1- тақырып. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТАРИХЫ ПӘНІ
Лекция мақсаты:
- ежелгі тарихқа, сөз өнерінің бастау-арналарына ден қою;
- қазақ әдебиеті тарихының кезеңдерін саралау.
Сұрақтар:
Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет арасындағы байланыс қалай өрбіді?
Ежелгі дәуір әдебиетінің қарастыратын объектісі.
Ежелгі дәуір поэзиясының өзіндік ерекшеліктері. Зерттелуі.
Еліміз егемендік алғалы бері қазақ әдебиеті тарихының ежелгі дәуірі дербес пән ретінде жоғары оқу орындарында бұрынғыдан да кең көлемде әрі тұрақты түрде оқытыла бастады. Өйткені дәуір шындығын, заман ақиқатын қалпына келтіріп жатқан ұлы бетбұрыс кезеңінде бізге көненің көзіндей болып ғасырлар қойнауынан жеткен рухани мұраларды, соның ішінде бертін келе қазақ халқын құраған ру-тайпалардың ежелгі әдеби жәдігерліктерін танып-білудің қажеттілігі ерекше артып отыр.
Еліміздің қоғамдық, әлеуметтік және саяси өмірінде көптеген маңызды өзгерістер болды. Солардың бірі - ежелгі рухани мұраға деген көзқарас өзгерді. Атап айтқанда, ежелгі түркі әдеби жәдігерліктері жан-жақты зерттеле бастады. Бұл салада ғылыми тұрғыдан аса құнды монографиялық зерттеулер өмірге келді. Бізге сақтар, ғұндар және «көк түріктер» заманынан жеткен әдеби жәдігерліктер тарихи, тілдік, модельдік, стильдік, көркемдік дәстүр жалғастығы тұрғысынан сараптады. Кейбір ежелгі түркі әдеби жәдігерліктері көнетүркі әдеби тілінен қазақшаға тәржіма жасалды.
Біз қазақ әдебиетінің қайнар-бастаулары Түрік қағанаты (VIII ғасыр) тұсында өмірге келген «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырларында жатыр деп келдік. Бұл пікір кезінде ғылыми тұрғыдан негізделген тұжырым еді. Алайда мұндай ғажайып жырларды жазуға үлгі-модель болған шығармалар бұрын бар ма еді деген сауал ұдайы ойда тұратын.
Соңғы жылдары түркология ғылымы саласында қол жеткен жетістіктер дәл осы сауалдың жауабын табуға мүмкіндік береді. Ежелгі түркілердің арғы ата-тегі саналатын сақтар мен ғұндар дәуірінің көркем сөз үлгілері: «Алып Ер Тоңға», «Шу» батыр, «Аттила», «Көкбөрі» және «Ергенекон» дастандарының жеке-жеке үзінділерін, фрагмент-терін, сюжеттік оқиғаларын ұзақ жылдар бойы іздестіріп, тырнақтап жинап, белгілі бір логикалық жүйеге келтірдік. Сол арқылы бізге тек жекелеген үзінділер күйінде ғана жеткен бұл дастандардың өзіндік сюжеттік қаңқасын қайта құрастырып, яғни реконструкция жасап шықтық.
Сонымен, сақтар, ғұндар дәуірінің қаһармандық дастандары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы мазмұн, түр, стиль бірлігі көркемдік дәстүр жалғастығы тұрғысынан жан-жақты дәлелденді. Сол себепті біздің заманымыздан бұрынғы ежелгі дәуірлерде шығарылған «Алып Ер Тоңға», «Шу», «Аттила», »Көк бөрі» және «Ергенекон» дастандары бүгінгі қазақ әдебиетінің қайнар-бастаулары болып табылады деген тың тұжырым жасалды.
Міне, мұның бәрі аталмыш оқулықтың бұрынғы басылымдарын жаңа ғылыми деректермен толықтыра отырып, бүгінгі күннің биік талаптарына жауап берерліктей жаңа кітап дайындауға тиіс болдық.
Академик Д.С.Лихачев кезінде Л.Н.Гумилевтің ғылыми-зерттеу әдісін жоғары бағалай келіп: «ол ІХ-ХІУ ғасырлардағы орыс тарихының қаңқасын қайта жасаудың (реконструкция) ғажайып тәжірибесін ұсынып отыр. Ғалымның қиял көзімен өткенді елестету арқылы, яғни реконструкция тәсілімен көп жәйттердің қүпиясын ашуға болады. Ғылымда тек сирек кездесетін деректермен ғана шектеліп қалуға болмайды. Өйткені, тарихи өмірдің өзі деректерден гөрі әлдеқайда бай, әрі сан қырлы болып келеді» - деген еді.
Дүниежүзі әдебиеті мен мәдениеті қазынасына үлкенді-кішілі әрбір халық сан ғасырлар бойы өзіндік үлес қосып келгені көне тарихтан жақсы мәлім.
Әлемнің басқа да халықтары секілді қазақ халқының да ежелгі дәуірден қалыптасып, дамып, кемелденіп келе жатқан өзіндік рухани және материалдық мәдениеті бар екені де белгілі. Қазақ халқы да бүкіл дүниежүзілік әдебиет пен мәдениеттің, ғылымның дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Қазақ қауымы да есімдері әлемге мәшһүр ақындар мен жазушыларды, ғалымдар мен өнер қайраткерлерін тарих сахнасына шығарды.
Қазақ әдебиеті өзінің бүгінгі асқар биігіне оп-оңай, аз күнде көтеріле салған жоқ. Қазіргі егеменді елімізде жан-жақты дамып, әлемдік әдебиет аренасынан өзіндік орын алған қазақ халқының сөз өнері бүгінгі дәрежесіне жету үшін сан ғасырлық тар жол, тайғақ кешулерден, қиын-қыстау асулардан, зарзамандардан өтті.
Демек, басқа да түркі тілдес халықтардың әдебиеті сияқты, қазақ әдебиетініңде өмірге келу, қалыптасу, есею және кемелдену кезеңдері - өзіндік даму тарихы бар.
Қай халықтың болмасын әдебиет тарихы, ең алдымен, сол халықтың қоғамдық-әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты болып келеді. Ендеше, қазақ әдебиетінің тарихы қазақ халқының қоғамдық, әлеуметтік және саяси өмірінің бейнелі көрінісі, соның сүрлеуі, ізі болып табылады.
Міне, сондықтан да біз қазақ әдебиетінің түп-төркінін, ежелгі дәуірін ғылыми негізде танып-білу үшін алдымен халқымыздың бұрын-соңғы тарихын бүгінгі күн түрғысынан тереңірек зерттей түсу қажет деп білеміз. Ал тарихи тәжірибені, халықтың сан ғасырлар бойы сақтап келген асыл қазынасын, яғни әдеби мұраларды танып-білу қоғамымыздың әр азаматының рухани жағынан кемелдене түсіп, еліміздің егемендігін нығайта беруге игі ықпал етері сөзсіз.
Қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан, сан қырлы әрі бай рухани мәдениетінің маңызды бір саласы қазақ әдебиеті болып табылады. Қазақ әдебиеті тарихы әдебиеттану ғылымының құрамдас бөлімі ретінде көркем сөз өнерінің тарихын халқымыздың төл тарихынан бөліп-жармай, тұтас күйінде алып зерттейді. Сол арқылы ол әдеби шығарманың тууын, әдеби өмірдің кемелденуін, сан алуан әдеби бағыттар мен көріктеу құралдарының даму кезендерін, әдеби процеске тиісінше ықпал еткен қаламгерлердің шығармаларын танып-біледі.
Қазақ әдебиеті тарихы қазақ халқының қадым замандардан бастап, бүгінгі күнге дейін жасаған көркем әдебиет туындыларын қамтиды. Қазақ әдебиеті тарихының оқып үйренетін дәуірі де, пән ретінде өз ішіне қамтитын объектілері де, зерттейтін мәселелері де қыруар көп.
Достарыңызбен бөлісу: |