«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары


V. ТОҚА БАЛАСЫ ЕРЖҮРЕК ДОМРУЛ



Pdf көрінісі
бет61/134
Дата30.05.2023
өлшемі2.89 Mb.
#474470
түріБағдарламасы
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   134
АДЕБИ ЖАДИГЕРЛЕР 1 том

V. ТОҚА БАЛАСЫ ЕРЖҮРЕК ДОМРУЛ 
ТУРАЛЫ ЖЫР
Хан ием! Оғыздар елінде Тоқаұлы Домрул дейтін батыр болған. 
Ол сусыз өзенге көпір салып, содан өткен адамнан 33 теңге алыпты. 
Осыны көпсініп, өткісі келмегендер болса, оларды ұрып-соғып 40 
теңгеден алыпты. «Мұның қалай?» – дегенге, ол былай жауап берген: 
«Оғыз елінде менен асқан батыр бар ма? Бар болса, олар менімен 
не үшін күш сынаспайды? Осылай етсем, менің ерлігім, жастығым, 
жігіттігім, даңқым Рум мен Шам еліне жетеді», – деген. Бір күні сол 
көпірге көшіп келе жатқан бір ауыл кез болады. Көш ішінде ауырып 
жатқан бір жақсы жігіт бар еді. Күні жетіп, сол жерде қайтыс болады. 
Қыршын жігіттің ажалын көшкен ел қатты қайғырып азалайды. Біреу 
ұлым деп жыласа, біреу інім деп жылайды. Сол кезде бұларға Домрул 
шауып келіп: «Тұқымы оңбағандар, менің көпірімнің аузына келіп, не 
үшін шулайсыңдар? Кімді жоқтап, қайғырып жатырсыңдар?» – депті. 
Олар бұған: «О, хан ием, бір жақсы жігітіміз өліп, соған жыласып 
жатырмыз», – депті. Ержүрек Домрул: «Жігіттеріңді кім өлтірді? – деп 
сұрайды. Олар: О, бек жігіт, Алла бұйрығы солай болды. Жігітіміздің 
жанын қызыл қанат Əзірейіл алды», – депті. Ержүрек Домрул оларға: 
«Адам жанын алатын Əзірейіл дегенің қандай адам еді? Өлгенің 
тіріліп, өмірі ұзаратын болса, Əзірейілді маған көрсет, ұрысып көрейін, 
сонда ол адамның жанын ендігəрі алмас, жақсы жігіттеріңнің жанын 
өзіне қайтарар едім», – депті. Осыны айтып, ержүрек Домрул өзінің 
үйіне келді. Құдайға Домрулдың мына сөзі ұнамай қалған еді. Ол 
өзінің қаһарына мініп: «Мынау ақымақтың сөзі қалай еді? Ол менің 
барлығымды, бірлігімді біліп жетпеген екен, тілі кəлимаға келмепті. 
Кешірім сұрау үшін ол менің сарайыма келетін болсын», – деп Əзірейілді 


 368
369
жұмсады: «Бар, Əзірейіл, сол тентектің өз жанын ал. Түсіңді көргенде 
ол қорқатын болсын, тұқымы оңбаған ақымақты тəубаға келтір, үрейін 
ұшырып, шырылдатып жанын ал да, мұнда алып кел», – депті.
Батырлардың батыры Домрул қырық жігітін қасына алып, үйінде 
ішіп-жеп, сауық жасап отырған кезде Əзірейіл кіріп келіпті. Оның 
келгенін дінді мойындамайтын Домрул да, оның қырық жігіті де 
көрмей қалды. Домрулдың оттай жанған көздері түк көрмей қалды, 
күшті қолдары сылқ етіп төмен түсті. Көзінің алдына шексіз-түпсіз бір 
қараңғылық келді. Сол кезде ер туған Домрул айғайлап сөйлеп кетті. 
Не айтқан екен, соны көрелік, хан ием! Əзірейілге ол: «Япырай, неткен 
түсің жаман шал едің сен? Дінді мойындамаушылар сені көрмей 
қалды. Сені есіктегі қарауылдар да аңғармады. Менің жарқын көзім 
сөніп барады, қолдарымнан əл кетті, жүрегім қалтырайды, қолымдағы 
алтын кесем түсіп кетті. Тамағыма мұз қатты, сүйектерім топырақша 
езіліп, тозаңға айнала бастады. О, сақалы қудай, көзі көрдей қарт, сен 
қайдан келген пəле едің? Мен сені бүгін ғана көріп тұрмын ғой, айтшы 
маған, мырзам, білгеніңді. Менің жайымды да ұғын», – деді. Бұл сөзге 
Əзірейілдің ашуы келді. «Ақылсыз кеще, менің көрдей көзім саған 
не үшін жақпай қалды? Мен екінің бірінде, көзі көк қыздардың да 
жанын алғанмын. Аппақ қудай сақалым саған неге ұнамай қалды? Кезі 
келгенде мен ақсақалды қарт, қара сақалды жігіттің де жанын алғанмын. 
Сақалым содан ағарған, сен менің сыртымнан күш көрсете сөйлепсің. 
Егер қызыл қанат Əзірейіл қолыма түссе, өзім өлтіріп, қайтыс болған 
жігіттің жанын өзіне қайтарар едім депсің. Ей, ессіз, енді мен сенің 
өз жаныңды алғалы келіп тұрмын. Жаныңды бересің бе əлде менімен 
ұрыс жасап көресің бе?» – деді Əзірейіл. Сонда ер туған Домрул: «Е, 
қызыл қанат Əзірейіл сен бе едің?» – деп сұрады. «Иə, мен», – деді ол. 
«Əлгі жақсы жігіттің жанын алған да сен бе?» «Иə, барлық адамның 
жанын мен аламын», – деді Əзірейіл. Сонда ержүрек Домрул өзінің 
серіктеріне: «Ей, құдайдан безгендер, қақпаны жабыңдыр. Əзірейіл сен 
болсаң, өзіңмен бір кең жайда күш сынасып көрсем деп едім, тілегенге 
сұрағандай, сен маған тар жерде кездестің. Енді мен сені өлтіремін, 
сөйтіп өлген жігіттің жанын өзіне қайтарамын», – деді Домрул. Содан 
соң ол қылышын қынабынан суырып алып, Əзірейілге тап берді. 
Əзірейіл кептерге айналып, терезеден ұшып шықты да, көзден ғайып 
болды. Батырлардың мықтысы Домрул алақанын ұрып, қарқылдап 
күліп жіберді. Əзірейілдің зəресін алған шығармын. Қорыққанынан ол 
кең қақпаны қойып, тар терезеден қашты ғой. Қолыма түспей қалды. 
Ол құс түсіне кіріп, кептер болды да, ұшып кетті. Соңына сұңқарымды 
салып, сол кептерді ұстармын», – деді. Содан соң атына мініп, қолына 
сұңқарын ұстады да, Əзірейілді қуа жөнелді. Бір-екі кептерді өлтіріп, 
үйіне қайтпақ болды. Сол кезде оның алдынан Əзірейіл кездесті. Аты 
үркіп кетіп, Домрул жерге құлап түсті. Мойны астына екі бүктеліп 
түскен еді. Сол кезде Əзірейіл оның кеудесіне мініп алып, қылғындыра 
бастады. Ол демін ала алмай əлсіреп, қырылдады. Өлер халге келгенде 
ол: «Кешіре көр, Əзірейіл, құдайдың бірлігіне сенейін. Мен сенің 
мұншалық күшті екеніңді білмеуші едім, тат елі сияқты адам жанының 
ұрысы екенсің ғой. Біздің ел биік тауларда тұрады, сол тауларда жүзім 
жемісі өседі. Оның жемісі қап-қара болады. Сол жемісті сығып ашытса, 
шарап болады. Шараптан ішкен адам мас болады. Сен келгенде мен 
мас едім, не айтып не қойғанымды білмеппін. Ерлігіңді жаңа білдім. О, 
Əзірейіл, жанымды алма, кешіре көр», – деп жалбарынды. «Ақылсыз, 
менен несіне кешірім сұрайсың. Жаныңды құдайдан сұра. Менің 
билігімде не бар? Мен тек орындаушымын», – деді Əзірейіл. Сонда 
ержүрек Домрул: «Жан беріп, жан алушы құдайдың өзі ме еді?» – 
деді. «Иə, соның өзі», – деді Əзірейіл. «Онда сен менің қалайша ием 
боласың? Қаңғыбас біреу болсаң, жөніңді тап, кет бұл жерден, мен 
көктегі сол құдайдың өзімен сөйлесемін», – деді. Хан ием, тыңдаңыз, 
ол не айтқан екен: «О, құдай, сен дүниедегі биіктердің бəрінен де 
биіксің. О, жүзі жарық құдай, сенің қандай екеніңді ешкім білмейді. 
Ақымақтар сені көктен іздейді. Шынында сен жерде болсаң керек. 
Сен дінге сенген əрбір адамның жүрегіндесің. Сен мəңгі сақталатын 
жұмбақтардың сандығысың. Жанымды алар болсаң өзің ал, Əзірейілге 
берер жаным жоқ», – деді. Жойқын батыр Домрулдің бұл сөзі құдайға 
ұнап еді. Ол Əзірейілге күркіреп əмір берді. «Ақымақ мені таныды. 
Құдай бір деп иман келтірді. Енді сен Домрулге айт, ол өз жанының 
орнына басқа біреудің жанын тауып беретін болсын, оның өз жанына 
тиме», – деді. Сонда Əзірейіл жойқын батыр Домрулге: «Құдайдан 
бұйрық келді, Домрулдің өз жанына тиме, соның орнына ол басқа 
біреудің жанын тауып беретін болсын», – деген сөзді айтты. Домрул 
оған: «Мен біреудің жанын қайдан табамын? Жан орнына жан беруге 
де болады екен ғой. Менің қартайған əкем, кемпір болған анам бар, 
соған баралық. Соның бірі мен үшін жанын берсе, сол жанды аларсың. 
Менің жанымда жұмысың болмасын», – деді Домрул. Содан соң 
ол əкесіне келді, əкесінің қолын сүйіп, сөйлей бастады... Тыңдалық, 
ханым, ол не айтқан екен: «О, ақсақалды жан əкем! Қымбат, қадірлі 
əкем! Менің басыма қандай іс түскенін білдің бе? Мен дінге қарсы 
сөз сөйлеп, құдайға жақпадым. Сол үшін ол Əзірейілге бұйрық беріп, 
Домрулдің жанын ал депті. Қызыл қанат Əзірейіл мені қылғындырып, 
тəтті жанымды алмақ болды. Құдайдың рақымы түсіп, оның жанына 
тиме, орнына жан тапсын деген соң келіп тұрмын. Мен үшін құдайға 
жанынды бер, əке. Жаның өзіңе қымбат болып қиналар болсаң, оны 
айт», – деді Домрул. Əкесі оған: «О, ұлым, сен менің жанымның 
бөл шегісің. О, арыстан туған балам, сен туғанда мен нардан таңдап, 
тоғыз үлек сойғызып, той істедім. Сен менің алтын үйімнің тірегісің. 
Сен менің қаздай қалқыған қыздарымның гүлі едің. Керегі болса, 
менің көз алдымда тұрған Қаратауымды ал. Ол Əзірейілге жайлау 
болсын. Суы салқын құдықтарым керек болса, оны да алсын, ол сусын 
болады. Менде желдей жүйрік үйір-үйір жылқы бар, мінеріне соны 
алсын. Керек десе, ақтылы қойымды алып, сойыс қылсын. Жаратуға 


 370
371
алтын-күміс керек болса, оны алсын. Өмір деген тəтті, жан қымбат, 
жанымды бере алмаймын. Оған соны айт. Саған менен де жақын, 
өзіңе сүйікті анаң бар, соның жанын сұрап көр», – деді əкесі. Домрул 
əкесі жанын бермеген соң, анасына келді. «О, анам, менің басыма 
ауыр күн туды. Аспаннан қызыл қанат Əзірейіл түсіп, кеудеме мініп, 
мені қылғындырды. Қырылдап, сөйлеуге шамам келмеді. Енді сенен 
жан сұрап келіп отырмын, мен үшін жаныңды бере аларсың ба? Əлде 
«жаным өзіме керек» деп, қарға түстес қара шашыңды жұлып, бетіңді 
тырнар ма едің?» – деді Домрул оған. Тыңдалық, анасы не деген екен: 
«О, Ғазиз ұлым, балам! Мен сені тар құрсағымда тоғыз ай, он күн 
көтеріп туып едім. Бесікке салып, жөргегіңді тазарттым. Ақ сүтімді 
беріп, еміздім. Егер сен ақ мұнаралы қамалға түсіп, гəуірлерге тұтқын 
болсаң, тірнектеп жиған барлық алтын-күмісімді беріп, діні жаман 
гəуірлерден құтқарып алар едім. Жан беру оңай емес. Жан деген тəтті, 
оны бере алмаймын», – деді анасы. Сөйтіп, о да баласы үшін жанын 
бермейтін болды.
Бұдан соң Əзірейіл қайта келіп, Домрулдің жанын алмақ болды. 
Домрул оған: «Кешір, Əзірейіл! Құдайдың бірлігіне сенемін», – деді. 
«Ей, ақылсыз тентек! Саған енді қандай кешірім керек? Жанын сұрап, 
сақалы қудай болған əкеңе бардың. Ол жанын бермеді. Ақ шашты анаға 
бардың, о да жанын берген жоқ. Сен үшін жанын беретін енді кімің 
бар?» – деді Əзірейіл. «Менің қамымды жейтін адамым бар», – деді 
Домрул. «Ей, ақылсыз тентек, ол қандай адам?» – деді Əзірейіл. «Түбі 
бөтен əйелім, содан туған екі ұлым бар. Соларға айтатын өсиетім бар. 
Сол өсиетімді айтып қайтуға рұқсат бер», – деді Домрул. Сөйтіп ол 
əйеліне барды: «О, сүйген жарым, менің басыма қандай күн туғанын 
білдің бе? Аспаннан қызыл қанат Əзірейіл келіп, кеудеме мінді, 
жаныңды аламын деп қылғындырды. Жан тəтті екен. Жаныңды бер деп 
əкеме барып едім, ол жанын бермеді. Шешеме барсам, о да жан өзіме 
керек деді. Екеуі де баладан жан тəтті десті. Енді өзіңмен қоштасқалы 
келіп отырмын. Артымда қалған биік тауларым саған жайлау болсын. 
Мұздай құдықтарымның суы саған сусын болсын. Артымда қалған 
үйірлі жылқым, келелі түйем, ақтылы қойым сенікі болсын, өзің 
кімді ұнатсаң, соған тиіп ал, бірақ артымда қалған екі балам жетімдік 
көрмесін», – деді Домрул. Сонда əйелі оған: «Батыр туған жарым! Не 
айтып тұрсың өзің? Көзімді ашқалы өзіңнен басқаны көргенім жоқ еді, 
жүрегімнің сүйгені бір ғана өзің едің. Тəтті ерініңнің балы тілімнен 
кетпейді. Тар төсекте бас қостық. Сенен қалған соң, маған биік тау-
лардан не пайда? Сол тауларды жайлау етер болсам, ол менің көрім 
болсын! Құдықтарыңның мұздай суы менің бойымды суытқан қаным 
болсын. Сенен қалған алтын-күмісті жаратар болсам, ол маған кебін 
болсын. Сенен қалған жүйрік аттың үсті маған көр болсын. Сенен соң 
біреуге тиер болсам, ол мені сары жылан болып шақсын. Анаң мен 
əкең ақылсыз екен, олар саған жанын неге бермейді? Құдайдың жарық 
күні, алтын тағы куə болсын, астымдағы жер, үстімдегі көк куə болсын, 
Алланың өзі куə болсын, менің жаным сенің садағаң болсын, беремін 
жанымды сен үшін!» – деді əйелі. Осыны айтып, ол жан беруге əзір 
болды. Əзірейіл жан алуға келді. Бірақ батыр əйелін өлімге қимады. 
Құдайға жалбарынып, мұңын шақты. Тыңдалық, ол не айтқан екен: «О, 
құдай, сен биіктердің биігісің. Сені ешкім көріп білген емес. Көптеген 
ақымақ сені көктен іздейді. Енді біреулер жерден іздейді. Сен əрбір 
сенуші адамның жүрегіндесің. Сен мəңгі жасайтын билеушімсің! Сен 
үшін мен ұзын жолдардың бойынан құттыхана үйлер саламын. Сенің 
құрметің үшін ашқа тамақ, жалаңашқа киім боламын. Жанға зəру болсаң, 
əйелім екеуміздің жанымызды бірдей ал. О, мейірман, рақымды құдай, 
қалдырар болсаң, екеуіміздің жанымызды бірдей қалдыр», – деп тілек 
етті. Бұл тілек құдайға барып жетті. Ол Əзірейілге: «Домрулдің əкесі 
мен шешесінің жанын ал, ерлі-зайыпты мынау екеуіне 140 жылдан өмір 
беремін», – депті. Əзірейіл Домрулдің əкесі мен шешесінің тынысын 
тарылтып, жанын алыпты. Домрул өзінің жұбайымен 140 жыл өмір 
сүріпті.
Менің атам Қорқыт келіп, жыр айтыпты. «Бұл жыр ержүрек батыр 
Домрулге арналсын депті. Менен соң бұл жырды бүкіл оғыз елінің 
ұзандары айтатын болсын, оны оғыз елінің жүзі жарық барлық ерлері 
тыңдай білсін», – депті ол. Хан ием, өз басым сізге батагөймін: өзіңе 
кең жайлау болған Қаратау күйремесін. Көлеңкелі биік дарағың көктеп, 
көгере берсін. Тасып аққан өзендерің шөлге айналмасын. Жаман 
адамдардың сөзіне ерме. Сіздің жауабыңызға бес ауыз сөзбен дұға 
оқыдық. Сол дұғам қабыл болсын, сол бес сөз бас қосып, сізге ақылшы 
болсын. Аты Мүбəрак Мұхамедтің құрметі үшін құдай сіздің күнəңізді 
жеңілдетсін, хан ием!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   134




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет