Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Шыңғыстау деген жерде дүниеге келген. Мұхтардың атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортаазиялық түркі әдебиетімен таныс кісі болған. Ол бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таниды. Мұхтардың әкесі Омархан да, атасы Әуез де Абай ауылымен іргелес отыратын, сыйлас көңілді, құдандалы, дос-жар адамдар еді. Бала Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның туған інісі.
Абай ауылымен қатар болған аралас-қүраластық, ұлы ақынның шәкірттерімен және балаларымен бір ортада өсу жас Мұхтардың рухани жағынан өсіп-жетілуіне игі әсерін тигізді. Жас Мұхтар хат танығаннан кейін-ақ атасының ықпалымен ауыз әдебиетінің үлгілерін, Абай өлеңдерін жазып алып, жаттап үйренеді. Классикалық түркі әдебиетінің жекелеген нұсқаларымен таныстығы да осы кезеңде басталған. Бұл жағдай алғыр ойлы, зерек баланың сөз өнеріне деген құмарлығын тым ерте оятады. Он бір жасында әкесі Омархан қайтыс болады. Осыдан кейін Мұхтар ауылдан қалаға немере ағасы Қасымбектің тәрбиесіне көшеді.
1908 жылы Мұхтарды немере ағасы Қасымбек Семейге алып келіп, орыс мектебіне түсіреді, осыдан кейін ол бес жыл қалалық училищеде, төрт жыл мұғалімдік семинарияда оқып, білімін көтереді. Осы тұста М.Әуезов орыс әдебиетінің шығармаларымен кеңінен танысады, өзі де қаламгерлік қадамын бастайды. Оның тұңғыш күрделі шығармасы — «Еңлік — Кебек» драмасы 1917 жылы, семинарияда оқып жүрген кезінде жазылды. 1922 жылы Орынборда жеке кітап болып басылып шықты.
1919 жылы мұғалімдік семинарияны ойдағыдай бітіріп, Семей губерниялық атқару комитетінде ұлттар бөлімінің меңгерушісі, онан соң төрағасы болып қызмет істейді. Алғашқы көркем әңгімесі — «Қорғансыздың күні» 1921 жылы жарияланады. М.Әуезов 1922 жылы Орынборда, Қазақ Орталық атқару Комитетінде жауапты қызметте болды. Бұдан соң Ташкентке келіп, қызметке орналасады, әрі Орта Азия мемлекеттік университетінде оқиды. Мұхтар Әуезовтің бірталай әнгімелері 1922—1923-жылдарда Ташкент қаласында шығып тұрған «Сана», «Шолпан» журналдарында басылған («Кешкі дөң басында», «Түнгі ауыл», «Қысты күнгі дала», «Қысқы түн», «Сыбанның моласында», «Сөніп жану» т. б.).
«Адамдық негізі — әйел» (1917), «Мәдениетке қай кәсіп жуық», «Оқу әдісі», «Ғылым тілі» (1918) секілді мақалаларында ол оқу-ағартудың, мәдениеттің маңызды мәселелерін көтереді. Мұхтардың 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінде қырғыз эпосы «Манас» туралы жасаған баяндамасы ғылыми қауымның назарын аударады.
1923 жылы М.Әуезов Ленинград университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Еліміздегі ең атақты жоғары оқу орындарының бірінде сабақ алу, аса көрнекті ғалымдардың дәрістерін тыңдау оның білім өрісін ерекше өсіреді. Семей губерниялық атқару комитетінің шақыруымен Мұхтар Әуезов 1924 жылы еліне оралып, қазақ педагогикалық техникумында сабақ береді. Ол осы жылы орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне толық мүше болып өтеді, көп ұзамай бөлімше төрағасының орынбасарлығына сайланады. 1924 жылдың қысында М.Әуезовтің басқаруымен Семейде Абайдың қайтыс болғанына жиырма жыл толуына арналған ғылыми жиналыс өткізіледі. Онық көркем прозадағы бір топ туындысы да осы кезең жемісі («Жетім», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» т. б.). Драматургия, аударма, сын-зерттеу еңбектері де қатарласа туып жатады. Бұған 1923 жылы жазылған «Бәйбіше — тоқал» драмасы мен «Қобыланды батыр», «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты зерттеулері, «Жердің жаратылысы жайындағы әңгімелер» деген аудармасы мысал бола алады.
1925 жылы М.Әуезов Ленинград университетіне қайта келіп, үзілген оқуын жалғайды, оны 1928 жылы бітіріп шығады. Ленинградта оқыған кезінде М.Әуезов білімін жан-жақты кеңейтіп, тереңдетумен бірге жазушылық жұмыстарын да қатар жүргізді. Оның ендігі шығармаларында ескі қазақ ауылындағы таптық кайшылықтар мен күрестер сырын көрсету өткірлене түседі. «Қарагөз» трагедиясында Мұхтар бұрынғы казақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздікті, жастар басындағы еріксіздікті тамаша суреттеді. «Қараш-Қараш оқиғасы» (1927), «Қилы заман» (1928) повестерінде ел өміріндегі күрделі мәселелерді көтерді.
1928 жылы Ленииград университетін бітірген М.Әуезов Ташкентке келіп, орман техникумында әдебиеттен сабақ береді, 1929 жылы Орта Азия мемлекеттік университеті түркология кафедрасына аспирантураға түсіп, онда 1930 жылдың октябріне дейін болады.
Ауыз әдебиетін зерттеуді Мұхтар Әуезов шығармашылық мақсатта да жүргізген. 1934 жылы жазылған «Айман — Шолпан», одан біраз кейінірек туған «Қарақыпшақ Қобыланды», «Бекет» пьесалары — осындай игілікті ізденістердің нәтижесі. Абайдың әдеби мұрасын ұзақ тексеру «Абай» пьесасын жазуға әкелді. Мұның өзі жазушының әрқашан ғылыми және көркем творчествоны қатар алып жүргенін, бұл күрделі шығарма жасаудың белгілі бір шартына айналғанын көрсетеді.
М.Әуезовтің отызыншы жылдардағы шығармашылығынан қазіргі заман тақырыбына жазылған еңбектері елеулі орын алады. Колхозды ауылдың жағдайын аралап көру, сана мен салттағы өзгерістердің сырына көз жіберу жазушыны жаңа ауыл өмірінен шығармалар жасауға шабыттандырды. «Білекке білек», «Үш күн» (1934), «Іздер», «Шатқалаң» (1935), «Бүркітші» (1937) атты әнгімелері сондай туындылар.Замана шындығын драмалық шығармаларда көрсетуге де М.Әуезов бұл тұста белсене кірісті. «Октябрь үшін» (1933), «Түнгі сарын», «Тартыс (1934), «Тастүлек» (1935), «Алма бағында» (1937), «Шекарада» (1938) тәрізді пьесаларда революциялық дәуір мен социалистік құрылыс жылдарының оқиғалары қамтылды.
М.Әуезовтің ең жақсы аудармалары да соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезінде жасалды. Ол аударған Шекспирдің «Отеллосы», Гогольдің «Ревизоры», Погодиннің «Аксүйектері», Треневтің «Любовь Яроваясы» казақ көркем мәдениетінің төл туындысындай жатық шықты. Кейінірек бұл аудармалар катарына Шекспирдің «Асауға тұсауы», Тургеневтің «Дворян ұясы» қосылды.
40—50-жылдар жазушының таланты жан-жақты кемелденіп, ең үздік шығармаларын берген кезі. М.Әуезовтің бұл мезгілдегі басты табысы — төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» (1942-1956) роман-эпопеясы. Соныммен қатар суреткер қаламынан осы кезеңде көптеген очерктер, әңгімелер, повестер туды («Асыл нәсілдер», «Түркістан солай туған» т. б.).
Елуінші жылдардың соңғы тұсында М.Әуезов осы заман тақырыбына бірнеше роман жазуды көздеп, үлкен жоспар жасайды. Осы мақсатпен ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Алғабас, Созақ, Түркістан, Мақтарал аудандарын аралап, халықтың тұрмыс тіршілігімен, мәдениет жағдайымен танысты, малшылыр, мақташылар өмірінен бірнеше очерктер жариялады. Өкінішке қарай, суреткер өзінің алдына қойған ұлы ниетін толық жүзеге асырып үлгермеді, төрт кітапқа мөлшерленген романның бірінші бөлімін ғана жазып қалдырды, ол шығарма «Өскен өркен» деген атпен жазушы қайтыс болғаннан кейін ғана басылып шықты.
М.Әуезов 1932—1934 жылдарда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында, 1934 жылдан өмірінің соңына дейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) қазақ әдебиетінен лекция оқыды. 1951 — 1953 жылдарда М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университеті КСРО халықтары әдебиеті кафедрасының профессоры болды.
|