М.МАҚАТАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫ
А.К. КЕНЕШОВА
Қостанай құрылыс колледжі, Баймагамбетов көшесі, 1, тел.:22-05-23,
e-mail:str_col@mail.ru
XX ғасырдағы қазақ поэзиясында өзгеше құбылыс болған Мұқағали Мақатаев поэзиясының орны ерекше. Көркем туынды тарихи жағдайды, әлеуметтік мәселелерді қаншалықты шынайы, тартымды суреттегенімен, оқырман ең алдымен шығармадан адамды іздейді. Яғни, ішкі жан дүниесі айқын, әлеуметтік-қоғамдық жағдайлардың ортасынан табылатын адамды іздейді. Былайша айтқанда, көркем шығармаға арқау болған жағдаяттарға сену үшін, оқырман ең алдымен кейіпкердің шынайылығына илануы керек. Әрі бұл басқа жанрларға қарағанда, лирикада айырықша көрінеді. Себебі, лирикада ақын мен оқырман арасында көзге шалына бермейтін рухани-эстетикалық байланыс орнығады да, осы ішкі байланыс шынайы болса ғана, көркем туынды шын бағаға ие болады. Мұқағали адам баласының мінезі мен болмысын беруде өзінің кең дүниетанымын, ішкі әлемінің әр алуан қырларын жайып салады. Мұқағалидың поэзиясы оның адами және ақындық табиғатындағы ішкі рухани үндестіктің молдығын аңғартады.
Оның өлеңдерінде кешегі Абай мен Мағжанның ақындық мінезі байқалады. Абай бәрінен бұрын, қазақтың әдеби тілінің шынайылығын жан сала қорғады, өлең сөзін әртүрлі тіл безеуден құтқарды, поэзияда тек қана «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын келістірудің» жолдарын нұсқады. Мазмұн мен пішіннің әсем үндестігін қалаған Абай, әрине, мазмұнның пішіннен басымдығын жете аңғарды: «Ойланшы сыртын қойып, сөздің ішін...» деді. Бұл да көркем шығарманың болмысын аса талантты, нәзік әрі терең сезінуден туған тілек деп түсіну керек. Мағжан ақын озбыр өмірдің қиындығын тартқанда, «қолым емес, қызыл тілім кісендеулі» деген жоқ па? Заманынан көңілі қалған Мұқағали, әсіресе, Абаймен сырласады.
Ұлы Абай:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,лирикасында айқын байқалды
М.Мақатаев өзінің шығармашылық табиғатына сай, психологиялық бейнелеу тәсілінің тура түрін, яғни кейіпкердің жан дүниесін, ішкі рухани әлемін көркемдік таным-ішкі монолог, еске алу, елестету, сана ағымы, ой қақтығысы, т.б. секілді аналитикалық психологизмнен гөрі, психиканы, кейіпкердің күрделі құбылыстарын сыртқы психологиялық белгілер – ым, ымдау, ишара, емеурін, т.б. бір сөзбен айтқанда бейвербалды ишараттар арқылы айшықтап, ажарлауды басты назарда ұстайды.
Ақынның көңіл-күй лирикасында сан алуан философиялық, психологиялық мезеттер алмасып отырады. Ақынның әр кезде әр жағдайға байланысты жазылған, әр сипат, мазмұндағы «Сен менің жүрегімді жазалама», «Жүрегімде жүргені-ай бір қауіптің», «Кем болып жаралғам жоқ мен ешкімнен», «Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген», «Жамылып сағыныштың сал шекпенін», «Қасым солай болмаса», «Қашанғы қалжыраймын ойлап өтем», «Сен қартайды дегенге», «Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы», «Бәрін де түйсін, білсін тылсым кеуде», «Маған құрбым кектенбе», «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай», «Хал сұрама, жыр сұра», «Жазылар естеліктер мен туралы», «Ғашықпын» т.б.туындыларында сын айту, ақыл қосу сарындарынан гөрі уақыт туралы мұң, назға толы сыр айту негізгі өзекжарды идеяның арқауына айналған. Өлең- өмір, өмір-өлең екенін бұдан артық түсіндіру мүмкін емес. Мұқағали үшін, бүкіл әлем, гүл, бояулар, дыбыстар бар жаратылыс, барлық өмір-поэзия дүниесі. Осы құбылыстардағы құпия қуат оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар – поэзияның жаны.
Мұқағали әлемі – сан қырлы. Сол әдемі, мұңды, сазды, сағынышты, терең, ойлы жырлар қай кезде де оқырманын үздіктіре өзіне тартады, қызықтырады. Сүйгенін іздеген, ару аңсар талай жас «сүйгісі келе берер сүйген ерін» деп тұрғаны анық, әдемі жандар жиылған кештерде «әйелдер-ай, әй-әйлар-ай, қулар-ай» дегені, ардақты аналарға арналған «қайран біздің аналар арды ойлаған» деген айшықты сөз, жүрегімізде сақталып, қанша сырлар жан тебіренткені рас. Мұқағали өлеңдерінің қай-қайсысының да басты нысанасы – адам тағдыры, оның ішкі сезімдік әлемі, жан дүниесі. Адам жанының түрлі-түрлі психологиялық күйлерінің бейнеленуін мына жолдардан анық байқалады.
Тіршілікте көрінеміз өлместей,
Тұра алмаймыз ерегеспей, белдеспей.
Өтейікші бірімізді-біріміз,
Өшіктірмей, өкпелетпей, сен деспей?
Психологизмнің негізгі қызметі - өмір шындығы мен көркем шындықтың жанды тамырластығын сақтау. Жалпы, түрлі сана, сезім импульстарына назар аударып, толымды баға беру, байлам жасау рухани, адамгершілік өрісі мол қаһармандарға лайық. Алайда, әр дәуір шығармаларының бәрінде дерлік негізгі қаһармандар өмір шындығына сәйкес биік ой, сана үдесінен шыға бермейтіні аян. Қаламгер стилінің сипатына қарай адам психологиясын өрнектеу ұстанымдары да әр түрлі.
Ақын көңілі сырқатын ойлап, ортайса да, өзге әлемді - еркін көсілетін кең әлемді аңсайды. Екіұдай сәт, екіге бөлінген көңіл шіркіннің қай-қайсысы да ақыннан алыс емес. Қазіргі дерт құрсаған шағына мойынұсынғысы келмей, ақын жаны басқаға жеткісі келеді, арман етеді.
М.Мақатаевтың суреткерлігі – күнделікті өмірдегі әрбір адамның өмірінде кездесе беретін қалыпты жағдайлардың ақиқатын ашатындығы. Бірақ ақынның ойынша, ағымдағы жағдайда адам өмірінің жарқын уақиғалары сонша жиі ұшыраса бермейді. Сондықтан да ақын оқырманға қарапайым болмыстың әр сәті мен әр күнін қөрсетуге тырысады.
Ақын лирикасының ендігі бір сипаты кейіпкерлерін сезініп, тануы. Лирикалық қаһарманының болмысын жіті танып, көңіл-күй өзгерісін тап басады. Себебі, ол жағдаят ақынның өз болмысына тым жақын.
М.Мақатаев поэзиясында кейіпкер бар болмысымен, ішкі және сыртқы табиғатымен толық танылады:
Көрдің бе таң мен түннің соғысқанын,
Жарық пен қараңғының тоғысқанын?
Мен көрдім, көрдім-дағы тек отырдым,
Дем беріп біріне, де болыспадым.
Мұқағали поэзиясынан үміт сенімі, жүрек дірілі, жан тынысы, ашынған құмарлық сезімнің бораны мен толқыны, шексіз сезімге толы махаббат, тәтті қамығу, ләззат таба егілу, көз жасына көмілу, тартысқа ынтық ата ұмтылу, өмірбақи айнымас, еш мезгілде тояттамас құмарлық шегі жоқ құдіретті белгі- лерді көреміз.
Ақынның шындық құбылыстарды жинақтаудағы ерекшелігі - образдың жалпы бітімін, тұлғасын қалыптастырумен қатар оның ішкі ерекшелігін ашып, мінезін даралайды. Ақын поэзиясында адам бейнесін жасаудың амалы, алуан түрлілігі сол шығармасындағы көркем бейне сөздегі суретпен ғана бітпейді, оған қажет өмірлік материалды жинақтаудан әдеби тұлғаны даралауға дейін барады. Туған жерді сүю, сиқырлы табиғатының қадір-қасиетін сезіну Мұқағали жырларында ерекше көрініс табады. Туған жерінің алтын бұлағын «менің әрбір қан тамырым емес пе?» – деп атамыз ежелден қасиет тұтқан қанға теңеуі де тегін емес. Қазақ халқы кіндік қаны тамған жерді қасық қаны қалғанша жаудан қорғаған. Ақынның туған жердің қадір-қасиетін терең сезінуіне, тебірене жырлауына ата-бабаларымыздың осы қасиеті сіңсе керек.
Расында да, «Туған даласын шөл етуге қимайтын» бұлақты қалайша жан иесі демейсің. Өйткені, оған ақын адамға тән мінез, қылық, әрекет берді емес-пе? Жерді анаға теңеу әріден бар ұғым. Осыны Мұқағали ақын «Ұқсайсың» деген өлеңінде жаңа қырынан танытады. Туған жердің әрбір тал-шыбығын, көз жетпес көк тіреген шыңырау құзын, тасқындап, таудан құлай аққан өзенін, әрбір тасын еш нәрсеге айырбастамайтын ақын ойын өлең жолдарынан аңғарамыз. Туған жердің шаттығына қуанып, күйігін өзінің қайғымдай көтеремін деген ақын пейілі туған жері үшін жүрегін де жұлып беруге бар. Бұл ақынның туған жерге деген ыстық махаббатынан туған жыр.
Тамыры иіп,
Тәтті бір ұйықтап алғасын.
Ана-шайына,
Дала-нөсерге қанғасын.
Далаға-диқан,
Анаға-адал жолдасы.
Тыңайтпақ болып,
Даярлап жатыр қалжасын...
Ақын тауды «Ана – жердің төсіне алып сәби жарасқан», бейнелейтіні- қандай әдемі жанды сурет. Жер кіндігін, Отанның алыптығын бұдан артық қалай сипаттау мүмкін. Ақын сезімі сізді де баурап, көкірек көзіңді ашып өтеді. Айталық «Қарасаз» өлеңін оқығанда көз алдыңызға бейнелі сурет елестейді. Қарасазда өткен ақынның әрбір мерейтойлары осы бір ойларға жетелейді.
Сен менің еліме бар, жерімді көр.
Жандар бар әр нәрсенің жөнін білер.
Қонағы бол, жыл сайын көріп жүрер,
Асылы бол, жыл сайын көріп жүрер,
Ардағы бол, артатын сенім, жігер!
Мені сұра бастаудан, жылғалардан,
Тоғайдағы көлшіктен, тұнбалардан,
Мені сұра сағымнан қуған арман,
Тал-шыбықтан сұрағын сырғаланған.
Таудан сұра, найзадай шыңдарынан
Шыға алмай таңсәріде Күн қадалған.
Мұқағалидың ойлы лирикалары оқырманды ойға батырып, көңілге толқын ұялататын туындылар екені кімге де болса аян.
Бүгінгі сыршыл лирика – жаңарған, жаңғырған кең өріс. Ақын оқушы көңілін ағынан жарылған сыршылдығымен жаулайды. Адам жанының қатпарына үңілу, терең психологизмге қол жеткізу шебердің ғана еншісінде.
Ақын Мақатаев өмір құбылыстарын тереңдік, биіктік және кеңістік өлшемдері арқылы өрнектеуге, философиялық байламдар жасауға бейім.
Ішкі сезім күйін шерткен, ұғысқан жүректің жан сырын суреттеуге арналған Мұқағалидың енді «Махаббат» диалогына үңілсек:
- Бұлдырасам сағымдай нетер едің?
- Жел боп қуып ақыры жетер едім
- Қайғы әкелсем басыңа нетер едің?
- Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін...
Бұл да лапылдаған, алып қашпа романтика емес, бүгінгі жастардың сүйіспеншілік сыры. Екі махаббаттың тең соққан жүрегіне жинақталған контрастық ойды сығымдап сыйғызады да, содан салмағы ауырлап кетпес үшін, әр жолға аздаған ғана әзіл бояуын қосады. Сөйтіп ант сияқты, ауыр қабылданар өлеңді әрі жеңіл, әрі мәнді қуаныш жырына айналдырып қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін, – дейді өлеңнін соңғы жолы.
Мұқағалидың махаббат жайлы ұстанымының негізі - тұрақтылық. Оның ұғымынша ғашықтық сезім мәңгілік болуы керек. Бұл орайда ақынның бұл сезімі сағынышқа айналу арқылы мәңгілікке ұласады. Мұқағали үшін сағыныш -мәңгілік махаббаттың символы, ғашығына деген өзгермес бейілдің, айнымас көңілдің белгісі. Ақын жанын толқытқан махаббат мұңы нәзік сезімге оранып, жүректің адал лүпілін сездіреді.
Білем саған жете алман, ғарыштасың,
Білемін мәңгілікке табыспасым.
Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің,
Сен маған сағыныш боп жабысқасың.
Ақын сезімі күйректік сезім емес. Ғашығы қол жетпес арманға айналса да сағыныш арқылы жанына сая табады.
Қаламгер жастықтан кемелдікке озған сайын, оның азаматтық қасиеттері тереңдеп, поэзиядағы ізденістері, шеберлік шешімдері дараланып, ширыққан қарама-қайшылыққа толы ой толғақты сауалдарға терең сезім толқынысымен жауап іздеу байқалып отырады
Мәселен, «Батар күн» өлеңіндегі мына шумаққа ой жіберейік:
Батар күн, келер түн,
Атар таң, шығар күн.
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!
Осы мен, осылай мәңгілік тұрамын,
Осы мен, сірә да өлмейтін шығармын.
Өмірім, сірә да әріден басталған
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы мен, өлмейтін, өлмейтін шығармын
Сәл ғана мызғып-ап, қайтадан тұрармын.
Ақын дәл болжап кеткен. Ол сәл мызғыды да, мәңгілік жаңа өмірі басталды. Өйткені халық жүрегінен терең орын алып, өлеңдері әнге айналып, жүрек жарды лебіздер, зерттеулер, естеліктер жазылып жатыр. Мұқағали шығармаларына ән жазбаған композитор кемде-кем шығар. Мызғып ап, орнынан қайта тұрды деген осы емес пе?
Ол өзінің қысқа ғұмырында әдебиет игілігіне қомақты дүние жасап кетті. Ендігі жерде ақынның «сыр сандығын» ақтарып өсу мен өркендеудің ұлағатты үрдісіне сай пайдалану міндеті еншімізге тиіп отыр. Мұқағалиды дәріптеу, кемелдігін ұлықтау, қазақ әдебиетін, күллі қазақ өнерінің қадіріне жету болмақ.
Мұқағали - лирик ақын. Лирикада адам болмысының түгел көрініс табатыны, адам жанының сыры, ой-сезімі жоғары поэтикалық деңгейде өрнектелетіні аян. Лирик ақын көбіне өзімен-өзі іштей сырласып, ойды іштей саралап, өзіне-өзі сауал қойып, тоқтам айтып, өз ойын дәлелдеуге тырысады. Өз мақсатына жетуде түрлі көркемдік әдістерді құбылта отырып пайдаланады. Әсіресе өз кейіпкерінің ішкі сезімін, жан дүниесін, табиғатын, болмысын беруде пейзажды керемет пайдаланады. Табиғаттың сұлулығын бірде құлпырта сол күйінде суреттесе, енді бірде кейіпкерімен қатар ала отырып, салыстыра, астастыра суреттейді. Сол арқылы адам болмысын, оған тән мінез-құлықтарды, қасиеттерді нақты да шынайы бейнелейді.
Поэзия арқылы Мұқағали қоғам тынысын жай сезініп көруші емес, оның бағалаушысына айналған. Өнердің кәусар туындысы халық өмірінің терең және мөлдір қайнарынан шымырлап шығады да, сол халықтың өзінің рухани сусынына айналады. Ақын поэзиясында рухтың, аса бір ізгіліктің мекені бар, табиғаттың сиқырлы сый қоймасы бар, сезім-түйсіктің ең нәзік сазды пернесі бар ғаламның тіршілік ағзасы.
Мұқағали – қазақ халқының әлеуметтік, ұлттық психологиясын жақсы білгендіктен ол әрдайым саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты тез өзгеріп отыратын қайшылықты, қарама-қарсы қоғамдық құбылыстардың куәгері болған. Өйткені ол халықтың қалың ортасында тәрбиеленген, халықпен етене араласқан үлкен азамат. Жақсылық пен жамандық, барлық пен жоқтық сықылды бір-біріне ымырасыз күштер текетіресе түсіп, тайталасып, арпалысып жатқанын көрген ақын оны жырларында шынайылықпен көрсетті. Ол өз ұлтының қасиетті тамаша дәстүрін, ұлттық психологиясын, өзіндік өрнек-бояуымен ерекше жырлады. Ақын өнерімен халық өмірінің арасында нық байланыс бар екені оның өлеңдерінен анық көрінеді.
Шын мәнінде ақынның өнерінде халық даналығының таңбасы бар. Демек, өнердің жасампаз күші оның халықтан туып, халық қажетіне жарауында жатыр. өз шығармалары арқылы ақын әдебиеттің халықтығын ту ғып көтерді; поэзия бәрінен бұрын, халық өмірінің айнасы болуын, поэзияда, бәрінен бұрын халықтық мәні бар келелі шындықтардың суреттелуін көкседі.
Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған!
Қос бұрым-ай жотаңда бұлғақтаған!
Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау,
Жер иісі жұпардан қымбат маған! –
деп толғайды бір өлеңінде. Яғни оның халқын сүюі табиғатынан, қанынан, бар болмысынан туады. Бұл ақынның туған топырағымен тұтастығын танытады.
. Мұқағали Мақатаев – туған жерінің суретін бейнелеуде өзіндік өрнек таныта, өзгеше поэтикалық әлем аша жырлайды. Табиғат аясында туып-өскен әрбір ақынның сол тақырыпқа қалам тартпауы мүмкін емес. Туған жерді, оның әдемі табиғатын жырлау – барлық ақынның перзенттік парызы. Қазақ даласының табиғатын Мұқағали пәк, таза күйінде көргісі келеді. Адам мен табиғатты ол тұтастықта таниды. Табиғат та адам сияқты кейде көңілді, кейде мұңды. Соған лайық ақын да оны әр-күйде суреттейді. Бірде ол дала бетін жапқан жібектей жасыл шөптер мен асқар тау, балдан тәтті сулар көрсе, кейде сол даладағы бабасы өскен Кеңбұлақты ғасырлардан оралған көштерге теңейді. Кейде сарғайған сары белін сәулелі лағылға теңесе, енді бірде сол даланың соққан самалынан таңдайына қымыздың дәмі келген.
Аян ғой аймағыңның сыры маған.
Сөйлейсің, сөйлейсің сен Ұлы Далам!
Мен сенің көкке ұшырған бозторғайың,
Шырылдап жерге түспей тұрып алам.
Жаралған жан емеспін басы бөтен,
Туған жер, топырағыңды басып өтем.
Кеудемде қатып қалған бірдеңе бар,
Кім білсін, туған жердің тасы ма екен?!
Ақынның ойы да, сезімі де еркін, сыршыл, нәзік мұңды көңіл-күйі аралас жүреді. Ақын көлгірсімейді, ағынан жарыла шынын айтады. Сезім мөлдірлігін, үлкен шеберлікті, суреткерлікті танытатын мұндай өлеңдер Мұқағалида мол.
М. Мақатаев адаммен бірге табиғаттан да келісім мен жарасым іздеген ақын. Оның лирикасындағы табиғат жай сурет, көрініс ғана емес, жанды, сезімтал. Сол үшін Алатауға мұң шағады, жас қайыңнан өзіне сырлас табады, жапырақты жүрекке теңейді, мергеннің оғына іліккен аққу мен киікке жаны ашиды.
Кейіпкерді өз қиялындағы таза табиғат құшағына, ата кәсіп басына жетектеген – жеңіл-жеңсік, әуесқой желік емес, ішкі жан драмасын ашуға құрылған. Шынайы торығыс, жанға жақын, көңілге қонымды суреттерді еске алудан туған шын серпіліс, тебіреніс көкірегіңдегі өзгеше бір шапағатты сәулені оятардай әсер береді.
Ақын туған жер табиғатын шабыттана, құштарлықпен өлеңге енгізеді. Жас ұрпақты туған өлкесін сүюге үндейді. Адам назарын аударатын және адам тіршілігімін етене байланысты табиғаттың тылсым құпия сыры көп. Адамзат жаралғалы, тіпті одан да бұрын жаратылған заңғар, биік таулар мен шалқыған айдынды көлдер, ширатылған заңғар өзендер қай заманда да ақын қиялын тербетіп, назарынан тыс қалмаған. М.Мақатаевтың туған жерге байланысты өлеңдері бір шоғыр. Олар: «Апырай, туған жер-ай», «Дөңгелек жер», « Рахмет, дала», «Қазақ жері», «Жетісу», «Туған жерге», «Туған жер сағындырды», «Саржайлау», «Қайран, Қарасазым-ай», «Осынау шуақ шашқан кең өлкеде», «Туған елге» т.б. Себебі, қай ақынды алмаңыз, ең алдымен өзі өскен жерінің табиғатын жырлап өткен. Мұқағали да сол дәстүрді жалғастырушы.
Ақын таудың тура табиғи кейпін жырлаудан гөрі тауды фон етіп алып өзінің сезім дүниесін, көңіл-күй әлемінің тебіренісін осы фонға ұштастырып жібереді. Тауды жырлай отырып, түйдек-түйдек ой айтады, философиялық топшылаулар жасап, адам психологиясына жарасымдылық ұғымының эстетикалық мәнін сіңіріп жібереді. Тау табиғатының тылсым сырының ақын қиялын тербетіп, сезіміне ыстық шоқ тастап, бойына қуат дарытып отыруы да сондықтан.
Өлмесін деп берген ғой тауды маған,
Мен күрсінсем, күңіреніп тау жылаған.
Көңілімде бір құйын көтерілсе,
Тауларымда тұрады қарлы боран, - дейді.
Тауды өзінің, өз көңіл-күйінің баламасы ретінде салыстыра алады. Жаны да, тәні де табиғатпен өзектес сипатты көреміз.
Оның суреттеу мәнерінде сезім басым. Мұқағали сөзінен сыңғырлаған сұлу дыбыс шығады. Ақынның тілі үнді, әуенді, музыкалы тіл. Өлеңін оқығанда көкірегің күйге толып, өз-өзіңнен ән салып отырасың. Бұл – сүйіспеншілік, құштарлық сезімі. Ақынның туған жерге деген махаббатты жыр болып төгілген.
Мұқағалидың табиғат лирикасын ақын лирикасындағы туған жер келбеті, өлең өрнектеріндегі табиғат перзенттері, жырға айналған жыл мезгілдері деп топтауға болады. Ал, қыс тақырыбына жазылған «Анау – аспан, мынау – бақ» өлеңінде:
Аспан жердің арасын,
Дәрігер-қыс алуда.
Табиғаттың жарасын
Ақ дәкемен таңуда.
Таңдырып ап маңдайын
Тағы көйлек сұрап жүр
Бақты кезіп тал – қайың,
Жалаң аяқ жылап жүр.
Ку бұтағын құшақтап,
Түксиеді кәрі емен.
Қыс – тазалық, қыс – аппақ, -
деп көз алдындағы көріністерді әшейін көзбен көріп қана қоймайды, көкірекпен қабылдап, өзінше, өзгеше бір бейнемен кейіптеп, кестелеп, бедерлеп көреді.
М.Мақатаевтың қуаныш сезіміне бөленген көңіл күйін «Біздің көктем» өлеңінен де көруге болады. Көктем мезгілі жер-дүниенің жасарып, тіршілік атаулының басталар тұсы және табиғат ананың босанып, айнала әртүрлі гүлдерге көміліп, жасыл желекке бөлінер сәті болғандықтан ақын көктемді өмірдің, жаңа тіршіліктің басы ретінде жырлайды. Лирикалық кейіпкердің көңіл-күйін, жан-толқынысын, сезімін бейнелеу, суреттеу арқылы маусымның қайталанбас сәттерін бейнелеп береді. Күзді бейнелеудегі ақынның әдісі өзгеше.
Сен менің тынысым ең, тұрмысым ең,
Сен үшін өмір сүріп тырмысып ем.
Жыл құсымен оралған жаным менің,
Бірге аттанып кетесің жыл құсымен.
Қызылы жоқ қырманды – күзде міне
Қайтқан құстың қараймын тізбегіне, -
деп, өз сағынышын, күрең күзгі күндерін мұңдана еске алып, құлазыған көңілін қайтқан құспен сабақтастырады.
Мақатаев атты дарын, алып ақындық талантымен қаншама жылдар өтсе де, өлмес өлеңдерімен өрлей бермек. Оның өшпес өрнекті өлеңдері ұзақ өмір сүріп, жастардың жүрегіне жарқырап жетіп, жалын құйып, өзінің жылуы мен жарығын дарытуда. Әрбір оқыған, ізденген сайын ақынның жаңа сырлары аңғарылып, тың толқындары тулап, сырлы саздарын төгуде.
Тарихтағы ұлт ұлы ақыны ғана шығатын шұғылалы биікке көтерілген әрбір ірі ақындар сияқты Мұқағали да қазақ поэзиясын жаңа кеңістікке көтеріп қондырды да, өзі соның мәңгілік тұрғыны болып қалды. Ол әрбір мезгілмен бір көктеп көгеріп, әр ұрпақпен бірге жасайтын ақындардың таңдаулы тобына жатса керек.
Поэзия - сөз өнері. Поэзия арқылы қаламгер әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсете алады. Оны жанды көрініске айналдыра алады. Ол айналамыздағы дүниені, өмірді танып-білудің күшті құралы, біздің қоғамдық ой-санамыздың, көркемдік-эстетикалық сезіміміздің үлкен өнімді саласы. Сөз қолдану шеберлігі, көркемдік шеберлік дегеніміз - өмір құбылыстарын танып-білу, ұғып-түсіну қабілетімен көркем ой-сезім қуаттылығымен терең тамырланып, қабысып жататындығында.
Ғасырлар қойнауынан тартқан бай тарихы, сан-салалы дәстүрі, алуан стильдік тармағы бар әдебиеттің даму жолына тыңнан соқпақ қосу – кез келген қаламгердің қолынан келе бермейтіні белгілі. Әр ақын сөз өнеріне айтарлықтай жаңалық алып келе бермеуі мүмкін. Ақын өз шығармалары арқылы танылып, кейінгі әдебиетке үлгі боларлықтай дәрежеде болса, ұлттық болмысты таныта алса ғана рухани қазынаға қосылған өміршең жаңалық болмақ.
Соңғы кезең, яғни шын мәніндегі стиль қалыптастырған кез – шығармашылық өрлеудің жоғарғы сатысы. Бұған жету үшін шыңдалған суреткерлік шеберлік керек. Стиль даралығы, әсіресе, әр қаламгердің көркем тіл ерекшелігінен айқын байқалады. Сонымен қатар жазушының шығармашылығы оның өмір тарихымен, адамдық болмысымен, азаматтық бітімімен, өзгеден бөлек өз тәжірибесімен, білімімен, мәдениетімен, дүние танымымен ұласып, тығыз байланысып жатады.
Сонымен, түйіндеп айтқанда, М. Мақатаев шығармашылығынан қазақтың нағыз ұлттық поэзиясын көреміз. М. Мақатаев жырларындағы қазақтың жері мен суы, тауы мен даласы көрініс тапқандығы өз алдына, өзгеше пайымдау ерекшелігі, өзіндік өрнек салар тілі, шалқыған шабыты сөзге шебер халықтың ұрпағы екенін аңғартады. Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің өзегінен ақиқат өмір шындығын көреміз, көркемдік өрнегі өзгеше өрілген сөз өнерінің үлгісін танимыз. Ол халықтың ұлттық сипаттағы көркем бейнесін, сол арқылы адам болмысын, оның жан дүниесін, сезімін, яғни, адам өмірінің асыл шындығын ерекше тебіреніспен толғайды. Ақын әрбір кейіпкерін өзінің сезім елегінен өткізіп, сол күйде өзі тұрғандай етіп шебер бейнелейді. Сондықтан да оның қаһармандары шынайы, оқырманды бірден баурап алады. Сол себепті де Мұқағали мұрасы сөз өнерінің дара мұнарасы ретінде болашаққа апарар құнды қазына болып қала береді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Аймұхамбетова Ж. Лирикалық бейне жасаудағы көркемдік ізденістер. // Көкейкесті әдебиеттану. Сегізінші кітап. - Астана: ЕҰУ, 2008. - 412 б.
2Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. - Алматы: Мектеп, 1960. - 292 б.
3 Жүсіп Қ.М. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. – Алматы: 2007.
4 Жұртбай Т. Дулыға. Екі томдық. – Т.1. - Алматы: Жазушы, 2007. - 400 б.
5Қабдолов З. Арна. - Алматы: Ғылым, 1994. - 366 б.
- 442 б.
6 Негимов С. Ақын жыраулар поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 2001. - 280 б.
Достарыңызбен бөлісу: |