Ұлт дегеніміз тілі, мәдениеті, территориясы, мақсат-мүддесі ортақ адамдардың тобы, демек, олардың мінез-құлқы да бір болуы заңды. Ұлттық мінез – белгілі бір ұлттың өзіне ғана тән, өзгеше мінез-құлықтарының жиынтығы емес, жалпыадамзаттық мінез-құлықтардың өзгеше әмбебап жиынтығы. Ұлттық мінез немесе «ұлттың психологиялық қалпы» ұғымын жоққа шығармайтын С.М. Арутюнян оған «ұлттың тарихи дамуының ерекшелігімен, материалдық өмір ықпалымен қалыптасатын, оның мәдениетінен көрінетін ұлттық әдеттер мен дәстүрлердің, ойлар мен әрекет түрлерінің, сезімдер мен эмоциялардың өзгеше ұлттық көрінісі» деген анықтама береді. осы ұлттық мінездің қалыптасуындағы ең мықты қару – тіл. Тіл өлсе тұтас бір ұлттың тағдыры құрдымға кетпек. Мен осы эсседе ұлттық мінездің өмір сүруінде тілдің рөлі жайлы сөз етпекпін.
«Не атау, не діни сенім, не бабалар қаны адамды бір халықтың өкілі ете алмайды. Кім қай тілде сөйлесе, ол сол халықтың өкілі» ,- дейді Владимир Даль. Дальдің осы сөзіне сүйене отырып, мынандай тұжырым жасауға болады. Бір мемлекетте тұратын әр ұлтты халық бір тілде сөйлесе, бір тіл оларды біріктіреді екен. Ал, бір мемлекетте тұратын халық екі тілде сөйлесе, керісінше, оларды ажыратады. Екі қошқардың басы бір қазанға сымайды демекші, ұлттың екі тілде болуы – ұлттық мінездің екіұдайылануы, бірте-бірте жойылуы. Сондықтан әлемдік аренада біздің кім екенімізді көрсететін ұлттық мінезімізді сақтау үшін алдымен тілімізді сақтау керек.
«Тіл - мәдениет айнасы, онда адам айналасындағы шынайы өмір мен оның өмірінің шынайы шарттары ғана емес, сонымен қа- тар халықтың қоғамдық санасы мен менталитеті, өмір сүру салты, дәстүр-салты, мораль, құндылықтар жүйесі, әлемді сезінуі және түйсінуі қамтылған. Тіл - мәдениеттің алтын сандығы, яки баға жетпес қоймасы. Ол - лексика мен грамматикада, идиоматика мен мақал-мәтелдерде, фольклорда, ауызша және жазбаша түрдегі көркем және ғылыми әдебиетте мәдени құндылықтарды сақтайды». Адамның қай тілде сөйлеуі оның бүкіл физиологиялық, рухани жағынан дамуына тікелей әсер етіп, оның өмірдегі орнын анықтайды.
Осы тұрғыда Орыс ғалымы, этнолингвист Д.Н.Овсянико-Куликовскийдің (1853-1920) пікірі бойынша сәбидің тілі шыққанға дейін ұлттық психологиялық белгілері болмайды, ол «интернационалист» болып есептеледі. Яғни ана тілін меңгере бастағаннан ол бірте-бірте ортаның ұлттық қасиеттерін бойына сіңіреді, оның ойлау жүйесі де, ақыл-ой өрісі де, ұлттық нышандары да айқындалады. Сондықтан адамның ана тілі – оның ата-анасының тілі емес, оның өскен, тәрбиеленген санасына сіңген тіл. Адам қай тілде сөйлеумен бірге сол тілдің грамматикасын, дыбыс ерекшелігін, сөз байлығын, әдебиетін игеріп, сол тілде ойлау әдісін де меңгереді. Сондықтан да А.Байтұрсыновтың «Бала ең алдымен өз ана тілінде ойлауы, сөйлеуі, білім алуы шарт» деген пікірі құнды дәлел. Ұлт боламын десең бесігіңді түзе демекші, ұрпағымызды ана тілінде сөйлету арқылы ұлттық мінезімізді сақтаймыз. Бұл мәселе біздің елімізде өзекті. Көпұлтты халық ретінде көптілділік те бізге тән. Еліміздегі үш тұғырлы тіл саясаты ұлтсыздануымызға әкелмесе игі...
Қорытындылай келе, әлемде қанша тіл болса сонша ұлт бар. Ұлттың тілі жұтаса мінезі өзгереді. Мінезі өзгерсе мәдениеті жоғалады. Сондықтан да ұлттық тіл – ұлттың мінездің айнасы, бірден-бір ажырамас бейнесі. Қандай да бір ұлттық туындыны алсақ, ұлтымыздың танымы, ерекше психологиясының иісі, менталитеті тізіліп ап-анық болып жадымызда да, көз алдымызда да қалыптасып шығады. Міне, ұлттық мінездің пайда болуы осыдан бастау алады.
«Тіл құдіреті» - Ханзипа КӘКІМЖАНОВА Қазақ газеті / № 23 (1178), 06.06.2023
«Тіл және мәдениетаралық коммуникация»
Крысько В.Г., Фельдштейн Д.И. (ред.) Этнопсихологический словарь. М.: МПСИ, 1999. — 343 с. — ISBN 5-89502-058-5.