ӘӨЖ 82-991:82.091:930.23
М.Х. ДУЛАТИ МҰРАЛАРЫН ҰЛЫҚТАУ МІНДЕТІМІЗ
Бақторазов С.У.
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз
Осы мақсатта, 2011-ші жылдың 13-ші желтоқсанында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Дулаттану» ғылыми-зерттеу орталығы қызметкерлері мен «Педагогика, психология және тарих» кафедрасы оқытушыларының, магистранттарының және университет білімгерлерінің қатысуымен «М.Х.Дулати XV-XVI ғасырлардағы дербес қазақ хандықтарының жаршысы» атты ғылыми- практикалық конференция өткізілді [1].
Бұл іс-шараның тарихи – танымдық мазмұны: біріншіден, Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын мерекелей отырып, егемендігіміздің негізі ежелден-ақ қалыптасқандығын ұғыну болса, екіншіден, осындай құнды дерек көздерін жеткізуші атақты бабамыз Мұхамед Хайдар Дулати екендігін түйсіну керектігінде.
Жалпы, баршаңызға белгілі М.Х. Дулати Кашмирде билік құрған жылдары парсы тілінде «Тарих-и Рашиди» атты Орталық Азия халықтарының ХІІІ-ХVІ-шы ғасырлардағы тарихы, этнографиясы мен географиясы, әдебиеті мен мәдениеті жайлы классикалық тарихи шығармасын жазды. Қазақстан мен Орта Азиядағы түркі тектес халықтардың тарихы мен мәдениетін зерделеген Еуропа ғалымдарының ешқайсысы «Тарих-и Рашиди» еңбегіне сүйенбей, кете алмайды. Еңбек осысымен де құнды және бағалы. Еңбектің ішіндегі ең қызықтысы халқымыздың тарихына қатысты мағлұматтар. Ғалым «Тарих-и-Рашидиде» нағашы атасы Жүніс хан мен Уәйіс ханның кенже ұлы Есенбұғаның 1418-1462-ші жылдары билікке таласар тұстарын сөз еткен. Сонымен қатар Дешті-Қыпшақ әміршісі Әбілхайырдан көп қысым көрген Жәнібек хан мен Керей ханның одан бөлініп, Моғолстандағы Шу мен Қозыбасыға келуі, Есенбұғаның оларды жылы қарсы алуы жайында жүйелі деректер береді. М.Х.Дулати ойларын тұжырымдай келе, қазақ халқының тарих сахнасына көтерілген кезі 1465-ші жыл екенін нақтылай көрсеткен [2].
Осы және басқа да М.Х.Дулати мұралары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ғылыми тұрғыда зерттеле бастады. Аталған игі істе бастамашылық танытқан университетімізде ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған дәстүрлі халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізіле бастады. 1997-ші жылдың 3-ші қарашасында оқу орнымызға Ұлы Бабамыздың есімі берілді. Университет делегациясы М.Х.Дулати жерленген Кашмир өлкесінде болып, ғұламаға қатысты біршама тың деректерге қол жеткізді, баба әруағына тағзым етті. 1998-ші жылдың 26-шы тамызында М.Х.Дулатиге еңселі ескерткіш тұрғызылып, оның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Салтанатты жиылыс барысында бабамыздың рухына арналып құран оқылды. 1999-шы жылдың күзінде М.Х.Дулатидің туылғанына 500 жыл толуын ЮНЕСКО айтулы мерейтойлар қатарына енгізді. Ғұламаның атын иеленіп отырған университетімізде осыған орай салтанатты жиын өткізіліп, оған Республика Сенатының төрағасы Өмірбек Байгелди, Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбай, облыс әкімі С.Үмбетов және басқа да жақын және алыс шетелдерден келген ғалымдар қатысты. Қазіргі кезде дәстүрлі түрде өтіп тұратын «Дулати оқуларына» Индияның, Америка Құрама Штаттарының, Германияның және басқа да елдердің ғалымдары үнемі қатысып отырады. Карл Байпақов, Мансура Хайдар секілді ірі ғалымдар университетімізбен тығыз байланыста. Атақты ғалым, Бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлі М.Х.Дулати мұраларын зерттеу мен насихаттауға үнемі атсалысуда.Университетіміздің ректоры, профессор Әшімжан Сүлейменұлы Ахметовтың басшылығымен жүргізіліп отырған М.Х.Дулати мұраларын ұлықтау ісі өзінің ылайықты жалғасын таба бермек. Осы мақсатта университет жанынан кеңейтіліп құрылып отырған «Дулаттану» ғылыми-зерттеу орталығы Ел тарихының елеулі тұстарын дұрыс тұжырымдайтындығына сенім білдіре аламыз. Осы орайда Мұхаммед Хайдар Дулатидің ұрпақтан-ұрпаққа мирас ретінде таралатын дулаттардың тарихы, моғолдар жайындағы аңыздарды, моғол хандарының сарайларында құпия сақталынған құжаттарды және өзінің зерттеулерін қамтитын еңбектерін парсы тілінде жазып қалдырдырғандығын айта кеу керек. Деректері тұнып тұрған «Тарих-и Рашидиді» ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы Үнді және Орта Азия тарихшылары өз еңбектерінде көп қолданған. Мысалы Үндістанның Еуропа әдебиетіне белгілі тарихшысы Мұхаммед Қасм Ферште Бадахшан Кашмир уәлаяты туралы жазғанында түгелдей дерлік осы шығармадан деректер алып отырған. Мұхаммед Хайдар Дулати жайында күншығыс елінің ғалымдары да көп жазды. Қазақ ғалымы Ш.Уалиханов өзінің Қашғар туралы зерттеулерінде Мырза Хайдар еңбектеріндегі деректерді біршама пайдаланған. Қазақ халқының тұңғыш профессоры С.Асфендияров (1889-1938) ғалым еңбегінің қазақ хандықтарына қатысты тұстарынан үзінділер аударды. Академик Ә.Марғұлан (1904-1985) Мұхаммед Хайдар Дулатиды қазақ халқының тұңғыш тарихшысы ретінде таныстырды [3]. «Тарихи Рашиди» қазақ тілнде 2003-ші жылы Әбсаттар қажы Дербісәлінің редакциясымен дайындалып ұсынылды. «Тарихи Рашидидің» қазақ тіліндегі нұсқасы қолымызға түскеннен кейін бұл кітаптың ғылыми маңыздылығына, этнографиялық, этникалық, жағрафиялық, археологиялық мәліметтерінің сонылығына, тарихи оқиғалардың нақты баяндалуына, беймәлім деректердің молдығына көз жеткіздік. Қазақ мемлекеттілігінің негізі қалай қаланғаны туралы танымдық мәліметтермен таныса алдық..
Жалпы біз «М.Х.Дулати мұраларын зерттеу арқылы тәуелсіздік тамырларының тереңде жатқанын, оны тарих қойнауынан бізге жеткізуші ғұлама ғалым, ірі қоғам қайраткері, қолбасшы М.Х.Дулати бабамыз екендігін студенттерге және жалпы қауымға ұғындыру міндетін қойған болатынбыз.
Осы мақсатта М.Х.Дулати мұраларын зерттеуді облысымыздағы, республикамыздағы, сонымен қатар жақын және алыс шетелдердегі осы мәселемен шұғылданатын ғалымдармен тығыз қарым-қатынас орната отырып әрі қарай жалғастырмақшымыз. Деректемелік және құжаттамалық материалдарды молайту үшін жақын және алыс шетелдердегі мұрағаттармен байланыс орнату да өте маңызды. Университетіміз атын иеленіп отырған М.Х.Дулати мұраларын оқу процесінде кеңінен насихаттау мақсатында: біріншіден, барлық мамандықтарға осы пәнді таңдау курсы емес арнайы курс ретінде, гуманитарлық мамандықтарда міндетті курс ретінде берілуін қарастырудамыз. Оқу орнына М.Х.Дулатидің аты берілген қарашаның 3-ші жұлдызы «Университет күні» ретінде аталып өтіліп, осы мерекеде магистранттар мен студенттердің М.Х.Дулати мұраларын зерттеп, дайындаған еңбектері бағаланатын болады. Әрбір оқу жылы бойы өткізілген Ұлы бабамызға арналған байқаулардағы жас оқытушылардың, магистранттардың және студенттердің үздік шығармаларын «Университет тынысында», сонымен қатар облыстық және республикалық басылымдарда жариялануына мүмкіндіктер жасау да «Дулаттану» ғылыми-зерттеу орталығы қызметкерлерінің басты назарында болмақ. Осы бағыттағы ауқымды істердің оң атқарылуына байланысты студенттерге берілетін М.Х.Дулати атындағы стипендияның санын арттыру да көзделініп отыр. Сонымен қатар ұлы ғұламаның сан-салалы ғибратты өмірінің қайда және қалай өткендігін, бабамыз басып өткен жерлермен жүре отырып, болып өткен оқиғаларды ғылыми тұрғыда және салыстырмалы түрде тұжырымдау арқылы деректі фильм түсіруді де қолға алу керектігі анық. Дулати мұрасы – ұлт тарихының ғана емес, сол тарихи кезеңдегі мәдениетінің де, әдебиеті мен өнерінің де, дүниетанымының да, ақындық дәстүрінің де қайнар көзі болып табылады. Сонымен қатар бұл мұралар – біздің бабаларымызбен қарым-қатынаста болған алыс-жақын көршілеріміздің де тарихымен тамырлас және бәріміздің өткеніміз жайлы жадымызды жаңғыртатын аса құнды дүниелер.
Айта кетер мәселе, ұлы бабамыз өзінен бұрын болған оқиғаларды жазған кезде бір Алладан, одан кейін оқырманнан кешірім сұрап: «Барлығынан қайырымды, барлығынан кешірімді бір Аллаға алғысымды білдіре және өзімнің адасқан жерлерім болса оқырмандарымнан кешірім сұрап, олардың кіналамауын өтініп» отырады [4]. Мұның өзі Мырза Хайдардың тек шындықты жазуға тырысқанын білдіреді. Өйткені, тарих тек қана шындықты жазғанда ғана шынайы болмақ. Ал, ХҮ-ХҮІ ғасырларда Орталық Азияда болған саяси оқиғаларды Мырза Хайдар секілді осылай жүйелі де, нақтылы жазған қаламгер кемде-кем екендігі қазіргі күні анық айқындалып отыр. Олай болса, Ұлы бабамыздың мұраларын ұлықтау ісі лайықты түрде атқарыла бертіндігі анық болса керек.
Әдебиет
-
«М.Х.Дулати XV-XVI ғасырлардағы дербес қазақ хандықтарының жаршысы» атты ғылыми-практикалық конференция материалдары. Тараз, 2012, 13 желтоқсан.7-бет.
-
«Қазақстан тарихы». «Көне заманнан бүгінге дейін». Бес томдық. А., «Атамұра», 2010, 14-б.
-
Н. Келімбетов. «Ежелгі дәуір әдебиеті». А., «Санат» 1998, 317-бет.
-
М.Х.Дулати. «Тарих-и-Рашиди», «Мұхаммед Хайдар Дулати қоғамдық қоры» «Тұран», А., 2003ж., 40-бет.
Достарыңызбен бөлісу: |