Л. Н. Гумилев атындағы



Дата20.06.2016
өлшемі53.6 Kb.
#149608
Л.Н.Гумилев атындағы

Eуразия ұлттық университетінің

баспасөз-қызметі

Қазақстан Республикасы

Астана қ.Мирзоян көш. 2

КӨПЕН КЕЛЕ ЖАТЫР....

- Күлкі күні

Күллі жұрт не деп жатыр?

Сықақ – бидай,

Сықақшы – элеватор.

Ен сықақтың егінін орып жүрген

Көпен келе жатыр!


29 наурызда Халықаралық Күлкі күніне орай Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен белгілі сықақшы Көпен Әмірбекпен кездесу өтеді. Бірлестік жетекшісі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс Кенжеғали Мыржықбай.

«Көпен келе жатыр» деген атпен ел-жұрттың езуіне күлкі үйіріп, белгілі болған белсенді сықақшы Көпен Әмірбекті білмейтін адам кемде-кем.Бірақ, Көпен де жұмбақ. Біз білмейтін қыры мен сыры көп.

Көпен Әмірбектің ұлағатты ұстазы – Оспанхан Әубәкіров көзі тірісінде, яғни 1985 жылы 4 мамыр күні қойын дәптеріне былай деп жазып кеткен екен:

- Жалғанда жалғыз ер бар Көпен деген,

Адам жоқ мұның сөзін көтермеген.

Басын кесіп аламын біреу айтса,

Көпені Оспанханнан бөтен деген.

Бата беріп аузына түкіргенмін,

Содан кейін Көпенім жөтелмеген.

Дегенменен Көпенім қарыз маған,

Бұл ғасырда өтемі өтелмеген...
Қарыз дегенді кім қалай түсінеді? Қарыздың астарында бір парыз да жатқан сияқты.Ол қандай парыз? Оның шешуін кездесу барысында білетін боласыздар.

Көпеннің ғана емес, елуінші жылдары туған бірсыпыра ақындардың да ұстазы, Қазақтың маңдайына біткен қарағайдай шайыры Қадыр Мырза-Әлі 2004 жылы інісіне былай деп баға берген екен:

«Акуланың түрі көп. Соның бір түрі уылдырықтан өспей, бірден акула боп туады. Өзі өте ірі, өте салмақты тұқым болса керек. Сондықтан да болуы керек, өмірге келе сала жүзіп, жүзіп жүріп өлетін көрінеді. Жүзбесе, судың түбіне кетеді. Өйткені ауыр.Жүзіп жүргенде білінбейді.Сәл тоқтаса – қауіп, өлім...

Мен Көпен бауырымды көптен білем.Оның бір асықпай жүргенін, жұмыссыз жүргенін, алаңсыз тыныш отырғанын көргенім жоқ.Үнемі шаруа үстінде, үнемі іздену үстінде.Әйтпесе, әлгі акула секілді құрдымға кететін түрі бар.Жақсы қасиет, жақсы қылық!Жасыратыны жоқ, мен өзім де осындай адаммын.Демек, Көпенді жақсы көруім, табиғи туысым деп есептеуім заңды құбылыс...

Жақсы көрудің де жақсы көруі бар...Тіпті, Көпен өлеңдерін оқып отырып, сол дүниелерді өзім жазғандай сезінемін.Материалды игеруіне қызығамын.Таптанды нәрсеге табиғаты қарсы.Үнемі жаңалыққа ұмтылады.Ал, жаңалық шашылып жатқан жоқ.Оны іздеу керек!Іздеу аз.Міндетті түрде табу керек.Көпен соны қайтсе де табады!Ол табады – мен қуанамын!»

Қоғам және Мемлекет қайраткері Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газетінде Бас редактор болып тұрған 80-90-шы жылдарда Көпен Әмірбек бес жылдан аса қол астында қызмет істеген. Яғни, Шерхан Мұртаза да Көпеннің ұстазы.Олай дейтініміз, Көпен бір сұхбатында «Мен КазГУ-ді, сосын Шерхан Мұртазаның Академиясын бітірдім» дегені есімізде.Ендеше, Шерағаңның шәкірті туралы пікірін келтіре кетсек артық емес:

«Біздің қазіргі қазақ әдебиетінің бір өкілі - өзіміздің осы мынау азаматымыз – Көпен мырза.Көпен Әмірбеков десеңіз, жұрттың бәрі біледі.Неге десеңіз, бұл аузын ашса аузынан шоқ түседі.Ол шоқ адамды күйдірмейді, күлдіртеді.Оның өзі үлкен өнер.Жыртылған көңілді жамайды, мұңайған көзді жадыратады. Тіпті, қиын-қыстау кезеңнің өзінде де елге қуат береді.

Мінеки, осындай тұлға біздің қазақ халқына керек-ақ.Өйткені, оның көкірегінде, оның санасында халыққа деген жанашырлық сезім бар.Ал ондайлар халықтың тірі тірегі, ірі тұлғасы болады.Егер де осындай азаматтар көп болса біздің халықтың бақыты. Өйткені оны білетінім, көп жыл қызмет істестім.Өзі өтімді, сөзі жалынды, әрбір сөзінің салмағы бар».

29 наурыз - Көпен Әмірбектің туған күні. Пайғамбар жасына келді.Ұстаздарын ұлағаттап жүріп, өзі де ұстазға айналды.Кешке Көпеннің шәкірті, «Тамаша», «Терісқақпай», «Бауыржан-шоу» театрынан тәлім алып, күллі көрерменге күлкі сыйлап жүрген Ұлан Нүсіпәлиев, пародист Олжас Сыдықбек, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын құрдасы Несіпбек Айтов, Халық ақыны Қонысбай Әбіл, тағы басқа әзілдің айналасында күлкінің күбісіп пісіп жүрген қалжыңбастар қатысады деп күтілуде. Қазірдің өзінде «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігіне біраз сұрақтар түсті.Оған кеш кейіпкері кездесу барысында жауап берер деген ойдамыз.Келіп-түсіп жатқан сұрақтардың көбісі әзірге студенттік шақтарға байланысты. «Қандай студент болдыңыз?», «Кімге ғашық болдыңыз?», «Алғашқы махаббатыңыз?» дегендей...

Көпен ағамыз 50 жасқа келгенде Ақпарат және мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мынадай пікір айтқан еді:

«Көпен Әмір-Бек – қазіргі қазақ әдебиетіндегі сатира жанрында ұзақ жылдардан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан көрнекті қаламгеріміз.Қазіргі біздің қазақ әдебиетінде сатира жанры кенжелеп дамыған.Бұл орыс әдебиетіндегі сияқты оның үлкен, ұлы тұлғалары біздің әдебиетімізде аздау деп айтсақ – ол артық айтқандық емес.Сондықтан бір өзі бір театрға айналған Көпен ол тек сатирик-ақын ғана емес, өзінің жазғандарын өзі орындаушы Петросянымыз.Көпен - өз сатираларын сахнаға бейімдеп қоюшы ретінде де, оның қоғамдағы ең өзекті проблемаларын арқау ете білген публицист ретінде де қазіргі қазақ әдебиетінің айтулы тұлғаларының бірі».

Иә, Пародия деген алты алаштың аузында жүрген айтулы тұлғаларға, есімдері елге белгілі қайраткерлерге, өнер жұлдыздарына арналатын ерекше жанр ғой.Көпекеңнің пародияларына кейіпкерлері өкпелеген жоқ десек онымыз өтірік болады. Оның сыр-себебін кеш барысында білеміз деген үміттеміз.



Көпекең туралы ДОСы, белгілі профессор Намазалы Омашұлы: «Терең білімімен де, исламша ілімімен де көпшілік құрметіне бөленген Әбсаттар Дербісәлі қажы Көпен жайлы «Жанры да бөлек, жаны да бөлек жігіт» деген еді. Алып-қосары жоқ.Дәл айтылған сөз» деген екен.

Көпен Әмірбек туралы көп адамдар жазды, көп адамдар айтты.Соның бәрін сараламай-ақ қояйық. Мысалы, өз замандасы Жарасқан Әбдірашев төрт эпиграмма жазған.Солардың ішінен бір шумағын келтіре кетейік:

Кім білмейді Әмірбеков Көпенді?!

Әзілімен танытады әкеңді!

Бір қарасаң –

Алдаркөсе атасындай пып-пысық,

Бір қарасаң –

Қожанасыр атасындай «әпенді».

Жарасқан жарықтық айтқандай, біресе Алдаркөсе сияқты, біресе Қожанасыр сияқты сықақшымен кездесу кеші жаман болмайды деп отырмыз.Көрейік, қалғанын содан кейін айтармыз.

Айтпақшы, айтыс ақындары Айсәуле Бейсенхан мен Мейірбек Сұлтанхан әзіл айтысқа шықса, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықов пен бір топ зиялы қауым жүрекжарды тілектерін білдірмекші.

Қысқасы, бұған дейін Илья Жақанов, Еркеғали Рахмадиев, Исраил Сапарбай, «Қаламқас» ансамблімен сәтті кездесу өткізген «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі Халықаралық күлкі күнін де ұмыт қалдырған жоқ.Көпен келе жатыр...

- Сен күлесің қылжыңдап,

Ол күледі ыржыңдап.

Неменеге күлеміз?-

Өмір деген бір жұмбақ.

Күлейік те білейік,

Білейік те күлейік.

Бұл өмірдің жұмбағын

Бірге шешіп жүрейік!

Өткізу күні:

2013 жыл, 29 наурыз

Өткізу орны:

Л.Н. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ,

Астана қ.,Бас ғимарат, 208

Өткізу уақыты: 17:00

Байланыс телефондары:

8(7172) 709-548, 70-95-00 ( ішкі 31-118, 31-116),

Әсел Сарсенбинова, координатор-журналист +7-701-742-88-24

Ляйля Рахманова, журналист +7 – 702- 363-60-05

Еркежан Садуақасова, баспасөз-қызметінің жетекшісі



+7-701-366-35-99

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет