ӘОЖ 894.342
МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ “ТҮРКІСТАН” ӨЛЕҢІНДЕГІ ТІЛДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Ф. Уәлиева, Ж.Қ. Боранбаева
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана
Мағжанға дейінгі, шамамен екі ғасырлық кезең патшалық Ресейдің Түркістан аймағын басып алу мақсатында жүргізген саясатында туған әрекетімен және Түркістан халқының оған қарсылық көрсетуімен өткен. Ғасырлар бойы кең жазира қала қанға бөгіп, ел қажып күйзеліп, халық жаны мен жүрегіне жара түскен. Ал Мағжан туған жылдары Түркістан аймағы түгелімен патшалық Ресейдің езгісінде болатын. Бірақ соған қарамастан Түркістанда қалыпты бір жүйе құрылмаған еді. Түркістан халқының патшалық Ресейдің жаулап алу саясатына қарсы жүргізген күресі енді саяси үстемдікке наразылық білдірген бітпес бас көтеруге айналды. Ал, бұл көтерілістерді патша әскерлері аяусыз басып-жаншып отырды. Мағжан Ресейдің Түркістан аймағында отаршылдық саясатын күшейту мен славян тектес көшпенділерді жаппай Түркістан территориясына қоныстандыруына қарсы Түркістан аймағының 1916 жылғы көтерілісіне де куә болды.
Түркістан өңірінің тәуелсіздігі үшін жүргізген күресі жолында халықтың қаншама қаһарман ұлының қаны төгіліп, қаншама бір туар зиялы перзенті қылқаламын найза етіп жан аямай күресті. Олардың ішінде Мағжанның алар орны ерекше. Мағжан Жұмабаев – ұзаққа созылған бодандық кезеңінде келімсек отаршылдардың халық жадынан өшіруге тырысқан рухани байлығын сақтап қалуға бүкіл ғұмыры мен әдеби күш жігерін арнаған ұлы тұлғалардың бірі. Ол жанын құрбан еткен қасиетті күрес тек оның өлімінен кейін жеңіс тапты. Келешек ұрпағына ол армандаған бақытты күндерде өмір сүру нәсіп болды. Қайсар ел перзентінің құрметке лайық өнегелі істерін мәңгі есте сақтап, ардақтау біздің қасиетті парызымыз. Мағжан өлеңдерінде әр сөз, әр сөз тіркесі, әр өлең жолы, сонымен қатар шумақтар талдауды қажет етеді. Себебі, өлеңдерінде мынадай логикалық байланысқа шығуға болады: жалпыдан жекеге, жекеден жалпыға өту. Мысалы: Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің Тәңір берген несібі ғой. «Түркістан – екі дүние есігі ғой» - бұл жолдағы «екі дүние» сөзі, біріншіден «дүние» сөзі полисемия, екіншіден «екі дүние» тіркесін көптеген мағынада түсінуге болады. Мүмкін ол жаңа мен ескінің арасы, мүмкін ғылым мен өнердің, мүмкін фәни мен бақилық, тіпті кешегі өмір мен бүгінгі тіршіліктің нысаны болар. «Екі дүние» сөзі метонимия, яғни мұнда ол қандай дүние екенін жасырын күйде, тек үлкен ой сала отырып берген. Ал «есік» сөзі осы сөз тіркесіне жалғана метофора болады. «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деген өлең жолындағы «түрік» сөзінің этималогиясына тоқталсақ ол «ер жүрек, батыл» деген мағына береді. Бүгінде «түрік» атауы жалпылама мағынада қолданылады. Ал «бесік» сөзі кіндік қаны тамған, туған жер деген мағына үстейді. «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деген жолдардан параллелизм әдісін көруге болады. Дәлел: біріншіден «екі дүние» сөзінде –(нің) жұрнағы жасырын, екіншіден «есік» сөзі ұлттық санамызда қалыптасқан бірнеше мағына береді. Айталық, өмірге келгенде ме, әлде үйге кіргенде ме алғаш ашылатын есік. Сол сияқты, бесік те нәрестенің дүниеге келгендегі ең алғашқы орны болып табылады. Сонымен қатар, Түркістанға назар аударту үшін, өлеңге бірден ену үшін «түрік» сөзін қайталау амалын қолданады. Бұл шумақта «т» әрппінен құралған аллитерация құбылысы кездеседі. «Тамаша Түркістандай жерде туған түріктің Тәңір берген несібі ғой» деп қара сөзбен айтсақ дұрыс болады. Мұндағы «тамаша» сөзі эпитет. Ал соңғы тармақ шумақты қорытындылайды. Мағжан бұдан кейінгі шумақтарда қысқа, бірақ нақты тарихи мәліметтер бере кетеді.
Мысалы: Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып өскен. Тұранның тарихы бар толқыламалы, Басынан көп тамаша күндер кешкен. Бірінші тармақта «Ертеде Түркістанды Тұран деген» деп айтса да болады, бірақ онда ақын ортақ мәнді беретін жұрнақты қоса отырып, халқын саналы түрде түгелдейді, тарихын – «толқымалы», күндерін – «тамаша» деген шынайы эпитеттермен әсерлейді.
Тұранның тарихи бар отты желдей, Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.
Тұранның жері мен суы да жат, Теңіздей терең ауыр ой бергендей, - дегендегі от сөзі, Мағжанның өлеңдеріндегі бір ерекшелік десек те болады, зор символға ие. Бұны тағы ақынның мынадай өлең жолдарынан көруге болады: «Ерте күнде отты Күннен Гүн туған, Отты Гүннен от боп ойнап мен туғам, От дегенің аспан ғой, Аспан жерді басқан ғой, немесе Отқа табын, Тәңір от, Оттан басқа Тәңір жоқ». Сондай-ақ жел сөзі де «Жел еш нәрсеге тең емес, Тау да жолын бөгемес», «Жерде желмін гулеген» сияқты өлең жолдары туындыларында көптеп кездеседі. Тарихымызды осы аталған символдарды қоса атап, заулаған қалың өрттей аспанға өрлеген отты желге теңейді. «Тұранның жері мен суы да жат» деген тармақта «жат» сөзі бөтен, басқа, бөгде деген мағынада емес. Мағжанның қолданысында ол «тамаша, керемет» дегенді білдіреді [1, 216]. Ақынның теңіздей терең, теңіздей ауырға теңеген ойы – Тұранның тарихы, жері мен суы. Мұнда Мағжан теңеуді пайдаланады. Бұл шығарманы түгел дерлік оқып шықсақ, оның бір асып толқыған көңіл-күймен жырлаған отанға, жерге, елге, тарихқа деген сүйіспеншілігін, зор құрметін анық байқаймыз. Ал, енді осы жолдан ақын осының бәрін ойлай отырып, ойы сол кездегі Тұранның басынан өтіп жатқан қиын-қыстау кезеңі, жері мен суының отарлануы жанына батады. Жерге, суға деген қимастық сезімі сезіле, өлеңін ары қарай өлең жолдарымен өреді.
Тұранның шегі-шексіз шөлі қандай, Теңіздей кемері жоқ көлі қандай!Тұранның дария аталған өзендері, Тасыса шөлді басқан селі қандай! Тұранның таулары бар аспанға асқан, Мәңгіге басын аппақ шаштар басқан. Бауырында ерке бұлақ салады ойнақ, Жарылып таудан аққан салқан жастан. Енді осы жерден бір қайыра талдап, аша кетсек...Төртінші шумақ түгелімен көз алдымызға, айталық, шексіз шөл, кемері жоқ көл, өзеннің селі, махаббат пен мақтанышқа толы сезіммен суреттеледі. Интонация – дауыс толқыны сөйлегенде сөз мағынасын әсерлі жеткізу үшін дауыстың құбылып, жоғарылап, төмендеп өзгеріп отыруы, сөздің мәнерімен, әр түрлі сезіммен айтылуы [2,170]. Бұл шумақта ажар беріп, оның мағынасын толықтырып тұрған тәсіл – интонация. Сонымен қатар, шөлі қандай, көлі қандай деген сөз тіркесіне аяқталған жолдарда параллелизм үлгісі, яғни шумақ басындағы дыбыстың бірыңғай қайталануы кездеседі. Алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты асыра асқақтата градация тәсілін қолданған. Бесінші шумақта сол суретті жалғастырып, аспаннан асқан тауларын, оның басын мәңгіге жапқан қарды аппақ шашқа ауыстыру (метафора) арқылы тамаша үлгіде суреттейді. Келесі жолдары сондай әдемі. Ол жердегі ерке бұлақ – айқындау (эпитет), таудан аққан салқын жас сияқты сөз тіркесі бұлақтың бастау алар көзі. Бұл жолдардан жай ғана бұлақты балаша ойнатып, бастауды тірі жандай жылатып, жандандырып адам қылығымен ауыстыра суреттеген. Шығармада жансыз табиғат құбылысы кәдімгі тірі кісінің қылығымен ауыстырыла суреттеледі. Құбылтудың мұндай түрі – кейіптеу деп аталады [3,234]. Мағжан Жұмабаев кейіптеу тәсілінің керемет үлгісін көрсеткен.
Шөлдер бар, желде жүрмес сап-сары құм, Моладай ешбір үн жоқ, мәңгі тып-тың. Болмақ па жан-жануар шексіз шөлде, Сары құмда салар ойнақ пері мен жын. Шексіз шөлдегі сап-сары құм деген сөз тіркесі қарапайым эпитет тәсілі арқылы жасалған. Мәңгі тыныштық орнаған шөлде тірі жан жоқ деп оны молаға теңейді. Ақын енді Тұран өлкесіндегі суаттарға тоқталып, оның кешегісін де айта отырады. Тұранның теңіз дерлік көлдері бар, Шалқыған шегі шетсіз теңіз Арал. Бір шетте қасиетті Ыстықкөлдің, Бауырыңда дүние көрген түрік көкжал. Ертеде Оқыс, Яқсарт-Жейхун, Сейхун, Түріктер бұл екеуін дария дейтін. Киелі сол екі су жағасында, Табасың қасиетті бабаң бейтін. Бұл шумақтарда көлдерін теңізге (дерлік шылауын қолдана) теңей отырып, Аралды шалқытып, Ыстықкөлдің қасиетін асырып айқындайды. Дәл осы көлде «Бауырында дүние көрген түрік көкжал» дейді. Түркі халықтарында, соның ішінде қазақ жұртшылығында бөрі тотем ретінде танылған. Ол тарихтың терең қатпарларында қалыптасқан мифтік аңыздар мен балбал тастардың қайнауында. Сүйінбай ақын жырлаған «Бөрі басы ұраным, Бөрілі менің байрағым» деп толғаған. Оқыс, Жейхун – Амудария, Яқсарт, Сейхун – Сырдария өзендерінің атаулары. Оқыс, Яқсарты – латындар қойса, Жейхун, Сейхун арабтар берген атау [4.355], [5.492.] «Табасың қасиетті бабаң бейтін» деген жолда ақын бүкіл өлең құрылысында айтпаған бабаң бейті ол қандай бейіт? Әрине, қасиетті Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесі.
Тұранның Тянь Шаньдай тауы қалдай, Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!
Еріксіз ер түрікті ойға аларсың, Көкке асқан Хантәңіріге қарай-қарай.
Балқашты бауырына алған Тарбағатай, Жоталы жер кіндігі – Памир, Алай.
Қазығұрт қасиеті тау болмаса, Топанда Нұқ кемесі тоқтар қалай? – деген шумақтарда Мағжан тауарларды атап көрсетеді. Ер түрікті Тянь Шаньдай алып таудың, ең әдемі, ең биік, ақ мәрмәрдан шыңы жылтырайтын Хантәңіріне салыстыра теңейді және шешендестіріп отыр. Балқаш бойлап орналасқан Тарбағатайды да ұмытпайды. Келесі жолда І. Жансүгіров: «Гималай көктің кіндігі» десе, М.Жұмабаев: «Памир, Алай – жер кіндігі» дейді және жоталы жердің кіндігі екенін көрсетеді. Одан кейін Қазығұрттың жайын жырлайды. Осы жерге дейін Мағжан көз алдымызға Тұран өлкесінде бейне бір географиялық картасының суретін жырмен салды. Дәл осы жерден байқап қарасақ, ақын алшақтығын сездірмей жағрафиядан тарихқа көшеді де халықтың жадында жатталып қалған аңыз өлең жолдарын еске түсіреді: «Басында Қазығұрттың кеме қалған. Ол Әулие болмаса неге қалған? Жетім бота түбінде жатып алып, Ойсыл қара жануар содан қалған» [6.40]. Шумақтың басында дыбыстың қиысуы байқалады: Балқашты бауырына, жоталы жер, Қазығұрт қасиетті
Тұранның жері де жат, елі де жат, Құйындай бастан кешкен күні де жат.
Тұранды түгелімен билеп тұрған, Ертеде ертегі хан Афрасияб.
Жоғарыда атап көрсеткендей «жат» сөзі бұл тамаша, керемет деген мағанада екендігін бірінші жолда көрсетсе, енді екінші жолда олай емес «жат» сөзінің тағы бір мағынасы жадылап алу, сиқырлау дегенді білдіреді [7.500]. Басынан кешіп жатқан күнін құйынға теңейді. Яғни патшалық Ресейдің саясаты, отарлауы, қазақ халқының басына түсірген ауыртпалығы құйындай ұйытқып басынан кетпей тұрғанын меңзейді ақын.
Афрасияб – аңызға айналған тарихи адам, әдеби образ. Ол – ежелгі түркі тайпаларының ел ағасы, Иран патшаларымен жауласумен даңқы шыққан көсем деп Фирдаусидің “Шахнамесінде” айтылады, Махмұд Қашқари айтуынша, Афрасиябтың түрікше аты – Тоң Алып. Тұрған өлкесі ежелде «Афрасияб жұрты» деп аталған [4.600].
Алып Ер Тоңа елді ме? Жаман дүние қалды ма?
Заман өшін алды ма? Енді жүрек жартылар, - деген жоқтау жолдары «Күлтегін мен Тоныкөк» көне жазба ескерткіш жазуларында бар [8.85] .
Ежелден жер емес ол қарапайым, Білесің тарихты ашсаң Тұран жайын.
Тұранға қасиетті құмар болған, Ертеде Кей-Қысырау мен Зұлқарнайын...
Кей-Қысырау мен Ескендір Зұлқарнайын – ежелгі дүниенің аса ірі қолбасшылары. Мысалға сондай күшті қолбасшы Александр Македонский Тұран өлкесін үш жылдай жаулап ала алмай, ақыры кейін қайтқаны тарихтан белгілі.
Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе? Түрікке адамзатта ел жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял, Тұранның ерлеріне ер жетке бе?!
Осы өлеңнің әрбір тармағында дерлік түрік пен оның отаны Тұран туралы сөз қозғайды. Мағыналарын толық алуға тырысады. Өлеңде шөлдерін, көлдерін, селдерін, тауларын, қазақтың даласын, жерін жырға қосады. Сол сияқты бұл шумақта Тұран өлкесінің халқына, жеріне ешкім, ешнәрсе жетпейтінін көрсетеді. Бірінші жолда «Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?» және соңғы жолда «Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?» деген жолдарда ж әріпін қайталайтын аллитерация құбылысы, сонымен қатар е әріпін қайталайтын ассонанс та бар. Шумақ тұтас дерлік синтаксистік параллелизмге құралған. Ақын жер – ел – ер байланысын шығарманың өн бойында алып жүреді. Абай «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» десе, Мағжан «кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял» деген тың эпитеттерді Тұранның ерлеріне байланысты қолданған.
Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер, Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.
Шыңғыстай арыстанның құр атыда,Адамның жүрегіне жігер берер.
Шыңғысханды данышпан, ойы тұңғиық, болаттай жігерлі екендігін суреттейді. Шыңғысханды арыстанға теңеп, есімінің өзін айтқанда шынында да қаһарлы, зор тұлғаны сеземіз.
Шыңғыстан Шағатай, Үкітай, Жошы,Төле, Атаға тартып туған бәрі бөрі.
Шыңғыстың қол бастаған екі көзі: Жолбарыс, Сұпытай мен көкжал Жебе...
Шыңғысханның тікелей мұрагерлері бәйбішеден тараған төрт ұлын бөріге теңейді. Шыңғысхан Жебе мен Сұпытайды «өзімнің қандас бауырларым, өзімнің сенімді күшіктерім» деп атап, әскер басшысы қылған сенімді серіктері етті[5.465].
Тұранның билері бар Тарағайдай, Сол биден Темір туған от боп ойнай.
От шашып жер жүзіне Ақсақ Темір, Жарқ етіп өте шыққан нажағайдай.
Ақынның «Ақсақ Темір сөзі» деген өлеңінде Ақсақ Темірді нағыз билейтін қолбасшысы екенін айта отырып «Жер тәңірісі Темірмін, Жеріме тәңірім тимесін. Жер тәңірісі Темірдің, Тұқымы – түрік, заты – от!» деген жолмен аяқталады. Бұл өлеңмен осы шумақ сабақтас болып келеді. Ақсақ Темірді – жарқ етіп өте шыққан найзағайға теңейді.
Тұранды мақтамаймын тіпті текке, Онсыз – ақ Тұран таныс талай шетке.
Сырласқан үйде отырып аспан көкпен, Білгіш аз жеткен жүйрік Ұлықбекке.
Асыл қан – қасиетті түрік қаны, Сол қаннан – Ибн – сина Әбуғали.
Молдығы білімнің сиқыр дерлік, Дүниеге мұндай адам туды ма әлі?
Түріктің кім кеміткен музыкасын, Фараби тоғыз шекті домбырасын?
Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп, Жұбанып, кім тыймаған көздің жасын?!
Осы үш шумақта ғылымның көзін тапқан, басқа елдің ғалымдарынан озған данышпандарымызбен мақтанады. Ұлықбекті білгіштердің жүйрігіне, Ибн-синаның білімін сиқырға теңеп «дүниеге мұндай адам туды ма әлі?» деп жалпыға сұрай арнайды. Яғни ол Қ.Жұмалиевтің пікірінше: «Сұрай арнаудың бір түрі – риторик сұрау, ойын сұрау, жауап ретінде айтушылық. Риторик сұрау жауапты керек етпейді. Сұрай арнауда жауап беру міндетті болмасада, оқушыға бұл сұрауды неге беріп отыр деген ой түсуі мүмкін. Ал риторикалық сұрауда сұраудың не үшін қойылатындығы оқушыларға түсінікті, әр сұраудың жауабы оқушылардың ойында тұрады» [9.133].
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа, Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?...
Бұл шумақта да қойылған сұрақтарға жауап күтпейді, өйткені олар жауапсыз-ақ түсінікті сұрақтар, яғни сұрай арнау болып табылады. Соңғы тармақ мән аударарлық. Ерекшелік «қазақ» сөзінің өлеңде алғаш қолданылуы және қазақтың жеке өзіне байланысты тарихқа көшуі. Соңғы тармағында былай дейді: «қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?». Мұндағы қазақтың қара шаңырағы – жеті атасынан бастап, мұра болып келген киелі ордасы. Яғни ол: Тұран, Түркістан, Жетісу, Сырдария, Тянь-Шань.
Арыстан елге отан болған Тұран, Тұранда қазағым да хандық құрған.
Қазақтың қасқа жолды Қасым ханы, Тұранның талай жерін билеп тұрған
Әділ хан аз болады Назардайын, Алашқа Есім ханның жолы дайын.
Тәукедей данышпан хан құрған екен, Басында күлтөбенің Құрылтайын.
Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жері, Тұранның тарқамаған алаш шері.
Тұранның топырағында тыныштық тапқан, Алаштың арыстаны Абылай ері.
Тұраннан Сарыарқаны бөлек деме, Түркістан алты алашқа болған кебе.
Тұранның топырағын құшып жатыр, Кешегі ердің ері көкжал Кене
Осыған байланысты атақты түрік қайраткері Мұстафа Кемал Ататүріктің мынадай айтқан сөздері бар: «Түрік баласы ата-бабасын танып білген сайын ұлы істер жасау жолында тек өз бойынан ғана күш-қуат табады» [10.3]. Бұл дәл осы жерде Мағжанға қатысты айтылған секілді. Ақын өз елі үшін жанын құрбан еткен ұлдарын саралап отыр: «Қасым ханның қасқа жолы», Еңсегей бойлы Ер Есім аталған «Есім ханның ескі жолы», қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған жылдарындағы Тәукенің «Жеті жарғысы», қазақ халқының ұлы хандарының реформатор екендігі. Ол заңдар халықтың игілігі үшін қызмет еткен. Тарихтан белгілі Назар немесе Хақназар қырық жылдан астам уақыт өзінің атына сай хақ, әділ хан болған. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген бірауыз сөз қалған. Расында да жоңғарлар бір жақтан, қалмақтар бір жақтан қысқанда Тәуке хан үш жүздің үш биін жинап құрылтай өткізген. «Бірлік түбі – жеңіс» дегендей ауызбіршілік бар жерде қазақ халқы жеңіске жетіп отырған. Сабалақ бала атанып, еліне құт әкелетін данышпан, ақылгөй ұлы ханы болатынын кім білген? «Алаш, алаш болғанда, туырлығымыз киіз, керегеміз ағаш болғанда, бәріміз бір анадан туған болайық » [11;51] деп ұрандаған алты сан Алаш, яғни алты рулы ел қыпшақ, найман, қаракесек, алшын, қоңырат, жалайыр – «Түгел сөздің түбі бір, Түп атасы Майқы би» [4.247] деп Майқы биді ежелгі атасы ретінде санаған, бірегей ұлт екенін көрсеткен. Кенесары туралы ақын «Сырдағы алашқа» деген өлеңінде былай дейді: «Арқада Бурабайға жер жетпейді, Алашта Кенекеме ер жетпейді».
Шер батса кім іздемес туған елін, Тұлпар да көксемей ме туған жерін.
Арқаның ардагері – қалың алаш, Тұран да, біле білсең, сенің жерің!
Қазақ халқында «Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас», «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деген аталы сөздер бар. Қазақ соңғы сапарға аттанарда да өз елімде, өз жерімде сүйегім қалса екен деп, өлгенде де туған ел, туған жердің қадірін түсінген. Шер бату, уайымнан, мұңнан туған сағыныштың қатты батқанын айтады. Салыстырмалы түрде «Тұлпар да көксемей ме туған жерін?» деп сұрай арнайды. Ол жауапсыз риторикалық айшық десек те болады. Параллелизм үлгісі де бар. Арқадағы қалың алашқа Тұранның қазіргі қайғылы жайын ойлануға шақырады.
Ертеде Оқыс, Яқсарт-Жейхун, Сейхун, Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі сол екі су жағасына, Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейтін!
Жыр соңындағы соңғы шумақ, соңғы тармақ «Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейтін!» деп аяқталады. Сөз басында ең алғашқы шумақта мынадай заңдылық айтылды: жалпыдан жекеге, жекеден жалпыға шығу жолы. Осыған дейін жалпыдан жекеге шыққанбыз, Түркістаннан Тұранға көшіп оны жеке-жеке бөліп, шашып, барлық дүние қамтылған. Енді дәл осы жерде, керісінше, жалпыдан жекеге қайту, яғни Тұраннан Түркістанның дәл өзіне, нақтылай айтса, дәл осы қаладағы дара үлгі өнегесімен бүкіл түркі жұртын ислам іліміне бағыттаған, бұдан кейінгі танымы мен түсінігін қалыптастырған, алпыс үш жасында өз еркімен қылуетке түсіп, дүниенің ақиқатына жетуін мұрат еткен ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауидің қасиетті бейітіне қайтамыз. Түркістан – тұтас, ортақ, жалпы бірегей шежірелі өлке екеніне ақын көзімізді толық жеткізгенін түсінеміз. Сөз соңында ақынға мынадай шынайы баға берілгенін айтқымыз келеді: «Мағжан – қазақ халқының ғана емес иісі түркі дүниесінің ұлы дауылпазы» [2.4]. Мағжан шығармашылығы қазіргі таңда миллиондаған ұрпақтардың тәуелсіз жүректерінде мәңгі жасай берері хақ.
Пайдаланған әдебиеттер
-
Ахметов З. Шаңбаев Т. Әдебиеттану терминдер сөздігі.” Ана тілі”. А., 1998
-
Асқаров Е.Батыр Баян. “Елорда”. Астана. 1999
-
Будак . Ф. Алтайдағы жүрегім. “Байут”. Анкара. 2003
-
Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. “Мектеп” А., 1974
-
Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. “Мектеп”. А., 1969
-
Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері. А., 1970
-
Қазақ совет энциклопедиясы. І том, А., 1972
-
Қазақ совет энциклопедиясы. VIIІ том, А.,1976
-
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. «Ғылым». А., 1978
-
Қашқари М. Түрік сөздігі. I том, “Хант”. А., 1997
-
Түркістан халықаралық энциклопедиясы. А., 2000
Регистрационная форма
1. Ф.И.О. : Уәлиева Фариза
2. Ученая степень, ученое звание: нет
3. Организация (учреждение), должность: ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
4. Адрес: 010008, г. Астана, пр-т Абылай хана 6/5, кв. 5
5. Контактный телефон: 8-3172- 342105
6. E-mail: sboranba@mail.ru
7. Факс: нет
8. Название доклада: Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңіндегі тілдік ерекшеліктер
9. Секция: Филология: казахская литература
10. Необходимые технические средства: нет
11. Необходимость бронирование номера в гостинице: нет
Я намереваюсь:
Выступить с докладом на заседании секции.
1. Ф.И.О. : Боранбаева Жамал Калиевна
2. Ученая степень, ученое звание: кандидат филологических наук, доцент
3. Организация (учреждение), должность: ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
4. Адрес: 010008, г. Астана, пр-т Абылай хана 6/5, кв. 5
5. Контактный телефон: 8-3172- 342105
6. E-mail: sboranba@mail.ru
7. Факс: нет
8. Название доклада: Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңіндегі тілдік ерекшеліктер
9. Секция: Филология: казахская литература
10. Необходимые технические средства: нет
11. Необходимость бронирование номера в гостинице: нет
Я намереваюсь:
Выступить с докладом на заседании секции.
Достарыңызбен бөлісу: |