ҰМЫТЫЛМАҒАН ОТАН, ҰМЫТЫЛМАЙТЫН ОТАНДАСТАР
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің жанындағы «Отырар
кітапханасы» ғылыми орталығының директоры,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
Әлқисса: өткен жылы күзде осыдан екі жарым мың жыл бұрын, көкбөрінің киесі дарыған, ежелгі түркі өркениетінің ата қонысы Шүлен тауы мен Бағылық тауының өзегін жарып өткен, ХҮІІ ғасырға дейін шын империясы мен Шығыс Түркістанның шекарасы болған Хышыи дәлізін бойлап, дүниежүзін таңқалдырып отырған Дунхуаң үстіртіне, одан Тибеттің етегін баса қоныстанған Ақсай қазақ автономиялы ауданына бардым. «Бұдан әрі қытайларға аттап басуға болмайды» – деп қақпаның маңдайшасына жазылған, қытай қорғанының үзілген тұсы Аққорғанның (Жа үй гуаң) төрт мұнарасы әлі қылтиып тұр. Жыл қайыруымыздан үш жүз жыл бұрын «үйсіндер ауған» бұл дәлізді қазір де көне түркінің үрімдері мекендейді. Әсіресе, сарыұйғыр деп аталып кеткен, найман, қоңырат, керей, қаңлы тайпаларының таңбаларын әлі де тектік белгі ретінде тұтынып отырған, тілдері қазақ тіліне өте жақын бұл жұрт бүгінгі қазақ ұлты тұрғысынан етене зерттеуді күтіп тұр. Қуаныштысы, ол жақтағы қандастарымыз бұған назар аудара бастапты. Бірақ іргелі, кемелді зерттеуге зәру. Тездетіп қолға алмаса қазіргі жаһандану тұсындағы жастардың беталысы екпінді, ертең көз жаздырып кетуі мүмкін.
Ал осыдан он жылдай бұрын тау-таудың қойнауындағы қазақтарды жиып, бір қалаға орналастырыпты. Мектеп те, мешіт те көз тартады. Ал мұражайды көріп тіпті таң қалдым. Гинесстің тізіміне ілінген 64 метрлік сырмақтың өзі неге тұрады. Көшеде делбегей киіп жүрген қазақты менің құрдастарымның өзі көз алдына елестете алмайтынына сенемін. Қаншама көне мұраларды жинақтаған. Мекемені былай қойғанда, ұсақ дүкен мен дүңгіршектерге дейін аттары қазақша жазылған. Жаяу жолдың тақталарына қазақтың салт-дәстүрі (бәйге, түйе жарысы, қыз қуу т.б.), Алтынтауды мекендейтін аң-құстар (қыран, аққу, көкалаүйрек, таутеке, тұлпар, ойсылқара, көк бұқа, ақ қошқар, ақ серке т.б.) мәрмәрға мәтінімен бедерленіп салыныпты. Әрине, алаңдатарлық жайлар да бар. Ол сол ауданда үш-ақ мың қазақ тұрады. Әлгі зәулім метепте қазақ класы жоқ. Мешітке баратындардың саны санаулы.
Сол кезде оларды осынау жұмақ та, жұмбақ күйге түсірген тарих талқысын еске алдым.
І.
Марқұм Хасен Өралтай ағамыздың жанкешті ғұмырының екінші баламасындай болып кеткен ХХ ғасырдың орта тұсындағы Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілісінің тауқыметті тағдыры мен оның мақсатты бір нәтижесі сияқты көрінген, тарих сақнасында төрт-ақ жыл өмір сүрген Шығыс Түркістан Ислам Республикасы туралы соңғы жылдары «Азаттық іздеген көш», «Ұмытылған мемлекет», «Ұмытылған отан», «Елім- айлап өткен өмір», «Қасіретті көш», «Киелі көш» сияқты зерттеулер мен эссэлер жарық көрді. Біз де өз тарапымыздан «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» атты 30 томдық басылымның 12, 13, 14 томдарына «Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілісі. 1930 – 1950» (Астана, Елшежіре, 2008 – 2009 жж.) атты үш томдық құжаттар мен зерттеулер жинақғын құрастырып, жариялаған едік.
Онда ойға алған тарихи оқиғалар Біртұтас алаш идеясының тарихи заңды жалғасы, қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің құрамдас бір бөлігі ретінде қарастырылды. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы туралы әуелде бес том ретінде ойластырылып, тіршілік талабына орай үш томмен беті қайырылған басылымда әр қоғамның, әр ұлттың, әр мемлекеттің, әр түрлі көзқарас иелерінің мүддесі мен қарама-қайшы пікірлері тұрғысынан талданатын бұл тарихи оқиға қақындағы қағидалар мен тұжырымдардың барлығын қамту, әрине, мүмкін болмады. Соны түсіне отырып, осынау бір бақ-талайсыз, тағдырлы, «ұмытылған мемлекеттің» тарихына тікелей қатысты ұстаным тұспалы тоғыспайтын идеологияның ықпалымен, әр қилы көзқараста жазылған қазақ, қытай тарихшылары жүргізген ғылыми зерттеулер мен жылнамалар (хроника), ұлттық қозғалысқа тікелей қатысқан төңкерісшіл тұлғалардың естеліктері мен деректі жазбалары, саяси қайраткерлердің пікірлері мен жеке адамдардың күнделіктеріндегі ойлар оқырман назарына ұсынылған еді.
Ал осынау тағдырлы тарих пен азаттық аңсаған көштің жанкештілерінің тіршілік тауқыметі, арман-мақсаты, аңсары, «өмір ішінен – өлім, өлім ішінен – өмір іздеген» аңсары суреттелген көркем дастандар мен шежірелер, күнделіктер мен жазбалар қазір «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында арнайы жинақ ретінде екі том болып дербес дайындалып отыр. Оны тарихи пайымдауларға қоспай жеке жариялауды жөн көрдік. Сол туындыларда Шығыс Түркістан тарихынан орын алған 400-ден астам көтерілістің (Ж.Бабалықтың мәліметі) ұлт-азаттық бұлқынысының толайымы мен тәлейі, тауқыметі мен талайы, қасиеті мен қасіреті, өкінішке орай, біртұтас ұлт-азаттық майданнан азаматтық соғысқа айналып кеткен аласапыраны араласқан үмітті көз жасының айғыздалып кепкен сорасы, жанкешті ғұмыры барынша ащы шындықпен баяндалған. Зерттеулер мен жылнамаларда қамтыла бермейтін, бірақ кей тұстарда тарихи оқиғаның бетін оңды-теріс бұрып жіберген себептер мен салдарлар, мінез бен жағдай билеп кеткен бұлтарыстар мен қалтарыстар ашылады. Оларды бұл арада талдап жатудың реті бола қоймас. Тарихи оқиғаны көркем талдау – дербес тақырыптың аясы болса керек.
Алайда ұзын ырғасы он томнан асатын «ұмытылған мемлекеттің тарихы» туралы қазақ, қытай, орыс, татар, ұйғыр, монғол, ағылшын, түрік, өзбек, қырғыз тілдеріндегі зерттеулер мен мақалаларды, естеліктерді, мұрағат деректерін оқып шығып, басылымға іріктеп дайындау барысында және аяқтау тұсында, іздеген сұрақтарға жауап алудың орынына, қосымша және бұрынғыдан да терең әрі талқылы сұрақтар көңілімізде ұялап қалды. Бүгін елеусіз көрініп, ескерусіз қалғандай көрінген Шығыс Түркістанға қатысты геосаяси мәселені түптің түбінде Қазақстан ғана емес, исі түркі дүниесі шүйіле зерттеуіне тура келетініне еш күмәнім жоқ. Осы өлкедегі ұлт-азаттық көтерілісіне тікелей ықпалы мен қатысы болған Қытай, Ресей, Америка, Жапон, Монғолия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Индия, Пакстан, Түркия мемлекеттерінің де саяси көзқарастары қорытылып, 1945 жылғы – Америка, Англия, СССР – үштігі мен сол жылғы 14 тамыздағы СССР мен қытайдың Чан кайши үкіметі арасындағы келісімдерінен бастап, 1949 жылғы ұлт көсемдерінің ұшақ апатынан қаза табуына дейінгі аралықтағы талай құпиялардың ашылатынына сенемін. Өйткені тарихтың шығыршығы бұл оқиғаны еске түсіретіндей кеңістікке заманнан заман озғанда қайта айналып оралатыны анық. Сол тұста тарихшылардың ой екшеуіне мүмкіндік берсе – ол жобаның мақсатының орындалғаны.
Ал әзірге айтарымыз, ұзақ үнсіздіктен соң танысып, тез түсінісіп, сенісе араласқан Хасен Қалибекұлы Оралтаймен оның естеліктерінде қамтылмаған, әдібі ашылмаған емеуіріндер туралы сырласа пікір алысудың реті келмеді. Әсіресе, шет елдегі құжаттар туралы «бұйымтайларым» көп еді. Осы әңгімеде қозғалуға тиісті, бірақ дегбірсіз уақыт пен дегбірлі сырқат айтқызуға мүмкіндік бермеген жайларды осынау дегдардың ғұмыр жолын қосымша деректермен салыстыра отырып, сол жинақтың қорытындысы ретінде жарияланған «Өмір ішінен – өлім, өлім ішінен – өмір іздеген...» жанкештілер»1 атты ойтолғаудың қысқаша мазмұнымен таныстыруды жөн көрдім.
Жалпы алғанда, мұнда айтылып жатқан толық тәуелсіздік мәселесі түсінікті. Бірақ та СССР, Англия, АҚШ, Жапония және Чан кай шы мен Мао бастаған қытай үкіметтерінің әскери, саяси, экономикалық үстемдік пен қысым жағдайында, солардың империялық мүддесіне орай шайқалып саяси сақнаға шыққан Шығыс Түркістан республикасының өмір сүруі мүмкін бе еді? Егерде: 1945 жылғы 14 тамыздағы Сталин мен Чан кай шының келісіміне дейін және одан кейінгі екі жылғы өліарада Оспанның қосыны мен Шығыс Түркістан армиясы өзара үш жыл қатарынан қақтығыспай, бір майданды бетке алғанда, мейлі социалистік жолға түссін, бәрі бір, Шығыс Түркістан тәуелсіз де тиянақты мемлекет құрып үлгерер ме еді? «Біріккен ұлттар ұйымының қарарына сәйкес Ресей, Америка, Англия, Қытай мемлекеттерінің сыртқы істер өкілдері 1945 жылы 3 қарашада Манас өзеніне кеп ту тікпесе» (Нұрғожай. Азаттықың өшпес рухы. А Сардар 2008, 131-бет), шарасыз күй кешкен саяси тосқауыл қойылмаса, мүмкін еді ғой?, – деген дәмелі ой мені қатты мазалап, соған жауап іздедім. Бұл мәселе шет елде ағылшын тілінде жарияланған еңбектерде де бір жақты қамтылыпты.
Көтеріліс туралы жазбалардың маған – жауабы мүлде күрделі де ауыр, жауапсыз сұрақтарды ұсынуы заңды еді. Түйсікпен түйгенімнен көрі астарлы мағыналар көбейіп кетті. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілістің шығу себептері, қарулы көтерілістің тууы, дамуы, азат республика атануы, ұлттық армияның құрылуы, оның жеңіске жетуіне дейінгі қозғалыстың барысы Нұрғожай батыр жазғандай:
«Кейбір ағайындарымыз болса: – Көтерілістің басы дұрыс еді. Аяғы қате болды», – деседі. Расында да, көтерілістің басы дұрыс әрі ғылыми еді. Оның аяғын кім бұзып отыр?» (Азаттықың өшпес рухы. А Сардар 2008, 130-бет) – деген сұрағының мазмұны түсінікті.
Бірақ жауабы тылсым. Мәселе, Шығыс Түркістан республикасының президенті Әлиханның бір түнде қолды болып кетуінен басталып, Оспан Исламұлы мен Қалибек Райымбекұлының, Тәкіманның ұлттық майданды азаматтық соғысқа айналдыруы, республика туының жығылуы, көсемдерінің апатқа ұшырауы, кейінгі кезеңдегі саяси қудалаулардың түпкі астары неде? Оспан батыр 1946 жылдан бастап гоминдаң жағына шықты да, олардан қару-жарақ, азық-түлік, күш-көлік алып, арнайы әскери жаттығу өткізіп, Шығыс Түркістанның ұлт-азаттық армиясына қарсы соғысты. Шығыс Түркістанның да, Оспанның да мақсат – біреу, ұлт азаттығы. Ұлт – біреу, қазақ. Оспан өқзінің ата жауымен неге, қалай тіл табысты?
Кеңес одағы: өздері тарих сақнасына шығарған Шығыс Түркістанның мүддесін асығыс аяққа таптап, уәделерін ұмытып, соншама құныға кірісіп, «Үш аймақ» пен гоминдаңның тіл табысуына неге құштар болды? Мәселенің күйдіргі жауабы – Ерғожай батырдың естелігіне түсінік жазған ғалым Әбууақап Қараның шет ел ғалымдарының, оның ішінде Оспанның ауылында айлап жатқан Маккернанның барлау мәліметі де бар, пікірінше, барлық тағдыр тәлкегі атом бомбасының азығы – уранға байланысты сияқты. И.Курчатовтың мәлімдеуінше, атом бомбасын жасау үшін 50-100 метрика тонна уран талап етіпті. Ал СССР-де 1-2 метрика тонна ғана шикізат бар екен. Ал кеңестік өнеркәсіп қажетті өнімнің 33 пайызын ғана өндіре алады екен.Ал қалған 50 тоннаны және одан кейінгі шикізатты Шығыс Германиядан, Чехославакиядан, Болгариядан, Польшадан және Шығыс Түркістаннан, оның ішінде Көктоғайдан әкелінген. Семей полигонына жақын әрі арзан. Сол жылдары қазылған бір шұңқыр – бүкіл қытайдың кеңес өкіметі алдындағы қарызын өтепті.
Сөйтіп, Оспан орыс кен барлаушыларын Алтай кенінен қуып шықты. Сондықтан да Оспанның тірі қалуы – кеңес одағының атом бомбасынсыз қалуымен тең еді. Ал оған қол жеткізу үшін Шығыс Түркістан да, Оспан да, тіпті сол тұста азаматтық соғыс жүріп жатқан қытай да оларға бөгет емес еді. «Үш аймақ» пен гоминдаң, одан кейін гунсаңдан үкіметтері Көктоғайдың уранын түгел, тіпті, бүкіл Алтайды қазып әкетсе де, мақұл еді. Міне, мәселе қайда? Сыртқы Монғолияның тұрақты әскерінің аспаннан да, жерден де, танкіменен де Оспанға шабуыл жасаған атақты «Бәйтік қырғынының» басты себебі осы – деп сендіре естелік жазыпты американың барлаушылары мен елшілерінің дерегіне сүйенген зерттеушілер. Расында да, СССР үшін атом бомбасын қолға түсіру – сол жылдары өмір мен өлімнің шекарасы еді.
Міне, мен осы кілтипанға сенемін. Себебі Қытай компартиясының саяси бюросының мүшесі, ОК-тің төрағасы Ли шау ши (Лю шао ци) 1949 жылы маусым айынан тамыз айына дейін құпия түрде Мәскеуде болған кезінде оған Сталин:
«Синьцзянды басып алуда жайбасарлыққа салынуға болмайды. Өйткені жайбасарлық ағылшындардың Синьцзянға сіңе кіруіне жағдай жасауы мүмкін. Олар коммунистерге қарсы азамат соғысын әрі қарай жалғастыра беру мақсатында мұсылмандарды, тіпті, үндістерді де қозғауы мүмкін. Оны былай қойғанда, Синьцзянда Қытайға шұғыл қажетті мұнай мен мақтаның мол қоры бар. Қытайлар Синьцзянда жан санының әрең 5%-тін иелейді екен. Синьцзянды алғаннан кейін, ондағы қытай тұрғындарының санын 30%-ке дейін арттыру ләзім. Қытай тұрғындарын көшіріп келу – осынау кең-байтақ қазыналы өлкеге жан-жақтылы иелік ету және Қытай шекарасын өнімді қорғау үшін керек… Өздеріңіз Ма Буфанның күшін мөлшерлеп көрдіңіздер ме, онда артиллериямен жабдықталған атты әскерлер (кавалерия) баршылық. Егер сіздер қаласаңыздар, біз оның осы атты әскерлерін тез арада талқандап, тоз-тоз ғып жіберетін 40 истребитель (қуа соққылаушы ұшақ) берейік», – деп (С.Рахметұлы. Шығыс Түркістан және Монғолиядағы ұлт-азаттық қозғалысы. А. 2009) ұсыныс жасады.
Ал, Ма буфаңды атқыш ұшақпен жоқ қып жіберу идеясын Оспанға қарсы «Бәйтік оқиғасы» тұсында жүзеге асырды. «Синьцзянды алғаннан кейін, ондағы қытай тұрғындарының санын 30%-ке дейін арттыру ләзім», – дегенді де тегін айтып отырған жоқ.. Шығыс Түркістанның жер астындағы, үстіндегі, аспанындағы байлығын тасқаяқтай қағыстырып отырған Сталин мұның барлығын Шығыс Түркістан республикасы арқылы сынақтан өткізіп алған.
Пәттхан Сүгірбаев: «АҚШ елшісі Пакстон мен Маккирнан – 1948 жылы Оспанмен бірлесіп «Дінді қорғап, коммунистік партияға, СССР-ге қарсы тұру комитетін» ұйымдастырды. Оспан 1948 жылы қыркүйек айында, сенімді серіктерінен – Ләтіп, Момынбай, Қабас Тіркешұлы, Ғаббас мұфти, Манат, Қанатбай сияқтылардың басын қосты» .
Жағда Бабалықұлы: « –Гоминдаң мен Американың желпуіне сенген Оспан жасағы біздің армиямызды қанды қырғынға ұшыратты. Дәлелханның әскери полкін тас-талқан етті. Бұйрық бойынша мен алтыншы қазақ атты әскері полкінің командирінің орынбасары, құрама бригаданың командирінің саяси орынбасары ретінде Оспан батырдың жасағымен соғыстым. Оспанмен соғыста, жалпы алғанда, 4 000 адамнан айырылдық. Бір полк дерліктей жойылып кетті. 236 тұтқын әскерді руы керей болмағаны үшін ғана бауыздап өлтірді. Өзге руларды іріктеп алып, керейлерді босатқан. 36 жас офицердің мойынына тас байлап Ертіске ағызып жіберді. Аса діндар, жау жүректі, өте сақ, кекшіл адам еді. Қасындағы ақылшылар мен дін кеңесшісі оқиғаны теріс түсіндіріп, санасын улады ғой деп ойлаймын. Әйтпесе, орысша да, ағылшынша да білетін сауатты діни кеңесші (Ғаббас мұфти – ? – Т.Ж.), оған қайдан тап болды?
Шығыс Түркістанның азаттық туын гоминдаңға жығып бердік. Дербес ақша айналыстан алынды. Ұлттық армияны әуелі демократ қытайға (гоминьдаңға), одан кейін қызыл қытайға (гуньсандаңға) сапта жылап тұрып өткізіп бердік. Жер дүниені күңірентіп, барабанын соғып, даңғарасын қағып, Шығыс Түркістанда шынымен азат еткендей салтанатпен шеру жасап, біздің алдымыздан өтті. Сүмірейіп: «Қайран азаттық! Қайран боздақтар! Сорлы Шығыс Түркістан! Неткен қасіретті едің. Қайран ел сорың енді қайнайтын болды. Мынау «сарыаяқтар» – азаттық армиясы емес, жазалау армиясы. Әй, енді бұл бұғаудан құтыла алмассың! Әттең!..», – деп тапаншаға қолды апарып қайтып біз тұрдық жылап.
Ұзамай Оспан да ұсталып, Үрімжінің түрмесіне әкелінді. Шинхай, Ганьсу, Тибет жоталарын паналаған Оспан мен бұрыннан сол жерге ауып барғандардың өзі бір-бірімен қақтығыс жасап, берекесі кеткен соң қайдан жеңіске жетсін. Оспанды көбі тастап кетті. Ақыры оқыста, адам сенбейтіндей жағдайда қолға түсті. «Ісің кері кетейін десе, сары майға тісің сынады» деген осы.
Мен ол кезде Қытай халық азаттық армиясының Шыңжаң әскери округінің саяси басқармасының орынбасары едім, қосымша СУАР партия мектебінің орынбасар бастығы болатынмын. Бұл дегеніңіз – генералдың шеніндегі қолбасылық қызмет. Сол құқымды пайдаланып, тергеу бітіп, сот аяқталып, үкім шыққан соң, үкім енді орындалады – дегенді естіген соң саяси партия ұйымына барып: «Мен Оспанмен қарама-қарсы майданда қанды қырғын боп соғысқан әскербасымын. Сондықтан да бір тіл қатысып, арыздасып қалуға қақым бар», – деп қасарысып жүріп арнайы рұқсат алып, Оспанмен түрменің сұрақ-жауап бөлмесінде оңаша жолықтым. Тым құрығанда үйіне, ұрпағына айтар соңғы аманатын алып шықсам деген де дәме болды. батыр десе – батыр тұлғалы,түсі жылы болғанымен мысы басым, сөзі ауыр, емеуірінмен сөйлейтін, иманы қатты, ашылып сөйлеспейтін тұйық, зілді адам екен:
– Жағдамысың. Білемін. Ақыры осылай бетпе-бет көрістік пе?, – деді салмақтап.
Бұл сөз біздің осы бет көрісуіміздің себептерін толық ашып беретін және бәрін түсіндіріп беретін емеуірін еді. Енді өткенді әңгіме етудің қажеті жоқ болатын. Қарама-қарсы жанкешті майданда тұрып бетпе-бет соғысқан қолбасылардың арасында осындай үнсіз түсінісу болады. Өйткені екі жаққа да екі жақтың да сыры мен сипаты мәлім. Арамызды мыңдаған құрбанның әруағы бөліп тұр. Сонда олар не үшін құрбан еттік? Мен жолына құрбандық атаған Шығыс Түркістан тәуелсіз мемлекеті де жоқ, Оспан соғысқан елестегі қазақтың тәуелсіз мемлекеті де жоқ. Екеуміз де ұлтымыздың азаттығы үшін жан алып, жан бердік. Ал қазір екеуміз де тұтқынбыз. Айырмасы, ол – соғыс тұтқыны, мен – уақытша бостандықта жүрген саяси тұтқынмын. Ол өз тағдырының атумен аяқталатынын біледі. Ал мен күдіктің құрсауындамын. Қашан кісен салатынын кім білсін: «Оспанмен, Қалибекпен астыртын байланысты», – деп өзім құрысқан Шығыс Түркістан мемлекеті сегіз ай тұтқында ұстағанда, мына мемлекеттің маған жаны ашуы мүмкін емес. Қанды шеңгелі тарылып келе жатқан. Өйткені, қызыл қытай мемлекеті Балқаш сияқты жеті полковник пен подполковникті ұстап, өлім жазасына кескелі отырған тұс. Мұны екеуміз де айтпай түсіністік. Екеуміздің ашық сөйлеспеске, ашық жауап бермеске мұршамыз да жоқ еді.
Ол мені әуелде: тыңшы, сыр тарту үшін әдейі қытай үкіметі жіберді, – деп күдіктенуі мүмкін еді. Мен сол күмәнді сейілту үшін бірден:
– Сізге қоятын үш-ақ сұрағым бар Соның жауабын естиін деп әдейі рұқсат сұрап келдім, – дедім тура сөзге көшіп.– Бірінші сұрағым: «Үш аймақ»» көтерілісін әуелі өзіңіз бастап алып, ұлт-азаттық мүддесі бір, діні бір, ұлты бір Шығыс Түркістан мемлекеті құрылған соң, сол мелекетке неге қарсы шықтыңыз? Неге ата жауыңыз гоминдаңмен бірігіп кеттіңіз? Мен соны түсінбедім. Ұрпақтар да түсіне қоймас. Айтып кетіңіз», – дедім.
Ол маған ауыр да салмақты жанармен қарады. Әрине, сөзін сөзбе-сөз жеткізе алмаспын. Тоқсан екі жаста сөз түгіл, ойды жинақтау да оңай емес. Бірақ түйіп айтқан аз сөздің мазмұны мынадай. Мен тек түсінікті болу үшін әдібін жазып баяндаймын. Ол менің сұрағыма.:
– Әлихан өлі ме, тірі ме? Атаусыз тындым болды. Алладан тірлігін тілейміз бе, жоқ, дұға бағыштаймыз ба? Жаназасыз кетті ме? Оны кеңес өкіметі ың-шыңсыз дымын құртты. Сол құрық кезі келгенде қазақтың, әуелі біздің басымызға түспей ме? Мұның себебін сұрағанда менің кеңесшілерім: бұл – кеңес өкіметінің кесірлі саясаты. Өзбекстанда, Қазақстанда, Қырғызстанда, Мәскеуде арнайы дайындалып келген коммунистерді үнсіз ғана үкімет басына әкелді. Олар социализмді, коммунистерді, орыстарды жақтайды. Дінді жояды, қатын-бала ортаға салынып, ортақ меншік болады. Мал-мүлік тәргіленеді. Мешіттер құлатылады», – деп жеткізді. Оған сенбеске амалым қалмады. Шың дубан да соның жолмен жүріп, қырғынға ұшыратты емес пе. Сондықтан да ұлттық армияға қарсы соғыстым. Қытайдың өзінен қару алып, түбінде өздеріне қарсы жұмсамақ болдым. Оған Америка да дем берді, – деп жауап берді».
Мұның астарында: «Шығыс Түркістан мемлекетінің төрағасы Әлиханды орыстың екі жансызы ұстап, кеңес одағына жасырын әкетіпті. Ол – мемлекет басшысы. Жазалса да, орынынан алса да, мемлекет басшысы ретінде жұртқа жариялап істемей ме? Әлиханның үнсіз кеткені қалай. Лақ құрлы құны болмады. Сонда, ауызына ел қарап, ұранына құрбан болған боздақтардың да жоқтаусыз кеткені ме. Бұл қай қорлығы? Демек, бұл мемлекет қуыршақ мелекет болғаны ғой. Ертең кеңес өкіметіндегі топалаң біздің басымызға туады. Мешітіміз – қамба мен атқораға айналады. Сондықтан да азат туып, азат күйімізде қан майданда өлуді таңдадым. Амалы табылса, үйреніскен қытаймен қойындасып, соғысып, Ауғанстан арқылы Америкамен жалғассам, мүмкін...», – деген жанқилы үміт жатыр еді.
Адамдық тұрғыдан алғанда өте қисынды, ал геосасясат, қарулы майдан, экономикалық қуат тұрғысынан алғанда мүмкін емес жай болатын. Біз де орыстың дінін, тілін, ділін қабылдайық деп соғысып жүрген жоқ едік. Мақсатымыз – империялар өзара қырқысып, жансыраған тұстағы тарих берген мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық қауымдастық мойындаған дербестікке қол жеткізіп алу еді. Азаматтық мәселені содан кейін реттеуге болатын еді. Егер кеңес өкіметіне сүйенбесек, қалың қытай әскеріне қалай қарсы тұрасың. Сол Оспанның қолындағы қарудың өзін кеңес үкіметі бермеп пе еді? Егерде: Оспан жасақтарына қарсы ұстап отырған Алтайдағы Дәлелхан Сүгірбаевтің дивизиясы Манас өзеніндегі қанды қырғыннан кейін тоз-тозаласы шығуға дайын тұрған гоминдаң әскерінің ту сыртынан шабуыл жасаса және Оспанның өз жасағы Үрімжінің желкесінен соққы берсе, Үрімжі – Шығыс Түркістанның қолына өтіп кететіні сөзсіз еді. Үрімжі алынса, гоминдаңмен де, кеңес өкіметімен де, тіпті, америкамен де сөз басқа болатын еді. Оның есесіне, біз уәлилігін өз еркімен тастап тауға шығып кеткен Оспанның аңысын аңдып, өз ішіміздегі азаматтық қақтығысқа алаңдап, алты ай уақытты бос өткізіп алдық.
Бұл арада ірі империялардың арасындағы геосаясат өзгерді. Ұлы отан соғысы кезіндегі СССР – Америка – Англия одағы «қырғи қабақ» соғысқа ұласты. СССР – Жапония – Қытай (гоминдаң мен гуньсаңдан үкіметі) арасындағы саяси, әскери күштің салмағы ауысты. Бұрын кеңес өкіметі: Шығыс Түркістанды – өзіне қауіп төндіріп отырған, қытайға билік жүргізген жапон әскеріне қарсы плацдарм ретінде қарастырып, қоластына қаратуға мүдделі еді. Жапондар жеңілді. Шығыстан коммунистік қытай бас көтерді. Олардың да араны кең, қарымы қуатты еді. Солардың ауызынан сыртқы Монғолияны жырып алды да, Шығыс Түркістанды қытайдың екі өкіметінің ортасына додаға тастай салды. Ұлт-азаттық армиясының Манас өзеніндегі шабуылының екпінін қатаң бұйрықпен тоқтатты.
Біз кешігіп қалдық. Әйтпесе, сол кездегі ұлттық армияның күші мен рухы, соғыс тәжірибесі сыртқы Монғолияның әскерінен үстем еді. Бір күнде ауыр, жеңіл қару жарақты, әскери офицерлерді кері шақырып алып, барлық үміттің жолын кесіп тастады. Біз азаматтық майданның шырмауында қалдық. Оспанмен келісу үшін бар мүмкіндікті жұмсадық. Тіпті олардың өзі кейін сырт аймақта – Шинхай мен Тибет үстіртінде, Ганьсуде, шет елдің шекарасында бір-бірімен соғысып, ақыры тоз-тозаласы шықты.
Менің бірінші сұрағымның астарында осындай мән бар еді. Оспан қысқа жауап қайырды, мен де қанағаттандым. Бұдан артық ол да өзінің күресінің мәнін түсіндіріп бере алмайтын: «Алтайдың жергілікті тұрғындары үшін ғана, яғни, халықтың айтуындағы Керейстанды құруға ұмтылдым. Өз билігімді орнатуға тырыстым», – деп қайтып айта алсын. Әттең, сауатсыздық-ай! Қастаншықпағыр орысша, ағылшынша білетін діни кеңесші –ай, кімнің ырқымен бұл кеңесті берді екен? – деген ащы өкініш өзегімді қарып өтті де екінші сұрағымды қойдым.
– Сізге қоятын екінші сұрағым мынадай. Сіз-ғой, батыр адамсыз, діни парыз бен иманның обал-сауабын, кешімін, соғыстың заңдылықтарын жақсы білесіз. Ашық майданда қаза тапқандардың құнын екі жақ та жоқтамайды. Олар – шейіт. Ал тұтқындалған әскер – сіздің дәргейіңіздегі әскер. Соғыс жолында да, дін жолында да олар сіздің қарауыңыздағы мүсәпірлер, әскери мейман. Оның үстіне олар және олардың үй-іші, туыстары, рулары – сіз күресіп жүрген мемлекеттің азаматтары. Бәрі қазақ. Оның ішінде сіздің өз руластарыңыз да бар. Сіз қоршауда қалған бір полкті түгелдей қырып жібердіңіз. Онымен қоймай қолға түскен 236 тұтқын әскерді сапқа тұрғызып қойып неге бауыздап өлтірттіңіз? Сондай-ақ 36 офицерді неге мойынына тас байлап Ертіске ағызып жібердіңіз? Қалай көтерілістің құрбандығына шалдыңыз? Олардың руы керей болмағаны үшін ғана ма. Олар да қазақ, олар да мұсылман еді ғой? – деп сұрадым.
Мүмкін дәл осылай қадалып, қадап айтпаған болармын. Бірақ осы сұрақты қою үшін келдім. Бұл сұрақты қоюға менің толық қақым бар еді және дауысымның салмағы осы мағынаны білдірсе керек. Оспанның партизандық әрекеттерінің қолынан қаза тапқан 4 000 жауынгер мен 236 тұтқынның, 36 офицердің нақты тізімі, аты-жөні, қай жерде, қалай қазаға ұшырағаны жөнінде әскери барлау қызметінің толық мәліметі бар. Олардың мәйіттерінің орыны да бар. Куәлардың жазбалары да бар. Одан бас тартуға Оспанның мүмкіндігі жоқ еді.
– Ақиқатты оқпен өлшейтін соғыс қой бұл. Біз де қырылдық. Ол – ашынғандықтың салдары. Енді не істеуім керек еді?, – деді».
Шындығында да не істеуі керек еді? Бұл сұрақ жасанып келмеген, іштен шыққан жасанды, бауыры бөлінбеген бауырлас «жауларды да, жауынгерлерді де» қатты толғандырса керек.Оспанның тоғыз қолбасының бірі Нұрғожай батыр «Құз қияда өткен 72 жыл» атты естелігінде:
«Көп өтпей: «Бес жүз әскермен Бәделхан шығыпты», – деген хабар дүңкілдеп тұрды. «Біз – үш аудан елі соғыстан қорықпаймыз. Он жыл соғысып, соғыс дегеніміз әбден әдеттегі істерге айналып алған. Өлтіріп тұрсақ, өліп тұрсақ, ол біз үшін – қазылық пен шәйіттік», – деп қоятын едік. Бұл жердегі ең жаман іс мынау болды. Екі жағымыз да қазақ едік. Бауырдың – бауырды өлтіруі біздің санамыздан өтпеді. Оның ішінде менің санамнан тіпті өтпеді. Мен жатсам, тұрсам да: «Енді не істеу керек? Жау десе – жарғақ құлағым жерге тимейді. Жауды құртып, жеңіп болғанша тамақ ішпейтін әдетім бар еді. Мына жау деп отырғанымыз – қазақ еді. Қазақ ішінде өзімізбен абақ керейдің ұл-қызы еді. Япырай, орыс пен монғолдың өзімізді өзімізге салып кеткені неткен сқмдық еді! Неткен жәдігөйлік! Неткен аянышты тірлік! Неткен бақытсыздық! Неткен надандық! Неткен қараңғылық! Он жыл соғысып, қазақ үшін қан кешілгенде, енді бауырдың оғынан өлеміз бе?, – деген ойлардың бірі кіріп, бірі шығып, тынышымды кетіріп жатты. <...>... Сол қойнауда өзенге жақын тұрған ескі бір қорған бар екен. Сол қорғанның ор жағына біз барып, бұрын қарауыл орынын алып қойдық. Біз аз адам болғандықтан бір үлкен қорғанның ығына сыйып кеттік. Олар қалың әскер болғандықтан кішігірім жерге сыймайды. Қарауыл бізде болғандықтан елу атар пулеметтен төгіп-төгіп жіберіп едік. Бүкіл бір үлкен қойнау жарым сағат ішінде адам мен ат өлігіне үйіліп қалды. Қырылғаннан қалғаны қайта қашты. 80 адам өлген екен, 80 адамды тірідей қолға түсіріп алдық. ... Қазақ пен қазақтың соғысқаны, соншама қазақ жастарының қырылғаны менің идеяма сыймады. Мен Оспанға барып: « – Бәйтікке шығып кетелік», – деп едім. Оған көнбеді. Сұпты Күртіге қарай көшті. Мен елге: «Қош!», – айтып, өзіме қараған туыстарымды алып, Үрімжіге қарай көштім» (сонда, 147-148-беттер)», – деп еске алады.
Сөйтіп, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының құрама полкінің көзі жойылады. Содан сескенген Нұрғожай батыр да Оспаннан іргесін ажыра бастайды. Мен бұл оқиғаның баянын оқығанда көп естіген, бірақ лақап ретінде қабылдаған бір сұмдық оқиғаның жайын Жағда Бабалық ұлынан сұрадым.
Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Мені қинағаны да – 36 жас бозбала әскерді су жағасына апарып тізіп қойып, сөз сөйлеп: «Көтерілістің жолына шалынған құрбандық», – деп қасам қылуы еді. Қырғынның ішінде жүрген бізді де осы сұмдық оқиға қатты түршіктірген еді. Ол бозбалалардың нақты тізімі бар. Дегенмен де: мүмкін жалған лақап шығар, мүмкін кездейсоқ оқиға болған шығар, мүмкін соншама көп емес, бірер бозбала әскер шығар деп те ойлағамын. Сондықтан да қайталап сұрадым. Оспан қатты толқып барып, тұтығып, шарасыз қалды да құмығып тұрып:
– Ол оқиғаның ішінде мен жоқ едім. Бір жас офицер бар еді. Соның білместікпен істегені, – деп қысқа қайырды.
Демек, шын болғаны. Иманы үйірілер алдында бұл оқиғаны жоққа шығара алмады. Бұл гоминдаңның офицерлері – «жаугандардың» жауыздығы болды онда. «Мен бұған қарсы болдым. Маған бұйырылған баланың құлағына сыбырлап, қашып кет дедім. Сөйтіп, обалын арқаламадым», – деген лақапты естігемін. Әкесімен пікірлес болғаным үшін өз өкіметім өзімді сегіз ай түрмеге қамаған Қалибек хакімнің баласы Хасен Оралтай мұны жоққа шығара уәж айтыпты. Мен ешкімді куәға тартпаймын. Қаза тапқандардың тізімін – «Армияның құрбандық кітабінің» есебінен қараса, шындыққа көз жеткізу қиын емес. Тек әлгі жас офицерлердің обалын кім көтереді? Әлемде не бір ауыр азаматтық соғыстың тарихында мұндай қасіретті оқиға болған емес. Оспан – елім деген батыр, еңіреп туған ер, найзағайдай намысты, иманы кәміл, бірақ бойындағы күшін мінезіне жеңдірген тағдыры қасіретті пенде. « Батыр – аңғал келеді» – дейді. «Бірақ тырнақпен кісі бауыздаған» (Нұрғожайдың естелігінде солай жазылған) жанкештілердің кейбір қатыгездігі шіміркендіреді. Оспанның осы оқиға үшін қабырғасы қатты қайысатынын аңғардым. Әрі қарай қинамай үшінші сұрағымды қойдым:
– Сізден білгім келген үшінші жағдайым мынау. Сіз – батыр адамсыз, халық батырысыз. Өлімнен қорықпайсыз. Күш те, қуат та, мергендік те, қоянқолтық соғыстың тәжірибесі де бір бойыңызда бар. Астыңыздағы атыңыз да атысқа үйренген сыралғы. Сізде – сыралғы, қолыңызға оңтайлы, түзу бір мылтық бар. Ол от алмаса, қойныңызда оқталған қалта тапаншаңыз бар. Одан қалса – қылпылдаған қанжарыңыз бар. Жау қапылыста қоршағанда неге атыспай қаштыңыз. Сізді қуған он жеті-он сегіздегі, атқа шаба алмайтын, мылтық атып үйренбеген, әскер де емес, әскердің қазаншысы, бозөкпе қытай баласы екен. Ол атпен шауып келе жатқанда оқ ата алмаған. Атыңыз тайып жығылды дейік. Әлгі балада жалғыз-ақ мылтық бар. Оның өзі оқтаулы ма, жоқ па, белгісіз. Сонда жаңағы екі мылтықтың бірін, не қанжарыңызды пайдаланбай: «Қолыңды көтер!», – дегенде еш қарсылықсыз көтеріп, алдына түсіп, өңмеңдеп неге жүре бердіңіз? Сіздің мына азапқа түспейтіндей мүмкіндігіңіз бар еді ғой, – дедім.
Орынынан қозғалып барып, дауысы күңірене шығып, құмыға, шарасыздықпен:
– Құдай қара бастырды-ғой. Құдай қара бастырды, – дей берді.
Оның өзінің жанын жеген де бір бөзөкпенің алдында есі шығып қалғаны болса керек. Ол бала – әскер де емес, жай қазаншы, әскер атысып жатқанда сытылып бара жатқан бір аттыны көріп, шабан атқа мініп, қопаңдап қуа жөнелген бозөкпе бала екен. Бірақ кейін: оның қазаншы екенін жасырып, кәнігі әскер, қытай армиясының батыры ретінде көрсетті. Міне, тағдырдың тәлкегі. Иә, Оспанның өзі айтқандай, құдай қара бастырды деген осы. Батыр басымен қазаншыға қолды болғанша, атысып өлсе – арманы жоқ еді.. Қазақтан құба жонда жортқан не бір арыстандар шықты ғой. Әттең қараңғылық, тоңмойындық-ай! Дәлелхан қаншама ақыл қосып, үгіт айтты десеңші. Соған мойынсынбады. Оспан үшін Дәлелхан – Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор емес, он екі абақ керейдің шерушісінің Сүгірбайының ұлы ғана еді.
Түрменің жайы маған мәлім болғандықтан да іштей қамданып барғамын. Әңгімелесе отырып үсті-басын шолып шықтым. Көзіме түскені – тырнағы өсіп кеткен екен. Соны алып бердім. Іш киімі кірлеп кетіпті. Дамбалын ауыстырттым.
Бұдан әрі сөзді созудың реті де жоқ еді Екеуміз үнсіз бақұлдасып, мен ауыр-ауыр ой мен әсер арқалап, шығып кеттім. Оны көшеге шығарып атқан кезде мен ауырып жатыр едім. Үрімжіде, көшеде, қалың жұрттың көзінше атты. Онда ол өзін өр ұстады деп естідім. Бірақ жауының езгісінде қорланып өлді. Менің сол кездегі де, қазіргі де өзекті тырнаған өкінішім – Оспанның осы өлімі».
Дегбірсіз уақыт, діттеулі тіршілік, қағулы тізгін менің мұршамды ертеңге қарайлатуға жібермеді. Бірақ, ең басты сұрағымның бір куәгерінен жауап алдым. Сонда ойыма: «Тағдыр! Тағдырдың жазмышы бұл. Жазмыштан озбақ жоқ!», – деген халық сөзі есіме түсті. Өзім танысқан он томдық, өзім құрастырған осы үш томдық жинақтың түйіні – тағдыр деген қорытынды жасауға, менің сұрақтарымның жауабын – тарихи әфсаналардан емес, көркем шындықтан табатыныма көзім жетті.
Дүниедегі ең жанкешті, ең әділетсіз, ең қасіретті, ең опасыз, отаныңнан айырып, тозаққа бергісіз тағдыр кешуін басыңнан кешіртетін және ешқашанда тарихи шындығы ашылмайтын соғыс – азамат соғысы. Деген ауыр оймен мен де орынымнан көтерілдім.
ІІ.
Әлқисса: Шүлен тауының арғы беті тибет жотасы. Бір қызық оқиға айтайын. Тағдыр айдап «азаттық іздеген көшке» ілесе алмай» Гималайдың қолтығында қалған қандастарымызды сексенінші жылдары Үрімжіге, Ақсайға қоныстандырыпты. Олар жерсінбей Тибетке қайтып келсе, бұрынғы жерін өзгелер иемденіп алыпты. Тіпті тіркемейді де. Содан жиырма жылдан астам тау-тас кезіп, тағыланып кетіпті. Бір ұрпақ сауатсыз өскен. Осыдан екі жыл бұрын дүнгеннің Жаң шың жы атты атақты бір жазушысы барып, жергілікті әкімдермен жолығып жер алып беріп, дүнгендерді асарға шақырып, мешіт салдыртып, бастарын қосыпты. Әуеліде адамға жоламай әуре қылыпты. Сонау «әлем шатыры» Гималай мен Бұланайдың бауырындағы осынау шағын топтың тілі мен дәстүрі де өзгеше көрінеді. Мұрағаттағы жәдігерлер біртіндеп игерілер-ау, мені қатты алаңдататыны адамдардың бойындағы өздерімен бірге кететін құндылықтар. Біздің тарихи тамырымыздың бір тарамысы болғандықтан да ұмыт қалдырғанымыз елдігімізге сын болмақ.
13.04. 2013.
АЛАШ ҮНДІ АЗАМАТ ТУРАЛЫ АЗ СӨЗ
Әр адам өзінің кімге қандай сүйкімі бар екенін біледі. Оның ішінде ағайынды алыстан шалатын шырмауығы мен шырматуы бар, «қарға тамырлы» қазақтың бір бармағы басулы, бір күрмеуі ішінде жүреді. Танысуымыз ұзақ, табысуымыз тез болған Қалибек хакімнің ұлы Хасен Өралтай – мен үшін сондай әрі алыс, әрі етене тұлға болды. Мүмкін, кіндігі ежелден байласып, тағдырыдың бір жібінің ұшығы күрмеліп жатқандықтан да, ата-бабамыздың аңсары тоғысқан сарынның жаңғырығы болар, бірден төс түйістіріп, алғашқы екі ауыз сөз алмасқаннан кейін, әзіліміз жарасып, ымымыз ортақтасып кетті. Жалпы олардың бостандық іздеп, Аланай мен Бұланай асқан көшінің тағдырын ес білгелі естіп өскендіктен де, аңғарым бар болғанымен, «Азаттық» радиосы арқылы естілген дауысы мен астарсыз сөзі қайым ойдың қайымын қайырып, тегі жақын, естілуі таңсық «Азаттық» деген аңсарлы жүлгеге жөргеп жіберетін. Оның бүркіттің шаңқылындай таза дауысын алпыс тоғызыншы жылдың қарашасында көз байланған кезде Рымғали Нұрғалиұлының кішкене ғана үнтартқышынан естісем керек. Алаш үнді азаматтың алғашқы дауысы маған осылай жетті.
Тұрақты тыңдаушы болдым дей алмаймын, алайда зиялылардың өзара пікір алмасуынан, сексенінші жылдары Ғалым Ахмедов дегдарың айтуымен, «Азаттықтың» әр түрлі хабарлары мен пікірлерін естіп қалып жүрдім. Чернобыль мен желтоқсан оқиғасы туралы алғашқы шындықтан да сол дегдар арқылы құлағдар болып едім. Араға сегіз-тоғыз жыл салғанда Шығыс Түркістанның тағдырына етене қанығып, сол майданда болған Жағда Бабалықұлы, Балқаш Бафин, Бұқара Тышқанбаев, Қалдыбай Қанафин, Әнуарбек Төгісов, Ахметқали Бітімбаев, Сейіт Итмеміров сияқты майдан офицерлерінің әңгімесін тыңдап, Аланай мен Бұланай асқан Қалибек хакім мен Құсайын тәйжінің, Тәкіманның көші, Оспан көтерілісі туралы бір пара мәліметтерден тәп-тәуір мағлұматым болды. Жетпісінші жылдың аяғынан сексенінші жылдардың ортасына дейін Балхаш Бафиннің Қалибек хакіммен, Қамза Ұшармен жазысқан хаттарын оқып, Түркиядағы көшкен елдің тағдырынан хабардар болдым. Хасен ағамыздың жөнін де білдік.
Кейін Еуропаның әр қаласында Өралтаймен кездесіп, пікір алысқан адамдардың мінездеме беруінше, сымбатты, сырбаз, аңғарлы, сергек және өжет, нағыз күрескер әскери полковниктің кейпінде көз алдыма елес берді. Желтоқсан оқиғасы мен алаш туралы еңбектері жарияланды. Оның өзі келді, жұрт барды, Қабдеш Жұмәділұлымен, Мұхатр Мағауинмен, Рымғали Нұрғалиұлымен етене араласты, тіпті, біздің қатарластарымыз қарға тамырланып та кетті. Бірақ, бетпе-бет танысудың орайы келмеді. Мен ол кісімен оңаша, еш куәсіз және ашық сөйлескім келді. Неге екенін білмеймін, әйтеуір түркиялық қандастарымызбен етене танысудың, не араласудың орайы келмеді. Құрылтайлардың тұсында да ол кісілермен алыстан сыйластық. Тек Мысырдан қайтар жолда Станболдағы Бұхарбай атты елші азаматтың ырқыменен Мансұр тәйжінің шаңырағынан дәм татып шыққанымыз бар.
Содан Абайдың жүз елу жылдық тойынан қайтып бара жатқанда Күшікбайдың бұлағының басында ат шалдырып, сусап тұрғанда Рымғали Нұрғалиұлы таныстырды. Костюмін желбегей жамылған, кеудесін кере ұстаған, бәріміздің төбемізден қарап тұрғандай боп өзін паң ұстады. Рымғали ағаның еркінсіген сөзі әсер етті ме, жоқ, екеуміз екі түрлі көңіл-күйде тұрғандықтан ба, бір-біріміздің атымызды білетінімізді ғана айтып, сыпайы бұрылып кеттік. Сөз тоқтасатын жер емес, тойдың екпіні де мойын бұрғызбайды. Дегенмен, бір сөйлессем деген тілек бұрынғыдан көрі беки түсті.
Жылдар өтті. Астанаға ауыстық. Хасен ағаның мінезі мен жүріс-тұрысы, еңбегі, Ізмірдегі саяжайы, көзі тірісінде өзінің қабірінің орынын дайындап қойғаны, қымыз ұстаған, киіз үй тіккен түркиялық қандастар туралы Рымғали аға сүйсіне баяндап жүрді. Хасен аға да Астанаға бірнеше рет ат басын тіреді. «Елім-айлап өткен өмір» де қолға тиді, Рымғали аға оның Мюнхендегі архивін Ұлттық академиялық кітапхананың қорына әкеп өткізді. Сонда да жолымыз тоғыспады. Содан, ұмытпасам, осыдан үш жыл бұрын Астана қалалық тіл департаментінің бастығы Оразгүл бегім «Хабар» телеарнасында Хасен Өралтаймен бірге пікір алмасуға шақырды. Студияға кіріп келе жатқан өр тұлғасы есімде, ағамыз алғаш көрінгендей екпінді емес, өжет емес, басылып қалғандай. Сөйтсем, инфарк алып, сақтанып жүрген кезі екен. Енді шегінетін де, тосаңситын да жер жоқ, сәлемнен бастап, жөн сұрасқанға жетер-жетпестен, нағашылы-жиенді болдық та шықтық. Үш-төрт қайырымнан соң астарлай табысып, шым-шым шымшысып, жұмсақ та биязы әзілге көштік. Маған сол тұста ол сондай бір нәзік мінезімен көрінді. Жан жылуы сыртына шығып тұрғандай әсер берді. Мен: «Қазір тікелей эфирден өзіңіздің арманыңызды ашық айтыңыз», – дедім. Ол: «Мен шет елдің азаматы болғандықтан да, ішкі мәселе туралы пікір білдіргенім сыпайлыққа жатпас. Бірақ қазақ тілі мәселесі алаңдатады ... Тәуелсіздікті көрдім, енді «madeo jn kazahstan» деген өнімді көрсем, арманым жоқ», – деді әдеппен.
Сөйтіп, екеуміз студиядан қолтықтасып шығып, дәлізде жарты сағаттан астам оңаша сөйлестік. Арамызда ешқандай дық, түсініксіздік мәселе қалмасын деп келісіп алдық та, ұзақ жылғы жинақталған сауалдарымызды тез қойдық, ол да қысқа әрі түсінікті, шын жауапты берді. Сеніскен адамдардың арасында ғана айтылатын бір-екі мәселе жөнінде өзінің де қатысын білдіріп кетті. Ол жауаптарға мен сендім. Әрине, арасында «шымшыласып» отырдық. Мен Балқаш Бафиннің толық жинағын құрастырып шығарғанымды, соның ішіне ол кісінің Қалибек хакіммен, Қамза Ұшармен алысқан хаттарын жариялағанымды айтып ем, қуанып кетті. Жинақты Алматыдан, Балқаш ағаның жамағаты Никар апайдан алатынын білдірдім. Кейін Әбубәшәр жеткізіп берді. Сонда әкесінің туғанына жүз жыл толуына орай Алматыда конференция өткізіп, жинақ шығару туралы мәдениет министрі Мұхтар Құлмұхамедпен келіскенін, Шығыс Түркістандағы ұлт азаттық қозғалысы туралы үш том құрастырып жатқанымды біліп, соған орай арнайы бір басбаяндама дайындауымды өтінді. Соңына ала: «Атыңды оқып, затыңды естіп жүруші елім. Өзің бір ашық пікірлі, ертерек танысатын жігіт екенсің. Жаманнан да жақсы туады екен-ау»», – деді. Мен: «Сонау Ізмір мен Алтайгөйге сүйретіп тастамай жүрген киіз үй де ағашына тартады емес пе. Сүзіліп барып бір шыбықтың шыққан жерін қарамайсыз ба?», – дедім. Бұл сөздердің әдібін жазбай-ақ қояйын, әйтеуір, аяқ астынан нағашылы-жиенді болдық та қалдық.
Кетер-кеткенше, қайда болса да, қай үйде отырса да, шайтанқұлақпен хабарласып, бір-екі шымшып үлгереді. Кейде жауа беріп үлгерем, кейде үлгере алмай қаламын. Бірақ бір-екі сағаттан кейін тағы хабарласатынын біліп, «сыбағасын дайындап» қоямын. Ертіп жүргендер: «Хасекеңнің мұндай құрдасы жоқ сияқты еді. Кім екен?», – десіп Әбубәшәр сияқты інісінен сұрайды. Ол кезде бауырымызбен бауыр баса қоймаған кез, мені қайдан білсін... Қаржаубай Сартқожаұлы Хасекеңді Қояндыдағы қалың керейге алып барып, ондағы бесіктегі кезінде айттырып, ес білер-білместен көз жазып кеткен қалыңдығына жолықтырғанын, екеуінің дәстүр бойынша көріскенін білген соң, тілім қышып кетіп, шайтанқұлақтан: «Қалыңмалыңызға не қосайын?», – дедім. Сонда босаңсып кетіп: «Тағдыр ғой, тағдыр. Әкемнің бір аманат өмірі сияқты еді. Дәстүр бойынша әке, шешеме жоқтау айтты. ... Тағдыр ғой...», – деген босаңсыған дауысы әлі құлағымда. Екеуміздің әзілсіз қайырған бір сөзіміз осы болды-ау деймін.
Содан бастап ол кісі Түркиядан, Мюнхеннен он-он бес күнде бір «шайтанқұлақ» соғып тұрады. Екі-үш ауыз сөзден кейін: «Жә, бір керейсітіп тастадың ғой. Аман бол. Сенің шығының шықпасын, өзім хабарласып тұрамын», – деп байланысты үзеді. Хабарласудың да сырын біліп, бір рет өзім хабарласып, таң қалдырғаным бар. Сол жиі соғылған «шайтанқұлақтың» дені жоғарыда айтылған Халибек хакімнің туғанына жүз толуына орай өтетін конференция мен жинақтың төңірегінде болды. Тендер деген сол жылдары кешігіп шығатын еді де, әлгі жинақтың жоспарға енуі созылып кетті. Соның жай-жапсарын ашық түсіндіргенімде, жағасын ұстағандай боп таңдана сөйлейтін.
Ақыры іс жыл аяғына қарай сәтімен бітіп, Алматыда ғылыми конференция ұйымдастырылды. Ұйымдастырушыларға да, өзіме де конференцияға қатысуымды қатты қадағалап тапсырды. Конференция салтанатты, салихалы, мазмұнды өтті. Құран-хатымға, мәжіліске жиналған адамдардың саны өте көп болды. Қазақстанның, Түркияның, Қытайдың, Монғолияның, Германияның қазақтары басын қосқан алқалы алғасу деңгейінде өтті. Сол жолы түркиялық қазақтармен де, Хасен ағамыздың үйіндегі Хадиша жеңгемізбен, Ғалия апаймен, Әбуақап Қарамен, Мариям Қырымлымен, Шүкірәлимен, Әбубәшармен және өзге туыстарымен де, жеңге, келіндерімен жақындау таныстым. Бұл енді, емін-еркін алғасу, құшаққа тарту, бауырға басу, идіріп-тартып әзілдесу, ыммен де емеуірін араласқан жарасты күндер болды.
Хасекеңнің бір өжет мінезі сол конференцияда көрінді. Нәбижан жүргізіп отырды. Мәмбет Қойгелді жақсы баяндама жасады. Қабдеш ағамыз бен Мұхтар Шаханов сөйледі. Министрдің құттықтауы оқылды. Содан кейін әлдебір әнші әлдебір жаққа асығыс ұшып бара жатқандықтан да, конференцияны қысқартып, концертке орын берілетін болды. Әлгі асығыс әнші «Атамекенін» айтып болған соң Хасакең сақнаға шықты да: «Бұл – ғылыми конференция, концерт тыңдауға емес, жұрт пікір тыңдауға жиналды. Сондықтан асыққан әншілер кете берсін, бірінші ана Тұрсынға сөз беріңдер. Астанадан сол үшін келді...», – деді. Жұрт та қолдап, күнтәртібін тақырыпқа бейімдеді. Бізде кейде осындай еркінсу мен еркеліктердің жөнсіздікке бастайтыны да бар. Мен «Алаш идеясы және Шығыс Түркістан ұлт азаттық қозғалысы» деген тақырыпта баяндама жасадым, кейін оны жоғарыда аталған үш томдықтың алғысөзі ретінде жарияладым. Ондағы айтылған пікірге, көтерілген мәселеге көңілі толып, арқамнан қақты. Бұл енді білген адамға тәп-тәуір баға.
Конфернциядан кейін Мәдениет минситрлігінің Хасекең мен туыстарына арналған дастарханы бар екен. Әлдебір жақындығымызды байқап қалған Мәдениет министрлігі мен «Қазақ тілі» қоғамының жігіттері сол кешті жүргізіп беруді тапсырды. Сол мәзірді бейне бір мен ұйымдастырғандай, Хасекең мәз боп қалды. Жоғарыда аттары аталған, аталмаған түркиялық апа-жеңгелермен сонда етене таныстым. Бәрі де еркін әрі әдепті мінез көрсетті. Қазақы инабат, мұсылмандық ибаны сонда анық байқадым. Хасекең өзі қатарлас достарымен еуропалық дәстүрде еркін отырды. Сол кеште «әкелері дос болған» Балқаш ағаның жамағаты Никар бегім сөйлеп, көп өмірдің көмескі беттері ашылатындай болғасын, Хасен аға: «Біз ағаның үйіне міндетті түрде құран бағыштап шығамыз», – деді. Бұл енді бізге де бір жүктеулі міндет, құрметтей көрініп, уағдамен той тарқады.
Никар бегімнің дастарханы басында Хасен аға Башпай, Қалибек, Тәкіман, Оспан туралы көп әңгіме айтып, Балхаш аға Башбайдың хатын Құлжа қаласындағы Әлихан төреге әкелген жолғы әңгіменің ішінде Қалибек хакімнің де болғанын, сондағы уағдаластықтың соңы бостандық іздеген азаттық көшіне ұласқанын бәрімізге түсіндіріп берді: «Сондықтан да бұл үй Қалибек хакімнің де үйі, ата дастарханымыз. Сыйласып өтіңдер», – деп Ғалия апай бастаған туыстарына аманат еткендей болды. Бұл жолы Хасен ағамен кәдімгі бауыр ретінде сөйлескім келіп әзілден қашқақтай беріп ем: «Ей, қабырғалай салып қайқайып барасың ғой. Мұныңды қой. Бұрын да әзілді көп естігеміз жоқ, оған мүмкіндік болмады, енді ескі сөздер есіме түсе бастағанда, қайқаңды қой. Енді қашанғы сол сөзді естиміз», – деді. «Е, керей жапырақ, әлем тапырақты» сағынып қалған екенсіз ғой», – деп үйреншікті жорғамызға бастық. Үй-ішіміз де араласып, менің Назым атты қызымды кәдімгідей бауырына тартып, хабарласқан сайын атын атап, сәлем айтып жатады: «Екеуміз бір апталап, ай жатып оңаша әңгімелесуіміз керек екен. Мен сені өзім шақырамын. Түркияны да, Мюнхенді де аралаймыз. Ізмірде саяжайым бар, өзім хабарласамын», – деді қоштасарда.
Тағдыр содан кейін көрісуді жазбады. Бірақ айтқан уәдесінде тұрып, Түркияға шақыртып, өзі күніне үш рет хабарласып: «Әй, батыр... Мен шын ауырып қалдым. Дәрігер рұқсат етпеді. Сені күту үшін сонау Салихлыдан бауырыңды алдырдым. Еркін арала. Мұндай мүмкіндік қайтып бола бермес. Саған уәдемді орындап қалайын деп асықтым. Алдағы күннің нәсібі бір Алладан», – деді. Шындығында да бұл бір ғажайып сапар болды. Оны осы Түркістанда» жарияланған «Жолы болған жолаушы» атты күнделігімде барынша қанық әрі өзінің тірі кезіндегі лебі сақталғандықтан да, дүниеден өткеніне жыл толып қалған асыл азамат туралы Түркиядағы Қазақстан елшілігінің және зиялы қауымның ұйымдастыруымен халықаралық конференция өткізу жоспарланып отырғандығын қадари қауымға ескертумен еске алу рәсімін аяқтағым келеді.
Тұрсын Құдакелдіұлы ЖҰРТБАЙ,
Жоба жетекшісі, филология ғылымдарының докторы,
профессор.
Достарыңызбен бөлісу: |