әлемі біздің болашақ ұрпақтарымызға лайықты мұра болып қалуы керек.
Халықтың өскелең талабы, өнеркәсіптің өркендеуі өсімдік шаруашылығы өнімдерінің үздіксіз ұлғаюын талап етеді.
Өсімдік шаруашылығы саласы өзіне егіншілікті, көкөніс, жеміс-жидек, жүзім, гүл, шалғындық, орман шаруашылықтарын біріктіреді. Алайда ғылыми пән ретінде тек қана танаптық (екпе) дақылдарды – дәнді астық, дәнді бұршақ, картоп, мал азықтық, бақша, талшықты (тоқыма) дақылдары ж.б. қарастырады.
Қазақстанда соңғы жылдардағы өсімдік шаруашылығының маңызды танаптық дақылдарының егістік аумағы, жалпы түсімі мен өнімі төменде келтірілген
Өсімдік шаруашылығында барынша ауқымды егістік аумағы дәнді дақылдардың (бидай, арпа, сұлы, тары, жүгері, күріш) үлесінде. Елімізде жыл сайын 15 млн гектардан астам жерде дәнді дақылдар өсіріледі. Дәнді астық дақылдарының ішінде бұрынғысынша барынша жоғары егістік аумағын бидай алып жатыр. Ол жыл сайын 12-14 млн га алқапта өсіріледі және негізгі бөлігі Солтүстік Қазақстанның облыстарында шоғырланған. Егістік аумағы және жалпы түсімі бойынша екінші орынды арпа иеленеді – жыл сайын 1,6-1,9 млн га өсіріліп, жалпы астық түсімі 1,8-2,1 млн тонна құрайды.
Астық емес дақылдардан елімізде майлы дақылдар кеңінен өсіріледі (күнбағыс, рапс, қыша, мақсары, майбұршақ ж.б.). Өсімдік майы тамақ өнеркәсібінде, медицинада, техникалық және басқа мақсаттарда кеңінен пайдаланылады. Соңғы жылдары, өсімдік шаруашылығындағы диверсификацияға байланысты, майлы дақылдардың егістік аумағы күрт өсті. Атап айтқанда, 1996-2000 жылдары майлы дақылдар жыл сайын 371 мың гектар жерге өсірілсе, 2006-2007 жж ол көрсеткіш 715 мың гектарға жетті, ал 2009 жылы – 1,0 млн гектардан асты. Тиісінше майлы тұқымның жалпы түсімі мен өнімі де артты.
Майлы дақылдардың үлкен егістік аумағы Шығыс Қазақстан, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарының еншісінде (негізінен күнбағыс дақылы) және соңғы жылдары майлы дақылдардан рапс егістігі күрт артып келеді (СҚО, Қостанай, Ақмола ж.б. облыстарда).
Талшықты (тоқыма) дақылдарынан Қазақстанда мақта өсімдігі өсіріледі (Оңтүстік Қазақстан облысында). Оның егістік аумағы орта есеппен жыл сайын шамамен 195 мың га жетті, ал мақта шитінің жалпы түсімі 415 мың тоннадан асты.
Негізгі қант беретін дақыл – қант қызылшасы (зауыттық) еліміздің Алматы, Жамбыл облыстарында өсіріледі, алайды бұл тәтті түбірдің егістік аумағы мен өнімі халықтың өскелең талабын қанағаттандырып отырған жоқ.
Картоп өсімдік шаруашылығы саласының маңызды танаптық дақылының бірі. Ол азық-түлікке, техникалық ж.б. мақсаттарға пайдаланылады және Қазақстанның дерлік барлық аймақтарында өсіріледі, оның егістік аумағы жыл сайын орта есеппен 160 мың гектардан асады, жалпы түсімі 2389 мың тоннаны құрайды (1-кесте).
Бір айта кетерлік жәйт, елімізде негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімінің соңғы жылдары біршама артып келе жатқаны байқалады. Оған қолайлы ауа-райы жағдайлары мен қатар егіншілік мәдениетінің арта бастағаны, жаңа техника, құрал жабдықтардың қолданыла бастауы, мемлекеттік қолдаулар да әсер етуде. Дегенмен, астық, мал азығын және басқа өсімдік өнімдерін өндіру мен олардың сапасын арттыру мәселесі (проблемасы) баяу шешілуде. Қазақстан Республикасының 2006-2010 жылдарға арналған «Аграрлық-өндірістік кешенді (АӨК) тұрақты дамыту концепциясында» көрсетілгендей, өсімдік шаруашылығы саласында АӨК-ді одан әрі дамыту кластерлік жүйе есебінен іске асырылуға тиіс: астық өндірісі мен оны тереңдете өңдеу (Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында), күріш (Қызылорда облысында), мақта (Оңтүстік Қазақстан облысында) ж.б. кластерлерін дамытудың болашағы зор. Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды ауыл шаруашылығы дақылдарының агротехнологияларын жетілдіру бірінші кезектегі маңызды мәселе болып қала береді.
ботаника мен өсімдік шаруашылығындағы «тұқым» түсінігі (термині) бір мағына бермейді.
Ботаникалық ұғымда тұқым – қосарлана ұрықтанудың нәтижесінде дамыған дән болып табылады. Ол ұрықтан, қоректік заттар қорынан және қабықтан тұрады.
Өсімдік шаруашылығында тұқым деп жоғары өнім алуға арналған әртүрлі тұқымдық жадығатты (материалды) атайды.
Танаптық (екпе) дақылдарда тұқымдық жадығат ретінде төмендегідей түзілімдер пайдаланылады:
- нағыз тұқымдар (бұршақ, қырыққабат, зығыр тұқымдас дақылдар, мақта өсімдігі ж.б.):
- жалаңаш және қабықты жемістер (қоңырбастар тұқымдасының дәндері – бидай, арпа, судан шөбі ж.б.; күнбағыс пен мақсары шекілдеуіктері, қарақұмық жаңғақшасы т.б.);
- жеміс шоғырлары (мысыққұйрық масақшалары, қызылша домалағы);
- түйнектер (картоп, жер алмұрты).
Тұқымдар - өсімдіктердің биологиялық және шаруашылық құнды қасиеттерін иеленушілер, соның нәтижесінде олардың сапасы алынатын өнім мен оның сапа көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етеді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі тұқымнан бастау алатыны ертеден белгілі ақиқат. Танапты сапасыз тұқыммен сепсең жағдайды ешнәрсе түзей алмайды: топырақ өңдеу де, тыңайтқыш та, егістікті күтіп-баптау да, жауын-шашын да. Қасиеттінің қасиеттісі – тұқымдық қамбаға қол созғаннан гөрі аш отырғанды қалаған тікелей немесе жанама бабаларының амалдарынан көпшілік жүздеген мысалды келтіре алады. Осыны Ресейдің бұрынғы Н.И. Вавилов атындағы Бүкілодықтық өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының ерлігі де дәлелдей түседі: олар Ұлы Отан соғысы жылдары (1941-1945 жж) қоршаудағы Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербургта) аштықтан өліп жатса да, бүкіл планетадан жиналған әртүрлі дақылдардың қол сұғылмайтын бірыңғай тұқым коллекциясын көздің қарашығындай сақтаған. Еуропадан Орал сыртына, Сібірге және Қазақстанға қоныс аударған көшпенді-шаруалардың қиын да алыс жолдарын еске түсірген абзал: олардың түйіншектері тапшы болғанымен, әрбір арбада немесе шанада қасиетті (асыл) тұқымы бар дорбаларын мұқият күзеткен; осы қарапайым бір уыс дәннен әлі игерілмеген жерлерде жаңа егістік жайқалды.
Тұқымның керемет рөлі жөніндегі көпжылдық тәжірибелерге сүйеніп халық дана әрі тура мақалдар құрастырған: «Не сепсең, соны орарсың», «нашар тұқымнан жақсы өнім күтпе», «қалай себілсе, солай ұшырылады» ж.б. Ауыл шаруашылығы өндірісінің пәрменді дамыған қазіргі уақыттың өзінде, егіншілік осы заманғы техника мен дамыған ғылыммен қаруланғанда да шаруалардың аталған ақиқаты өзінің мәнін, маңызын жойған жоқ. Керісінше, өсімдік шаруашылығының қарқындылығы ғасырында тұқымдық дәннің рөлі айтарлықтай жоғарылады. М.К. Фирсова және басқа ғалымдардың деректері бойынша жоғары сапалы тұқым қатардағы тұқымға қарағанда егін өнімін ешқандай қосымша шығынсыз 15-20 % арттырады.
Тұқым үш топ сапа көрсеткіштерімен сипатталады: себу (егістік) сапасы – олардың себуге жарамдылық дәрежесін анықтайтын тұтас тұқымдық қасиеттері; сорттық сапасы – сорттық тазалығына, репродукциясына және тегіне (типіне) қойылатын талаптарына сәйкес келуі; өнімділік сапасы – нақты жағдайларда белгілі бір деңгейде өнім беру қабілеті. Аталған тұқым сапаларының көрсеткіштері бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ жекелеген пәндердің зерттеп, оқып-үйрену объектісі болып табылады. Егер тұқымның сорттық сапасын тұқым шаруашылығы оқытса, онда оның себу сапасын – тұқымтану пәні оқытып-үйретеді.
Алғашқы кезде тұқым жөніндегі деректер ботаниктермен жинақталды, кейіннен тұқым сауда-саттық объектісіне айналды да оның сапасын анықтау қажеттігі туындады, ал мұның өзі тұқымның қасиеттерін зерттеуді талап етті.
Бұрынғы Одақ аумағында тұқымды алғаш рет Ресейде 1864 жылы Рига политехникалық институтында талдап зерттей бастады. Мұның өзі тұқымтану саласының пайда болған кезеңі болып табылады. Алайда алғашқы ғылыми мекеме «Тұқым сынау стансасы» 1977 жылы А.Ф. Баталиннің басшылығымен Санкт-Петербургте Бас Ботаника бағында пайда болды. Бұл мекеме Одақта тұқымдық-бақылау қызметінің дамуына көп әсер етті, алайда қаражат, құралдардың жеткіліксіздігінен ол өзінің жұмысын жан-жақты дамытып әкете алмады. Станса сол кезде негізгі көңілді тұқымды ғылыми зерттеуге аударды, өйткені тұқымдық-бақылау қызметінің көптеген мәселелері әлі түсініксіз болды, ілімдік тұрғыда негіздеуді және шешуді талап етті. Стансаның үлкен мүмкіндіктері Қазан революциясынан кейін туындады. Ол тұқымтану және тұқымдық-бақылау қызметінің ғылыми орталығына айналды. Тұқымдық бақылау стансаларының әдістемелік орталығы болды. Мұнда тұқымдық бақылау қызметкерлері және одақтың басқа өңірлерінен тұқымдық-бақылау ұйымдарының болашақ жетекшілері ілімдік (теориялық) және іссаналық дайындықтан өтті. Кейіннен станса құрылымдық өзгеріске ұшырап, кеңес Одағы ғылым академиясының Бас Ботаникалық бағында тұқымтану бөлімі құрылды (бұрынғы Ленинградта), аталған тұқымдық мекеменің және К.А. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясының тұқымдық-бақылау стансасы, Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Тұқымтану» бөлімі, Украинада тұқымдық бақылау қызметінің қарқынды дамуы, Қазақстанда бұрынғы Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында (Шортанды) аталған салада ірі көлемді жұмыстар атқарылды.
ХХ ғасырдың 70-жылдарында тұқымдық - бақылау лабораториялары мемлекеттік тұқым инспекциялары болып қайта құрылымдалды. Әрбір Одақтық Республикаларда, оның ішінде Қазақстанда мемлекеттік тұқым инспекциялары (Республикалық, аумақтық, облыстық, аудандық) құрылып қызмет жасады.
Олардың барлығы кезінде бірыңғай одақтық-республикалық бағыныстағы тұқымдық бақылау қызметін атқарды және оларды Одақтық ауыл шаруашылығы министрлігі жанында құрылған «Мемлекеттік тұқым инспекциясы» бір орталықтан мемлекеттік тұқым инспекцияларына әдістемелік және ұйымдастыру мәселелерінен жетекшілік жасап отырды.
Мелекеттік тұқым инспекцияларының алдына үлкен, әрі жауапты міндеттер жүктелді: тұқымды себуге дайындау, өсіру, оны сақтау, шаруашылықтармен, ғылыми-зерттеу мемлекеттерімен және дайындау ұйымдарымен ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарына мемлекеттік үлгіқалыптардың (стандарттардың) сақталуын, сонымен қатар осы дақылдардың тұқым сапасын тексеру.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардың бас кезінде бұрынғы Одақтық нұсқалар, талаптар деңгейінде тұқымдық-бақылауды іске асырды.
Қазіргі кезде Қазақстанда «Мемлекеттік тұқым инспекцияларының» орнына «Мемлекеттік тұқым сапасына сараптама жасау лабораториялары» қызмет жасауда және тұқымдық бақылаудың екі түрі бар: мемлекеттік және шаруашылық-ішілік бақылау.
Мемлекеттік тұқымдық бақылау «Мемлекеттік тұқым сапасына сараптама жасау лабораториялары» арқылы іске асырылады. Еліміздегі барлық ауыл шаруашылығы нысандары (агрофирмалар, акционерлік қоғамдар, жауапкершік шектеулі серіктестіктер, ұжымдық шаруашылықтар, шаруа қожалықтары ж.б.) Мемлекеттік «Тұқым сапасына сараптама жасау» лабораторияларында өздерінің барлық тұқым қорларын дер кезінде тексертіп отыруға міндетті. Тексеру нәтижелері бойынша лабораториялар шаруашылыққа тиісті құжат береді: мұнда тұқымның себуге жарамдылығы, себу (егістік) стандарт талаптарына жеткізу үшін қандай өңдеу жұмыстарын жүргізулері қажет екендігі көрсетіледі.
Тұқымтану-мәдени өсімдіктердің тұқымдарын, олардың құрылысы мен аналық өсімдікте пайда болу жағдайларын, тұқымдағы физиологиялық үдерістерді, қоршаған орта мен агротехникалық шаралардың тұқымның қалыптасуына әсерін, тұқымның егістік (себу) сапасын анықтау тәсілдерін оқытатын ғылым. Тұқымтану ғылымының басты зерттеу объектісі – тұқымдық жадығат (материал), негізгі мақсаты – оның сапасын арттыру. Ол өсімдік шаруашылығының құрамдас бөлігі болып табылады. Бір айта кететін жәйт, тұқымтану ғылымын тұқым шаруашылығы ғылымынан ажырата білген жөн: тұқым шаруашылығының негізгі міндеті – сорттық тұқымды зерттеп, көбейту жолдары жүйесін жасап, таза қалпында сақтау және шаруашылықтарды олармен қамтамасыз ету. Сонымен қатар бұл екі құрамдас бөліктер бір-бірімен тығыз байланыста дамиды.
Тұқымдық қасиеттерді қалыптастыруда тұқым қуалаушылықтың шешуші рөлін мойындай отырып, дамып келе жатқан тұқымға әртүрлі сыртқы факторлардың қуатты әсерін есепке алмай болмайды. Толыққұнды, жоғары өнімді тұқым өндіру құпиясын ашуда биологиялық және экологиялық жағдайларды жан-жақты біліп-үйрену ғана мүмкіндік береді, әрі тұқымдық алқаптарда өсіру технологиясының шараларын айқындауға көмектеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |