Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарының жай-күйі
Қазіргі көлік инфрақұрылымының негізгі проблемалары оның тым тозғандығы және өткізу қабілетінің төмендігі болып табылады. Қазақстан автомобиль жолдарының тозуы бүгінгі таңда 33%-ды құрайды, бұл елде жүк тасымалының дамуына мүмкіндік бермейді. Қолда бар автожол инфрақұрылымы қазіргі автомобиль жолдарын реконструкциялауды және жаңа жолдар салуды қажет етеді.
2001 - 2014 жылдар аралығында автожолдардың тозуын азайту үшін жалпыға ортақ пайдаланылатын 58 мың км жол жөнделді, оның ішінде 14,8 мың км толық қалпына келтірілген, бұл жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдар жай-күйінің 31%-ға жақсаруына әкелді.
Бүгінгі күні Астананың өңірлермен қатынасын жақсарту үшін республикалық трассалар салу жұмысы жүргізілуде. Айталық, «Орталық-Оңтүстік» бағыты бойынша 273 км автожолда жұмыстар жүргізілуде, «Орталық-Шығыс» жобасы бойынша 570 км жол реконструкциялаумен қамтылған, батыс бағытында Ақтау - Бейнеу жолында жұмыстар жүргізілуде, оларды 2016 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Осы Бағдарлама шеңберінде басым автожол жобаларын іске асыру Қазақстан Республикасы автомобиль жолдарының тұтас әрі тиімді инфрақұрылымын қалыптастыруға, қолданыстағы Көлік жүйесі инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын толықтыруға, ел макроөңірлерінің «шұғыла» қағидаты бойынша толыққанды ықпалдасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 2 357 сервис объектісі орналасқан, оның 41%-ы - автомай құю станцияларына, 42%-ы - сауда-саттық және тамақтану пункттеріне, 5,3%-ы - қонақүйлерге, 7,3%-ы - техникалық қызмет көрсету станцияларына, қалған 4,4%-ы автотұрақтарға тиесілі. «Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары. Жол сервисі объектілеріне және олардың көрсетілетін қызметтеріне қойылатын талаптар» ұлттық стандартына сәйкес жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында жол сервисі және жол қызметі объектілері көрсететін қызметтерге қойылатын жалпы талаптар, сондай-ақ оларды орналастыру мен жайластыру қағидалары белгіленген.
Тұтастай алғанда, республикалық автомобиль жолдары желісінде жалпы қажеттілік 400-ден астам кешенді сервис объектісін құрайды. Бүгінгі таңда сервистік көрсетілетін қызметтердің бәрін толық қамтитын 44 кешенді объект қана бар. Сонымен бірге, жол маңындағы сервис объектілерінің басым бөлігі қызмет көрсету сапасының ең төменгі талаптарына сәйкес келмейді және олар халықаралық транзит тасымалын да, ішкі сұранысты да толық қамтамасыз етуге қабілетсіз.
Қалыптасқан жағдай инвестициялық тартымдылықтың төмен болуына, капиталдың көп қажет болуына және табиғи коммерциялық тәуекелдерге негізделген.
2020 жылға дейін республикалық бюджет және жекеше инвесторларды тарту есебінен, бекітілген талаптар бойынша 260 сервис объектісін салу жоспарланып отыр:
1) 31 сервис объектісі республикалық бюджет есебінен, оның ішінде 12-сі «Орталық - Оңтүстік», «Орталық - Шығыс», «Орталық - Батыс» бағыттары бойынша жобалар шеңберінде, ал қалған 19-ы автомобиль жолдарын реконструкциялаудың басқа жобалары шеңберінде қаржыландырылады;
2) 129 сервис объектісін шағын және орта бизнесті тарту есебінен кешенді орталықтарға топтастыру жоспарланып отыр;
3) қолданыстағы 100 объектіні «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамы, «Гелиос» ЖШС, «Газпромнефть Қазақстан» ЖШС, «Sinooil» ЖШС сияқты ірі компаниялар брендингін дамыту мақсатында сервис орталықтарына қайта құру жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы Көлік жүйесі инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында автовокзалдар мен автостанцияларды дамыту көзделген. Бүгінгі күні «Автовокзалдардың, автостанциялардың және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің көрсетілетін қызметтері» ұлттық стандарты бекітілген. 2014 жылы жергілікті атқарушы органдар қолданыстағы 172 автовокзал мен автостанцияның 44-ін ұлттық стандартта белгіленген талаптарға сәйкес келтірді.
Хаб-қалаларда қойылатын талаптарға сәйкес келетін 11 автовокзал бар: Шымкентте - 5 автовокзал, Алматыда - 2 автовокзал, Ақтөбеде - 2 автовокзал және 2 автостанция, Өскемен қаласының 3 автовокзалы және Астана қаласының автовокзалы қойылатын талаптарға сәйкес келмейді.
Астана қаласының қолданыстағы автовокзалының өткізу қабілеті айына 36 мың жолаушыны құрайды. Жолаушыларды қалааралық автоқатынаспен тасымалдаудың артып келе жатқан қажеттілігіне байланысты 2015 - 2018 жылдары Астана қаласында біртипті жаңа 2 автовокзал салу жоспарланып отыр. Олардың әрқайсысының өткізу қабілеті айына 135 мың жолаушы деңгейінде болады. Осыған байланысты, Астана қаласында жылына 3 млн. дейін жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін, оның ішінде болжамға сәйкес халық санының өсуіне байланысты 3 автовокзал болады.
Алматы қаласында екі автовокзал жұмыс істейді. Бір автовокзалдың өткізу қабілеті 47 бағыт бойынша айына 500 мың жолаушыны құрайды. Екінші автовокзалдың өткізу қабілеті 14 бағыт бойынша айына 400 мың жолаушыны құрайды. Сонымен бірге, Алматы қаласында жүретін автомобиль көлігінің қозғалыс легін реттеу мақсатында 3 автовокзал мен 3 автостанция салу жоспарланып отыр. Көрсетілген автовокзалдар жолаушыларды автобуспен тасымалдаудағы қажеттілікті толық қамтамасыз етеді, ал өткізу қабілетінің қолда бар резервтері 2020 жылы халықтың қажеттілігін қамтамасыз ететін болады.
Ақтөбе қаласы автовокзалының өткізу қабілеті айына 250 мың жолаушыны құрайды. Облысішілік автобус қатынастарын дамыту үшін 2015 жылы облыс бойынша автостанциялар және 2020 жылға дейін жолаушыларға қызмет көрсететін 7 пункт салу жоспарлануда.
Шымкент хаб-қаласында керісінше, автобус тасымалдары дамыған және халық сұранысына ие. Қалада жалпы өткізу қабілеті айына 110 мың жолаушыны құрайтын 5 автовокзал бар. Бағалау деректері бойынша, қолданыстағы автовокзалдардың жүктемесі автовокзалдардың ең жоғары өткізу қабілетінің 50%-ынан аспайды. Осыған байланысты, қала халқының саны және автобус тасымалдарына сұраныс артқан жағдайда қолданыстағы инфрақұрылым тиісті қызметтерді көрсетуге қабілетті болады.
Өскемен қаласында бүгінгі таңда 3 автовокзал жұмыс істейді, олардың жалпы өткізу қабілеті 105 мың жолаушыны құрайды. Көрсетілген автовокзалдар қажеттілікті толығымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ халық саны ұлғайған кезде жолаушыларға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін резервтер бар. Бұл өңірде автобус тасымалдарының жиі пайдаланылатынын ескере отырып, 2020 жылға дейін 1 автостанция мен жолаушыларға қызмет көрсететін 18 пункт салу да жоспарланып отыр.
Қазақстанның теміржолдарының пайдаланылатын ұзындығы соңғы жылдары ұлғайып, 14,8 мың км, оның ішінде, екі тармақты желілер - 4,9 мың км, электрлендірілген желілер 4,1 мың км құрады. Мәселен, Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары солтүстік-батыс және батыс өңірлерін байланыстырған «Ақсу - Дегелең», елдің солтүстік және батыс бөліктерін байланыстырған «Хромтау - Алтынсарин», шығыс өңірінің бірыңғай теміржол инфрақұрылымын қалыптастырған «Шар - Өскемен» теміржолдары салынды. Бұл желілер көрсетілген өңірлер арасында жүктер мен жолаушыларды тасымалдау үшін Ресей теміржолын пайдалану қажеттігін болдырмауға мүмкіндік берді.
Бұдан басқа, халықаралық тасымалдарды дамыту үшін Қазақстанның батысынан, Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағына дейін тура маршрутты қамтамасыз ететін «Өзен - Қазақстан Республикасының Түрікменстанмен Мемлекеттік шекарасы» және Қазақстан-Қытай шекарасында екінші өткізу пунктін құрған «Жетіген - Қорғас» сияқты әлемдік нарықтарға шығудың қосымша теміржол бағыттары қалыптастырылды.
2014 жылы орталық өңірді елдің батысымен және солтүстігімен тікелей бағыттармен байланыстырған «Жезқазған - Бейнеу» және «Арқалық - Шұбаркөл» екі жаңа теміржол учаскесі тәжірибелік пайдалануға енгізілді. Салынған желілердің жалпы ұзындығы 2 426 км құрады.
Қазақстан Республикасының теміржол схемасы
Сонымен бірге, теміржол жабынының бүкіл желісінің 60%-ы «біртармақты» болуына байланысты өткізу қабілетінің төмендігімен сипатталатынын атап өту қажет. Бұл фактор теміржол желісінің әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік бермейді. Теміржолдардың шамамен 70%-ының электрлендірілген желілері жоқ.
Теміржол желілерін салу жөніндегі жобаларды іске асыру теміржол вокзалдарын дамытумен тығыз байланысты. Вокзал шаруашылығының сапасын арттыру үшін 2010 жылдан бері теміржол вокзалдарын коммуналдық және жекеше меншіктен «Вокзал сервис» акционерлік қоғамының басқаруына қайтару бойынша жұмыс басталды. Осылайша, «Вокзал сервис» акционерлік қоғамынының сенімгерлік басқаруына берілген теміржол вокзалдарының жалпы саны 321 бірлікті құрады, оның ішінде 138 теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өткізілген.
2020 жылға қарай Астана қаласының теміржол вокзалы елорданың саны жылдам өсіп келе жатқан халқына қызмет көрсетуге үлгермеуі мүмкін. Осыған байланысты, Астана қаласының теміржол торабын дамыту, жолаушылар үшін қолайлы және жайлы жағдайлар жасау мақсатында «Вокзал кешенін салуды қоса алғанда, Астана қаласында теміржол торабын дамыту» жобасын іске асыру басталды. Жаңа вокзалдың өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың жолаушыға есептелген, бұл қолданыстағы вокзалмен бірге ұзақ мерзімді перспективада астаналық жолаушылар легіне қызмет көрсетуге, оның ішінде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне келушілердің жоспарлы санын ескере отырып, қызмет көрсетуге деген қажеттілікті толық өтейді. Жаңа вокзал құрылысын 2017 жылғы мамырда аяқтау жоспарланған.
Алматы қаласының теміржол вокзалы. Бүгінгі таңда Алматы-1 теміржол вокзалы қазіргі жолаушылар легінің қажеттілігін қамтамасыз етеді, бұл ретте, болжамды деректерге сәйкес «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу Алматы қаласында жолаушылар легін орта есеппен 30%-ға ұлғайтады. Осыған байланысты, 2015 - 2016 жылдар аралығындағы кезеңде ұлттық стандарттардың талаптарын ескере отырып, вокзал ғимаратын күрделі жөндеу жоспарланған, бұл перспективті жолаушылар легіне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Ақтөбе, Өскемен, Шымкент қалаларының теміржол вокзалдары. Өтетін жолаушылар легіне толық көлемде қызмет көрсетеді, бұл ретте қалалардың перспективті дамуын ескере отырып, вокзалдардың халық қажеттілігіне сәйкес болуы үшін оларды ұлттық стандарттардың талаптарына және болашақтағы жолаушылар легіне сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Ақтөбе қаласының вокзалында күрделі жөндеу 2013 жылы жүргізілген, ал Өскемен және Шымкент қалаларының вокзалдарын 2016 жылы жөндеу жоспарланып отыр.
Каспий теңізіндегі Қазақстанның жағалау көлік инфрақұрылымы қолданыстағы екі теңіз портын - Ақтау мен Баутиноны қамтиды. Бұл ретте Ақтау порты экспорттық-импорттық және транзиттік қатынаста жүктерді ауыстырып тиеуге қатысады, оның Каспий бассейінінде жүк тасымалдарын қамтамасыз етудегі үлесі шамамен 25%-ды құрайды. Баутино порты теңіздегі мұнай операцияларын қолдау базасы ретінде мамандандырылған.
Қазіргі уақытта Ақтау порты Қазақстандағы пароммен тасымалдауға мүмкіндігі бар жалғыз порт болып табылады. Бұл ретте қолданыстағы порт аумағында жаңа теміржол-паром терминалын орналастыру оны салу үшін аумақтың болмауына байланысты мүмкін болмай отыр.
Жаңа паром қуаттарын салу қажеттігі сабақтас салаларда және Каспий маңы мемлекеттерінде құрылатын инфрақұрылымға да негізделген. Әзербайжанда жаңа Алят портында паром терминалдары және Босфор бұғазы арқылы «Мармарай» теміржол туннелі салынған, бұлар отандық тауарлардың Каспий теңізі бойынша еуропалық нарыққа тікелей мультимодальды тура шығу жолын қамтамасыз етеді. Еуропалық нарыққа шығуды да қамтамасыз ететін Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісін салуды және реконструкциялауды аяқтау бойынша жұмыс жүргізілуде.
2014 жылы елдің шығысын (оның ішінде, Достық станциясын) Каспий жағалауымен тікелей байланыстыруға бағытталған Жезқазған - Бейнеу теміржол желісі салынды. Осыған байланысты, солтүстік бағытта Ақтау портын кеңейту және Құрық портында паром кешенін салу қажет.
Құрылысы 2014 жылғы қазанда басталған Боржақты - Ерсай теміржол желісі арқылы Құрық портындағы перспективті паром кешенін теміржол магистралімен қосу «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының кеме жасау/кеме жөндеу зауытына, «Ерсай» ЖШС металл конструкциялары зауытына және Құрық портының аумағына тікелей жақын орналастыру жоспарланған өзге объектілерге көліктік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
2014 жылы қазақстандық авиакомпаниялар мен әуежайлардың қызметі оң нәтиже көрсетіп отыр. Айталық, тасымалданған жолаушылар саны 5,5 млн. адамға жетті (өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өсті). Қазақстан әуежайлары қызмет көрсеткен жолаушылар саны 10,7 млн. жолаушы болды (өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өсті).
Қазіргі уақытта ішкі әуе қатынасы саласында 49 маршрут бойынша тұрақты ұшу жүзеге асырылады, олардың басым бөлігі Алматыға (16 рейс) және Астанаға (14 рейс) тиесілі. Астана мен Алматыны қоспайтын 19 жанама маршрут бар.
Қазақстан Республикасының ішкі әуе рейстері
Картада көрсетілгендей барлық қалалар бір-бірімен байланысқан, мұнда ішкі және халықаралық авиақатынастар бойынша Астана мен Алматы негізгі хабтар болып табылады. Сонымен бірге, 2020 жылға қарай тағы екі халықаралық хаб-әуежай құру жоспарланған.
Республикада республикалық және облыстық маңызы бар 18 әуежай жұмыс істейді. Бүгінгі таңда халықаралық рейстерге қызмет көрсетуге рұқсаты бар 16 әуежайдың 12-сі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (International Civil Aviation Organization) стандарттары бойынша санатталған. Әуежайлардың жалпы өткізу қабілеті сағатына 6450 адамды құрайды, Қазақстанда перрондар сыйымдылығы сағатына 579 әуе кемесін құрайды, бұл ретте Алматы (107), Астана (79), Шымкент (42) және Қарағанды (45) әуежайлары ең жоғары сыйымдылыққа ие.
Қазақстан әуежайларында жерүсті инфрақұрылымы объектілерін жаңғырту жоспарлы түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда Қазақстан әуежайларының 13 ҰҚЖ және 9 терминалын реконструкциялау жүргізілді. Алматы мен Астана әуежайлары қазіргі заманғы кең фюзеляжды әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, орташа магистральды жолаушылар ұшақтарының бәрі Қазақстанның барлық дерлік әуежайларынан ұша алады.
Өткізу қабілетін ұлғайту мақсатында 2013 жылы Тараз және Талдықорған қалалары әуежайларының ҰҚЖ-н реконструкциялау жүргізілді. 2014 жылы Орал қаласы әуежайының ҰҚЖ-н реконструкциялау басталды.
Алматы мен Астана қалаларының әуежайлары ірі әуежайларға жатқызылған, ал Ақтөбе, Шымкент және Өскемен қалаларының әуежайлары орташа деп сыныпталған. Қазіргі кезде хаб-қалалардың әуежайлары халық қажеттілігін толық қанағаттандырады, алайда аталған қалалардың халық санының болжамды өсуін ескере отырып, 2020 жылға дейін осы қалалардың әуежайларын реконструкциялауды жүргізу жоспарланып отыр.
Астана әуежайының өткізу қабілетінің жеткіліксіздігі авиакомпаниялардың жедел қызметін шектейді және жолаушылар сұраныстарын қанағаттандырмайды. Болашақта бұл жолаушылар легінің трафигіне теріс ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты елорданың әуе қатынасына деген өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыру және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындалу үшін өткізу қабілетін 2 есе ұлғайту мақсатында Астана қаласы әуежайының ҰҚЖ-н реконструкциялауды жүргізу және терминалын кеңейту қажет.
Индустриялық инфрақұрылымның дамығандығы арнайы экономикалық аймақтардың (бұдан әрі - АЭА), индустриялық аймақтардың және туристік кластерлердің өңірлердегі экономикалық өсу нүктелері ретіндегі тиімді қызметінің қажетті шарты болып табылады. АЭА басым бөлігінің инфрақұрылымының аяқталмауы экономиканы әртараптандыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына кері әсерін тигізеді.
«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА (бұдан әрі - «ҰИМТ» АЭА) және «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА сияқты АЭА-ларды дамыту индустриялық-инновациялық дамудың және көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының басым міндеттері болып табылатын мұнай - химия саласын дамытуға және транзиттік әлеуетті ұлғайтуға айқындаушы әсерін тигізеді.
Қазақстанда 10 АЭА қалыптастырылған. АЭА инфрақұрылымын дамытуға 2014 жылға дейін мемлекеттік бюджеттен 175,8 млрд. теңге бөлінді.
Бұл ретте 3 АЭА ғана («Бурабай», «Сарыарқа», «Оңтүстік») инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Қалған 7 АЭА-да («ҰИМТ», «Қорғас - Шығыс қақпасы», «Павлодар», «Ақтау теңіз порты», «Инновациялық технологиялар паркі», «Астана - жаңа қала», «Тараз» химия паркі») инфрақұрылымның әзірлігі әртүрлі сатыларда.
Қолданыстағы АЭА аумағында 124 өндіріс жұмыс істейді және 87 жоба іске асырылу сатысында. АЭА қатысушылары 319,3 млрд. теңге көлемінде инвестицияларды жүзеге асырды. Шығарылған өнім көлемі шамамен 632,6 млрд. теңгені құрайды. 7,8 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.
Елдің қазіргі заманғы мұнай-газ химиясы саласын дамыту мақсатында «ҰИМТ» АЭА алаңында алғашқы мұнай-газ химиясы кешенін қалыптастыру жүзеге асырылуда. «ҰИМТ» АЭА аумағында мұнай-химия кластерін құру шеңберінде 4 негізгі жоба іске асырылуда: құрылысы 2019 жылы аяқталатын ықпалдастырылған газ химиясы кешенінің базасында полипропилен (1-ші фаза) және полиэтилен (2-ші фаза) өндірісі, полимер өнімі өндірісі, сондай-ақ бутадиен өндірісі бойынша жобаны іске асыру басталды.
«Жетіген - Қорғас» теміржолымен, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль дәлізімен технологиялық байланыста «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА құру Еуропа мен Азияға ең қысқа жолды қамтамасыз ететін қуатты индустриялық-логистикалық хаб қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Индустриялық аймақтар ШОБ-ты дамыту, өңірлер экономикасын әртараптандыру үшін өңірлік инфрақұрылым рөлін атқарады.
Қазақстанда 25 индустриялық аймақ құрылған. Оның ішінде 2014 жылдың басындағы жағдай бойынша 10 индустриялық аймақ жұмыс істейді: «Талдықорған», «Боралдай», «Арна», «Даму» (Алматы облысы); «Өндіріс», «Машина жасаушылар көшесінің бойында» (Шығыс Қазақстан облысы); «Оңтүстік», «Кентау», «Түркістан» (Оңтүстік Қазақстан облысы); «№ 1 индустриялық парк» (Астана қаласы).
Қазақстанға сырттан келушілердің саны 5 жыл бойы орта есеппен 16%-ға орнықты өсуде. 2014 жылғы қаңтар-қыркүйек кезеңінде бұл көрсеткіш 4,7 млн. адамды құрады. Орналастыру орындары 2013 жылы 3,3 миллион адамға қызмет көрсетті, олардың 586 мыңы резидент еместер. Бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 12,9%-ға ұлғайды. Бұл ретте сыртқа шығу туризмінің көрсеткіштері орнықты өсуде және сырттан келу туризмінің көрсеткіштерінен асып түседі. Айталық, 2013 жылы сыртқа шығатын туристердің саны 10,1 млн. адамды құрады. Тікелей жұмыспен қамту 67,8 мың адамды құрады. 2010-2014 жылдар кезеңінде Қазақстан бойынша 278 қонақүй, 10 санаторий, 29 қонақ қабылдайтын үй, 95 туристік база және демалыс аймағы, 10 балалар лагері, 6 сауықтыру лагері, 3 аңшылық үйі, 3 кемпинг, 3 этноауыл, 1 тау шаңғысы кешені және 15 ойын-сауық орталығы мен саябақ пайдалануға берілді.
Ресми статистика деректері бойынша туристік, бизнес және өзге сапарларды қоса алғанда, халықаралық сапарларға қазақстандықтар 1,8 млрд. АҚШ долларын жұмсайды. Ал, резидент еместерге дәл осы бап бойынша 5 млрд. АҚШ долларына қызмет көрсетілді. Осылайша, «Сапарлар» бабы бойынша елдің төлем балансы шамамен 300 млн. АҚШ долларын құрайды және ол ұзақ жылдар бойы теріс күйінде қалып келеді.
Бай туристік-рекреациялық әлеуетке қарамастан, жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесі шамамен 0,3%-ды ғана құрайды.
Дамыған инженерлік-көліктік және туристік инфрақұрылымның болмауы, күрделенген әкімшілік формальдылықтар және жарнамалық-имидждік жеткілікті ілгерілемеушілік елдің туристік саласының негізі проблемалы мәселелері болып табылады. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректері бойынша туризмнің бәсекеге қабілеттілік рейтингіне сәйкес туристік инфрақұрылымның дамуы, әкімшілік кедергілердің күрделілігі (визалық режим және т.б.), маркетинг пен брендингтің тиімділігі жағынан Қазақстан 140 елдің ішінде тиісінше 87-ші, 99-ші және 125-ші орындарда тұр.
Қазақстан Республикасында энергия тұтынудың өсуі және өндіруші қуаттардың дамуы, сондай-ақ энергиямен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігінің артуы энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі дамытуды қажет етеді.
2014 жылы электр энергиясын тұтыну 91,6 млрд. кВтс немесе 2013 жылмен салыстырғанда 102,2%-ды құрады, электр энергиясын шығару 9 млрд. кВтс немесе 2013 жылмен салыстырғанда 102,1%-ды құрады. 2014 жылдың қорытындылары бойынша электр энергиясының импорты 644,2 млн. кВтс, экспорты - 2 918,5 млн. кВтс құрады.
Энергия өндіретін ұйымдардың Қазақстан электр энергетикасы жүйесімен байланысын «KEGOC» АҚ ұлттық электр желілері ұйымы жүзеге асырады, оның балансында кернеуі 35 - 1150 кВ 297 электр беру желісі бар, олардың жалпы ұзындығы 24,4 мың км құрайды (тізбектер бойынша). Сонымен қатар баланста кернеуі 35 - 1150 кВ 76 кіші станция бар.
Электр энергиясын өндіруді белгіленген жиынтық қуаты 20 591,5 МВт құрайтын 76 электр станциясы жүзеге асырады.
Қазақстанда электр энергиясын таратумен өңірлік 20 энергетикалық компания (бұдан әрі - ӨЭК) және 150 шағын энергия беру компаниясы айналысады, олар кернеуі 0,4 - 220 кВ болатын өңірлік деңгейдегі электр желілерін бақылайды.
Тұтынушыларды электр энергиясымен жабдықтауды 180 энергиямен жабдықтау ұйымы жүзеге асырады.
Қазақстанда электр желілерінің тозу деңгейі шамамен 60%-ды құрайды. Магистральдық электр желілерінде (ҚР ҰЭЖ) электр энергиясының шығындары 5-тен 7%-ға дейін, өңірлік электр желілері компанияларының желілерінде шамамен 12% құрайды және аталған сыныптағы желілер үшін іс жүзінде оңтайлы болып табылады. Қазақстанның кейбір өңірлерінің тарату желілерінде шығындар 20%-ға дейін жетеді, алайда олар желілердің тым ұзын болуына және тұтынушылардың аз шоғырлануына байланысты.
Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі (бұдан әрі - БЭЖ) шартты түрде үш: солтүстік, оңтүстік, батыс аймаққа бөлінгенін атап өту қажет.
Электр энергиясының шамамен 78%-ы солтүстік энергетикалық аймақта өндіріледі, 66%-ы дәл сол индустриялық аймақта пайдаланылады. Бұл ретте 2013 жылы оңтүстік аймақтағы тұтыну өндіруден екі есе дерлік асып түсті.
Электр энергетикасы саласы ел экономикасының және халықтың электр энергиясына қажеттілігін толық өтейді, бірақ бұл ретте ол озыңқы қарқынмен дамуға тиіс. Хаб-қалалардың және екінші деңгейдегі қалалардың өсуімен электр энергиясына қажеттілік те артады.
Электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету сенімділігін нығайту үшін жаңа өңдіру объектілерін (Балқаш ЖЭС) салу, қолданыстағы электр станцияларын реконструкциялау (Екібастұз МАЭС-2 үшінші энергия блогы), ұлттық электр желісін жаңғырту, өңірлік электр желілерін салу мен реконструкциялау жөніндегі жұмыстар белсенді жүргізілуде. Қызылорда облысында қуаты 400-450 МВт бу-газ электр станциясын салу мәселесі пысықталуда.
Алайда, «Солтүстік-Оңтүстік» 500 кВ екі электр беру желісінің қазіргі өткізу қабілеті оңтүстік энергетикалық аймақтағы өсіп келе жатқан шамадан тыс жүктемелерді өтеуге келешекте жеткіліксіз болмақ.
Оңтүстік өңірлерді электр энергиясымен сенімді және тұрақты қамтамасыз етуді арттыру үшін солтүстіктегі энергия артықшылығын оңтүстік өңірлерге аудару үшін жаңа электр беру желілерін салу қажет. Бұл елдің БЭЖ-ін нығайтуға ықпал ететін болады.
Тұрғын үй-коммуналдық сектордың желілері жоғары дәрежеде тозумен және ысыраппен сипатталады.
Ел бойынша жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 63%-ды құрайды. Бұл ретте шамамен 40%-ға жуығы немесе 9,6 мың км 100% тозған. Жылу энергиясының жыл сайынғы ысырабы орта есеппен 10,7 млн. Гкал құрайды.
Республикада жылумен жабдықтау желілері аварияның көп болуымен (100 км-ге орта есеппен 200 технологиялық бұзылу) сипатталады және жылудың ысырабы жоғары (шамамен 40%).
Жылу энергиясын шығару көздерінің, ең алдымен қазандықтардың едәуір саны, сондай-ақ су құбыры мен кәріз желілерінің көбі қанағаттанарлықсыз күйде. Өңірлерде су құбыры желілерінің басым бөлігі күрделі жөндеуді немесе толық ауыстыруды қажет етеді.
Халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерімен қамтамасыз етілуі бойынша Қазақстан Республикасы дамыған елдерден артта қалып отыр, оларда сумен жабдықтаумен және су бұрумен қамтамасыз ету деңгейі 90-95%-ды құрайды.
2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу: қалалар бойынша 85%-ды, ауылдар бойынша 47,7%-ды; орталықтандырылған су бұруға қол жеткізу: қалалар бойынша 78 %-ды, ауылдар бойынша 10%-ды құрайды.
Су құбыры желілерінің ұзындығы 60,9 мың км құрайды, оның ішінде 13,4 мың км ауыстыруды қажет етеді. Кәріз желілерінің ұзындығы 15 мың км құрайды, оның ішінде 5,3 мың км ауыстыруды қажет етеді.
Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту (реконструкциялау және салу) үшін инвестициялардың жалпы қажеттілігі бағалау бойынша кемінде 2 трлн. теңгені құрайды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (бұдан әрі - ТКШ) инфрақұрылымын және жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту мәселелерін шешу үшін инвестицияларды тарту және саланы дамыту бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет.
Мемлекеттік тұрғын үй саясатының басты мақсаты бұрынғысынша, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау болып табылады.
Халықтың көші-қоны, демографиялық жағдайдың жақсаруы және урбандалу сияқты факторлар тұрғын үйге сұранысты арттырады.
Мәселен, 2014 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 2000 жылмен салыстырғанда 15%-ға артып, 17 160,7 мың адамды құрады, оның ішінде қала халқы 9 433,4 мың адамды (55%), ауыл халқы 7 727,2 мың адамды (45%) құрады.
Ел өңірлерінің көпшілігінде халық саны өсті, оның үстіне халық санының ең көп өсуі Астана қаласына тән, талданып отырған кезеңде мұнда халық санының 98,3%-ға (403 мың адамға) өскені байқалған.
Ауыл халқының аудан орталықтарына, қалаларға және қала маңындағы аумақтарға соңғыларындағы қазіргі еңбек нарығының, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым мүмкіндіктерін ескермей көшіп-қонуын белең алып келе жатқан өткір проблемалар қатарына жатқызуға болады.
Тұтастай алғанда, Қазақстанда урбандалу деңгейі соңғы 20 жылда 50%-дан 55%-ға ұлғайды.
Достарыңызбен бөлісу: |