М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді сөйлемдердің қолдану аясы
Қазақ әдебиетінде есімді сөйлемдерді өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясында ең мол қолданған кемеңгер жазушы, көрнекті сөз шебері М. Әуезов.
«Абай эпопеясының тілі бай, орамды. Ол қазақ халқының сөйлеу тілі мен фольклорының және жазба әдебиетінің сөздік қорын мол қамтып бойына сіңірген тіл. Сол себепті бұл шығарманы сөз байлығы жөнінде қазақ тілінің қымбат қазынасы дей аламыз. Біз өзімізді қазақ тілін орташа білетін оқушының қатарында алғанның өзінде, романда бұрын тіпті білмеген не мағынасын анық түсінбеген сөздеріміз аз кездеспейді. Ондай сөздер «Абай романы» арқылы қазақтың әдеби тілінен заңды орнын алып, кең пайдаланылып кетті. Мысалы, шынайы, шытырман, шатқалаң, паш ету, нөпір, арандау, шат-шадыман, түс шайысу, әктеу, танаурау, иен, жұрт, тоқмейіл, – деген сөздерді әдебиет тіліне Мұхтар енгізген. Сонымен қатар, бастапқы мағынасынан ажырап, көнерген сөздер де Әуезовтің қолдануында жаңа мағынаға ие болып, жаңғырып шыққанын білеміз. Мысалы: қыжыл, әбзел, күдіс, қырбай, сығыр, үйездеу, опаздау, бақыл болу, – сияқты сөздер жөнінде осыны айтуға болады.
Мұның бәрі Әуезов тілінің сөздік, лексикондық жағы. Ал, бірақ жазушының тіл шеберлігі тек оның лексикон байлығымен ғана өлшенбейді. Әсіресе сол байлықты жазушының шығармада қолдану шеберлігімен, яғни синтаксистік құрылысымен өлшенеді. Осы жағынан алғанда, Мұхтардың шеберлігі ерекше» [64,51]. Кемеңгер жазушы, ғалым М. Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы академик Қ. Сәтпаевтың: «Әуезовтің «Абай» романы аса көрнекті көркем шығарма ғана емес, ол сондай-ақ үлкен бағалы ғылыми еңбек. «Абай» романына әр саласының мамандары назар салмай өте алмайды. Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымдардың бірде-бірі бұл кітапты жанап өте алмайды: ғалым-филолог одан фольклордың бай материалдарына қанығумен қоса, қазақ әдеби тілінің тууы мен қалыптасуын көреді...», – деп сонау қырқыншы жылдары айтқан сөздері бүгінде өзекті мәселеге айналып, эпопеяның жан сырына қаныққысы келетін саналы адамға шам-шырақ тәрізді [65,39]. Содан бері роман-эпопея хақында көптеген монографиялық еңбектер мен ғылыми зерттеулер, мақалалар жарық көрді. Алайда уақыт озып, жылдар өткен сайын ұлы шығарманың жаңа қыр-сырлары ашылуда.
«М. Әуезов романдарының көркемдік қуатының ең негізгі тамырларының бірі оның тіл шеберлігінде. Жазушы тілінің шеберлігі, оралымдығы оның авторлық баяндауларынан да, табиғат суреттерінен де геройлардың сөздік, портреттік сипаттарынан да әрдайым айқын сезіліп отырады. Қазақтың ғасырлар бойы жасалып, молығып келген тіл байлығын жазушы жете игерген және сонысын өзінің романдарында мейлінше мол әрі шебер пайдаланған. Яғни, ол туған тілінің бойынан бейнелілік мол қуат тапты. Бұл заңды да. Өйткені қандай сөз суретшісі болмасын тыңнан тіл жасай алмақ емес. Бірақ ол халық тілін молықтырады, оны жаңа сөздермен, сөз тіркестерімен байытады, ол өз халқының тіл байлығын мол пайдалана отырып, қазақтың әдеби тілін жаңа биікке көтерді. Бұл ретте М. Әуезов романдарының атқарған рөлі ерекше. Жалпы алғанда, қазақтың қазіргі әдеби тілінің байлығы мен алуан түрлі қырын, оның суреттеушілік мүмкіншіліктерін М. Әуезовтің Абай туралы романдары мейлінше анық танытты» [66, 96].
«Абай жолы» - Мұхтар Әуезовтің бас кітабы. Мұхтар Әуезов жазушы ретінде эпос пен драманың шағын түрлерінен күрделі жанрларына дейін, одан әрі ұланғайыр ғасырлық шындықты туған халқының тарихи тағдырымен тамырластыра танытқан керемет кең құлашты эпопеяға дейін самғап, парлап көтерілген теңдесі жоқ сөз зергері болса, ғалым ретінде баяғы бағзы дәуірден күні бүгінге дейінгі бүкіл дүниежүзілік әдебиет пен өнер құпияларын бір басына сыйғызған білгір зерттеуші, сол әлемдік әдебиеттің фонында қазақтың ұлттық сөз өнерінің өсіп-өрбу процесін жіті қадағалап, жете талдап, тағы да сол бүкіл әлемдік биік тұрғыдан пікір түйген әділ сарапшы да, ұстаз ретінде сан мың шәкіртті аузына қаратып энциклопедиялық біліміне кенелткен тамаша тәрбиеші бола білді» [68, 95].
«Абай» тарихи романының бірінші кітабы 1942 жылы, екінші кітабы 1947 жылы жарыққа шыққан. 1949 жылы дилогияға ҚСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ұлы ақын және оның халқы туралы тарихи романдар топтамын одан әрі жалғастырған «Абай жолы» да екі кітап – дилогия: бірінші кітабы 1952 жылы, екінші кітабы 1956 жылы түзетіліп басылып шықты.
Сөйтіп, «Абай жолы» деген кітап өзара тұтасқан төрт том (тетралогия) 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды» [69, 63 ].
«Абай» тарихи романының бірінші кітабы 1942 жылы, екінші кітабы 1947 жылы жарыққа шыққан. Екі кітабы 1948-1949 жылдары қазақ, орыс тілдерінде қатар жарияланды. 1952 жылы және 1956 жылдары түзетіліп, қайта басылып шықты. «Өз кітапханасында осы шығарманың 1948-1949 жылғы басылымында (1,2 кітап) бөтен біреудің қолымен түзету енгізгендері бар. Бұл 1952 жылы шығатын басылымға дайындаған адамның редакторлық жасағаны сияқты. Автор бұған келіскен болуы керек, себебі кейінгі басылым сондағы көрсетілгендер бойынша кеткен. Басылу барысындағы корректураны қарап-қармағаны белгісіз, бірақ қолжазбаны ұсынар тұста мейлінше қатты көңіл аударған; әрбір сөз, сөйлем көзі түсіп кетсе болды, өңдеп жөндеуді тіленіп тұрған сияқтанған. Мұндай әрекеттер әрбір басылым тұсында үздіксіз болып тұрған. Егер алғашқы басылымдарда «еді», «екен» сияқты сөздер мол кезіксе, кейін бұлар келіп-келіп соңғы басылымда мүлде сыпырылып қалған, кейде орнын басатын басқа сөздермен алмастырылған. Олар: «Мұның бәрі қиялап айтқанда Құнанбайдың қошаметі еді», «Мына мінездерін кешіргендей еді», «Салғырттығы жоқ, сергек, қатал күзетші еді» дегендей болып кете барады» [70, 97].
М. Әуезов: ««Абай мектебі» жөніндегі өз қателерімді тереңдеп ұғыну нәтижесінде ғана мен романымды қайтадан көп өзгертіп жаздым. 1951 жылы «Знамя» журналында «Абай жолы» деп жаңадан ат қойып, жаңадан түзеп жазып шыққан сол романыма сегіз баспа табақтай түзетулер кіргіздім. Осы соңғы кітапта Абайдың Кенесары қозғалысына да және ол жайында поэма жазушы Көкбайға да қатты сынын айтқыздым. Абай Көкбай мен Кенесарыны жирене сынаған уақытында әсіресе олардың Россияға жаулығын әшкерелейді, өзінің қараңғылық қорлықта жүрген елінің бар үміті, бақытты болашағы тек Россиямен достық арқасында ғана туатынын ойлап отырып жаңағыларды айыптайды.
«Ақын аға» романында жаңағы аталғандай өрескел қателіктер болғандықтан мен сол кітабымды ұлы ақынның қасиетіне сай шығарма деп танымаймын. Ол кітапты солайша мансұқ етіп, оның орнына оқушы жұртшылыққа Абайды тану жөнінде жіберген қателерім турасындағы партиялық сынды ескеріп отырып жазған «Абай жолы» атты романды ұсынамын. Осы айтылғанға байланысты сол «Абай мектебі» дейтұғын мәселенің жөніндегі өз қателерімнің тамырын ашу қажет деп білемін. Бұл мәселе 1933 жылдан бері қарай Абайды тану жөнінде менің сыңаржақ сипаттап келе жатқан бір қателігім боп келді» [71, 67 ].
М. Әуезов «Абай» эпопеясының екінші басылымында романның бірінші және екінші басылымының арасында есімді сөйлемдердің берілуінде үлкен айырмашылық бар.
Осыған дәлел 2007 жылдың тамыз айының 29 жұлдызында «Ана тілі» газетінде жарияланған академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың зерттеулерінде: «Бұл буржуазиялық объективизм әдісімен жазған екен ғой. Мұнда таптық деген де жоқ, партия деген атымен жоқ» деген Сәбит Мұқановтың сөздерін келтіреді. Содан: «Қалған екі кітапты, Мұха, социалистік реализм әдісімен жазуыңыз керек»,– дедік бүкіл бащамыздан кещемізге дейін жамырап. «Сөйтіп, ақыры соңғы екі кітабы алдыңғысынан қатты бөлек болып шыққан байқасаңыздар», – деп жазады [72, 4-5].
Біз де өз жұмысымызда романның алғашқы басылымы мен екінші басылымының мәтінін салыстырып біршама айырмашылықтарды байқадық.
1-кесте – М. Әуезовтің 1942, 1947 жылдары алғаш жарық көрген «Абай» романы мен 1961 жылы қайта жарық көрген «Абай жолы» роман-эпопеясының айырмашылығы
Достарыңызбен бөлісу: |