Әдебиет:
-
Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. А., 2008, 460-461 б.б.
-
Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Жауапты редакторы М.Қ.Қойгелдиев. А., 2004, 1т. 472-482 б.б.
-
«Сарыарқа» газеті, 1918, №35
-
Голощекин Ф.И. Десять лет пройденных и предстоящие задачи. Алма-Ата, 1930, с.8.
-
Зиманов С., Даулетова С., Исмагулов М. Казахский революционный комитет. А., 1981, с. 28.
-
Қараңыз: 1917 год. В Казахстане. А., 1977, с.201.
-
Әліби Жанкелдин. Документтер мен материалдар. А., 1975, 47-48 б.б.
-
Қойгелдиев М. Аталған еңбек, 117-150 б.б.
-
Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар, 3 т., 1-кітап, 40 б.
-
Сонда, 45 б.
-
Сонда, 45-47 б.б.
-
Сонда 46 б.
-
Протолы революционного комитета по управлению казахским краем (1919-1920 г.г.). Сборник документов. А., 1993, 96-98 б.б.
-
Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар, 3 т., 1-кітап, 46-47 б.б.
-
Протолы революционного комитета ..., С.104
-
Сонда, 106 б.
-
Сонда, 118-119 б.б.
-
Сонда, 99 б.
-
Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар, 3 т., 1-кітап, 48 б.
-
ҚРПА., 811 қ., 20 т., 568 іс, 46-48 п.п.; История Казахстана. Хрестоматия, Сост.: И.Козыбаев, М.Козыбаев, А., 1994, С.103-107; Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар, 3 т., 1-кітап, 59-64 б.б.
-
Тайны национальной политики ЦК РКП. «четвертое совещание ЦК РКП с ответственными работниками национальных республик и областей в г.Москве 9-12 июня 1923 г.». Стенографический отчет. М., 1992, С.6-8
-
Сонда, С.8
-
Сонда С.5
-
Сонда, С.6
-
Сонда, 23-26 б.б.
-
Сонда, 26 б.
-
Сталин И. Сочинения. Т.5., С.304-305
-
Сонда, С.306-307
-
Әнуар Паша – Исмаил Әнуар (1881-1922), 1921-1922 жылдары өз еркімен келіп, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатынасып, жетекші роль атқарған Түркияның мемлекет қайраткері.
-
М.Сұлтанғалиев алғаш рет 1923 жылы 2 мамырда ОГПУ абақтысына жабылды.
АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ: ДӘУІР МҮМКІНДІГІ ЖӘНЕ КҮРЕС ЭВОЛЮЦИЯСЫ
Тілешов Е.Е.
«Руханият» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты,
Астана қ.
Адамзат үшін ақылдың, азаттықтың ғасыры болған ХХ ғасырды қазақ қоғамы өзге елдің боданы, өркениеттің өгейі ретінде қарсы алды. Абай бастаған ат төбеліндей ағартушыларды айтпасаңыз, ұлтын өрге сүйер зиялы топ қалыптасып, қауымдаспаған еді. Абай Шыңғыстауда, Мәшһүр-Жүсіп Баянауылда, Мұрат Атырауда, Майлықожа Қаратауда, Нарманбет Қарқаралыда, өзгелері ұлан асыр қазақ даласының әр шалғайында болатын. Ақынның да, шешеннің де, әншінің де сөзінде мұң, ойында уайым еді. Ресейдің үш губернаторлығына қараған қазақтың сенгені – Алла, күткені – оқыған азаматы еді. Отаршылдық дәуірдегі ең ұлы ұлттық бұлқыныс – Кенесары қозғалысы басылған соң қазақ дәл осылай және бір бас көтеруге дәмелене алмас та еді. Яғни, қазақтың Алла тағала жаратқан, ата-бабадан қалған жерге ие болып қалу тағдыры қыл үстінде тұрған болатын. Осы алмағайып кезеңде қазақ баласының бағына туған ұлтшыл, елшіл шоғыр өсіп келе жатты. Жас шағынан алғанда алдыңғы лекте Бақтыгерей Құлманов, Бақытжан Қаратаев, Алпысбай Қалменов, Әлихан Бөкейхан, Барлыбек Сыртанов, Ғұмар Қараш, Шәймерден Қосшығұлұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жанша Сейдалин, Ахмет Бірімжанов, Дәулетше Күсепқалиев, Райымжан Мәрсеков, келесі лекте Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатов, Жанша Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Уәлитхан Танашев, Мұхамеджан Тынышбаев, Сейдәзім Қадырбаев, Базарбай Мәметов, Халел Ғаббасов, одан соңғы жас толқын легінде Әлімхан Ермеков, Нәзір Төреқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сұлтанбек Қожанов, Телжан Шонанұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуезовтер және есімдері аталмаған қаншама тұлғалар қазақ тарихының жаңа дәуірін, жарқын беттерін ашты. Әлбетте, мұндай зиялы топтың қалыптасуы соған қажетті дәуірдің мүмкіндіктерінен өріс алатыны белгілі. Дәуір қазақтың зиялы шоғырын тәрбиелесе, бұл алқалы топ қазақ тарихының ұлт-азаттық дәуірін қалыптастырды. Адамды заман тудырады, ал адам өзінің білімі мен білігі, күші мен жігері, қабілеті мен қарымы арқылы сол заманды жасайды. Адами, тұлғалық қасиеттерін ұлттың басты мұратына арнауы Алаш зиялыларын өсірді, шынықтырды. Ұлтының бостандығы мен теңдігі үшін аянбай қызмет етіп, мүмкін болғанша өз дәуірі шегінде бірде саяси, бірде мәдени-рухани күресті таңдаған Алаш қайраткерлерінің ширек ғасырдағы қимыл-әрекеттерінің өзіндік эволюциясы бар.
Алаш атымен күреске барған ұлтшыл қазақтар ХХ ғасыр басында ортақ мүдде жолында ой біріктірді, тізе қосты, орта толтырды. Бұдан былай Алаш баласы бытырамай, бөлінбей қимыл көрсететіндігі дәлелденді. Істің басы, дәлелдің айқыны – «Қарқаралы құзырхаты» мен Оралдағы «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құруға арналған облыс өкілдерінің сиезі болды. Бұл – 1905 жыл болатын. Осы қос шарада басталған отаршылдыққа қарсылықты шаралар жылдан-жылға қарқындап, 1917 жылғы қос жалпықазақ сиезіне, «Алаш» партиясының, Алаш автономиясының құрылуына алып келді. Сондықтан да Алаш қозғалысының бастауы 1905 жыл дегенге бәтуаласуымыз керек. Оны кейбір ағайындардың 1907, 1913, 1917 деп межеулерін өткен шақтың сөзі деп бағалаған жөн. Алаш қозғалысы жөнінде бірқатар ғылыми еңбектер жарық көрген тұста, Алаш қайраткерлері мен қаламгерлерінің басты мұралары жарық көрген шақта әлдебір ойлармен 1905 жылға табан тіремеу не білімсіздік, не ниетсіздік болып табылады. Сондықтан да 1905 жыл – 1456, 1721-1723, 1729, 1837-1846, 1920, 1936, 1986, 1991 жылдар сияқты ең атаулы тарихи жылдармен бірге еске алынуы тиіс. Әлбетте, біз білетін Алаш қозғалысының барша шаралары дәл 1905 жылдан бастап тарауланып, өрістеп кете қойды демейміз. Қозғалыстың жалпыұлттық сипатқа айналуына бір емес, бірнеше жылдардың қажет болары дамудың табиғи жолы. Сондықтан Алаш қозғалысының өрістеу, даму сипатына ой жүгірте отырып, оны бес кезеңге бөлуге болатын сияқты. Бірінші кезең – 1905-1909 жылдар, екінші кезең – 1910-1912 жылдар, үшінші кезең – 1913-1916 жылдар, төртінші кезең – 1917-1919 жылдар, бесінші кезең – 1920-1929 жылдар.
Алаш қозғалысының бірінші кезеңі – Ресейдің қазаққа істеген қысымын әбден сезінген оқыған ұлтшыл ұрпақтық халқының тағдырына жаны ашып, қызметке кірісе бастаған кезеңі болатын. Туған халқының бодан күндерін қайтсем жеңілдетем деген ізденіс кезеңі болды. Мұнда Ресейдің отаршыл үкіметіне шағымдану шаралары, әділетсіздікті көрсеткен публицистика, халқын қамшылаған өлең-жыр болды. «Қарқаралы құзырхаты», Орал сиезі, «Серке» газеті, қазақ қайраткерлерінің бірінші, екінші Думаға сайлануы – қазақ зиялыларының саясат жүзінде ұлттық мүддеге тартылғандығын айғақтады. Сондықтан да оны біз Алаш қозғалысының бастапқы кезеңі дей келіп, оны ұлт зиялыларының қалыптасу кезеңі деп атаймыз.
Осы кезеңнің нағыз бастауы болған «Қарқаралы құзырхаты» 1905 жылдың жазында сол кездегі Семей облысы Қарқаралы уезінің Қоянды жәрмеңкесінде 12767 адамның қол қоюымен Ресейдің министрлер кеңесінің төрағасына жолданған тарихи құжат болғаны белгілі. Бұл құзырхатта отаршылдық тарапынан қазақтың саяси-әлеуметтік, экономикалық шаруашылық, мәдени-рухани жағынан көрген қысымы айтылды. Мәселен, құзырхаттағы: «Орыстандыру саясаты қазақ өлкесінің мәдени дамуына қаншама зиян болса, қазақтарды жерсіздендірудің қазіргі тәртібі де олардың тұрмыс халіне соншама зиянды...»; «1902 жылдан бастап Дала өлкесінде қазақ балалары үшін ауыл мектептері ашыла бастады. Бұл мектептерде сабақ қазақ тілінде жүргізіледі, қазақтар бұл мектептерде қазақша хат тану да жүргізілсе деп сұранған еді, бірақ бұл өтініш қабылданбады. Бұл мектептерде қазақ балаларына қазақ сөздерін жазуды қазақ фонетикасына сай келмейтін орыс әрпімен үйретеді...»; «Қазақ халқының ағымдағы қажеттіліктерін айқындау үшін қазақ тілінде газет шығару керек, ол үшін цензурасыз газет шығарудың және баспахана ашудың ешкімнің келісімінсіз шешетін тәртібін орнату талап етіледі...» /1, 488-491/ деген талаптардан бұл құжатты дайындаушылардың ең өзекті мәселелерді терең ойластырып, көтергендігін аңғаруға болады. Құзырхатта айтылған кейбір мәселелер содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де қазақ руханиятының қазіргі көкейтесті мәселелерімен де сабақтасып жатқандығы байқалады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбаев бастаған зиялы қауымның бұл тарихи құжаты – ұлт оқығандарының қауымдасып, халық мұраты мақсатында дәрмен қылуға бет алғандарын көрсетті. Ал осы құзырхаттың мазмұны ұлт зиялыларының халықтың тұрмысы мен тағдырын терең білетіндігін аңғартты. Құзырхаттың және бір тарихи мәнділігі – қазақ баласы өз мұқтажын айта алатындығын, өзінің теңдігі жолында күресе білетіндігін де айғақтап берді. Осы жылдың желтоқсан айында қазақ даласының тағы бір қиыры – Орал қаласында Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейхан бастаған зиялы топтың «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құруға шешім қабылдап, тоғыз баптан тұратын бағдарлама дайындауы және партия жарғысын әзірлеуі қозғалыстың жалпықазақтық сипат ала бастағандығына дәлел бола алады.
Ұлт зиялыларының Бірінші, Екінші мемлекеттік Думаға депутат болуы оларды бір-бірімен таныстыра, жақындастыра түсті. Думаға сайланған Ә.Бөкейхан, А.Бірімжанов, А.Қалменов, Ш.Қосшығұлов, М.Тынышбаевтар Ресейдің заң шығарушы ең жоғары органына қазақтың мәселесін көтеріп, оны саяси биліктегілерге жеткізді. Бұл іс жүзінде қазақ мұңының Ресейге қосылғаннан бергі уақытта Петербордың биік мінбесінен алғаш айтылуы еді. Думадағы қазақ депутаттары ел ішіндегі беделді, белсенді азаматтармен тығыз байланыста жүріп, олар қалың бұқараның қолдауы мен сеніміне ие болды. Яғни, ел ішіне олар көтерген теңдік пен азаттық идеялары жылдан-жылға кең тарай бастағаны ақиқат.
Қазақтан мемлекеттік Думаға депутат сайлануы олардың Мұсылман фракциясына енуіне, сөйтіп Ресей империясына отар болған мұсылман халықтарының алдыңғы қатарлы өкілдерімен бірігіп жұмыс істеуіне де қолайлы жағдай туғызды. Бұл парламенттік фракция құрамына Б.Қаратаев, Ы.Жаманшалов, С.Лапин, А.Жантөрин, Е.Оразаев, А.Өтегенов секілді зиялылардың енуі ұлттық мүдденің көтерілуіне маңызды ықпал жасады. Жалпы Алаш қозғалысында діни-рухани мәселе басты мәселелердің біріне айналды. Қозғалыстың тарихында хазіреттердің, ишандардың, молдалардың рөлі жоғары болғандығын ерекше атап айтқанымыз жөн. Ұлт зиялыларының қалыптасу кезеңі болған бұл жылдар қазақтың саяси жағдайын, мәдени өресін көтеруге бағытталған ізденіс жылдары болды.
Қозғалыстың келесі кезеңінде зиялылардың халық өмірін танып, оны жігерлендіру, ояту қарекеттері байқалады. Айталық, «Оян, қазақ!», «Қырық мысал», «Бала тұлпар», «Айқап» журналы, «Бақытсыз Жамал», «Қалың мал» осы кезеңнің ұлтты белсенділікке шақырған, халық өміріне терең үңілген бедерлі белгілері еді. Бұл кезеңге сыншылдық, ағартушылық тән, яғни сынау мен үйрету, мінеу мен бейімдеу етене болатын. Сондықтан оны сыншылдық кезеңі дейміз. Бұл кезеңде саяси қайраткерліктен гөрі әдеби ұрандар алдыңғы қатарға шықты. Оның себебі отаршыл үкімет қазақ зиялыларының пәрменді әрекеттерінен үркіп, оларды қысымға ұшыратты. Осы тұста қазақ ойының ең белсенді, жалпы халыққа ең етене, түсінікті түрі – көркем сөз азаттық аңсаған, бостандыққа шақырған мазмұнға ие болып, Алаш ұранды әдебиетті дүниеге келтірді. «Оян, қазақ!» пен «Қырық мысалдың», оған іле-шала «Бала тұлпар», «Маса», «Шолпан» жинақтарының елге тарауы, заманауи мәселелерді көтеріп, халықтың көкейін ашқан «Айқаптың» жарыққа шығуы қозғалысқа тірек болған, күш қосқан рухани құбылыстар еді. Міне осы кезеңде ұлт мүддесін бірлесіп шешу үшін жалпықазақ сиезін ашу мәселесі туындады. Оны алғаш көтерген, бүгіндері есімі аса атала бермейтін Жиһанша Сейдалин болатын. Оның 1911 жылдан бастап «Айқап» журналында сиез ашу мәселесіне арналған мақалалары қазақ зиялыларының ортасында үлкен пікір тудырды /2/. Жиһаншаның сиез ашу жөніндегі осы мақалаларына Б.Қаратаев, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Б.Сыртанов, М.Тынышбаев, Е.Қасаболатов тағы басқалар алдымен сол «Айқап» журналының өзінде, кейінірек «Қазақ» газетінде пікірлерін білдірді. Сейдалинді мақұлдап елден қолдаухат жазғандар да болды. Кейбір қайшылықтар да ұшырасты. Дегенмен алуан пікірлер болғанымен де, Жиһанша Сейдалин көтерген жалпықазақ сиезін ұйымдастыру мәселесінің өзектілігі мен қажеттілігі - сол дәуірде ұлт қамынан өрістеп, қазақ қоғамына тасталған үлкен идеялардың бірі болуында.
Сыншылдық кезеңі деп отырған Алаш қозғалысының екінші кезеңінде халықтың көнбіс, талапсыз кейпін ғана сынау емес, сонымен бірге қайраткерлер арасында да өзара сынның болғандығын аңғарамыз. Ол әрине, табиғи үдеріс болатын. Өзара сынсыз қозғалыстың өрістеуі де, қайраткерлердің қай жағынан болсын өсуі де мүмкін емес еді.
«Қазақ» газетінің жарық көруі, оның ұлтшылдық бағыты – халықты оятудан тұтастыруға бейімдеді. Сол дәуірдің куәсі, Алаш қозғалысының мәнін ерте ұғынған Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ: ««Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілмен тұтас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді. Сондықтан бұл уақыттағы іс пен сөзде тығыз қамның, асығудың ретінде бұдан өзгенің бәрін қоя тұрып, бір саясат әңгімесіне жұмылдырудың, жалғыз соған ғана үңілудің қамында өтті...» /3, 231/. Осы ұлт басылымы – барша Алаш қозғалысының беті мен бағытын көрсетті. «Қазақ» ұлттың қазір қандай жағдайда екендігін, қай жолмен жүрсе, қалай болмағын нұсқап, зиялылардың ең көкейтесті ойларын жариялады. Ең бастысы – газет қазақ жерінің барлық өңірін қамти отырып ұлтты оятты, . Яғни, ұлт-азаттық қозғалысы пікір жүзінде де, іс барысында да ортақ мүдде әрекетімен өрістей түсті, дамыды. Сол себепті де бұл 1913-16 жылдарды қамтыған кезеңді ұлттық ұйысу кезеңі дейміз. Бұл ұйысу кезеңі келесі «Алашорда» кезеңін дайындады.
Алаш қозғалысының өрістеу эволюциясының жолы, оның қайраткерлерінің ішкі мүмкіндіктері мен қайраткерлік дайындықтары 1917 жылғы патшаны құлатқан іле-шала сәуірдің алғашқы күндерінен бастап облыстық қазақ сиездері өткізіле бастады. Орынборда, Алматыда, Оралда, Омбыда, Семейде өткізілген Торғай, Жетісу, Орал, Ақмола, Семей, облыстық сиездері Ташкентте өткен Түркістан Мұсылмандарының Бірінші құрылтайы Алаш баласының азаттыққа шындап бағыт алғандығын байқатты.
1917 жылдың 2 сәуірінде Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының төрағалығымен басталған Торғай облыстық қазақ сиезі Алаш қозғалысының «Алаш» партиясында, Алашорда үкіметіне ұласар кезеңінің ең алғашқы айтулы оқиғасы болды. Сиездің ұйымдастырылуы мен өткізілуінің басында Ахаңмен бірге Алпысбай Қалменов, Уәлитхан Танашев, Сейдәзім Қадырбаев, Омар Алмасов, Шафқат Бекмұхамедов сияқты ұлт зиялылары тұрды. Бұл сиез «Қазақ» газетінде «қазақтың тұңғыш сиезі» ретінде бағаланды /4/.
Торғай сиезінен кейінгі Жетісу, Орал, Ақмола, Семей облыстық сиездері Алаш қозғалысының қазақтың барша даласын қамтығандығын байқатты. Жетісу облыстық сиезінде Ы.Жайнақов, Ғ.Ордабаев, А.Құдайбергенов, А.Шегіров, Н.Жақыпбаев, Ғ.Үдербаевтардың, Орал облыстық сиезінде Б.Қаратаев, Ғ.Әлібеков, Д.Күсепқалиев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Жетпіспаевтардың, Ақмола облыстық сиезінде Е.Итбаев, А.Тұрлыбаев, М.Дулатов, М.Саматов, А.Сейітов, М.Жұмабаев, Е.Тоқбайұлылардың, Семей облыстық сиезінде Ж.Ақпаев, Х.Ғаббасов, Р.Мәрсеков, М.Боштаев, Б.Сәрсенбаев, Ә.Ермеков, Ы.Оразалин, М.Малдыбаев, Ш.Ақпановтардың белсенділігі байқалды. Облыстық қазақ сиездері мен қазақ комитеттері қазақ зиялыларын одан сайын ұйыстыра бастады. Осы өңірлік саяси шаралар ел ішінен қайраткерлерді шығарды. Сөйтіп Алаш мұраты үшін ерен істерге дайын сандаған күрескерлер – зиялылар, қайраткерлер санатына қосылды. Бұл сиездердің қай-қайсысы да ұлттың қордаланған мәселелерін күн тәртібіне қоя отырып, оны шешудің жолдары мен амалдарын белгіледі.
Облыстық сиездерде қауымдасқан зиялылар жалпықазақ сиезін ашудың алғышарттарын жасады. Мұндай сиез көп кешікпей шілде айында Орынбор қаласында өтті. Халел Досмұхамедов, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлмұхамед Көтібаров, Міржақып Дулатов, Асылбек Сейітов және тағы да басқа Алаш қайраткерлерінің басшылығымен һәм ұйымдастыруымен өткен осы Бірінші жалпықазақ сиезінде қазақ қоғамы үшін іргелі 14 мәселе қарастырылды. Оның ішінде қазақ автономиясы туралы, қазақ саяси партиясы туралы, дін туралы және тағы да басқа ұлт тағдырының зор мәселелері болды. Бұл сиез ең алдымен қазақ зиялыларының бас қосып, түсініп, ортақ мүдде жолында аянбай қызмет істей алатындығын дәлелдеді. Сонау хандық заманның ең дәуірлеген кезеңдерінен бері барша қазақтың игі жақсылары бас қосқан ұлық жиын бола отырып, сиез ұлттық тәуелсіздік мәселесін көтеруімен де тарихи маңызға ие болды. Сиезде «Алаш» партиясының құрылуы да оның зор тарихи мәнін айғақтады. Бірінші жалпықазақ сиезі Алаш қозғалысына үдемелі қарқын дарытты, осы сиезден кейін бүкіл қазақ даласы азаттық пен теңдік рухына бөленді, желтоқсанда өтетін Екінші жалпықазақ сиезіне дейін барлық өңірлерде «Алаш» партиясының комитеттері ашылып, онда ұлт мұратын ту еткен азаматтар ерекше белсенділік танытты. Іс жүзінде бұл партия кейінірек құрылатын Алашорда үкіметінің рөлін атқарды. Сондықтан да біз 1917 жылдың сәуір айынан бастап 1919 жылдың соңына дейін созылған ең қарқынды кезеңді Алашорда кезеңі деп атаймыз.
Алаш автономиясын жариялаған, Алашорда үкіметін сайлаған Екінші жалпықазақ сиезі ұлттық мемлекет құрудың барлық қажетті атрибуттарын дүниеге келтірді. Осы сиездің шешімдері, қаулылары тарих жүзімен қарағанда аз уақыт болса да қазақ мемлекетінің дербес өмір сүре алатындығын тарих жүзінде дәлелдеді. Алаштың Бірінші және Екінші сиездерінің жалпы Алаш қозғалысының тарихи маңызын тұжырымдай келе Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы» деген болатын /5/. Бұл ұлы тарихи оқиға жөнінде айтылған үлкен сөз, тарихи баға.
Қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіруді мақсат еткен Екінші жалпықазақ сиезі сонау қиын-қыстау заманда Алаш баласының мәңгілік жадында тұтар, тағылым алар тарихи шешімін паш етті. Сиезде қабылданған «...бүкіл қазақ-қырғызды билейтін хүкімет керектігін ескеріп, сиез бірауыздан қаулы қылады: 1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес облыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерді автономия құруға; 2) Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын; 3) Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын...» деген /6, 26/ тарихи шешімдер қазақ баласының өз еліне, өз жеріне өзі ие бола алатындығын, дербес өмір сүруге күші мен жігері, ақылы мен амалы, санасы мен саясаты жететіндігін толық аңғартты. Бұл сонау 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхатынан» басталған қоғамдық, саяси, рухани күрестердің нәтижесі һәм қорытындысы болатын. Дегенмен қазақ баласының санасындағы азаттыққа деген аңсар, бостандық пен теңдікке деген құлшыныс сан ғасырлардың жемісі де еді. Сондықтан бұл тарихи қозғалысты ХХ ғасыр басында туған құбылыс деп ғана бағаламаймыз, Алаш қозғалысы – халықтың бойына жинаған рухани қуаты, энергиясы. Бұл қуат, бұл энергия берісі – отаршылдыққа қарсылық ретінде ұлтымыздың бойында іштей жиналды, қордаланды. Отарлаған елдің зорлығы халқымыздың санасында, көкейінде, жүрегінде сақтала берді. Ара-тұра әрекетке айналып, көтеріліске ұласты. Қазақ өлеңінің өзегіне айналып, Дулат, Шортанбай, Мұрат болып қарсылықты жыр тудырды, Абай, Мәшһүр-Жүсіп болып дәру іздеді. Ал арысы – сонау Керей мен Жәнібек заманынан бері әбден піскен ел болу, мемлекет құру мәселесі еді. Қазақ тарихының үзілмей жалғасып келе жатқан осы бұлқыну тарихы ХХ ғасыр басында отаршылдық жүйеге жаппай қарсыласу қозғалысын тудырды. Оның бойында отарлаушылардан ірге бөліп ел болу, халықты сол ел болуға үндейтін ояту қам-қаракеттері жатты. Сөйтіп, қазақ санасының, ұлт ойының сан ғасырлық қуаты кезі келіп, кезеңі туғанда ұлы дүмпу тудырды. Ол, әлбетте, Алаш қозғалысы болатын.
Алашорда кезеңі – ұлттық азаттық пен теңдікке деген сенімін нығайтты, осы жолда өзінің жеке басын ұлт пен мемлекет мүддесін жоғары қоятын күрескер жүздеген, тіпті мыңдаған қайраткерлерді қалыптастырды. Қазақ халқының саяси жағынан да, ілім-білім жағынан да, мәдени-әдеби жағынан да әлеуеті жоғары ұлт екендігін байқатты. Ел басқарудың, ғылыми мектеп қалыптастырудың, әскер жасақтаудың, шаруашылық жүргізудің, өнер игерудің үлгілерін көрсетті. Яғни, қазақ мемлекетін құру сәтсіздікке ұшырағанымен, жалпы ұлттың бойындағы мемлекеттілікке деген құлшынысты, елшілікті аңғартты. Ұлттың өзін тануы, өзіне сенуі – ерте ме, кеш пе оның тәуелсіздікке жетуінің кепілі болатын. Бұл кезең қазақ әдебиетіне, көсемсөзіне ерекше леп, жалынды үн әкелді. Алаш автономиясы құрылғанда Сұлтанмахмұттың:
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің Алашты,
Қорлығына бермейміз!
Адамдықтың жолында,
Бастаған ерлер соңында,
Басқаға көңіл бөлмейміз,
Қандай шайтан келсе де,
Алдауына көнбейміз.
Өлер жерден кеттік біз.
Бұл заманға жеттік біз!
Жасайды Алаш, өлмейміз!
Жасасын, Алаш, жасасын!
- деп шабыттана жырлауы /7, 123/ Алаш қозғалысының қарқынынан, ел келешегіне деген ұлы үміттен бастау алып жатты. Осындай пафосты жырлар Алаш автономиясы жарияланған, Алашорда үкіметі құрылған сол абыройлы да, айбынды кезеңде Ғ.Қараш, Н.Наушабаев, С.Дөнентаев, Б.Майлин, Ж.Аймауытов, Ә.Мәмбетов, қазақ баласына тілектес, мүдделес қырғыз Қ.Тыныстанов қаламдарынан да туған болатын. Бостандық күндері туғанда ұлт-азаттық қозғалыс көсемдері Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатовтың: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяуда арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз һүкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті. Жүз жылдан бері халықты теңдікке жеткізу жолында ескі һүкіметпен алысып, дарға асылып, оққа ұшып, басы айдауға, малы талауға түсіп жүрген сабаздар жасымай, бірі кемісе, оны артып, ақырында, Россия қоластындағы халықтардың бәріне дін, ұлт, тіл айырмасына қарамай, азаттық әперді. Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп отыр. Бұл күнге жеткізген құдайға мың шүкір!» - деп шабыттана жар салуы соның айғағы /8, 234/. Бұл асқақ сезімдерден туған, халқының болашақ тағдырына деген үміттен өріс алған лебіздер, жалынды ойлар Алаш баласының өзіне деген ұлы сенімнің куәсіндей болды.
Осы Алашорда кезеңінде ұлт-азаттық қозғалыстың ауқымды бір бөлігі еліміздің оңтүстігін қамтыды. М.Шоқайдың, М.Тынышбаевтың «Қоқан автономиясын» құруы, Сырдария, Ферғана, Самарқандтағы Әзімхан Кенесарин, Серқұл Алдабергенов, Есет Ақжолов, Санжар Асфендияров, Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықов, Нәзір Төреқұлов, Алдабек Мангелдин, Сағдат Шағмарданов тағы басқалардың ерен қайраткерлігі Алаш баласының қай өңірде, қай уақытта болмасын ортақ мүдде төңірегінде тұтаса алатындығын, азаттық сүйгіштігін аңғартты. Сондай-ақ, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің, Мұстафа Шоқай бастаған Түркістан қайраткерлерімен саяси, адами ынтымағы олардың азаттық жолында бірлесіп күресе алатындықтарын дәлелдеді. Оны олардың өзара қарым-қатынастарынан, басында Ахаң тұрған «Қазақ» газетінің, шығарушысы Мұстафа болған «Бірлік туы» газетінің, Халел Ғаббасов пен Райымжан Мәрсеков шығарған «Сарыарқа» газетінің бағыты мен мазмұнынан да айқын аңғартуға боларлық.
Алаш қозғалысының осы Алашорда кезеңі қазақ елінің мемлекет бола алатындығымен бірге, ең бастысы – халқымыздың бойында өз абыройы үшін күресе алар үлкен рухани жігердің бар екендігін, ел болып ұжымдасуға аса мүдделі екендігін, бостандықтың қадірін, теңдіктің бағасын білер дегдар сананың бар екендігін де қай жағынан болмасын әбден байқатты. Бұл Алла тағаланың алқауымен жеке ұлт, дербес халық болып жаратылған жұртқа керек ең маңызды, ең қымбат түсінік. Мұндай ұлт, осындай халық тәуелсіз мемлекет болуға, егемен ел болуға әбден лайықты. Халықтың бойында осындай жігер, санасында осындай ұғым барында мұндай жұрттың болашағы кемел. Сондықтан да бүгіндері кейбір келеңсіздіктерге бола өз халқымызды сөгуге дайын тұратын мінезімізді, өзімізді өзгелермен салыстырып, мұқатуға бейім тұратын әдетімізді тыйғанымыз жөн. Бүгінгі қазақ баласына сынау мен мінеуден гөрі өз-өзіне деген сенім қымбат, өз абыройын ешкімнен аласартпайтын мерей қымбат, өзін ешкімнің мазағы мен талағына бермейтін намыс қымбат. Алашорда кезеңінде атқарылған ұлттық ірі шаралар, қазіргі тәуелсіздік кезеңіндегі ел болу қамындағы тарихи жұмыстар соның айғағы.
Қазақстанда кеңес үкіметінің ұлттық мүдделермен есептеспей күштеп орнатылуы – Алаш сияқты ұлт-азаттық қозғалыстарды ыдыратты, ұлттың өз жолын анықтау мүмкіндіктерін шектеді. Бірақ тағдырларын әуелден ұлттық мүддемен байланыстырған ең берік, ең күрескер Алаш қайраткерлері мәдени-рухани күреске көшті. Сол кезде Алаштың ең айтулы рухани көсемі Ахаңның: «Мәдениет күшейеді өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді оқумен: Оқу ісі сабақтас әдебиетпен. Оқу әдебиетті күшейтеді, әдебиет оқуды күшейтеді... Сол көп істі қолынан келгенше істейтін, сол күш шамасынан келгенше сарп ететін қазақ қалам қайраткерлері» деп жазғанындай /9, 281/ әдебиет, білім мен ғылым саласында Алаш қаламгерлері қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, ғылымы мен білімінің мәңгілік мұрасына айналар «Тіл - құралы», «Әдебиет танытқыш», «Педагогика», «Жан жүйесі және өнер таңдау», «Әдебиет тарихы», «Батыр Баян», «Ақбілек», «Қилы заман» сияқты жауһарлар дүниеге келді. Бұлар қазақтың дүниені ғылыми тұрғыдан игерудің, адам мен жаратылысты көркемдік санамен бейнелуінің үздік үлгілері еді. Мұнда сондай-ақ, қазақ ойының да, қазақ сөзінің де әлеуеті мен деңгейі жарқырай көрінді. Ол деген сөз – қазақ мәдениетінің бұдан соңғы дамуына даңғыл жол салынды деген сөз. Сондықтан да С.Сейфуллин, С.Мұқанов сияқты кеңестік платформадағы жазушылар олардың «ұлтшылдық-буржуазияшылдығын» сынағанымен, олардың шығармаларындағы суреткерлікті әділ бағалады.
Алаш зиялыларының бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігінің болмауы - олардың ұлт мүддесі жолындағы қызметтерінің типтерін өзгертті. Бірақ Алаштың ең тұрлаулы, ең берік қайраткерлері мен қаламгерлері руханият саласындағы өздерінің қарым-қатынастарын үзбеді. Әлихан Бөкейханның Мәскеудегі қызметі, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған топтың Ташкенттегі қимылдары олардың қашан болмасын, қандай жағдайда болмасын ұлтпен бірге екендерін паш етті. Ендігі жерде Алаш зиялыларының аманатын арқалаған, олардың идеяларын болашаққа жеткізетін Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Бейсенбай Кенжебаев, Бауыржан Момышұлы сияқты аса дарынды, ұлттық санасы жоғары жастар өсіп келе жатқан болатын.
Алаш қозғалысының осы бесінші кезеңі сипаты жағынан алғанда саяси күрескерліктен мәдени-рухани өріске ауысқандығын байқатты. Бұл рухани кернеуі жоғары қазақ әдебиетін, өнерін, тілін, оқу-білімін, ғылымын күшейтті. Сондықтан оны Алаш қозғалысының рухани өркендеу кезеңі деп атаймыз. Рухани өркендеу кезеңі - ширек ғасырға созылған «Алаш қозғалысы» атты қазақ тарихының ең бедерлі, ең мазмұнды, ең өркениетті дәуірін қорытындылады. Тарихи оқиғалардың сипатын саралағанда бұл ең қисынды қорытынды болатын.
Алаш қозғалысының ғибраты, қайраткерлеріміз жүріп өткен жол, олардың күресі, қаламгерлеріміздің жүрегі мен ақылынан туған көркем ой – тәуелсіз мемлекет құрған, егемен ел болған қазақ баласының үлкеніне де, кішісіне де тағылым болуға тиісті. Алаш зиялыларының азаттық үшін алысқан күндерінің салмағы мен бағасын ұғынған сайын біз бүгінгі тәуелсіздігіміздің мәнін сезініп, баянды болашағымыз үшін әрекет істеуге дайын бола бермекпіз. Бұл ең алдымен өскелең ұрпағымыз үшін, қазақ елінің өміршеңдігі үшін аса қажетті һәм міндетті қасиетті қадам болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |