МӘдениетаралық коммуникация теориясы мен практикасы


Түрлі мәдениеттер стереотипі



бет3/8
Дата24.04.2016
өлшемі0.81 Mb.
#85213
1   2   3   4   5   6   7   8

2.2 Түрлі мәдениеттер стереотипі

Адамдардың әлем туралы түсінігі қандай мәдениетте туып, тәрбиеленгеніне қарай әртүрлі. Басқа мәдениет өкілінің мінез-құлқын түсіндіргенде ойға олардың өмір салты, әдет-ғұрпы, яғни этномәдени қасиеттерінің жүйесі оралады. Мысалы, американдық студенттерге көрсетілген фильмнің кейіпкерлері – ерлі-зайыптылар арасында мынандай әңгіме болады:



  • Неге ұйықтамайсың?

  • Ұйқым келмейді.

Американдықтар соңғы сөйлемді қайталау ретінде қабылдап, бұл коммуникативтік жағдай дөрекілік және әңгімені жалғастырудан бас тарту ретінде бағалаған. (Салыстырыңыз:

  • Не істеп жатырсың? – Не істесем, соны істеп жатырмын.

  • Мұның қалай? – Солай).

Мұндай түсініктердің негізін өзараларындағы ұқсас қасиетті өсіріп көрсететін, айырмашылыққа мән бермейтін адамдардың түрлі категорияларының қарапайымдалған ментальды таныстыру құрайды. „Стереотип“ феноменінің өзі лингвистермен қатар социологтардың, когнитологтардың, психологтардың, этнопсихолингвистердің (У. Липпман, И.С.Кон, Ж.Коллен, Ю.Д.Апресян, Ю.А.Сорокин, В.А.Рыжков, Ю.Е.Прохоров, В.В.Красных, П.Н.Шихирев, А.В.Михеев, С.М.Толстая, Е.Бартминский, А.К.Байбурин, Г.С.Батыгин, С.В.Силинский т.б.) еңбектерінде қарастырады. Аталған ғылымдардың әрқайсысының өкілі стереотиптен өз зерттеу саласының тұрғысынан байқалған қасиеттерін алған, сондықтан әлеуметтік стереотиптер, қатынас стереотипі, ментальды стереотип, мәдени стереотип, этномәдени стереотип және тағы басқаларына бөлінеді. Мысалы, этно-мәдени стереотип - әлдебір халықты сипаттайтын мінездер туралы қалыптасқан түсінік. Немістің ұқыптылығы, орыстың тәуекелшілдігі, қытайдың рәсімшілдігі, африкандық темперамент, италияндықтардың қызбалығы, финдердің бірбеткейлігі, эстондықтардың жайбарақаттылығы, поляктың сыпайылығы – тұтас халық туралы стереотипті түсінік, ол сол ұлттың әр адамына телінеді.

Мысалға немістердің басқа халықтарға көзқарасын алалық. Немістердің көпшілігі ежелден ағылшындарды әс тұтады. Англия саяси, әлеуметтік, өнеркәсіп және технология салаларындағы тамаша жетістіктермен Германия тұрғындары үшін бұзылмас бедел, үлгі. Немістер ағылшындарды тамаша, ешкімге зияны жоқ адамдар санайды. Американдықтардың бейқам мінезін ұнатып, неміске мүлде тән емес жеңілтектігін жаратпайды. Құрама Штаттар немістерге ұлт мектебінің директоры іспетті көрінеді, бұл елді сүймегенмен сөзсіз сыйлайды. Немістер билікті ұнатады. Олардың сүйікті мақалы: „Бағына білген бағындыра да біледі“.

Италияндықтармен немістер толық түсіністікте, бұл екі халықтың тарихында ортақ жайттар көп. Достықтары соғыстармен, шапқыншылықпен және туризмнің сан алуан түрлерімен беки түскен. Немістер италиян өнерінің қазынасын, италиян тағамын және жағажайларды лайықты бағалайды. Францияға келер болсақ, немістер оның талғамшыл өркениетіне таңырқап, плебейлік мәдениеті туралы өкінішпен айтады. Француздар, мүмкін, немістерге қарағанда өмірге құштарлырақ шығар, алайда немістер рухани бай. Ештеңеге қарамастан франкофилия немістердің, әсіресе Франциямен шектесетін аудандарда кең тараған. Тевтондық қайырымдылығының даусыз үстемдігін немістер жан-тәнімен мойындаған жалғыз ұлт – шведтер. Әңгіме тәртіп, ұқыптылық, ынта, тазалық пен ұқыптылық туралы болса, ешбір неміс олардың артықшылығына дауласпайды.

Стереотипті түсінікті ескеріп, ұлттық мінез туралы шығарылған анекдоттар жетерлік.

Мысал келтірейік. Түрлі ұлт өкілдеріне мынандай мазмұнды фильм жіберіпті: шөл дала, күн күйіп тұр. Еркек пен әйел әзер жүріп келеді. Кенет еркек шырынды апельсин алып, әйелге береді.

Көрермендерге сұрақ: еркектің ұлты кім?

Француз-көрермен: „Тек француз ғана бикешке мұндай сыпайлылық көрсете алады.“ Орыс: „Жоқ, ол орыс. Ақымақтығын көрмеймейсің? Одан да өзі жеп алса ғой.“ Еврей: „Жоқ, бұл еврей, одан басқа кім шөлде апельсин таба алады?“ Бұл жерде стереотиптер – француздардың сыпайгершілігі, орыстың алаңғасырлығы, еврейдің тапқырлығы.

Адамдардың өзі жайлы пікірін білдіретін автостереотип болады, мысалы, тәуекелшілдік. Тәуекелшілдік бейтараптықтың, енжарлықтың кенет ақылға сыймайтын мінезге айналуынан танылады - „пока гром не грянет, мужик не перекрестится.“ Басқа халыққа қатысты гетеростереотипте сын басымдырақ.

Мысалы, бір халық үнемшілдік санайтынды басқа халық сараңдыққа балайды.

Орыс әйелі өзінің неміс отбасында қонақта болғанын есіне алып отыр: „Білесіз бе, - дейді ол, - үй иесі әйел салқындатылған тағам берді. Қазанында жалғыз салат. Ыстық тамаққа сосиска дайындапты. Сосискиге қоса картошка берейін бе, әлде нан жейсіз бе?- деп сұрайды. Бұл неткен сараңдық!“ Бұл әңгіме қонақжайлық түсінігінде мәдениеттің сәйкеспейтінін көрсетеді (үй иесі әйелдің сараңдығы).

Ұқсас мысалдырды қарстыралық.

Германияда тіске басардың (закуска) бірнеше түрін бірден ұсынбайды.

Біздің мәдениетте тіске басардың көп болуы бақуаттылықтың, меймандықтың, сараңдық емес, қайта мырзалықтың нышаны.

Нан мен картоптың бірін таңдау. Европада екеуін қосып жемейді. Әдетте нанды бутерброд түрінде таңғы тамақта береді де, ал сосискиді картоппен не басқа гарнирмен түскі тамақта жейді. Үй иесі әйел, сірә, орыстардың нан қосып жей беретінін естіген болу керек, сондықтан қонағы қалағанын жесін деп нан ұсынған ғой.

Шығыс мәдениеті мен бұрынғы кеңес кеңістігінде сараңдық ұғымы батыс мәдениетімен ұшырасқанда берісі түсінбестік, әрісі мәдени шиеленіс немесе ұғынбаушылық тудырады. Отандық мәдениет өкілдері (қазақ, орыс) батыстық мәдениет өкілдерінің қонақжайлықты бір кесе кофе немесе бір бокал шырынмен шектейтінін ұят санайды, ал олар үшін кездесу тамақ жеу емес, әңгімелесіп араласу. Біздің мәдениетте адамдар дастархан басында араласады. Қазақ мәдениетінде қонақжайлылық бірінші орында, оған тарихи және географиялық факторлар себеп: Қазақстан кең байтақ жері ауылдардың арасының алыстығы, ауа-райының қатаңдығы. Алыстан келген қонаққа алдына алдымен ас қойып, содан соң барып жай-жапсарын сұраған. Осы стереотиптер адамдардың бойында тиісінше мінездердің қалыптасуына ықпал етеді. Мысалы, немістер әзілдеуді білмейді деп есептеледі. Отто фон Бисмарк: „Өзімен өзі болу үшін неміске жарты шөлмек шампан ішу жетіп жатыр“, - деген. Ал неміс философы Хельмут Плеснер кірпияз отандастарын былайша сақтандырған: „Күлу деген - өзіңді өз бақылауыңнан шығарып алу“. Немістердің әзілге көзқарасы сандаған ғылыми зерттеулерге тақырып болды да, бола бермек те. Зигмунд Фрейд неміс ұлтына „анальды мінез“ деген диагноз қойған. Оның дәлелдеуінше немістер ұлт ретінде дамудың „анальды фаза“ аталатын сатысында тоқтап қалған, олардың бір жағынан тазалық пен тәртіпке, екінші жағынан дөрекі әзілге құмарлығы осыдан. Немістер неменеге күледі? Анекдоттар мен әзіл-оспақты ұлттық әзілдің айнасы деп есептесек, онда оның шеңберіне ағылшындардан көшкен қара дүрсін әзіл мен сөз ойнатуға негізделген түрлі аударуға келмейтін қалжыңдар ең алдымен кіреді [31, 2 б.].

Этномәдени стереотиптерді зерделейтін этникалық психология мамандары экономикалық дамуы жоғары деңгейде тұрған ұлтқа ақыл, іскерлік, ал экономикасы кешеуілдеу ұлтқа қайырымдылық, жанашырлық, қонақжайлылық сияқты мінездердің тән екенін атап көрсетеді С.Г. Тер-Минасованың зерттеулері соған дәлел, осыған сәйкес ағылшын қоғамында кәсіби шеберлік, еңбек сүйгіштік, жауапкершілік, т.б., ал орыс қоғамында қонақжайлылық, ашық көңілділік, әділеттілік жоғары бағаланады [23, б. 125-128].

Стереотип ұғымын тұңғыш рет 1922 жылы У.Липпман қолданды, ол адамның басында мәдениет реттеген, нобайлы детермендеген „әлем суреті“ оның әлемнің күрделі объектілерін қабылдау күшін жеңілдетеді деп есептеген. Стереотипті бұлай түсінгенде екі маңызды сипаты – мәдениет детерминдегені және еңбек күштерін, яғни тілдік құралдарды үнемдеу құралдары болу бөлініп шығады. Математикалық есептерді шешу алгоритмдері адамның ойлануын үнемдесе, стереотип тұлғаның өзін „үнемдейді“ [32, б. 68-69]. Бельгияда болғанда немістердің бельгиялықтар туралы стереотипін аңдадық. Олар бұларды өте салақ санайды. Солтүстік теңізге келгенде оларды бельгиялықтардың мәдениеті емес, теңіз ғана қызықтырады.

Когнитивтік лингвистика мен этнолингвистикада стереотип термині тіл мен мәдениеттің мазмұн жағына жатқызылады, „яғни ментальды (ой) стереотипі“ ретінде түсіндіріледі. Стереотиптің мұндай түсінігін Е.Бартминский мен оның мектебінің еңбектерінде кездестіреміз: онда әлемнің тілдік суреті мен тілдік стереотип бөлік пен тұтас ретінде қатынаста тұрады, сипаттау және бағалау нышандары қоса жүретін заттың субъективті детерминделген көрінісі және әлеуметті өңделген танымдық модельдер шегінде ақиқатты түсіндіру нәтижесі болып табылатын тілдік емес әлемнің белгілі бір объектісіне қатысты пікір немесе бірнеше пікір ретінде түсіндіріледі [33, б. 36-38].

Пікір мен бірнеше пікірді ғана емес, бірнеше сөзден құралған кез келген тұрақты сөйлемшені де тілдік стереотип деп есептейміз, мысалы, тұрақты салыстыру, таптауырын сөз және т.б. кавказдық ұлттардың бет-бейнесі, айдай толықсыған, жаңа орыс. Мұндай стереотиптерді қолдану коммуниканттардың күшін үнемдеп, қатынасын жеңілдетіп, оңайландырады.

Ю.А. Сорокин стереотипке кейбір социумда қабылданған әлдебір семиотикалық-технологиялық ұстанымдардың әсерінен тізімі жабық белгілі бір семиотикалық модельдерге сәйкес әлдебір үрдіс және қатынастық (мінез-құлықтың) нәтижесі ретінде анықтама береді [34, б. 22-24].

В.В. Красных стереотипті екі түрге бөледі – стереотип-бейнелеу және стереотип-жағдай [35,б.45-48]. Стереотип-бейнелеу мысалдары: ара-еңбекқор, қой-момын; стереотип-жағдайлар: билет-компостер.

Стереотиптер әрдайым ұлттық, егер басқа мәдениеттерде ұқсастары кездессе, онда ол-квазистереотиптер, өйкені жалпы сәйкес келгенімен айтарлықтай мәнге ие айырмашылықтары болады. Мысалы, түрлі мәдениеттерде кезек феномендері мен жағдайы түрліше, демек стереотиптік мінез-құлық та әртүрлі: Ресейде „Кто последний?“- „Соңғы кім?“- деп сұрайды, бірқатар европалық елдерде арнайы аппаратта түбіртек жыртып алып, содан соң терезенің үстінде жанып тұратын цифрларды қарап отырады немесе кезекке жай тұра салады, ал кезектің тізбегі қатаң сақталады.

Сөйтіп, стереотип – концептуальды әлем суретінің кейбір үзіндісі, ментальды, „сурет“, зат немесе жағдай туралы тұрақты мәдени ұлттық түсінік. Ол зат, құбылыс, жағдай туралы кейбір мәдени –детерминделген түсінікті білдіреді. Бірақ бұл ментальды бейне ғана емес, оның вербальды қабықшасы да. Нақты мәдениетке қатыстылығы сол қоғамда тұлғаны әлеуметтендіру үрдісіне қайталанатын білімнің базалық стереотиптік ядросының болуымен анықталады, стереотиптер мәдениетте прецедентті (маңызды, өкілетті) атаулар болып саналады. Стереотип – бір жағынан сол мәдениеттің кейбір доминантты құрамаларын сақтауға және трансформациялауға, екінші жағынан „өзіміздікін“ тануға мүмкіндік беретін тұрақтандарушы фактор, тіл мен сөз құбылысы.

Көптеген когнитивтік үрдістер стереотиптерді жасақтау механизмі болып табылады, себебі стереотиптер бірқатар когнитивтік функцияларды нобайлау мен қарапайымдандыру функциясын, топтық идеологияны жасақтау мен сақтау функциясын және тағы басқаларын атқарады.

Этностық ментальды стереотиптерінің жиынтығы оның әрбір мүшесіне таныс. Ауыл, шаруа өкілінің жарық ай туралы сөздері, мысалы, стереотиптер болып табылады: жатқан ине көрінетіндей жарық, ал қала тұрғыны бұл жағдайды басқаша суреттейді: кітап оқуға болады. Тіл иелері мұндай стереотиптерді қатынастық стандартты жағдайларында қолданады. Стереотипте басты қисынды нышан ғана емес, кез келген нышанның үстем болуы мүмкін.

Мәдениеттің беріктігі, өміршеңдігі оның бірлігін, тұтастығын анықтайтын құрылымдардың қаншалықты дамығанына байланысты. Мәдениеттің тұтастығы мәдениет стереотиптерінің – мінез-құлық, қабылдау, түсіну, қатынасу және басқа стереотиптердің, әлемнің жалпы суретінің, стереотиптерінің жасалуын қажет етеді. Стереотиптердің жасақталуында белгілі объектілердің, құбылыстардың адам өмірінде ұшырасу жиілігі, адамдардың басқалармен салыстырғанда жиі қолданатын объектілерінің сипаты маңызды роль атқарады.

Мінез-құлық стереотипі – стереотиптердің ішінде аса маңыздысы, оның рәсімге айналуы мүмкін. Жалпы стереотиптің салт-дәстүрлермен, аңыздармен, рәсімдермен ортағы көп, тек салт- дәстүрлерді олардың объективтік мәні, басқаларға ашықтығы сипаттаса, стереотип „өз“ ортасында ғана болатын ой қорытындысы деңгейінде қалады. Мысалы, ТМД-дан Германияға көшіп барғандар үйлену тойы кезінде сигнал береді. Немістер мұны ашықтық, батылдық, алаңғасарлық деп бағалайды. Сөйтіп, стереотип мәдениет өкілінің санасы мен тіліне тән, өзінше мәдениеттің діңі, айқын өкілі, сондықтан мәдениеттер диалогында тұлғаның тірегі. Алайда басқа мәдениет өкілімен қатынасқанда көбіне стереотиптерге сүйеніп, олардың дүниетанымына тереңдемейміз, сөйтіп, өзара түсінбеушілік жағдайын тудырамыз.
2.3 Мәдени түсінбеушілік

Мәдени түсінбеушілік негізінен коммуниканттарда фондық білімнің болмауынан туындайды. Бұл жерде фондық білім, В.С.Виноградовтың айтуынша, белгілі бір ұлысқа немесе ұлтқа ғана тән, солардың өкілдері жаппай мойындаған және сол ұлттық қауымдастықтың тілінде көрініс тапқан социомәдени мәліметтер [36, б.37]. Түрлі мәденит өкілдерінің өз өмір салтының дұрыстығына илануы, „өзіміздікі“ және „бөтен“ болып бөлінуі елеулі роль атқарады.

Түрлі, соның ішінде неміс, қазақ, жапон, орыс және басқа мәдениеттерінің мысалында соңы түрлі мәдениет иелерінің арасындағы қатынаста мәдени түсінбеушілікке соқтырған кейбір тілдік мәдени сәйкессіздіктерді қарастырайық.

Бір неміс әйелінің Грузияда жамағайындары бар. Міне, соларға келуге мүмкіндік туды. Тбилисиге жиеніне қонаққа келгенде оны үй толы туысқандар, көршілер, ересектер мен балалар қарсы алады. Балалардың бірі немісше „Қалай жеттіңіз? - деп сұрақ қойды. Көрші балалардың бірі болар“, деп ойлаған әйел. Көршілер тараған соң ол жайбарақаттанып, Германиядан әкелген сыйлықтарын тарата бастады. Келіні әдемі, орыс қызы: „Сізге рахмет“, - деді неміс тілінде қинала сөйлеп. Мұны неміс тілін жете білмегеніне сайған. Енді балалар „Сіз“ деп сөйлей бастағанда, жылап жіберуге шақ қалды. Рас, алғаш көріп тұр дегенмен оларды „Сіз“ деп сөйлеуге үйретіп қойғандары несі?! Көңіл күйі бұзылып, тезірек кетуге асыққан. Бұл жағдайда мәдени сәйкессіздік „үлкенді сыйлау“ ұғымында жатыр. Европа елдерінде үлкенге „сен“ деп сөйлейді және бұл қалыпты мінез-құлық болып саналады, ал шығыс елдерінде жасы үлкенді сыйлау қағида болып табылады, сондықтан „Сен“ деу жараспайды. Қазақ мәдениетінде жасы үлкен немесе қарт адам кірсе, орнынан тұрады, дастархан басында отағасынан немесе үлкен адамнан бұрын тамаққа қол созбайды.

Мәдениеттегі сәйкессіздік өмірдің барлық саласында – саясатта, дінде, тұрмыста, тілде және басқаларында ұшырасады. Келесі мысалды қарастырайық: Ирактың студенті Германияға алғаш келіп тұр. Еліндегі шиеленісті саяси жағдайға қарамастан стипендия алғанына, енді алты апта Германияда болатынына қуанышты. Немісше білімді Иракта өз мұғалімінен алған, енді соны жетілдірмекші, неміс мәдениетіне құштарлығы зор. Бірде сабақ болмады да, қаланы аралауға шықты. Ұзақ қыдырып жүріп, католик шіркеуіне келеді, бұрын ешқашан көрмегендіктен, ішіне кіреді. Адамдар демалып отырған орындықтарды көріп, таңырқайды да, өзі де отырып, жан-жағына көз салады. Мүсіндерді, алтарь мен органды көріп болған соң қарнының ашқанын сезініп, алманы алып жей бастайды. Шіркеудегі адамдар қызға бұрылып, күбірлеседі. Бірдеңе бүлдіргенін өзі де байқады, бірақ нені? Адамдар мұның христианка емес екенін әлдеқалай біліп қалды ма? Мүмкін мұсылманға шіркеуге кіруге тиым салынған шығар?

Осы лингвокультурологиялық сәйкессіздікті нақтылайық:

- бірінші, қыз өз ойынша адамдар демалып отырған орындықтарды көрген. Мұнда храм жасауына қатысты мәдени сәйкессіздік. Христиандық католик шіркеулерінде прихожандар дұға оқу үшін міндетті түрде орындықтар қойылады, ал мұсылман мешіттерінде дұға жерге, не жайнамазға отырып оқылады.

- екіншіден, шіркеуде тамақ ішуге тыйым салынады, себебі бұл құдай храмы, онда адами қажеттілік жат. Тек салтанатты жағдайларда (шоқындыру, некелесу және т.б.) прихожандарға шелпек пен „кагор“ шарабы – Тәңірдің тәні мен қаны беріледі. Мұсылман мешіттерінде, керісінше, ас ұйымдастырылады.

- үшіншіден, қыздың пікірінше, шіркеудегі адамдар бұған христианка болмаған соң бұрылып қараған. Қандай дінді ұстанғанына қарамастан кез келген адамның діни орындарға баруына тиым салынбайтыны баршаға аян. Бұл жерде сәйкессіздік ол жеген алмада және басқа мәдениеттің діни ережелерін білмеуінде болып отыр.

Келесі жағдайды қарастырайық: Франкфурттан Ральф пен Сьюзен Гонконгқа достарының үйлену тойына шақырылады. Гонконгте әдеттегі неміс сыйлығы „Glückswein“ cатып алады, немістердің пікірінше, шошқа түріндегі жинақ сандықшасы ырыс әкеледі. Той тамаша өтті, алайда жас жұбайлардың түсінбегені: „немістер шошқа бейнелі мүсінше сыйлады, ал биыл сиыр жылы ғой. Оларда күнтізбе өзгеше ме?“ Мұнда мынаған назар аудару керек:

а) Неміс мәдениетінде шошқа үй хайуанаты ретінде байлықтың, бақуаттың, ырыс пен бақыттың белгісі „Viel Glück zum Jahreswechsel“ жаңа жылдың құттықтауында шошқа жиі салынады. Ақша жинақтаушы сандықшаның шошқа бейнелі болуы, әрине, кездейсоқ емес. Қытай мәдениеттінде шошқа шығыс жұлдызнамасы белгілерінің бірі.

Біз қарастырған жағдайда түрлі тіл иелерінің дүниетанымы үлкен роль атқарады.

Келесі жағдайды қарастыру түрлі мәдениет, осы жолы неміс және египет мәдениеті өкілдерінің этикалық тәрбиесіндегі айырмашылықтарды табуымызға мүмкіндік береді. Египеттік студентка неміс тілінен білімін жақсартуға Германияға келеді. Германияның табиғаты ол үшін суық болғандықтан өзіне қымбат пуловер сатып алған. Ертеңінде соны киіп, университетке кетеді. Жолай бейтаныс неміс студенткасын жолықтырды. Неміс қызы амандасып, пуловерінің әдемі екенін айтады. Жақсы тәрбиеленген египеттік „Ала ғой“, - дейді. „Не, рас па?“- деп сұрайды неміс қызы. Египеттік мұнысына таңырқап: „Иә, алуыңа болады?“, - дейді. Неміс қызының оның бұл ісіне таң қалғаны соншалық, египтянканың мұңды жүзіне назар да аудармаған. Қызға алғысын айтып, сыйлықты рюкзагына салып алады. Египеттік қайтып оны көрген жоқ, есімін де білмейді. Бұл жағдай түрлі мәдениеттердің этикасындағы сәйкессіздікті көрсетеді. Египет мәдениетінде қошеметке астарлы жауап беру, өзін жоғары ұстамау қабылданған. Бұл жағдайда египеттік этикасының нормасын білмейтін неміс қыз оның алғысын тура мағынада ұғып, пуловерді алып кеткен.

С.Арутюновтың айтуынша, „жер бетінде барлық адамдар киініп, тамақ ішіп, жүріп тұрса да, этникалық айырмашылық қалай тамақ ішетінінен, киінетінінен, жүріп тұруынан байқалады“[38, б.34-36]. Түрлі мәдениеттердің бір қимылдың әр түрлі мағына беруі, бір мағынаның түрлі айтылыммен, іс қимылмен жеткізілуі мүмкін. „Стереотиптік“ көрініс басқа этнос өкілінің мінез-құлқын өз мәдениетінен ерекшелігі тұрғысынан түсіндіру кезінде жасақталады.

Келесі жағдайда түрлі мәдениеттердегі әдет-ғұрыптың сәйкессіздігін көреміз: неміс мұғалімі Беате көп жыл Индияда тұратын әпкесіне келеді. Индустар оларды кешкі дәмге шақырады. Ирене сіңілісіне индустардың тамақты қолмен жейтінін ескертеді. Қонақтар дастарханға отырды. Беате әпкесінің тамақты қолмен қалай жейтініне қарап, соны қайталауда. Кенет ол әпкесінің әлдебір ым беріп отрғанын, үй иелерінің де абыржулы екенін байқады. Себебін сұрауға үлгертпей Ирене үйіне асыға бастады. Жолда сіңілісіне ұрсып келеді: „Масқаралағаның не?! Сол қолмен тамақ жеп... Енді олар сені ешқашан шақырмайды“.

Индияның салт-дәстүрін білмеу түсінбеушілікке негіз болған. Индияда тамақты тек қана оң қолмен жейді, себебі ол – қасиетті. Мұндай жағдай мұсылмандарда да бар. Оң қол қасиетті, нанды сонымен жейді. Ал нан Индияда күріш сияқты - қасиетті. Сол қолмен дененің кейбір мүшелерін жуады.

Қазақстандық екі студент ДААД стипендиясын алып Германияға келген. Бірде таңертеңгілік екеуі студенттер жатақханасының асханасында тамақ ішеді. Күні бойы жұмыс көп болғандықтан тоя тамақтануды жөн көрген. Асханаға келген неміс стунденткасы олардың асын көріп: ”Таңертең макарон жейсіңдер ме?”- деп таңырқай дауыстап жібереді.

Германияда таңертең бутерброд, тек жексенбіде кейде жұмыртқа жейді. Ыстық тамақ түсте желінеді. Кешкі тамақта да бутерброд, ыстық тамақты қонақтарды қабылдағанда ғана (кешкі тамаққа шақыру) беріледі. Біздің мәдениетте мұндай шектеу жоқ, әсіресе, түске дейін оқитын студент таңертең тойып алады, ақшаны үнемдеу үшін асханада түскі ас ішпей, түстен кейін бір-ақ тамақтанады.

Мәдени жаңылысудың келесі мысалы мәдени шиеленістің бастауы болды.

Германияда “үшінші әлем елдері” аталатындарға байланысты стереотиптік айтылымды естідік. Пассау қаласында “Страноведческие аспекты в литературных текстах” курсының әр елдердің студенттері қатысып отырған сабағында постмодернизм дәуірінің тақырыбы талқыланады. Талқылау кезінде курсты жүргізетін оқытушы постмодернизм туралы Европалық студентердің көп білетініне, Россиялық студентерінің естігеніне, ал Азиялық (Қазақстан, Қырғызстан) студентердің ештеңе білмейтініне сенімді екенін айтып қалады. Қазақстан мен Қырғызстаннан келген студентер бұған ашуланып, курстан бас тартпақ болады.

Бұл жағдайды былайша талдауға болады:

а) мүмкін бұл жерде “үшінші әлем елдерінде” білім мен әдебиетті емес, күнделікті тіршілік қамын ойлайды, яғни мәдениет деңгейі төмен деген стереотиптік түсінік өзіндік роль атқарған болар;

ә) оқытушы өз елінде тотальдық режим орнатқан түрікмендік президент туралы көп оқыған, кейін белгілі болғандай ол орталық және Орта Азияның барлық елдерінде сондай режим деп білген. Оның пікірінше, мұндай жағдайда білімді дамытуға, соның ішінде батыс мәдениеті туралы білім алуға ешбір негіз жоқ.

Мәдени айырмашылықтың келесі мысалы білім беру саласына байланысты. Қазақстандық студенткалар Пассау университетінің заң факультетінде оқитын неміс студенті Роландпен танысады. Әңгіме барысында Роланд қыздардан қандай мамандыққа оқып жатқандарын сұрайды. “Біз – филологпыз,”- дейді олар. “Филология деген не?”- деп сұрайды неміс. Қыздардың бірі сұрағына сұрақпен жауап береді: “Бізден емтихан алайын деп пе едің?” “Жоқ,- дейді Роланд, мен рас білмеймін”. Студенткалар аң-таң, ал неміс филологтардың оның үстіне латын тілін оқитынын естіп таң қалады, себебі латын тілі медициналық және заң факультеттерінде ғана оқытылады деп білетін.

Германияда білім беру мен Қазақстанда білім берудің арасында әсіресе жоғары оқу орындарында елеулі айырмашылық бар. Германияда тар мамандыққа, біздің елімізде (кеңестік білім беру жүйесі бойынша) кең профильді мамандыққа көңіл бөлінеді. Өз мамандығын тамаша меңгерген студент басқа ештеңеге қызықпайды, оларды оқыту бағдарламасына Қазақстандағыдай жалпы пәндер (мысалы, филология факультетінде математика, физика) енгізілмейді.

Келесі жағдай әдепке қатысты. Мустерманн мырза жұмыстан венгрлік әріптесі Ференц Конищпен келді. Сол үйдің әйелі қонақпен жылы амандасып, түскі тамаққа қалуын өтінеді. Дастархан жайып жүргенінде қонағының бас тартқанына таң қалады. “Өкінішті – ақ, - дейді әйел,- Неміс тағамынан дәм тарттырайық деп едік. Мүмкін келесі жолы келерсіз, сізге әлде бір венгер тағамын дайындай қояйық”. Қонақ неміс тағамын ұнататынын айтады. Әйел оны көңіл жықпастыққа балайды.

Конищ Венгрияға оралғанда басқа неміс әріптесін қонаққа шақырады. Түскі асқа венгер тағамы мол дайындалыпты, бірақ қонақ тамақ ішкенін айтып, бас тартады. Конищ мырза тағы шақырады, қонақ тағы бас тартады. Отағасы үшінші рет шақырғанда қонақ тоқ екенін айтып ашулана бастайды. Конищ мырза қонағының аш емес екенін сонда ғана түсінеді. Осы жағдайды қарастыралық:

а) Венгрияда әдеп бойынша дөрекі көрінбес үшін ұсынған тамақтан бірнеше рет бас тарту керек. Дастарханға бірнеше рет шақырылған соң ғана қонақ оны қабыл алады.

ә) Германияда бас тарту тура мағынасында түсініледі, егер адам аш болса, шақыруды ”көлгірсімей” қабыл алады.

Дюссельдорфта жапондық концерннің филиалында жұмыс істейтін жапон жігіті неміс қызымен ұзақ жылдар кездесіп жүреді. Достары екеуінің бір-біріне лайық екенін көріп, көп ұзамай үйленер деп топшылайтын. Бірде достармен бас қосуға жігіт жалғыз келеді. Олар себебін сұрайды. Жапондық қызбен айрылысқанын айтады. Достар аң-таң. “Бір-біріңді жақсы көруші едіңдер ғой? Әлде ренжісіп қалдыңдар ма?” “Жоқ, - дейді ол,- маған оның ойына келгенін айта салатыны ұнамайды.” Бұл жағдайда екі сәтке көңіл аудару керек:

а) Жапон мәдениетінде өзіңнің және сұхбаттасушыңның абыройына қамқорлық жапон қоғамында сөйлеушіден бұлыңғыр, тіпті қос мәнді сөздерді қолдануды талап етеді. Жапон балаларын басқа адамның сезімін аялауға, өз анасының мінез – құлқына еліктеу жолымен мінез-құлық сырларын меңгеруге үйретеді.

ә) Европа мәдениетінде сұхбаттасушыны тура әңгімеге шақырады. Бұл адалдық пен иланымдылық көрсеткіші болып табылады. Ал ишаралап сөйлеу арамдық пен сенімсіздіктің белгісі іспетті.

Келесі жағдай сыртқы бейнеге байланысты: Сан-Петербургтің Жанна есімді орыс әйелі неміске тұрмысқа шығады. Олар өзі жұмыс істейтін туристік агенттікте танысқан. Жанна оған тартымдылығымен, сұлулығымен және әдемі киінуімен ұнаған-ды. Германияға барған соң Жанна өзіне ұнайтын жұмыс тауып алады, тек бөлімдегі әйелдер бұған аяушылықпен қарайды. Бірде әріптестері неге бұлай киінетінін, әлде күйеуің мәжбүрлей ме деп сұрайды. Жанна не айтарын білмейді. Өз елінде макияж, юбка, ашық түсті кофточка қалыпты құбылыс, мұнда тыйым салынған ба?

а) Іскерлігімен ерекшеленетін неміс әйелдері қолайлы киімді жөн көреді. Ерінді жарқыратып бояу, қысқа юбка, ашық- шашық блузка жұмыста ретсіз. Тіпті кешкі киімдердің өзінің қарапайым болуын қалайды.

ә) Біздің мәдениетте әр әйел жарқырай киінуге міндетті. Киімге ерекше көңіл бөлінеді. Бірақ шетелде орыс қызы мен әйелінің сыртқы бейнесі мен мінез-құлқы жағымсыз қылыққа ашық шақыру ретінде қабылданады.

Түркия жігіті кешкі мектепте бірге оқитын неміс қызымен танысады. Көп ұзамай қыз оны үйіне танысуға шақырады. Жігіт сәлем беріп, әйелдің қолынан ұстайды. Туркияда әйелдің қолын ақырын ұстап, қыспау керек. Әңгімелесіп, кофе ішкен соң қоштасып, үйіне қайтады. Ол кеткен соң қызы шешесінен пікірін сұрағанда: “Жігіт өте жақсы екен, бірақ мінезі табансыз,-” деп жауап беріпті. Бұл жағдай былай түсіндіріледі. Түркияда әйелдің қолын ақырын ұстау оған деген құрметтің, ал Европада ынжықтықтың белбеуліктің белгісі. Оны ішінара феминизмнің әсерімен де түсіндіруге болады, онда әйел еркекпен тең тұрып, өзіне тең тұрғыда қарауды талап етеді. [ 40, б.2]

Осы жағдайларды қарастырып , мәдени айырмашылықтың өмірдің барлық салаларын қамтиды деген қорытындыға келеміз. Бір мәдениет өкілінің мінез-құлқын басқа біреу өз мәдениетінің көзқарасына сәйкес түсінуі мүмкін. Сондықтан мәдениетаралық коммуникацияның табыстылығы екі мәдениет өкілдерінің мәдени стереотиптерді білуімен тура пропорционалды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет