Әдеби даму заңдылықтары. Бүкіл адамзат мәдениетіндегі сабақтастық.
Қазақ халқының ХІХ ғасырдағы әдебиетінің шынайы рухы, ұлттың азаттығы мен елдің тәуелсіздігі жолындағы өзекті арқауы, көкейкесті мүддесі патшалық Ресейдің отаршылдығы тұсында да, Советтік саясат жылдарында да жеткілікті деңгейде ашылмай, айтылмай келген еді. Бірқатар ақындардың шығармашылығы кеңестік идеология қалыбымен жаңсақ бағаланып отырды. Бұл кітапта қазақ әдебиетінің ерекше тегеуірінді, рухы асқақ, идеялық-көркемдік шарықтау дәуірі — ХІХ ғасырдағы ішкі жаңғыру заңдылықтары тарихи шындық тұрғысынан сараланып отыр. Көркем әдебиет пен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың сабақтастығы, сонымен қатар ұлттық әдебиеттің халықтық қасиеті тұңғыш рет ғылыми түрде негізделіп, басты сипаттары мен заңдылықтары дәйектелді. Ғалымдар мен әдебиетшілер осы кезеңдегі әдебиет тарихына арналған еңбектерін әр жылдарда жариялап жұртшылық назарына ұсынып отырды. Бұл орайда С. Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931 ж.), «Қазақ әдебиеті» (1932 ж.), С. Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932 ж.), «ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихынан очерктер» (1942 ж.), М.Әуезов, М. Жолдыбаев, М. Қаратаевтың «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (1933ж.), т.б. еңбектер күні бүгінге дейін мәнін жоғалтқан жоқ. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты академиялық көптомдық зерттеу еңбегі әдебиет тарихын, оның ішінде ХІХ ғасыр әдебиетінің мұраларын зерттеудегі межелі бір белес болса, одан кейінгі кезеңдерде де ХІХ ғасыр әдебиеті жайында белгілі ғалымдардың, қаламгерлердің зерттеу еңбектері мен көзқарастары түрлі деңгейде жарияланып келді. Абай мектебі, Абай дәстүрі мен дүниетанымы ХІХ ғасырдың соңынан бастап жаңа қазақ әдебиетінің алтын арқауына айналды. Осы кезеңде қазақ әдебиеті жанрлық, түрлік тұрғыдан, мазмұн мен халықтық мұрат жағынан жедел өсіп өркендеді. Әдебиеттің поэтикасы байыды, тәжірибесі молықты. Баспасөз бен әдебиет байланысы артты. Қоғам мен әдебиет аралығындағы байланыс барынша айқындық сипат алды. Әдеби байланыс өрістеді. Тұтастай алғанда, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен соңына қарай әдебиет жаңа сипаттармен толысып, ұлттық сананың сара көрінісіне жол ашты. Қазақ әдебиеті тарихының бесінші томы осындай әдеби даму арналарының басты-басты сипаттарына ден қоюмен ерекшеленеді. Бұның өзі аталдған кезеңнің әдебиет тарихындағы орасан зор маңызын көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |