Мазмұны жалпы бөлім 1-бөлiм. Негiзгi ережелер


-бап. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау



бет4/42
Дата14.06.2016
өлшемі2.57 Mb.
#135967
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

12-бап. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау

1. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғауға құқығы бар.

2. Ешкiмге өзiнiң келiсiмiнсiз ол үшiн заңмен көзделген соттылығы өзгертiле алмайды.

3. Мемлекет заңда белгiленген жағдайлар мен тәртiпте әр адамға сот әдiлдiгiне қол жеткізуін және келтiрiлген залалдың өтелуiн қамтамасыз етедi.


13-бап. Жеке адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеу

1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық процеске қатысушы адамның абыройын түсiретiн немесе қадiр-қасиетiн кемiтетiн шешiмдер мен iс-әрекеттерге тыйым салынады, адамның жеке өмiрi туралы мәлiметтердi, сонымен бiрдей осы Кодексте көзделмеген мақсаттар үшiн адам құпия сақтау қажет деп санайтын жеке сипаттағы мәлiметтердi жинауға, пайдалануға және таратуға жол берiлмейдi.

2. Қылмыстық процесті жүргiзушi органдардың заңсыз әрекеттерiнен адамға келтiрiлген моральдық зиян заңда белгiленген тәртiпте өтелуге тиiс.
14-бап. Адамның жеке басына тиiспеушiлiк

1. Осы Кодексте белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмдi де қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстауға, күзетпен ұстауға немесе өзгеше түрде бас бостандығынан айыруға болмайды.

2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда ғана және күзетпен қамауға алуға немесе үй қамағына алынған адамға сотқа шағымдану құқығын бере отырып, тек соттың санкциясымен ғана күзетпен ұстауға және үй қамағына алуға жол берiледi. Адам соттың санкциясынсыз жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ғана ұсталуы мүмкiн. Күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық және/немесе сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға соттың шешiмiмен ғана жол берiледi.

3. Әрбiр ұсталған адамға ұстаудың негiзi, сондай-ақ ол қылмыстық заңда көзделген қандай әрекетті жасады деп күдік келтiрiлгені туралы дереу хабарланады.

4. Сот, қылмыстық қудалау органдары, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің, медициналық ұйымның басшысы заңсыз ұсталған немесе күзетпен ұсталған, немесе медициналық ұйымға заңсыз орналастырылған не заңда немесе үкiмде көзделгендегiден артық мерзiмге күзетпен ұсталған адамды дереу босатуға мiндеттi.

5. Қылмыстық процеске қатысушы адамдардың ешқайсысына күш қолдануға, қатал немесе адамның қадiр-қасиетiн түсiретiн әрекет жасауға, заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жағдайларда ұстауға болмайды.

6. Ешкiмдi де адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндіретін iс жүргiзу әрекеттерiне қатысуға тартуға болмайды. Адамның жеке басына тиiспеушiлiктi бұзатын iс жүргiзу әрекеттерi адамның не оның заңды өкiлiнiң еркiне қарсы осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жүргiзiлуi мүмкiн.

7. Адамды, сондай-ақ қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған адамды қамауда ұстау оның өмiрi мен денсаулығына қауiп төндіретін жағдайларда жүзеге асырылуға тиiс.

8. Заңсыз бас бостандығынан айыру, өмiрi мен денсаулығына қауiптi жағдайда ұстау, оған қатал қарау салдарынан азаматқа келтiрiлген зиян осы Кодексте көзделген тәртiпте өтелуге тиiс.
15-бап. Қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау

1. Қылмыстық процесті жүргiзушi орган қылмыстық процеске қатысушы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, оларды жүзеге асыру үшiн жағдай жасауға, қылмыстық процеске қатысушылардың заңды талаптарын қанағаттандыруға уақытылы шаралар қолдануға мiндеттi.

2. Азаматқа қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде оның құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы нәтижесінде келтiрiлген зиян осы Кодексте көзделген негiздер мен тәртiп бойынша өтелуге тиiс.

3. Жәбiрленушiнi, куәнi немесе қылмыстық процеске қатысушы өзге де адамдарды, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiн немесе өзге де жақын туыстарын өлтiрумен, күш қолданумен, мүлкiн жоюмен немесе бүлдiрумен, не өзге де заңға қарсы қауiптi әрекеттермен қорқытқандығына жеткiлiктi негiздер болған кезде қылмыстық процесті жүргiзушi орган өз құзыретi шегiнде бұл адамдардың өмiрiн, денсаулығын, абыройын, қадiр-қасиетiн және мүлкiн қорғауға заңда көзделген шараларды қолдануға мiндеттi.


16-бап. Жеке өмiрге қол сұқпаушылық. Хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудiң, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясы

1.Азаматтардың жеке өмiрi, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады. Әркiмнiң жеке салымдар мен жинақтардың, хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудiң, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясына құқығы бар.

2. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде әркімге жеке (жеке және отбасылық) өміріне қол сұқпаушылық құқығы қамтамасыз етіледі. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіпте ғана жол беріледі.

3. Заңда көзделген жағдайлардан басқа, өзінің келісімінсіз адамның жеке өмірі туралы ақпарат жинауға, сақтауға, пайдалануға және таратуға ешкімнің құқығы жоқ.

4. Осы Кодексте көзделген тәртіпте алынған адамның жеке өмірі туралы ақпаратты қылмыстық процесс міндеттерін орындаудан басқаға пайдалануға болмайды.
17-бап. Тұрғын үйге қол сұқпаушылық

Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Тұрғын үйге онда тұратын адамдардың еркiне қарсы кiруге, оны қарауға және тiнту жүргiзуге заңда белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.


18-бап. Меншiкке қол сұқпаушылық

1. Меншiкке заңмен кепiлдiк берiледi. Ешкiмдi де соттың шешiмi болмайынша өз мүлкiнен айыруға болмайды.

2. Iс жүргiзу әрекеттерiнiң барысында адамдардың банктегi салымдарына және басқа да мүлiктерiне тыйым салу, сондай-ақ оны иеліктен алу осы Кодексте көзделген жағдайлар мен тәртiпте жүргiзiлуi мүмкiн.
19-бап. Кiнәсiздiк презумпциясы

1. Әр адам оның қылмыс жасағандығы үшiн кiнәлiлiгi осы Кодексте көзделген тәртiпте дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз деп саналады.

2. Ешкiм де өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес.

3. Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының кiнәлiлiгiне сейiлмеген күмән оның пайдасына түсiндiрiледi. Қылмыстық және қылмыстық iс жүргiзу заңын қолдану кезiнде пайда болған күмәндер де айыпталушының пайдасына шешiлуге тиiс.

4. Айыптау үкiмiн болжамдарға негiздеуге болмайды және ол рұқсат етілген және дәйекті дәлелдемелердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуға тиiс.
20-бап. Қайта соттауға және қылмыстық қудалауға жол берiлмеуi

Ешкiмдi де бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін қайтадан қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.


21-бап. Сот әдiлдiгiн заң мен сот алдындағы теңдiк негiздерiнде жүзеге асыру

1. Сот әдiлдiгi барша жұрттың заң мен сот алдында теңдiгi негiзiнде жүзеге асырылады.

2. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында ешкiмдi де шыққан тегi, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайы, жынысы, нәсiлi, ұлты, тiлi, дiнге қатысы, сенiмдерi, тұрғылықты жерi бойынша немесе өзге де кез келген мән-жайлар бойынша қандай да болсын кемсiтушiлiкке ұшыратуға болмайды.

3. Қылмыстық қудалаудан артықшылықтары немесе иммунитетi бар адамдарға қатысты қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң шарттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Кодекспен, заңдармен және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен айқындалады.


22-бап. Судьялардың тәуелсiздiгi

1. Судья сот әдiлдiгiн атқару кезiнде тәуелсiз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады.

2. Соттың сот әдiлдiгiн атқару жөнiндегi қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi және ол заң бойынша жауапқа тартылады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi.

3. Судьялар тәуелсiздiгiнiң кепiлдiгi Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдармен белгiленген.


23-бап. Сот iсiн жүргiзудi тараптардың бәсекелестігі мен тең құқықтылығы негiзiнде жүзеге асыру

1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу айыптау және қорғау тараптарының жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидаттары негiзiнде жүзеге асырылады.

2. Қылмыстық қудалау, қорғау және соттың iстi шешуi бiр-бiрiнен бөлiнген және оларды әртүрлi органдар мен лауазымды адамдар жүзеге асырады.

3. Адамның қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кiнәлiлiгiн дәлелдеу және оның өзін қорғаудағы дәлелдерді теріске шығару мiндетi қылмыстық қудалау органдарына, ал сотта іс жүргізу кезінде мемлекеттік және жеке айыптаушыға жүктеледi.

4. Қорғаушы күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны, сотталғандығ ақталғанды қорғаудың заңда көзделген барлық құралдары мен тәсілдерін пайдалануға мiндеттi.

5. Сот қылмыстық қудалау органы болып табылмайды, айыптау немесе қорғау жағында болмайды және құқық мүдделерiнен басқа қандай да болсын мүдделердi бiлдiрмейдi.

6. Сот объективтiлiктi және бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың өз iс жүргiзу мiндеттерiн орындауы және өздерiне берiлген құқықтарын жүзеге асыруы үшiн қажеттi жағдайларды жасауға міндетті.

7. Қылмыстық процеске қатысушы тараптар тең құқықты, яғни оларға Қазақстан Республикасының Конституциясы мен осы Кодекске сәйкес өз позицияларын қорғауға бiрдей мүмкiндiк берілген. Сот iс жүргiзу шешiмiн зерттеуге қатысуы тараптардың әрқайсысына бiрдей негiзде қамтамасыз етiлген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.

8. Тараптар қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында өзiнiң позициясын, оны дербес және сотқа, басқа да органдар мен адамдарға тәуелсiз қорғаудың тәсілдері мен құралдарын таңдайды. Сот тараптың өтiнiшi бойынша оған осы Кодексте көзделген тәртiпте қажеттi материалдарды алуға жәрдем көрсетедi.

9. Мемлекеттiк айыптаушы мен жеке айыптаушы белгiлi бiр адамды қылмыстық қудалауды жүзеге асыра алады немесе заңда көзделген жағдайларда қылмыстық қудалаудан бас тарта алады. Күдіктi, айыпталушы, сотталушы өзiнiң кiнәсiн мойындамауы немесе өзiн кiнәлiмiн деп мойындауы, жәбірленушімен бітімге келуі, іс жүргізетінлік келісімді медиация тәртібімен бітімгерлікке қол жеткізу туралы келісім жасауы мүмкін. Азаматтық қуынушы қуыным арыздан бас тартуға немесе азаматтық жауапкермен бейбiт келiсiм жасасуға құқылы. Азаматтық жауапкер қуыным арызды мойындауға немесе азаматтық қуынушымен бейбiт келiсiм жасасуға құқылы.

10. Сот тараптарға істің бiрiншi және апелляциялық саты бойынша қаралу құқығын қамтамасыз етедi; сотталушы және оның қорғаушысы және басқа да процеске қатысушылар кассациялық және қадағау тәртібімен iстi қарау кезiнде, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру және үкімді орындауға байланысты мәселелерді қарау кезінде жiберiледi. Сот әрбiр қылмыстық iстi қараған кезде айыптау тарапының мемлекеттiк не жеке айыптаушысы болуға тиiс. Сот iстi қарағанда тараптардың қатысуы мiндеттi болатын басқа да жағдайлар осы Кодексте айқындалады.
24-бап. Iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеу

1. Сот, прокурор, тергеушi, анықтаушы iстi дұрыс шешуге қажеттi және жеткiлiктi мән-жайларды жан-жақты толық және объективтi зерттеу үшiн заңда көзделген барлық шараларды қолдануға мiндеттi.

Бұл ретте сот істегі бар және ұсынылған дәлелдемелерді осы Кодексте көзделген тәсілдермен зерттейді. Соттың өз бастамасы бойынша сотқа дейінгі тергеу толымсыздығын жою мақсатында қосымша дәлелдемелер жинауға құқығы жоқ.

2. Қылмыстық қудалау органдары нақты деректердi айқындайды, солардың негiзiнде iс үшiн маңызы бар мән-жайлар анықталады.

3. Қылмыстық iстi қараушы сот объективтiлiк пен бейтараптылықты сақтай отырып, айыптау және қорғау тараптарына олардың iстiң мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеу құқықтарын жүзеге асыруы үшiн қажеттi жағдай жасайды.

4. Осы Кодекстің 380-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, сот істегі бар және сот отырысында тараптар ұсынған дәлелдемелерді зерттеудің қажеттілігі мен жеткіліктілігі мәселелері бойынша тараптардың пікірімен байланысты емес.

5. Күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны әшкерелейтiн де, ақтайтын да, сондай-ақ оның жауаптылығы мен жазасын жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар iс бойынша анықтауға жатады. Қылмыстық процесті жүргізетін орган күдіктінің (айыпталушының) кінәсіздігі немесе кінәлілік дәрежесінің аздығы туралы, сондай-ақ оларды ақтайтын не жауаптылығын жеңілдететін дәлелдемелердің бар екендігі туралы барлық мәлімдемелерді, сондай-ақ дәлелдемелер жинақтау және бекіту кезінде тергеудің рұқсат етілмеген әдістерінің қолданылғаны туралы мәлімдемелерді тексеруге тиіс.
25-бап. Дәлелдемелердi iшкi сенiм бойынша бағалау

1. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы дәлелдемелердi қаралған дәлелдемелердiң жиынтығына негiзделген өздерiнiң iшкi сенiмi бойынша бағалайды, бұл орайда заң мен ар-ожданды басшылыққа алады.

Алқаби дәлелдемелердi қаралған дәлелдемелердiң жиынтығына негiзделген өзiнің iшкi сенімі бойынша бағалайды, бұл ретте ар-ожданды басшылыққа алады.

2. Ешқандай дәлелдеменiң күнi бұрын белгiленген күшi болмайды.


26-бап. Күдіктiнiң, айыпталушының қорғануға құқығын қамтамасыз ету

1. Күдіктiнiң, айыпталушының қорғануға құқығы бар. Олар бұл құқығын осы Кодексте белгiленген тәртiпте жеке өзi де, қорғаушының, заңды өкiлiнiң көмегiмен де жүзеге асыра алады.

2. Қылмыстық процесті жүргiзушi орган күдіктiге, айыпталушыға олардың құқықтарын түсiндiруге және олардың айыптаудан заңда тыйым салынбаған барлық құралдармен қорғану мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың жеке және мүлiктiк құқықтарын қорғауға шаралар қолдануға мiндеттi.

3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда қылмыстық процесті жүргiзушi орган күдіктi, айыпталушы қорғаушысының iске қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi.

4. Күдіктi, айыпталушы қорғаушысының және заңды өкiлiнiң қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуы күдіктiге, айыпталушыға тиесiлi құқықтарды кемiтпейдi.

5. Күдіктi, айыпталушы қылмыстық қудалау органдарына қандай да болсын материалдар беруге, оларға қандай да бiр жәрдем көрсетуге мәжбүр етiлмеуге тиiс.

6. Күдіктiнiң, айыпталушының онымен бiрлесiп қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған адамға қатысты қылмыстық iстi қарау кезiнде де өзiне тиесiлi қорғану құқығының барлық кепiлдiктерi сақталады.
27-бап. Білікті заң көмегіне құқықты қамтамасыз ету

1. Әр адамның қылмыстық процесс барысында осы Кодексте көзделген тәртіпте білікті заң көмегін алуға құқығы бар.

2. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі.
28-бап. Куәлiк айғақтар беру мiндетiнен босату

1. Ешкiм өзiне, жұбайына (зайыбына) және ауқымы осы Кодексте айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақтар беруге мiндеттi емес.

2. Дiни қызметшiлер өздерiне iшкi сырын ашуға сенiм бiлдiрген адамдарға қарсы куәлiк беруге мiндеттi емес.

3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларда көрсетілген адамдар айғақтар беруден бас тартуға құқылы және ол үшiн қандай да болсын жауапқа тартуға болмайды.


29-бап. Жариялылық

1. Қылмыстық iстердi талқылау барлық соттар мен барлық сот сатыларында ашық жүргiзiледi. Сот талқылауының жариялылығын шектеуге ол мемлекеттік құпияларды қорғау мүдделеріне қайшы келгенде ғана рұқсат етіледі. Бұдан басқа, кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы істер бойынша, жыныстық қылмыстар туралы істер бойынша және басқа да істер бойынша іске қатысушы адамдардың жеке өмірі туралы мәліметтердің жария етілуін болдырмау мақсатында, сондай-ақ жәбірленуші, куә немесе іске қатысушы басқа да адамдар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері немесе жақын туыстары қауіпсіздігінің мүдделері осыны талап еткен жағдайларда соттың дәлелді қаулысы бойынша жабық сот талқылауына жол беріледі. Сондай-ақ, қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органның сот процесінің сотқа дейінгі сатысында сотта шешілетін іс-әрекеттері мен шешімдеріне шағымдар жабық сот отырысында қаралады.

2. Жабық отырыста істерді талқылау осы Кодексте белгіленген барлық қағидалар сақтала отырып жүзеге асырылады.

3. Барлық жағдайларда іс бойынша қабылданған сот үкімі мен қаулылар ашық жарияланады.


30-бап. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлi

1. Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған жағдайда сот iсiнде мемлекеттiк тiлмен бiрдей орыс тiлi немесе басқа да тiлдер қолданылады.

2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе өзге тілдерде жүргізу қажет болған жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы дәлелді қаулы шығарады.

3. Iс бойынша iс жүргiзiлген тiлдi бiлмейтiн немесе жеткiлiктi бiлмейтiн iске қатысушы адамдарға сотта өзiнiң ана тiлiнде немесе олар бiлетiн басқа тiлде өтiнiш жасау, түсiнiк және айғақтар беру, өтiнiш бiлдiру, шағым жасау, iстiң материалдарымен танысу, сотта сөйлеу; осы Кодексте белгiленген тәртiпте аудармашының қызметiн тегiн пайдалану құқығы түсiндiрiледi және қамтамасыз етiледi.

4. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы адамдарға олар үшiн қажеттi iстiң басқа тiлде жазылған материалдарын қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiне аудару тегiн қамтамасыз етiледi. Сот процесiне қатысушы адамдарға сотта айтылғандардың басқа тiлде болған бөлiгiнiң сот iсiн жүргiзу тiлiне аудармасы тегiн қамтамасыз етiледi.

5. Қылмыстық процесті жүргiзушi органдар процеске қатысушыларға осы Кодекске сәйкес оларға сот iсiн жүргiзу тiлiнде тапсырылуға тиiс құжаттарды тапсырады. Бұл ретте қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiн бiлмейтiн адамдар үшiн сот iсiн жүргiзудiң осы адамдар таңдаған тiлiнде жазылған құжаттарының куәландырылған көшiрмесi қоса берiледi.


31-бап. Iс жүргiзу әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдану бостандығы

1. Сот пен қылмыстық қудалау органының іс-әрекеттерi мен шешiмдерiне осы Кодексте белгiленген тәртiпте шағым жасалуы мүмкiн.

2. Әрбiр сотталған адамның осы Кодексте белгiленген тәртiпте үкiмдi жоғары тұрған сотқа қайта қаратуға құқығы бар.

3. Шағымды берген адамға зиян келетiн немесе оның мүдделерiн көздеп берiлген адамға зиян келетiн етiп қолдануға жол берiлмейдi.


3-тарау. Қылмыстық қудалау
32-бап. Жеке, жеке-жариялы және жариялы қудалау мен айыптау iстерi

1. Жасалған құқық бұзушылықтың сипатына және ауырлығына қарай қылмыстық қудалау мен сотта айыптау жеке, жеке-жариялы және жариялы түрде жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108, 109, 110 (бірінші бөлігінде), 114 (үшінші және төртінші бөліктерінде), 123, 130, 131, 148, 150 (бірінші бөлігінде), 153, 198 (бірінші бөлігінде), 199 (бірінші бөлігінде), 317 баптарында (екінші бөлігінде), сондай-ақ осы баптың үшінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 154-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер жеке айыптау iстерi болып есептеледі, іс бойынша іс жүргізу жәбiрленушiнiң шағымы бойынша басталады және оның айыпталушымен, сотталушымен бiтiмге келуіне орай қысқартылуға жатады.

3. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115, 120 (бірінші бөлігінде), 121 (бірінші бөлігінде), 126 (бірінші бөлігінде), 138, 139, 144, 146, 149 (бірінші бөлігінде), 155, 156 (екінші бөлігінде), 158 (екінші бөлігінде), 159 (бірінші бөлігінде), 160, 187, 189 (бірінші және екінші бөліктерінде), 190 (бірінші бөлігінде), 195 (бірінші бөлігінде), 198 (екінші бөлігінде), 199 (екінші бөлігінде), 201 (бірінші бөлігінде), 202 (бірінші бөлігінде), 204, 205 (бірінші бөлігінде), 206 (бірінші бөлігінде), 207 (бірінші бөлігінде), 208 (бірінші бөлігінде), 209 (бірінші бөлігінде), 211 (бірінші бөлігінде), 218 (бірінші бөлігінде), 222, 245 (бірінші бөлігінде), 248, 249 (бірінші бөлігінде), 315 (бірінші және екінші бөліктерінде), 317 (екінші бөлігінде), 342 (екінші бөлігінде), 386 (бірінші бөлігінде) баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер, сондай-ақ 154 (бірінші бөлігінде) бапта көзделген қылмыстық құқық бұзушылық, егер ол жұмысты қалпына келтіру туралы сот шешімін орындамаумен байланысты болса, жеке-жариялы айыптау iстері болып есептеледі, іс бойынша іс жүргізу жәбiрленушiнiң шағымы бойынша басталады және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 69-бабында көзделген жағдайларда ғана жәбiрленушiнiң айыпталушымен, сотталушымен бiтiмге келуіне орай қысқартылады.

4. Прокурор, егер әрекет дәрменсіз немесе тәуелді күйде тұрған немесе басқа да себептермен өзіне тиесілі құқықтарды дербес пайдалануға қабілетсіз адамның мүдделерін қозғаса, жеке және жеке-жариялы айыптау іс бойынша не қоғамның немесе мемлекеттің мүдделерін қозғаса, жәбірленушінің шағымы болмаған кезде де жеке, жеке-жариялы іс бойынша іс жүргізуді бастайды.

5. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабар сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен және шұғыл тергеу іс-әрекеттері жүргізілгеннен кейін, жеке және жеке-жариялы айыптау істері бойынша іс жүргізу және тіркелген кезден бастап үш тәуліктен кешіктірмей жәбірленушінің шағымы болмаған кезде қудалау осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген негіздер бойынша қысқартылады.

6. Осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілгендерді қоспағанда, қылмыстық құқық бұзушылық туралы iстер жариялы айыптау iстерi болып есептеледі. Бұл iстер бойынша қылмыстық қудалау жәбiрленушiнiң шағым беруiне қарамастан жүзеге асырылады.
33-бап. Коммерциялық немесе өзге де ұйымның мәлімдемесі бойынша қылмыстық жауапқа тарту

Егер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 9-тарауында көзделген әрекет мемлекеттiк кәсiпорын болып табылмайтын коммерциялық немесе өзге ұйымның мүдделерiне ғана зиян келтiрсе және басқа ұйымдардың мүдделерiне, сондай-ақ азаматтардың, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне зиян келтiрмесе, қылмыстық жауапқа тарту осы ұйым немесе уәкiлеттi орган басшысының мәлімдемесі немесе олардың келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.

Ұйымның немесе уәкілетті органның басшысы адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы мәлімдемені қылмыстық процестің кез келген сатысында кері қайтарып алуға құқылы. Мәлімдемені кері қайтарып алу осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді қысқартуға әкеп соғады.
34-бап. Қылмыстық қудалауды жүзеге асырудың жалпы шарттары

1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу мiндеттерiн орындау мақсатында қылмыстық қудалау органы өз құзыретi шегiнде қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерiн тапқан әрбiр жағдайда қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасын белгiлеуге, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi адамдарды әшкерелеуге, оларды жазалау үшін заңда көзделген барлық шараларды қолдануға, сонымен бiрге кiнәсiз адамдарды ақтау шараларын қолдануға мiндеттi.

2. Қылмыстық қудалау органы жәбiрленушiге сот әдiлдiгiне қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге және қылмыстық құқық бұзушылық келтiрген зиянды өтеу шараларын қолдануға мiндеттi.

3. Қылмыстық қудалау органы қылмыстық процестегі өзiнiң өкiлеттiгiн қандай да болсын органдар мен лауазымды адамдарға тәуелсiз және осы Кодекстiң талаптарына қатаң сәйкес түрде жүзеге асырады.

4. Қылмыстық iс бойынша объективтi зерттеу жүргiзуге кедергi келтiру мақсатында қылмыстық қудалау органына қандай түрде болса да ықпал ету заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

5. Қылмыстық қудалау органының заңға сәйкес қойған талаптары барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың орындауы үшін міндетті және белгіленген мерзімде, бірақ үш тәуліктен кешіктірмей орындалуға тиіс. Күдіктіні ұстау, күзетпен ұстау туралы шешім қабылдау қажет болған жағдайда қылмыстық қудалау органының талабы жиырма төрт сағат ішінде орындалуға тиіс. Көрсетілген талаптарды дәлелсіз себептермен орындамау заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.


35-бап. Іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар

1. Қылмыстық iс:

1) қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауы;

2) әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауы;

3) егер ол жасалған әрекет үшiн жаза қолдануды жойса, рақымшылық ету актiсiнiң салдары;

4) қылмыстық жауапқа тартылу мерзiмінiң ескiруiне байланысты;

5) осы Кодекстің 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 32-бабының екiншi және үшінші бөлiктерiнде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық туралы іс бойынша жәбірленуші шағымының болмауы, сондай-ақ осы Кодекстің 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 32-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық туралы iстер бойынша жеке айыптаушының айыптаудан бас тартуы не коммерциялық немесе өзге ұйым немесе уәкілетті орган басшысының адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы арызды кері қайтарып алуы;

6) егер жасаған әрекеті үшін қылмыстық жауаптылықты жоятын заң күшіне енген болса немесе Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңес заңды не өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп таныған жағдайда;

7) өзі туралы белгілі бір айыптау бойынша соттың заңды күшiне енген үкiмi не қылмыстық қудалаудың мүмкiн еместiгiн белгiлейтiн соттың күшiн жоймаған қаулысы бар адамға қатысты;

8) осы күдік бойынша қылмыстық қудалау органының қылмыстық қудалаудан қысқарту туралы күшiн жоймаған қаулысы бар адамға қатысты;

9) iс бойынша іс жүргізу оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн қажет жағдайларды қоспағанда, қылмыстық заң тыйым салатын әрекеттi есi дұрыс емес жағдайда жасаған адамға қатысты;

10) қылмыстық қудалауға артықшылықтары немесе иммунитетi бар адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға уәкiлеттi органның немесе лауазымды адамның келiсiм беруден бас тартуына байланысты;

11) iс бойынша iс жүргiзу қайтыс болған адамды ақтау немесе iстi басқа адамдарға қатысты тергеу, сондай-ақ заңсыз жолмен табылған мүлікті, тәркіленуге жататын келтірілген зиянның өтелуін қамтамасыз ететін ақша қаражатын және өзге де құндылықтарды анықтау үшiн қажет жағдайларды қоспағанда, қайтыс болған адамға қатысты;

12) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң ережелерiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататын адамға қатысты қысқартылады.

2. Іс бойынша іс жүргізу қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының жоқтығы немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауы дәлелденген кезде де, егер қосымша дәлелдемелер жинау үшiн барлық мүмкiндiктер қолданылса, олардың болуы дәлелденбеген кезде де осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) және 2) тармақтарында көзделген негiздер бойынша қысқартылады.

3. Іс бойынша іс жүргізу осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармағында көзделген негіз бойынша және күдіктінің (айыпталушының) зиян келтiруi заңды болып табылған не күдікті (айыпталушы) жасаған әрекет Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес оның қылмыстылығы мен қылмыстық жауаптылығын болдырмайтын мән-жайларда жасалған жағдайларда қысқартылады.

4. Егер мәлімдеуші қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ретінде тікелей көрсеткен адам, қорғануға құқығы бар куә, күдікті, айыпталушы, сондай-ақ сотталушы немесе оның заңды өкілдері бұған қарсылық бiлдiрсе, осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 3), 4) және 11) тармақтарында көрсетiлген негiздер бойынша қылмыстық істі қысқартуға жол берiлмейдi. Бұл жағдайда іс бойынша iс жүргiзу жалғастырылады және оған негiздер болған кезде сотталған адамды жазадан не қылмыстық жауаптылықтан босату арқылы айыптау үкiмiнiң қаулысымен аяқталады.

Осы баптың бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 11) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша қылмыстық істі қысқарту туралы шешім қабылдау үшін жәбірленушінің келісімі талап етілмейді.

Қылмыстық істі қысқарту бір мезгілде қылмыстық қудалауды қысқартуға әкеп соғады.

5. Әрекет жасаған сәтте заңға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкін болатын жасқа толмаған адамға қатысты қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiм осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағында көрсетілген негiз бойынша қабылдануға тиiс. Әрекет жасаған сәтте заңға сәйкес қылмыстық жауапқа тартылатын жасқа жетсе де, психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық дамуы жағынан артта қалуы салдарынан өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн толығымен түйсіне алмаған және оларды игере алмаған, кәмелетке толмаған адамға қатысты қылмыстық iстi қысқарту туралы шешiм дәл осы негiз бойынша қабылдануы тиiс.

6. Қылмыстық қудалау органы қылмыстық қудалауды болдырмайтын мән-жайларды анықтағанда сотқа дейiнгi iс жүргiзудiң кез келген сатысында қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулы шығарады.

Прокурор істі басты сот талқылауында қарау басталғанға дейін оны осы бапта көзделген негіздер бойынша оны соттан кері қайтарып алуға құқылы. Прокурор істі соттан кері қайтарып алғаннан кейін оны қысқарту үшін ол бойынша жаңа сотқа дейінгі іс жүргізу өткізуге және сотқа қайта жіберуге жол берілмейді.

7. Сотта қылмыстық қудалауды болдырмайтын мән-жайларды анықтаған мемлекеттiк айыптаушы айыптаудан бас тарту туралы мәлiмдеуге мiндеттi. Мемлекеттiк айыптаушының айыптаудан бас тарту туралы мәлiмдемесi, егер жеке айыптаушы айыптауды қолдауын жалғастырса, қылмыстық iстi қараудың жалғастырылуына кедергi келтiрмейдi.

8. Қылмыстық қудалауды болдырмайтын мән-жайларды анықтағанда сот қылмыстық iстi қысқарту туралы мәселенi шешуге мiндеттi.

9. Қылмыстық қудалау органдары және соттар қылмыстық іс қысқартылған кезде, адамның іс-әрекеттерінде әкімшілік немесе тәртіптік (сыбайлас жемқорлық) құқық бұзушылық белгілері болғанда он тәулік ішінде құзыретті органдарға әкімшілік немесе тәртіптік жауапқа тарту туралы мәселені шешу үшін материалдар жіберуге міндетті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет