Мурзин М.: Менің ойымша сізді босатып, мені түрмеде қалдыратын шығар.
Қашқынбаев И.: Неге олай деп ойлайсың.
Мурзин М.: Орынборда Сұмағұл Садвақасовтың ұйымдастыруымен Коммунис қазақтардың жиналысы өтті. Партияда жоқтардан мен ғана қатыстым. Бұл туралы елдің бәрі біледі. Әсіресе Байдилдиннің баяғыда хабарлап қойғанына сенімдімін. Енді менің де сол оқиғаны баяндап беруімді талап етіп отыр. Ол мақсаттарына ешқашанда жете алмайды. Ол адам аса күдікшіл. Жұрттың бәрін ГПУ-дің тыңшысы деп есептейді. Өткен жылы өзінің соңында тыңшының жүргені туралы әркімге айтқан. Бұл мәселеге ерікті немесе еріксіз түрде болса да Смағұловтың, Қозыбековтың, Байғариннің, К. Тоқтабаевтың, Е. Үрдебаевтың қатысы бар. Жер жөніндегі комисориаттың машинасымен соңына ілесіп отырыпты. Кожебников пен Нұрмаховқа Қадырбаев Сидазымды іссапарға жұмсаған сияқты. Бұл туралы ГПУ-дің қызметкерлеріне хабарланыпты. Мұндай орынсыз тіміскілеу менің жүйкемді жұқартып жындандырып жібере жаздады. Бұл тыңшылық маған үлкен сабақ болды. Кейін соңыма кімді салып қойғанын айна қатесіз білетін болдым. Олардың жұмыс жүйесі мен қисынын талдай келіп қалай жұмыс істейтіндерін білдім. Олар әр адамның ақылы мен мінезіне қарай бағалап, жеке-жеке зерттеп жасырын түрде тапсырма береді.
Қашқынбаев И.: Мен болған жайдың бәрін мойындадым. Ол менің бауырым болғандықтан да не істерімді білмеймін.
Мурзин М.: Мынадай тәртіпті ұстану керек. Ешқашанда, ешнәрсені мойындамау керек. Егер де жан-жағынан қысымға алса онда үндеме әйтеуір мойындай көрме. Сіздің тәжірибеңіз аз адам екенсіз. Ешқашанда тергеушілірдің сөзіне сенбеңіз. Егер де олар нақты айғақ бар десе онда құжатты көрсетуін талап етіңіз. Алайда тергеушілер көрсеткен айғаққа сенбеңіз. Бұл олардың тақыстанған тәсілі. Бетпе-бет мойындасуға шақырса да бәрі бір мойындамаңыз. Мен өзім бетпе-бет мойындасу кезіндегі барлық айғақтарды жоққа шығардым.
Қашқынбаев И.: Нақты айғақты мойындамауға (Қашқынбаев) қарсы шықты. Бұл ГПУ-дің сенің сөзіңе сенімсіздік тудыруы мүмкін деді (бұл арада тыңшы Қашқынбаевтың сөзін мазмұндап беріп отыр).
Мурзин М.: Ер жігітке сай мінезді сенімен жігітше сөйлескенде ғана көрсету керек. Адамнаң жеке басын қорлап қысым көрсетіп отырған қазіргі жағдайда парасатты көріну нағыз Донхихоттық ақымақтық. Жалпы кез келген қысымға төзе білу керек және өзгеге кінә артпауға тырысу қажет. Ең бастысы ешкімді шырғалаңға тартпаған жөн. Менің негізгі ұстанған тәртібім – үшінші бір адамның атын атамаймын, тіпті достарыммен отырғандағы әңгімеге де ешкімді араластырмаймын.
Тағыда Мурзиннің айтқаны (Тыңшының жазғаны – Т.Ж.): Сіздердің ұйымдарыңыз бар екенін баяғыда-ақ білген, бірақ та ол кезде қозғамаған. Әуелі бірінше топты, содан кейін екінші топты іріктеп тұтқындаған. Енді үшінші топтың да тізімін жасауы мүмкін. Мұның барлығы сыртқы дүниеге (немқұрайлы адамдарға) қыр көрсетіп, ГПУ тергеушілері тергеу барысында жаңа астыртын ұйымды әшкереледі дегенге сендіру үшін жасалып отыр. Ал тұтқындалғандардың барлығын айыпты еткізу мәселесі шешіліп қойған. Олар тергеуді тұтқындағаннан кейін емес, тұтқындағанға дейін жүргізеді. Сіздер астыртын ұйым құрды дегені жай сылтау ғана, себеп басқада. Орталық комитеттің былтырғы қаулысында ұлттық интеллигенциямен күресу туралы шешім қабылданған болатын. Бұған не себеп болды, мен оны білмеймін. Бірақ та біздің тұтқындалуымыз сол қаулыны жүзеге асырудың нәтижесі екені анық.
ТЫНЫШБАЕВ МҰХАМЕТЖАН
...”Келесі мәселеге көшетін болсақ, бұл жөнінде біздің пікіріміз қазақ өнеркәсіпшілері Смағұл Садуақасов пен Қаратілеуовтың көзқарасымен түйісіп жатты”.
5-ші. № 1 кестеде көрсетілген негізгі ұйым мүшелері туралы айтарым мынау. Біз бұл мәселені ұйым ретінде емес құқық мәселесі жөнінде пікір алысқан аз ғана адамдардың арасындағы әңгіме деп есептеймін. Өйткені, заңды белден басып, колхоз құрлымын өтпелі саты ретінде ұсыну, сондай-ақ мемлекеттік құрылым өтпелі басқышы ретінде қарау бұрын қарастырылмаған. Сондықтан да кеңес үкіметі жүйесі тарқатлыуға жақын деп ойладық... Менің миымда осы ой ұйалап қалса да, оны өшіруге тырыстым. Өнеркәсіпкер Қаратілеуовтың мүлдем басқа көзқараста еді. Сұлтанбековпен екі рет кездестім. Алайда бұл тақырыпта әңгімелескеміз жоқ. Бір рет мәжілісте, екінші рет көшеде кездескенімізде ол Смағұл Садвуақасовпен хат арқылы пікір алысқанын айтты. Бөкейхановты Москвада 26-шы жылдан кейін көрдім. Сұлтанбеков түсінігі кең адам, сондықтан да танысқаның жөн деді. Сұлтанбековты мен кремльде Рұсқұлов төрағалық еткен жиналыста таныстым, тереңдеп әңгімелесудің реті келмеді.
6-шы. Аспандияров нағыз пунктуальды адам. Түркістан республикасы тұсында жер мәселесімен тереңдеп айналысты. Аспандияров пен Қожановтың пікірі үнемі тоғыса бермейтін. Біз екеуінің қалай бірге жұмыс істейтініне таң қалатынбыз. Қожанов кей кезде тым тік мінез болатын. Ұйым туралы олар ештеңе білмейтін. Қаратілеуов сырттай ғана естуі мүмкін. Рұсқұловтың бұл туралы хабары болды ма, жоқ па оны білмеймін. Рұсқұлов екеуміздің арамыздағы қатынас 26-шы жылдан соң жақсарды.
Рұсқұловпен мынадай қызық жағдайда таныстым. 1914-ші жылы Жетісу темір жолының бойындағы Түлкібас станциясында болдым. Ол ара өте бір тамаша жер еді. 15-ші жылы маған бір қазақ келіп, осы ауылда Рұсқұлов деген жігіттің жүргенін, оның оқығысы келетінін бірақ та ешқандай қаражаты жоқ екенін айтты. Мен ат жібертіп, Рұсқұловты алдырдым. Сол арада 100 сом жинап бердім. Егер де оқу үшін ақша керек болса маған хат жазуын өтіндім. Бұл оқиғаны мен мүлдем ұмытып кеттім. 1922-ші жылы ғана баяғыда өзім көмектескен жігіттің облыстық комитете істейтінін білдім. Жазған хатыма жауап берді, мені Ташкентке шақырды. Ташкентке барғанда ол Мәскеуге кетіпті. Содан кейін 22-ші жылы ол 30 жасқа келгенде Ташкентке келді. Онда бір-бірімізге көмектесіп, жұмыс істедік. Ұйым туралы онымен ешқандайда сөйлескем жоқ. Жандосовпен ресми жұмыста ғана кездестім. Біздің ұйымдағылар (оны ұйым деп те айта алмаймын). Ташкенттегі коммунистермен – Аспандияровпен, Қожановпен жиі кездесіп, әңгімелесетін. Біздің пікірлеріміз оларға әсер етуі мүмкін. Түркістандық коммунистерді шынайы коммунис деуге болмайды. Коммунистер идология туралы сөйлегенде біз құлағымызды басып отыратынбыз. Бір жолы Ташкентте бір профессор жерге қоныстану туралы баяндама жасады. Оған мен, Қожанов және Аспандияров қатысты. Мен баяндама бойынша сөз сөйлеп: Жерге ең бірінші жергілікті халықты орналтыру керек, егер де келген қоныстанушыларға жер жетіспесе олар келген жақтарына қайта берсін дедім. 22-ші жылы Аспандияров маған қазақтар жерді орыс шаруаларынан да тиімді пайдаланатыны туралы пікір айтты. Мен инженер Василовтың Жетісу облысының отарлануы туралы кітабын тауып бердім. Онда қазақтар мөлшерлі жерден 55 пұт астық алса, шаруалар 51 пұттан ғана өнім алған. Халық жиналысында Аспандияров осыған сүйеніп баяндама жасады.
7-ші. Бөкейханов пен Щвецов Қызылордаға келгенде Қаратілеуов, Садуақасов және мен пікір алысуға дайындалдық. Мемлекеттік құрылымның соңғы өзгерістерін талқыладық. Мұны ұйымдасқан мәжіліс деуге болмайды. Жай ғана пікір алысуда: ірілендірілген колхоздардан көрі шағын колхоздардың пайдалы екендігін, колхоздар ірілендірсе мал басынан айрылып, өзінің құнын жоятындығын, ал шағын колхоздар мал басын сақтап қалатындығын айттық.. Ет дайындау мәселесіне келетін болсақ мал бас азайып малшылар егін салуға көшеді дестік. Бұл турасында мәжіліс болған емес. Қоныстанушылар туралы мәселе 24-25 ші жылдары қозғалды да тоқтап қалды.
Балқаш ауданындағы қазақтардың көтерілісі туралы ештеңе білмеймін. Мұндайды тоқтату керектігін Құдайбергенов Бекмұхаметке ақпан айында айтқанмын. Аз уақыт өткеннен кейін Ермеков пен Досмұхаметовқа айттым. Олар жауап қайтармады.
8-ші. Интеллигенттердің кеңес үкіметіне қатынасы туралы. Мен бұл сұрақтың бүге-шігесін біле бермеймін. Кеңес үкіметінің құқықтық ауытқуларға барғаны анық. Олардың оңшылдыққа қарай бұрылуы қазақ халқына молшылық әкеледі деп ойладым. Бұл пікірді ашық айтуға жүрексіндік, бетімізден басып жүрдік. Дулатов пен Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ешқандай да мәжіліс болған емес. Соңғы екі жылда өзгеріске қатысты айтарым: Мен 28-ші жылы Қызылордаға келгеннен соң бір айдан кейін Дулатов сотталды. Сондықтан да ешқандай түбірлі мәселемен айналыспады. Досмұхамедов пен Ермеков ешқандай ұйым болған емес дейтін шығар халық бытырап кетті, коллективтендіру науқаны басталды, темір жол құрлысы қолға алынды. Мына жағдай ГПУ-шілерге белгілі ме, жоқ па соны айтайын. Бастабында мені темір жол құрылыс учаскесінің бастығы етіп тағайындауды ұсынды. Бірақ та жолдастардың: жер жағдайын жақсы білесің, сондықтан да басқармада қалғаның өте пайдалы деп ақыл беруіне байланысты, басқармада қалдым. 28-ші жылы Іле тармағындағы екі учаскіде жалғыз-ақ басқарма болды. Жер бедері күрделі, темір жол салуға қиын болатын. Мені сонда көмекке жіберді. Сол учаскіге мені жіберді. Мен онда қаржыны үнемдеу мақсатында жаңа экономикалық талдау жасап, техникалық жағдайларды есептей отырып, бір жарым екі миллион сомды үнемдейтін жоба жасадым. Кейбір техникалық шарттар мені Қызылордаға шұғыл шақыруға байланысты орындалмай қалды. Қайтып келсем мені орнымнан алып тастапты. Жұмыс қаржысы бұрынғыдан да көбейіп бір разъезд артық салыныпты. Менің ұсынысымды қабыл көрмепті, алайда зерттеуімді одан әрі жалғастырып, жобаны Мәскеуге жібердім. Кейін Мәскеуден: Тынышбаевтың жобасы дұрыс деген қортынды келді. Инженер Гоми (?) жобаны негіздеп беруді өтінді. Мен он күн отырып бұрынғы жобамды дамыттым. Жоба бойынша жұмысшылардың еңбегі жеңілдеді, касса үнемделді. Иванов және басқа учаске бастықтары менің жобама тосқауыл қойды. Сонда жұмысшылардың үш-төрт айлығы еш кетті. Жобаның көшірмесін Шәкир (?) мен Рұсқұловқа жібердім. Сөйтіп, бір жарым миллон сом мемлекет қаржысы үнемделді.
Қарсақбай туралы айтарым: Мұндай өнеркәсіптер неғұрлым көп болса, соғұрлым пайдалы. Қазақ өнеркәсібі дамиды. Бір мемлекетте тұрғандықтан да байлық бәріне ортақ тек мемлекеттік ұйымдар қазақ қауымын сыртта қалдырмаса болғаны. Инженер ретінде мұны қолдаймын.
Профессор Щвецовпен Қызылорда қаласында таныстым, сондай-ақ Бөкейхановпен кездестім. Олардың саяси бағыты туралы ештеңе білмеймін. Маған Алматы қаласынан электр жүйесін жоспарлауға тапсырма берілгендіктен де біреумен кездесуге, ұйым жұмысына қатысуға уақытым болған жоқ”.
Бұдан кейін М. Тынышбаев. Алматыға келгеннен кейін өзінің туыстары Тұрысбековтың, Тәңірбергеновтың, Құдайбергеновтың хабарласқанын, елдің тең жартысынан астамы Қытайға жер ауып кеткенін, жүріс-тұрыстың жарым жартылай тоқтағанын, қаражат жағынан көметесуді сұрағанын айтады.
„Жақанша Досмұхамедов үнемі ұйымнан бойын аулақ салып, оған: бұдан ештеңе шықпайды деп сын көзбен қарады. Мәдениет саласындағы жекелеген коммунистермен пікір алысулар болды, бірақ түбірлі мәселелер көтерілген жоқ. Алматыда ешқандай ұйым болған емес. Ондай құжаттарды көрген емеспін. Ташкентте де ұйым болған жоқ. Бізді ұйым емес пікірлестер тобы деп атаса болады. Ешқандай контрреволюциялық қаулы қабылданған емес”.
12-ші. Совхоз құрлысына көзқарасым туралы. Бұл мәселенің ашық талқыланбағаны анық. Бірақ та өзімнің ойым мынадай. Кеңестік шаруашылықтың көлемі үлкен. Бұрында үлкен аумақты көлемді алып жататын. Ал колхоздардың күйі орташа ғана болатын. Сондықтан да совхозға қарсы ешқандай пікірім жоқ. Мен тіпті Халел Досмұхамедовтың колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлген болатынмын. Турксибтің құрлысына бәріміз де ықыласпен қарадық. Москвада бір тілші: Турксиб құрылысы тұрғындардың жерін азайтпай ма, бос жер бар ма?- деп сұрақ қойды. Мен: Мұның бәрі бос сөз қазақтар көтеріңкі көңілмен жерді игеріп, тау қопарып жатыр деп жауап бердім. Турксиб туралы бұдан басқа айтарым жоқ.
1930 жылғы 6 қыркүйек күнгі Мұхаметжан Тынышбаевтің көрсетіндісінде астыртын ұйымды мойындағандай сыңай танытатын айғақтар кездеседі. Мұны қатты қысым мен зорлықтың нәтижесінде айтты ма, жоқ, тергеушінің өзі қосқаны ма, ол жағы белгісіз. Тергеу жауаптарын айыпкерге де, айыпкер айғаққа тартқан адамға да оқытпай, міне, сен туралы мына көрсетіндіде былай жазылған деп бопсалап жауап алу түрме тергеушілерінің кәнігі тәсілі болаты. Мысалы, Х.Досмұхамедов пен Ә.Ермековке, М.Әуезовке – М.Тынышбаевтің, керісінше М. Тынышбаевқа – Х.Досмұхамедовтің, М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің, Х.Ғаббасовқа – Е.Омаровтың, А.Байтұрсыновқа – М.Жұмабаевтің, М.Әуезовке – Ж.Аймауытовтың, Ж.Аймауытовқа – М.Әузовтің, М.Дулатовқа – М.Есболов тың, Ғ.Бірімжановтың, Х.Болғамбаевтің, К.Жәленовтің, Ә.Бөкейхановқа – Е.Омаровтың, ал осылардың барлығына Д.Әділетің жауаптарын қарсы қойып, өара арандатуға тырысқан. Сондай-ақ, тергеу ісіндегі жауаптар бірыңғай көрінгенімен, олардың көрсетіндісінің арасында өзгелердің аты-жөні кездесіп, түсінік берулерінің себебі, тергеу – сұрақ ретінде жүргізіліп, айыпталушылардың соңынан аңдытып қойған салпаңқұлақ тыңшылардың мәліметіне сүйеніп берілген сұрақтарына қайтарған жауабы тергеушінің ыңғайына орай қағазға түскен. Сондықтан да оны көрсетінді деп қарауға болмайды. Тек ттүрме тарихына қатысты деректерден барынша толық мағлұмат беру үшін және олардың көрсетіндісінде айтылған адамдардың не үшін жауап беріп отырғаны түсінікті болу үшін келтірдік. Мысалы, Х.Досмұхамедов өзінің жауабында М.Тынышбаевтің көрсетуі жалған, мені онымен бетпе-бет кездестірңіз – деп талап етеді. Ал М.Тынышбаев өз жауабында: Халел Досмұхамедовтің колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлгенбіз. Сондықтан оның кеңес құрылысы туралы хабары жоқ болғандықтан да қарсы әрекетке баруы мүмкін емес – дейді. Міне, осы айғақтың тонын аударып, сізді М.Тынышбаев кеңес құрылысына қарсы шықты деп отыр – деп арандатады. Өкініштісі, мұндай бопсаға түсіп қалғандар да бар. Бұған бір мысал. 30-жылғы 6 қыркүйекте тергеушінің М.Тынышбаевқа:”Сіз Ташкенттегі астыртын ұйымға тартылған Күдерин Жұмақаннан, Әуезов Мұхтардан, Қожамқұлов Насырдан, Көшкімбаевтан басқа тағы кімдердің қатысқанын білесіз. Түркістандағы көтеріліс туралы Күдериннен хат алыпсыз ғой. Оспанов Әлімқан садыр мен матайлардың, Алакөл ауданд тұрғындары Қытайға босып жатқанын Сізге хабарлапты ғой” – деп қойған сұрағына М.Тынышбаев: „Ташкентте астыртын ұйымның жұмыс істегенін, оған Күдерин Жұмақанның, Әуезов Мұхтардың, Қожамқұлов Насырдың, Көшкімбаевтің, тағы басқа кімдердің қатысқанын білмеймін. Күдерин маған 30 жылдың ақпан айының басында Алматыға хат жазып, Түркістан ауданындағы көтеріліске қазақтардың, орыстардың, кавказдықтардың қатысқаны туралы хабарлапты. Мен матай мен садырлар тыныш (М.Тынышбаевтің өз ауылы – Т.Ж.), ал Оспанов Әлімхан Алакөл мен Үржар ауданының тұрғындары Қытайға ауып жатыр немесе ауып кеткенін айттыі” – деп сұрақты сөзбе-сөз қайталап жауап қайырады. Ал енді мұны көрсетінді деуге еш келмейді. Сондықтан да Х.Досмұхамеодвтің, Ә.Ермековтің, М.Әуезовтің көрсетіндісінде М.Тынышбаевтің есімінің кездесуіне үрке қарауға болмайды және өзгелерді өзінен неғұрлым алыстата түсу үшін: екеуара қатынасымыз нашар, мені оны жаратпаймын, ол мені жек көреді – деген сияқты екеіұшты пікірлерді оқығанда, бұл адам екінші адамды қорғап отыр деп есептеу керек.
М.Тынышбаевтің 30-жылғы 4 қазандағы жауабының жалпы мазмұны: Соңында қолы қойылмаған бұл көрсетіндінің басында өзінің „Алашордадағы” қызметтеріне шолу жасап келеді де, А.Байтұрсынов пен М.Дулатов ұсталғаннан кейін ұйымның жұмысын Алматыда Ермеков, Досмұхамедов Халел, Тынышбаев, Досмұхамедов Жаһанша, Ташкентте Қашқынбаев Иса, Әуезов Мұхтар, Қожамқұлов жалғастырды. Ташкенттегілерге Сырдария округіндегі Кенесарин Әзімхан (Шымкент), Мұсаев, Шингалин, Қоңырқожаев (?), Әулие-Атадан Байсейітов Әзиз, Түркістаннан Өтегенов Садық мүше ретінде қосылды. Қазақ-монғол тарихы туралы еңбегімде қазақтың шығу тегі жөніндегі пікірлерімді алашордашыл-ұлтшыл көзқараспен жаздым, кітаптың таралуына жол бермес деген күдікпен оның көшірмесін өзімде сақтап қалдым.- - деген пікір білдіреді. Зады, баспадан шығып, таратуға тиым салынған, бірен-саран данасы бізге жеткен тарихи шежіренің кейінгі өңделген, толықтырылған нұсқасының жағдайы қатты алаңдатса керек. Өкінішке орай, толықтырылған нұсқа із-түзсіз жоғалып кетті.
ДОСМҰХАМЕДОВ ЖАҺАНША
1 том. 990 бет.
ҚОРЫТЫНДЫ
17 тамыз 1935 жыл. Воронеж.
Мен,УВД УНКВД-нің 1 бөлімінің Воронеж облысы бойынша бастығы Булатов жер аударылып келген 1887 жылы туған, бай семьядан шыққан, Досмұхамедов Жаһаншаның үстінен қозғалған №3400 жеке істі қарап шықтым. Ол:
1) 21-жылғы дейін астыртын контрреволюциялық ұйымға қатысқан және ұйым бағдарламасын жасап, оған жаңа мүше тартқаны үшін;
2) Ұлтшыл ұйымның жетекшісі ретінде басмашылардың бастығымен байланыс жасағаны жән 27-жылы Әділев басқарған бандыларға қолдау көрсеткені үшін;
3) 28 жылы Қазақстандағы жер саясатын бұрмалауға белсенді түрде қатысып, шарушылығы тәргіге ұшыраған байларды қолдағаны үшін
яғни, ПП ОГПУ-дің қаулысымен РСФСР-дің ҚК-нің 58-10-11, 53 баптары бойынша Қазақстанда 20.ІҮ.-32 жылы түрмеге қамалған.
Көрсетілген қылмыстары бойынша 5 жылға концлагерге жер аударылған, 30-жылдың 31 қазанынан бастап есептелетін концлагердегі кесімді мерзімі аяқталды, бірақта Қазақстанға қайтқысы келмейді. Мәскеуде жұмыс істейтін бауыры Макешевтің қасына орналасқысы келеді. Жаһанша Досмұхамедовтің жер аударылуға кесілген мерзімінің 35-жылы 31 қазанда аяқталатынын және осы уақыттың ішінде ешқандай қылмыстық әрекетінің байқалмағанын ескере отырып, мерзімі біткеннен кейін Жаһанша Досмұхамедовтің ссылкадан басатылатынын хабарлаймын”.
Воронеждік тергеушінің мәліметіне қарағанда алаш азаматтарының үстінен қозғалған қылмысты істің мазмұны мүлдем өзгеріп, Ж.Досмұхамедов „басмашылардың бастығымен байланыс жасап”, „бандының бастығы Әділевтің өзін” қолдаған болып шыға келген. Ал тергеу істерінде Ж.Досмұхамедовтің жауаптарында Д.Әділевпен мүлдем қатысы жоқтығы көрсетілген.
Тергеу ісі Мәскеуге жөнелтілгенннен кейінгі 1932 жылғы 27 ақпандағы қорытынды Қаулы:
„Мен, ОО ОГПУ-дің 4 бөлімінің бастығының көмекшісі Балминский (Балшинский-?-Т.Ж.) 58-7,58-11, 59-3 баптар бойынша Ә.Ермеков бастатқан, барлығы 20 адамның №121027 тергеу ісін қарап шығып Қаулы қабылдадым:
1.Конрреволюциялық әрекеттер жасады дае айыпқа тартылғандардың тергеу ісіндегі айғақтардың барлығы да 18-20 жылдардың арасын қамтиды.
2. Соңғы жылдарғақатысты жүргізілген тергеуісіндегі айғақтар айыпталушылардың ұлтшыл көзқарасын ғана білдіреді.
3. Түрікшілдердің бандысына қатысты ұйымдастыру-жетекшілік әрекеттері мүлдем көрсетілмеген.
Баяндалған жайды негізге ала отырып: істі ОГПУ-дің Қазақстандағы бөліміне қайтаруды және істі қайтадан тергеуге жіберіп, тиісті шаралар жүргізу туралы шешім қабылдадым.
ОГПУ-дің 4 бөлімінің бастығы (қолы)
Бекітемін. ОГПУ-дің бастығының орынбасары (Кряхов).
Бұл қаулыға қоса Халық комиссарлар кеңесінің жанындағы Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың атынан мынадай ілеспе бұйрығы жолданған:
„КПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілі жол. Каруцкийге. Алматы.
Ермеков және басқалардың контрреволюциялық әрекеттері туралы (Мәскеуден – Т.Ж.) қайтарылған істі қадағалап тексергенде мыналар анықталды:
1. Конрреволюциялық әрекеттер жасады деп айыпқа тартылғандардың тергеу ісіндегі айғақтардың барлығы да 18-20 жылдардың арасын қамтиды.
2. Соңғы жылдарға қатысты жүргізілген тергеуісіндегі айғақтар ары дегенде айыпталушылардың өзарасында айтылатын ұлтшыл көзқарасын ғана білдіреді.
3. Айыпталушылардың түрікшілдік қозғалысты ұйымдастырудағы және жетекшілік етудегі әрекеттері мүлдем дәлелденбеген.
Сондықтан да іске тартылған айыпталушылар түрмеден босатылсын, оларды қылмысты іс бойынша тергеу тоқтатылсын. Босатылғандар тыңшылық қызметке тартылсын. Босатылғандардың соңына тыңшы қойылып, жасалған жоспар бойынша олардың ұлтшыл-контрреволюциялық әрекеттеріне баса көңіл бөлініп, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып бақылау астына алынсын.
ОО ОГПУ-дің бастығының орынбасары (Дьяков).
ОО-нің 4 бөлімі бастығының көмекшісі (Паволицкий)”.
Алаш ардагерлерінің тағдыры қандай тезден, қандай қолдан өткенін, 1928 жылдың қазан айынан басталып 1932 жылдың сәуір айында аяқталған „қылмыстық істің” барлық болмысын көрсету аңғарту мақсатында бір-бірін қайталайтындай көрінетін, бірақ әр қайсысының „өзіндік орыны бар” құжаттарды қауым назарына ұсынуды жөн көрдік. 3 томның 205 бетінде тергеу ісі материалдарының Мәскеуден қайтарылғаны туралы:
„ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкіліне. Алматы қаласы.
Ермеков Әлімханды, Досмұхамедов Жаһаншаны, Домұхамедов Халелді, Күдерин Жұмақанды, Қожамқұлов Наширды, Ақбаев Әбділхамитты, Ақбаев Жақыпты, Әуезов Мұхтарды, Қадырбаев Сейазымды, Сүлейменов Біләлды, Тынышбаев Мұқаметжанды, Мурзин Мұхтарды, Бұралқиев Мұстафаны, Кемеңгеров Қошмұхамедті, Ысқақов Даниалды, Мұңайтбасов Әбдірахманды, Тілеулин Жұмағалиды, Үмбетбаев Алдабергенді, Омаров Уәлиханды жауапқа тартқан №2107 істі ОГПУ-дің коллегиясының 32 жылғы 3 наурыз күнгі қаулысына сәйкес қосымша тергеуге жіберіп отырмын.
Қосымша: 5 томнан тұратын тергеу ісі. 32-жылғы 2 наурыз күнгі ОГПУ-дің қатынасы.
ОГПУ-дің бастығының көмекшісі (Звукин)
2 бөлімнің бастығының көмекшісі (Минускин-?)” – деген қатынас бар.
20 сәуір. 32 жыл. ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілетті өкілдерінің №11 отырысының қаулысы.
1. №2370 іс бойынша Тынышбаев Мұхаметжан, Досмұхамедов Халел, Досмұхамедов Жаһанша ҚК-нің 58-10,58-7,58-11,59-03 баптары бойынша, Үмбетбаев Алдаберген ҚК 59-07, 11 баптары бойынша, Мурзин Мұхтар 59-7,11 баптары бойынша, Мұңайтбасов Әбдірахман 58-4,58-7,11 баптар бойынша, Кемеңгеров Қошмұхамед, Бұралқиев Мұстафа 58-10,11 баптар бойынша, Күдерин Жұмақан, Қожамқұлов Әшім 58-11 бабы бойынша, Ақбаев Әбілхамит 58-11,59-з ьартары бойынша, Ақбаев Жақып 58-10,59-3 баптары, Қадырбаев Сеиазым 58-7,11, 59-3, Омаров Әшім 58-7,10,11 бап, Тілеулин Жұмағали 58-2, Ермеков Әлімхан, Әуезов Мұхтар 58-7,10,11 баптар бойынша, Омаров Уәлихан, Сүлеев Біләл 58-11, Ысқақов Даниял 58-10,11 баптары бойынша айыптары тыңдалып, Қаулы етілді:
Тынышбаев Мұхаметжан, Досмұхамедов Халел, Досмұхамедов Жаһанша, Үмбетбаев Алдаберген, Мурзин Мұхтар, Мұңайтбасов Әбдірахман, Кемеңгеров Қошмұхамед, Бұралқиев Мұстафа, Күдерин Жұмақан, Қожамқұлов Әшім, Ақбаев Әбілхамит, Ақбаев Жақып, Қадырбаев Сеиазы, Омаров Әшім, Тілеулин Жұмағали 5 жылға кесіліп, коцлагерьге жэіберілсін. Мерзімдері: Тынышбаевтің мерзімі 30-жылдың 3 тамызынан,Досмағамбетов Халелдің, Мурзин Мұхтардың, Ақбаев А.,Ақбаев Ж., Қадырбаев С.,Омаров Ә. мерзімдері 30-жылдың 14 қыркүйегінен, Досмұхамедов Жаһаншаның мерзімі 31 жылдың 31 қазанынан, Үмбетбаев А. Мерзімі 31-жылдың 3 шілдесінен, Мұңайтбасов А. 31-жжылдың 23 сәуірінен, Кемеңгеров Қ., Бұралқиев М., Күдерин Ж., Қожамқұлов А. мерзімі 30 жылдың 7 қазанынан, Тілеулин Ж. мерзімі 30 жылдың 2 тамызынан бастап есептелсін. Ермеков Әлімхан мен Әуезов Мұхтар 30 жылдың 8 қазанынан бастап 3 жыл бас бостандығынан айырылсын. Е;рмеков пен Әуезовке шартты кесім берілсін. Омаров Уәлихан, Сүлеев Біләл, Ысқақов Даниял түрмеден босатылсын. (Қолы). «Бақылауға алынсын» - деген тағы бір қол бар.
1 том, 457 бет. Қамауға алынғандардың тергеу мерзімін ұзарту туралы. 20 қараша, 1930 жыл. Алматы.
ПП ОГПУ-дің ерекше бөлімінің 1-бөлімшесінің бастығы:
Тергеу жүргіз ісі туралы УПК-нің 116 бабына сәйкес №2370 іс бойынша УК-тің 58-7,58-11,59-3 баптарымен қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымын құрғаны үшін азаматтар: 1. Тынышбаев Мұхаметжанның, 2.Мурзин Мұхтардың, 3.Мырзабаев Рамазанның, 4.Ақбаев Әбілхамиттың, 5.Ақбаев Мұраттың, 6.Омаров Әшімнің, 7. Қадырбаев Сейтазымның, 8. Омаров Ғаббастың, 9. Сұлтанқұлов Атбасардың,10. Ыбыраев Абылдың, 11.Сырттанов Дәрібектің, 12. Токин Хамиттың, 13.Досмұхамедов Халелдің, 14. Мұсаев Шынәлидің, 15. Ақаев Серікбайдың, 16. Ахметов Ілиястың, 17. Ермеков Әлімханның, 18.Қожамқұлов Наширдың, 19.Күдерин Жұмақанның, 20. Қадырбаев Қалмақанның, 21. Ақбаев Жақыптың, 22. Қашқынбаев Исаның, 23. Мамырбердин Алдабектің, 24.Бұралқиев Мұстафаның, 25. Досмұхамедов Жаһаншаның, 26. Әуезов Мұхтардың, 27. Сүлеев Біләлдің, 28. Кемеңгеров Қошмұхамедтің, 29. Кенесарин Әзімханның, 30. Өтегенов Садықтың үстінен қозғалған істі мерзімінде аяқтаудың мүмкін еместігіне және куәларды шақырып, барлық оқиғаны анықтау керектігіне байланысты Қаулы етемін:
№2370 іс бойынша жоғарыдағы жауапқа тартылғандарды тергеу түрмесінде ұстауды 1932 жылдың бірінші қаңтарына дейін созу туралы СССР ИКОМ-на ұсыныс жасалсын. Тәртіп сақтау орындарындағы тергеудің жүргізілуін бақылайтын прокурорға хабарланды.
ОО ерекше бөлімінің бастығы - (Попов)
Келісілді - ОО бастығының орынбасары - Волохов).
Бекітілді - тергеу бөлімінің бастығ - (Пирогов).
БИТІЛЕУОВ ДАМОЛЛА
23 қаңтар, 29 жыл.
„Мен Ғазымбек Бірімжановтың „Алашордадағы” іс-әрекетін аайта алмаймын, ол кезде мен Бірімижановты білмейтінмін. Онымен Ташкентте ғана таныстым. Біз ол кезде (алаш жасағында жүргенде Т.Ж.) Ор мен Торғай арасында жортуылдап жүретінбіз. „Алашорданың” қатарында Бірімжанов болған жоқ (Бұдан кейін Д.Әділов пен Х.Болғамбаевтің айғақтарында көрсетілген жайларды: „Алдашорда” әскерінде болғандығын, Бұқараға барғанда Әділев пен Болғамбаевтің Ариповке жолыққанын, содан кейін Болғамбаевтің ауырып бір түрік (?) докторына емделгенін, одан Ташкентке келгенін айтады).
Ахметсафа Юсуповты мен білемін. Ұйымға мүше шығар деп ойлаймын. Дулатов, Юсупов, Бірімжанов үшеуі бірге Түрксибтің жатахқанасында тұрды, бірге қызмет істеді, бірге жүрді. Жиналыста мен оны көргемін жоқ. Мені Дулатов қатты ұстады.
Сұрақ: Олардың Жарғысының мазмұнын білесің бе?
Жауап: Менің есте ұстау қабілетім нашар, сол үшін де осында отыр емеспін бе. Орысша да сауатсызбын. Ал олар орыс тілінде сөйлесті. Жарғыларында ұйымға мүше болу үшін өте беделді қайраткерден кепілдік алу қажеттігі көрсетілген сияқты. Мысалы мені ұсынған жоқ. Ал Досмұхамедов пен Дулатовұсынылды. Олар енді ғана жұмысты бастап, адам тарта бастады ғой деймін. Оларда тәртіп қатаң сақталатын.
Мен Бұқараға өз қаражатыммен бардым.Болғамбаев Халық ағарту комиссариятының іссапарымен барды. Келген соң наркомға кірді”-дейді.
Алаш жасағының қатардағы әскері Д.Битілеуовтің жауаптары осындай мазмұнда жалғаса береді. Өзінн тым қарапайым етіп көрсету арқылы тергеуден құтылуды ойластыруы да мүмкін. Әйтпесе, соншама келейсіз адамды Дулатовтардың жақын тартып, тапсырма беруі неғайбыл.
ӘЛИХАНОВ
3 қазан, 1930 жыл. Жауап алған Волохов.
„...1926 жылы Қызылордаға барғанда Ермековке болдым. Онда маған Ермеков: Бөкейхановты Жер жөніндегі Халық комиссариятына жұмысқа шақыру жоспары жүзеге аасуға жақын. Қалыптасқан саяси жағдай қиын, сондықтан да тәжірибелі мамандардың барлығы Түркістанға кетті. Семейдегі Ғаббасовты Қызылордаға шақыру керек. – деді. Профессор Швецов Ермековтің үйінде тұрды ғой деймін. Аз уақыттан соң Ермеков Семейдегі Ғаббасовты шұғыл түрде тәжірибелі маман есебінде Мемелекеттік жоспарлау бөліміне қызметке келуге шақырған хат жолдады. Ал Ермековтің өзі барлық кредиттік жүйелер тоғысқан Қазақ ауыл шаруашылығы банкісіне ауысып, Қазақстанның кредиттік жүйесіне әсер етпек болды. Ермеков дегеніне жетіп, банкке белсенді ықпал жасады. Оны Ақмоланың ауыл шаруашылығы банкісіне Қозыбағаровты тағайындап, Петропавловскіге бару үшін жол ақысына 500 сом бөлдіруінен байқау қиын емес. Ақмола партия комитеті қарсылық білдіріп, ойлары жүзеге аспай қалды.
2). Қозыбағаров кооперативке байланысты істі болған. Семейден Ақмоладағы Ауыл шаруашылығы банкісіне Жанғазинді ауыстырды. Жанғазинді бай тұқымынан болса да барынша қолдау көрсетті. Біраз уақыттан соң Ермеков Ташкентке жоғары оқу орнына оқытушылыққа ауысты. 27-жылдың шілдесінде Ермековті мен таба алмиадым. Қызылордаға келген Ғаббасов Ермековтің Ташкентке көшкенін айтты. Қызылордаға келгенде маған: қазақ жастарының сауатын ашу үшін түпкілікті орналасуға бекінгенін айтты. Ермеков Семейден келген байлардың балаларын тартты. 28-жылы ол Алматыға – ҚазГУ-ге ауысты. Мен 1929 жылдың шілде айында Алматыға ауыстым Оны 29-жылдың қазан айында қызым баспамен ауырып жатқанда көрдім. Қызымның ауңырып жатқанын біліп, көңілін сұрауға келіпті. Сдан кейін мен оны қаңтар, ақпан айларында көрдім. Қарқаралы округінен шақыру келіпті: онда тәргілу басталыпты, бұл бейбастық. Тәргілеуге ұшыраған туыстарыма көмектесемін. Тәргілеу – ауылдағы қараңғы қазақтарды уәдемен тойдырудан басқа ештеңе емес, бұған келісуге болмайды. Қаншама адам зардап шегеді – дегенді айтты. Содан кейін өлкелік сьезде институт профессоры ...ковичтің (аты нақты танылмады) жасаған баяндамасын өте салмақсыз деп сынады...”.
Ә.Ермековтің өзі көрсеткендей, Әлиханов шынында да барлық айғақпен Ермековті жазғыруға ұмтылған. Бұдан кейінгі 3 қазан күнгі жаубы да сол мазмұндас. Ол бұдан әрі былай жалғастырады:
„... Мұратбековті бұрыннан білемін. Ол Өскеменнің найманы болатын. 1922 жылы ГПУ-інің рұқсатымен Семейге келді, соңынан қайтадан Қытайға қашып кетті. Омарбеков туралы Мамырбаевтің қасында, не басқа бір жерде айтқан болуым керек.Маусым айының ортасында бейтаныс адам қой шаруашылығы мекемесін сұрады. Пролетар көшесіндегі кеңсені көрсеттім. Ол Жұманов пен Әлібековке жолығамын деді. Шумаков – дәріхана басқармасында, Әлібеков – Мәскеуде екенін айттым. Ол қытайдағы Мұратбеков хат жазып, шақырып жатыр. Соған ГПУ-ден рұқсат алуға көмектесуге іздедім- деді. Мен бұл туралы Мамырбаев Төлеген мен Марсековке айттым. Мамырбаев мұны білетін сиқты көрінді. Мамырбаевтің қандайда бір хат немесе хабар алғанын білмеймін. Мұратбековтің ұлы Жиһанша Қызылордада тұрады. Оның әкесімен кездескісі келетін болуы мүмкін. Ермеков: Мұратбековтің Тарбағатай аймағындағы қазақтардың қозғалысынан жақсы мағлұмдар екенін білемін, кеңес беруге дайынмын. Бірақ қытайға хат жаза алмайсың.Ол Еуропа емес. Исаев Голощекиннің оң қолы. Мал шаруашылығының нгашарлауы соның мойныда. Исаевтің ең оңды ісі – Қазакқстанда азық-түліктің еркін сатылуын қамтамасыз етуі – деген сияқты пікір білдірді.
Алматыда нағашысы Наурызбаев Әшім деген болды. Ол Смағұловтың үйіне тоқтайтын. Менімен кездескенде Күдері тәтесінің тәргіленгенін айтты. Хакімжан Мамырбаевқа Алматыға көшіп келіп, өз қарауында қызмет істеуге кшақырды. Ермековтің ҚазГУ-дегі ағарту саласындағы әрекетіне келетін болсақ, ол шәкірттердің алдына бедел жинауға барын салатын, сөзге өте ықтиятты дайындалып, өзінің ойын нәзік әрі емеуірінмен сөйлейтін.
Ермеков орыс интнлигенциясымен бәсекелес болатын. ҚазГУ-де ол өзінің қызметкерлерін қорғаштаумен болды. Ол өзінің әйеліне: сендерді қалай жақтырмаймын десеңші – деп айтып отыратын. Ермековтің өзінің айтуынша ол ректор Аспендияровпен өте жақсы болатын. Мен өзім ешқашанда қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымына кірген емеспін. Өзім Ермековтің ықпалына түскен емеспін. Ұйым мүшелері маған белгілі емес..”.
ҚАШҚЫНБАЕВ ИСА
АЛҒЫСӨЗ
Қасиетті қазақ топырағыныщзх
ыл-ой тамырын отап, тектік ұйытқысын ірітіп, ұлттық тағдырының ұясын бұзған, қатігез жазалау науқанының алғашқы тергеу ісі 1927 жылы желтоқсанда басталып, үкім алпыс жылдан кейін күшін жойды. Түрме – құпия мекеме, түрмеге түскендердің тергеу хаттамасы мен жаза үкімі сақталған құжаттар құпияның құпиясы. Саяси қылмыскерлерге қатысты, оның ішінде КССРО-ның мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеулеріне екінің бірінің қолы жете бермейтіні анық. Тіпті тєуелсіздік тұсында да ол деректер жалпыѓа жария етілмейді. Бұл кез-келген мемлекеттегі қауіпсіздік мекемесіне тән заңдылық. Сондықтан да “Алаш ісіне” қатысты құжаттарды кітаптың құрылымы мен тартымды оқылуына нұқсан келтіретіндігін сезіне отырып, тергеу барысындағы санкциялар мен хаттамаларды, сұрақ-жауаптар мен қосымша деректерді, жеке адамдардан тәркіленген хаттар мен олардың үстінен жазылған “домалақ арыздарды”, жауапқа тартылушылардың түрме ішінде өзара жазысқан хаттарын толық
елтіруді жөн көрдік.
Әрине, олардың барлығы, әсіресе айыпау үкімдері мен жекелеген адамдардың жауаптары нақты өмірлік шындыққа сәйкес келе бермейтіні түсінікті, өйткені тергеу жұмысы жауапқа тартылғандарға қалайда саяси айып тағып, оларды қылмысты етіп көрсетуге бағытталса, айыпталушылар қалайда бір-біріне зиянын тигізбей, араша түсу мақсатын ұстанған. Сондықтан да тергеу ісінде бір-біріне қарама-қайшы жауаптар да кездеседі. Мысалы, қазақ ұлтының көсемі Ахаң – Ахмет Байтұрсынов: Мағжан ақын. Ал менің ақындарда жұмысым жоқ. Рысқұлов қызыл комиссар. Сондықтан да ол мені жақтырмайды. Ал Қожанов мені Рысқұловпен жақсы деп ойлайды. Екеуі де мені кеңес өкіметінің жауы деп есептейді. Мен де оларға жоламаймын – деп жауап берген. Бұған қарап бұл үш тұлғаны өзара жау етіп көрсеткен және оны дәлелдеуге тырысқан ұшқары жарияланымдардың жарық көруі өкінішті, ұлтымыздың ұйытқысы үшін мұның кесірінен басқа пайдасы жоқ, күмәнсізге күдік қана тудырады. Шындығына келсек, патша өкіметі мен кеңестік тергеушілердің арандату тәсілін әбден меңгерген Ахаң – Ахмет Байтұрсынов осы жауабы арқылы Рысұлловты да, Қожановты да қылмысты іске тартылудан аулақтатып, қорғап отыр және солай болды да.
Осындай „түсініксіздіктерге” қарамастан сұрақ-жауаптарды жарияланымға ұсынуымыздың басты себебі: онда өмірі түрме мен аңдудың арасында өткен арыстарымыздың азапты ғұмыры туралы қолға түсе бермейтін мәліметтер, олардың өмір жолы мен көзқарастарынан хабардар ететін деректер кездеседі. Сондай-ақ кеңестік қысым тұсындағы жазалау саясатының ішкі құрылымынан да мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Мұныњ барлығы алаш арыстарының өмірімен ғана емес, сол бір зауалды заманға тарихи тұрғыдан баға бергісі келген немес оқып, білгісі келген зиялы қауым үшін де түпнұсқалық қызмет атқаратынын, кеңітіп пікір қорытуға да мүмкіндік жасайтындығын ескердік. Әр жауаптың ақиқатын өмірлік дерекпен салыстыра отырып анықтау - осы іске тартылған арыстардың өмірін жеке-жеке зерттеу арқылы жүзеге асатын, дара-дара зерделеу мен уақытты қажет ететін шара. Сондықтан да біз тергеудің барысынан жалпылама мағлұмат беріп, таныстыру мақсатында әр құжатқа қысқаша ғана түсініктеме берумен шектелдік. Ескерте кетеріміз, бұл мәліметтерді пайдаланғанда авторға міндетті түрде сілтеме жасау – ғылыми әдептіліктің ғана нышаны болып табылмайды, сонымен қатар сіздің сүйенген дерегіңіздің дәйектілігіне де кепілдік береді. Бұл авторлық құқықоты жанкешітілікпен қорғау емес, керісінше көпшіліктің пайдалануына еркіндік беру деп есептейміз. Өйткені: бұл мағлұматтар “өте құпия” деген белгімен таңбаланып, ұлттық қауіпсіздік комитетінің ерекше мұрағатында сақталған, ашық танысып, жариялануға рұқсат етілмеген. Сондықтан да авторға сілтеме жасау арқылы ғана пікіріңіздің дәйектілігіне сендіре алатындығыңызды ескерту.
Тергеу ісімен танысудың қысқаша тарихы мынадай: 1987 жылы 13 қаңтар күні Қазақстан жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов: 1). Желтоқсан оқиғасына байланысты ұсталған және қысым көріп жатқан студенттер мен жастарды қорғау мақсатында.2). Репрессияға ұшыраған жазушылардың мұраларын ақтау бағытында.3). Басылымға тиым салынған шығармаларды қайта жариялаудың мүмкіндігін қарастыру барысында Праволық комиссия құруды тапсырды. Ақпан айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сол кездегі орынбасары генерал-майор Әбдірахманов бастатқан 7 полковник жазушылар одағына келіп, осы үш мәселе төңірегінде мағлұматтар берді.
1988 жылы қаңтарда Қазақстан жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлйменовтың сұрау салуы бойынша Қазақ ССР-нің бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов „Алашорда” қайраткерлерінің үстінен жүргізілген тергеудің заңсыз жүргiзiлгенiне наразылық бiлдiрiп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына ұсыныс жасады. 1988 жылы 4 қарашада Жоғарғы соттың қылмысты iстер жөнiндегi коллегиялық мәжiлiсiнде «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату маұқсатында ұйымдасқан „Алашорда” қайраткерлерінің контр-революциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне» қатысты сот үкімі қайта қаралды. Оған Қазақ ССР Жоғары сотының төрағасы Т.К.Аймұхамбетов, Жоғарғы соттың мүшелерi К.Т.Кенжебаев, Е.Л.Грабарник және Қазақ ССР прокуроры Ғ.Б.Елемесов қатысты. Жиыны 14 томдық тергеу iсiнiң егжей-тегжейiн зерделей тексерiп, барлық куәлардың шағымдарымен танысып, тергеу тарапынан өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтардың жол берiлгенiн анықтады. Жазушы Т.Жұртбайдың әдеби сарашылығымен жасалған қорытынды да олардың шығармаларында кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізілмегені расталды. Қазақ ССР қылмыс және праволық Кодекстiң 375 статьясын жетекшiлiкке ала отырып, төмендегiдей шешiм шығарды:
„Шешiм: СССР Халық Комиссарлар Советiнiң жанындағы ОГПУ-дің (Төтенше Мемлекеттік Саяси басқармасының – автор) ІҮ коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мир-Якуб, Аймауытов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әдiлов Дiнмұхамед, Бiрiмжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Софы, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла, Болғанбаев Хайреддин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм т.б жөнiндегi қаулысының күшi жойылсын, олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын.
Қазақ ССР прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын.
Қазақ ССР-нiң Жоғары соты - Т.К.Аймұхамбетов.
Коллегия мүшелерi – Е. Л. Грабарник, К.Т.Кенжебаев».
Осы шешімнің негізінде Жоғары соттың мүшесі Қазықан Кенжебаев Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбиннің атына “Алаш” қайраткерлерін ақтау туралы қорытынды ұсыныстың мәтінін даярлады. Қазақстан Орталық комитетінің иедеология жөніндегі хатшысы Ө.Жәнібековтің араласуымен Ғылым академиясында арнайы комиссия құрылды, сол комиссияның шешімі бойынша Алаш қайраткерлерін саяси және шығармашылық тұрғыдан ақтау туралы арнайы қаулы шықты. 1989 жылы сәуір айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивіне рұқсат берілді. 1991-1992 жєне 1997 жылдары құпия архивтегі тергеу ісімен тиянақты түрде танысуға мүмкіндік алды. Деректердің біразы толық, біразының үзінділері ғана тиісті түсініктемелермен жарияланды. Алайда өмірі мен қайраткерлігі беймәлім арыстардың түрмедегі жауаптары мен хаттамаларындағы кейбір көрсетінділер мен айыптаулар ел арасындағы қатардағы оқырмадарға түсінбестік тудырмас үшін 15 жылдан бері жабық сақтауға мәжбүрлік етті. Қазір олардың өмірі мен қызметтері, жазған еңбектері туралы зерттеулер жарияланып, жалпы қауымның тарихи және өмірлік шындықты, жалған айыптаулар мен жаланы ажырата алатындай мүмкіндігі туған сәтте оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Жиынтығы 14 томнан тұратын әрқайсысы бір-бірімен сабақтас 3 тергеу ісінің сұрақ-жауап құжаттары сот хаттамасындағы тіркелген реті бойынша берілді. Сол арқылы тергеу ісі қашан және қалай басталды, кімге қандай айып тағылып, қай күні ұсталды, сұрақ-жауаптар қалай жүргізілді және 72 адамның (бір адам қашып кетіп, мерт болған) айыбы бір-бірімен қалай байланыстырылды, тергеу барысында кім өзін-өзі қалай ұстады немесе алдыңғы жауаптарына қарама-қайшы қандай көрсетінді жасады, қандай арандатулар мен қысым жүргізілді, жалған үкім қалай шығарылды – деген сияқты көптеген ашық та астарлы шетін сұрақтарға жауап беруді, жазалау саясатына негізделген кеңестік сот жүйесінің ішкі құрылымымен таныстыра отырып сот барысын толық ашуды мақсат етіп ұстандық. Тағылған айыптардың жалғандығы, тергеу барысы мен шығарылған үкімнің заңсыздығы туралы пайымдауларға Қазақ ССР Жоғары сотының 1988 жылғы 4 қарашадағы шешімі басты негіз етіп алынды.
Өкiнiшке орай, ақиқаттың ақ жолы соншама тауқыметке толы болды.
Осы алпыс жылдың iшiнде олардың шаңырағы ортасына түсiп, ошағының оты өшiп тынды. Барлығының әйелдерi азапты жылдардың тауқыметiне төзе алмай – жүйке дертiне, сал ауруына, өкпе құртына, көк жөтелге ұшырап, қудалаудың құрбандығына айналды. Басым көпшілігінің соңынан ұрпақ қалмады.
Ең үлкен қиянат та осы.
Сонымен тергеуі қашан басталды және қалай аяқталды? Жазаға тартылғандар кімдер еді? Олардың қылмыстары қандай? Мұның бәрі де орынды сауал. Ал оған бір сөзбен, бір тергеудің дерегіне сүйеніп, толық жауап бере алмайсың. Қысқа қайырып, тұтамдай тұжырғанның өзінде де, әлқиссаны әріден бастауға тура келеді.
БАЛАЛАРҒА ЖҰҚҚАНЫ
4 августа Ақмоладан Омбыға гимназияға кіруге Шу бойындағы тамадан Дінмұхамет Әділов деген 11 жасар бала келді. Ақмоладағы городской школада 2—3 жылдан бері оқып жүр екен. Оқуға ыждаһатты һәм зерек болған соң, көрген адамдар қызығып, учительдері де гимназияға еркін кіруіне көздері жеткендей Омбыға баруға маслихат беріп жіберіп еді, 7 августа бала емтихан ұстауға гимназияға келсе, гимназия директоры Ку-рочкин, қолында ұстаған бір қағаз бар, балаға суық назарымен қарап «Мен пара алып бала қабыл етпеймін, емтихан ұстауға да жібермеймін, жүре бер...» деп баланы шығарып жібереді. Бала бұл сөздін, мәнісіне түсінбей сұраса директор қолындағы қағазды көрсетеді. Қағаз — әлгі баланың ағасы болып директордың атына жазылған хат екен. Конверттің сыртындағы мөрге қа-рағанда почтаға Омбыдан салған, ішіндегі сөзі мынау: «Құрметті директор Курочкин! Менің інімді гимназияға алыңыз, алсаңыз жақсы нәрсе сыйлаймын, алмасаңыз түк бермеймін, сен жаман кісісің».
Директор бұл хатты жазған баланық ағасы деп шамданып, баланы емтиханға жібермеген себебі сол. Баланың елі Омбыдан 1500 шақырым, Омбыда жақыны да, танысы да жоқ, өзі бір жолаушы орысқа еріп келген. Мұның бәрі директорға айтылған. «Басқа біреу хатты нендей ниетпен болса да бұл хатты жазған шығар, бірақ баланың жазығы жоқ» деген сөзді директор керек қылмаған. Сөйтіп бала Омбының көшесінде жылап қалған.
15 августа Ақмоладаң Омбыға келсем, әлгі баланы көремін. Школдардың бәрінде де емтихандар өткен. Қайтайын десе ел алыс. Сүрастырып қарасақ, бұл баланың келуінен бірнеше күн бұрын Ақмоладан оқуға екі ересек бала келген. Әділовты Омбыда бұл екеуінен басқа ешкім білмейді. Оның үстіне директорға жазған хаттың жазуы бүлардың бірінің қолына ұқсайды, қисыны солардың біріне келетін болған соң оқудағы бір-екі жігітті ертіп Ақмоланың екі баласына бардым. Хаттың жазуы м,ен балалардың жазуын салыстырып қарасак, біреуінің жазуына дәл келеді. Сол арада көп сөзге келмей, қолынан құтыла алмасын біліп мойнына алды. Бүл Ақмола уезінде қазақтың белгілі — «жақсы кісінің» бірі Мұстафиннің баласы Ташмұхамбет. 17-18-дегі жап-жас бала жамандыққа ерте үйір болып, жазықсыз жас талапкердің жолын бөгеп күйе жаққаны. Бұл неден? Әлде үйренген үлгісі. Қазақ бірінің үстінен бір домалақ қағаз берсе, қулық-сұмдықпен бірін-бірі ақсатса, өнерлі жігіт атанады, ондай іс қазақ назарында үят емес, мақтан...
Интернатта оқып жүр. Талай қазақ баласы Жана өспірім, көкөрім, Бейне колдың саласы. «Балам закон білді» дел, Қуанар ата-анасы. Ойында жоқ олардың Шариғатқа шаласы. Орыс тілі, жазуы — Білсем деген таласы. Прошение жазуға Тырысар келсе шамасы. Ынсапсызға не керек Істін ақ пен карасы. Нан тапнаймыз демейді, Бүлінсе елдін арасы. Ыждаһатсыз, михнатсыз Табылмас ғылым сарасы. Аз білгенін көпсінсе, Көп қазаққа епсінсе, Кімге тиер пайдасы? Ормс теріс айтпайды, Жаман бол деп оларды. Қаны бұзық өзі ойлар Қу менен сұм боларды. Орысқа қалар жаласы, Бұл іске кім виноват? Я Семейдік қаласы.
Я казақтың даласы? Ойында жоқ бірінін Салтыков пен Толстой Я тілмаш, я адвокат Болсам деген бәрінде ой, Көңлінде жоқ санасы...
Ибраһим Құнанбайұлы.
Болар іс болды деп қоймай, биылдан соң болса да Дінмұхамет Әділовке гимназияға кіруіне тоқтату болмасын, нақақ жаладан айрылсын деп, Мұстафа баласын директорға апарып, айыбын мойнына алдырып, ана баланың тазалығына сендіруге сөз байланды. Дінмұхамет Әділов гимназияға келер жылы кіруге Омбыда қалды.
Міне, қырдағы бәленін, дауы мен жаланың балаларға да жұққаны.
м. д.
«Қазақ», 1913 ж. №28.
Достарыңызбен бөлісу: |