1.20 Ағысқа қарсы жүзген (Мұхамеджан Тынышбаев)
«Жаңа туған әрбір күн – өткен күннің оқушысы» - деп көне дәуір философы Публиций Сир айтқандай төл тарихымыздың ақтаңдық беттерін қалпына келтіру заман талабы. Олай болса аласапыран кезеңнің отты қазанынан қайнап шыққан болмысы мен бітімі бөлек ізашар буынның аға өкілдерін атағанда Мұхамеджан есімі де ерекше ілтипатпен аталады.
Мұхамеджан Тынышпайұлы 1879 жылы яғни, қоян жылы мамыр айының он екісінде бұрынғы Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысына қарасты Жыланды тауының баурайында Садырдан тарайтын Тәуімбет әлдекенің Тынышбайының шаңырағында өмірге келеді.
Мұхамеджанның әкесі – Тынышбай кісілікті, ел жұртына беделді отағасы екен. Көне көз қарттардың айтуынша, патша үкіметі зорлықпен шұрайлы жерлерді казак-орыстарға таратып, алып бере бастағанда, намысқа шыдамай, соның соңынан дау айтып, өз бастықтарының есігін тоздырып, қуылғандардың алдыңғы легінде Тынышбай да жүрген.
Анасы – Шаһизадабану (Шәкен) келбетті, ақжарқын жан болған. Тынышбай мен Шаһизадабанудан екі ұл, үш қыз туған. Олар : Ахмеджан (Айналда), Мұхамеджан, Салмақты, Қадиша, Қампаш. Болашақ кемеңгердің балалық шағы атақонысы – Ешкіөлмес жайлауы – суық, қыстауы – Сартарын, Басқан өңірлерінің шөбі шүйгін, суы шәрбат, әсем табиғат аясында өтеді. Кішкентайынан қағылез, алғыр боп өсіп келе жатқан бес жасар Мұхамеджанға бірде Лепсідегі медреседе дәріс беретін Хамитмағзұм молданың ықыласы түсіп алғаш рет тілін сындырады. Қабілетті бала, сөйтіп, жылға жетпей арабша хат танып шығады. Осылайша зерек Мұхамеджанның еңбекқорлығы дүйім жұртқа жайылып, алты-жеті жасқа дейін-ақ ауылдың барша ұсақ жандығына көз болып, үлкендердің қолын ұзартып, алғысын алып жүреді.
Бір жолы сарттарға өрістегі ауылының «қызыл қоқысын» санасып жүрген ат үстіндегі Мұхамеджан қасқабас аталған ояз бастығының назарын аудартады. Сол күннен бастап ояз бастығы кішкентай досына іштартып қолынан келген қамқорлығын аямайды. Ол он жасқа толғанда Алматыда «бұратаналардың» балалары үшін генерал-губернатор Г. А. Колпаковский аштырған гимназияның дайындық бөліміне алынуына тікелей ықпал етеді. Лепсіден 500 шақырым Алматыға Тынышбай ұлын қос ат жеккен арбамен екі апта дегенде әрең жеткізеді.
Осы жолы олар Барлыбек Сырттанұлының Қапалдағы үйінде болады. Петербор университетінің шығыстану факультетін алғаш бітірген төрт жігіттің бірі – Барлыбек шешен сөйлеп, мауқын басып, ішіндегі дертті шерін тарқатқандай көсіледі. «Ең әуелі, - дейді ол, - білімге ұмтылу керек. Сауатсыз, надан ел түптің түбінде барлық асыл қасиетінен айырылады. Ұлттың қадір-қасиеті мен белгісінен ажыраған елдің халықтық мінез-құлқы, қалыбы да өзгереді. Білімді жұрттар күшті де, мәдениетті келеді. Біздің оларға теңесуімізге, төрт құбыламыз бүтін, дербес патшалық құруымызға қолымызды жеткізетін жол біреу-ақ, ол – білімде». Бұл әңгімелердің сырын терең ұғынған сезімтал Мұхамеджанның санасына өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Дәл осы жүздесуден соң Барлыбекті үлкен жолға салған ұстазы санап, кейінірек шын көңілінен есіне алады.
1890 жылы тамыздың 14 жұлдызында Верный (Алматы) қаласындағы ер балалар оқитын гимназияның табалдырығын аттайды. Оқуға қабылданған зерделі жастың қабілеті мұғалімдер қауымын ә, дегенде-ақ бірден баурап алады. Жанары ойға толы, сабырлы да салмақты қыр баласы оқу бағдарламасындағы пәндердің барлығынан тоқсан қорытындысы сайын өте жақсы деген бағамен үлгілі тәртібіне орай мұғалімдер кеңесі тарапынан үнемі алғыс алып, кластан класты 1-дәрежелі мақтау қағазбен тәмамдап отырады. Гимназия қабырғасында жүргенде-ақ Мұхамеджан ғылымның сан саласына қатысып әдебиеттерді көз майын тауысып, құныға оқып, өзінің ізденімпаздығы, алғырлығымен білімін тереңдете түседі.
Өзі тұрғылас құрбы-құрдастарының арасында тамаша қасиеттерімен көзге түсіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 1899 жылы орыс әдебиетінің дүлділі А. С. Пушкиннің 100 жылдық меретойына байланысты ұйымдастырылған әдеби-музыкалық таңертеңгілікте (VІІ – сынып оқушысы) Мұхамеджан Тынышбаев ақынның «Полтава» шығармасы бойынша «Ұлы Петр мен Макенаның адамгершілік қасиеттері» деген тақырыпта реферат оқиды.
Гимназияны үздік бітірген дарында жасқа Жетісу облыстық әскери губернатор кеңесінен қызмет ұсынылады. Бірақ білімін әлі де толықтырғысы келген Мұхамеджан бұл қызметтен бас тартып, империя астанасындағы І Александр атындағы жол-қатынасы инженерлерін дайындайтын институтқа барғысы келетінін мәлімдеді. Он жыл бойы үздік оқып, гимназия мақтанышы болған шәкіртінің хал-жайын адамгершілікпен сезіне білген гимназия директоры М. Вахрущев дереу Жетісу облысының әскери губернаторына : «...қай жағынан алсақ та Мұхамеджан Тынышбаев тамаша шәкірт қана емес, нағыз талант иесі. Сондықтан да жоғары мәртебелім, сізден өтінерім, қолыңыздағы қаражаттан Тынышбаевқа стипендия бөлсеңіз. Мұндай қаражатсыз ол жоғары оқу орнынан білім алуға еш мүмкіндігі жоқ» деп өтініш түсіреді.
Ұстаз өтініші аяқсыз қалмайды. Облыстың земская стипендиясы тағайындалып, 1900 жылы 21 жасында өзі армандаған оқу орнына емтихандарын кілең бестік бағаға тапсырып, студент боп қабылданды.
Инситут бағдарламасындағы сабақтарды ол құрбыларының алды болып, үздік оқыған Мұхамеджан, астананың мәдени тірлігіне жақын жүріп, рухани дүниесін байыта түседі. Жиі болып тұратын әр түрлі мәдени-әдеби кештерге, жиындар мен саяси жиналыстарға қатысып, күннен күнге білімі өсіп, шын мәніндегі зиялы азамат болып қалыптаса бастайды.
Әсіресе, соңғы курстарда оқып жүрген кезінде қоғамдық – саяси жұмыстарға бел шешіп кірісіп, туған халқының ауыр тұрмысы, мүшкіл халі туралы астана мінбелерінен мазмұнды баяндамалар жасады. Баспасөз бетінде мақалалар жазды. Патша өкіметінің үні саналатын «Санкт-Петербургские ведомости» газетінің 1905 жылғы № 75 санында жарияланған «Қазақ даласындағы көшпелі ел тұрмысының мұқтаждығы туралы» деген мақаласында жаппай қоныс аударушы орыс мұжықтарының жергілікті көшпелі халықтың шаруашылығына нұқсан келтіріп, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін күрт төмендетіп жібергенін, санақшы – ғалым Щербина экспедициясының зерттеу мәліметтеріндегі қате тұжырымдармен келісуге мүлде болмайтындығын сынайды.
Осы жылы автономшылар одағының 1 – құрылтайында «Қазақтар һәм азаматтық қозғалысы» деген тақырыпта баяндама жасап, патша әкімшілігінің қол астына қараған шет аймақтардағы халықтарға жасап отырған озбырлық, адам төзгісіз отарлық саясатын батыл әшкерелейді.
Сол 1905 жылы патша өкіметінің министрлер комитетіне жазған арызында патша өкіметінің қазақтарды билеу ережелерінің өмір талабына сай еместігін, қазақ халқының мүддесіне қайшы ережелер екендігін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, елді әскери басқару жүйесінен азаматтық басқару жүйесіне көшіруді талап ететін қазақ халқының ар-ұждан бостандығы, дін бостандығы, тең құқылылығын күн тәртібіндегі басты мәселе деп түсіндіреді. Ескірген ереже, таланған жер, күйзелген ел туралы министрлер комитетінің ойланар уақыты жеткендігін ескертті.
Осыдан бастап патша жандармериясының «қара тізіміне» іліккен Мұхамеджанның әрбір басқан қадамы ерекше бақылауға алынады. Төңкерілістің кең қанат жайған шағында, 1906 жылы институтты аяқтап, қазақтан тұңғыш рет темір жол инженері мамандығына ие болған Мұхамеджан орыс тілін жақсы меңгерумен қатар француз, ағылшын тілдерінде де сөйлей алатын болған. Осымен орай ол бүкіл әлемнің классикалық әдебиетімен де таныс болды.
Оқуы аяқталысымен патша үкіметі құрған экспедициямен Қазақстанның оңтүстік аймағына келді. Мұндағы мақсат оңтүстік Түркістан – Сібір темір жолын тарту үшін соның ең ыңғайлы және қолайлы жобасын белгілеу еді. Содан Бішкек қаласы мен Верныйға дейінгі жер ыңғайын сондай-ақ осы екі аралықты түгел зерттеп шығады.
Ендігі жерде білімді азамат туған елінің саяси-әлеуметтік ісіне белсене араласады. Ол жергілікті халықтың қолдауымен 1907 жылы ІІ – Думаға Жетісу өлкесінен депутат болып сайланады. Думадағы айтыс-тартыс оны шыңдай түседі. Бірақ, көп кешікпей дума таратылады. Мұхамеджан байырғы кәсіптік мамандығына ден қоя бастайды. Орта Азия теміржол құрылысында өзінің еңбек жолын бастайды. 1914 жылы Түркістан - теміржол құрылысына бас инженер болып ауысады. Инженерлік қызметін істей жүріп, ел өмірін жіті зерттейді. Өзінің байқаған ой қорытқан кейбір мәселелері жөнінде әртүрлі тақырыпты қамтып баспасөз бетінде мақалалар жазады.
1915 жылы «Қазақ» газетінде «Қазақ инженері» атты бүркеншік есіммен жарық көрген «Соғысушы патшалар әскері», «Сүңгуір қайық», «Соғысушы патшалар қару – жарақтары» атты мақалалары қазақ оқырмандарына бірінші дүниежүзілік соғыстың мән-жайын кеңінен түсіндірсе, «Барлыбек Сырттанов», «Садуақас Шалымбеков» секілді мақалалары халқымыздың аяулы ұлдары туралы деректік мәні зор еңбектер болып табылады.
Міне, осындай қилы кезеңде қазақты желіктіріп, құтыртып отырғандардың бірі деген сенімсіздікпен Мұхамеджанның үстінен Верный окружной соты прокурорының бұйыруымен іс қозғалады. Осыған байланысты ол сотқа жазған жауабының түсініктемесін жоғары мәртебелі Түркістан генерал-губернаторына жолдап, көшірмесін тергеушіге береді. Бұл құжаттың мазмұны патшаға қараған уақыттан бергі орыс өкіметі тарапынан жергілікті халыққа жасап келген жүгенсіздігі мен бассыздық іс-әрекеттерінің 1916 жыл оқиғасының шығуына әкеліп соққан қысқаша тарихын өзі куә болған айғақтар мен дәйектемелер арқылы дәлелдеп, сөз етеді. Ел басына күн туған алмағайып заманда бас сауғалап, шекара асып, Қытайға асқан қазақ-қырғыздардың саны туралы мәліметті Тынышбайұлы қалдырғанын ерекше айта кету лазым. Ол «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 6-желтоқсанындағы № 254 санында 44 болыс елде 47 мың 759 түтін бар екендігін, содан қашқаны 40 мың 250 түтін, қырылғаны 95 200 жан дегенді жазады.
Мұхамеджан Тынышбайұлының мұнан кейінгі ақпан мен қазан төңкерістері кезіндегі сіңірген елеулі еңбектері де өлшеусіз зор. Төңкеріс уағында өлкенің жағдайын жетік білетін жұрт алдында беделі зор, білімді М. Тынышбаев Жетісу облыстық уақытша өкіметі комиссарының орынбасары болып тағайындалды. Мұнда істеген қысқа мерзімде ол 1916 жылғы және одан кейінгі дүрбелеңдер жерінен зардап шеккен ел шаруашылығы мен халық ынтымағын қалпына келтіруге аянбай күш-жігер жұмсады.
1917 жылы қарашаның 27-жұлдызында жатқан шаһарында Түркістан мұсылмандарының төртінші жалпы құрылтайы өтеді. Осы құрылтайдың шешімі бойынша Түркістан аймағы автономия деп жарияланып, оның бас министрлігіне Мұхамеджан сайланады. Көп ұзамай 1918 жылдың күзінде ол бұл қызметтен босап, Ташкент арқылы Ешкіөлмеске оралады. Әрқашан әлеумет жұмысына белсене араласатын М. Тынышбайұлы келе Алаш қозғалысына араласып, 1919 жылдары оның белді басшыларының бірі болды. Бұл кезде қазақ даласы қаша соғысқан ақ гвардияшылармен қуа соғысқан қызылдардың соғыс алаңына айналады. Ел басына күн туып, ерге сын болған осы ауыр кезеңде халықты қанды қырғын, есепсіз мол шығыннан аман сақтап қалуға қам жасап, қызыл Армияның әскери штаб басшыларымен тиімді келіссөздер жүргізуге қадам жасады.
Алашорда таратылып, Кеңес өкіметі тарапынан кешірім жасалғаннан кейін де М. Тынышбаев өз халқына, жаңа заманға адал ниет, шын пиілмен қызмет етті. Әуелі 1921-22 жылдары Түркістан өлкелік жер-су министрлігінде су шаруашылығының бастығы болып істеді. Ол 1923 жылы Шымкент қалалық су шаруашылығын басқарды. Түркістан қаналының жобасын жасауға қатысты.
1924 жылы Ташкентке қазақ педагогикалық институтына шақырылған Мұхамеджан алгебра, геометрия, физика пәндерінен студенттерге дәріс оқиды. Біржолы Мұхамеджанның қолына А. П. Чулошниковтың қазақ халқы тарихына қатысты еңбегі түседі. Көкірегі көмбе, білімпаз жан осы кітаптағы ұлтының намысына тиетін пікірлерге қарсы сын жазып, академик В. В. Бартольдке жібереді. Ғұлама ғалым бұған қатты риза болып, қазақ халқының тарихын жазуға кеңес береді; ең болмаса болашақ зерттеушілер үшін тарихи деректермен материалдарды жазып қалдыруға ақыл қосады.
М. Тынышбайұлының «Материалы к истории киргиз-казахского народа», «Киргиз-казахи в ХVІІ и ХVІІІ веках», «Ақтабан шұбырынды» секілді ғылыми еңбектері, ондаған мақалалары осындай талпыныстан туған еді. Қазақстанды зерттеу қоғамының құрметті мүшесі болып сайланған соң Сырдария бөлімшесінің мәжілістерінде тарих, археология, этнография салаларында мазмұнды дәрістер оқиды. Ғалымның «Абылай», «Жошы ұлысы», «Түріктің ескі тарихы» (ХІІІ ғ дейін), «Шыңғысхан һәм оның патшалығы» атты дәрістері кезінде жоғары бағаланған еңбектер. 1924 жылы «Сана» журналында жарық көрген «Мырза Едіге батыр» атты зерттеуі өзінің ғылыми тұжырымдарының дәлдігімен назар аударады.
Қазақстан астанасының Орынбордан Қызылорда қаласына көшірілуіне байланысты жаңа астанада жүргізілетін құрылыс жұмыстарын басқару тағы да Мұхамеджанға жүктеліп, бас инженер қызметіне тағайындалды. Қызылорда қаласында тұрған үйлер мен әкімшілік ғимараттарын салумен қатар, қаланы ауыз сумен қамтамассыз етуге де кәдімгі үлес қосты. М. Тынышбаев есімін шартарапқа кеңінен әйгілеп, атын аңызға айналдырған, халық жадында ұялатқан әйгілі Түркістан Сібір теміржолын салуға қосқан үлесі, сіңірген ерен еңбегі еді. Мұхамеджан білікті инженер, ойлы экономист, іскер ұйымдастырушы, дарынды жобалаушы ретінде әр қырынан жарқырай көрінеді. 1930 жылы 20-сәуірде теміржолды жасап бітіру жоспардан мерзімнен бұрын 540 күн бұрын іске қосылды.
Енді отарба жүргізетін, сол сияқты теміржолда қызмет істеуге маман даярлау керек болды. Бұл жұмысты тағы да Мұхамеджан өз мойнына алып, 60 маман теміржолшы даярлап шығарды. 1931 жылы Түркістан-Сібір теміржолы пайдалануға берілді.
Ал, Мұхамеджан тек теміржолшы ғана емес, ғалым, тарихшы, қазақ шежіресінің авторы да.
1.21 Бар өмірі күреспен өткен (Халел Досмұхамедов)
Бар өмірі күреспен өткен, Қазан төңкерісіне дейін –ақ аз қазақтың ішінде шоқтығы биік тұрған тұлғаның бірі - Халел Досмұхамедов болатын. Ел басына төнген зұлмат-қуғын-сүргін дәуірінде қазақтың ғұмыры шорт кесілген зиялы азаматтың есімі мен соңында қалдырған мол рухани мұрасы ұзақ уақыт бойы тұтқындалып, қараңғы үйде құлыпталып келеді. Ал бүгінгі таңда ақталып, арамызға қайтып оралған Х. Досмұхамедовтың көзі тірісінде жарық көрген ақырғы кітабынан (Жануарлар 1928 жыл) соң, алпыс жылдан астам уақыт дегенде тіл мен әдебиетімізге қатысты жазған еңбектерінің негізгілерін жинақтап басуға мүмкіндік туды.
Х. Досмұхамедов 1883 жылы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауылында дүниеге келген. Зерек баланы жастайынан – ақ білім бұлағымен сусындап, талаптануына өскен ортасы тікелей ықпалын тигізген. Халелдің әжесінің ағасы Дәулетүмбет Машақұлы (1848-1907) оқыған, көзі ашық азамат болған. Досмұхамет білікті ағаның ықпалымен ауылдағы молдалардан хат таныған өз баласын жергілікті орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. Халел осы мектепті бітірген соң, Теке (Орал) қаласындағы реалдық училещеге оқуға түседі. Оны үздік бітіріп, Санк-Петербургтегі әскери-медициналық академиясының сынағынан сүрінбей өтеді. Академия қабырғасындағы алты жылды (1903-1907) ізденумен өткізген ол ғылымға шындап ден қойған тұсында Ресейді дүр сілкіндірген ірі оқиға 1905-1907 жылғы төңкеріс болды. Оны өз көзімен көру, болашақ қайраткердің идеялық жағынан қалыптасуына зор әсерін тигізді.
Қорғансыз елінің теңсіздігі үшін бастарын қауып-қатерге тігіп, бес облыстан жиылған қазақтың зиялы ұлдары 1905 жылы Орал қаласында конституциялық демократиялық саяси партия тұрғанда араларында студент Халел де бар еді, көп ұзамай патша тыңшыларының қатар – қатар басқаруына алынған Халелдің де басқа жолдастары сияқты ізін жасырып, астыртын қимылға кіріспеске амалы қалмайды.
Аталған партияның түзген жоба бағдарламасындағы көзге түсетін негізгі баптың бірі Қазақ жерінің патша үкіметінің аяусыз тонап отырғаны жөнінде, енді қазақ жерін жөн-жосықсыз талан-таражыға салуға қазынаға қарайды деген сылтаумен тартып алуға тыйым салынудың кезек күттірмейтін мәселе екендігі баса айтылды.
1909 жылы Халел Досмұхамедов әскери – медициналық академияны алтын медалмен бітіріп, әуелі Перм губерниясында содан соң 2-ші Орал казак-орыс атқыштар баталонына әскери кіші дәрігер болып тағайындалады. Әскери борышын өтей жүріп, Халел туған халқының дәрігерлік көмекке мұқтаждығын көзімен көреді.
1913 жылдан бастап әскери қызметтен босап, темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасқан Халел қолына қалам алып, баспасөзге араласты. Ол осы кезден бастап, Орал, Пікір, Қазақ газеттерінде үзбей мақалалар жазып тұрды.
Халқының рухани жан саулығы мен тән саулығының шипагері бола білген Халелдің 1916 жыл дүрбеленді, Ақпан мен Қазан төңкерістері тұсындағы атқарған қоғамдық саяси қызметтері ұстаған саяси идеялық бағыт-бағдарларын аңғаратындай құжаттар мен дәйектемелердің аздығы мұны тереңірек зерттей түсуді талап етеді, бұл кезең туралы білетініміз 1917 Орынбор қаласында жалпы Қазақ-Қырғыз сьезінің болғандығы, желтоқсаның 5-13 аралығында өткен құрылтайға Халел арнайы шақырылды. Онда 10 түрлі мәселе қарастырылып қазақ-қырғыз өлкелік автономия құрылып, Алашорда үкіметі деп жарияланды. Саяси алмағайып, аумалы-төкпелі заманда жалпақ қазақтың сорына қазақ зиялыларының өзі үшке бөлініп үш жаққа тартты Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов Семейде Халел мен Жанша Досмұхамедовтер Оралда Батыс Қазақстан Алашордасын құрса, ал М. Тынышбаев пен М. Шоқай Жетісу автономиясы тізгінін қатар ұстауға тырысты.
1918 жылы Жанша, Халел Москвада В. И. Ленинмен ұлт мәселесі жөнінде халық комисары И. В. Сталиннің қабылдауында болып, екінші жалпы қазақ-қырғыз құрылтайының шешіміне орай автономия құруға байланысты пікір алысады. Бұл тарихи оқиғаға байланысты дерек 1927 жылдан бастап шыққан Алашорда туралы жазылған еңбектерде буржуазиялық- ұлтшыл Алашорда үкіметінің өкілдері Халел және Жанша Досмұхамедовтер Қазақстанға буржуазиялық негізде автаномия беруді талап етті деп айтылып келді. Осы саяси мәні бар ресми сұхбатқа тарихшылар тарапынан әділ баға беріліп, жазбаша әлі күнге шейін жарияланбай отыр. Бұл қазір жариялылық заманында қазақ ленин косамолы тарихында орыны үңірейген ақтандақ беті [136].
Алашорда таратылғаннан кейін басқа да қазақ зиялылары тәрізді Халел Досмұхамедов жаңа үкіметтің жұмысына тартылды. Ол 1920 жылдан бастап Ташкенттегі халық ағарту иниституында оқытушы болып қызметке тұрды [137].
Оған қосымша орта Азия университеті медицина факултетінің ауруханасында ординатор қызметін қатар атқарды.
Қазан төңкерісінен кейін Ташкент қаласы Түркістан автономиялы республикасының орталығы болғаны белгілі. Мұндағы партия кеңес басқару орындарында, мәдениет ошақтарында бір шоғыр қазақ зиялылары еңбек етті. Солардың арасында Халелдің алатын орны ерекше. 1923 жылы Ташкентте қазақ-қырғыз халқына мәдениет жарлығы шешуді мақсат еткен «Талап» қоғамы құрылды оның толық мүшелері болып, Халелмен бірге професор А. Шмид, Ә. Диваев, К. Халенов, М. Жұмабаев, Д. Архангельскийлер сайланды. Егер қоғамның бағдарламасына көз салсақ, ол ауқымды, үлкен істерді, әрі кезек күттірмейтін халық үшін ең зәру міндеттерді атқаруды мойнына алғанын аңғару қиын емес.
Х. Досмұхамедұлы 1924 жылы Россия академиясының орталық өлке тану бюросының мүше-кореспонденті болып сайланады. Ол 1926 жылдан бастап проректор болып қызмет атқарған Қазақ педогогика иниституты халқымыздың ең алғашқы шаңырақ көтерген жоғарғы оқу орны еді. Сол кезде бұл иниститутты университетке айналдыруға дайындық жүргізіліп жатты. Алайда ұлттық университет ашу мәселесі көтеген қарсылықтарға тап болды.
1929 жылы қазан айында Ташкенттегі мединиституттың негізінде Алматы қаласында қазақ мемлекеттік университетін ашуға мүмкіндік туды. Халел осы оқу орнын ұйымдастыруға белсене араласады. Оның бірінші проректоры болып тағайындалады 1927 жылы доцент 1929 жылы профессор атағы берілді. Педагогтық қызметімен бірге қазақ АССР халық денсаулығын сақтау комитетінде жоспарлау – ұйымдастыру басқармасының меңгерушісі қызметін қоса атқарады. Сондай-ақ ол өзінің педогогикалық ағарту жұмыстарын қазақ тіліндегі оқулықтар шығару ісімен шебер ұштастыра білді. Ол «Табиғат тану» (1922) «Оқушылардың саулығын сақтау» (1925) «Адамның тән тірлігі» (1927) «Сүйектер туралы» (1928 жылғы) еңбектердің авторы.
Халелдің қаламы жүйрік журналист болғанын қазақ тілінде шығып тұрған «Шолпан», «Ақжол», «Еңбекші қазақ», «Сәуле» сияқты газет-журнал беттерінде жарияланған мақалаларынан көруге болады. Ол мақалаларында негізінен тіл, халық ағарту, тарих, дәрігерлік емшіліктің қыр-сыры мол түрлі мәселелері жөнінде қалам тербейді. Ол қазақ қырғыз білім комисиясы жанынан «Сана» журналын шығарып, оған редакторлық етті.
Халел еңбектерінің бірі жоғары тіл мен әдебиет тану саласы зерделі азаматтық негізгі мамандығы дәрігер бола тұра бұл салада тер төгуі уақыт талабынан туған қажеттілік еді. Мұндай әмбебаптық сол кездегі қазақ зиялыларының барлығына тән ортақ қасиет. Ол «Шолпан» журналының 1923 жылғы 67 санында жарияланған «Диюани лұғат ат түрік» атты мақаласында туған халқын әдеби, тілдік жағынан аса құнды көне жәдігермен таныстыруды ойға алды.
Терминалогия, алфавит, емле қалпындағы талас мәселелерге ғалым өз пікірін білдіріп баспасөз бетінде үн қатады. 1923 жылы осы «Шолпан» журналының бірнеше санында жарияланған зерттеу мақалаларының негізінде 1924 жылы Ташкенттен «Қазақ-қырғыз сингорманизм заңы» деген атпен жеке кітап бастырып шығарды [137].
Сондай-ақ, Батыс Қазақстанның әсіресе Орал аймағындағы ауыз-әдебиетінің үлгілерін жазып алумен ертеден шұғылдана бастаған. Ташкент қаласында шығып тұрған мерзімді қазақ баспасөзі беттерінен ол жыйнаған халық әдебиетінің түрлерін кездестіруге болады. Өзі жинаған материялдар негізінде «Мұрат ақын сөздері» 1924, «Аламан» 1926, «Исатай-Махамбет» 1925 жылы кітаптарының алғы сөзі мен түсініктерін жазып, бастырып шығарды. Мұның алдында оның «Қазақ батырлары, Исатай-Махамбет» атты шағын мақаласы (1924 жылы) «Сәуле» журналының бетінде жарияланған.
Ғалымның зерттеушілік қабілетін басқа қырынан ашатын «Шернияз шешен» 1925 жылы, «Бұқарадағы Көгілтөш медіресесін ашу туралы» 1927, Самарқан қаласындағы Тілләхани мен Ширдар медіреселерін салғызған «Жалаңтөс батыр шежіресі» 1928 жылы мақалаларын атап айтуға болады. Осы еңбектерінде фольклорлық аңыздармен, тарихи этнографиялық деректерді шиеленестіре қарап халқымыздың көне тарихын зерттеуде өзінше жол салады. Халелдің Ташкентте өткен 1920-1928 өмірі творчествалық жылдары. Ол профессор Поливановпен бірге «Сұлтан Кенесары тарихына қосымша» материялдар кітапшасына (1923) және «Қыз Жібек» (1923) «Кеңесары-Наурызбай» (1923) кітапттарына редакторлық етті. Халелдің фольклер тану саласындағы еңбектерінің ішінде оқшау тұратыны «Қазақ халық әдебиеті» 1928 жылы. Мұнда ол ауыз әдебиетінің түрлерін жіктеуді мақсат етті. Ұзақ уақыт белгілі себептермен ғылыми айналымға түспеген аталған еңбектің өз кезеңі тұрғысынан бағалы ғана емес, әлі фольклеристер үшін басшылыққа алатын тұстары баршылық [138]. Ол «Сана» журналының бір санында (1924, нөмір 2-3) аруақтармен айтысу атты ауыз әдебиетінің сирек кездесетін үлгісін жарияласа, кейін айтыстың осы бір ең ежелгі түрінің шығу тегі, генезисі халқында өз болжамын білдіруі де қызықты.
Халел 1939 жылы әскери трибуналдың үкімімен атылады. Оның ісі тек қана 1958 жылдың 28 ақпанында Қазақ КСР Жоғарғы сотының қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып ақталды.
1.22 Елі үшін құрбан болған (Халел Ғаббасов)
Алаш қозғалысы 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Қазақстанда орын алған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде дүниеге келді. Бұл қозғалыстың өзегі, ортаның элементі өзінің бастау көздерін 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы әкелген өзгерістерден алған, ол саяси ұйым ретінде 1917 жылғы жазда құралған тұңғыш жалпы ұлттық Алаш партиясын құру үшін ұлттық-демократиялық қазақ интелегенциясының жұрт таныған жетекшілері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқайұлы, Міржақып Дулатовтармен бірге Халел Ғаббасов секілді тағы басқа ондаған қайраткерлер 1905-1917 жылдар аралығында қажырлы еңбек етті.
«Алаш» партиясы негізінен әлеуметтік табиғаты жөнінен әр текті ұлттық-демократиялық қазақ интелегенциясының саяси ұйымы болды. «Алаш» партиясы деген атпен танылған ұлттық-демократиялық қазақ зиялыларының өтпелі кезеңіндегі саяси ұйымы халық санасының қозғаушы күші міндетін жалпы алғанда заман талабына сай адал атқарды. 1905 – 1907 жылдан бастап осы партияны ұйымдастыру ісінің басы-қасында болған қайраткерлер 1905-1907 жылдардағы ұлттық либералдық көзқарастан, «кадетшілдіктен» 1917 жылғы ұлттық-демократиялық кадеттерге де, Россиядағы басқада саяси партияларға сыни көзбен қарайтын эволюция жолынан өтті.
1917 жылы қазақ комитеттері өлкенің барлық облыс орталықтарында және жекелеген үздік қалаларда құрыла бастағанда Халел Ғаббасов Семей облысының атқару камитетіне мүше болды. 1917 жылы сәуір-мамыр айларында өткен облыстың және үздік қазақ сьездерінде Х. Ғаббасов жетекшілік еткен Семей облыстық қазақ сьезінде әлеуметтік-саяси мәселелер сөзге тиек етілді. Осы сьездегі Н. Құлжановтың қазақ қауымдастығы әйелдер тағдыры жөніндегі ой-толғамдары тың дамуға күшті әсер етті.Бұл сьезге 200 жүзге жуық делегат қатысты, Х. Ғаббасов делегаттар сьезінің төралқасының мүшесі болып сайланды.
1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен бүкіл қазақтық сьезд құрылтай жиналысында депутаттыққа кандидаттыққа ұсынылған 18 адамның ішіндегі Х. Ғаббасов та бар еді. Осы жолы жаңадан құрылған партия «Алаш» деген атқа ие болады. Әлихан Бөкейханов,А.Байтұрсынов сияқты қазақтың либералды-демократиялық интелегенциясының көсемдері басқарған Алаш партиясының құрамына қазақтың ғылыми және шығармашылық зиялыларының белгілі өкілдерінің бірі ретінде Х. Ғаббасов та кіреді.
1905-1906 жылдары саяси қызметке араласа бастаған Х. Ғаббасов, Мәскеу университетіне түскенге дейін Семей гимназиясында білім алып жүріп, гимназияда Бичевин деген кісі ұйымдастырған революциялық үйірмеге қатысқанын, гимназистерге 1905 жылғы оқиғалардың үлкен әсері болғандығын, оның ықпалымен алдымен Бекметов, соңынан Қозыбағаров басқарған қазақ жастарының да үйірмесі құрылып, оның жұмысыеа Омбыдан саяси қызметті үшін қуылған Жақып Ақбаевтың да араласқанын, үйірме мүшелері халық арасына «саяси әдебиеттер және қазақтарды отырған жерін өз еркімен бермеуге,елінің мүддесін сатқан болыстармен» күресуге шақырған үндеу таратқандарын жазады. Үкімет 1907 жылғы 3 маусым күні шығарған заңмен думаны (2 мемлекеттік) таратып жібереді. 20 ғасырдың 10-шы жылдарының басында Мәскеу университетінде оқыған Х. Ғаббасов Әлихан Бөкейхановтың тапсыруы бойынша Москва және Петербург оқу орындарындағы қазақ студентерінің «3 маусым заңының» қазақ елі үшін әділетсіз заң екендігін дәлелдеп, үкіметке сұрау түсіру үшін түрлі материялдар жинағанын айтады.
1917 жылдың 8-16 қазанында Томбы қаласында Сібір автономиясын құру шараларын талқылаған жалпы Сібір сьезі болып өтті. Сьезд Сібір кеңесін сайлап, оның құрамына облыстардан Х. Ғаббасов, Е. Итбаев, С. Досжанов ал жалпы қазақ жұртының атынан Ә. Бөкейханов, М. Тынышбаев енеді. Жалпы қазақ сьезі «Алаш облыстарын бүлікшіліктен қорғау мақсатымен уақытша «Ұлт кеңесін» құрып,оның атын «Алашорда» болсын дейді», жаңа құрылған үкіметтің құрамына - Х. Ғаббасов енеді.
Орынбор қаласында 1917 жылы желтоқсанның 5-13 күндері өткен екінші жалпы қазақ-қырғыз сьезінде күн тәртібіндегі маңызды проблеммалар бойынша Ә. Бөкейханов, Х. Ғаббасовтар баяндама жасап, жарыс сөздерге белсенді түрде араласты.
Сьезд қазақ автономиясы мен милиция туралы Х. Ғаббасов жасаған баяндаманы тыңдап,осы мәселе бойынша саяси мәні терең қаулы қабылдайды. Бұл жөнінде «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы қаңтардың 25 күні 29-санында жарияланған «Жалпы қазақ-қырғыз сьезінің қаулысы» атты құжатта былай дейді.
«Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп сьезд бір ауыздан қаулы «қылады :
1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Самарқант облыстарындағы қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясыдағы іргелес болыстардың жері-өз алдына ұлттың жері, автономия болсын;
2) Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын;
3) Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі – суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын;
4) Қазақ-қырғыз арасындағы тұрған аз халықтың құқықтары теңгерілсін;
5) Алаш облыстарын бүлікшіліктен қорғау мақсатымен уақытша ұлттық кеңес құрылсын. Мұның аты «Алашорда» болсын.
«Сарыарқа» газетінің жоғарыда аталған сынында жариялаған Х. Ғаббасовтың «Алаш автономиясы» атты мақаласында; «Қазақ-қырғыз үкіметі «Алашорда» Алаш қаласына келіп автономиясын жариялағаннан кейін, қазақ-қырғыз балалары бағынған үкіметіміз осы деп сеніп, ант беріп, басқа үкіметті танымай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керек», - деп баса көрсетті.
Алашорда атынан РСФСР-дің ұлт істері жөніндегі халық комиссары И. Сталинмен Семейден тура телеграф сымы арқылы келіссөз жүргізген Халел Ғаббасов 1929 жылғы қарашаның 10-да ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабында былай деп мәлімдейді; «Келіссөздерде мен Совет үкіметінің декларатциясының (әңгіме 1917 жылдың қараша айының 2-де Совет үкіметі жариялаған «Россия халықтары праволарының декларатциясы» туралы болып отыр) идеяларын сәйкес қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығының кедергісіз жүзеге асырылыуын, талап еттім. Барлығы есімде жоқ, дегенменде мен 14 тармақтан тұратын талаптар қойдым. Олардың жадында қалған негізгілері; таралған қазақ мекемелерін қалпына келтіру,Совет үкіметі жағдайындағы ұлттың автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған қайраткерлерін босату». Сталиннің жауабынның мазмұны Алашорда Совет үкіметін мойындағанда ғана Қазақстанда құрылтай сьезін шақыруға әрекеттер жасалады дегенге сайды...
Біз Сталинға телеграф арқылы Совет үкіметін мойындайтынымызды мәлімдеп, сол кезде Москвада жүрген Досмұхамедовтерге ортаның үкімет алдында біздің мүдделерімізді қорғауды тапсырдық. Сталинмен сөйлесіп болғаннан кейін телеграф сымына облыссоветтің төрағасы Шугаев шақырылды, бірақ олардың не туралы сөйлескенін білмеймін. Осы сөйлесуден кейін Шугаевтың бізге деген көзқарасы өзгерді, тіпті тұтқындағылардың кейбірі босатылды». Бұдан кейін Х.Ғаббасов Семей облысының Совет атқару комитетінің мүшелігіне өтеді.
Х. Ғаббасұлы 1917-1918 жылдары Семей қаласында шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің шығарушысы болған. «Сарыарқа» газетінде ел,жер,халық қамын ойлаған Ә. Бөкейханов, Х. Ғаббасұлы, Ж. Аймауытұлы, Т. Құнанбайұлы, М. Тұрғанбайұлы сияқты арыстардың жүрек жарды еңбектері жарияланып тұрған. «Сарыарқа» партия,ел қамы, ұлттардың қатынас мәселелерімен қатар, одан да ауқымды тақырыптар, мәселен мемлекет күйі де сөз болған. Онда авторлар оқырмандарды ақпан төңкерісінен кейінгі саяси оқиғалармен таныстырып, мемлекет басында күнделікті болып жатқан өзгерістерден хабардар етіп отырған. Әсіресе, бұл орайда газет редакторы Х. Ғаббасұлының жазғандары өткір де шыншыл материялдар болып есептеледі. Оның бір ғана Ресейде болып өткен қазан төңкерісінен іле-шала жазып, «Сарыарқада» жарияланған «Мемлекет күйі» деп аталатын тарихи, ғылыми публицистикалық еңбегінен күні бүгінге дейін «ақтаңдақтар» қатарына жатқызылып келген көптеген жайларды ұғынуға болады. Соның бірі –большевиктердің үкімет басына келу туралы.
«300 жылдан аса Романов тұқымының бағынуында жүрген Россия жұртының көксегенде көрген бостандығын большевиктер бүгін «қара күшке» сеніп,басқа теуіп отыр. Кеше жұрт бостандығы үшін крепста тәні шіріген, каторгыда айдалып, басқа мемлекет ішінде қашып, табаны тесілген аты шулы сабаздар Плеханов, Кропаткин, Брешко-Брешковскаялар бүгін сыртқа тебіліп, «бостандыққа қас» дұшпан аталып отыр.Кеше Николай заманында саясат майданында өзі түгіл ізі жоқ, бостандық таңымен «мартта туған арамзалар» -большевиктер шоқпар, найза, мылтыққа сүйеніп, мемлекет көшінің алдында хәкімшілдікті қолына алып отыр».
«Сократ хәкімге у ішкізіп, Иван Густы отқа өртеген, Ғайса Ғалайс-саламды дарға асқан, Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген-ол кім?» Ол-көп; ендеше көпте ақыл жоқ; ебін тапта жөнге сал»-деген Абай. Сол қара надан көпшілік найза, шоқпарын қолына алып,жұрт құрылтайына үш-ақ жұмыс күні қалғанда, жұрт бостандығын кескілей бастады»-деп шешуі қиын мәселені алға тартады.
Екіншіден, мақала авторының кеңес үкіметінің қазына-мүлік, жер-су жұртқа қылдай бөлініп берілсін деген ұраны туралы; «Большевиктер көсемі Лениннің екі әмірі жер,су, өлі құрал мен тірі құрал жер комитеттері арқылы еңбек қуған жұрттарға бөлініп берілсін деген». Бұл үстіміздегі заманда өмір жүзіне орын таба алмайтын, әдемі ғана құр сөз. Жұрт бірімен-бірі пышақтасар,бірақ бәрін ортаға салып,жөншілікпен бөлісіп,алыспас;түптің-түбінде бұл іске асса асар, бірақ осы күнде емес; Жер –судың әділдікпен жұртқа бөлініп беру жағын бізде көздейміз, һәм осы пірге қызмет қылмақпыз. Россияның неше жүз жылдардан бері бір көрген бостандығы биылғы 25 февральдан бері болса, ол бостандық осы күнгі большевиктердің найзасында ілулі болса,біз қайтып ілгерілемекпіз?!» - деген ойын да қазіргідей заманда құптамасқа болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |