Ұлттық руханиятымыздың Өзегі – тіл



Дата25.02.2016
өлшемі84.5 Kb.
#22182
ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТЫМЫЗДЫҢ ӨЗЕГІ – ТІЛ
Биылғы жыл еліміз үшін маңызды қоғамдық-саяси уақытта – Елдікті, Тәуелсіздікті, Ұлттың дербестігін паш ететін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 20 жылдық мерекесімен және Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында қазақ елінің қырандары Отанымыздың даңқын шырқау биікке шығарған мол жетістіктерімен қатар келіп отыр. Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарында өздерінің экономикалық жағынан жақсы дамып келе жатқан, болашағы зор елден келгендерін танытты. Олимпиададағы жеңіс салтанаты халқымызды одан әрі біріктіре түсті, патриотизмнің ұлы күшін танытты.

2012 жылдың қараша айы Қазақстан үшін, бүкіл қазақстандықтар үшін ерекше мерейлі де абыройлы болып, зор қуаныш әкелді. Біз әлемнің өркениетті мемлекеттерінің арасында озық шығып, ЕХРО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу құрметін жеңіп алдық. Төрткүл дүние алдында өз мәртебесін асқақтата білген Қазақ елі үшін бұл үлкен қуаныш. Осы қуаныш барша қазақ халқына құтты болсын.



Сонымен қатар, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің қоғамдық өмірінде басты оқиға болып табылады.

«Біз, - деді Елбасы жаңа Жолдауында, -  «Қазақстан-2030» бағдарламасында діттеген мұраттарымыздың кейбіріне жетіп, міндеттерімізді мерзімінен бұрын атқарып үлгеріппіз. Сондықтан жаңа бағдарлама қабылдауға тура келді». Бағдарлама әм Жолдау барысында Н.Ә.Назарбаев қысқа уақыттың ішіндегі Қазақстанның экономикалық және саяси жетістіктеріне тоқталды. Қазақ халқының саны өскеніне екпін түсіре айта келіп, «ХХI ғасыр қазақтың алтын ғасыры болады» деді.  2050 жылы кемеліне келіп өркендеудің даңғыл жолына түсетін Қазақстанда енді 12-13 жылдан соң жұрттың бәрі жаппай қазақ тілінде сөйлейді. Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз.  Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет.

Қазір елімізде жүргізіліп отырған салиқалы да парасатты тіл саясаты, толеранттық тілдік орта қалыптастыру – маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі.

2011 жылы тіл проблемасын жүйелі түрде шешу үшін Елбасы Тілдерді дамыту мен қолданудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Он жылға арналған осы бағдарламада мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, оның конституциялық мәртебесін бұдан да жоғары көтеруге мүмкіндік беретін басым бағыттарды белгіледі. Осыған орай, тілдерді қолдану қажеттігін айқындайтын өңірлік іс-шаралар жоспары жасалып, оны жүзеге асыру мемлекеттік тіл саясатына сәйкес жүргізілуде. Бағдарламаның алғашқы кезеңіндегі міндеттерді іске асыру үшін 2011-2013 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазіргі таңда аталмыш жоспарда негізгі 4 бағыт айқындалып, олар бойынша мақсатты жұмыстар атқарылып жатыр:

1-бағыт. Мемлекеттік тілді меңгеру.

2-бағыт. Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту.

3-бағыт. Қазақстандықтардың тілдік мәдениетін көтеру.

4-бағыт. Қазақстандағы лингвистикалық капиталды дамыту.

Жоспардағы мақсаттарды іске асыру үшін «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының орындалуын ғылыми-әдістемелік, материалдық-техникалық және кадр ресурстарымен қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыру, мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру жүйесін құрып, насихаттау және қолдану аясын кеңейту, Қазақстан халқының басқа да тілдерін сақтауға мемлекеттік қолдау көрсету сияқты міндеттер алға қойылып отыр.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңды іске асыру, орындау туралы мәселелер 2012 жылдың 19 наурызында облыс әкімі аппаратының мәжілісінде, 17 мамыры күні Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында, Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі облыс прокурорының жанындағы Қоғамдық Кеңестің 25 шілдедегі отырысында, сондай-ақ Көкшетау, Степногорск қалалары мен 16 ауданда аудан әкімдерінің отырыстары мен аудандық мәслихаттың мәжілістерінде қаралды.

Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы. Осы орайда, Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру көзделеді.

2012 жылы облыс халқының 63%-ы мемлекеттік тілді меңгерген болса, стратегиялық жоспар бойынша бұл көрсеткіштің динамикасы келесідей болмақ:

2013 жылы – 68%

2014 жыл – 73%

2015 жылы – 75%

2020 жылға қарай – 95%.

Мемлекеттік тілді меңгерген мектеп түлектерінің үлесі 2017 жылы 70%-ға, 2020 жылы 100%-ға жетуі тиіс.

Ана тіліміздің өз дәрежесінде дамуының бір бағыты оқытумен байланысты. Осыған орай, оқыту, тәрбиелеу процесінде ана тілінің абыройын арттыруға қатысты шаралар белгілі бір жүйемен жүргені дұрыс. Балабақша мен мектептен басталатын бұл іс маман жоғары оқу орнын бітірген кезде өзінің жоғары деңгейдегі нәтижесін беруі қажет.

Облыс бойынша 150 балабақша жұмыс істейді, оның ішінде таза қазақ тілінде тәрбие беретіндері – 40, орыс тілінде оқытатындары – 30, аралас тілді – 80. Осы балабақшалардағы бүлдіршіндер саны – 22960, оның 14784-і, яғни 64%-ы қазақ тілінде тәрбиеленеді.

Биылғы оқу жылының басында білім алып жатқан 102 899 оқушының 44 196-сы қазақ тілінде оқиды, яғни барлық оқушылардың 43 пайызы. Былтырғы оқу жылында орыс және басқа ұлт өкілдерінің 669 баласы қазақ тілінде білім алса, биыл бұл цифр 720-ға өсіп отыр.

Бүгінде облыс бойынша 44 колледж жұмыс істейді. Осы колледждерде оқитын студенттердің саны – 25898, оның 6387-сі (24,6%) қазақ тілінде білім алады. Қазақ тілінде дайындайтын мамандықтардың саны – 62, яғни 50,4 пайызды құрайды.

Бірінші мақсатқа қол жеткізудегі тағы бір міндетті бағыт мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру жүйесін құруды басқару болмақ.

Бұл бағытты мемлекеттік қызмет саласы, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету жүйесінде жұмыс істейтін ұйымдар қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білу деңгейіне қойылатын ең төменгі талаптарды айқындау арқылы іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, ҚАЗТЕСТ-тің негізінде үйренушілердің білім деңгейін бақылау мен оларды материалдық жағынан көтермелеу жүйесін енгізу көзделеді.

Облысымызда қызметшілерді мемлекеттік тілге жедел үйретудің орталықтандырылған жүйесі қалыптасқан. Осы орайда 2003 жылы «Ақмола облысының мемлекеттік тілді оқыту орталығы» ММ, қазір «Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығы» КММ ашылды. Кейін мемлекеттік тілді оқыту орталықтарына қажеттілік артып, облыс көлеміндегі қалалар мен аудандарда дәл осындай орталықтарды ашу мәселесі қолға алынды. Бүгінгі таңда 1 облыстық, 16 аудандық және 2 қалалық, яғни жалпы саны 19 мемлекеттік тілді оқыту орталығы ашылып, олар жүйелі түрде қызмет атқаруда. Аталған 19 орталықтың 3-еуі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын, 4-еуі коммуналдық мемлекеттік мекеме, 12-сі мемлекеттік мекеме.

Бұл орталықтардағы оқыту курстарына тартылған адамдардың саны жыл сайын артуда. 2012 жылы 269 топта 3001 тыңдаушы оқып шықты. 2010 жылмен салыстырғанда, 39%-ға артып отырғандығын айта кеткен жөн (2010 жылы – 1859, 2011 жылы – 2518, 2012 жылы – 3001 тіл үйренуші). 2012 жылғы тіл үйренушілердің 40%-ы (1204 тыңдаушы) мемлекеттік қызметшілер болды. Осы уақытқа дейін сертификат алғандардың саны 2357-ні құрап отыр, оның 858-і мемлекеттік қызметшіге тиесілі.

Облыстағы барлық орталықтар республикалық оқыту Стандарты, Тұжырымдамасы, Типтік бағдарламасының негізінде жасалған Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге (ересектерге, жеке тіл үйренуші тұлғаларға) жеделдете оқытудың үш деңгейлік «Оқжетпес», «Көкшетау» оқу-әдістемелік кешендері бойынша жұмыс істеуде. Осы кешендердің құрамына бағдарлама, оқу сөздігі, модульаралық бақылау жұмыстары, жұмыс дәптерлері енгізілді. Оқыту бағдарламасы әрқайсысы 120 сағаттан тұратын 3 деңгейге (бастауыш, жалғастырушы, жоғары) негізделген.

Мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіріп отыру мақсатында жыл сайын семинар-кеңестер, конференциялар, байқаулар ұйымдастырылады.

Жүргізіліп жатқан тіл саясатының басты мақсаты – мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру. Осы орайда, қазақ тілін үйренуге мүдделі барлық тұлғаларға кеңінен мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында облыстық оқыту-әдістемелік орталығы жанынан білім деңгейі бойынша тегін курстар ұйымдастырылды. Өткен оқу жылы 5 топта 40 тыңдаушы оқытылды.

Сондай-ақ, облысымызда этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне қазақ тілін үйретуде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қызмет көрсетіледі. Бұл жобаның арқасында жыл сайын 100-ден аса өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндік алады. Осы жылы «Евразия-Даналық» гуманитарлық зерттеулер жекеменшік қоры конкурста жеңіске жетіп, “Инновациялық технологиялар мен интерактивті оқыту әдістері бойынша мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту” жобасын іске асыруда.

Бағдарламаның 2-кезеңінде, яғни 2014-2016 жылдары ҚАЗТЕСТ жүйесімен ҚР азаматтарының қазақ тілін білу деңгейін бағалау жұмыстары басталады. Облыстық оқыту-әдістемелік орталығы тіл саясатының бұл талаптарын осы бастан нәтижелі қолға алып, біршама жұмыс атқарды. ҚАЗТЕСТ жобасы бойынша қалалар мен аудандарда ақпараттық насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқытылып жатқан мекемелерде алғашқы байқау сынақтары да өтті. Әдістемелік материалдар Көкшетаудағы мекемелер мен аудандарға таратылды.

ҚАЗТЕСТ жүйесін насихаттау, ақпарат беру мақсатында Ішкі істер департаментінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, облыстық сотта, Көкшетау техникалық институтында арнайы дәрістер оқылды. Сонымен қатар, облыстық оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Зеренді, Шортанды, Сандықтау, Егіндікөл, Ақкөл аудандары және Степногорск, Көкшетау қалаларында өткен өңірлік семинарларда ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша арнайы дәрістер оқылып, панорамалық сабақтар берілді.

Тіл басқармасының ұйымдастыруымен өткізілетін «Мемлекеттік тіл саясаты және оны өңірлерде нақты іске асыру мәселелері» атты практикалық семинарлардың 2-секциялық бөлімінде ҚАЗТЕСТ ұлттық жүйесі туралы дәріс беріледі. Мәселен, 2012 жылы Бұланды, Астрахан, Қорғалжын, Жақсы, Ақкөл, Сандықтау, Зеренді аудандарында насихат-түсіндіру жұмыстары атқарылды.

«Арқа ажары» газетінде «Тіл таразысы – ҚАЗТЕСТ», «Бұқпа» газетінде «Мемлекеттік тілді үйретудің жаңа талабы - ҚАЗТЕСТ», «Степной маяк» газетінде «КАЗТЕСТ: экзамены не за горами», «КАЗТЕСТ нам в помощь» мақалалары, аудандық «Бұланды жаршысы» газетінде «Что такое КАЗТЕСТ?», «Тыңдалым блогы», «Зеренді» газетінде «Ересектерді оқыту барысында жаңа педагогикалық технологияларды қолдану тәсілдері», Аршалы аудандық «Вперед» газетінде «Система КАЗТЕСТ будет стимулировать развитие казахского языка» мақалалары жарияланды.

Жоғарыда аталған орталықтар жұмысынан күтілетін нәтиже – жүйелі оқыту курстары арқылы мемлекеттік қызметшілердің мүмкіндігін іс құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізу деңгейіне жеткізу. Мемлекеттік тіл тек қазақ тілін білмейтіндердің мәселесі деген қағидадан да арылуымыз керек. Басты бағдарымыз білікті, сауатты кадрларды даярлау дейтін болсақ, тілі қазақша шыққанымен, ана тілінде әдеби және орфоэпиялық нормаға сай, жатық сөйлейтін, сауатты жазатын маманға зәру екенімізді де мойындауға тиіспіз. Бұл жайт маман даярлап отырған оқу орындарынан мәселеге мемлекеттік мүдде тұрғысынан жаңаша қарауды талап етеді.



«Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту» атты екінші мақсатты іске асыру үшін мемлекеттік тілді қолданудың абырой-беделін көтеру және оған деген қажеттілік пен сұранысты кеңейту жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру қарастырылады. Мемлекеттік тілде сөйлейтін адамның беделді бейнесін қалыптастыру, мемлекеттік тілді әрбір отбасы дәстүрі ретінде көпшілікке таныту, саяси және РR технологиялар арқылы қоғамдық санада қазақ тілін білушілердің артықшылықтарын мықтап орнықтыру міндеттерін іске асыру және мемлекеттік тілді қоғамдық өмірдің барлық саласына кіріктіру болып табылады.

2012 жылдың желтоқсан айында ісқағаздарындағы мемлекеттік тілдің үлесі облыс бойынша 91,58%-ды құрады. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 79,3%, 2011 жылы 86,6% болатын, яғни динамикалық өрлеу байқалады. Өкінішке орай, қазіргі уақытқа дейін бірде-бір аудан жүз пайыздық көрсеткішке жеткен жоқ.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін толық іске асыру әлі мүмкін болмай отыруының себебі – тіл мәртебесін тек ресми тұрғыдан жариялағанмен, оның жер-жерде үйретілуі мен қолдануын жүзеге асырар тетік күні бүгінге дейін жеткілікті дәрежеде іске қосылмай отырғандығында. Мемлекеттік тілде іс жүргізу мен қызметтік қарым-қатынас жасау қосалқы сипатта ғана. Ресми құжаттар мен барлық қаулы-қарарлар мемлекеттік жауапты адамдардың өздері ойланып-толғанып, тікелей араласуымен жазылмай, тек орыс тілінде дайындалып, содан соң аудармашылар күшімен ғана қазақ тіліне аударылуы нәтижесінде мемлекеттік тіл аударма тіліне айналып отыр. Әрине, бұның бәрі уақыттың еншісінде. Санның артуы, сананың орнығуымен бәрі де өз орнына келеді деген сенімдеміз.

Мемлекеттік тілді насихаттау ісі де маңызды мәселе. Бұл міндетті жүзеге асыруда қазақтілді баспасөз, радио, теледидар, кино, концерт, мультфильм және барлық білім саласы ықпалды күшке айналғаны жөн. Өйткені тілдің ықпалы мен көрінісі қазіргі заманда тек қана БАҚ арқылы жүзеге асады және мемлекеттік тілдің насихаты тек қазақ тілді хабарлар мен басылымдарда емес, сондай-ақ орыстілді БАҚ құралдарында көбірек насихатталуы қажет.

Тіл саясаты жөніндегі жергілікті жерлерде атқарылып жатқан жұмыстарды облыстық, қалалық, аудандық басылым беттерінде үнемі жариялау, БАҚ-тың барлық түрлерінде мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында тұрақты айдарлар мен бағдарламалардың болу мәселелері жүйелі қолға алынған. Мәселен, барлық деңгейдегі газеттерде шамамен 32 айдар мемлекеттік тілді насихаттау, оқытуға бағытталған. Жыл сайынғы жүргізілетін мониторинг нәтижесіне сәйкес, тіл мәселесіне қатысты жарияланымдардың БАҚ-тағы үлесі соңғы жылдары 72%-ға артып отыр. Облыстық телеарнада берілетін барлық хабарлардың 69%-ы, радиоларда берілетін бағдарламалардың 50%-ы қазақ тілінде таратылады. Тіл саясатын насихаттау, оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында «Мы научились», «Живой родник» және «Мың бір сөз» телебағдарламалары жүргізіледі.

2012 жылы облыстық ведомстволармен қоса, Бұланды, Астрахан, Қорғалжын, Жақсы, Сандықтау және Зеренді аудандарында жалпы саны 75 мекеме тексерілді, оның ішінде Бұланды ауданында - 12, Астрахан ауданында - 10, Қорғалжын ауданында - 16, Жақсы ауданында - 7, Сандықтау ауданында - 13, Зеренді ауданында – 12, Облыстық табиғатты қорғау прокуратурасымен бірлесіп 5 мекеме тексерілді. Нәтижесінде 6 прокурорлық ұсыныс жасалып, 20 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, 2012 жылдың І жартыжылдығында 2011 жылғы мониторинг нәтижесі бойынша 15 облыстық мекемеде және облыс прокурорының жанындағы Қоғамдық Кеңестің 25 шілдедегі отырысының хаттамалық шешімін негізге ала отырып, тіл заңнамасының орындалуын бақылауға алу, іс жүргізудің материалдық-техникалық базасын нығайту, әдістемелік көмек көрсету мақсатында 20 облыстық мекемеде тіл заңнамасы талаптарының орындалуына зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Көкшетау қаласы прокуратурасының 2012 жылғы 26 сәуірдегі №7-1813-12 хатына сәйкес басқарма Көкшетау қаласының 23 мемлекеттік мекемесінде (9 қалалық бөлім мен басқарма, 2 әкімдік және 12 мектеп пен балабақша) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Конституциялық заңының орындалуына тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 6 мекеменің мемлекеттік рәміздері заңға сәйкес болса, қалған 17 мекеменің рәміздерінде емлелік қателіктер мен заңбұзушылықтар анықталды. Орын алған кемшіліктер туралы анықтама жазылып, Көкшетау қаласы прокуратурасына жолданды.

«Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың күш-қуаты» атты үшінші мақсат ең алдымен, терминология және ономастика саласындағы жұмысты жақсарту арқылы қазақ тілінің лексикалық қорын одан әрі жетілдіру мен жүйеге келтіру жөніндегі шаралар жүйесін іске асыруды көздейді.

Биылғы Жолдауда: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүниежүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек. Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Мемлекеттік тілмен қатар Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз», - делінген.

Тіл саясатының маңызды бағыты ретінде әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын ретке келтіру, елді мекендерді қайта атау және тарихи-географиялық атауларды қалпына келтіру жұмыстарына да үлкен мән беріледі. Қазір облыстағы 637 елді мекеннің 345-інің (54%) аты қазақша. Басқарма құрылғаннан бері ғана 100-ден аса объектінің атауы өзгертілді.

Ономастика мәселесі — тек филолог-ғалымдардың не болмаса, тілдерді дамыту басқармалары мен бөлімдері мамандарының ғана шаруасы емес. Ол — тарихшылардың, географтардың, жалпы халықтың, тұтас ұлттың проблемасы.

Мемлекеттің ұлттық сипатын таны­татын ономастика саласы бүгінде ғылыми-тәжірибелік, мәдени-тарихи, сондай-ақ қоғамдық-саяси маңызға ие екендігі бел­гілі. Соңғы екі-үш жылдан бері еліміздегі қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты ономастикалық атауларды өзгертуге мораторий жарияланғаны белгілі. Алайда, дәл қазір мораторий жарияланды деп қол қусырып отыратын уақыт емес, физикалық-географиялық объектілерді, нысандарды сараптап, тың деректер іздестіріп, зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, оларды қазіргі заман және заң талаптарына сай қайта атау, тарихи әділеттілік орнату үшін дайындық жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Осыған орай, облыста ономастика мәселелері бойынша 2012-2014 жылдары атқарылатын іс-шаралардың перспективалық жоспары жасалды. Сондай-ақ, осындай жоспар жергілікті жерлерде де бекітілді.

Облыс аумағындағы заңдастырылмаған елді мекен, көше аталауларын жергілікті жерлердегі ономастика комиссиясының шешімімен растап, «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйелер қорына енгізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Облыс аумағындағы 637 елді мекен және 5531 көшенің құжаттары ақпараттар қорына енгізіліп, жұмыс толығымен 100% аяқталды.

Жыл сайын облыстағы тіл дамытудың өзекті мәселелеріне арналған іс-шаралардың сапасы да артып келеді. Атқарылған жұмыстар туралы ақпараттар мен мәліметтер енгізілген «Өңірлік тіл саясаты: белестен белеске» жинағын шығару – Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының бірнеше жылғы дәстүрі. Басқарма «Қазақстан РТРК» АҚ Ақмола облыстық филиалымен бірлесіп, жыл сайын бейнефильм түсіреді. Басқарма әр жылдың басында тіл мәселелері бойынша өткен жылдың қорытындылары мен алдағы жылдың міндеттері туралы қорытынды кеңес өткізеді. Көшпелі семинар-практикумдар, байқаулар, дөңгелек үстелдер өткізуге көп көңіл бөлінуде, әрі облыстық оқыту-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып, аудандардағы орталықтарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында өңірлік семинарлар да жиі өткізіледі.

2012 жылы тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында «Өңірлік тіл саясаты: белестен белеске (2011)» жинағы жарияланды, «Дүниеде қазақ деген ұлт барда қазақ тілі мәңгі жасай береді» атты бейнефильмі әзірленді, «Қазақ тілін білу – парыз» атты ролик түсіріліп, облыстық телеарнада көрсетілді. 2012 жылдан бастап басқарманың ресми сайты іске қосылды. 2012 жылы 12 байқау өткізілді. Сондай-ақ, Бұланды, Астрахан, Қорғалжын, Жақсы, Ақкөл, Сандықтау және Зеренді аудандарында, Шортанды ауданындағы А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында, Көкшетау техникалық институтында семинар-кеңестер, Кәкімбек Салықов, Шота Уәлиханов пен Жұмағали Саинның мерейтойларына орай әдеби-музыкалық кештер өтті.

Басты назардағы мәселенің бірі - көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың ахуалын қадағалау мен реттеу.

Көрнекі ақпаратты, барлық жарнамалық өнімдерді тіл заңдылығына сәйкестендіру мақсатындағы жұмыс тиісті нәтижесін беруде. Облыс орталығының көрнекі ақпараттарындағы Заңның орындалу барысына тоқсан сайын зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Тіл басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес, жыл сайын «Қала келбеті» деп аталатын бақылау рейдтері ұйымдастырылады.

Басқарма 2012 жылдың шілде-тамыз айларында «Қала келбеті», «Аудан келбеті» рейдтерін өткізді. Рейд барысында облыс аумағындағы 3960 көрнекі ақпарат зерделеніп, оның 593-і (15%) тіл заңнамасына қайшы келетіні анықталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 337 (9%) жарнама өнімі түзетілсе, қалған 256-сы (6%) бір ай көлемінде заңмен сәйкестендірілген болатын.

«Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту» атты төртінші мақсатты іске асыру – орыс және шетел тілдерін оқып үйренуге арналған. Біз Ұлы Абай атамыздың «орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр» деген сөздерін ұмытпауымыз керек. Бірде-бір қазақ орыс тілінен жаманшылық көрген емес. Керісінше, Абай атамыз айтқандай, ғылым мен өнердің, бүкіл дүниенің хикметтерін орыс тілінен аударылған телегей-теңіз кітаптар арқылы таныдық. Осы артықшылығымыздан ешуақытта айрылмауымыз керек.

Бұл мақсаттың тағы да бір маңызды бағыты шет тілдерін, әсіресе, ағылшын тілін үйрену. Бұл – өмір қажеттілігі, әлемдік бәсекеге қабілеттілік белгісі. Елбасының биылғы Жолдауында да: «Біз ағылшын тілін игеруге де серпіліс жасауымыз керек»,- делінген. Осы ретте облыстық оқыту-әдістемелік орталығында 2013 жылдан бастап ағылшын тілін оқыту курсы жұмыс істейтін болады.

Төртінші мақсаттың аясында Қазақстанда тұратын этностар тілдерін оқып-үйрену және сақтау үшін қолайлы жағдай жасау көзделген. Қазақстанның көп ұлтты халқының тілінің көп тілділігі біздің мәдениетімізді айтарлықтай байыта түседі. Осы орайда, облыста әрбір ұлт өкілінің өз туған тілін оқуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Оның басты айғағы – Ақмола облысы бойынша 41 этномәдени бірлестік қызмет атқаруда, оның 19-ы Көкшетау қаласында, ал 22-сі аудандар мен Степногорск қаласында өз қызметін жүзеге асырып жатыр.

Ана тілінен тамырын үзген адам – осы байлық пен бағасыз игіліктен айырылған жан. Өйткені тіл – мәдениет пен білімнің кілті, халықтың халық болуының басты факторы. Сондықтан Қазақстандағы көптілділікті сақтау аясында ең алдымен облыстағы этностардың өз ана тілін меңгеруіне жағдай жасалады.

Осы орайда, бұл бағыттағы үлкен жұмыстарды атқарып жүрген – «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебі. Бұл мектеп 2010 жылы облыс әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша «Әулет» мектептен тыс жұмыстар орталығы жанында ашылды. Екі жылдан бері Көкшетау қаласындағы №1 орта мектеп базасында атқарып келеді.

Мектептің негізгі мақсаты – Қазақстан этностарының арасындағы бейбітшілік пен келісімді сақтау, облыста тұрып жатқан этностардың өз ана тілін меңгеруіне қолайлы жағдай жасау және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру.

Қазір 8 бөлім жұмыс істеп жатыр. Осы оқу жылы 6 және 18 жас аралығындағы 200 баладан 16 топ құралған. Мектептердегі барлық оқушылар ата-анасының өтініші бойынша қабылданады. Оқыту – тегін. Қалалық бюджеттен қамтамасыз етіледі.

Осы оқу жылы сегіз тіл меңгертілуде: қазақ, орыс, поляк, неміс, кәріс, инғұш, татар, армян. Аталған топтар бастауыш және жалғастырушы деңгейлерге бөлініп, оларға ана тілі және елтану пәндері оқытылады.

Мектеп оқытушылары өте тәжірибелі, білікті, жоғары білімді мамандар, барлығы да конкурстық жүйемен қабылданған. Олар жыл сайын халықаралық форумдар мен семинар-тренингтерге қатысып, тәжірибе алмасуда. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы «Үздік жексенбілік мектеп оқытушысы» облыстық байқауын жыл сайын өткізеді.

«Шаңырақ» мектебінің оқушылары қаладағы маңызды шаралардың барлығында да белсенділік танытып жүр. Мектепте Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелері, сондай-ақ Рождество, Пасха, Сабантуй сияқты ұлттық мейрамдар да аталып өтеді.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғандағы жетістіктері», «Менің Қазақстаным – менің болашағым», «Әз Наурыз», «Қонақжай қазақ елі», «Мемлекеттік рәміздердің маңызы», «Әулие Анджей күні», «Сольналь», т.б. тақырыптарда іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Этномәдени бірлестіктердің ішінде «Видергебурт» немістер қоғамының еңбегін ерекше атауға болар. Аталмыш қоғам Көкшетау және Степногорск қалалары мен Бурабай, Сандықтау аудандарында неміс тілін оқытуда. Ересектерден құрылған топтар да, балаларға арналған арнайы тіл үйрету үйірмелері де бар.

Облыста, сонымен қатар, поляк тілі жақсы меңгертілуде. «Полония» ұлттық-мәдени орталығы Астрахан ауданында, ал «Ақмола облысы поляктар бірлестігі» Көкшетау қаласында поляк тілін оқытуды жүзеге асыруда.

Қорыта айтқанда, Бағдарламаны іске асыру алдымызға жаңа міндеттер жүктейді. Олардың бәрін рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар екендігін атап айтқым келеді.

Алға қойған мақсаттарды іске асыру үшін 2013 жылы негізінен мынадай міндеттер көзделеді:



  • «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалуын бақылауды жүйелі жолға қою;

  • Мемлекеттік және басқа да тілдерді дамытуға ықпал ететін іс-шараларды ұйымдастыру;

  • Мемлекеттік тілді мемлекеттік басқару тілі ретінде қолдануды қамтамасыз етуге барынша жағдай жасау;

  • Этникалық қауымдастықтар (диаспоралар) өкілдеріне ана тілін оқытуға мемлекеттік қолдау көрсету.

Олай болса, 2013 жыл да мемлекетіміздің одан әрі көркеюімен қатар, тіліміздің мерейі шын мәнінде үстем болатын табысты жыл болсын. Осыған баршамыз бірігіп, бір кісідей атсалысайық.



Ғосман Төлеғұл

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет