ӘОЖ 314.14 (574). Қолжазба құқығында
МЕЙІРБЕКОВ МЫРЗАБАЙ БАЛТАБАЙҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуы
(1926-1959 жж.)
07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи-демография және қазіргі заманғы әлеуметтік процестер бөлімінде орындалды.
Ғылыми жетекшілері: тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі М.Х. Асылбеков
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
А.И. Құдайбергенова Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.А. Ермекбаев
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
Г.Б. Қозғанбаева
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университеті
Диссертация 2010 жылы «27» қазан сағат 14-30-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД. 53.33.01 Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы, Шевченко көшесі, 28).
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады (050010, Алматы, Шевченко көшесі, 28).
Автореферат 2010 жылы «25» қыркүйекте таратылды.
Диссертациялық кеңестің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева
К І Р І С П Е
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Диссертацияда Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары халқының әлеуметтік-демографиялық даму үдерістері тарихи-демографиялық тұрғыдан жан-жақты зерттеледі.
Оңтүстік Қазақстан аймағы халқының 1926-1959 жж. аралығындағы әлеуметтік-демографиялық дамуы мен хал-ахуалы арнайы зерттелмеген тақырыптардың бірі. Сол себепті, зерттеу жұмысында аталған өңірдің әкімшілік-территориялық өзгерістері, тұрғындардың табиғи өсімі, жастық-жыныстық ерекшелігі, ұлттық құрамы, халық саны мен орналасуы, көші-қон үдерістері, халықтың әлеуметтік құрылымы көптеген тың деректер негізінде талданылады.
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстанның егемендік алып, өз алдына тәуелсіз ел болуы өткен тарихты қайта зерттеп, зерделеу міндетін қойды. Міне, сондықтан да 1926-1959 жж. Оңтүстік Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуы өңірлік тұрғыдағы арнайы тиянақты зерттеу жұмысын жазуды қажетсінетіндігінде күмән жоқ. Кеңестік дәуірдегі ұжымдастыру, тәркілеу, ашаршылық, қуғын-сүргін, депортация, арнайы қоныс аудартулар, екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағы эвакуация мен реэвакуация, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру мен тың және тыңайған жерлерді игеру науқандарының ел өміріне, Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының құрамындағы өзгерістерге ықпалын жан-жақты зерттеу арқылы өткен тарихымыздың бүгінгі күнмен сабақтастығын қарастыру өте өзекті мәселелердің қатарынан саналады. Демек, диссертация тақырыбының бүгінгі таңдағы ұлтаралық қатынастарды, көші-қон және демографиялық саясатты жүзеге асыруға септігін тигізетін өзекті мәселелердің қатарына жататындығы ешқандай күмән тудырмайды. Осы орайда, Президентіміз Н.Ә. Назарбаев: «Түптеп келгенде, ұлттық-мемлекеттік саясаттың базалық негізі өзін-өзі тану мәселесі болып шығады» [1], - деп жол көрсеткен болатын.
Арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылып отырған Оңтүстік өңірдің өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, бұл аймақта халқының құрамында тұрғылықты ұлт өкілдерінің үлесі жоғары және демографиялық ахуалында түркі-мұсылман халықтарының өсіп-өнуі шешуші рөл атқаратын, республикадағы ең өсімтал аймақ болып табылады. Екіншіден, халқының орналасуында тұрғындардың тығыздығы басқа аймақтарға қарағанда айтарлықтай жоғары. Үшіншіден, көнеден келе жатқан өркениет сабақтастығының ізі жатқан көне қалалардың негізінде жалғасын тапқан ірі қалалар, қалашықтар мен елді-мекендердің халқы бар. Төртіншіден, табиғат жағдайы мен қоршаған ортасы өзге аймақтарға қарағанда халқының қоныстануына ерекше қолайлы, әрі тиімді жақтарымен ерекшеленеді. Бесіншіден, халықтың шаруашылығы және еңбек етуі қарқынды дамуымен сипатталады.
Оңтүстік Қазақстан халқының 1926-1959 жж. әлеуметтік-демографиялық даму ерекшеліктері ғылыми талдауға әлі түскен жоқ. Тарихи-демографиялық тұрғыдан елдің аймақтары мен мекендеуші ұлттардың динамикасының демографиялық даму тарихын, өткенін ашып көрсетуге бағытталған мұндай іргелі зерттеу жұмыстары арқылы Қазақстанда тұратын ұлттардың өзара түсіністігі мен қарым-қатынасы, саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің нығая түсуіне мүмкіндіктер жасау – зерттеу жұмысының іс-тәжірибелік маңыздылығын көрсетеді.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Тарихнамалық еңбектерді бірнеше топқа бөліп қарастырсақ төмендегідей болып шығады: Бірінші топқа Кеңестік дәуірде қазақ халқының саны, құрамы, олардың орналасуы жайында алғашқылардың бірі болып қалам тартқан Ә. Бөкейханов, С. Асфендияров, Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов сияқты қазақ зиялыларының еңбектерінде ұлттық мүддені қорғау көзделді. 1920-1930 жж. мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген А.Н. Донич пен Н.Д. Трублаевичтің зерттеулерінде демографиялық шолу жасалып, республикадағы халықтың табиғи өсімі мен ұлттық құрамындағы өзгерістер қарастырылды [2]. Бірақ, Оңтүстік Қазақстан аймағы халқының мәліметтері кездесетін авторлар еңбектерінде ұлттар арасындағы табиғи өсімнің әркелкі көрсеткішке ие болу себептерін түсіндірмей, тек мәліметтер келтірумен шектелді. Көпке дейін демографиялық мәселелер зерттеушілер назарынан тыс қалып қойды. Зерттеулер тек 1960 жж. ғана қолға алына бастады. 1960-1970 жж. Қазақстанның демографиялық дамуының кейбір қырлары қарастырылған, алайда, негізінен еліміздің әлеуметтік даму мәселелеріне арналған еңбектер шықты. Әсіресе, жұмысшы табы, шаруалар мен интеллигенция тобының қалыптасуы мен даму үдерісін анықтау үшін ресми статистиканы қолданған зерттеушілер еңбектерінде республиканың әлеуметтік топтарының демографиялық сипаттамалары, ерекше өнеркәсіптік көші-қон мәселелері қарастырылды. Бұл екінші топқа кеңестік дәуірде жарық көрген жұмысшы, шаруа және т.б. мәселелер тарихына арналған еңбектер кіреді. Бірақ, бұл зерттеулердің ішінара болса да, халықтың әлеуметтік-демографиялық дамуына қатысы бар екендігін атап көрсеткеніміз жөн. Мысалы, А.Н. Нүсіпбеков, Б.А. Төлепбаев, М.Х. Асылбеков, С.Б. Нұрмұхамедов, Б.Н. Әбішева, А.Б. Балақаев, Г.Ф. Дахшлейгер, К.Н. Нұрпейіс, Р.Б. Сүлейменов, Ш.Ю. Тастанов, Х. Әбжанов [3] және т.б. ғалымдар Қазақстандағы этно-демографиялық процестерді анықтайтын статистикалық мұрағат деректерін айналымға енгізді.
Үшінші топқа тарихи-демография саласы бойынша алғашқы көлемді жарық көрген және іргелі мәселелерді атап көрсеткен еңбектерді атаймыз. Мәселен, Қазақстанда көші-қонның тарихи мәнін, оның халықтың әлеуметтік-ұлттық құрамына тигізген әсерін ашқан, көші-қон мен ұлттық құрылым өзгерістерінің өзара байланысты тарихи құбылыс екендігін алғаш көрсеткен Е.Н. Гладышеваның, Н.Е. Бекмаханованың зерттеулері еді. Көші-қон қозғалысының республика халқының көп ұлтты құрамының қалыптасуына әсер еткен күрделі де көп салалы процесс екендігін атаған кешенді еңбек – Ф.Н. Базанованың монографиясында кеңес дәуіріндегі тыйым салынған Қазақстандағы көші-қон үдерістерінің маңызды беттері: репрессияланған халықтарды депортациялау, таптық белгісіне байланысты жер аудару тағы басқа мәселелері ашылған жоқ. Сондай-ақ, Қазақстан тұрғындары жайында статистикалық материалдарға негізделген еңбектер Н.В. Алексеенконың зерттеулері ретінде жарық көрді [4].
Осы топқа кіретін, 1980 жж. соңынан бастап шыға бастаған Қазақстандық ғалымдардың зерттеулерінде халықтар тағдырындағы саяси фактордың әсерлері талдана бастады. М.Қ. Қозыбаевтың, Ж.Б. Абылхожиннің, М.Б. Тәтімовтың еңбектерінде деректерге негізделген Қазақстандағы
1920-1940 жж. тоталитарлы жүйенің жүргізілген экономикадан тыс, күштеу саясатының дағдарыстарға толы әлеуметтік-демографиялық нәтижелері анықталды [5].
Қазақстанның кеңестік дәуірдегі әлеуметтік демографиялық дамуына арналған М.Х. Асылбеков пен Ә.Б. Ғалидың арнайы монографиясында [6] республиканың әлеуметтік-демографиялық дамуының басты факторлары мен бағыттарына кешенді көзқарас авторларға бұл үдерістің болашақтағы дамуына ғылыми тұжырымдамалық болжамдар жасатты. Зерттеулерде біз қарастырып отырған кезеңнің тарихи демографиясының кейбір беттері көрсетілді. Ә.Б. Ғали 1917-1991 жж. әлеуметтік демографиялық құбылыстары туралы докторлық диссертация қорғады. Зерттеуде халық санақтарының қорытындыларына әлеуметтік, этно-демографиялық бағытта талдау жасады.
1990 жж. М. Қойгелдиев пен Т. Омарбековтың және т.б. ғалымдардың еңбектерінде асыра сілтеу жылдарындағы қазақ халқының демографиялық келбетін айқындайтын, халықтың азаюы мен апатқа ұшырауы салдарын ашқан тұжырымдары жарияланды [7]. Онда Қазақстаннан тысқары кеткен қазақтардың саны мен әлеуметтік құрамы жөнінде құнды мәліметтер берілген.
Н.В. Алексеенконың, Н.З. Тәкіжбаеваның, С. Айымбетовтің [8], Л.Т. Қожекееваның, А.И. Құдайбергенованың және т.б. диссертациялары Қазақстан халқының құрамын, жұмысшы табы мен ұжымшар шаруаларының, интеллигенция қауымының саны мен сапасындағы өзгерістерді зерттеп бір жүйеге келтірді.
Кеңестік тоталитарлық жүйенің мәні мен оның Қазақстандағы көрінісінің ерекшеліктері М.Қ. Қозыбаев пен Қ.С. Алдажұманов еңбектерінде ашылды [9].
Демография мәселесі бойынша жарық көрген зерттеулердің ішінде М.Х. Асылбеков және А.И. Құдайбергенованың монографиясында Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық қозғалысына қатысты мұрағат, санақ материалдарына негізделген бірқатар мәселелер көтерілген [10].
Қазақстандағы 1926-1959 жж. бұқаралық сипат алған көші-қон процесі мен оның тарихнамасын қарастырған Қ.А. Еңсеновтың, 1970-1989 жж. Қазақстанға қоныс аударылғандардың азшылыққа айналуы мен олардың кері көшуі жайында, сонымен қатар, олардың құқықтық жағдайы қарастырылған Б.Р. Найманбаевтың, 1960-1990 жж. Қазақстандағы көші-қон саясатының жүзеге асырылуы мен орындалуы жайында тың деректер келтірілген Қ.М. Ерімбетованың және т.б. кандидаттық зерттеу жұмыстарында республика көлемінде жүрген көші-қон үдерістерінің Оңтүстік Қазақстан аумағындағы ерекшеліктері көрсетіліп кетеді. Бірақ, бұл зерттеу жұмыстарының тақырыбының қамтитын мерзімді шегі мен аймақтық ауқымындағы айырмашылықтар Оңтүстік Қазақстан аймағының мәселесінің терең зерттелмегендігін көрсетеді.
Төртінші топқа Қазақстанның әр аймақтары мен облыстары бойынша жүргізілген зерттеулерді атап көрсетуге болады. К.Ж. Жұбатқановтың еңбегінде Солтүстік Қазақстанның демографиялық жағдайы Оңтүстік Қазақстанмен салыстырыла көрсетіледі. Бірақ еңбекте 1950-1980 жж. қарастырылады.
Батыс Қазақстан халқы М.Н. Сдықовтың, Шығыс Қазақстан халқы туралы статистикалық мағлұматқа толы Н.В. Алексеенконың, Орталық Қазақстанның ХІХ-ХХ ғғ. демографиялық дамуына арналған В.В. Козинаның, Жетісу өлкесі бойынша даярланған М.К. Төлекованың докторлық диссертациялары, О. Табылдиеваның - Маңғыстау, А. Какенованың - Солтүстік Қазақстан аймағы, З.Ә. Сәбденбекованың Павлодар өңірінің әлеуметтік-демографиялық дамуы, Ш.А. Сәлімгерееваның Ақтөбе өңірі бойынша және т.б. кандидаттық диссертациялары оңтүстік халқының тарихын талдауда Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстыру бағытында Оңтүстік Қазақстан халқының демографиялық ахуалын ішінара айтып кетеді [11]. Бірақ, терең зерттемейді.
Бесінші топқа тарихи-демографияға және диаспоралар мәселесіне қатысты еңбектер бар. Олар Қазақстандағы диаспоралар тарихына арналған еңбектердің ішінде Г.М. Меңдіқұлова, Ж.Ә. Ермекбаев [12], Г.Б. Қозғанбаеваның [13] ғылыми зерттеулері жарық көрген.
Алтыншы топта тарихи-демография және тарихи зерттеудің методологиясы мен теориясына арналған еңбектер. Мысалы, М.Қ. Қозыбаев, Ә. Ғали, М.Х. Асылбеков пен А.Ш. Алтаевтың, және А.И. Құдайбергенованың көлемді мақалалары жарияланды. Сондай-ақ, тарихты зерттеу методологиясына қатысты С.Ф. Мажитовтың еңбегі [14] бар.
Жетінші топқа Ресейлік ғалымдардың тақырыпқа қатысты зерттеулері жатады. Олардың қатарында Н.Ф. Бугай, В.А. Земсков, Ю.А Поляков, М.П. Малышева, В.С. Познанский, С.И. Брук, Ю.А. Поляков, В.Б. Жиромская, И.Н. Кисилев [15] және т.б. тақырыпқа қатысты еңбектері жарыққа шықты. Сонымен бірге, шетелдік зерттеушілердің еңбектерін атап көрсетуге болады. Бұлардың зерттеулерінде Қазақстандағы демографиялық ахуалға және ашаршылық, жұт, көші-қонға байланысты бірқатар мәселелер аталған. Ондай еңбектері жароық көрген авторлар - Р. Конквест, С.Г. Уиткрофт, М.Б. Олкотт, А.Р. Льюс, Н.Р. Роулэнд [16] және т.б.
Диссертация тақырыбына арналған әдебиеттерге қысқаша шолу, 1926-1959 жж. Оңтүстік Қазақстан өңірі халқының әлеуметтік-демографиялық даму үдерістері арнайы және жан-жақты зерттелмегенін көрсетеді. Соған орай, аталған мәселені кешенді зерттеу қажеттілігі туындап отыр.
Ғылыми жұмыстың негізгі бағыты ретінде 1926-1959 жж. Оңтүстік Қазақстан аймағы халқының әлеуметтік-демографиялық дамуы зерттеу нысаны ретінде алынды. Аталған зерттеу жұмысы Қазақстан Оңтүстік аймағы халқының әлеуметтік-демографиялық дамуын өңірлік тұрғысынан арнайы қарастыратын алғашқы тарихи-демографиялық зерттеу болып табылады.
Зерттеудің деректік негізі. Зерттеуде әртүрлі деректер пайдаланылды, олардың бастылары: 1) мұрағат құжаттары мен мәліметтері; 2) 1926, 1939 және 1959 жж. Бүкілодақтық халық санақтарының мәліметтері; 3) жарияланған статистикалық жинақтар; 4) баспасөз мәліметтері және т.б.
Ғылыми зерттеу жұмысының деректік негіздері негізінен төмендегідей мұрағаттардан алынып пайдаланылды: Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты, Жамбыл облысының Мемлекеттік мұрағаты, Қызылорда облысының Мемлекеттік мұрағаты және Оңтүстік Қазақстан облысының Мемлекеттік мұрағаттарының қор құжаттары пайдаланылды.
Мұрағаттардың қор атаулары мен нөмірлерін жеке-жеке атап көрсетсек, Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатындағы 5-қор материалдарынан алынды. Сонымен қатар, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Орталық Статистикалық басқарма (698) қоры Статистикалық мәліметтерге толы және әр облыстар бойынша келген-кеткендер туралы деректер бар. 938-қор құжаттары, сондай-ақ, 1987-қорда (Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің еңбек ресурстарын реттеу жөніндегі Мемлекеттік Комитет) Одақ бойынша шаруашылықты реттеуге байланысты көшірілгендер туралы мәліметтер кездеседі. 1137-қорда (Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің құпия қоры) Қазақстан Министрлер Кеңесінің шешімдері мен қаулыларынан құралған материалдар бар. Осы қор құжаттарында өзге ұлт өкілдерінің Оңтүстік Қазақстанға көшірілгені, кезіндегі қабылдануы, ұлттық құрамы жайында мәліметтер кездеседі. 1208-қорда (Қазақ КСР-нің үкіметі жанындағы Көшіру-қоныстандыру бөлімі), сондай-ақ 1179-қорда да (Қазақ КСР Жоспарлау комитеті) қажетті деректер жинақталған.
Қазақстан Республикасының Президенті мұрағатындағы деректер де жұмысты жазуға пайдаланылды. Атап айтсақ, 141-қорда (БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің қоры) кеңестік билік орнағаннан кейінгі уақыттағы ұжымдастыру, байларды тәркілеуге қатысты және республикадағы халықтың ұлттық құрамы, олардың бір-бірімен қарым-қатынасы туралы құжаттық деректер кездеседі. Мәселен, 708-қорда (Қазақтан Коммунистік Партиясының Орталық Комитетінің қоры) көптеген қаулы-қарарлар, шешімдер және басшылардың есептері жинақталған. Қор деректерінде Қазақстанда кеңестік кезеңде жүргізілген көші-қон қозғалысы, депортацияланып келгендер мен тың игеру кезінде елдің еуропалық бөлігінен келгендер жайында мәліметтер кездеседі.
Жамбыл облысы тұрғындарының әлеуметтік демографиялық дамуына қатысты Жамбыл облысының Мемлекеттік мұрағатынан 21-қор (Әулие-Ата аудандық жұмысшы, шаруа және еңбекші депутаттарының Атқару комитеті. Әулие-Ата қаласы.), 48-қор (Әулие-Ата уездік білім беру бөлімі 1918-1931 жж.), 71-қор (Жамбыл көмір шахтасы), 122-қор (Әулие-Ата уездік Статистика бюросы 1920-1927 жж.), 399-қор (Жамбыл облысының Еңбекші депутаттар Кеңесінің Атқару комитеті 1939-1959 жж.), 419-қор (Жамбыл облыстық Статистика Басқармасы), 590-қор (Жамбыл облысының Статистика Басқармасы 1952-1969 жж.) мәліметтері ғылыми айналымға тартылды.
Қызылорда облысының Мемлекеттік мұрағатынан – 2-қор (Қызылорда округтық атқару комитетінің қоры), 181-қор (Перовск уездік стат бюросы), 182-қор (Қызылорда округтық атқару стат бөлімі), 585-қор (Қызылорда облысының статистика басқармасы) мәліметтері пайдаланылды.
Оңтүстік Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуынан мәліметтер беретін Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік мұрағатының мынадай нақты қорларынан материалдар алынды: 121-қор (Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық бөліністері), 393-қор (Сырдария губерниясының статистикалық бюросы 1918-1928 жж.), 709-қор (Шымкент облыстық статистика басқармасы 1932-1965 жж.), 709-қор (Оңтүстік Қазақстан облысының статистика басқармасы 1940-1987 жж.).
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының басты мақсаты 1926-1959 жж. Оңтүстік Қазақстан аймағы халқының әлеуметтік-демографиялық дамуын кешенді түрде зертте көрсету болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін мынадай нақтылы міндеттерді шешу көзделді:
- Оңтүстік өңір халқының әлеуметтік-демографиялық дамуын жан-жақты зерттеп, аймақтық тұрғыдан ерекшеліктерін анықтау;
- Тұрғындарының демографиялық өсіп-өнуіне ықпал еткен өңірдегі әкімшілік-территориялық өзгерістерді ашып көрсету;
- Оңтүстік өңір халқының жалпы саны мен құрамын аймақ бойынша (облыстар, қала мен ауыл) орналасуы мен өзара және республикадағы үлес салмағын айқындау;
- 1926-1959 жж. Оңтүстік Қазақстан аймағы халқының тарихи факторларға байланысты жастық-жыныстық және ұлттық құрамындағы өзгерістерін анықтау;
- Көшіріліп келген өзге ұлт өкілдерінің оңтүстік өңір халқының демографиялық құрамына әсерін анықтау;
- Көші-қонның түрлерін, олардың қозғалыстарын тың мұрағат құжаттары арқылы көрсету;
- Аймақ халқының саяси, экономикалық және мәдени дамуы нәтижесінде болған әлеуметтік құрамындағы өзгерістерді ашып көрсету;
- Тұрғындардың білім деңгейін ашып көрсету .
Жұмыстың әдістемелік негіздері. Диссертацияда қойылған мәселелерді ғылыми тұрғыдан ашып көрсету үшін тарихи зерттеудің жүйелі тәсілімен тығыз байланыстылығы, тарихшылдық, объективтілік, жан-жақтылық, шынайылық және басқа теориялық-методологиялық ұстанымдары негізге алынды. Ғылыми зерттеу жұмысында жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдар, жаңа тарихи көзқарастар тұрғысынан жазылған зерттеулер басшылыққа алынды. Зерттеу барысында тарихи салыстырмалық, өзара байланыстылық, статистикалық, демографиялық талдау және басқа әдістемелер қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы - 1926-1959 жж. Оңтүстік Қазақстан аймағы тұрғындарының әлеуметтік-демографиялық даму үрдерістері жан-жақты ашып көрсетілгендігі, соның арқасында төмендегідей нақтылы ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді:
- Алғаш рет Оңтүстік Қазақстан аймағы тұрғындарының әлеуметтік-демографиялық дамуына қатысты ғылыми еңбектер мен жинақ, санақ материалдары мен мұрағат құжаттары негізінде сараптама жасалып, тарихи-демографиялық тұрғыдан сарапталды;
- Мемлекет аралық, облыстық және аудандық көлемдегі әкімшілік- территориялық өзгерістері Оңтүстік өңір халқының әлеуметтік-демографиялық дамуына әсері талданды;
- Оңтүстік аймақ халқының табиғи өсімі, жастық, жыныстық ерекшелігі, территориялық (қала, село, аудандар) орналасуы және ұлттық құрамындағы үлес салмақтары анықталды;
- Республикааралық, ішкі және алыс-жақын шетелдік көші-қон үдерістерінің тұрғындардың демографиялық ахуалына ықпалы жан-жақты қарастырылды;
- Оңтүстік аймақ халқының әлеуметтік құрамындағы зиялы қауым, жұмысшылар мен шаруалардың үлес салмағы анықталды;
- Аймақ тұрғындарының білім деңгейіндегі өзгерістеріне талдаулар жасалды.
Зерттеу нысаны 1926-1959 жж. Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары халқының әлеуметтік-демографиялық дамуын тарихи-демографиялық тұрғыдан зерттеу болып табылады.
Зерттеу пәні 1926-1959 жж. Оңтүстік өңір халқының әлеуметтік-демографиялық дамуына тарихи-демографиялық тұрғыдан талдаулар жасау.
Зерттеудің қорғауға ұсынылатын тұжырымдары: Оңтүстік Қазақстан аймағы халқының 1926-1959 жж. аралығындағы әлеуметтік-демографиялық дамуы жөнінде жазылды:
-
Алғаш рет Оңтүстік Қазақстан аймағы халқының әлеуметтік-демографиялық дамуына қатысты ғылыми зерттеу еңбектер салыстырмалы түрде талданып, әлі де болса зерттеуді қажет ететін бағыттары көрсетілді;
-
Оңтүстік өңірде орналасқан Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жерлерінде кеңестік дәуірдегі әкімшілік-территориялық өзгерістері тұрғындар саны мен динамикасына едәуір әсер етті;
-
Тұрғындардың табиғи өсімі, ұлттық құрамында қазақтар мен түркі халықтарының үлес салмағы басым болуы және қалалықтардың көбеюі өңір экономикасы мен мәдениетінің өскелең дамуына байланысты болды;
-
Кеңестік дәуірдегі индустрияландыру, ұжымдастыру, тәркілеу, ашаршылық, қуғын-сүргін, арнайы қоныс аударулар және екінші дүниежүзілік соғыс пен соғыстан кейінгі кездегі республикааралық, ішкі және алыс-жақын шетелдік көші-қонның демографиялық ахуалға күшті әсер етті;
-
Оңтүстік Қазақстан өңірі тұрғындарының әлеуметтік құрамында зиялы қауым мен жұмысшылардың үлес салмағы өскені, шаруалар мен басқа топтардың үлесі азайғаны анықталып, халықтың білім деңгейінің күрт өсіп, күрделі өзгерістерге жеткені дәлелденді.
Диссертацияның территориялық ауқымы. Қазақ КСР-нің әкімшілік -территориялық құрамындағы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары халқының 1926-1959 жж. арасындағы әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтиды.
Зерттеудің мерзімдік шеңбері 1926-1959 жж. Оңтүстік Қазақстан аймағы халқының 33 жыл ішіндегі әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтиды. Яғни, 20-30 жылдардағы ұжымдастыру, тәркілеу, ашаршылық,қуғын-сүргін, депортация, 1941-1945 жж. соғыс жылдары мен онан кейінгі 1950 жылдар ішіндегі тың және тыңайған жерлерді игеру, халық шаруашылығын қалпына келтіру шаралары кезеңін қамтиды.
Зерттеу жұмысының қолданыстық маңызы. Диссертацияның қорытындылары мен нәтижелерін 1926-1959 жж. тарихи кезеңдегі Оңтүстік Қазақстан аймағы халқының әлеуметтік-демографиялық даму тарихы мен үдерістерінің көрсеткіштері ретінде жоғары оқу орнындағы арнайы курстарда пайдалануға болады. Қазіргі күндегі еліміздегі әлеуметтік-демографиялық проблемаларға байланысты саясатты саралауға да диссертация материал-дарының қажеттілігі бар.
Жұмыстың сыннан өтуі. Диссертацияның негізгі тұжырымдары бойынша 2008 ж. Алаш Орданың құрылғанына 90 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда және 2009 ж. Қаз ҰУ-де өткен дәстүрлі «Е. Бекмаханов оқуларында» ғылыми мақалалар жарық көрген. Диссертация бойынша 7 ғылыми мақала жарияланды.
Диссертация Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрілігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Тарихи демография және қазіргі заманғы әлеуметтік процестер» және «Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы» бөлімдерінің мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы. Ғылыми жұмыс кіріспеден, негізгі мәселені қарастыратын 2 тараудан, қорытынды бөлімнен, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Диссертация кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу жұмысының нысаны мен пәні, деректік және теориялық-методологиялық ұстанымдары, ғылыми жаңалықтары мен қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, мерзімдік шегі, қолданбалық маңызы, сыннан өтуі көрсетілген.
«Оңтүстік өңір халқының саны мен құрамы» деп аталатын бірінші бөлімнің бірінші тармақшасында «Аймақтағы әкімшілік-территориялық өзгерістер» мәселесі қарастырылған.
1917 ж. Қазан төңкерісінен кейін Түркістан генерал-губернаторлығы терри-ториясының көптеген бөлігі 1918 ж. мамыр айында Түркістан өлкесі Кеңесте-рінің V-cъезінде құрылған Түркістан Автономиялы Социалистік Республика-сының құрамына өтті. Оның құрамына Қазақстан жеріндегі Жетісу және Сырдария облыстары кірді. Одан кейін, 1921 ж. Түркістан Республикасы БОАК-тің 1921 ж. 11 сәуірдегі Декретіне сәйкес РКФСР құрамындағы Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы болып қайта құрылды. Осы жылы БОАК-тің 1921 ж. 11 сәуірдегі Декреті қабылданғанға дейін Түркістанда ұлттық-территориялық межелерді жүргізу үлкен дайындық жұмыстарын талап етті, ал осы кезде аймақта жағдай ауыр еді. Аймақтағы саяси-экономикалық жағдай күрделі болғандықтан, Орталық Азияда мемлекет-тердің шекараларын ұлттық құрамына қарай бөлу тек 1924 ж. ғана іске асты.
1925 ж. Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу аяқталды. Осы кезде Қазақ АКСР-нің құрамына Сырдария және Жетісу облыстары, Қара-Қалпақ автономиялы облысы және көптеген уездер қосылған болатын. Осындай қиын жағдайда қазақ халқының тарихи жерлері өз иелігіне қайтарылды, жерлердің қосылуынан республика халқының саны өсіп, 1926 ж. санақ бойынша 6,6 млн. адам болса, оның 3,6 млн. қазақтар еді, яғни, қазақтар республика тұрғындарының -61 %, орыстар – 1,2 % млн. (18 %), украиндар – 0,8 млн. (12 %) құрады.
Орта Азиядағы ұлттық-территориялық межелеу аяқталғанына қарамастан, одан кейінгі жылдары да Орта Азия республикалары арасында шекара сызығын анықтауға қатысты тартыстар мен келісімдер жалғаса берді. Қазақстан мен Қырғызстан шекарасын анықтау мақсатында Әулие-Ата уезінің аумағы, табиғи және тарихи, ұлттық бөлінісі анықталуы қажет болды, уезд батысында Ташкент уезінен Арабик өзенінің сағасына дейін, бұл арадан Арық бел өзенінен Көк саймен түйісетін жеріне дейін созылып барады. Шекара сипаттамасы 1926 ж. Әулие – Ата уезі арқылы жүргізіліп, Қазақстан мен Қырғызстан үшін картаға енгізілуге ұсынылды [17].
1926 ж. БОАК жиналысы өтіп (онда төрағалықты М.И. Калинин және хатшы С. Асфендияров жүргізген) қабылданған қаулы бойынша, Қазақстан мен Қырғызстанның шекаралық сызығы анықталды. Оңтүстік Қазақстанның Жамбыл облысы жерімен шектескен жеріндегі Сусамыр жайлауы Қазақ пен Қырғыз АКСР-ларына (шекара сызығы бойымен) жалпы пайдалануға шешім қабылданды.
1927 ж. соңы мен 1928 ж. басындағы Қазақстанның әкімшілік- аумақтық құрылымындағы өзгерістер елді жалпы әкімшілік-құрылымдық аудандасты-рудың бір бөлігі болатын. Республикадағы жаңа әкімшілік-аумақтық құрылым жобасы бойынша губерния, уезд, болыстар таратылып, үш сатылы: округ-аудан-қала, село, ауыл жүйесі енгізілді. Бұл жерде жалпы ортақ шаруашылық және аумақтық экономикалық тиімділігін қамтыған округ, белгілі нүктелерге, айналадағы байланыс және транспорт құралдарын оңтайлы пайдалану сияқты маңызды факторлар ескерілді.
1930 ж. 17 желтоқсанда Сырдария округінің жерінде іріленген Шымкент, Жуалы, Мақтаарал, Арыс, Келес, Шу, Созақ, Түркістан, Талас, Сайрам, Әулие-Ата, Қаратас, Қызылқұм, Мерке аудандары құрылды.
1931 ж. құрылған екінші комиссия Қызылқұм мен Қазақ КСР-ның Мақтаарал ауданының оңтүстік жағы мен Өзбек КСР-ның Жизақ, Фариш аудандарығы арасында шекараны анықтауға тырысты. Қазақ-өзбек шекарасын анықтау мәселесі, аумақтық талас тағы да қайталанды.
1932 ж. қаңтарда КОКП Орталық Комитеті мен осы жылы ақпан айында өткен Қаз ОАК-тің екінші сессиясының VІІІ шақырылымы Қазақстан территориясында 6 облыс (Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Алматы) құрылды.
1934 ж. Орталықтың шешімімен шаруашылықты тиімді ұйымдастыру мен ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Қазақстанның Тамды, Үшқұдық жерлері Өзбекстанға берілді. Бұған қанағаттанбаған Өзбек КСР-і осы жылы қосымша орталықтан Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын қарамағына беруін өтінеді. Бұл мәселеге Е. Ерназаров пен Ұ. Құлымбетов КСРО Одақтық ОАК-не, М.И. Калининнің атына Өзбекстан ұйымдарының ісіне қарсы наразылық хатын жолдады және осы мәселеге қатысты ешбір қазақстандық ұйымдармен келісімсіз жасалған Өзбекстан ОК-нің шешімі заңсыз деп есептеліп, РК(б)П ОК бұл мәселені қарауға ұсынуы жөнсіз деген Мирзоянның қолы қойылған наразылық шешімін қабылдады [18].
Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа әкімшілік-территориялық өзгеріс 1938 ж. 15 қаңтарында болып, Қызылорда облысы, ал 1939 ж.14 қазанында Жамбыл облысы өз алдына отау тікті.
1941 ж. 2 қыркүйекте № 104 хаттамасы бойынша қаулыны Қазақ ССР ХКК мен Өзбек ССР ХКК бірлесіп қабылдаған. Онда Қазақ ССР-ның Бостандық ауданын Өзбек ССР – на беру жөнінде қаулыны Кеңес Одағы Орталық Комитетіне жолдады. Бұл құжатқа қол қойғандар Өзбек ССР-нан ХКК-нің төрағасы А. Абрахманов, Аса құпия бөлім меңгерушісі А. Шукратов және басшы У. Юсупов еді. Оған қазақ басшылары қарсы болып, соңы дауға ұласты. Шешімді ол уақытта орталық қабылдаған жоқ.
1943 ж. 27 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысы бойынша Жамбыл облысының әкімшілік-аумақтық құрылымына аудандар мен ауылдарда кейбір өзгерістер болды. 1951 ж. 7 шілдедегі № 732 құпия қаулыға сәйкес Жамбыл облысындағы әкімшілік-аумақтық өзгерістері елді-мекендерді қосу немесе жекелеуге байланысты жүрді. Ал, 1951 ж. 31 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің шешімімен Қызылқұм ауданының орталығы Шардара ауылынан «Мақталыға» ауыстырылды. 1954 ж. 26 сәуірде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Оңтүстік Қазақстан облысы Қызыл-Құм ауданындағы Шардара ауылдық Кеңесін Мақталы ауылдық кеңесі деп қайта атау жөнінде қаулы қабылдады. Сондай өзгерістің бірі ретінде 1954 ж. 1 шілдеде әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Қызылорда облысы былай жіктелді: Қызылорда қаласы, Қазалы ауданы, Қармақшы, Шиелі, Сырдария, Жуалы, Тереңөзек, Жаңақорған ауданы, барлығы 8. Ондағы ауыл Кеңестері 8,9, 10, 11, 13, 15, 18, 19, болып бөлінді [19].
Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1956 ж. 13 қаңтардағы «Қазақ және Өзбек КСР-лері арасындағы шекараларды ішінара өзгерту туралы» жарлығына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Газылкент ауылында орналасқан Бостандық ауданы Өзбек КСР-нің құрамына (4180 шаршы км. есепке алмағанда, 499000 га.жері) берілді.
1957 ж. 26 қыркүйекте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Жамбыл облысының әкімшілік-аумақтық өзгерістері жөнінде шешім қабылдаған. Ондағы өзгеріс бойынша Қордай және Красногорский аудандары қосылып, Қордай ауданы деп аталады. Орталығы Георгиевка ауылында орналасты. Сондай-ақ, 1957 ж. 19 желтоқсандағы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы шешімімен Түлкібас ауданының Сары-Бұлақ ауылдық кеңесі мен Абай колхозының Кеңесі Сталин ауылдық кеңесіне біріктіріліп, Шаян ауданының кеңесіне қаратылды. Ал, Жамбыл колхозының жері Машат кеңесіне қосылып, Түлкібас ауданына қаратылды.
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы 1958 ж. 5 қаңтарда Сарысу ауданына қарасты Зерно совхозына ерекше статус беруге қаулы қабылдады [20]. Қазақстандағы әкімшілік-территориялық өзгерістер кеңестік дәуірде Орталық нұсқауы бойынша жүргізілді. Нәтижесінде кейбір аудандардың бірқатар жерлері көршілес елдерге берілді. Облыстар мен аудандарды бөлу немесе қосу әміршіл-әкімшіл басшылардың бұйрықтарымен жүзеге асты.
«Тұрғындардың жалпы санындағы өзгерістер мен жастық-жыныстық ерекшелігі» деп аталатын екінші тармақшасында мұрағат және санақ материалдары негізінде көрсетілген мәселелер баяндалған.
Зерттеліп отырған 33 жылдың ішінде Оңтүстік аймақ халқының жалпы саны - 663925 адамнан 1810239 адамға жетті, яғни 2,7 есе өсті, әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысыны тұрғындарының саны – 293804 адамнан 921370 адамға дейін көтерілді, яғни 3,1 есе көбейді, ал Жамбыл облысының тұрғындары 233467 адамнан 561546 адамға дейін өсті, яғни 2,4 есе артты. Қызылорда облысында да өсім 2,4 есеге жуық болды: 1926 ж. облыста 136654 адам тұрса, 1959 ж. олардың саны – 327323 адамға жетті. Осы кезеңде аймақ тұрғындары Қазақстан халқының ішінде үлесі 19,4 %- ға жетті.
Аймақ тұрғындарының жыныстық құрамындағы негізгі ерекшелік – ерлердің үлесі төмендеп, әйелдердің едәуір басымдыққа жетуі. Мысалы: 1926 ж. Жамбыл облысында ерлер – 51,5 % болса, 1959 ж. - 47,3 %, яғни 4,2 %-ға кеміген, керісінше әйелдердің үлесі осы көрсеткішке сай өскен. Айта кететін нәрсе, бұл екінші дүниежүзілік соғыстың тікелей әсері еді: 1939 ж. осы облыста ерлер – 52,2 %, ал әйелдер – 47,8 % болған. 1939 ж. Қызылорда облысында ерлер – 52,9 %, әйелдер – 47,1 %, Оңтүстік Қазақстан облысында тиісінше 54,1 % және 45,8 %. 33 жыл ішінде Қызылорда облысында ерлер үлесі – 52,5 %-дан 47,9 %-ға дейін, ал Оңтүстік Қазақстан облысында 51,7 %-дан 47,2 %-ға төмендеген, тиісінше әйелдер үлесі Қызылорда облысында 4,6 %-ға, Оңтүстік Қазақстан облысында 4,5 %-ға өсті.
Оңтүстік халқының жас құрамының да өзіндік ерекшеліктері болды. Аймақ тұрғындары ішінде жастар (0-19 және 20-29) едәуір басым болды. Бұл екі топтағы жастағылар Оңтүстік Қазақстан облысында 1926 ж. 59 % (40 % + 19 %), 1939 ж. – 62 % (41,2 % + 20,8 %), ал 1959 ж. – 62,5 % (46,9 % + 15,6 %) –ға жетті. Әсіресе, жастардың (0-19 жастағылар) өсіп отырғаны (40 % дан 46,9 %- ға дейін) табиғи өсімнің тұрақты түрде (екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан басқа кезеңдерде) дамып отырғанын көрсетеді. Жамбыл облысында бұл жастағылар 1926 ж. – 60 %, 1939 ж. – 64,8 %, 1959 ж. – 52,9 % болған. Тек Қызылорда облысында ғана 0-19 жастағылар 1926 ж. - 21 % болса, 1939 ж. - 22,8 %-ға ғана жеткенімен, 1959 ж. 45,6 %-ға дейін, яғни екі еседен аса көтерілген, ал 20-29 жастағыларды (15,1 %) қоса есептегенде 60,7 %- ға жеткен, яғни облыстағы тұрғындардың 3/5 осы ең жас топтағылар құраған.
Аймақ тұрғындары ішінде жасы үлкендердің үлесі негізінде өсіп отырғаны байқалады: Оңтүстік Қазақстан облысында 1926 ж. 60 жас және одан жоғарылар – 4,0 % болса, 1939 ж. – 4,7 %, 1959 ж. – 9,2 %-ға жеткен. Жамбыл облысында бұл көрсеткіш тиісінше, 5,2 %, 0,9 % және 9,6 % болған. Тек Қызылорда облысында бұл жастағылардың күрт кемігені байқалады: 1936 ж. – 21,0 %, 1939 ж. – 21,7 %, ал 1959 ж. – 11,1 %. Бұл жағдайды әр облыстағы тұрғындардың тұрмыс деңгейі, экологиялық ахуал және т.б. себептермен байланыстырған жөн.
«Халықтың ұлттық құрамы мен орналасуы (қала және ауыл)» деп аталатын үшінші тармақшасында аймақ тұрғындары арасындағы осы салалардағы өзгерістер сараланған.
Аймақ халқының ұлттық құрамында күрделі өзгерістер болды. Өңір тұрғындары, әсіресе қазақ, басқа түркі халықтарының арасындағы табиғи өсімнің жоғары деңгейде болғанына қарамастан, сырттан келген көші қонның күштілігінен аймақтағы ұлттар өкілдерінің жаңа ара салмағы қалыптасып үлгерді. Бұл өзгерістердің негізгісі – аймақтағы қазақтардың үлес салмағы жалпы алғанда күрт төмендеді. Мысалы, аймақта қазақтар 1926 ж. - 81,5 % болса, 1939 ж. – 51,7 %, ал 1959 ж. – 51,7 %-ға дейін төмендеді, яғни олардың үлесі осы 33 жылдың ішінде 29,8 %-ға азайды. Соның ішінде Жамбыл облысында - 39,5 %, Оңтүстік Қазақстан облысында – 23,9 %-ға кеміді. Тек Қызылорда облысында ғана қазақтардың үлесі 1926 ж. – 77,0 % болса, 1939 ж. – 45,0 %- ға дейін төмендеп, 1959 ж. – 72,0 %- ға жетті, дегенмен бұл облыста да қазақтар үлесі – 5,0 %- ға төмендеді. Бұған керісінше басқа ұлт өкілдерінің үлесі көбейе түсті, әсіресе, орыстар – 7,2 %-дан 23,1 % -ға жетті, яғни үш еседен аса өсті.
1959 ж. өңір халқының ұлттық құрамы мынандай көрсеткіште болған: қазақтар – 51,7 %, орыстар – 23,1 %, украиндар – 3,9 %, өзбектер -5 %, татарлар – 5,9 %, әзірбайжандар – 1,1 %, дүнгендер – 1,1 %, кәрістер – 6,1 %, басқалары – 2,1 % болды. Соның ішінде Жамбыл облысында халық саны – 561546 болса, оның ішінде қазақтар – 39,1 %, орыстар – 31,3 %, украиндар – 6,5 %, өзбектер – 1,9 %, татарлар – 1,7 %, өзбектер – 1,9 %, татарлар – 1,7 %, әзірбайжандар – 1,5 %, дүнгендер – 1,3 %, кәрістер – 0,9 %, қырғыздар – 0,7 %, басқалары – 17 %-ды құрады. Қызылорда облысында барлығының саны – 327823 адам болса, оның ішінде қазақтар – 72,0 %, орыстар – 15,3 %, кәрістер – 4,3 %, татарлар – 1,5 %, украиндар – 1,3 %, өзбектер – 0,4 %, еврейлер – 0,3 %, басқалары – 4,9 %-ды құрады. Оңтүстік Қазақстан облысында қазақтар – 44,0 %, орыстар – 22,7 %, өзбектер – 12,7 %, татарлар – 2,7 %, әзірбайжандар – 1,8 %, кәрістер – 0,9 %, қырғыздар – 0,7 %, еврейлер -0,3 %, басқалары – 9,9 % - ды құрады.
Тараудың «Аймақтағы көші-қон процестері» атты төртінші тараушасында Қазақстанға Кеңес Одағының басқа аймақтарынан келген көші-қон үдерісі талданды.
Кеңес Одағы тұсында Қазақстанға түрлі ұлт өкілдерінің көшірілуі нәтижесінде халық құрамында айтарлықтай өзгерістер байқалды. Мәселен, өзге ұлт өкілдері репрессия, депортация, Ұлы Отан соғысы және кеңестік биліктің жүргізген әлеуметтік-саяси науқандарының салдарынан Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарына да көптеп қоныстанды.
1925 ж. 12 сәуірде Қазақ Оталық Атқару Комитетінің Төралқасы ҚССР жеріне көшіру мен қоныстандыруды тоқтату жөнінде қаулы қабылдады. Сонымен қатар, «Известия», «Еңбекші қазақ» және «Советская степь» газеттері арқылы ҚССР – дағы губерниялар мекемелері орыс және қазақ тілінде хабар таратып, ондағы мәселе жерге орналастыру бір жөнге келгенше, көші-қонды тоқтату еді. 1925 ж. V Бүкілқазақтық съезде көрсетілген бұл мәселе «қазақ халқының жерді пайдалануы жекелеген шаруашылықтық топтардың жақсы жер иеліктерін иемдену үшін күресі барысында қалыптасты, және сондықтан да оған жерді өзара тең бөлмеу жатты...», - деген қорытындымен тұжырымдалды.
Ф.И. Голощекиннің қысымымен Қазақстан үкіметі «1925 ж. қыркүйек айына дейін қоныстанушылардың Қазақстандағы жерге орналасуға праволары бар деген» шешімге келді. Бұл шешімді мемлекеттік тұрғыдан жүргізу үшін Орталық қолдауына сүйенген Голощекин 1929 ж. республика үкіметі жанынан қоныс аударушылар басқармасын аштырды [21]. Осылайша Қазақстан кеңес өкіметінің 2-ші онжылдығының басынан түрі, тілі, мәдениеті, діні бөлек ұлт өкілдерінің заңды түрде патша заманындағыдай қоныстандыру аймағына айналдырылды.
1934 ж. 8 наурызда Бессарабия жерінен Қырым көтерілісіне қатысты деген айыппен әйел коммуннарлар тобы және балалары көшірілген. Бұлардың қатарында жұмысшы әйелдер, бала бағып жүрген әйелдер және балалары бар барлығы – 413 адам келген (100 ересек адам, 113 бала және баспанасыз 200 адам). Көшірілгендердің барлығы Әулие-Ата жеріне орналасты.
1934 ж. 1 шілдеде Алматы қаласындағы Үкімет үйінде Қазақстанға «Қарақалпақстаннан көшірілетін 7000 шаруашылық отбасы» туралы қаулы қабылданды, жоспарлы көш Арал бекеті арқылы жүзеге асып, олардың қатарында 3314 адам келді. Бұлардың 904-і балалар болған [22]. 1935 ж. Әулие-Ата жеріне Өзбекстанның Гузара елді-мекенінен 19 шаруашылық отбасы жөнелтілген (28 ер, 30 әйел және 10 бала).
1937 ж. қыркүйекте кәрістерді Қазақстанға шұғыл көшіру ісі басталып кетті. Жоспар бойынша Қазақстанға 14600 кәріс шаруашылығы көшіп келеді деп күтілді. Аталған жылдың 9 қазанында Қазақ КСР Халкомы кәрістерді Қазақстанның аймақтарында орналастыру туралы қаулы қабылдады. Бірақ көшіп келген кәріс қожалықтары белгіленген жоспардан асып түсті. 1938 жылдың ақпанына дейін Қазақстанға 20789 кәрістер отбасы, яғни 98454 адам жер аударылған. Сондай-ақ, 1938 ж. 11-наурызда Қызылорда облысының аудандарына Қиыр Шығыстан көшірілген кәрістердің 8476 отбасыларын орналастырды.
1938 ж. Әзірбайжан территориясының шекаралы аймағында тұратын иран ұлтының өкілдерінен Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуға 1621 отбасы көшіріліп келді.
1939 ж. Қызылорда облысына келгендер мен кеткендер жайында облыстық мұрағат қорларында құжаттар сақталған. Мәселен, келгендерден үлкен адамдар – 10765, 18 жасқа дейінгі балалар – 7359, барлығы – 13124 адам болса, кеткендерден үлкен адамдар – 5584, 18 жасқа дейінгі жастар – 947, барлығы – 6531 адам болды. Облыс бойынша механикалық өсімде жас балалар саны – 1173, үлкен адамдармен қоса есептегенде – 6619 адамға өскен.
1926-1939 жж. Оңтүстік Қазақстан өңірі халқының құрамы мынандай көрсеткіште болды: 1926 ж. қазақтар – 69,6, %, орыстар – 11,1, %, украиндар – 5,9, %, немістер – 0,2, %, өзбектер – 6,4, %, басқалары – 6,8, %, болса, 1939 ж. қазақтар – 38,6, %, орыстар – 37,3, % украиндар – 7,1, %, немістер – 0,7, % өзбектер – 4,8, % басқалары – 11,5, % болған. Демек, жыл сайын халық құрамы өзгеріп, өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы артып отырған.
1940 ж. Харьков қаласынан Қазақстанның Жамбыл облысына көшіріліп келген 328 отбасында (1424 адам) болған.
1942 ж. 1 қаңтарда оңтүстікке 273548 адам, 30,5% бөлінді. Оның ішінде облыстарға төмендегідей орналасты: Оңтүстік Қазақстан – 93984 адам, яғни 11,05%; Жамбыл – 70696 адам – 8,3%; Қызылорда – 41446 – 4,9% болды. 1943 ж. 1 шілдеде республикаға 532506 адам эвакуацияланды. Олардың айтарлықтай бөлігі Алматы облысына – 17,3%, Жамбылға – 10,8%, Оңтүстік Қазақстанға – 9,6%, Қызылордаға – 8,9%, барлығы – 46,6% эвакуацияланғандардың 11,9% оңтүстік және солтүстік облыстарға қоныстанса, соның ішінде 35,4% қалаларға орналастырылды, ал 64,6% ауылды жерлерге шашыратылып қоныстандырылды.
Ұлы Отан соғысы кезінде оңтүстік облыстарға шешендер мен ингуштар, түріктер, қарашайлар мен балқарлар, қалмақтар және немістер, ал Молдавиядан бұрынғы кулактар және басқа да 22338 адам, яғни 6665 отбасы келіп қоныстанды.Сондай-ақ Солтүстік Кавказдан келген 4416 отбасы барлық аудандарға таратылып орналастырылды.
1945 ж. есеп бойынша арнайы қоныстанушы 83348 отбасы, 30266 адам, оның ішінде 16 жастан жоғарысы 14158 адамға жетті. Осылардың ішінде шешендер мен ингуштар – 5528 отбасы, 2207 адам, қалмақтар – 737 отбасы, 2115 адам, месхет түріктері – 370, 1798 адам. Молдавиядан келген бай-кулактар – 461 отбасы, 1286 адам. Тұрғындардың тұрмысы күйзелісте отырған жұртқа олардың көшіріліп келуі жағдайды одан әрі күрделендірді.
1949 ж. Оңтүстік Қазақстан обылысының Киров және Қызылқұм аудандарына 2500 грек отбасы қабылданған. Олар негізінен сол жерлердегі мақта шаруашылығымен айналысуға тартылды.
1953 ж. Қазақстанның қалалары оның ішінде Оңтүстік өңірге келгендер мен кеткендердің көрсеткіші мынадай болды: Жамбыл облысына келгендер – 20803, кеткендер – 10659. Қызылордаға келгендер – 11327, кеткендер – 9366. Оңтүстік Қазақстан облысына келгендер – 29994, кеткендер – 23918.
Міне, осылай еңестік билік Оңтүстік Қазақстан жеріне қаншама өзге ұлт өкілдерін қуғындау, депортациялау, эвакуациялау, соғыс кезінде күштеп көшіру, тың игеру сияқты науқаншылдықты желеу етіп, қоныс аудартты.
Диссертацияның «Оңтүстік Қазақстан халқының әлеуметтік құрылымы» деген екінші тарауының «Зиялылардың саны мен құрамы» деп аталатын бірінші тармақшасында халықтың әлеуметтік құрылымына талдаулар жасалған. Мәселен, интеллигенция (лат. Intelligens – ақылды, түсінетін, ойлайтын, парасатты), зиялы қауым – қоғамдағы ғылыми-мәдени құндылықтарды қалыптастырып, дамытатын және тарататын прогесшіл әлеуметтік топ.
Интеллигенцияның белсенділігі қалыпты күндерде айқын аңғарылмағанымен, ұлт және мемлекет тағдырына байланысты өткір мәселелерді қозғауда көзге түседі. Мемлекет пен жекелеген ұлт болмысының мәнін және ұлттық келбетті айқындайтын факторлар негізінен осы Интеллигенция арқылы жүзеге асады.
1926 ж. Бүкілодақтық халық санағында әлеуметтік-кәсіптік сауатына қарай қарастырған топтардың ішінде «қызметкерлер» деп көрсетілген әлеуметтік жіктің адамдары интеллигенция өкілдері екендігінде күмән жоқ. Өйткені, олар дене еңбегімен емес, ақыл-ой еңбегімен айналысатын және ел басқаратын әлеуметтік топты құрады. Бұл топ адамдары ақыл-ойының жетіктігі, сезімталдығы, тұлғаға тән қасиеттерімен және дер кезінде ел өміріндегі маңызды мәселелерді шеше алатындығымен дараланады. Осы аталған топтың мынадай құрамдағы құрылымы бар: 1) кәсіби мамандығына байланысты басқарушылар; 2) техник-инженерлер; 3) орташа топтағылар (сауда және шаруашылық басшылары); 4) дәрігер және санитарлар, мәдени- кәсіби және өнер адамдары құрады. Яғни, әлеуметтік құрылымы жағынан осындай құрамда болуы заманына сай деп айтуға болады. Демек, барлық тұрғындар арасында үлесі айтарлықтай көп емес екендігі де байқалады.
Оңтүстік Қазақстан аймағы бойынша интеллигенция өкілдерінің үлес салмағы мынандай көрсеткішті құрады: 1926 ж. 5,8 %, 1939 ж. 14,1 %, 1959 ж. 20,4 % болды.
1926 ж. санақта Қызылорда уезінде қала халқы бойынша интеллигенция өкілдерінен ерлер – 4507, әйелдер – 5063, барлығы – 9570 адам болса, ауылдық интеллигенцияда ерлер – 501,әйелдер – 457, барлығы – 958 адам екен. Жалпы, ауыл және қала интеллигенциясында сандық көрсеткіш – 10528 адамды құраған, яғни уезд тұрғындарының ішінде интеллигенция өкілдері – 7,7 % ды ғана құраған.
1926 ж. санақта Әулие-Ата уезі бойынша интеллигенция қатарында ерлер – 5538, әйелдер – 4732, барлығы – 10270 адам болды. Уездегі интеллигенция өкілдері – 4,3 % болды.
1926 ж. санақта Шымкент уезіндегі интеллигенция қатарында қалада ерлер – 3974, әйелдер – 3751, барлығы – 7725 адам. Ал, ауылдық жерде ерлер – 4796, әйелдер – 3531, барлығы – 8327 адам болған [23]. Аталған ауыл және қала халқын қоса есептегенде олар – 16052 адам, яғни уезд халқының ішінде 5,4 % құраған. Бұл айтарлықтай көп емес. Мұндай салыстырудан шығатын қорытынды: республикада халықтың сауаттылығының төмен дәрежеде екендігі анықталады. 1939 ж. Бүкілодақтық халық санағы бойынша Жамбыл облысында интеллигенция өкілдері тұрғындардың – 13,2 %-ын құраған. Қызылорда облысында интеллигенция өкілдерінің үлесі – 15,2 %-ға жеткен.
Оңтүстік Қазақстан облысында интеллигенция өкілдері жөнінде төмендегідей мәлімет бар: қалаларда ерлер – 25 %, әйелдер – 28 %, барлығы – 26 % болса, ауылдарда ерлер – 10 %, әйелдер – 8 %, барлығы – 9 % - ды құраған. Осы аталған қала және ауыл интеллигенциясы өкілдерінің үлесін қоса есептегенде ерлер – 14 %, әйелдер – 13 %, барлығы – 14 % болады.
1959 ж. Бүкілодақтық халық санағы бойынша интеллигенцияның пайыздық көрсеткіштері төмендегідей болып шығады: Оңтүстік Қазақстан облысында – 19,3 %, Жамбыл облысында – 18,3 % және Қызылорда облысында – 23,6 % болды.
«Жұмысшы және ұжымшар мүшелерінің саны мен құрылымы» деп аталатын екінші тармақшада осы топтардың мәселелері қарастырылған.
Аймақта жүргізілген индустрияландыру, ұжымдастыру мен мәдени өзгерістер тұрғындардың әлеуметтік құрамын күрделі өзгерістерге әкелді. 1926 ж. Бүкілодақтық халық санағының материалдарына сүйене отырып, Қазақстанның оңтүстік өңірі халқының әлеуметтік құрамын көрсетудің маңызы зор деп санауға болады.
Оңтүстік Қазақстан аймағы бойынша жұмысшылар мен шаруалардың үлес салмағы мынандай көрсеткішті құрады: 1926 ж. жұмысшылар – 30,2 %, шаруалар – 46,3 %, 1939 ж. жұмысшылар – 28,4 %, шаруалар – 54 %, 1959 ж. жұмысшылар – 53,9 %, шаруалар – 41,8 % болды. Демек, зерттелмей отырған 33 жыл ішінде аймақ тұрғындарының құрамында жұмысшылардың 23,7 %- ға өсіп, халықтың жартысынан көбін -53,9 % -ды құрады.
1927 ж. 30 қазанда Сырдария губерниясында басшылықтың анықтауы бойынша әлеуметтік құрамы төмендегідей болды: 1926 ж. жұмысшылар – 30,2 %, шаруалар – 46,3 %, қызметкерлер – 23,5 %. 1927 ж. жұмысшылар – 34,6 %, шаруалар – 46,7 %, қызметкерлер – 18,7 %. 1928 ж. жұмысшылар – 29,6 %, шаруалар – 46,6 %, қызметкерлер – 23,8 % болды.
Оңтүстік Қазақстан облысы халқының әлеуметтік құрамы 1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағында мынандай болды: Қалаларда жұмысшылардан ерлер – 61,20 %, әйелдер – 59,65 %, қызметкерлерден ерлер – 25,26 %, әйелдер – 28,88 %- ды құраса, колхозшылардан ер азаматтар – 9,63 %, әйелдер – 6,50 % болды. Кооперациялық шаруашылықтардан ерлер – 2,23 %, әйелдер – 2,79. Кооперациядан тыс жұмыстағылардың ерлері – 1,14 %, әйелдер – 1,40 % еді. Жекелеген шаруалардан ерлер – 0,52 %, әйелдер – 0,76 %. Жұмыс істемейтіндерден ерлер – 0,07 %, әйелдер – 0,76 % -ды құрады.
1939 ж. Бүкілодақтық халық санағы материалдары бойынша Жамбыл облысы халқының әлеуметтік құрамы, жасы мен сандық көрсеткіші төмендегідей еді: жұмысшылардан ерлер – 33085, әйелдер – 8430, барлығы – 41515 (31,2 %), қызметкерлерден ерлер – 13770, әйелдер – 3864, барлығы – 17634 (13,2 %), колхозшылардан ерлер – 37136, әйелдер – 33535, барлығы – 70671 (53,1 %), кооператив жұмысшыларынан ерлер – 960, әйелдер – 204, барлығы – 1164 (0,9 %), кооперативтік емес жұмысшылар тобынан ерлер – 541, әйелдер – 85, барлығы – 626 (0,5 %), жекелеген шаруалардан ерлер – 752, әйелдер – 723, барлығы – 1475 (1,1 %) [24].
1939 ж. Бүкілодақтық халық санағы материалдарында Қызылорда облысы халқының әлеуметтік құрамы, жасы мен сандық көрсеткіші мынадай болды: жұмысшылардан ерлер – 31 %, әйелдер – 17 %, барлығы – 27 %, қызметкерлерден ерлер – 17 %, әйелдер – 11 %, барлығы – 15 %, колхозшылардан ерлер – 42 %, әйелдер – 66 %, барлығы – 49 %, кооператив жұмысшыларынан ерлер – 1 %, әйелдер – 3 %, барлығы – 6 %, кооперативтік емес жұмысшылар тобынан ерлер – 0 %, әйелдер – 0 %, барлығы – 0 %, жекелеген шаруалардан ерлер – 0 %, әйелдер – 1,43, барлығы – 1 құраған.
1959 ж. Бүкілодақтық халық санағындағы материалдардың мәліметтері бойынша Қазақстан халқының саны – 9309847 адамға жеткен. Оның ішінде 19 %-ды Оңтүстік Қазақстан облыстарының халқы құрады. Осы аталған өңір халқының әлеуметттік құрамын облыстар бойынша талдар болсақ: Жамбыл облысында тұрғындар саны – 561546, жұмысшылар – 58,4 %, қызметкерлер – 20,8 %, колхозшылар – 20,7 %, жекелеген шаруалар – 0,1 %, барлығы – 100 % болды. Ал, Қызылорда облысында халық саны – 327323, жұмысшылар – 50,5 %, қызметкерлер – 23,6 %, колхозшылар – 25,7 %, жекелеген шаруалар – 0,2 %, барлығы – 100 %. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғындар саны – 921370, жұмысшылар – 53,0 %, қызметкерлер – 18,3 %, колхозшылар – 28,6 %, жекелеген шаруалар – 0,1 % болды.
«Халықтың білім деңгейіндегі өзгерістер» деп аталатын үшінші тармақшада Оңтүстік өңір халқының білім деңгейінің көрсеткіштері талданған.
1926 ж. 10 қазандағы Сырдария губерниясының өлкелік ақпарат бөлімінің мәліметіне партия бөлімі ұлтаралық азшылықты анықтау мақсатында нұсқау берген. Бұл нұсқау бойынша бөлімдер құрылып, Ташқазақ және Усумде сондай меңгерушілікке қазақ тағайындалған. Осы ұйымның қызметімен губерния тұрғындарының ұлтаралық азшылық мөлшері туралы санақ жүргізілген. Есеп жүргізу нәтижесінде губернияда 43 мектепте 69 мұғалімнен 3110 адам бар. Мектептерді ұлтаралық сипатына қарай жіктегенде мынандай көрсеткіште болды: өзбектердікі – 35, еврей – 2, дүнген – 1, неміс – 1, тәжік – 1, татар – 2, аралас – 1 мектеп жұмыс жасады [25].
Оңтүстік Қазақстан облысында жыл өткен сайын мектептер саны өсіп, оларда оқитын балалардың саны артты. Мысалға, алатын болсақ, 1926-1927 оқу жылдарында Сырдария губерниясындағы 279 мектепте 18914 бала оқыса, Шымкент уезіндегі 116 мектепте 6236 бала оқыды, бұларға 174 мұғалім ұстаздық етті. Оқу мекемелерінің материалдық негізінің төмен болуы, оқулықтардың жетіспеуі, тағы басқа жетіспеушіліктер білімге деген жастар құштарлығына бөгет бола алмады.
Жыл өткен сайын мектептер санының өсуі, оқушылар санының шұғыл көбеюі, ересектер арасындағы сауатсыздықты жою ісінің кеңінен өріс алуы мұғалімдер санын көбейтуді қажет етті. Расында да егер, 1927 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 22119 бала білім алып жатқан 342 мектеп болды.
1927 ж. 13-20 тамыз аралығында Әулие-Ата уездік конференциясы өтіп, онда оқу-ағарту ісі қаралған. Оған 1 және 2 сатыдағы мұғалімдерден 113 адам қатысқан. Бұл жиынға басшылық жасағандар – Амиров, Гилев, Лавренко, Суранчиев және тағы басқалары бар еді. Мәжіліс барысында қала және ауыл мектептерінің саны мен ұлттық ерекшелігін атаған. Онда қалалық жерлерде аралас мектептер – 2, қазақ – 3, орыс – 4, өзбек – 1, аз ұлттың мектептері – 1 болды. Уездің ауылдық жерлерінде аралас – 3, қазақ – 31, орыс – 27, өзбек – 2, аз ұлттардың мектептері – 1, барлығы – 53 мектеп жұмыс жасаған. Мұндағы оқушыларға келсек, қалаларда – 9443, уез ауылдарында – 3780 адам оқыды [26].
1927 ж. 1 қазанда Сырдария губерниясы, Қызылорда уезінде мынандай мектептер жұмыс жасаған: Аламесек болысында Азат № 28 мектебі қазақша, Шаған № 36 мектебі қазақша, Қуаң Дария № 5 мектебі қазақша, Т. Рысқұлов атындағы № 36 мектеп балалар үйінде орналасты да қазақша білім берді. Ақ-Қашқар № 18 мектеп қазақша оқу ісін жүргізді. Яғни, Қызылорда уезі бойынша 6 орыс, 32 қазақ, 6 аралас, барлығы 44 мектеп жұмыс істеген.
1927-1928 жж. Сырдария губерниясының конфессиялық мектептері жайында Оңтүстік Қазақстан облысының мұрағатында бірқатар мәліметтер кездеседі. Енді солардың құрамы мен орналасқан жері, тәлім-тәрбие беру бағытына тоқталсақ. Қызылорда уезі, Аламесек болысында 1914 ж. бері жұмыс жасап келе жатқан Ес ауылында Тоқсанбай және Қостал ауылында орналасқан Шаймасамбет діни білім беру оқу орынында 17 ер бала тәрбие алған. Ал, Қазалы уезі, Қамбаш болысында № 6 - шы ауылында Аккумчик және Сайғанды Ескі медреселері 27 ер баланы оқытқан. Сондай-ақ, № 4 Қойөткел ауылында медресе 15 шәкіртке дәріс берген. Осы аталған уезде тағы да № 5 Тапыбайрақ медресесі 12 адамды діни сауатын ашқызумен айналысқан [27].
Кеңес үкіметінің мәдениет, әсіресе халыққа білім беру саласындағы күрделі шараларының іске асырылуы арқасында аймақ тұрғындарының білім деңгейі қарқындап өсті. Қазақстан бойынша 1926 ж. халықтың бар болғаны 19,5 % сауатты болса, 1939 ж. бұл 73,8 %- ға жетті, яғни 3,8 есе өсті, бұл көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысында 6,4 есе (10,4 % дан 66,6 %- ға дейін), Қызылорда обылысында – 8,6 есе (7,8 %- дан 67,2 %- ға дейін), Жамбыл облысында – 7,6 есе (9,8 % -дан 70,2 % -ға дейін) көтерілді.Дегенмен, Оңтүстік аймақ халқының сауаттылық деңгейі басқа аймақтарға қарағанда өте жедел қарқынмен өскенімен, бүкіл республикалық ортақ көрсеткіштен де, Солтүстік, Батыс, Шығыс және Орталық аймақтардан да артта келе жатты. Бұл жағдай 1959 ж. дейін де сақталып келді.
Сонымен бірге, аймақта орта, орта кәсіби және жоғары білім жүйелері де кең даму жолына түсті. Тек 1939-1959 жж. арасында Оңтүстік аймақ тұрғындарының аяқталған жоғары білім алғандары (1 мың адамға шаққанда) 4 адамнан 11 адамға өскен, ал аяқталмаған жоғары және орта (аяқталмаған орта) білімділер 54 адамнан 218 адамға жеткен.
Қорытындыда зерттеудің негізгі тұжырымдары берілген. 1926-1959 жж. Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі халықтың әлеуметтік-демографиялық даму үдерістері күрделі де қиын жағдайларды басынан кешірді. Оған ең алдымен аталған кезеңдегі күштеп ұжымдастыру, тәркілеу, ашаршылық, қуғын-сүргін, депортация, соғыс уақытындағы эвакуация мен реэвакуация, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын келтіру т.б. тарихи жағдайлар ықпал етті.
Осы аталған кезеңде кеңестік басшылық тарапынан жүргізілген көптеген әкімшілік-территориялық өзгерістер де елдің әлеуметтік-демографиялық дамуына өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Мысалы, Қазақстанның оңтүстік өңірімен шектесетін Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерімен шекара межелеуде күрделі мәселелер, айтыс-тартыстар жүріп, кей кездерде ол Қазақстаан үшін тиімсіз жағдайда шешімін тапты (1934 ж. Тамды, Үшқұдық жерлерінің, 1956 ж. Бостандық ауданының Өзбек ССР-іне берілуі).
1926-1959 жж. Оңтүстік Қазақстан өңірінің халқы 1157245 адамнан 1810239 адамға көтеріліп, 652994 адамға (63,9 %) өсті. Осы жылдар арасында Оңтүстік аймақ халқының Қазақстан бойынша үлесі – 10,9 % дан 19,0 % ға жетті, яғни республика халқының 5,1 жуығы осы аймақта орналасқан еді.
Осы кезеңде бүкіл еліміздегі сияқты Оңтүстік Қазақстан өңірінің де көп ұлттылығы қалыптасты. 1926 ж. санақта жергілікті ұлт – қазақтардың үлесі 81,5 % болса, 1939 ж. 51,3 % - ға азайған. Ал, 1959 ж. 51,7 % болған. Аталған уақыттарда орыс ұлтының үлесі керісінше арта түскен: 1926 ж. 5,6 % -дан 1939 ж. 24,5 % - ға көтеріліп, 1959 ж. 23,1 % деңгейінде болған. Өзге ұлт өкілдерінің (украин, татар, неміс, кәріс және т.б.) де үлесі 1926-1939 жж. өсе түскен. Бұл жағдай әміршіл-әкімшіл жүйенің жүргізген саяси науқандарынан (күштеп ұжымдастыру, тәркілеу, ашаршылық, қуғын-сүргін) негізінен жергілікті ұлттың өкілдері үлкен шығынға ұшырағанын көрсетсе, ал өзге ұлттарлдың, әсіресе орыстардың депортация мен эвакуацияланғандардың есебінен арта түскенін көреміз. Дегенмен Оңтүстік аймақтағы қазақтардың үлесі республика деңгейінен де (28 %), басқа аймақтардан да көп болды, сөйтіп Оңтүстік аймақ қазақтардың үлесін одан да төмендеуге жол бермеді. Бұл аймақ тұрғындарының негізгі ерекшелігі еді.
1926-1959 жж. Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі аталған облыстардың елді-мекендеріне түрлі ұлт өкілдері көші-қон үрдістерінің нәтижесінде көптеп қоныстанды. Олардың ішінде кәріс, неміс, қарашай, балқар, грек және т.б. ұлттар кеңестік биліктің кезеңіндегі қуғын-сүргін, күштеп көшіру, арнайы қоныс аударту, соғыс тұсындағы эвакуация, депортация, ревакуация және соғыстан кейінгі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде келді. Бұлар жайында өңірге қатысты көші-қон мәселесі мен байланысты қарастырылып, жан-жақты көрсетілді. Сондай-ақ, сыртқы, ішкі көші-қондағы халық қозғалысы, көршілес елдерге ауа көшулер және одан қайта оралуы сияқты мәселелер қарастырылды.
Оңтүстік Қазақстан өңірі облыстары халқының құрамындағы әлеуметтік құрылымында жұмысшылар мен интеллигенцияның үлесі өсіп, шаруалардың үлесі төмендегені байқалды. 1926-1959 жж. арасында бұрынғы көп таптық-топтық әлеуметтік құрылымының орынын Одақ пен Қазақстанда қалыптасқан осындай біріңғайлы – екі тап пен бір топтан тұратын әлеуметтік құрылым көрініс тапты.
Оңтүстік Қазақстан аймағы бойынша интеллигенция өкілдерінің үлес салмағы мынандай көрсеткішті құрады: 1926 ж. 5,8 %, 1939 ж. 14,1 %, 1959 ж. 20,4 % болды. Оңтүстік өңірі бойынша жұмысшылар мен шаруалардың үлес салмағы мынандай көрсеткішті құрады: 1926 ж. жұмысшылар – 30,2 %, шаруалар – 46,3 %, 1939 ж. жұмысшылар – 28,4 %, шаруалар – 54 %, 1959 ж. жұмысшылар – 53,9 %, шаруалар – 41,8 % еді.
Мұндай өңірлік тұрғыдан жүргізілген зерттеу жұмыстары арқылы Қазақстан халқының жүріп өткен жолы қарастырылып, болашақтың бағдарын анықтауға және ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықтың нығая түсуіне септігін тигізері сөзсіз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. - 9-б.
2 Ә. Бөкейханов Шығармалар. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 68-б.
Достарыңызбен бөлісу: |