№ исх: 1577 от: 22.12.2011
|
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы « »
№ қаулысымен
бекітілген
Медициналық қызметтер көрсету сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Медициналық қызметтер көрсету сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 58-бабына сәйкес әзірленген.
Осы Қағидалар меншік нысаны мен ведомстволық тиесілігіне қарамастан, денсаулық сақтау субъектілері көрсететін медициналық қызметтердің сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама ішкі және сыртқы сараптама болып бөлінеді.
3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) медициналық қызметтер көрсету сапасын бағалау индикаторлары – медициналық қызметтер көрсету тиімділігін, толықтығын және денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкестігінің көрсеткіштері, олар мыналарды қамтиды:
құрылым индикаторлары – кадр, қаржы және техникалық ресурстармен қамтамасыз ету көрсеткіштері;
үдеріс индикаторлары – профилактика, диагностика, емдеу және оңалту технологияларының орындалуын бағалау көрсеткіштері;
нәтиже индикаторлары – денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық көмек көрсетуі немесе көрсетпеуі нәтижесіндегі денсаулық үшін салдарды бағалау көрсеткіштері;
2) ішкі индикаторлар – денсаулық сақтау субъектілерінің әрбір құрылымдық бөлімшелерінің медициналық қызметтер көрсету тиімділігін, толықтығын және медициналық қызметтің сапасын бағалау мен сараптауды жүргізу мақсатында оның денсаулық сақтау саласы стандарттарына сәйкестігін сипаттайтын ішкі сараптамада қолданылатын көрсеткіштер;
3) сыртқы индикаторлар – денсаулық сақтау субъектілерінің әрбір құрылымдық бөлімшелерінің медициналық қызмет көрсету тиімділігін, толықтығын және медициналық қызметтің сапасын бағалау мен сараптауды жүргізу мақсатында оның денсаулық сақтау саласы стандарттарына сәйкестігін сипаттайтын сыртқы сараптамада қолданылатын көрсеткіштер;
4) ауруханаішілік комиссиялар – стационарлық көмек көрсету ұйымдарында құрылатын комиссиялар (ауруханаішілік инфекциялардың профилактикасы бойынша, өлім-жітім жағдайларын қарау бойынша);
5) ішкі бақылау қызметі (аудит) – денсаулық сақтау ұйымы деңгейінде медициналық көмек сапасын басқару жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын және тиісті өкілеттіктері бар медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесі;
6) ретроспективалық талдау – бұрын медициналық көмек алған пациенттердің медициналық құжаттамаларын зерделеу негізіндегі талдау;
7) клиникалық аудит – денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкестік тұрғысынан жүргізілген емдеу-диагностикалық іс-шараларды егжей-тегжейлі ретроспективалық және /немесе ағымдық талдау;
8) аяқталған жағдай – пациентке бастапқы қаралу сәтінен бастап ем аяқталғанға дейін амбулаториялық-емханалық деңгейде көрсетілген медициналық қызметтер кешені;
9) емделген жағдай – пациентке түскен сәтінен бастап шығарылғанға дейін стационарлық (стационарды алмастыратын) жағдайда көрсетілген медициналық қызметтер кешені;
10) тәуелсіз сарапшы – денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізу үшін белгіленген тәртіппен аккредиттелген жеке тұлға;
11) медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама – тиімділігі, толықтығы мен медициналық қызметтердің денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкестігінің көрсеткіші көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын бағалау индикаторларын пайдалана отырып, жеке және заңды тұлғалар ұсынатын медициналық қызметтер сапасының деңгейі бойынша қорытынды шығару үшін жүзеге асырылатын ұйымдастыру, талдамалық және практикалық іс-шаралардың жиынтығы.
4. Медициналық қызметтердің сапасына сараптаманың негізгі қағидаттары:
1) жүйелілік – медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама құрылым индикаторларының, үдеріс пен нәтиженің өзара байланысымен жүзеге асырылады;
2) объективтілік – медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды қолдана отырып жүзеге асырылады;
3) ашықтық – медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен немесе тәуелсіз сарапшылардың өз бетінше денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы маманының қатысуынсыз денсаулық сақтау субъектілері өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады.
5. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама жүргізу барысында:
1) денсаулық сақтау саласындағы стандарттардың талаптарын, оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен диагностика мен емдеу хаттамаларын сақтау тұрғысынан медицина қызметкерлерінің іс-әрекетіне;
2) денсаулық сақтау субъектілерінің материалдық-техникалық ресурстарының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен жарақтандыру нормативтеріне сәйкестігіне бағалау жүргізіледі.
2. Медициналық қызметтер көрсету сапасына
ішкі сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу
6. Медициналық қызметтер көрсету сапасына ішкі сараптаманы (бұдан әрі – ішкі сараптама) Ішкі бақылау (аудит) қызметі жүзеге асырады.
7. Ішкі бақылау (аудит) қызметінің құрылымы мен құрамын денсаулық сақтау ұйымының басшысы көрсетілетін медициналық қызметтер көлеміне қарай бекітеді.
8. Ішкі бақылау (аудит) қызметі денсаулық сақтау ұйымының медициналық көмек сапасын басқару жөніндегі қызметін мынадай бағыттар бойынша үйлестіреді:
1) пациенттің проблемаларын (шағымдарын) туындауына қарай сол жерде және 5 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде сауалнама жүргізу арқылы медициналық қызметтер көрсету деңгейі мен сапасына пациенттің қанағаттану дәрежесін зерделей отырып, шешу;
2) кадрлық және материалдық-техникалық ресурстарды пайдаланудың ахуалын және тиімділігін бағалау;
3) пациенттерге медициналық көмек көрсету технологияларының белгіленген стандарттарға (клиникалық аудит) сәйкестігін бағалау және комиссиялық бағалауға жататын жағдайларды іріктеу;
4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету қағидаларын сақтау;
5) жұмыстағы ақаулардың алдын алу мен оларды жоюға бағытталған және медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыруға ықпал ететін бағдарламалық іс-шараларды әзірлеу;
9. Ішкі бақылау (аудит) қызметінің функциялары:
1) жеке үдерістер мен рәсімдерді бағалау, денсаулық сақтау стандарттарын енгізу, осы Қағидаларға 1-қосымшада белгіленген ішкі индикаторларды қолдану бойынша денсаулық сақтау ұйымы бөлімшелері қызметінің тиімділігін талдау;
2) ауруханаішілік комиссиялар қызметін талдау;
3) денсаулық сақтау ұйымының басшылығына тиісті басқару шешімдерін қабылдау үшін талдау нәтижесінде анықталған мәселелер туралы ақпарат беру;
4) денсаулық сақтау ұйымының персоналына медициналық көмектің сапасын қамтамасыз ету мәселелері бойынша оқыту және әдістемелік көмек;
5) ұйымдағы пациенттерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы денсаулық сақтау ұйымы қызметкерлерінің пікірін зерделеу және персоналды хабардар ету болып табылады.
10. Ішкі бақылау қызметі (аудит) ұйым басшысы бекітетін, медициналық көмектің сапасын қамтамасыз ету және үздіксіз арттыру жөніндегі бағдарламаны әзірлейді.
Бағдарлама мыналарды қамтиды:
1) бағдарламаның мақсаты мен міндеттері;
2) ішкі индикаторларды бағалай отырып, құрылымдық бөлімшелердің қызметін, сондай-ақ, бөлімшелер қызметінің белгіленген денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкестігін талдау нәтижелері;
3) әрбір бөлімше қызметінің көрсеткіштерін жақсарту жөніндегі іс-шаралар;
4) жоғарыда көрсетілген іс-шараларға жауапты тұлғаларды және орындалу мерзімдерін айқындау;
5) бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер.
11. Ішкі сараптама медициналық көмектің сапасын бағалау жолымен ретроспективтік және пациенттердің тікелей медициналық көмек алу сәтінде жүргізіледі.
12. Ішкі сараптамаға жататын жағдайлар (орта медицина персоналы үшін қызмет бөлімдері) және ішкі сараптама жүргізу кезеңділігі осы Қағидалардың 2-қосымшасында белгіленген.
13. Осы Қағидаларға 2-қосымшада санамаланғандардан басқа қалған медициналық көмек көрсету жағдайларының барлығы кездейсоқ іріктеудің статистикалық әдісімен қамтамасыз етілетін ішкі сараптамаға тартыла алатындай бірдей мүмкіндікке ие болады.
14. Орта медицина қызметкерлері жұмыстарының сапасын ішкі сараптама пациенттерге мейірбикелік көмектің қазіргі заманғы түрлерін ұйымдастыру мен көрсетуді жетілдіру және орта медицина қызметкерлерінің қызметіне медициналық көмек стандарттарын енгізу мақсатында жүзеге асырылады.
15. Ішкі сараптама жүргізу барысында:
1) медициналық көмек көрсету технологияларының денсаулық сақтау саласындағы белгіленген стандарттарға сәйкестігі бағаланады;
2) кадрлық және материалдық-техникалық ресурстарды пайдаланудың камтамасыз етілуі және тиімділігі бағаланады;
3) медициналық қызметтер сапасына негізделген шағымдардың саны бойынша көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына азаматтардың қанағаттанушылық дәрежесі пациенттерге және (немесе) олардың туыстарына сауалнама жүргізу жолымен айқындалады;
4) пациенттердің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқығының сақталуы және пациенттерді жүргізіліп отырған инвазивтік араласу туралы хабардар болуы бағаланады;
5) анықталған кемшіліктерді жою және алдын алу бойынша ұсынымдар әзірленеді.
16. Медицина қызметкерлерінің білім деңгейін арттыру және емдеу-диагностикалық үдеріске оңтайлы тәсілдерді пысықтау мақсатында ішкі сараптаманың нәтижелері ауруханаішілік комиссиялардың отырыстарына, дәрігерлік конференцияларға шығарылады және талқыланады, кейіннен басқару шешімдері қабылданады.
3. Медициналық қызметтер көрсету сапасына
сыртқы сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу
17. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сыртқы сараптаманы (бұдан әрі – сыртқы сараптама):
1) мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының медициналық қызметтер көрсету саласындағы заңнамасы талаптарының орындалуы тұрғысынан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті және (немесе) денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшылар;
2) медициналық қызметтердің толық тізбесін көрсетуді, денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес медициналық қызметтер көрсету көлемінің дұрыстығын бағалау мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті жүргізеді.
18. Тәуелсіз сарапшыларды сыртқы сараптаманы жүргізуге тарту Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
19. Денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық қызметтер көрсетуінің сапасын сыртқы сараптау мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жоспарлы және жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асырылады.
20. Сыртқы сараптаманы жүргізу кезінде тексерілетін кезең ішіндегі сыртқы сараптаманың нәтижелері медициналық қызметтер көрсету сапасының ішкі сараптамасы қағидаттарын сақтау, денсаулық сақтау ұйымының ішкі бақылау (аудит) қызметінің қабылдаған шараларының барабарлығы мен тиімділігі мәніне талдау жүргізіледі. Бірінші кезекте міндетті сараптамаға жататын ішкі сараптама жағдайларының, сондай-ақ пациенттердің өтініштерін қарау жағдайларының нәтижелері сарапталады.
Ішкі сараптама нәтижелерінің негізінде денсаулық сақтау ұйымдарының ішкі бақылау (аудит) қызметі жұмысының сапасы мен объективтілігі туралы қорытынды шығарылады.
21. Көрсетілетін медициналық көмектің түріне қарай сыртқы сараптамаға жататын жағдайлар (қызметтің бөлімдері) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес белгіленген.
22. Сыртқы индикаторларды талдау осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес серпінде шекті мәндерін бағалау арқылы жүзеге асырылады.
23. Жеке немесе заңды тұлғалардың өтініштері бойынша сыртқы сараптама жүргізу кезінде өлім-жітім жағдайын сыртқы сараптама бойынша нақты жағдай жөнінде медициналық қызметтер көрсету сапасы бағаланады.
24. Сыртқы сараптама нәтижелері бойынша сыртқы сараптаманы жүргізген лауазымды адам екі данада сыртқы сараптама нәтижелері туралы акт жасайды.
Сыртқы сараптама нәтижелері туралы актіде:
-
актіні жасау күні, уақыты мен орны;
2) сыртқы сараптама жүргізуге негіз болған сыртқы сараптама тағайындау туралы бұйрықтың күні мен нөмірі;
3) сыртқы сараптама жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты және лауазымы;
4) тексерілетін субъектінің атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты, сыртқы сараптама жүргізу кезінде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымы;
5) сыртқы сараптама жүргізілген күні, орны және кезеңі;
6) сыртқы сараптама нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәліметтер;
7) тексерілетін субъект өкілінің, сондай-ақ сыртқы сараптама жүргізу кезінде қатысқан тұлғалардың актімен танысуы туралы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қол қоюы немесе қол қоюдан бас тартуы;
8) сыртқы сараптама жүргізген лауазымды тұлғаның (тұлғалардың) қолы көрсетіледі.
25. Сыртқы сараптама нәтежелері жөніндегі акт денсаулық сақтау субъектісінің басшысына немесе басшы болмаған жағдайда оны алмастыратын адамға ұсынылады.
Сыртқы сараптама нәтижелері жөніндегі ескертулер және (немесе) қарсылықтар жазбаша түрде жазылады және сыртқы сараптама нәтежелері туралы актіге қоса беріледі, ол туралы тиісті белгі жасалады.
26. Сыртқы сараптама нәтижелері туралы актінің бір данасы заңды тұлғаға немесе жеке тұлғаға не олардың өкілдеріне танысу үшін және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды және басқа да іс-қимылдарды қабылдау үшін беріледі.
27. Сыртқы сараптама нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша тексерілетін субъекті қарсылықтар болған жағдайда күнтізбелік үш күннен аспайтын мерзімде сыртқы сараптама жүргізген лауазымды адаммен келісілетін мерзімдерді көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою үшін қабылданатын шаралар туралы ақпарат береді.
28. Әкімшілік жазалау шараларын қабылдау үшін негіздер анықталған жағдайда тәуелсіз сарапшылар тексеру аяқталған күннен кешіктірмей сыртқы сараптаманы жүргізген мемлекеттік органның тексеру субъектілерін әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы шешім қабылдауы үшін оған материалдарды жібереді.
29. Сыртқы сараптаманың нәтижелерімен келіспеген жағдайда денсаулық сақтау субъектілері оларға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымданады.
4. Медициналық қызметтер сапасын
ішкі және сыртқы сараптау кезеңдері
30. Медициналық қызметтер сапасын сараптау кезеңдері:
1) белгілі бір жұмыс кезеңіндегі денсаулық сақтау субъектісі қызметінің көрсеткіштерін өткен жұмыс кезеңінің көрсеткішімен, сондай-ақ халық денсаулығы жағдайының республикалық және облыстық көрсеткіштерімен салыстырмалы талдау мақсатында денсаулық сақтау субъектісінің есепке алу және есептілік құжаттарын талдау;
2) өткізілген емдеу-диагностикалық іс-шаралардың егжей-тегжейлі ретроспективалық және (немесе) ағымдағы талдауын зерделеу арқылы олардың денсаулық сақтау саласындағы белгіленген стандарттарға сәйкестігі мәніне клиникалық аудит жүргізу;
3) азаматтардың көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына қанағаттанушылығы деңгейін айқындау пациенттерге және/немесе олардың туыстарына сауалнама жүргізу арқылы және денсаулық сақтау субъекісінің қызметіне азаматтардың негізделген өтініштерінің саны бойынша жүргізіледі;
4) медициналық қызметтер сапасы сараптамасының нәтижелерін талдау және қорыту;
5) медициналық қызметтер сапасы сараптамасының нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға және алдын алуға бағытталған шаралар қабылдау.
31. Медициналық қызметтер сапасының сараптамасы:
1) медициналық қызметтердің сапасына сараптама жүргізу сәтінде медициналық көмек алған пациенттердің медициналық құжаттары зерделенетін, қажет болған жағдайда пациент тексеріліп-қаралатын, ағымдағы талдау;
2) медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама жүргізу сәтінде медициналық көмек алған пациенттердің медициналық құжаттары зерделенетін ретроспективалық талдау жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
32. Медициналық құжаттарға талдау жүргізу кезінде мыналар бағаланады:
1) анамнез жинау сапасы;
2) диагностикалық зерттеулер жүргізудің толықтығы мен негізділігі;
3) емдеуге жатқызу кезеңінде жүргізілген зерттеулер нәтижелерін есепке ала отырып, бастапқы 3 күн ішінде қойылған клиникалық диагноздың дұрыстығы, уақтылылығы мен негізділігі;
4) емдеуде болу, осы нысанда медициналық көмек (амбулаториялық-емханалық, стационарлық, стационарды алмастыратын) алу негізділігі;
5) мамандар консультацияларының уақтылылығы мен сапасы;
6) емдік, оның ішінде диспансерлік, профилактикалық және оңалту іс-шараларының көлемі, сапасы мен өткізу негізділігі;
7) медициналық араласулардан кейін асқынулардың дамуы;
8) қол жеткізілген нәтиже;
9) көрсетілген медициналық көмекке қанағаттанушылық;
10) медициналық құжаттарды жүргізудің сапасы.
Амбулаториялық-емханалық көмек деңгейінде қосымша диспансерлік, профилактикалық және оңалту іс-шаралары бағаланады.
33. Анамнезді жинау сапасы төрт өлшем бойынша бағаланады:
1) анамнезді жинаудың жоқтығы;
2) негізгі құрамдастар бойынша (аллергологиялық бөлім, гемотрансфузиялық бөлім, бастан өткерген аурулар, дәрі-дәрмектік бөлім, ауыр тұқым қуалаушылық) ішінара немесе толық кемшіліктері бар жүйелік жинаудың жоқтығы;
3) толық жинаған кезде осы жағдайды түсіндіруде маңызды мәнге ие болатын айтарлықтай бөліктерге бөлудің болмауы;
4) асқынулардың туындауына әкеп соққан тәсілдік қателер себептері болып табылған анамнезді сапасыз жинау.
Пациенттің жағдайы аса ауыр болған немесе оның ес-түссіз күйде келген жағдайларда анамнезді жинау сапасы ескерілмейді.
34. Диагностикалық зерттеулердің сәйкестігін бағалау кезінде мынадай бес өлшем ескеріледі:
1) диагносткалық іс-шаралар мен тексерулер жүргізілген жоқ;
2) диагносткалық іс-шаралардың түсіндірмесі дұрыс емес немесе жоқ, бұл диагнозды дұрыс қоймауға және емдеу тәсілін іріктемеуге әкеледі;
3) аурулардың диагностикасы мен емдеу хаттамаларында көзделген диагностикалық зерттеулер жүргізілген жоқ;
4) пациенттің денсаулық жағдайы үшін диагностикалық рәсімдер жиынтығы мен жоғары, дәлелденбеген қатермен қосымша диагностикасы бар;
5) емдеу мерзімдерін негізсіз ұзартуға, емдеу құнының қымбаттауына әкелген және дұрыс диагноз қою үшін ақпарат бермеген диагностикалық рәсімдер мен қосымша зерттеулердің тым көп жиынтығы бар.
Жабдықтардың болмауы, дәрігер біліктілігінің жеткіліксіздігі, науқастың аса ауыр жағдайы мен шұғыл айғақтарына байланысты реанимациялық іс-шараларға немесе жедел көмекке диагностикалық зерттеулер жүргізудің қиындығы сияқты аурулардың диагностикасы мен емдеу хаттамаларының талаптарына сәйкес қажетті диагностикалық рәсімдер мен іс-шараларды жүргізбеудің объективті себептері медициналық қызметтер көрсету сапасын сараптау нәтижесінде көрсетіледі. Зерттеп-қарау жөніндегі стандартты орындамаудың медициналық көмекті жүзеге асырудың келесі кезеңдері әсеріне бағалау жүргізіледі.
35. Клиникалық диагноз қоюдың дұрыстығы мен нақтылығын бағалау төрт өлшем бойынша жүргізіледі:
1) диагноз дұрыс қойылмаған немесе жоқ, оның ішінде диагноз толық емес, аурулардың халықаралық жіктемесіне немесе жалпыға бірдей жіктемелерге сәйкес келмейді;
2) ауру ағымының ауырлығын анықтайтын жетекші патологиялық синдром анықталмаған, қосалқы аурулар, сондай-ақ асқынулар анықталмаған;
3) диагноз дұрыс, бірақ толық емес, асқынулар анықталғанмен жетекші патологиялық синдром анықталмаған, бірақ нәтиже үшін маңызды қосалқы аурулар анықталмаған;
4) негізгі аурудың диагнозы дұрыс, алайда, нәтиже үшін маңызды қосалқы аурулар диагностикаланбаған.
Дұрыс емес және (немесе) уақтылы емес диагностиканың негізгі аурудың атипиялық ағымы, біліне қоймайтын ауыр қосалқы аурудың, сирек кездесетін асқынулар мен қосалқы аурулардың болуы сияқты объективті себептері медициналық қызметтер көрсету сапасы сараптамасының нәтижелерінде көрсетіледі. Диагнозды дұрыс және (немесе) уақтылы қоймаудың медициналық көмекті жүзеге асырудың кейінгі кезеңдеріне әсерін бағалау жүргізіледі.
36. Мамандар консультациясының уақтылығы және сапасын бағалау мынадай төрт өлшем бойынша жүзеге асырылады:
1) консультация өткізілген жоқ, бұл симптомдар мен синдромдарды қате түсіндіруге әкелді, бұл аурудың нәтижесіне теріс әсер етті;
2) консультация уақтылы өткізілді, бірақ консультанттың пікірі дұрыс диагноз қою кезінде ескерілген жоқ, бұл аурудың нәтижесіне ішінара әсер етті;
3) консультация уақтылы өткізілді, консультанттың пікірі дұрыс диагноз қою кезінде ескерілді, бірақ емдеу жөніндегі консультанттың ұсынымдары орындалған жоқ, аурудың нәтижесіне ішінара әсер етті;
4) консультанттың пікірі қате, бұл аурудың нәтижесіне әсер етті.
Консультация кешігіп жүргізілген жағдайда, консультацияны уақтылы бермеу себептері және диагнозды уақтылы қоймауға ықпал ету медициналық көмекті жүзеге асырудың кейінгі кезеңдеріне объективті бағалау жүргізіледі.
37. Тағайындалған емдік іс-шараларды бағалау мынадай өлшемдер бойынша жүргізіледі:
1) айғақтары болған жағдайда емнің болмауы;
2) емдеу айғақтарынсыз тағайындалған;
3) емдеу кезінде осы пациенттің ауруы ағымының ерекшелігі, қосалқы аурулары, асқынулары есепке алынбай, тиімділігі аз емдеу іс-шаралары тағайындалған;
4) емдеу іс-шаралары толық орындалған жоқ, органдар мен жүйелердің функциялық жетіспеушілігі, дәрілік заттардың әсер ету тетіктерінің ерекшеліктері есепке алынбаған;
5) пациенттің бастамасы бойынша емдеуді тоқтатудың құжат бойынша ресімделген жағдайларынан басқа, клиникалық әсерін толық бағаламау және (немесе) ауру ағымының ауырлауы кезінде емдеуді уақытынан бұрын тоқтату;
6) денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтамау, оның ішінде аурулардың диагностикасы мен емдеу хаттамалары талаптарынан айтарлықтай ауытқу, дәрі-дәрмектердің ауыр жанама әсерінсіз полипрагмазияның болуы және жаңа патологиялық синдромның дамуы;
7) денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді сақтамау, оның ішінде аурулардың диагностикасы мен емдеу хаттамаларынан талаптарынан толық ауытқу, жаңа патологиялық синдромның дамуына және пациенттің жағдайын нашарлатуға әкелген полипрагмазияның болуы.
Емдеу іс-шараларын бағалау кезінде медициналық көмектің сапасы сараптамасының нәтижелерінде қиындық туғызатын немесе емдеу іс-шараларын жүргізу мүмкін емес және аурудың нәтижесіне әсер еткен немесе әсер етуі мүмкін мән-жайлардың болуы ескеріледі және көрсетіледі.
38. Стационар деңгейіндегі медициналық көмектің сапасына сараптама жүргізу кезінде емдеуге жатқызудан бас тартудың негізділігін бағалау, стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде медициналық көмек көрсетудің сапасын бағалау, жедел көмек станцияларымен (бөлімшелерімен) сабақтастықтың болуын, халықтың стационарлық көмекке қолжетімділігін бағалау жүргізіледі. Амбулаториялық-емханалық көмек деңгейінде пациенттер үшін медициналық көмектің қолжетімділігіне, тіркеу орнының жұмысын ұйымдастыруға бағалау жүргізіледі.
39. Медициналық көмектің сапасын бағалауға туындаған асқынулар және операцияны орындаудың нашар техникалық сапасымен түсіндірілетін асқынулар, хирургиялық манипуляцияларды орындаудың салдары болып табылатын операциядан кейінгі асқынулар және басқа да зерттеу әдістерін қолдану жатады.
40. Медициналық құжаттаманы жүргізудің сапасы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттамасы нысанына сәйкес жазбалардың болуы, толықтығы мен сапасы бойынша анықталады.
Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама жүргізу барысында пациенттің инвазивтік араласулар жүргізуден хабардар болу келісімін, ұсынылған емнен бас тартуын, сондай-ақ Кодекстің 56-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, патологоанатомиялық зерттеу жүргізбеу негізділігін ресімдеу бағаланады.
41. Диспансерлік іс-шаралар олардың науқас жағдайына әсерін, аурудың асқынуларының туындау жиілігін, дәрігерлік тексерулердің уақтылылығын, тұрақтылығын, олардың ауырлығы мен ұзақтығын, жүргізілген зертханалық және аспаптық тексерулерді, профилактикалық ем тағайындау тұрғысынан мынадай өлшемдер бойынша бағаланады:
1) диспансерлік байқаудың еселігі;
2) тексерудің сапасы және тексеру түрлерінің ауруларды диагностикалау мен емдеудің бекітілген хаттамаларына сәйкестігі, хаттамаларға енбеген зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүргізудің негізділігі;
3) емдеу сапасы мен тағайындалған емнің денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен ауруларды диагностикалау мен емдеу хаттамаларына сәйкестігі;
4) емдеуге жатқызу кезінде стационарлық емге айғақтардың болуы;
5) стационардан шығарғаннан кейінгі байқау;
6) емді жалғастыру, оның ішінде егер науқас стационарлық емдеуге жіберілген болса, алайда стационарға келіп түспесе;
7) сауығуына байланысты есептен алу дұрыстығының статистикалық деректері.
42. Профилактикалық (скринингтер, вакцинациялау, бір жасқа толмаған балаларды диспансерлеу, жүкті әйелдерді бақылау, отбасын жоспарлау жөніндегі іс-шаралар) және оңалту іс-шаралары оларды жүргізу айғақтарының болуын, жүргізудің уақтылығын, ауруларды бастапқы анықтау деңгейін, медициналық тексеру нәтижелері бойынша қабылданған шараларды, сауықтыру іс-шаралары кешенін орындауды, сауықтыру нәтижелерін есепке ала отырып, бағаланады.
43. 5 жасқа дейінгі балалардың профилактикалық іс-шараларын бағалау мынадай өлшемдер бойынша жүргізіледі:
1) балаларды бақылау мерзімдерін сақтау және мамандар тексерулерінің толықтығы;
2) күтім жасау және қоректендіру бойынша ұсынымдардың уақтылылығы;
3) балалар жасындағы ауруларды ықпалдастыра тексеріп-қарау және балалардың ерте жастан даму қағидаттарына сәйкес күтім жасау және қоректендіру бойынша ұсынымдардың барабарлығы;
4) профилактикалық екпелер күнтізбесін сақтау;
5) екпелер жасағаннан кейін бала денсаулығының жағдайын бақылаудың болуы;
6) медициналық босату негізділігі.
44. Жүкті әйелдердің профилактикалық іс-шараларын бағалау мынадай өлшемдер бойынша жүргізіледі:
1) жүктілігі бойынша есепке алу мерзімдері мен серпінін бақылау;
2) пренаталдық скринингтің болуын қоса алғанда, тексерудің толықтығы мен тиімділігі;
3) жүктілік асқынуларын және экстрагениталдық патологияны диагностикалаудың уақтылылығы, оның ішінде экстрагениталдық патологияны анықтау мақсатында бейінді мамандардың консультациясының болуы;
4) жүкті әйелдің қатер тобының жоспарланған емдеуге жатқызу деңгейіне сәйкестігі;
5) жүкті әйелдерді тегін және (немесе) жеңілдікті негізде дәрілік препараттармен қамтамасыз ету.
45. Қол жеткізілген нәтижені бағалау мынадай өлшемдер бойынша жүргізіледі:
1) медициналық көмек көрсету технологиясын сақтау кезінде күтілетін клиникалық әсерге қол жеткізу;
2) диагностикалық іс-шараларды сапасыз (анамнезді толық жинамау, тексеру нәтижелерінің болмауы немесе дұрыс интерпретацияламау, диагнозды дұрыс немесе нақты қоймау) өткізудің салдарынан емдеу және профилактикалық іс-шаралардың клиникалық әсерінің болмауы;
3) осы пациенттің ауруы ағымының ерекшеліктерін, қосалқы ауруларын, асқынуларды, дәрілік заттардың әсері тетіктерінің ерекшеліктерін есепке алмай тиімділігі аз емдік, профилактикалық іс-шараларды өткізудің салдарынан күтілген клиникалық әсерге қол жеткізілген жоқ;
4) келеңсіз салдардың дамуына негіз болған полипрагмазияның болуы.
46. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптаманы аяқтағаннан кейін медициналық көмек көрсетуден бас тартылған кезде:
1) көрсетілген медициналық көмектің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі (сәйкессіздігі) туралы;
2) пациентке мемлекет кепілдік берген көлемде тегін медициналық көмек беру туралы;
3) нақты тұлғаларды көрсете отырып, тәртіптік және (немесе) әкімшілік-құқықтық ықпал ету шараларын қабылдау үшін негіздемелердің болуы туралы тұжырымдар жіктеліп, жасалады.
_________________________
Медициналық қызметтер көрсету
сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды
ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларына
1-қосымша
Достарыңызбен бөлісу: |