ӘОЖ 811.512.122’38 Қолжазба құқығында
МАРЕТБАЕВА МАРИНА ӘБІЛЖАНҚЫЗЫ
Әңгімелеу мәтінінің тілдік-стилистикалық сипаты
10.02.02 – Қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008
Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының
докторы, профессор Б. Шалабай
Ресми оппоненттері: филология ғылымдарының
докторы, доцент Г.М.Әжімжанова
филология ғылымдарының
кандидаты Б. Қапалбеков
Жетекші ұйым: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университеті
Диссертация 2008 жылы « 20 » қазан күні сағат 14 -де Абай атындағы
Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі
Д 14.09.04 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.
Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы 13, 215a-кабинет.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2008 жылы « 19 » қыркүйекте таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Г. Қосымова
Кіріспе
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Сөйлеудегі «жанды тілдің» өзіне тән болмысы мен табиғатын зерттеудің өзектілігі мен қажеттілігі күн санап артып келеді. Себебі ол қолданыстағы, қоғамдық өмірдің барлық саласына белсене араласқан, қоғамдық қарым-қатынас барысында сұрыпталған, шыңдалған, қалыптасқан, сол қатынас нәтижесінде өмір сүруге бейімделген тіл болып табылады. Шынайы тіл тілдік қарым-қатынастың барлық түрлері арқылы жүзеге аса алатын, эмоциялық көңіл-күй сезімдер, ақиқат өмір туралы ақпарат бере алатын тіл болып табылады. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» [1, 10 б.]. Тілдің мұндай қызметтері туралы ақпараттың барлығы мәтін бойында жинақталған. Мәтін – сөйлеу барысында қалыптасып, сұрыпталған, тұрақталған айрықша типтік сигналдардың жиынтығы болып табылады. Оған айрықша форма мен композиция, құрылым тән болып келеді. Адамзат баласы мәтіннің өзіне тән болмыс-қасиетін зерттеуге сан ғасырлардан бері ұмтылып келе жатса да, оның бүгінгі күн талабынан зерттеуді қажет етіп жатқан тұстары әлі де көп. Бұл бағытта жаңадан қалыптаса бастаған қазақ мәтіні лингвистикасы жас болса да біраз тәжірибе жинақтады. Ол еңбектер қазақ тіл білімінде соңғы он жылдағы зерттеулерді қамтиды. Қазіргі ғылымның тоғысқан, жаңа салаларының пайда болып жатқан кезеңінде қазақ мәтіні лингвистикасы мәселелерін жан-жақты зерттеу аса қажет. Ол өз кезегінде психолингвистикалық, этнолингвистикалық, когнитивтік, прагматикалық, компаративтік, әлеуметтік лингвистикалық, тілдік-мәдени, мәтінді оқытуға қатысты зерттеулерге тірек болатыны анық.
Мәтін лингвистикасында зерттеуді аса қажет ететін маңызды мәселелердің бірі – әңгімелеу мәтінінің тілдік және стилистикалық ерекшелігін таныту. Әңгімелеу – тұтасым, байласым және мағыналық аяқталғандық, ақпарат беру категорияларына ие композициялық-сөйлеу формаларының бірі. Шығарма мазмұнын құраушы бірлік ретінде әңгімелеу мәтіні өз бойына қатысымдық, логика-семантикалық, психолингвистикалық, құрылымдық-композициялық қасиет-сапаларды жинақтаған категория. Әңгімелеу мәтінінің өзіне тән табиғаты жалпы мәтін мәселелері аясында айтылып жүргенмен, арнайы зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Осы орайда зерттеу жұмысының қажеттілігі және өзектілігі көрінеді. Зерттеу тақырыбының өзектілігі, сонымен қатар, әңгімелеу мәтінінің көркем прозалық шығармалардағы қолданысын, стилистикасын зерттеуге бағытталуымен ерекшеленеді. Әңгімелеу мәтінінің сөйлеу композициясы тұтастығындағы қызметі мен жүзеге асу тетіктерін анықтауымен өзекті болып табылады. Аталған мәселелер қазақ мәтін теориясының толыға түсуіне үлес қосады.
Достарыңызбен бөлісу: |