КIТАП – ӨРКЕНИЕТТIҢ ЕЛШIСI («Отырар кiтапханасы» ғылыми орталығының директоры Тұрсын Жұртбаймен сұхбат) «Отырар кiтапханасы» ғылыми орталығының құрылып, жұмыс iстей бастағанына жылға жуық уақыт өттi. Алғашында бұл бастамаға күдiк – күмәнмен қарағандар да болды. Дегенмен, осынау аз мерзiм iшiнде тақырыптық көрмелер ұйымдастыру, кiтап қорын молайту, оқырмандар тарту бағытында түрлi игi шаралар жүзеге асырылды. Қазiрдiң өзiнде кiтапхана қоры 1 миллион 20 мыңға жетiп отыр. Осыған орай орталық директоры, жазушы – ғалым Тұрсын Құдакелдiұлы Жұртбайды әңгiмеге тартқан едiк.
«Бiзде шалқайғанды еңкейтетiн, менменсiгеннiң еңсесiн басатын құнды қазыналар бар»
- Халқымыздың рухани тарихындағы аса қасиеттi әрi ең өкiнiштi оқиғаның бiрi – Отырар кiтапханасының өмiр сүруi мен оның iз – түзсiз жоғалып кетуi. Бұл өзi аңыз ба, әлде шындық па? Сiздердiң қолдарыңызда сол әфсананы ақиқат ретiнде дәлелдейтiн нақты деректер бар ма? Егер ондай мағлұматтар болған жағдайда бұл кiтапхананы неге өзiнiң тарихи отанында ашпадыңыздар және осы бастамаға мұрындық болған кiмдер?
- Ұлтымыздың руханияты тек өкiнiштерден қалыптасты, соны жоқтау арқылы ғана жұбаныш табамыз, өткендi қалпына келтiремiн деу – жай аңсар ғана - деген емеурiндi естiп те, ағайындардың астыртын жымсытқан арыздарынан оқып та жүрмiн. Жоғарыда сен көлденең тартқан сауалдар маған зиялы қауым тарапынан да жиi қойылады. Тiптi, «күлтөбеден күмбез тұрғызбақ, күлемiштен кiтап жасамақ» деп мазақтағысы келiп, айыздарын қандыра баспасөз арқылы сайқымазақ етуге ұмтылғандар да болды. Алайда, өткен жылдың желтоқсан айында өткен «Отырар кiтапханасы» ғылыми орталығының тұсаукесер рәсiмiне байланысты ұйымдастырылған республикалық кiтап көрмесiнен кейiн орыс тiлдi баспасөздердiң жағы қарысты. Бiрақ ІХ ғасырдан бастау алатын жазба мұралар туралы жұмған ауыздарын ашпады. Ал ана тiлiмiздегi басылымдар көңiл де бөлмедi. Көңiлдерiне келмесiн, «Отырар кiтапханасы» сериясынан жинақтары жарық көрген жазушылар мен ақындардың соны көруге мұршалары келмедi-ау деймiн. Ұлттық және ғылыми кiтапханалардағы және бiздiң орталықтағы сирек қолжазбалар мен кiтаптар көрген көздi тұндырып, көңiл сусатқандай едi. Асылық айтты демеңiз, осы елуге шейiн жазу тарихына, оның iшiнде қазақ руханиятына қатысты осындай мазмұнды көрменi кезiктiрмеппiн. Мәскеу мен Санкт-Петербургтiң де талай кiтап жаймасы мұндай әсер еткен емес. Демек, бiзде шалқайғанды еңкейтетiн, менменсiгеннiң еңсесiн басатын құнды қазыналар бар. Ал көшпелiлер кеңiстiгiндегi «екiншi даналық үйi» туралы: «Отырардың даңқы шарапханасымен емес, мейрамханасымен емес, әйгiлi кiтапханасымен шықты» - деген қытай саяхатшысы Лу-цзиннiң пiкiрi аңызды ақиқатқа айналдыруға толық кепiлдiк беретiн дәйек деп есептеймiн. Заттай айғақтарды да көрмеге қоятын күн алыс емес. Тек алла сәтiн салса, қаражат табылса, қисыны келетiн iс.
Ғылыми орталықты неге Отырар қаласынан ашпады деген сауал жиi қойылады және: «сол кiтапхана қорының тiзiмiн жасап берер едiм. Тек...» - деп тiлiнiң астына маржан сала қоятын, ар жағын айтпай емексiтетiн ағайындардың дөңайбатын да оқыдық. Халықтық ғылыми кiтапхананың мақсаты мен мiндетiн баршаға хабарлап, қырық адам қол қойған үндеу жариялап, сауын айттық. Әлi де iлтипатымыз суыған жоқ. Мүдделiмiз. Алайда, сол ағаларымыз бiлгенiн елiне бұлдағандай көрiнуi маған түсiнiксiз. Отырарда музей – кiтапхана бар. Онда Абдолла Жұмаш деген өз iсiне көзсiз берiлген азамат қызмет iстейдi. Сол оқымыстының өзi: «Ғылыми орталықтың астанадан ашылғаны өте дұрыс. Бұл кiтапхананың маңызын ұлттық деңгейге көтередi әрi құнды қолжазбаларды бiр орталыққа топтастыруға, реставрация жасауға және зерттеуге кең жол ашады. Оның маңызын әлемдiк деңгейге көтередi. Қанша тырысқанымызбен Отырарда ондай мүмкiндiк тумайды, қолжазбалар тек мұражайдың экспонаты ретiнде ғана сақталады. Сондықтан да мен өзiмнiң тапқан құнды кiтаптарымның ғылыми орталықта сақталғанына барынша мүдделiмiн» - дедi. Мiне, осы сөзде шынайы көңiл мен шындық бар. Екiншiден, бiз астанамызды рухани тұрғыдан қасиеттендiрудiң де қамын қарастыруымыз қажет. Ол – жалпыұлттық мiндет. Әу баста «Отырар кiтапханасы» Ұлттық ғылыми орталығын құру туралы Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов ұсыныс жасағанда ақыл қосқан Әбiш Кекiлбаев, Төлен Әбдiков, Мырзатай Жолдасбеков, Ұлықбек Есдәулет сынды ел абыздары да Астананың рухын көтеретiн «даналық үйiнiң» Астана қаласында бой көтергенiн лайық санаған. Менiң ойымша бұл бiрден-бiр орынды әрi алысты көздеген мақсатты байлау. Қазiр соның дұрыстығына мойынсынып қалдық. Қолжазбалар мен кiтаптарды сатып алатын қаржының қиындығын былай қойғанда, қолда бар ескi қолжазбалар мен кiтаптарды реставрациялап, қағазды өзiне тән «дертiнен» емдеудiң өзi әжептәуiр қиындыққа жолықтырып отыр.
- Ғылыми орталықтың ашылғанына тура бiр жыл толды. Халыққа үндеу жарияланды. Тұсаукесерiнiң куәсi болдық. Алайда, бiздiң елiмiзде қалыптасқан келеңсiз бiр «дәстүр» бар. Ұрандатып, «жасасындатып» бастаймыз да науқан өткен соң ұмытып кетемiз. «Отырар кiтапханасы» да соның керiн құшқан жоқ па?
- Ондай дәндүрiс «дәстүрдiң» дертiне ұшырай қойғамыз жоқ. Халық та, қамқоршыларымыз да назарынан қалдырар емес. Жыл басында үкiметтiк деңгейде әңгiме көтерiлiп, ғылыми орталықты одан әрi дамытудың жолдары қарастырылып, «даналық үйiнiң» аты мен затына, бүгiнгi күннiң талабына сай дербес ғимарат салу, республика мен ТМД көлемiнде ғылыми экспедиция ұйымдастыру, құнды мұраларды сатып алуға қаржы бөлу мәселелерiн бюджеттiк тұрғыдан тиянақтау көзделген едi. Бұл жобалар сiздер мен бiздерге түсiнiктi себептермен әзiрше саябыр тауып тұр. Бiрақ премьер – министр И. Тасмағамбетов мырзаның ықыласы түзу, ниетi қабыл. Таяу арада арнайы талқыланып, жаңа талаптарға орай бұрынғыдан да кең ауқымда шешiмiн табатынына сенiм зор. Сондықтан да «қазан ауызы жоғары» екенiне еш күмәнiм жоқ. Астананың көркiне көрiк, қасиетіне қасиет қосатын киелi ғимараттың жақын жылдары бой көтеретiнi кәмiл.
Ал бiр жылдың iшiнде не бiттi дейсiз бе? Ұйымдастыру - құрылымдық жұмыстар толық аяқталды. Кiтапхана үйi күрделi жөндеуден өттi. 15 ғылыми қызметкерге штат берiлдi. 2 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, екi iзденушi сирек қолжазбалар мен кiтаптарды зерттеп, сыпаттама жазып, iшiнара қазақ тiлiне аударуға кiрiстi. Кiтапхананың ғылыми қорындағы қолжазбалардың негiзiнде екi қызметкерiмiз кандидаттық диссертация қорғау үшiн арнайы тақырыппен жұмыс iстеуде. Алла жазса, биылғы жылдың аяғы мен келер жылдың басында талқылауға ұсынылады. Бiздiң кiтапхана Астанадағы бiрден бiр ғылыми-көпшiлiк кiтапхана. Өткен жылы орталық қорының 4 пайызы ғана қазақ кiтаптарының еншiсiне тиетiн. Қазiр оның мөлшері 20 пайыздан асты. Соңғы 6 айдың iшiнде 12 миллион теңгенiң кiтабын алдық. Мұның барлығы Л.Н. Гумилев атындағы Ұлттық университеттiң ректоры, профессор Мырзатай Жолдасбековтiң тiкелей қолдауының нәтижесiнде жүзеге асып отыр. Академиктер Әлкей Марғұланның, Мұхамаеджан Қаратаевтың, қарт қаламгер Сапарғали Бегалиннiң, тiлшi-ғалым Рабиға Сыздықованың кiтапханалары орталықтың төрiнен орын алды. Әрине, мұның барлығын университеттiң өлшеулi қаржысымен сатып алу мүмкiн емес. Арнайы қаржы бөлiнбесе, жоғарыда өзiңiз сақтандырғандай, «су аяғы құрдымға» айналуы ғажап емес. «Отырар кiтапханасының» құрылуы – сирек кiтаптар мен қолжазбаға деген қызығушылықты тудырғаны анық байқалады. Осыны пайдаланып, кейбiр пысықайлар кiтап саудасының нарқын қасақана көтерiп, өздерiнше «бизнес» жасағысы келiп, асықша үйiрiп жүр. Әр нәрсенiң өз құны, бағасы, жөн-жобасы бар. Осыны ескерте кеткiм келедi. Есепсiз дүние жоқ.
«КҮЛТӨБЕДЕ КӨМIЛГЕН, ОТҚА ӨРТЕНГЕН МҰРАЛАР КӨП - АҚ»
- Ғылыми орталықтың негiзгi мақсаты - қазақ тарихы мен руханиятына қатысты құнды қолжазбалар мен кiтаптарды жинақтау ғой. Талай талқыны басынан кешкен халқымыз «балапан басына, тұрымтай тұсына» деп күн кешiп жүргенде, кiтапты сақтап қала алмаған шығар. Мұның өзi үмiтсiз әуре емес пе?! Шет елдерден қандай мұрағаттар қолдарыңызға түстi?
- Күдiгiңiз де дәйегiңiз де орынды. Күлтөбеде көмiлген, отқа өртенген мұралар көп-ақ. Бiрақ осы бiр жылдың iшiнде ешқандай ғылыми экспедицияға шықпай-ақ, есте қалған ескi мұралардың иелерiне хабарласып, ұзын сонар тiзiмiн жасағанымда, оның саны 5 мыңға жеттi. Соның iшiнде ІХ ғасырда дүниеге келген, түпнұсқасы ауған соғысында өртенiп кеткен «Ләтафат-наманың», Қашқари қолжазбасының ғылыми көшiрмелерi (Түркия), Фарабидiң 12 қолжазбасының (Иран) көшiрмесi, ХІҮ ғасырда жазылған «Күңзы тәмсiлдерi» (Қытай, түпнұсқа), «Кодекс-куманикус» (3 дана!) сияқты жәдiгерлердiң бар екенiн айтсам да жеткiлiктi болар. Демек, халқымыз қазынасын сақтай бiлген. Мысалы, тұсаукесер рәсiмi кезiнде Астанадағы мешiттен үш жүздей ескi кiтапты көрмеге қойдық. Кейiн ғылыми қызметкерiмiз Иманғазы Нұрахмет соның iшiнен жиырмаға тарта халық әдебиетiнiң нұсқаларымен, хиссаларды анықтады. Ең танданарлығы әлгi қолжазбаның бiреуi көне түркiнiң жыл қайыру күнтiзбесi болып шықты. Кезiнде ықтияттап тыққызған мұраларды тектi дегдарымыз мешiтке апарып тыққызған ғой. Алланың үйiнен пана тапқан мұндай қолжазбалардың ескi мешiттерде сақталып қалуы әбден ықтимал. Осыған орай бас мүфтиiмiз, көне мұрағаттардың жанашыры әрi зерттеушiсi, профессор Әбсаттар Дербiсәлiге арнайы хат жазып, көзқарақты болуын өтiнген едiм. Әзiрге жауап ала қойғамын жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед саллал-ла ху ғалейхи уәс-саламның «сәлемге сәлем - парыз» дегенi бар ғой. Түбi игiлiктi уәжiн жолдайды деген сенiмдемiн. Ақмолалық қаламгер – өлкетанушы апамыз Клара Әмiрқызы Ақан серiнiң кiтапханасында сақталған «Төрт дәруiш» атты қомақты кiтапты табыстады. Ақан бабамыз жас шағында серiлiк құрғанымен, өмiрiнiң негiзгi бөлiгiн софылықпен өткiзгенiн бiреу бiлiп, бiреу бiлмейдi. Осының өзi үлкен қазына емес пе. Аманбек Төлепбергенов деген шығыстанушы баспагер жiгiтiмiз 1742, 1754, 1888 жылдары Гамбургте, Лондонда шыққан «Каспий өңiрiне саяхат» (картасы бар), «Сақтар», «Кушан», «Тохарстан» атты кiтаптардың көшiрмесiн Иран кiтапханаларынан алып келiп тапсырды. Жуырда сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Д.Қуанышев мырза тағы да сол Иран кiтапханаларынан Қожа Ахмет Иассауидiң бiрнеше қолжазба кiтаптарының табылғаны туралы хат жолдап, керек болған жағдайда елшiлiк арқылы қол ұшын беретiндiгi туралы ниет бiлдiрiптi. Кiсiлiгiне де, кiшiпейiлдiгiне де рахмет айтып, бiздiң аса ықыласты екенiмiздi хабарладық. Ресейдiң iрi кiтапханаларында Қазақстанға қатысты немесе қазақ тiлiнде шыққан кiтаптар мен басылымдар өте көп. Кейбiреулерiнiң 15 данасы сақталған. Оларға керегi соның 2-3 данасы. Қалғандары «запасниктерге» жiберілуде. Оларға мұның сонша қажетi жоқ. Мемлекеттiк келiсiм арқылы есептен шығарып, бiзге тегiн беруге ықтиярлы. Iздестiру, тiзiмдеу, ресмиаттан өткiзу, кеден мен көлiк салығын төлеу шығындарын көтерiп алсақ болғаны. Бұған ұлттық кiтапхана директоры Р. Бердiғалиеваның келiсiп қойған жайы да бар. Өзге дүниелердi таратып жатпағанның өзiнде, жоғарыда аталғандардың бағасыз байлық екенi анық қой. Сондықтан да ауызды құр шөппен сүртудiң еш ретi жоқ. Iздесек – әлi талай қазынаның үстiнен шығарымыз анық. Мен бұл арада еуропалық құнды басылымдар туралы сөз қозғап отырғаным жоқ. Айтпақшы, аса бiр құнды қолжазбаны ұмытып барады екенмiн. Левшиннiң «Қазақ-қайсақ тарихы» атты зерттеуiнiң 1828 жылғы поляк тiлiндегi қолжазбасын бiзге жазушы Ақселеу Сейдiмбек табыс еттi.
Халқымыздың «Отырар кiтапханасына» деген ықыласы мен құрметi ерекше. Мысалы, Сара Көлбайқызы деген қарындасымыз бабасының медiресесiнде жинақталған қолжазбалар мен ғұсыни жазуларды қадiрлей сақтап келiп: «Әкем сенiмдi қолға тапсырарсың деп аманаттап кетiп едi. Ата өсиетiн орындадым. Ендi жаным тыныш тапты» деп бiзге сыйға тартты. «Бурабай» емдеу санаторийiнiң бас дәрiгерi Қайырлы Құрманов 1000 дана бағалы кiтаптарды өз көлiгiмен әкелiп бердi. Бұл мекемеде 1941-1945 жылдары СССР ғылым академиясының академиктерi орналасқан екен. Жаңағы кiтаптар сол зиялылар ұйымдастырған кiтапхананың қоры болып табылады. Сейiт Кенжахмет ағамыз сонау Арқалықтан жиырмадан астам ескi мұраларды бiзге табыс еттi. Қазiр өз еркiмен кiтап сыйлаған адамдардың ұзын саны 5 жүзден асты. Таяуда ғана аяулы Әбiлмәжiн Жұмабаев ағамыз 700 кiтапты базарлық ретiнде ұсынды. Жалпы алғанда жазушыларымыз өздерiнiң ұлттық руханиятқа деген ерекше құрметiн танытты. Газет арқылы олардың баршаларына ерекше ықылас бiлдiремiз. Ал ғылым мен мәдениет саласының өкiлдерi бұған ықылассыздау қарайтын сияқты. Өтiнiштерiмiздiң өзiн жүре тыңдайтындай сенiмсiздiк танытады. Ретi келгенде айта кетейiн, жазушы ағайындардың қолтаңбасы қойылған кiтаптар жеке сөреге қойылып, сирек дана ретiнде сақталады. Қолтаңбалы кiтаптардың арнайы көрмесiн де ұйымдастырдық. Қайталап бiр еске сала кететiн жай, қаламгерлердiң қолжазбаларын да қабылдаймыз. Мұның өзi тек мұрағат қана емес, сонымен бiрге ғылыми қолжазба болып та есептеледi. Ондай игiлiктi iстi бастап та кеттiк.
Мысалы, қадiрлi қарт жазушымыз марқұм Сапарғали Бегалиннiң ұзақ жылдар бойы халық ақындары мен өнер иелерi туралы өмiрбаяндық, этнографиялық деректер жинағаны, Шоқан, Хан кене, Жамбыл туралы деректi кiтап пен дастан жазғаны белгiлi. Сапекеңнiң сол мұраларын үлкен ұлы Хамит Бегалин мен ақын Несiпбек Айтұлы орталықтың қолжазба қорына тапсырған болатын. Бұл мұрағаттармен таныса келгенде әдебиет тарихына аса елеулi жаңалықтар әкелетiн құнды қолжазбалар мен құжаттарға тап болдық. Абылай, Кенесары, Абай, Жамбыл, Шоқан, Құнанбай, Ахмет, Мағжан, Майра, Әмiре туралы жазбалар өте құнды. Кезiнде Абайдың ықыласы ауған Қуандықтың ұлы Төлеу Көбдiковтiң мұраларының iшiнде атақты Ақтайлақ би туралы дастан да бар екен. Несiпбек ақын қазiр ғылымға бет бұрып, Сапекеңнiң туған елiнде ашылған, қазiр қараусыздау қалған Абыралы ауданының мұражайындағы құнды мұрағаттарды Алматыдан Абыралыға арнайы аттанып, көлiк жалдап, орталықтың ғылыми қорына тапсырды. Бiз арнайы мемориалдық бөлме жарақтауды ұйғарып отырмыз. Сондай-ақ Сапарғали Бегалиннiң толық шығармалар жинағын дайындауды қолға алмақпыз. Бұл «Отырар кiтапханасының» түпкi мақсатына сайма-сай келедi. Егер қазақтың белгiлi қаламгерлерiнiң кiтапханасы түгiлi қолжазбаларының iзiм-ғайым күйге ұшырағанын еске алсақ, бiздiң бұл iсiмiздiң игiлiгiне ешкiм күмән келтiрмес деймiн. Ал Сапекеңдiкi сияқты қымбат мұралар әр жазушының тартпасында сақтаулына көзiм анық жетедi. Соларды ел игiлiгiне жарататын кез туды. Жуырда академик Мұхаметжан Қаратаевтың келiнi Жәмила жеңгей көрнектi ғалым ағамыздың кiтапханасы мен қолжазбаларын, құнды мұрағаттарын, күнделiктерiн «Отырар кiтапханасына» өткiздi. Мұрағат ғылыми сыпаттамадан өткiзiлгеннен кейiн ол туралы зиялы қауымға тиiстi мағлұмат беремiз.
Қал-ағаңның өсиетiн Фарида жеңгей мен балалары орындады
- «Отырар кiтапханасы» жанына музей – кiтапхана құрылады екен деген сөз бар. Мұны қалай түсiнуге болады?
- Орталықтың негiзгi үш бағыты бар. Олар: бiрiншi, көне жазбаларды жинау, зерттеу, өзге тiлдерден аудару, ғылыми айналымға түсiру. Екiншi, қазақ жазуының тарихы туралы музей жасақтау, сол арқылы кiтаптану iлiмi саласын дамыту, мәдени-рухани қызымет көрсету. Үшiншi бағыт - кiтапхана ретiнде ғылыми-ағарту саласына атсалысу. Қазiр мәдени-мұрағат және жазу музейiн қолға алу сәл саябырлап тұр. Бiз қазақтың көрнектi жазушылары мен ғалымдарының, өнер қайраткерлерiнiң кiтапхана музейiн жасақтауға қазiрдiң өзiнде кiрiсiп кеттiк. Әлкей Марғұланның, Мұхаметжан Қаратаевтiң, Сапарғали Бегалиннiң мемориалдық бөлмелерi таяу арада жүзеге асырылады. Мұнда осы адамдардың жұмыс кабинетi көзi тiрiсiнде қалай орналасса, тура сондай қалыпта сақтамақпыз. Оқырмандар мен зерттеушiлердiң психологиясына, ол кісілердің жан дүниесі мен ғылыми iлiм санатын етене сезiнуге әсер етерi сөзсiз. Әр кiтаптың тұсындағы ол кiсiлердiң салған белгiсiнiң өзi ой-түйсiкке қанат бiтiрмей ме? Қазiр қаншама ағаларымыздың кiтапханалары мен қолжазбалары талан-таражға түсiп, шашылып кеттi десеңiзшi!... Сол мұралар да бiздiң рухани тарихымызды құрамай ма?! Әркiмнiң қолында кетпей, бiр арада жинақталып тұруының өзi, оларды қасиеттендiрiп жiберетiнi сөзсiз!... Сол адамның қолжазбаларын жүйелеп, көп томдық шығармаларын дайындап ғылыми сыпаттама жасап, түсiнiктеме жасап, тас-түйiн етiп дайындап қойсақ, соның өзi үлкен жетiстiк емес пе! Сөйтiп, өзiмiздi-өзiмiз қадiрлей бiлуге бет бұрмақпыз.
Бұл ретте марқұм Қалтай Мұхаметжановтың әруағына және Фарида жеңгейге, балалары Жәмила мен Тимурға дән ризашылығымызды бiлдiремiз. Ағамыз Мәскеуге аттанар соңғы сапарында «Отырар кiтапханасына орыс патшасы Алексей Михайловичтiң (Петр І әкесi ) бұзау терiсiнен қаптатып жасатқан «Евангелия» кiтабын ат-Табаридiң түрiк тiлiндегi еңбегiн (орыс тiлiне бiр-ақ томы аударылған), монғол хандары мен Баяндүр ханның тарихын, Қазақстан туралы орыс және шет тiлдерiндегi жинақтарды, Кауфманның «Түркiстан альбомын» (1884), ХІХ-ХХ ғасырдағы араб қарпiндегi қолжазба кiтаптарды, 1900-1930 жылдарғы арасындағы қазақ баспасөздерiнiң тiгiндiсi, «Құран - кәрiмнiң» 15 тiлдегi нұсқасын, тағы да басқа кiтаптарды сыйға тартатыны туралы айтып едi. Осы уәдесiн орындауды Фарида жеңгейге аманаттап кетiптi. Фарида жеңгей мен балалары Қал-ағаңның сол өсиетiн орындау үшін ғимаратымызды келiп көрiп те кеттi. Алла жазса, күзде Қал-ағаңның мұражай кiтапханасын дербес бөлме етiп ашуды көздеп отырмыз. Тұрсынбек Кәкiшев ағамыз да қазақ әдебиетiнiң тарихына қатысты 6 мың сирек қолжазбалар мен кiтаптарды бiзге ұсынды. Сахи Романов пен Рабиға Сыздықова апаймен де келiсiм шартымыз бар. Белгiлi этногроф-шежiрешi Жағда Бабалық ағамыз өзiнiң қолындағы 300-ге тарта қолжазбалар мен кiтаптарды, әр жерде белгiсiз болып жатқан таңбалы тастар мен жазулардың мекен жайы көрсетiлген карта мен мағлұматтарды беруге ықылас бiлдiрдi. Мiне, осының өзi-ақ ғылыми орталықтың әдебиет музейiнiң қызметiн атқаратынын байқатады. Бұл құнды мұралар тек студенттерге ғана емес, зерттеушiлерге де зор көмегiн тигiзерi сөзсiз.
- Әдеби музей ашу туралы әңгiменiң қозғалғанына арнайы шешiм қабылданғанына да ширек ғасырдан асып кеттi. Ал мына бастамаларыңыз соның тiкелей шешiмiн тапқан көрiнiсi сияқты. Ондай ойларыңыз жоқ па, арнайы мәселе етiп көтеруге тұрарлық игi iс екен.
- Бұл - рухани мүдделiктен туған шешiм. Ғылыми орталықтың түпкi нысанасы – классикалық үлгiдегi рухани ғимаратқа айналу. Iздегенiң бiр жерден табылып жатса, одан артық не керек. Осыған орай Мырзатай Жолдасбеков ағамыз арнайы орын бөлу мәселесiн алдыға қойып, үкiметке ұсыныс түсiрдi. Жазу мен жазушылар музейi бiр ғимараттан орын алса, тiптi, жарасымын тауып кетпей ме! Сол арқылы кiтап қоры мәселесiн де, мәдени-ағарту шараларын да шешiп алмаймыз ба! Бiз бұған ерекше ынта қойып отырмыз. Мемлекет тарапынан да қолдау табатынына сенемiз.
- Сiздiң сөзiңiзге қарағанда «отырар кiтапханасының» барлық мәселесi өз өзiнен шешiлiп жатқан сияқты ғой. Сонда ешқандай мұқтаждықтарыңыз жоқ па?
- Неге болмасын. Бұрын үлгiге түспеген жаңа iстiң өзi тек мұқтаждықтан құралмай ма?! Кiтаптарды өңдеу, сақтау сияқты салалық мәселелердi ойласаң төбе шашың тiк тұрады. Бiрақ, «Жоқ! Жоқ!» дей берсең, жұтай бересiң. Сол жоқтың өзiн жонып, iсiңе жамау етсең – жыртығың жамала бермей ме! Сондықтан да зарлай бергенше, атқарылар шаруаның ыңғайына барлау жасай берудi жөн көрдiк. Түбi қайырлы құтты болады деп сенемiн. Кiтапхана мәдениетiн көтеру, кiтапханаға деген көзқарас арқылы сол мемлекеттiң даму деңгейiн, саяси мәдениетiн, бүгiнi мен келешегiн тануға болады. Кiтап – өркениеттiң елшiсi. Ендеше, iсiмiз –ақ, бағытымыз – дұрыс, ниетiмiз - қабыл деп есептеймiн.
- Әңгiмеңiзге рахмет. Iсiңiзге табыс тiлеймiз!
Маусым. 2002 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |