«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары


IV. ҚАЗАН БЕКТІҢ БАЛАСЫ ОРАЗ БЕКТІҢ ЖАУҒА



Pdf көрінісі
бет60/134
Дата30.05.2023
өлшемі2.89 Mb.
#474470
түріБағдарламасы
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   134
АДЕБИ ЖАДИГЕРЛЕР 1 том

IV. ҚАЗАН БЕКТІҢ БАЛАСЫ ОРАЗ БЕКТІҢ ЖАУҒА 
ҚАЛАЙ ТҰТҚЫН БОЛҒАНЫ ТУРАЛЫ ЖЫР
Күндерде бір күні Ұлашұлы Қазан бек төсегінен тұрып, қара жерге 
өзінің ақ шатырын тіккізді. Мың жерден жібек кілем төсетті. Ала 
шатырлардың төбесі көкке жетті. Əңгімелесу үшін оғыз жастарының 
тоқсан түрлі тобын жинады. Орталарына аузы кең местерге құйған 
сусын қойды. Тоғыз жерден көзе, сансыз жерден алтын кеселер 
қойғызды. Шаштары арқасына түсіп, тал-тал болып өрілген, бармағы 
мен тырнақтарын қыналаған, иықтарында бір-бір құс сайраған 
гəуірлердің тоғыз қызына сол алтын кеселермен оғыз бектеріне сусын 
тартқызды. Сол кеселерден Ұлашұлы Қазан-Салор оғыз бектеріне сусын 
беріп, ішкізді. Сусыннан оның өзі де ішті. Келгендерге алтындаған 
шапан-шапқыт, шатыр, қызыл бұйра нарлардан сыйлық берді.
Ұлы Ораз садағын ұстап, оның алдында тік тұрып, қызмет көрсетті. 
Оңында Қазанның інісі Қара Көне, солында Қазанның асыранды 
баласы Аруз отырды. Қазан оңына қарап қарқылдап күліп жіберді де, 
солына қарап қуанышты лебіз білдірді. Қарсы алдында тұрған ұлы 
Оразға қарап, қолын санына ұрып, жылап алды. Бұл мінез ұлы Оразға 
ұнамай қалған еді. Ол аяғын ілгері басып, əкесіне жақындап келді де, 
тізесін бүгіп отырып тілге келді. Не айтқан екен, хан ием, көрелік: 
«О, Қазан əкем, менің сөзіме құлақ сал, қайырымды бол. Сен оңыңа 


 358
359
қарап күлдің, солыңа қарап қуандың, қарсы алдыңда тұрған ұлың – 
мені көргенде жыладың. Мұның мəнісіне мен түсінбедім. Қара басым 
жолыңа құрбан болсын, осының себебін айтшы. Айтпасаң, орнымнан 
тұрмаймын. Тұрар болсам, өзімнің қара көз қырық жігітімді ертіп, 
қанішер абхаз еліне кетемін, олардың алтын бойтұмарын мойныма 
тағамын, қара шапан киген дін иесінің қолынан сүйемін, гəуірлердің 
көк көз қызына үйленіп, қайтып алдыңа келмеймін. Жылаған себебіңді 
айт маған. Сенен аяған жанымды ит жесін, əке», – деді Ораз. Қазан бек 
терең күрсініп, баласының жүзіне тесіле қарады да, дауыстап сөйлей 
бастады. Хан ием, ол не айтқан екен, тыңдап көрелік: «Келші бермен, 
құлыным, балам! Оңыма қарап күлген себебім – онда Қара Көне отыр 
екен, ол талай жаудың басын кесіп, қанын төккен адам еді. Сол үшін 
сыйлық алып, атаққа жетті. Солыма қарап сүйінген себебім – онда өгей 
ұлым – Аруз отыр екен. О да жау басын кесіп, қан төгіп, сыйлы батыр 
болған адам. Алдыма қарағанда, сені көрдім. Жасың он алтыға келіпті. 
Мерзімді күнім келсе мен көз жұмып, ол дүниеге кетемін де, артымда 
сен қаласың. Осы күнге дейін садақ тартып оқ атпапсың, қан төкпепсің, 
оғыздардың алғысына ие болмапсың. Ертең мен өліп ол дүниеге кетсем, 
артымда сен қаласың. Бірақ оғыз елі менің тажым мен тағымды саған 
бермейді. Осыны ойлап менің ақырым қайырлы болмайды екен-ау деп 
жыладым», – депті Қазан.
Сонда Ораз сөйлеп кетті. Не айтқан екен ол, хан ием, тыңдайық. «О, 
бек туған əке! Бойың нар түйедей болғанмен, бота құрам ақылың жоқ 
екен. Бойың таудай болғанмен, ақылың тарының бір түйір дəніндей ғана 
екен. Ерліктің жол-жоралғысын бала əкеден үйрене ме əлде əке баладан 
үйрене ме? Ана бір жолы мені қасыңа алып гəуірлер шегіне барғанда, 
қылышыңды сермеп көрдің. Бірақ қанша адамды қырып тастап едің? 
Бар ерлігің сол болса, одан мен нендей үлгі алмақшымын?» – деді 
Ораз. Бұл сөзге Қазан бек қатты шамданып, бір қолын екінші қолына 
соғып, қарқылдап тұрып күлді: «О, бектерім, Ораз тауып айтты! Сендер 
менің жеті бегім едіңдер. Астарыңды жеп, шараптарыңды ішіңдер. 
Əңгімелеріңді бұзбаңдар, мен баламды қасыма алып, аңға шығамын, 
жеті күндік азығымды аламын. Оқ атып, жау басын қылышпен кескен 
жерімді оған көрсетемін. Арғысы баламды қасыма алып, көгілдір 
тауда жатқан гəуірлер шегіне дейін барамын, бектерім», – деді Қазан. 
Ол қара тұлпарын алдырып, ер-тоқым салды. Үш жүз жігітіне алтын-
зермен əшекейленген киім кигізіп, қасына ертіп алды. Сөйтіп, Қазан 
баласын қасына алып Қаратауға бет алып, аңға шықты. Ораз да өзінің 
қырық жігітін қасына қосып алған еді. Бұлар аң біткенді қуып, құс 
атты. Көгілдір тауға шығып, киік аулады. Содан соң жасыл сайға шатыр 
тігіп, өзінің бектерімен бірге ішіп-жеп, бірнеше күндей тойлап жатты.
Сол күндері гəуірлердің Додиана жəне Ахалцық
xxi
деген қамал-
дарынан бір жалаң бас жансыз шығып, тауда тойлап жатқан оғыздарды 
көріп, Тагаворға хабар береді: «Неге ғапыл болдың? Жақын жерде жау 
жатыр, оған сенің итің неге үрмейді? Мысығың неге мияуламайды? 
Батырлардың алыбы Қазан тау ішінде той жасап, баласы мен екеуі мас 
болып ұйықтап жатыр», – деді жансыз. Үстіне қара шекпен киген он 
алты мың гəуір аттарына мініп, Қазанды ұйқы үстінде басып алмақ 
болды. Бір мезгілде оғыздардың көзіне алты жерден баған бойындай 
шаң көрінді. Біреуі: «Бұл ешкінің шаңы», – десе, екіншісі: «Жаудың 
шаңы», – деп таласты. Қазан тұрып: «Ешкінің шаңы болса, ол бір-ақ 
жерден шығар еді, бұл самсап келе жатқан жаудың белгісі», – деді. 
Бір кезде шаң тарап, күндей күркіреген, теңіздей толқыған жаудың 
қарасы ну ормандай болып көрінді. Ұзын саны он алты мың. Кеудесіне 
кигендері ит терісінен тігілген қысқа тон, бастарында киіз қалпақ. Діні 
қара гəуірлер қарғаша шулайды. Қазан өзінің қара тұлпарын алдырып, 
мініп алды. Баласы Ораз шылбырын түйіп алып, астындағы арғымағына 
қамшы басып, жауға қарсы шапты. Бала əкесіне қарап айғайлады: 
«Қазан əке, мұнда келіп көрші! Жау толқыған теңіздей, жанғай оттай, 
жарқыраған жұлдыздай болып келе жатыр екен. Өз аузың, өз тіліңмен 
маған бес ауыз білгеніңді айтшы. Менің қара басым сенің жолыңа 
құрбандық болсын, əкем!» – деді бала. Қазан оған: «Өзің кел мұнда, 
арыстан туған балам! Бұл келе жатқандар гəуірлердің əскері екен. 
Өзі толқып аққан қара теңіздей ығысады. Басына киген дулығалары 
күн көзіне шағылысады. Жұлдыздай жылтылдаған нəрселер – найза-
ларының ұшы. Бұлар діні жаман гəуірлер екен, балам!» – деді. «Оларды 
не үшін жау деп атаймыз?» – деп сұрады бала. Қазан оған: «О, балам, 
олардың жау болып аталатын себебі: егер біз жеңсек, оларды қырамыз, 
олар жеңсе, бізді қырады», – деп жауап берді. Ораз тұрып: «Əке олар-
дың бектерін, жігіттерін өлтірсек, бізден құн сұрамай ма?» – деді 
əкесіне. Қазан: «Жоқ, ұлым, діні жамандардың мыңын өлтірсең де, 
сенен құн сұрайтын адам жоқ. Маған тек сенің қасымда болғаның 
батып отыр», – деді оған. Сонда Ораз толғана сөйледі. Тыңдаңыз, хан 
ием, не айтқан екен ол: «Қасыма жақынырақ келіп, сөзімді тыңда, 
Қазан əкем! Орнымнан тұрып осында келгенде, астымдағы атымды 
осы күн үшін баптап едім. Сол күнім туған екен. Ол бүгінгі майданда 
сен үшін бір буланар. Алмас ала найзамды осындай күн үшін ұштап 
едім. Оның да күні туған екен. Сен үшін ол талай-талай гəуір иттің 
көбесін бұзып, кеудесін қаусатар. Қайыспас қара болат қылышымды 
мен осындай күн үшін қайрап едім. Сен үшін ол талай гəуірдің басын 
дөңгелетер. Көбесі берік темір сауытты мен осындай майдан үшін 
киіп едім. Оның да күні туыпты. Оның көздерін сол үшін берік етіп 
соқтырған едім. Басымдағы темір қалпағымды мен осындай күн үшін 
киген едім. Оның да күні туыпты. Сен үшін ол қанды шоқпардың 
қандайына болса да төзер. Қырық жорамды осындай күн үшін əзірлеп 
едім. Олардың да күні туыпты. Сен үшін олар да талай гəуірдің қанын 
судай ағызар. Менің атымды ел «арыстан» деп қойып еді. Сен үшін 
талай гəуірдің жағасын жыртармын. Өз аузың, өз тіліңмен маған бірер 
кеңес бер, əкем, сен үшін жан-тəнімді аяман», – деді бала. Қазан не 
деген екен, соған келелік, хан ием! «О, ұлым, балам! Құлақ салып, сөз 


 360
361
тыңда. Гəуірлердің атқышы үш жай атса, соның бірде-бірі құр кетпесін 
деді. Жендет адам басын аларда үндемейді, аспазға адам етін пісіріп, 
табаққа салу түк емес, гəуірлерге əлің келмейді.
Төсегімнен тұрармын,
Əңгіме-дүкен құрармын.
Қара атыма барармын,
Ары-бері шабармын.
Діні қара гəуірдің
Саны қанша болса да,
Қайыспас қара болатпен
Қыл мойыннан ұрармын.
Басын кесіп алармын,
Қашқақтап жүріп соғысып,
Гəуірге ойран салармын.
Сөйтіп жайын табармын,
Қаша жүріп қан төккен
Соғысыма қарап тұр,
Сен де солай соғыс қыл.
Басыңа қара күн туса,
Соның өзін ерлік біл, –
деді Қазан. Ораз сөйлеп кетті. Тыңдаңыз, хан ием, ол не айтқан екен: 
«О, бек туған əкем! Сөзіңді ұқтым. Арафат тауында еркек тоқты 
құрбандыққа шалыныпты дейді ғой. Ұл əкесінің даңқын шығару үшін 
туады. Баласы беліне қылыш байласа, ол əкенің қамы. Сенен аянып 
қалатын басым жоқ», – деді Ораз. Хан ием, оған Қазан не деген екен, 
соны естіңіз: «О, ұлым, балам! Сен жау ортасын көрген жоқ едің. Бас 
кесіп, адам өлтірген жоқ едің, қан төкпедің. Қастары қияқтай болып 
тігілген қырық жігітіңді қасыңа алып, тау басына шық. Оның төскейі 
қандай сұлу! Сол жерден менің қалай соғысатынымды, жау тобына 
қалай кіріп, қалай қыратыныма, əдіс-айлама көзіңді салып тұр, сөйтіп 
əкеңнен соғыс өнерін үйрен, сонда сендер біздің артымызда бой 
тасалай тұрған əскер болып көрінесіңдер», – деді Қазан баласына. Ораз 
əкесінің айтқанын істеді. Қасына қырық жолдасын алып, биік таудың 
тасасына барып тұрды. Ол заманда бала əкесінің сөзін екі етпеген. Екі 
еткен баланың ісі оңға баспаған.
Ораз жалпақ таудың басына барып, найзасын жерге шаншып қойып, 
тасадан қарап тұрды. Қазан бек гəуірлердің жақын келіп қалғанын 
көрді де, атынан түсіп, таза сумен дəрет алды, басын сəждеге қойып, 
екі бас құтба оқыды. Тəңірінің атын айтып, тілін кəлимаға келтірді. 
Содан соң айғайлап атына қамшы басты да, жауға қылыш шаба 
бастады. Гəуірлердің құты қашып кетті, көздері түк көрмеді. Дабыл 
керней қағылып, алтын тілді зұрналар əскердің құлағын бітірді. Ол 
күні оғыз əскерлері қаша соғысты. Қылыштар біріне-бірі соғып, зың-
зың етті. Садақтан атылған шыбық жайлар жаңбыр болып жауды. Ол 
күні сүзіскен өгіздей найзалар дембіл-дембіл айқасты. Қоян жүрек 
қорқақтар кірерге тесік таппады. Ол күні Қазанның баласы Ораз соғыс 
қызығына қарай-қарай көзі талды, шыдамады: «О, қырық жігітім
келіңдер бері. Қара басым жолдарыңа құрбандық. Əкем Қазанның 
жауға қалайша бас салып, қан төгетінін көрдіңдер ме? Жас балаға 
көрінген астың бəрі тамақ болмайды. Байқауымша, əкем осы жауларды 
аяйтын сияқты. Мені сүйген жігіттер! Енді бізге не тұрыс бар? 
Гəуірлердің бір шетінен тиелік», – деді Ораз. Ол тұлпар атына қамшы 
ұрып қыздырды. Сөйтті де аттың басын жаудың оң қанатына бұрды. 
Жаудың оң қанатын да, сол қанатын да ол баудай түсірді. Соғысы тар 
жолға бұршақ жауғандай, көлдегі қара қуларға лашын шүйілгендей 
болды. Гəуірлердің бір қанатын су сепкендей ғып жапырды. Діні қара 
гəуірлер сасып қалды. Біреуі баланың астындағы атына оқ атып, ол 
құлап түсті. Оразды қоршап алды. Ораздың қырық жігіті аттан түсіп, 
сауыттарын буынып, қылышын жалаңаштап, Оразды қорғамақ боды. 
Көп қорқытады, терең батырады, жаяудың күні қараң. Жау Ораздың 
оңы мен солын бірдей қоршап, оның қырық жігітін қырды. Балаға 
жабылып, ұстап алды да, ақ саусақты қолын артына байлап, мойнына 
қыл арқан салды. Басын төмен салбыратып, аяғынан ер басына іліп 
қойып, сүйретіп ала жөнелді. Баланың тасқа тиген ақ етінен қан ақты. 
Бала атасының аруағына жалбарынып жылады, анасының атын айтып 
жылады. Қол-аяғы байланған мойнына арқан салынған, басын жерге 
қаратқан күйінде оны шетке алып кетті. Сөйтіп, Ораз жауға тұтқын 
болды. Қазанға бұл хабар барып жетпеді. Қазан болса, балам жауды 
жеңіп кейін қайтқан екен деп ойлап, баяғы баласы тұрған жерге келсе, 
ешкім жоқ екен: «О, бектер, балам қайда кетті екен?» – деп сұрады. 
Бектері тұрып: «Бала деген құс мінез. Ол өзінің анасына қашып кеткен 
болар», – десті. Қазанның салы суға кеткендей болды. Кейін қайтты. 
«О, бектерім, маған құдай қорқақ ұл берген екен. Анасына барған 
болса, оны сол анасының қолынан алып, қылышпен алты жерден турап 
итке тастармын. Сонда бұдан былай соғыс майданында серігін тастап 
ешкім қашпайтын болады», – деп бекінді Қазан. Сөйтті де ол қара 
атына қамшы ұрып, жолға түсті. Өз үйіне келді.
Қазанның келгенін хан қызы – сұңғақ бойлы Бөрлі сұлу естіп, жыл-
қыдан айғыр, түйеден үлек, қойдан қошқар сойғызды: «Бұл баламның 
тұңғыш олжасы ғой, оғыз елінің барлық ер туған бектеріне той 
берейін», – деп ойлаған еді. Қазанның келгенін білген соң, хан қызы 
орнынан тұрып, сусар тонын киіп, Қазанның отырған үйіне барды. 
Кірпіктерін ашып, оған тесіле қарады да, оң-солына көз тікті. Қасында 
баласы Ораз жоқ екен. Бір сұмдықты сезгендей, оның қара бауыры 
қарс айырылып, жүрегі ойнап кетті. Айналасына қара қына жаққан 
көздеріне қанды жас толды. Қазанға қарай сөйлей бастады. Не айтқан 
екен, хан ием, тыңдаңыз: «Уа, Салордың бегі, Салордың сəн-салтанаты, 
басыма қонған бағым, алтын үйімнің діңгегі, хан əкемнің күйеуі, ханым 
анамның сүйгені, жас қосылған жарым, Қазан бек! Мені саған əкем 
мен шешем өз қолынан беріп еді. Көзімді ашқан күннен бастап сенен 
басқаны көргенім жоқ, сенен басқаны сүйгенім жоқ. Таңертең қара жал 


 362
363
атыңа мініп, қасыңа ұлыңды алып аңға шықтың. Көлдің сұңғақ мойын 
ту құстарын атып, соның етін қара нарларың мен бедуин аттарыңа 
артып алдың. Аңға шыққанда екеу едің, жалғыз қайттың. Менің балам 
қайда? Ол менің қараңғы дүниеде көрген жарығым еді ғой? Бауырым 
ауырады. Тау-тастан құлап өлді ме ол, Қазан? Қамыс арасындағы арыс-
танға жем болды ма, Қазан? Əлде оны жау қолына беріп келдің бе, Қазан? 
Гəуірлер айдап кетті ме, Қазан? Əлде ол екі көзі төрт болып, тілі кеуіп, 
аштан, шөлден өлді ме, Қазан? Көзінің жасын неге көрмедің, Қазан? Хан 
əкем, ханым анам қайдасың деп зарлаттың ба оны, Қазан?» – деді Бөрлі 
сұлу. Ол сөзін тоқтатпады: «О, ұлым, балам! Басыма киген тəжім! Көз 
алдымда тұрған Қаратауымның биігі! Екі көзімнің шырағы! О, Қазан, 
жамандық желі ескендей, құлақтарым шулайды. Сарымсақ жегенім 
жоқ еді, Қазан, ішім өртеніп барады. Сары жылан шаққан жоқ еді, ақ 
етім ісініп, кеуіп барады. Қуарған емшегімнен сүт парлайды. Жалғыз 
ұлым қолда жоқ, бауырым күйіп тұр. Сол ұлымның хабарын айт, 
Қазан! Айтпасаң, қарғысымды қара басыңа жабармын, Қазан!» – деді 
тағы ол. Бөрлі сұлу бұл сөзді де місе тұтпай, үшінші сөзін де айтты: 
«О, жасаған, тал шыбықтан жай оғын жасап ойран салғандар неге 
қайтпайды? О, жасаған, жалпош атқа мініп, жауға аттанғандар келді, 
бедуин арғымағына мініп кеткен менің жалғыз ұлым неге келмейді? 
Нөкерлер келді, орынбасарлар келді, жасаған ием, менің жалғыз ұлыма 
не болған! Сол ұлымның хабарын айт, Қазан. Айтпасаң, менің от боп 
жанған қарғысыма душар боларсың, Қазан», – деді ол. Бөрлі сұлудың 
соңғы сөзі мынау болды: «Балам туғанда қаңсыған сайлар суға толып 
еді. Дəруіштерге қара шекпен жаптым. Елдің басы құралғанда олардың 
бəрін жақсылап сыйлап едім. Жалаңашты киіндірдім, ашты тойғыздым. 
Қорыққанға қуаныш болдым. Көптің дұғасымен туылған балам еді. 
Хабарын айт сол баламның, Қазан! Айтпасаң, қарғысымды өрт қылып 
шашамын саған, Қазан!» – деді. Ол тағы да сөйлей берді. «Егер ол 
Қаратаудың басынан құлап өлген болса, оны айт, сол тауды мен жоқ 
қылармын, Қазан! Асау өзендердің суына кетіп өлген болса, оны айт! 
Сол өзендердің көзін көмдірермін, Қазан! Баламды діні жаман гəуір 
қолына беріп келген болсаң, оны айт! Онда мен хан-əкеме барармын, 
көп əскер, үлкен қазына алармын да, гəуірдің елін шабармын. Жаралы 
болып, Кавказ атынан құлап өлгенше, қанымды жеңмен сүрткенше, 
ажал күні жеткенше, жалғыз ұлымның хабарын білмей, гəуір елінен 
келмеспін. Аяғыма кигенім байпақ болса, одан маған не пайда, Қазан? 
Қара тырнағыңды бетіңе салып жырт дегенің бе бұл, Қазан? Алма бетім 
қан болсын ба, Қазан! Сөйтіп жүзімді жапқан бет-пердем қан болсын 
дейсің бе, Қазан! Ордаңды азан-қазан қылып: «Ұлым, балам», – деп 
жылай берсем, не дер едің маған? Келеде қызыл бұйра нарлар болса, 
оның боздаған ботасы бар. Сол ботамнан айырылдым. Ботадай бозда 
дегенің бе бұл? Өрісте жылқы болса, оның кісінеген құлындары бар, сол 
құлындарша кісінетіп қойғаның ба бұл? Үйірлі жылқының айғырсыз 
сəні келе ме? Ақтылы қой өріске кетсе, оның маңыраған қозысы бар, 
сондай қозымнан айырылдым. Сол қозыдай маңырай бер дейсің бе 
маған? «Ұлым!» – деп зарлатып қойғаның қалай мені?» Əйел онымен 
тынбай, арманын айтып сарнады. «Ойымда нелер жоқ еді. Армандарым 
көп еді. Орнымнан тұрармын, қара жал Кавказ атына мінермін, оғыз 
елінің бектеріне барармын, балама елден таңдап, қара көзді сұлудан 
қалыңдық алып берермін, қара жерге ақ шатырды тігермін, той-
думанды құрармын, баламды ұясына қондырып, мұратына жеткізермін 
деп жүруші едім. Сол арманыма неге жеткізбедің? Бар сенгенім сен 
едің, Қазан! Қара көзімнің алдында ұлым жоқ. Бауырым оттай жанады. 
Айт, көргеніңді маған. Айтпасаң, кеудемде жанған от саған қарғыс 
болып тиеді, Қазан», – деді ол.
Ананың баласын жоқтап айтқан мына сөздерін естіген Қазанның 
басы даң болды. Іші-бауыры өртеніп, шошынған жүрегі ойнап кетті. 
Қара көздеріне жас келді. Сөйлей бастады: «О, сұлуым, ұлымның 
қайда кеткенін білсем, оны мен сенен сұрар ма едім? Қамықпа, 
қорықпа, ұлың аңда жүрген шығар. Аңға кеткен балаға алқынбас 
болар. Қазаныңа жеті күнге мəулет бер, ұлың жерге кірген болса, оны 
табармын, көкке ұшқан болса, аяғынан тартып алармын. Тапсам – 
таптым, таппасам – тəңірінің өзі беріп, өзі алған болар, менде не қайрат 
бар? Онда қайғымыз ортақ болғаны», – деді Қазан. Сонда хан қызы тіл 
қатты: «Баланың аңда жүргенін мен қайдан білемін, Қазан? Шаршаған 
атыңа мін де, мұқалған найзаңды қолыңа алып, өзің іздеп тауып 
кел», – деді еріне. Қазан келген жолына түсіп, баланы іздеп кетті. Түн 
болған соң, баланың анасы ешкімге сырын айтпай, еліне хабар салып: 
«Балам жау қолында қалыпты, бектерге тегіс сəлем, маған тоқсан тобыр 
жасақ берсін», – деді. Сол жасақты алып, ол соғыс болған жерге келді. 
Келсе, баланың қырық жорасы өліпті. Баланың бедуин тұлпарына оқ 
тиіп, жайрап жатыр екен. Өліктер арасында баланың мүрдесі жоқ екен. 
Бір жерден топшасынан үзілген қамшысының алтын сабын тауып алды. 
Баласының жау қолында кеткенін анық білді. «О, ұлым, асқар тауым! Қан 
жүрегімнің тасып аққан дариясы! Қартайғанда көрген жалғызым!» – деп 
зарланды ана. Көз жасын сығып, кеткен жаудың ізіне түсті.
Гəуірлер иір-иір тау жоталарының бір жасыл сайына барып той 
жасап жатыр екен. Балаға қара шекпен кигізіп, табалдырыққа көлденең 
байлап тастаған екен. Үйге кірген, шыққандар соның үстін басып 
өтеді. Біздің қолымызға ежелгі жау – татардың баласы түсті, біз оны 
қорлықпен өлтірелік деп табалдырыққа көлденең тастаған едік. Осы 
кезде Қазан келіп жетті де, қара атына қамшы ұрып, жауға тиді. Қазан 
келген соң, жаудың үрейі ұшып, біреуі атына мінді, біреуі сауытын киді. 
Сонда есікте жатқан бала: «О, гəуірлер, лезде алай-түлей болдыңдар, 
не болып қалды?» – деп сұрады. Гəуірлер: «Сенің əкең келді, соны 
ұстап алсақ дейміз», – десті. Бала тұрып: «Тəңірінің тəубасына сенемін, 
əділірек болыңдар, гəуірлер», – деді. Гəуірлер балаға ықылас көрсетіп 
аяқ-қолын шешті де, түнектен шығарды. Бала əкесінің алдынан шығып, 
тілдесті. Тыңдаңыз хан ием, не айтқан екен: «Сөзіме құлақ сал, бек 


 364
365
əке! Менің қолға түскенімді, жаудың қолыма құрсау салып, мойныма 
ала арқан салғанын, қара көз қырық жігітімнің мерт болғанын қайдан 
білдің? Сенің келгеніңді білген соң, гəуірлер ақылдасып: «Қара атқа 
мініп Қазан келді, оны ұстап алалық, екі қолын артына байлап есінен 
тандыралық. Содан соң басын кесіп, қанын қара судай ағызалық, соған 
қосып, баласын да бауыздармыз, сонымен Қазан ошағының жанған 
оты өшеді», – десті. Келісім осылай болды. О, хан əкем! Соғысқанда 
шапқан атың сүрініп кетіп, өзің жау қолына түсесің бе деп қорқамын. 
Онда бұлар сенің алтын басыңды кеседі, сен өлсең, анам: «О, басыма 
қонған бағым, Қазан, ұлым екеуің бірдей келмеске кеткенің бе?» – 
деп зарланбай ма? Атыңның басын тарт, Қазан, өлмей тұрып алтын 
үйіңе жет. Қартайған анама қуат бол. Сен өлсең, менің қарақат көзді 
қарындастарым жетім қалады, анам кемшілік көріп, өмірінше зарланып 
өтеді. Баласы үшін əкесі өлмек жоқ. Тəңірі атынан өтінемін, еліңе қайт, 
үйіңе жет. Алдыңнан анам шығып: «Балам қайда қалды?» – деп сұраса, 
оған шын хабарымды жеткіз. Балам жау қолына түсіпті, ақ саусақты 
қолдары артына байланып, ақ мойнына қыл арқан салыныпты, шошқа 
сарайда қамаулы екен. Арқан мойны мен қолын қиып кетіпті, темір 
құрсау тобығын қанатыпты, жейтін асы арпаның қатқан наны мен ащы 
сарымсақ екен дерсің. Анам мен үшін көп уайымдай бермесін. Бір ай 
күтсін, ол болмаса, екі ай күтсін. Екі айда келмесем, үш ай күтсін. Үш 
айда келмесем, мені өлді деп білсін. Жылқыдан айғыр сойып, маған ас 
берсін. Бөтеннің қызы – айттырған қалыңдығыма рұқсат берсін, тойға 
тігетін шатырыма жат кіретін болсын. Ана үстіне көк көйлек киіп, 
басына қара салсын, бүкіл оғыз елі мені қаралы киіммен азаласын. 
Қайт ізіңше, əке! Қара басым сенің жолыңа құрбан болсын!» – деді 
бала. Бала сөзін айта түсті. Не айтқан екен, хан ием, тыңдаңыз: «Тек 
қарсы алдымда тұрған Қаратауым құламасын, ол елімнің кең жайлауы 
еді, сулы өзендерім аман болса, елдің шырайы кірер. Келелі түйем аман 
болса, бота болады. Ақтылы қойым аман болса, қозы болады. Бектерім 
аман болса, ұл болады. Əкем, өзің аман бол, анам аман болсын, құдай 
берсе, ол менен де артық ұл туады. Ол анамның ақ сүтіне риза болсын. 
Соғысты қойып, елге қайт, əке?» – деді баласы.
Оған Қазан хан не деген екен, соны тыңдалық, хан ием: «О, ұлым, 
балам! Сен менің көз алдымда тұрған асқар Қаратауым едің. Менің 
қанымнан жаралып, алып тұлғама қуат болдың. Сен менің қара көзімнің 
шырағы едің. Сен үшін орнымнан ерте тұрып, қара атымды терге бұлап 
келіп тұрмын. Сен менің тұт ағашым болсаң, арша еткелі келдім. Сенен 
аяр жаным жоқ, ұлым! Сен кеткелі көзімнің жасы көкке бұлт болып 
шығып, жерге жаңбыр болып жауды. Даңғыра-сайран құра алмадым. 
Өзіңді қадірлейтін бектердің баласы ағын тастап, киімнің қарасын киді. 
Қаздай қалқыған менің қыздарым, сенің қарындастарың да тегіс қара 
киді. Кəрі анаңның көздерінен жас орнына қан ағады. Сақалы ағарған 
əкеңнің басына қайғы тұманы түсті. Егер мен соғыс ашпай, үйге 
қайтсам, алдымнан анаң шығып: «Балам қайда қалды?» – десе – не 
деймін? «Балаңды жау тұтқындап, аяқ-қолын артына байлапты, ақ 
мойнына ала арқан салыпты, гəуірлер жаяу айдап кетіпті», – десем, 
менің батырлық намысымнан не қалады? Қыл арқан оның білегі мен 
мойнын осып кетіпті, ауыр шынжыр тобығына таңба салыпты, жегені 
арпаның қара наны мен ащы сарымсақ екен»,– деп барсам жақсы 
болар ма? Қаратау қарыса, оған шөп өспейді, ел жайлауға көшпейді. 
Сылаңдап аққан өзендерден су кетсе, елге жұт келеді. Қара жал, арғы-
мақ биелер қарыса, құлын тумайды. Ер жігіт қарыса, ол ұлды бола 
алмайды. Əкең – шал, шешең – кемпір. Құдай бізге сенен артық ұл 
қайдан береді? Сенің орныңды ол баса алмайды. Мен жауға аспанды 
торлаған қара бұлт болып төнермін. Гəуірлерге көктен түскен назағайша, 
қамысқа түскен өрттей тиермін, бір ұрғанда тоғызын өлтіріп, ерлігімді, 
атағымды əлемге аян етермін. Тəңірі қолдасын», – деді əкесі. Осыны 
айтып ол атынан түсті де, таза сумен дəрет алды, басын сəждеге қойып 
құтба оқыды, əулие-əнбие мен көк тəңіріне жалбарынды. Түйедей 
боздап, арыстандай ақырып, көзіне жас алды. Содан соң атына мініп, 
гəуірлерге жалғыз тиіп, қылыш ұрды. Қаша соғысып ол біраз уақыт 
жауды шөптей жапырды, жеңермін деп ойлап еді, жеңе алмады. Бір 
кезде қабағына қылыш тиіп, көзіне қан құйылды. Таса жерге қашып, 
жан сауғалады. Енді бұдан арғы жайды айталық.
Бұл кезде сұңғақ бойлы Бөрлі сұлу баласын ойлап, жаны төзім таппаған 
еді. Өзінің қаражал айғырын алдырып, айдан аппақ қырық нөкер қызын 
қасына ертіп алды. Беліне қылыш байлап: «Басыма киген тəжім – Қазан 
келмеді», – деп соның кеткен ізіне түсті. Талай белден асып, Қазанға 
келді. Қазан өзінің əйелін танымай қалды. Ханымды көргенде: «Атыңның 
басын бері бұр, жігіт, жүзіме тік қара жігіт, астыңдағы қара айғырыңды, 
қолыңдағы ақ найзаңды, беліңдегі көк болат семсеріңді маған бер, жігіт. 
Жəрдемге кел бүгін, қамалымды, елімді саған берермін», – деді Қазан. 
Сонда əйел: «Не айтып тұрсың, Қазан? Мені жігіт деп шатасып жас 
күніңді еске алып тұрсың ба? Таң атпай орныңнан тұрыпсың, Қазан. 
Қара жал айғырыңа мініпсің, Қазан. Сен өлсең, менің Қаратауымның 
құлағаны, Қазан. Менің көлеңкелі дарағымның кесілгені, Қазан. Қолыңа 
пышақ алып, менің ақ шатырымның көздерін қиғаның, Қазан. Менің 
жалғыз ұлым Ораздың түбіне жеткен сен, Қазан. Атыңа асығыс мініпсің, 
Қазан. Бірақ бойыңнан қуат кетіп, аяғың үзеңгіге жетпейтін болыпты, 
Қазан. Хан қызы, өз əйеліңді танымай қалған көздерің де ештеңені 
көрмейді. Күшің кетіп, қарығаның ба, Қазан? Қылышыңды серме, мен 
келдім, Қазан».
Осы кезде бірінің артынан бірі оғыз елінің батырлары да келіп 
жетіп еді. Тыңдаңыз, хан ием, кімдер келген екен. Бесігіне қара өгіз-
дің терісін жауып, жау келетін қара сайдың қақпасына қойған, сол 
өгіздің күші бар, қаһарланса, қара тасты құм қылған, ұзын мұрттарын 
желкесіне жеті жерден байлап қойған батыр Қазанның інісі Қара Көне 
келіп: «Қазан аға, қылышыңды қолыңа ал, мен келдім», – деді. Бұдан 
басқа кім келген екен, көріңіз, хан ием. Қара сайдың аузына салынған 


 366
367
Дербент қамалының темір қақпасын бұзған, алпыс тұтам ала найзасын 
салғанда жауды күшіктей қыңсылатқан, бір сайыста Қазанның өзін де 
аттан үш рет домалатқан, Қиян Сейілхан баласы ержүрек батыр Дондаз 
келіп: «Қазан əке, қылышыңды қынаптан ал, мен келдім!» – деді. Одан 
соң кім келген екен, оны да есітіңіз. Баяндүр ханның рұқсатынсыз жау 
қамалын бір өзі алған, алпыс мың гəуірге қан құстырған, Ғафлет оғыз 
баласы Шамсаддин-Шер шауып, ол жетті: «Қылышыңды жұмсай бер, 
Қазан, мен келдім», – деді. Бұдан соң кім келген екен, оны да көрелік. 
Өзінің Байшұбар атына мініп, үйлену үшін тіккен шатырын тастап жауға 
аттанған, Байбурд қаласын, Пара-Сара қамалын алған, бүкіл оғыз елінің 
бас батыры, Қазан бектің орнын басатын Байрақ шауып жеткен еді: 
«Қылышыңды жұмса, Қазан, мен келдім», – деді. Оның артынан жауға 
бүркітше шүйілген, қара құсты белбеуімен ұрып алған, жаудың үрейін 
ұшырған, құлағына алтын сырға салған Қазылық оғыз баласы Иекенк 
келді. «Қылышыңды ал қынаптан, Қазан, мен келдім», – деді ол. Тағы 
кімдер келген екен, көрелік. Оғыздардың 24 тайпасына бірдей жаққан, 
сөзі шырын, атақты Дундаз батыр келді. Оның артынан мыңдаған 
елді басқарған Дүкер, бекдүр руынан шыққан мың басы Əмен, оған 
жалғас тоғыз-оғыз руының көсемі Аруз келді. Келген бектердің бəрін 
санап жеткізу қиын. Қазанның барлық бектері келіп, шоқтай жиналды. 
Олар таза сумен дəрет алып, екі бас құтба оқып, тəңірінің атын тілге 
алып, жалбарынды. Содан соң аттарына қамшы басып, қылыштарын 
жалаңаштап, жауға тиді. Ол күні қорқақтар жердің тесігі болса, соған 
кіріп кете жаздады. Қанды соғыс қызып, ен дала адам басына толды. 
Ол күнгі соғыс махшардың өзімен бірдей болды. Нөкер өзінің бегінен, 
бек өзінің нөкерінен көз жазып қалды. Сыртқы оғыздардың батыры 
Дундаз жаудың оң қанатынан тиді. Қара Бодақ өзінің жас жігіттерімен 
сол жақтан тиді. Қазан орталықтан тиді. Ол Тагавор, одан соң Шөкли 
патшамен жекпе-жек сайысып, екеуін де құлатып, қанын судай ағызды. 
Оң қанатта соғысқа Дундаз Қара Төкен патшамен сайысып, оның 
басын кесіп, өзін жерге құлатты. Сол қанаттағы соғыста Қара Бодақ 
Бұқашық батырмен сайысып, оны найзамен шаншып құлатты да, есін 
жиғызбай басын қылышпен шауып тастады. Сұңғақ бойлы Бөрлі сұлу 
гəуірлердің қара туын қылыштап, жерге құлатты. Тагавор қолға түсіп, 
тұтқын болды, гəуірлер қашты. Жеңіліс тапқан гəуірлердің өлігі ой мен 
қырда жер тезек болып жатты. Он бес мың гəуірлердің көбі өлді, азы 
қолға түсті. Қазан баласын тауып алып, аттан түсіп, оның қол-аяғын 
босатты. Əкесі мен баласы бір-бірін аман-есен көріп, жылап табысты. 
Оғыздар жағынан үш жүз жігіт шейіт болды. Сөйтіп Қазан баласын 
жаудан құтқарып, еліне қайтты. Олар дін үшін күресіп, ерлік көрсетті. 
Оғыз бектері олжа бөлісті. Қазан Ақшалда мен Сүрмеліге келіп, қырық 
жерден шатыр тіктірді, жұрт жеті күн, жеті түн ойын-сауық құрды
ішіп-жеді. Баланың аман келгені үшін Қазан бек қырық құл мен қырық 
күңге азаттық берді. Жас батырларға мол сыйлық, тарту-таралғы берді, 
ішік, мауытыдан шапан жапты.
Сол тойға Қорқыт келіп, қуанышты жыр айтыпты. Бұл жырды сол 
тудырған еді. Бір сөзінде ол: «Бір кезде бүкіл əлемді шайқаған сол 
бек-батырларым енді қайда кетті? Оларды ажал олжалап, жүздері жер 
астына түсті. Жалған дүниеде опа бар ма? Адам өмірі құбылмалы. 
Адамдар келеді, кетеді. Оның ақыры баянсыз», – депті.
Мен сізге бата бергім келеді, хан ием, сенің туып-өскен мына 
Қаратауың құламасын. Көлеңкелі дарағың қурап, кесілмесін. Мəңгі 
аққан өзендеріңнің суы тоқтамасын. Тіккен шатырларыңның бауы 
сөгілмесін. Қара ниет жауыздардан жаран жинай көрме. Астыңа 
мінген ақбоз атың шабысынан танбасын. Қайыспас қара болатыңның 
жүзі мұқалмасын. Құдайдың берген бағы баянды болсын. Махшарға 
барғанша тұтынған дінің өзіңе серік болсын. Сіздің құрметіңіз үшін 
бес ауыз дұға оқыдық. Сол сөздердің қанаты бірлесіп, жігі берік 
болсын. Мұхамед пайғамбардың құрметі үшін құдай сіздің күнəңізді 
жеңіл етсін, хан ием!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   134




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет