Махаева Айткүл Шайымқұлқызы Қазақ қырғыз саяси байланыстарының тарихы



бет2/4
Дата15.06.2016
өлшемі377.5 Kb.
#136657
түріДиссертация
1   2   3   4

«Зерттеу жұмысының тарихнамасы» деген бөлімде тақырыптың зерттелу деңгейі талданып көрсетіледі.

Еліміздің ұзақ жылдар бойы саяси тәуелсіздігін жоғалтып, патшалық Ресейдің отаршылдығы, кейінірек кеңестік биліктің құрсауында қалып, шынайы тарихын зерттеуге және білуге деген мүмкіндігінен айрылуы қазақ пен қырғыз халықтарының ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі өзара саяси байланыстары тарихының объективті бағасын алмауына себеп болды.

Дегенмен, қарастырылып отырған мәселеге жанама түрде болса да қатысы бар зерттеулер жаңа заман дәуірінде және кеңестік заманда, Кеңес Одағы ыдырап, Орталық Азияда тәуелсіз республикалар пайда болғаннан кейінгі кезеңде жарияланған еңбектерде көрініс тапты.

ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысындағы орыс өлкетанушыларының, шығыстанушыларының қазақ-қырғыз байланыстарына көңіл аударуы Жоңғар хандығы құлағаннан кейінгі кезеңде патшалық Ресей империясының саяси және сауда мүдделеріне орай арта түскен еді. ХҮІІІ ғасырдың соңғы ширегінде қазақ-қырғыз байланыстары туралы ресейлік академиялық экспедицияның мүшесі И.Г. Георги қысқаша сипаттама берсе, ал И.Г. Андреев сияқты әскери қызметкерлер империялық пиғылдағы Ресейдің саясатына орай мәліметтер жинады. Қазақтар мен қырғыздар туралы естіген, білгендерін жазып отырған олардың еңбектерінен екі елдің қаншалықты байланысы бар, араларында қарама-қайшылық бар ма деген сұраққа жауап беруге тапсырма алғандықтары да аңғарылып тұрады.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздар арасындағы қарым-қатынасқа көңіл бөлген А.И. Левшин [3], А. Янушкевич [4], П.П. Семенов [5] сияқты авторлардың еңбектерінде қазақтар мен қырғыздардың саяси байланыстарына қатысты орын алған оқиғалардың себептері мен салдарлары сипатталады.

Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының астарларын Ш.Ш. Уәлиханов «Абылай», «Қырғыздар туралы жазбалар» [6], «Қоқан хандығы туралы жазбалар» [7] атты еңбектерінде біршама тереңірек қарастырады. Ол алғашқылардың бірі болып, Қоқан хандығы мен патшалық Ресей үстемдігінің екі халықтың қарым-қатынасына әсеріне қатысты өзіндік пікір білдірді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында П. Пичугин [8], Н.А. Аристов [9] секілді т.б. зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылып отырған кезеңдегі қазақ-қырғыз байланыстары барысындағы оқиғаларға патша өкіметінің мүддесі тұрғысынан баға беріліп, осы оқиғаларға қатысы бар қазақ-қырғыз қайраткерлерінің саяси ұстанымдарына назар аударылды.

Патшалық Ресейдің қазақтар мен қырғыздарға қарсы отаршыл саясатының, Кенесары ханның қырғызға жорығының, Ұзынағаш шайқасының сипатын көрсететін кітапты А. Кенесарыұлы [10] жазып қалдырды. Сол тұстағы көптеген оқиғалардың куәгері болған Кенесары ханның ұлы – Сыздық сұлтанның айтуымен жазылғандықтан, аталмыш кітапты қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихын қарастыруда құндылығы жоғары еңбек деп бағалаған орынды. Тек кітаптың 1889 жылғы алғашқы басылымындағы Сырдария облыстық санақ комитетінің төрағасы, генерал Е.Т. Смирновтың түсініктемесіндегі қазақтар мен қырғыздардың өзара жауласуы көне дәуірлерден басталады, оның бастауын екі халықтың сонау орта ғасырлардағы Орта Азиядағы саяси бәсекелестігінен іздеу керек деп туыстас екі халықты бір-біріне ежелден дұшпан қылып көрсету ниеті шындыққа сай келмейді. Осы жерде ортағасырлардағы қазақ-қырғыз этносаяси байланыстарының тарихымен арнайы айналысқан М. Калкан [11] сияқты қазіргі заманғы зерттеушілер де қазақ хандарының қырғыздардың жәрдемімен сыртқы жауларға қарсы соққы беріп тұрғанын, ал жеңіліске ұшырай қалғанда, қырғыз жеріндегі таулы аймақтарға шегініп, із суытып кетіп тұрғанын, сөйтіп, қазақтар мен қырғыздардың аймақтағы саяси оқиғаларға ортағасырларда-ақ бірлесе қатысқанын, кейінгі ХVІІІ –ХІХ ғасырларда да қазақ-қырғыз одақтастығы және бірлескен саяси әрекеттері болғанын көрсетіп, қазақтар мен қырғыздар үнемі жаулаушылық қатынаста болды деген пікірлердің жаңсақ екенін анықтап отырғанын да айтып өткен жөн. Қырғыздардың қазақтарды қолдауын «М. Х. Дулати және ХV – ХVІ ғасырдағы Қазақ хандығы» атты еңбегінде қазақ ғалымы С. Жолдасбайұлы да дәлелді көрсетіп береді.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ-қырғыз саяси байланыстарын аша түсетін еңбекті қырғыз тарихшысы Б. Солтоноев жазып шықты. Кеңестік дәуірде қуғын-сүргінге ұшыраған зерттеушінің еңбегінің қолжазбасы толығымен қырғыз тілінде екі кітап болып, «Қызыл қырғыз тарыхы» деген атпен 1993 жылы Бішкек қаласында жарық көрді. Бірінші кітапта [12] Көкжал Барақ сұлтан, Абылай хан дәуіріндегі қазақ-қырғыз саяси байланыстары мәселесі көтерілсе, екінші кітапта [13] Кенесары хан тұсындағы, Жақыпбек Бадаулет кезіндегі екі халықтың қарым-қатынасы, 1916 жылғы байланыстар баяндалады.

Кеңестік дәуірде ұлт-азаттық қозғалыс тарихын жазудың жаңа үлгісін көрсеткен қазақ тарихшысы Е.Б. Бекмаханов [14] екі ел тарихшыларының арасында алғашқылардың бірі болып Кенесары ханның қырғызға жорығына ғылыми баға берді. Зерттеуші Кенесары ханның қырғызға жорығын хан тарапынан жіберілген қателік болды деп бағалағанымен, мәселенің әлі де болса басы ашық қалғанын: «Кенесарының Қырғызстандағы істерінің аз зерттелінгені сонша, ондағы оқиға барысын толық қалпына келтіру қиын» [14, 333, 334 бб.], – деп ескерту арқылы аңғартты. Ғалым өз жұмысының кемшін тұсын: «Менің жұмысымның қырғыздарға қатысты нашар тұсы сол, мен Ұлы жүз қазақтарының қырғыздармен қарым-қатынасын жеткілікті айқындай алмадым» [15, с. 158],– деп көрсеткен еді. Кенесары Қасымұлының қырғыздармен, қырғыз манаптарымен қарым-қатынасы мәселесі отандық тарихнамада әлі күнге жеткілікті зерттелінбей келе жатқанын тарихшы-ғалым С.Ф. Мажитов [16, 272-б.] та атап көрсетеді.

Қырғыз тарихшысы Б. Джамгерчинов өз зерттеулерінде Қырғызстанның ғана емес, Қазақстанның да саяси тарихына көңіл бөлді. Қырғыз-қоқан, қырғыз-орыс қарым-қатынастарымен қатар қырғыздардың Ұлы жүз қазақтарымен өзара байланыстарын да қарастырған зерттеуші Жетісудағы орыс жаулап алуына қарсы Тойшыбек би Қасаболатұлы қырғыздарды тартуға көп күш салды деген тұжырым жасайды [17, с. 127].

Қырғызстандық ғалым В.М. Плоских жариялаған «Қырғыздар және Қоқан хандығы» атты монографияда қырғыздардың ферғаналық қыпшақтармен этникалық жақындығы көрсетілді. Зерттеуші Қоқан хандығы бір ұлтты мемлекет болған жоқ, оның құрамында өзбек, тәжіктермен қатар қырғыздар көп санды, аса ықпалды контингентті құрады және онда Ұлы жүз қазақтарының бір бөлігі де болды деген пікірді ұсына отырып, Орта Азия мен Қазақстан тарихын өлкедегі халықтардың өзара тығыз байланысы негізінде зерттеу керек деген қорытындыға келеді.

Орталық Азиядағы халықаралық мәселелерді, соның ішінде Қырғызстан мен Қазақстандағы ахуалды, қазақ, қырғыз билеушілері мен Ресей және Цин империясының билеушілері арасындағы саяси мәмілелер мәселесін орыс ғалымдары Б.П. Гуревич [18] пен В.С. Кузнецов [19] зерттеді. Б.П. Гуревичтің ХІХ ғасырдың басында-ақ, қазақтар мен қырғыздар Ресейді бірден-бір қорғаушы күш деп таныды, Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздар үздіксіз өзара соғысып отырды деген біржақты пікірі сын көтермейді. В.С. Кузнецов Б.П. Гуревичке қарағанда Орталық Азиядағы халықаралық жағдайларды обьективті тұрғыдан бағалауға ұмтылады, зерттеуші мұсылмандардың бірлескен әрекетін болдырмау – Цин империясының ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Орта Азияға қатысты сыртқы саясатында ұстанған бағыты болғанын және қазақтар мен қырғыздардың Қашқария халқының «дінсіздерге» қарсы күресін қолдағанын ғылыми негіздеп берді.

ХVІІІ ғасырдағы қырғыз-қазақ саяси байланыстары тарихын зерттеуде тың ғылыми тұжырымдар жасаған қырғыз тарихшысы Д.Б. Сапаралиев болды. Ғалымның қазақтар мен қырғыздар сыртқы жауға қарсы тізе қосып бірлесе күрескенде жеңіске жетіп отырды деген тұжырымы ғылыми негізделген пікір болып табылады.

Қырғызстандық тарихшылар қырғыз халқының көршілес елдермен, соның ішінде қазақтармен ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастап – ХІХ ғасырдың аяғына дейінгі аралықтағы экономикалық, саяси және мәдени байланыстарын көрсететін еңбекті [20] 1985 жылы жариялады. Жалпы алғанда, бұл басылымды даярлаған қырғызстандық ғалымдар кеңестік заманның өзінде-ақ Орталық Азиядағы халықтардың ортақ тарихы бар екенін көрсетуге батыл қадам жасады деп баға беруге болады. Ал кітаптың кемшін тұсын қазақстандық белгілі тарихнамашы-ғалым Д.И. Дулатова өзінің қазақ-қырғыз қарым-қатынасының тарихнамасына арналған еңбегінде [21] зерттеушілердің патша өкіметінің, оның жергілікті шекаралық басшыларының қызметін тым әспеттеп жіберуінде деп көрсетті. Дегенмен, аталмыш кітап Д.И. Дулатова сияқты қазақ ғалымдары тарапынан оң бағасын алды.

ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ-қырғыз қарым-қатынасы Р.Б. Сүлейменов пен В.И. Моисеевтің еңбегінде қарастырылады. Абылай ханның өмірінің соңғы жылдарын зерттеген қазақстандық ғалымдар қырғыз тайпаларын өз ықпалына бағындыру Орта жүз ханы – Абылайдың басты стратегиялық мақсаты болды деп жаңсақ пікірге жол берді.

Кеңес Одағы құлап, Қазақстан мен Қырғызстанның өз тәуелсіздігін жариялауы тарих ғылымының даму үрдісіне өзіндік әсерін тигізді. Қазақ және қырғыз тарихшылары мен қаламгерлері кеңестік дәуірде «ақтаңдақ» болып, ашылмай қалған тың тақырыптарды игеріп, тарихты ұлттық мүдде тұрғысынан жаза бастады. Қырғыз тарихшысы К.С. Молдокасымов [22] қырғыз-өзбек байланыстарын әр қырынан зерттеп, Қоқан хандығының саяси өмірінде қырғыздардың белсенді рөл атқарғаны туралы жаңашыл пікірін көпшілік назарына ұсынды.

Қазақ тарихшылары арасында С. Мадуанов [23] қазақ-қырғыз қарым-қатынасының саяси, мәдени-экономикалық астарларына көңіл бөлді. Зерттеушінің еңбегінде қазақтардың Орталық Азиядағы қырғыздардан басқа бірнеше халықпен өзара байланыстары қарастырылғандықтан, қазақ-қырғыз саяси байланыстары толық шешімін таба алмаған. Дегенмен де С. Мадуанов Қазақстан тарихында Орталық Азия халықтарының өзара байланыстарын зерттеген және зерттеудің қажеттілігін көрсеткен алғашқы ізашар тарихшы ретінде өз орнын алады.

ХХ ғасырдың 90 жылдарының ортасынан бастап қазақ, қырғыздың ортақ тарихының мәселелерін ашатын зерттеулер жарыққа шықты. Соның бірі Абылай хан дәуіріндегі қырғыз-қазақ саяси байланыстарының қайшылықты дамуына Қытай, Ресей секілді империялардың да ықпалы болғанын дұрыс көрсете білген Д. Сапаралиевтің ғылыми монографиясы [24] болды.

Мұрағаттық құжаттар мен фольклорлық деректер мәліметтерін салыстыра отырып, қазақтар мен қырғыздардың 1916 жылғы көтеріліске бірлесіп шыққанына көпшілік назарын алғашқылардың бірі болып аударта білген белгілі қазақ қаламгері С. Тәнекеев, кейіндері қазақ тарихшысы М. Қозыбаев пен қырғыз тарихшысы К.Үсенбаев болды. Аталған зерттеушілер қырғыздар мен қазақтардың көтерілісін біртұтас құбылыс ретінде қарастыру қажет деп дұрыс болжам жасайды.

Әскери-казактардың өлкемізді отарлауы тарихын арнайы зерттеген қазақ тарихшысы М.Ж. Әбдіров патша өкіметінің жергілікті әкімшілігі Жер шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, 1916 жылғы көтерілістен кейін босқыншылыққа ұшыраған қазақтар мен қырғыздардың «орыс қаны төгілген жерінің бәрі олардан тартып алынуы тиіс» деп шешім қабылдағанын және онда Қытай жақтан сенімді қорғаныс жасап алу үшін «таза орыс ауданын» құруды да ойластырғанын көрсетіп [25, с. 274-275], қазақ пен қырғыздың қасыретінің бір болғанын аңғарта білді.

Түркістан өлкесіндегі азаттық қозғалыс тарихын жаңа қырынан зерттеуге қазақ, қырғыз тарихшыларымен бірге өзбек тарихшы ғалымдары да бір кісідей атсалысып келеді. Қоқан хандығы кезіндегі қазақ, қырғыз және басқа халықтардың көтерілістері туралы Х. Зиёев [26] жазды. Ол алғашқылырдың бірі болып қазақтар мен қырғыздардың азаттық жолында қоқандықтармен орыс жаулаушылығына қарсы бірлесе күрескенін, Пішпек, Әулиеата, Шымкент және т.б. қалаларды жан аямай қорғағанын ашып көрсетті.

Қазақ ғалымдары К. Нұрпейісовтің [27], М. Қойгелдиевтің [28] монографияларында Алаш қозғалысына қырғыз зиялыларының да тартылуы мәселесі көтерілді. Ал қырғыз зерттеушісі З.К. Курмановтың Қырғызстандағы саяси күрес тарихына арналған кітабының [29] бір тарауы «Алаш» партиясының мектебі» деп аталып, онда Алаш қозғалысына қатысқан қырғыз қайраткерлерінің қызметіне жаңа көзқарас тұрғысынан баға беріледі.

Қазақ-қырғыз қарым-қатынасы мәселесіне қатысты зерттеулер ауқымы 2000 жылдардан кейін одан әрі дами түсіп, әр қырынан Т. Асановтың [30], Э. Турганбаевтың [31] және т.б. ғылыми еңбектерінде қарастырылды. Аталмыш зерттеушілердің Абылай ханның қырғыздарға соңғы жорығы туралы тұжырымдары жаңашылдығымен ерекшеленеді.

Қырғыз зерттеушілері мәселеге өз мемлекетінің мүддесі тұрғысынан қарайтындықтары заңды. Дегенмен, кейбір С. Аттокуров сияқты қырғызстандық әріптестердің Абылай ханның қырғызға жорығын біржақты қарастырып, «Абылай хан Шыңғыс ұрпағы болғандықтан қырғызға жау болды» деген орынсыз пікір білдіріп жатқанын да айта кеткен жөн.

Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихында өзіндік орны бар Кенесары ханның қырғызға жорығы мәселесі де зерттеушілердің назарынан тыс қалмады. Кенесары хан қолының қырғызға жорығы тарихшы Ж. Қасымбаевтың [32] монографиясында арнайы қарастырылды. Зерттеуші Кенесары ханның соңғы жорығының себебін ханның «макиавеллилік ұстанымда» болғанынан, ал Хан Кене қолының жеңілуі сарбаздарының бір бөлігінің қорқып қашып кетуі [32, с. 172] деп біржақты түсіндіреді.

Кенесары Қасымұлының туғанына 200 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жасаған баяндамасында М.Қ. Қойгелдиев қазақ-қырғыз соғысындағы Сыпатай би мен Рүстем сұлтанның «сатқындығы» жөніндегі тұжырым негізсіз деп мәлімдеп, қазақ-қырғыз байланыстары туралы мұндай сыңаржақ, орынсыз айтылған пікірлер екі ел арасына от тастайды деген түйін жасады. Ал қырғыз тарихшылары К.Үсенбаев [33], Т. Кененсариев [34] 1847 жылғы соғыста қырғыздардың қолы қазақтарға қарағанда басым болды және олар өз жерінде соғыс жүргізді деп, мәселенің тағы бір қырына көңіл аудартады.

Жетісудағы қазақ-қырғыздың экономикалық және мәдени қарым-қатынасы мәселесін зерттеген У.К. Жанатаева [35] қазақтар мен қырғыздардың өзара байланыстары ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында да тығыз астасып жатты деген қорытындыға келеді.

Қырғыз тарихшысы Д.Б. Сапаралиевтің ХҮІІІ ғасырдан ХІХ ғасырдың ортасына дейінгі Ош және оның төңіріндегі қырғыздардың этносаяси тарихын көршілерімен байланыста қарастырған еңбегінде мәселеге жаңа көзқарас қалыптастыруға ұмтылушылық байқалады. Ал қазақ зерттеушілері Н. Мұқаметқанұлы [36] және Ә.Қ. Мұқтар [37] өз еңбектерінде Абылай дәуіріндегі қазақ-қырғыз байланыстарының түйінді тұстарын әлі де зерттей түсудің қажеттілігін көрсетіп берді.

ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасыр басындағы қырғыздың тарихи тұлғаларының қоғамдық-саяси қызметі мен өмір жолын зерттеген қырғыз тарихшысы Т.Н. Өмүрбеков [38] қырғыз қайраткерлерінің қазақтармен өзара байланысына да көңіл аударып, екі елдің қатынасындағы түйінді мәселелерді шешуге өзіндік үлесін қосты.

Бүгіндері қырғыз-қазақ тарихшылары ұлттық тарихының ақтаңдақтарын айқындай түсуге ұмтылуда. Оның бір айғағы – Бішкек және Қарабалта қалаларында екі елдің тарихшылары мен қаламгерлері қатысқан, қазақ-қырғыз қарым-қатынасы кеңінен зерделенген халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың өтуі. Екі республиканың елшіліктері атсалысуымен 2007 жылы Бішкек қаласында өткен «Қырғыз-қазақ байланыстары: кеше, бүгін, ертең» атты ғылыми-көпшілік конференция да табысты жұмыс істеп, ғылым мен мәдениет саласындағы өзара байланыстарды одан әрі дамыта түсудің қажеттілігін көрсетіп берді.

Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихының бүгінгі күнге дейінгі зерттелу барысына тарихнамалық талдау жасау нәтижесі бұл мәселе бойынша ғылыми жұмыстардың кешенді түрде жүруінің қажеттілігін көрсетеді.



«Мәселені зерттеудің дерек көздері» осы тараудың үшінші бөлімінде талданды.

Тарихи құбылыстарды зерттеуде деректердің молдығы ерекше маңызға ие. Соған орай алға қойылған мәселені зерттеу барысында мұрағаттық құжаттар, жарияланған құжаттар мен материалдар жинағы, қытай, орыс тілдерінен аударылған құжаттық жинақтар, фольклорлық деректер мәліметтері және мерзімді баспасөздердің ақпараттары кеңінен ғылыми айналымға тартылды.

Мұрағаттық құжаттарды жинастыру ісі Қазақстандағы, Ресейдегі, Өзбекстандағы және Қырғызстандағы мұрағаттарда жүргізілді. Зерттеу жұмысына мынадай 9 мұрағаттың: Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясының Мемлекеттік мұрағаты, Ресей империясының Сыртқы саясат мұрағаты, Ресей мемлекеттік Әскери тарих мұрағаты, Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағаты, Ресей Федерациясының Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясының Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты, Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты және Қырғыз Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты құжаттары дерек ретінде тартылды.

Осы аталған мұрағаттарда ХVIII ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ-қырғыз саяси байланыстары тарихына қатысты мәліметтер сол тарихи кезеңдегі ресми билік органдарының іс-қағаздарында және саяхатшылар мен ғалымдардың жазбаларында кездеседі. Мұрағаттардағы құжаттар маңызды дерек көзінің құрамдас бөлігі қызметін атқарғанымен, ондағы мәліметтерде белгілі бір мақсатты көздеушілік орын алмай қоймайды. Сондықтан мұрағаттық құжаттардың пайда болу жағдайына және ондағы шынайылықтың көрініс табу деңгейіне назар аударылды.

ХҮІІІ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ-қырғыз саяси байланыстары тарихына қатысы бар құжаттардың бірқатары осы күнге дейін Қазақстан мен Қырғызстанның баспаларынан шыққан құжаттар мен материалдар жинағында жарияланды. Оларды қазақ-орыс қатынасын, Цин империясы мен қазақ хандықтарының байланысын, Қырғызстан – Ресей қарым-қатынасын ашып көрсетуге арналған, Абылай ханның өмірі мен қызметін, Абылай хан дәуіріндегі қазақ батырларының өмір жолы мен ерліктерін, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысты, Орман манаптың өмірі мен қызметін, Шабдан батырдың тұлғасы мен заманын, Алаш қозғалысын, 1916 жылғы көтерілісті және т.б. сипаттайтын құжаттар мен материалдар жинағы құрайды.

Қоқан хандығының қазақ-қырғыз халықтарының өзара байланыстары тарихында алатын орнын және қазақтар мен қырғыздардың қоқандық әскермен бірге Ұзынағаш шайқасына, Пішпек, Әулиеата, Шымкентті қорғауға қатысуын көрсететін қоқандық тарихшылардың еңбектері де ғылыми айналымға тартылды.

Зерттеу барысында мұрағат құжаттарымен қатар ауыз әдебиеті мәліметтеріне негізделіп жазылған қазақ, қырғыз тілдеріндегі қолжазбалар да пайдаланылды. Олардың бірқатары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорынан, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорынан, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының қолжазбалар қорынан, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорынан алынды.

Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының Абылай заманында шиеленісті өрбуі, қазақ-қырғыздың өзара қақтығысы, қазақ-қырғыз батырлары мен билері жайынан сыр шертетін деректік мәліметтер Ш. Жәңгіровтің [39], Т. Алымбековтің [40] қолжазбаларында сақталған. М.Ж. Көпеевтің қолжазбалары мәліметтері де Абылай ханның, Кенесары ханның және т.б. билер мен батырлардың қырғыздарға байланысты ұстанымдарын аңғаруға жәрдемдеседі.

Ы. Абдырахмановтың «Қырғыз, қазақ оқиғасы» атты қырғыз тіліндегі қолжазбасының [41] қазақтар мен қырғыздардың 1847 жылғы өзара байланыстары және мәмілегерлік келісімдері туралы мәліметтері де зерттеу барысында кеңінен қолданылды.

Қазақтар мен қырғыздар арасындағы 1846-1847 жылғы оқиғалардың куәгерлері қырғыздың Қалығұл елшісі мен қазақтың Нысанбай ақынының мәліметтері де зерттеудің деректік негізін құрады. Қалығұл Әлібековтің Кенесарының соңғы күндері туралы естеліктерін Ә. Бөкейханов жазып алып, өзінің алғы сөзімен, 1923 жылы жариялап, көпшілікке таныстырды [42]. Осы жылы Х. Досмұхамедовтің кіріспесін және түсінік сөзін жазып, құрастыруымен Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» дастаны қайта баспадан шықты. Нысанбай ақынның дастанындағы мәліметтердің құндылығы жөнінде және бұл дастанға түсінік жазуда кімдерден кеңес алғаны жөнінде Х. Досмұхамедов былай деп жазды: «Ел ішінде айтылып жүрген өлеңдердің көбі қырғызды жамандап, мұқатып, кемітіп, орынсыз қазақты мақтайды, екі рудың арасына орынсыз ала көңілдік кіргізеді. ...Нысанбай орынсыз қазақты мақтап, қырғызды боқтап сөйлемейді, қазақтың кемдігін, қырғыздың ерлігін айқын көрсетеді.

...Комментарий жазғанда Шәкәрімнің тарихын, Ахмет төре Кенесарыұлының Смирновке «Кенесары мен Сыздық төре туралы» жазып берген сөздерін, орыс тілінде Түркістан туралы, әсіресе, Жетісу туралы жазылған көп кітаптарды пайдаландық. Бұл бір. Екінші, Қоңырқожа Қожықұлынан, Мұхаметжан Тынышбайұлынан, Жаңғараш немересі Сатарқұл Диқанбайұлынан, Ишанғали Арабайұлынан, Кенесары немересі Әзімхан Ахметұлынан тағы басқалардан алынған мағлұматтарды пайдаландық» [43, 100-б.].

Халықтың тарихи жадында сақталып қалған айбынды хандар мен батырлар туралы дастандар, тарихи жырлар мен қиссалар, аңыз әңгімелердің ұрпақтан-ұрпаққа жетуінде өзіндік орны бар Майлықожа, Сүйінбай, Жамбыл, Саяділ, Албан Асан, Кенен секілді қазақ ақындарының мұралары да зерттеу жұмысының дерек көзін құрайды. Олардың шығармаларында қазақ батырлары мен билерінің, төрелерінің қазақ-қырғыз арасындағы тарихи оқиғаларға қатысуының себептері мен жайы баяндалады.

Қазақ ақын-жырауларымен, ел басқарушыларымен тығыз араласқан Арыстанбек, Молда Нияз, Тоқтағұл сияқты қырғыз ақындары өздері көріп, куә болған оқиғаларды жазғандықтан, олардың жырлары тарихи-деректік маңызға ие бола алады және патша өкіметінің жаулап алушылық саясатына қарсылық барысындағы қазақ-қырғыз байланыстарын аша түсуге көмектеседі. Сондықтан зерттеу жұмысын жазу барысында қырғыз ақындарының шығармаларындағы деректік мәліметтерге де сүйендік.

Зерттеу жұмысының деректік негізін қазақ шежірелері мен қырғыз шежірелері (санжыралары) да құрайды. Шежірелер мен санжыралар қазақ, қырғыз билеушілерінің замана ағымына қарайғы іс-әрекеттерінен мағлұматтар беруімен құнды.

ХХ ғасыр басындағы қазақ-қырғыз қарым-қатынасы тарихын жан-жақты зерттеуде «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа» сияқты қазақтың ұлттық баспасөздері мен өзге басылымдардың да деректік маңызы бар. Баспасөз материалдарының оқиғалар ізімен жазылғандығы оның тарихи құндылығын арттыра түседі.

Зерттеу жұмысының дерек көздерін қарастырып, талдау жасау қазақ-қырғыз байланыстары тарихын тереңірек әрі жан-жақты зерттеп, зерделеуде және халқымыздың тарихи жадын жаңғыртуда жаңа деректер мен құжаттарды іздестіру жұмыстарын үздіксіз жүргізудің және белгілі деректердің өзін сын көзден өткізіп, өзара салыстырып қолданудың маңыздылығын көрсетіп берді. Сонымен бірге қолдағы бар деректер қарастырылып отырған кезеңдегі қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихын ашып көрсетуге өз септігін тигізе алады деп санауға болады.



«ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-қырғыз байланыстары» деп аталатын екінші тарауда Жоңғар хандығы құлағаннан кейін қалыптасқан геосаяси жағдайдағы екі халықтың өзара қатынасының өрбуі, Қоқан хандығы билігінің орнығуы барысындағы және патшалық Ресейдің әскери-отаршылдық ұстанымының қазақ-қырғыз байланысына әсері, сондай-ақ Кенесары ханның қырғызға жорығы, қазақ-қырғыз мәмілегерлік келісімдері мәселесі қарастырылады.

ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында қазақ-қырғыз саяси байланыстары күрделі жүрді. Кезінде жоңғарларға қарсы бірлесе күрескен қазақтар мен қырғыздар арасында жайылым үшін тартыс басталып, оның соңы өзара шабыс пен барымтаның өршіп кетуіне соқтырды.

Қазақ, қырғыз фольклорлық деректерінде екі елдің қатынасының шиеленісіп кетуі Көкжал Барақ есімімен байланыста айтылады. Көкжал Барақтың қырғызға жорығы жеңіліспен аяқталып, екі ел арасы одан ары шиеленісе түсті.

Қырғыздар тарапынан үдей түскен шапқыншылыққа жауап ретінде, Әбілмәмбет ханның бұйрығымен, 1766 жылдың басында Әбілпейіс сұлтан Талас өзені бойында қоныс тепкен қырғыздың қытай руының биі Қаработаның қарамағындағыларды шабуылдайды. Осы жылдың жазында, Әбілмәмбет ханның сұрауы бойынша, Абылай сұлтан да қырғыздарға шабуылдап, қырғыз биі Қаработаға келіп, «тыныш отырайық» деп келісім жасап, оның бір ұлын бас қылып, аманатқа тоғыз (бір деректе жеті) түтінді алады және тұтқынға түскен қазақтарды босатып әкетеді. Абылай 1766 жылы қырғыздарға шабуылынан соң, Ташкентке, Қоқан бегі Ердана биге қарсы жорыққа аттанады. Дегенмен, Абылай сұлтан 1768 жылға қарай қоқандық билеуші Ердана бимен бейбіт келісімге қол жеткізеді.

Бірақ бұдан соң да қазақ-қырғыз арасындағы жер дауы, барымта тоқтай қоймады. Қырғыздың сарыбағыш батырларының қолынан Шапырашты Кәшке батыр, солто батырларының қолынан Ботбай Жайсаң мен Шапырашты Қаумен батыр қаза табады. Ұлы жүз қазақтары Абылай ханға кісі салып, жәрдем сұрайды. Абылай хан мен Әбілпейіз сұлтанның қолы 1773 жылы қырғыздарды ойсырата жеңіп, Қарабалта түбінде Атаке батырды жеңіп, Таласқа дейін шегіндіреді. Қырғыздар жеңіліп, көптеген кісілері тұтқынға түсті.

Шу өңіріндегі қырғыздың солто, сарыбағыш руларының атынан Есенқұл батыр мен Кебек би Тілеуберді Жамансартұлын бас қылып, 40 адамды Абылайға елшілікке жібереді. Тілеуберді елші қазақтың өзі бірінші болып қырғызды шапқанын, содан соң, екі арада ұрыс болғанын, қазақтар да «бұзықтарын» тиып алса деген тілегін айтады. «Құдай қаласа, көктемде барамын. Басшыларыңызға сәлем де. Менің іздегенім – жақсылық. Қазақтың бейбасын өзім тыямын. Тілеуберді бала, Есенқұл батырға сәлем айта бар. Садыр тентек бұдан әрі тыныш болса болды. Басқа айтар сөзім жоқ, мен елді талап алып, елді шауып алып, атын шығаратын, елді бүлдіретін хан мен емеспін. Менің ырқыма көнсе, қалыстық қылармын, ырқыма көнбесе, онда көрерміз» [40, 23-п.], – дейді.

Тілеуберді бастаған елшілермен қатарласа жеткен Талас бойында қоныс тепкен қырғыздың солто руының батыры Садырдың елшілері Абылайға «Садыр мені хан деп танысын» деген сәлемін жеткізеді. Қырғыз елшілерінің ішінде 18 жастағы Тілеуберді би Жамансартұлының «бәріміздің ханымыз болыңыз» деген сөзі Абылай ханның көңілінен шығады. Абылай хан қырғыз елшілеріне үлкен сый-құрмет көрсетіп, шапан жауып, олжалы қылып қайтарады.

Елшілерден Абылайдың сәлемін естіген соң, Есенқұл батыр Абылайдың айтқанын дұрыс деп танып, қырғыз-қазақ арасына тыныштық орнату үшін қырғыздарды қазақ қоныстарынан алысырақ орналастыру жағын қарастырады. Құрағаты суының басына (қазіргі Құлан жақта) қонған талқан руын ішке қарай көшіріп, Қарабалтаға дейінгі дейінгі жер иен жатсын деп ұсыныс жасайды. Қырғыз түгіл Қоқанды да ырқына көндіріп отырған Абылай ханмен санасу қажет деп шешеді. Бірақ Садыр батыр қазақтармен соғысуға шақырады.

Қазақ-қырғыз арасы бұдан кейін де тыншымай, Есенқұл батырдың қарсылығына қарамастан, Таластағы қырғыздың Садыр батыры Шымкенттен бергі қазақты шауып, Шолаққорған, Созақ төңірегін талауға салады. Қазақ билері өзара ақылдаса келіп, тағы да Абылай ханға шағым айтуға барады.

1777 жылдың соңына қарай Абылай хан қырғыздарға қарсы шешуші жорыққа даярлана бастайды.

1779 жылға қарай қоңыраттардың қырғыздардан қатты шабылып жатқанын айтып, ел атынан жәрдем сұрап, Абылай ханға қоңыраттың Бәйтелі батыры келеді. Содан соң қоңыраттардың жайын Абылай ханға ботбайдың Жауғаш батыры жеткізеді. Абылай хан Жауғаш батырға «Сүмбіле тусын, ат семірсін» деп уәделі күнде қол жиып, баратынын айтады.

Абылай ханның бұл сәлемінен соң, Қаратау, Талас маңындағы қазақтар қол жинай бастайды. 1779 жылы көктемде Абылай хан өзінің ұлы Рүстем сұлтан бастаған қолды Арқадан Қаратауға аттандырып жібереді. Ал Абылай ханның өзі 4000 адамдық қолды алып, 1779 жылдың жазында Қаратауды бетке алып, көшін түзейді.

Жорыққа аттанар алдында Абылай хан екі жақты келіссөздер жүргізіп, мәселені мәмілегерлік жолмен шешуді жөн санайды. Абылай ханның елшісі Жауғаш батыр Қырбасұлы қырғыздың солто руының бас адамдары – Жайыл мен Момақанға және саяқ руының Садыр батырына келіп жолығады. Қырғыздар шешімді жауап бере алмай, екіге бөлінеді, бір жағы Абылай қолымен соғысуды (Садыр және оның жақтастары), екінші жағы онымен келісімге келуді (Есенқұл батыр, Тілеуберді, Кебек би және т.б.) жақтайды.

1779 жылдың күзінде Абылай хан үлкен қолмен қырғызға аттанады. Қырғыз шежіресінде Абылай ханның әскерді үш қанатқа бөліп, соғысқа кіргені айтылады. Бірінші қолды Садырға қарай, Талас жаққа жібереді. Екінші қолды Қорағатының басындағы солтоларға жөнелтеді. Үшінші қолмен Әулиеатаға өзі келеді. Бірінші қол Садырды жеңіп, Садыр балаларымен қолға түседі. Абылай хан Әулиеатаны алып, екінші қол кеткен солтоларға қарай аттанады. Қорағатының бойында солтоның Момақан, Жайыл, Кебек биі бас болып, Үсен, Теке, Итеке секілді батырлары қатты қарсылық көрсетеді. Бұл оқиға ел есінде «Жайыл қырғыны» деген атпен қалды. Абылай хан көп қолмен келіп, солтоларды жеңіп, Жайылды балаларымен және Момақан батырды қолға түсіреді.

Тұтқынға түскен Момақан батырды Жауғаш батыр кепілге алып, босатып алады. Жауғаш батыр, Жайыл батырдың сұрауы бойынша, әлі үйленіп, отау көтермеген Жайылдың ұлы Итекені өлтіртпей, аман алып қалады. Ал Садыр батыр мен оның баласы Досқұлы және Жайыл батыр Үсен, Теке деген балаларымен бірге дарға асылады.

«Абылай бітімі» бойынша қазақтар мен қырғыздардың жайлылымның шекарасы белгіленді [6, с. 79].

Бірақ қазақ, қырғыз арасындағы дау мұныменен тоқтап қалмасын білген Абылай хан қырғыздан аманатқа кісі алып, оларды Арқаға орналастырады.

Ташкентке жақын орналасқан Құрама, Шымкент, Сайрам, Әулиеата, Түркістан, Ақмешіт және Сыр бойының біраз бөлігі Ташкент иелігі құрамына кірді. Жүнісқожаның қарамағында Ташкент төңірегіндегі қырғыздар да болды.

Ұлы жүз қазақтарын және қырғыздарды Жүнісқожа өзі таңдап алған ақсүйектер арқылы басқарды. Жүнісқожаның әскері қазақтың шанышқылы, қаңлы, жаныс, рамадан руларыныңының, қырғыздың бағыш руының жігіттерінен құралды.

Қазақ және қырғыз руларының сенімді болуын әрі оларға жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету үшін әр рудың беделді билері мен батырларының балалары Ташкентке аманатқа алынды.

Ташкент иелігінің күшейе түсуі Қоқан билеушісін бейтарап қалдырмады. Қоқандықтарға қарсы 1797-1798 жылдары Жүнісқожа мен Ұлы жүз қазақтары және қырғыздар арасында одақ құрылды. Қоқан билеушісі Нарботаның ықпалынан азат болуға деген ұмтылыс қазақ, қырғыз билеушілерін Жүнісқожамен жақындастыра түсті. Дегенмен, қырғыздардың бір бөлігі, оңтүстіктегілері, қоқандық күштерді құраса, екінші бөлігі – шатқалдықтар Ташкент иелігі жағында болды.

1799 жылы Жүнісқожа Түркістан қаласын басып алды. Осы жылы Жүнісқожа Қоқан иелігіне жорық жасады. Алайда, Жүнісқожаның Ходжентке жасаған сәтсіз шабуылы қоқандықтарға қарсы одақтың ыдырауына алып келді.

Ташкенттегі қазақ төрелері және кейбір қырғыз билері бастапқы кезеңде Қоқан саясатын жүргізушілер болды. Қытай жеріне 10 мың түтінмен пана іздеп көшіп кетіп, қайта оралған Әділ төре Абылайханұлы 1814 жылы өзінің баласы Нұралы төрені Қоқан ханы Омарға аттандырып, қытайлықтардан қол үзіп, қайтып елге келгенін және қалған ғұмырын ислам иеліктерінде өткізгісі келетінін айтып сәлем жолдайды. Омар хан Әділ төреге өзінің қорғауына алынғаны жөнінде жарғы береді. Қырғыздар да Қоқан хандығына қарамақшы болып, өз елшілерін жіберіп тұрған.

Қазақтар мен қырғыздардың Қоқан хандығы құрамына қосылуы қарсылықсыз да болған жоқ. Қоқандықтардың жорықтарына қарсы көтерілген қазақ, қырғыздың біріккен қолына 1821 жылы Рүстем төре (Тентек төре) басшылық жасады. Көтерілісшілердің қатарын Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі қазақ рулары мен таластық қырғыздар құрады.

ХІХ ғасырдың 20-жылдары Талас бойындағы қазақтар мен қырғыздар да бірлесе Жаңақорғандағы қоқандық билеушілерге қарсы көтеріліп, бекіністі басып алады.

Қоқандықтардың қуғынына ұшыраған қырғыздар қазақ жеріне өтіп кетіп отырды. Қанай бидің, ағайынды Атантай мен Тайлақ батырдың қазақ жеріне, Іле бойына көші осыны айғақтайды.

ХІХ ғасырдың 30-жылдарының аяғында Пішпек түбіндегі қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтары бірлесе бас көтерді. Шерәлі ханның тұсында Бұқа бекінісін қоқандықтардан қорғау кезінде құрамалық Адайбай (Ғадайбай) мен Әбдірахман Бухари тама руын жинап, қатты қарсылық көрсетті.

Жалпы қоқандықтарға ыңғай танытқан қазақтар мен қырғыздардың көбі оларды қыпшақтар – бауырлас, өзімізбен түбі бір халық деп таныды. Қыпшақтардың Қоқан хандығының саяси өмірінде маңызды рөл атқарғаны белгілі. Қоқан хандығындағы осы қыпшақтарды зерттеушілер арасында қазақтар деп те, қырғыздар деп те атаушылар бар.

Ш. Уәлиханов қырғыздар мен қазақтарды Қоқан хандығының билігін толық мойындап, оның құрамында жасағандар және оны мойындағандар деп екіге бөліп, біріншілер қоқандықтармен бірдей құқыққа ие болғанын, хандықтың қызметіне кіріп, әскери және азаматтық билік орындарын иеленгендігін, екіншілері зекет салығын төлеп, керек кезде ғана әскерге адам беруге міндеттенгенін жазған болатын [7, с. 315]. Олардың алғашқыларына Ш. Уәлиханов Алай таулары мен Ферғана аңғарындағы қырғыздың адыгене, ішкілік, найман руларын және Ұлы жүздің Ташкент маңында көшіп-қонатын шанышқылы, қатаған, қаңлы руларын жатқызады. Сондай-ақ ол шанышқылылар мен қатағандар Ташкент бегі әскерінің негізін құрады, ал Іле бойындағы қазақтар қоқандықтар ықпалына көп берілді деп көрсетеді.

ХҮІІІ ғасырдың аяғынан бастап Батыс Қытаймен сауда жасай бастаған әрі бұл жақтан үлкен пайда түсетінін біліп алған орыстардың керуен жолдарына үстемдік етуге деген қызығушылығы арта түсті. 1785 жылы қазақ сұлтандарының көмегімен алғашқы орыс-қырғыз байланыстары орнайды.

ХІХ ғасырдың басында патша өкіметі Шығыс Түркістанға баратын сауда жолдары өтетін Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздарың жеріне қызығушылық танытып қана қоймай, олардың билеушілерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға ұмтылды.

Жетісудағы қазақтар мен қырғыздарды Ресей жағына тартуда татар молдаларының, көпестерінің саяси тыңшы, үгіт-насихат жүргізуші және идеология таратушы, аудармашы, әрі жол көрсетуші ретіндегі рөлі жоғары болды.

Қырғыздар мен Омбыдағы орыс әкімшілігі арасын жалғауда, қырғыздарды орыс ықпалына тартуда қазақ сұлтаны Сүйік сұлтан елеулі рөл атқарды.

Сүйік Абылайханұлының қонысы болып есептелетін Қаратал бойына Ф.К. Шубин басқарған орыс әскери экспедициясы 1825 жылдың шілдесінде келді. Экспедиция бастығына қазақ, қырғыз рулары жерімен Үндістанға және басқа Азия елдеріне баратын керуен жолдары туралы нақты да толық мәлімет жинап қайту міндеті аса маңызды тапсырма ретінде жүктелді. Алайда, патша өкіметінің әскери экспедицияны Қараталға жібере отырып, Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздарды сый-сияпат жасау арқылы тез арада, әрі қарсылықсыз бағындыра қояйық деген ойы жүзеге аспады.

Патшалық Ресейдің Орта жүз жерінде округтер аша бастауына наразы болған қазақ сұлтандары қоқандықтар жағына өте бастады. 1820 жылдары Қасым Абылайханұлы, ал 1831 жылы Кенасарының ағасы – Саржан Қасымұлы қоқандықтар жағына өтеді. Патша әскерлері ығыстырған Саржан сұлтан 1834 жылы Ұлы жүз жеріне, Шу бойына келеді, осы жерде ол қоқандықтар ықпалындағы қазақтар мен қырғыздарды орыс отаршылдығына қарсы күреске жұмылдыруға ұмтылады. Саржан сұлтанның әкесі Қасым сұлтан орысқа қарамаймын деп, Шу бойына көшіп келіп қоныстанады. Қасым сұлтан Абылайұлы қырғыздың аты елге жаңа танылып келе жатқан Орман манабына елшілер жіберіп, қазақ, қырғыздың ынтымақтастығы жөнінде ұсыныс жасайды. Орман манап қарамағындағыларды жинап, ақылдасып, бір шешімін айтпай, елшілердің қонақасын беріп, шығарып салады. Қасым сұлтан қол жиып, қырғызға қарсы аттанады. Бірақ арада қоқандықтармен қайшылықты қатынастар туындап, Қасым сұлтан қолын жарты жолдан кері әкетуге мәжбүр болады [12, 201-202-бб.].

Кенесары Қасымұлының 1846 жылы Аягөзге жақындауы және Шу өзенінен Іле мен Көксуға қарай өтуі патша өкіметін мазасыздандырмай қоймады. Кенесары ханның ізінше Жетісуға Сібір қазақтарының шекара бастығы Н.Ф. Вишневскиийдің қуатты әскери экспедициясы келіп жетті. Орыс экспедициясының негізгі мақсатының бірі мұндағы қазақтар ғана емес, қырғыздардың да қазақтың азаттық жолындағы күрескері Кенесары Қасымұлын қолдап кетуіне жол бермеу еді. Сондықтын орыс әскери шенеуніктері қырғыз манаптарына тыңшылары арқылы Кенесары ауылдарын жойып жіберуге шақырып, бұл істе қырғыздарды орыс отрядының қолдайтынын қадап айтып, орыс қаруының қуаттылығын барынша насихаттап жатты.

1845 жылдың аяғында-ақ Кенесары хан Солтүстік Қырғызстандағы қырғыз руларына байланысты белсенді саясат жүргізе бастады. Осы жылы Шу, Талас өңіріндегі қырғыз манаптарына хат жолдап, орыстарға қарсы күресте көмек беруге және өз қол астына өтуге шақырды.

1846 жылы ерте көктемде Қалғұты өзенінің бойындағы Қақпатас деген жерге келіп, қырғыздардың қонысына жақын қонған Кенесары хан қырғыз манаптары Жаңғараш, Жантай, Тінәлі, Төрегелдіге елші жібереді. Елшілер «орыстардың қаптаған селдей болып Еділ-Жайықтан, Оралдан өтіп, Сарыарқадағы сансып жатқан қалың қазақты алып, Ертістен Ілеге жақындап қалғанын айта келіп, мал-жаны аралас қазақ-қырғыз бірігейік, бірігіп жауға қарсы көтерілейік» деген ханның сәлемін жеткізеді [12, 203-б.].

Қазақ ханының ұсынысын аяқсыз қалдырып қана қоймай, қырғыз манаптары әр жерден 30-40 адам аттандырып, Кенесары ханға қараған елдің жылқысын ала бастайды. Бұған наразы болған хан алғашында қырғыздарға қарсы Әліке, Базар, Ағыбай мен Бұқарбай батырлар бастаған 1000-дай (кей деректе 3000-дай) жігіттен құралған қолды жібереді. Қырғыздармен болған осы алғашқы қарулы қақтығыс кезінде Шұбыртпалы Ағыбай батыр қырғыздың Кәрібоз батырымен жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткені болмаса, қазақтар жеңіліп қайтады.

Кенесары хан қолы қырғызды шабатын болыпты деген сияқты алыпқашпа сөздер де ел арасына тез тарап жатты. Хан ауылының Шудың оң жағалауындағы Құрғақ арал деген жерге келгенін естіген қырғыз манаптары Жантай Қарабеков пен Жаңғараш Есқожин қарсыласуға мүмкіндіктерінің жоқтығынан, әрі уақыт ұту үшін, қазақ ханымен келісім жасауға шешім қабылдап, қымбат тарту-таралғымен елші жібереді [42, с. 81]. Бірақ бұл елшілік сәтсіз аяқталады.

Бұдан соң, Кенесары хан Кеңес құрып, қырғызға жорық мәселесін талқыға салады. Кеңеске жиналғандардың қырғызға жорыққа қатысты көзқарасы екіге бөлініп, Бөлтірік шешен, Сыпатай би, Рүстем төре, Сарыбай би және т.б. Ұлы жүздің бірқатар беделді кісілері мәмілегерлік жолды таңдап, қырғыздармен соғысуға қарсы болады.

Қазақтар өзара дауласып, қырғызға жорық керек пе, жоқ па деп жатқанда, орыс шенеуніктері қырғыз манаптарына Әлім Ягудин сияқты татар молдаларын жіберіп, Ресейдің қуаттылығын, шен-шекпенді аямайтын кеңдігін насихаттап, қазақтармен қақтығыста қолдау беретіндерін айтып, қазаққа қарсы қайрай түсті.

Қазақтар мен қырғыздар арасында сол заманда елшілік қызмет атқарғандардың көбі екі елге танымал кісілер болды. Қырғыздарға жиі барған қазақ елшісі – Орман Бейімбетұлы Өтеген батыр шөбересі. Орман әрі батыр, әрі шешен кісі болғандықтан Кенесары хан оны елшілік қарым-қатынас істеріне көбірек тартқан.

Кенесары ханның тапсыруымен елшілік қызмет атқарған қырғыздың Солто Жаманқара батырының досы Шапырашты Саурық батыр Ыстамбекұлы болды. 1846 жылдың көктемінде қазақ-қырғыздың ортасында елші жүріп, екі елді жарастырамыз деп, ханның тапсырмасымен, Шапырашты Саурық батыр қырғызға барады. Бұдан соң, бұрыннан Саурық батырмен дос қырғыздың солто руының бөлекбай тармағының батыры Жаманқара мен Болат батыр бастаған қырғыз елшілері Кенесары ханға келеді.

Бейбіт келісімге келеміз деп, Саурық батырдың шақыруына сеніп келген қырғыз елшілерінің, соның ішінде Жаманқара мен Болат сияқты қазақ, қырғызға танымал батырлардың хан қолынан қапыда қаза табуы қанды кекке соқтырды. Шапырашты Саурық батыр 1846 жылдың көктемінде Қастек пен Қарақыстақтың арасындағы тау бөктерінде – Сарысыбыр деген жерде қырғыз батырлары Күрпік пен Самақтың қолынан қаза табады. Мұрағаттық құжаттарда Орман манап Саурық батырды қырғыздың 12 адамын елшілікке шақырып алып, Кенесарының қолына өлімге берді, сөйтіп, Жаманқара мен Болат сияқты батырлар өлді деп айыптаған [44, 47-48-пп. ].

Саурық батырдың өлімінен соң, екі ел арасы тағы да шиеленісе түседі. Кенесары хан елді жинап, Кеңес құрып, қырғызға жорыққа аттанатынын мәлімдейді. 1846 жылы жазда Жантай манап атынынан Қалығұл Әлібекұлы бастаған елшілік Кенесарыға келіп, оларды Наурызбай төре бірнеше күн қонақ етіп, күтіп алады. Кенесары хан қырғыз елшілерінің өтініші бойынша, сарыбағыш ауылын шапқан кезде қазақтар алып кеткен Әтеке батырдың көзі саналатын «Тастанбектің болат қылышы» деп аталатын қылышты қайтарып береді. Қалығұл бастаған қырғыз елшілері қазақ-қырғыз ынтымақта тұрайық деп, келісіп қайтады.

1846 жылдың ортасына қарай екі жақ уақытша бітімге келіп, біраз тыныштық орнайды.

Кенесары хан 1846 жылы қазан айының басында Мерке қамалын қоршауға алды. Қамал басқарушысы Мұхамедәлі датқа берілетінін мәлімдейді. Хан оны Меркенің басқарушысы қылып қалдырады. Ханның бұл ісіне разы болған ол қырғыз манаптарымен, Пішпек бекінісінің бегімен уақытша бітім туралы келіссөздер жүргізуге де уәде берді. Алайда, Пішпектің Әлішер датқасы қырғыздарға екі зеңбірегін беретінін айтып, Кенесарымен соғысуға даяр екенін мәлімдеді. Әлішер датқа мен Орман манап қырғыздарға елдің ішкі аудандарына қарай көшуге кеңес береді.

Қырғызға жорықты жақтамағандарға, әсіресе, дулаттарға, ханның қатты наразы болғанын нақтылап көрсеткен оқиғанын бел ортасында жүрген Нысанбай ақын болды. Қырғызға жорықты дулаттардың басым бөлігінің жақтамауының өзіндік себептері болған. Сол себептердің қатарында 1846 жылдың ортасына қарай Әли сұлтан бастаған дулаттардың бір бөлігінің Ресей ықпалына тартылуын көрсетуге болады. Сонымен бірге алғашқы қақтығысуларда-ақ сезіле бастаған көп адам шығыны, мал-мүліктен айрылу, қоқандық бекіністерге, қырғыздарға жақын орналасуына байланысты қауіп-қатердің, барымтаның күшеюі, жайылымның тарылуы да өзіндік әсерін тигізбей қоймады.

1846 жылдың күзінде Орман мен Жантай манап қатысқан құрылтайда қырғыз билері Кенесары ханның талабына бас имеуге және соғысқа даярлануға шешім қабылдады. Мұны естіген Кенесары хан қолы таластық қырғыздардың құсшы руын шауып, Қалша би бастаған 700 қырғызды тұтқындап кетті, солто руының жайыл тармағына да шабуыл жасап, жеңе алмай кетеді. Нысанбай ақын осы тұста Кенесары қолына Қоқаннан ауған көп дулат, соның ішінде Байзақ датқа, Балқожа, Медеудей билердің қосылғанын көрсетеді.

Шапыраштылар мен дулаттарды басқарған Әли төре Әділұлы Кенесары ханды жақтаған қазақтар мен қырғыздарды, орыс бодандығына өткен қазақтар мен қоқандықтар ықпалындағы қазақтарды өзара келісімге келуге шақырып, ел тыныштығы жолында үлкен күш салған Жетісудағы бірден-бір төре болды. Оның мәмілегерлік қабілетін хан Кене де, Сібір қырғыздары Шекаралық басқармасының бастығы, орыс генерал-майоры Н.Ф. Вишневский де, қырғыз манаптары да аса жоғары бағалаған. «Патша менің халқыма немесе Кенесарыға билік бере ме? Мен ол үшін, өз халқым үшін жауап беремін. Қисапсыз көп жерді иеленсеңдер де, ұлтарақтай жерді Кенесарыға қимайсыңдар» [4, 16-б.] деген орыс шенеуніктеріне айтқан Әли төренің терең ойлы сөздері Ұлы жүз қазақтары Кенесары ханның патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы күресін қолдағанын, тілектестік білдіргенін көрсетеді. Бірақ бауырлас, діндес қырғыздарға қарсы күресте белсенділік таныта қоймады. Дегенмен де Кенесары хан соңғы шайқас болғанға дейін қырғыздармен елшілік қатынастарын үзбегендігі байқалады. 1847 жылдың басында Кенесары хан Қалша би бастаған тұтқындарға ат мінгізіп, шапан жауып, елдеріне қайтарады және Орман мен Жантай манаптарға өзінің қырғыздармен жауласуға емес, елдесуге келгенін айтып, бірлесіп күресуге шақырды. Ханның бұл сәлемдемесін қырғыздарға Сайдақ қожа, Шоқпар би және Есенгелді Саржанұлы бастаған елшілері жеткізді. Орман манап Кенесарыға «жасым үлкен болғандықтан мен хан болып, сен менімен келісіп әрекет жаса» деп жауап береді.

Қазақтар мен қырғыздардың өзара елшілік алмасып жатқанын біліп қойған Қызылағашта қыстаған есаул Нюхалов та өз кісілерін Боранбай, Орман, Жаңғараш сияқты қырғыз манаптарына жібереді. «Кенесарыға бағынбаңдар, көзін жоюға тырысыңдар, Кенесары сендерге де, патша үкіметіне де дұшпан, біздің патша үкіметі Кенесарының көзін жоюға сендерге күш-көмек береді, қолға түсірсеңдер шен-шекпенді де береді» деген мазмұндағы хатын алған соң, қырғыздар күшейе түседі.

Жетісу жерінде Кенесары қолы орыстарға қарсы әрекетте табысқа жетсе, оны Ұлы жүз қазақтары ғана емес, орысқа қараған Орта жүз қазақтары, соның ішінде найман-матайлар қолдап кете ме деп қатты қауіптенген Н.Ф. Вишневский 1846 жылы 2 қазанда Кенесары қолын жазалаудың қыс мезгіліндегі іс-қимыл жоспарын жасап, қазақтармен ұрыс бола қалған күнде есаул Нюхаловқа шұғыл көмек беруге даяр тұруға тиіс 125 казактан тұратын сотник Карбышев отрядын қыстап шығыңдар деп Аягөзге аттандырды.

1846 жылдың қыркүйегінде Кенесарының 4 мыңдық қолынан шабылып, көп шығын шеккен қырғыздың солто және сарыбағыш руларының манаптары дулаттардың сұлтаны Әлиге Кенесарының Іленің сол жағалауына өтуіне байланысты істің мән-жайын білу үшін кісі салып жатқанын, әрі кек алу үшін қол жинап жатқанын естіген есаул Нюхалов та екі туысқан елдің бірігіп кетпесі үшін қырғыз манаптарына – Борамбайға, Әжібекке, Орманға, Жаңғарашқа хат жіберіп, Кенесарыны қырғыздың және патша өкіметінің жауы ретінде талқандауға шақырады. Кенесарыны жау сияқты қабылдап, онымен ешқандай байланыс жасаспау керектігін айтып, Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков 1847 жылдың басында да қазақ сұлтандары мен қырғыз манаптарына хат жолдап жатты.

1847 жылы қаңтарда Орман, Жантай манапқа Кенесарының Орман Бейімбетұлы бастаған, Бұғыбай батыр қостаған елшілігі келеді. Қырғыздар оларды қошаметпен қарсы алғанмен, жөнді жауап бермейді, ал Бекбатыр бастаған елшіні қырғыздар қамауға алса, Сыпатай бастаған елшілікпен сөйлеспей қояды.

Қазақ, қырғыз елшілік арқылы бір мәмілеге келе алмай, ақыры қазақ ханы жорыққа шығуға шешім қабылдайды. Кенесары ханның қырғыз жасағымен соңғы шайқасы 1847 жылы 17-25 сәуір аралығында Тоқмақтың шығыс жағындағы Кекілік Сеңгір тауының бөктеріндегі Шу өзеніне 1-2 шақырымдай жер болатын Майтөбе деген таулы үстірттің іргесінде болды. Қырғыз жасағын Орман, Жантай, Жаңғараш манаптар басқарды. Бас қолбасшылық Орманның қолында болды.

Құдайменді сұлтанның қуатты қолының талқандалуы, Ержан төренің тұтқынға түсуі, қосымша күштің келмеуі, азық-түліктің, судың, мал азығының тапшылығы, тіпті ауа райының да қолайсыздығы сияқты келеңсіз жағдайлар қазақтардың жағдайын нашарлатып жібереді. Қазақтар қоршауда қалғанда Наурызбай батыр таңдаулы 1000 жігітпен қоршауды бұзып өтуді ұсынады, Кене хан астындағы аты жүйріктер ғана құтылып, қалғаны қырылып қалады, бұдан кейін қалай ел басқарып, хан боламын деп көнбейді.

Қараталдағы Абакумов пен Қызылағаштағы Нюхалов отряды да қазақтардың Кенесарының жанына топтасуына барынша кедергі жасады.

Кенесарының қолға түскеніне көздері жеткеннен соң, ханның тағдырын шешу үшін қырғыз манаптары кеңес өткізеді. Кеңес ханды өлтіру қажет деп шешеді. Манаптардың мұндай шешім қабылдауына біріншіден, орыс тыңшыларының үгіттері, екіншіден, соғыста қаза болған қырғыздардың туыстарының талабы әсер еткен. Кенесары ханның өлтірілуі жөнінде фольклорлық материалдар түрлі мәлімет береді.

Қазақтар мен қырғыздың өзара бітімге келуіне Кенесары ханның қарындасы Бопай Қасымқызы көп еңбек сіңірген. Қырғыз фольклорлық деректерінде Бопайхан (қырғызша Бопуй кан) деп құрметпен аталады. Бопай Қасымқызы бұған дейін де еларалық мәселелерге араласып, өзінің қабілетті мәмілегер екенін көрсеткен. Қырғыз фольклорлық деректерінде Бопай Орман ханға «Хан қолына хан түссе, ханнның жүзін көрсе, қазақ-қырғыз салтында ханға өлім жоқ деген бар еді» [41, 79-п.] деп нарқын беріп, ағасын алып қайтпақ оймен барғаны, бірақ ол жеткенше төрелердің өлтіріліп тасталғаны, содан соң, Бопайдың тұтқын қазақтарды босатып алып қайтқаны баяндалады.

Екі ел арасының жақындаса түсуіне Тезек төре, Бөлтірік шешен, Сүйінбай ақын және басқалар өз септіктерін тигізді. 1847 жылы қазан айында қазақ-қырғыз соғысында шейіт болғандарға арнап қырғыздар Ыстықкөлдің жағасында үлкен ас береді. Сол асқа қазақтар жақтан арнайы шақыртумен Тезек төре, Бөлтірік шешен, Сүйінбай ақын бастаған қазақтар да қатысады. Асты Бәйтік манап басқарады. Сөйтіп, екі халық бас қосқан ұлы жиында Сүйінбай ақын сөзін «қол жайып, құран оқып, өткендерге, аруағын атап қырғыз келдім жоқтай» деп бастап, қырғыздың белгілі батырлары мен манаптарының аттарын атап, арнау өлеңін айтады. Осы аста Сүйінбай қырғыздың Қатаған ақынымен айтысып, жеңіске жетіп, сый-құрметке бөленеді. Осы жиыннан кейін қазақ пен қырғыз қайта табысады.

Қазақ-қырғыз батырларының татуласуына кейіндері Байсейіт Тойшыбекұлы да біркісідей атсалысқан. Қырғыз бен қазақтың қайта табысуында Сыздық сұлтан Кенесарыұлының да өзіндік орны бар.

Қазақ, қырғыз өткенге салауат жариялап, 1847 жылы бір-бірімен қайта табысуға ұмтылды. 1846-1847 жылғы қазақ-қырғыз соғысы екі халықтың басына түскен қайғылы оқиға ретінде тарихта қалды. Дегенмен, Кенесары ханның отаршылдыққа қарсы қазақ пен қырғызды бірлесе күресуге жұмылдыруға деген ұмтылысы бұдан кейінгі кезеңде де өз маңызын жоғалтпады. Бұны екі халықтың патшалық Ресейдің экспансиясына қарсы күш біріктіре әрекет етулері көрсетіп берді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет