Микологиялық ЖӘне фитопатологиялық анықтамалық СӨздік



бет1/13
Дата11.06.2016
өлшемі0.94 Mb.
#127517
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13


Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Биология-химия факультеті
Экология кафедрасы

МИКОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ФИТОПАТОЛОГИЯЛЫҚ АНЫҚТАМАЛЫҚ СӨЗДІК

Павлодар


УДК 504.064.36.(07)

ББК 28.083я2

Б 23
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми ғалымдар кеңесімен ұсынылған
Пікір сараптамашы

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің экология кафедрасының а/ш. ғ. к., доцент Альмишев Ұ.Х




Құрастырушы А.К.Оспанова
Б 23 Микологиялық және фитопатологиялық анықтамалық сөздік – Павлодар, 2007. – 140 б.

Сөздік микологияда және фитопатологияда жиі қолданылатын 1000-нан астам терминдер мен ұғымдарды қамтиды.

Сөздік анықтамалық нұсқау болып табылады, себебі мұнда толық мәліметтер мен оқырманды қызықтыратын сұрақтарға жауап табуға мүмкіндік беретін қосымша әдебиет берілген.

Кітап оқырмандардың кең шеңберіне – ғылыми қызметкерлерге, оқытушыларға, биологиялық факультеттердің студенттеріне, аспиранттарға, сондай-ақ ауыл шаруашылық және медицина мамандарына арналған.

УДК 504.064.36.(07)

ББК 28.083я2

©Оспанова А.К.,2007

©С.Торайғыров атындағы Павлодар

мемлекеттік университеті, 2007

Кіріспе
Микологиялық және фитопатологиялық анықтама – сөздік қазақ тілінде бірінші рет баспа бетіне шықты.

Сөздік құрастыру барысында автор қазіргі заманғы әдебиеттерді, сөздіктер мен анықтамаларды, монографияларды пайдаланған.

Терминдерді жинақтау барысында микология ғылымына қатысты таксономиялық, флористикалық, систематикалық, цитологиялық ж.т.б жаңа ұғымдар пайдаланылды. Сонымен қатар жеке тірі ағзалардың ішінде саңырауқұлақтар патшалығын бөліп алып қарастыруды ұйғардық.

Систематикалық категорияларға сипаттап жазылған. (туыс, түр).

Микология ғылымымен фитопаталогия ғылым бір-бірімен тікелей байланысты болғаннан кейін өсімдіктердің аурулары олармен күрес шараларыда ескерілген.

Саңырауқұлақтар тек өсімдіктердің ғана емес адам мен жануарлардың да ауру қоздырғыштарыда болып табылғаннан кейін оларғада аздап тоқталуды жөн көрдік. Бактериялар мен вирустардың ауру қоздырғыштары келтірілмеген.

Әлемдегі түрлердің саны Ainswort et Bisby (1971), Қазақстан бойынша «Флора споровых растений Казахстана» (1966-1987) анықтамаларымен берілген.

Болашақтың ғылымы, оның ішінде микология және фитопатология бір орнында тұрмайтын, тез дамып келе жатқан ғылымдарға жатады, сондықтан көптеген ғылыми терминдер уақыт келе өзгереді.



А

А (гр. а, an – емес) – болымсыздық бөлшегі.

Абиогенез (гр bios – тіршілік, genesis пайда болу, туу) - өлі табиғат затынан тіршіліктің, тірі заттардың пайда болу процесі. Жердегі тіршіліктің пайда болуы туралы гипотезаларының бірі.

Абиоз – ағзаның тіршілік үрдістері толық тоқталатын қалып-күйі.

Авто (гр. autos - өзі) – күрделі сөздердің бөлшегі, өзіндік, меншіктік және автоматты деген мағына береді.

Автобазидия – түйреуіш немесе цилиндр пішінді базидиоспоралары бар бірклеткалы базидия.

Автоклав (лат. clavis – кілт, руль) – екі қабырғалы, қақпағы герметикалы жабылатын, металлдан жасалатын шкаф. Қоректік орталар, медициналық құрал-жабдықтар, материалдар, лабораториялық ыдысты бір мезетте жоғары температурада (100-120°С) және жоғары қысымды су буымен (1,5-2 атм) стерилизациялауда қолданылады. Автоклавта стерилизациялау толығымен ұрықсыздандыруды қамтамасыз етеді, өйткені микроағзалардың вегетативтік және споралы формалары жойылады.

Автолиз (гр. lysis – ыдырау, еру) – ұлпаның өз ферменттерінің әрекеті нәтижесінде өзін-өзі қорытуы немесе ыдыратуы.

Автомиксис (гр. miksis – араласу) – бір ғана дарақтың жыныс клеткаларының қосылуы жүретін жыныс процесі. Диатомды балдырларда, қарапайымдыларда және кейбір саңырауқұлақтарда кездеседі

Автотрофтар (гр. trophe – қорек, қоректену) – Күн энергиясын және химиялық энергияны пайдаланып, бейорганикалық заттардан органикалық заттар түзетін ағзалар. Негізінен, бұл – органикалық заттардың 2/3 бөлігін түзетін жер үсті және суда тіршілік ететін жоғары сатыдағы өсімдіктер.

Автоформалар – бір иелі саңырауқұлақтар. Дамуының барлық циклін бір ғана өсімдік-иесінде өткізеді.

Агамия (гр. gamos – некелесу) ұрықтанусыз өтетін көбею.

Агар-агар – теңіз балдырларынан (қызыл, қоңыр) алынатын коллоидты желатин тәріздес зат. Қоректік ортаға қатты, тығыз консистенция беру үшін қосылады (1,2-2%), алайда өзінде қоректік құндылық жоқ. Микробиологияда, тамақ өнеркәсібінде және т.б. қолданылады.

Агарикті, агарикальді, пластинкалы саңырауқұлақтар (пор. Agaricales, кл. Basidiomycetes) – саңырауқұлақтардың ең кең тізбегі. Олардың жалпы белгісі – қалпақ және центрлік немесе эксцентрлі қысқа бүйір табаннан тұратын жеміс денесі болады. Кейбір туыстастарда табаны болмайды. Гименофоры пластинкалы немесе трубкалы. Гимений базидийлерден, парафиздерден, цистидтерден тұрады, гименофорда, қақпағының төменгі жағында пластинкалар немесе трубкаларда орналасады. Қақпғы мен ьабанының формасы, құрылысы, түсі мен консистенциясы, трубкалар мен пластинкалардың табанға бекілу тәсілі, споралық тозаңның түсі өте түрленеді және таксономиялық көрсеткіші болып табылады. Көп түрлерде барлық денені қаптайтын, кейін жоғалатын жабындысы болады; басқаларында – гименофорды жұқа қабық тәрізді жауып тұратын жеке жабындысы болады. Барлық жерлерде таралған, бірақ көбіне – ормандарда топырақта, түсімде, кейде паразит ретінде басқа саңырауқұлақтарда ( р. Nyctalis). Өлі, өңделген, кейде тірі ағашта да кездеседі (р. Armillaria). Олардың шаруашылық маңызы өте зор. Көптеген түрлері құнды тамақ өнімі болып табылады: шампиньондер (р. Agaricus), груздь (р. Lactarius) эәне т.б.;биологиялық активті заттардың продуценттері болып табылады (40 астам түр) : Clytocybe, Boletus, Cortinarius. Олардың арасында өмірге қауіпті зиянды түрлері де : Amanita phalloides, Amanita panterina, Amanita verna және т.б., микоризатүзушілер де: Leccinum scabrum, Leccinum aurantiacum.

Әлемде 3250 түр белгілі. Қазақстанда 500 түр анықталған.



Агономицетальді саңырауқұлақтар, стерильді мицелийлер (пор. Agonomycetales немесе Mycelia sterilia, кл. Deuteromycetes) – циклдерінде спора түзушілік мүлде болмайтын (немесе өте сирек болатын), тек мицелийлер мен склероцийлер түзетін саңырауқұлақтар. Мицелий клеткаішілік, өрмектәрізді, қабық немесе тармақталған жіпшелер түрінде болады. Склероцийлер формасы, мөлшері, түсі бойынша түрліше болады. Паразитті немесе сапрофитті тіршілік етеді, арасында симбионттар да бар. Кейбіреулері үшін қалталы, базидийлі саңырауқұлақтармен байланыс анықталған. Барлық климаттық зоналарда кездеседі. Ең кең таралған туыстастар – склеротий (Sclerotium), ризоктония (Rhizoctonia), эктострома (Ectostroma) және т.б.

Әлемде 200 түр белгілі, Қазақстанда 23 түр анықталған.



Агрессивтілік – патогендіктің сандық өлшемі, мыналардан көрініс алады: 1) иесін инфекциялық бастаманың ең аз мөлшерімен жұқтыруға қабілеттігімен; 2) аурудың қысқа инкубациялық периодымен; 3) споралардың өте үлкен мөлшерімен және олардың алыс қашықтықтарға тез таралу қабілетімен.

Ағаштекті өсімдіктердің антракнозы (емен, вяз, жаңғақ, қаштан, т.б.) – қоздырғышы – гномония түрінің саңырауқұлақтары (Gnomonia, қат.Sphaeriales). Жараланған жапырақтар, жемістер мен бүршіктерде – дақтар, бұтақтарда – кішкене жарақтар.

Ағаштардың қара теңбілдігі – қоздырғыштар – ритисма (Rhytisma, қат. Phacidiales) туысының түрлі саңырауқұлақтары, үйеңкіні, талды, қайыңды зақымдайды. Жазда жапырақтарда сарғыш шашыранды дақтар пайда болады, кейін олардың үстінде шығыңқы, қара, жылтыр, тегіс немесе әжімді субэпидермальді стромалар түзіледі. Қыстап шыққаннан кейін олардың ішінде қалталары мен жетлген споралары бар, ұзынша, домалақ перитецийлер пайда болады, олар тік жарықшамен ашылады,споралар арқылы көктемде жас өсімдіктер зақымдалады. Инфекция түскен жапырақтарда сақаталады.

Әлемде 20 түр белгілі. Қазақстанда 6 тү анықталған.



Адаптация (лат. adaptatio – бейімделушілік) - ағзаның генетикалық бекітілген және түрдің сақталуын қамтамасыз ететін реакциясы, қоршаған орта жағдайларының ауысуына бейімделумен сипатталады.

Адгезия (лат. adhesion – жабысу) – клеткалардың бірі-бірімен және түрлі субстраттарға жабысу қабілеті; әртүрлі заттардың немесе денелердің жабысуы; споралардың, конидиялардың ие-өсімдікке немесе субстратқа жабысуы. Клеткалардың көбіне талдамалы адгезия тән.

Адсорбты қоректену – қорек саңырауқұлақтың бүкіл денесімен немесе маманданған гифалар – гаусторийлермен сорып алынатын қоректенудің түрі.

Адсорбция (лат. ad – бойы, sorbere – сору) – сұйық, газ тәрізді немесе еріген заттардың қатты фазаға адгезиясы. Бұл осы заттардың концентрациясының артуына әкеледі.

Азигоспора, азигота – жыныссыз көбею нәтижесінде саңырауқұлақтардың гифаларында экзогенді түзілетін, тыныштық күйдегі спора. Тыныштық перниодынан кейін өседі. Төменгі сатыдағы саңырауқұлақтарда кездеседі.

Акразиомицеттер (кл. Acrasiomycetes, бөл. Myxomycota) – қарапайым ағзалар, сырт бейнесі бойынша миксомицеттерге ұқсас, бірақ олардан псевдоплазмодийлердің барлығымен ерекшеленеді. Вегетативті фазада олар амебаларға ұқсайды. Жағымсыз жағдайлар туғанда (қоректің болмауы) амебалар біріне бірі жақындап, топтасады, алайда бір ағзаға айналмай, плазмодийге ұқсас, псевдоплазмодий түзеді.Біраз уақыттан соң споратүзушілар түзеді, олар тік табанда орналасқан спорасы бар бастан тұрады. Көңде тіршілік етеді.

Әлемде 25 түр белгілі. Қазақстанда зерттелмеген.

Тән түрлер: диктиостелий (Dictyostelium), полисфондилий (Polisphondilium). Бір тізбек бар – Acrasiales .

Акрогенді спора, акроспора (гр. Akron – шыңы, басы) – конидия түзушінің басында пайда болатын спора.

Акропетальді конидия (лат. Acropetalis – негізден басына қарай дамитын) – конидия түзушінің басында пайда болып, өзінің басында дамитын конидияға бастама беретін конидия. Нәтижесінде тізбек дамиды, мұнда үстінгі конидия ең жас болып, төменгісі – ең кәрісі болады (р. Alternaria).

Акроплеврогенді конидия (лат. Acropleurogenus – басында жан-жақтан пайда болатын) – конидия түзушінің басында және бүйірлерінде бір кезде дамитын конидия (р. Helmintosporium).

Акроспоралы базидия - өзінің басында базидиоспоралары бар базидия.

Актиномикоз (гр. actis – сәуле) – актиномицеттердің әсерінен пайда болатын адамның, жануарлар мен өсімдіктердің түрлі мүшелері мен ұлпаларының ауруы – картоптың паршасы, адам мен ірі қараның ауыз қуысының актиномикозы және т.б.

Актиномицеттер, сәулелі саңырауқұлақтар (гр. mykes – саңырауқұлақ; кл. Actinomycetes) – вегетативті дене моноподиальді бұтақтанған, сәулелі тармақталған, өзара бөлінбеген гифалардан(бұларда споралар дамиды) тұратын мицелиймен берілген. Прокариотарға жатады. Мицелий болғандықтан оларды саңырауқұлақтарға жатқызады; ішкі құрылысы бактерияларға ұқсас. Актиномицеттердің үлкен экономикалық маңызы бар. Олар антибиотиктердің продуценттері болып табылады (стрептомицин, тетрациклин, хлорамин, т.б.), цитологиялық және цитогенетикалық зерттеулер үшін модельдер ретінде қолданылады, целлюлозаны ыдыратып, табиғаттағы зат айналымға қатысады. Даму үрдістерінде, өсімдік қауымдастықтарының пайда болуы, дамуы және ауысуында маңызды роль атқарады. Қауіпті ауру – актиномикоздың қоздырғыштары. Споралары аллергияға әкелуі мүмкін. Өсімдік қалдықтарында тіршілік етеді, әсіресе топырақта көп. Температурасы 65°С дейін ыстық кілттерде кездеседі. Ең жақсы таралған актиномицес туысы (Actimyces). Ең алғаш 1878 ж. неміс ғалымы Ц.Гарц ажыратып, атаған.

Әлемде 670 түр белгілі. Қазақстанда 200-ден астам түр анықталған.



Ақ тат – альбуго т.(т. Albugo, қат. Peronosporales) саңырауқұлақтары қоздыратын ауру. Жапырақ, сабақ және басқа мүшелерде бөлек-бөлек, кейін бірі бірімен қосылатын, жұқа түссіз қабықшасы бар ақ өсінділер пайда болады. Жетілу баысында қабықша жарылып, шаңды ақ масса (споралар) ұзақ қашықтықтарға тарап, ауруды таратады. Аурудың алғашқы қозу көзі былтырғы ауру өсімдіктердің қалдықтары болып табылады. Күресу шаралары негізінен өсімдік қалдықтарын жою, сондай-ақ ауру өсімдіктерге 0,4-0,5% концентрациялы мыс қоспаларын, М-45 дитанның 0,2% концентрациясын, купрозанның 0,4% концентрациясын себумен шектеледі.

Ақ дала саңырауқұлағы (Pleurotus erungii, қат. Agaricales) – қақпағының диаметрі 3-15 см, дөңгелек, дөңес, ортасында басыңқы, ақ қабыршақпен қапталған, кейде ұяшықтар түрінде жарылады, ақ не ақшылт сұр. Табаны центрлік, бүйірлік немесе эксцентрлік. Жеуге жарамды, дәмі өте жақс. Өлі тамырларда, кейбір өсімдіктердің сабақтарында, құрғақ, далалы жерлерде тіршілік етеді.

Қазақстанның оңтүстігінде кездеседі.



Ақ салқым (Russula delica, қат. Agaricales) – жастарында қалпағы жастық тәрізді, кейін воронкалы, қыры ішіне қарай бүгілген, ақ, кейде сары теңбілді. Табаны тегіс, тік, тығыз. Еті ақ, тығыз. Споралық ұнтағы ақ. Жеуге жарамды. Жапырақты, қылқанды ормандарда шілде-қыркүйек аралығында кездеседі.

Ақ саңырауқұлақ (Boletus edulus, қат. Agaricales) – қақпағының диаметрі 5-25 см, дөңес, жұмсақ, тегіс, құрғақ, қоңыр, жастарында ақшылттау болады. Табаны центральді, түйінтәрізді кеңейген. Гименофор трубкалы, ақ, уақыт өте сарғаяды. Жеуге жарамды саңырауқұлақтардың ішінде ең өнімдісі, құрамында көп ақуыз бар, антиканцерогенді заттар анықталған. Ормандарда (қылқанды, аралас, жапырақта, негізінен қарағй, емен астында) өседі.

Қазақстанда кездеспейді.



Ақұнтақ – ақұнтақ саңырауқұлақтарымен ( қат. Erysiphales) қоздырылатын ауру. Жапырақ пен жас өркендерде, мицелий және конидиялардан түзілген, ақшылт ұнтақты дақтардың пайда болуымен сипатталады. Кейбір түрлере мицелий сұр, сары-жасыл, өрмекті, үлпілдек, тіпті кейде киізді болады. Ауруды әкелетін зардабы зор. Күресу шаралары – агротехникалық (дұрыс ауыспалы егіншілік, терең жырту), өнім мен өсімдік қалдықтарын мұқият жинау; өсімдік пен топырақты препараттармен залалдандыру; көктемде фосфорлы-калийлі тыңайтқыштар енгізу; тұрақты сорттар енгізу; екінші ретті саңырауқұлақтар – циноболюс (Cinnobolus) тұқымдастарын енгізу.

Ақұнтақ, эризифті саңырауқұлақтар (қат. Erysiphales, кл. Ascomycetes) – облигатты паразиттер, ие өсімдіктің барлық мүшелерінің үстін мекен етіп, қалың түзілген конидиялармен ақ зең түзеді. Даму циклінде екі саты бар: конидийлі (жыныссыз) және қалталы (жынысты). Жынысты үрдістің нәтижесі ішінде 2-8 споралы бір немесе бірнеше қалтасы бар жеміс денесі болып табылады. Қалта, спора саны, пішіні және придаткалардың орналасуы таксономиялық белгі болып табылады. Жүйелік жоспарда түр ішінде, қоректік өсімдіктердің тар шеңберіне бейімделген, ерекше маманданған формалар бөлінеді (f. sp.). Мысалы, Erysiphe graminua саңырауқұлағының маманданған формаларының саны өте көп: бидайлы, қара бидайлы, пырейлі, және т.б. Орталық болып еризифе (Erysiphe), левейлулла (Leveilulla), микросфера (Microsphaera), подосфера (Podosphaera) табылады. Әлемде кең, алайда біркелкі емес таралған. Ксерофиттер, қоңыржай белдеудегі ашық құрғақшыл жерлерді ұнатады. Конидийлі сатылары конидиялардың үш түрімен берілген. Олар ерекше тұқымдастар болып, жетілмеген саңырауқұлақтар класына енеді (Deuteromycetes: Oidium, Oidopsis, Ovulariopsis)

1.Oidium тұқымдасы қысқа конидия тасымалдаушыларда отырған тізбекті конидиялармен сипатталады. Екі тұқым тармаққа бөлінеді: Eu-Oidium және Pseudopodium. Біріншіде анық конидия тасымалдаушылары болмайды, оларды аналық клетка орын басады. Ол ұзын тізбек құрастыра конидияларды босатып отырады. Sphaerotheca, Podosphaera, Uncinula, Erysiphe тұқымдастарында кездеседі.

2. Oidopsis тұқымдасы басында бір ланцетті, кейде цилиндрлік конидиясы бар ұзын конидия тасымалдаушыларымен сипатталады. Leveillula тұқымдаснда кездеседі.

3. Ovulariopsis тұқымдасы бір кең эллипсті алмұрт пішінді немесе жұмыртқа тәрізді конидиясы бар конидия тасымалдаушымен сипатталады. Phyllactinia тұқымдасында кездеседі.



Әлемде 208 түр мен 772 форма белгілі. Қазақстанда 47 түр мен 307 форма анықталған.

Ақшылт поганка (Amanita phalloides, қат. Agaricales) – қақпағының диаметрі 3-14 см., басында дөңес, қоңырау пішінді, кейін тегіс немесе аздап дөңес, жасыл-сары, ортасына қарай күңгірттеу. Пластинкалар бос, ақ, сәл сарылау. Табаны цилиндрлік, тұтас, ақ, жасыл дақтарымен, негізіне қарай түйінді қалыңданған. Еті жұмсақ, жағымды иісі бар. Өте қауіпті саңырауқұлақ. Құрамында фаллин және аматин – саңырауқұлақты тағамға қолданғаннан 6-12 сағаттан соң әсерлесе бастайтын улы заттар бар.Оған ұқсас шампиньоннен ақ пластинкалар, ақ споралық тозаң мен табан негізінде вольваның болуымен ажыратылады. Негізінде Қазақстанның жапырақ ормандарында, біреуден не кішкене топпен өседі. Аз кездеседі, негізінде маусым мен қазан айлары аралығында.

Алантоидты спора – сопақша, бір жаққа қарай кішкене иілген спора. Ұсақ, түссіз, бірклеткалы (т.Cytospora, қат. Sphaeropsidales).

Алевриоспора, алеуспора – конидия түзушінің басында, конидиогенді клетканың өсіп кеткен бөлігінен пайда болатын спора, конидия тасымалдаушыдан бір-екі перегородкамен бөлінген. Қалың қабығы болады және тыныштықтағы спора функциясын атқарады. Кейбіреулер оларды хламидиоспоралар деп санайды. Кей кезде скопуляриопсис және трихокладий (Scopulariopsis, Trichocladium, қат. Hyphomycetales) туыстас-тарының түрлерінде тізбектер түзеді.

Аллелопатия (гр. allelon – бірдей, patos - әсер ету) – биоценоздарда өсімдіктердің бір-біріне бірдей әсер етуі, сол сияқты өсімдіктер мен микроағзалардың сыртқы ортаға биологиялық активті заттар (фитонцидтер, антибиотиктер, эфир майлары, колиндер) шығару арқылы әсерлесуі. Бұл әсер оң да, теріс та болуы мүмкін.

Алма шірігі – қоздырғыш – спилоцея (Spiloceae pomi, қат. Hypomy-cetales). Жапырақта сары-жасыл дақтар пайда болып, кейін күңгірттеніп барқытты өңез түзеді. Кейін мұндай дақтар жеміс пен өркендерде пайда болады. Жаз бойында конидиялардың көп тұқымы түзіліп, сау жапырақтар зақымдалады. Вегетация соңында түсіп жатқан жапырақтарда қалталы саты Venturia inaequalis (қат. Pleosporales) түзіледі, ол көктемде пісіп, жас жапырақтарды зақымдайды. Күресу шаралары: көктемде, бүршіктердің жарылуынан бұрын бордос сұйықтығының 1% ерітіндісімен 2-3 рет залалсыздандыру; немесе 4% бордос сұйықтығымен 1 рет. Бұдан басқа мыстың хлорлы тотықғының 0,5-0,7% ерітіндісімен немесе цинеб не каптанның 0,5-0,75% ерітіндісімен себу ұсынылады. Соңғы себуді өнімді жинаудан 1-1,5 ай бұрын өкізу қажет; Зато, Хорус фунгицидтерімен залалсыздандыру – 0,14 л/га, 1-3 рет 8-14 күн сайын. Азотты қоректің артылуын болдырмау.

Алма ағашының ақұнтағы – қоздырғыш – Podosphaers leucotricha, ерте көктемде көрінеді. Өркендер, жапырақтар, гүл шоғырлары, гүлдер тығыз, басында ақ, кейін лас-ақ зеңмен қапталады, ол күзге қарай күңгірттеніп, оның үстінде қара дақтар – саңырауқұлақ клейстотецийлері – қалталы саты пайда болады. Оның инфекция дамуында маңызы шамалы. Саңырауқұлақ мицелиймен бүршіктерде сақталады, оларда көктемде алғашқы конидиялық спора түзіледі.

Ақұнтақтың зияндылығы өте зор. Алмадан басқа, кейде алмұрт та зақымдалады. Өнімділік 30-50%-ға төмендеуі мүмкін. Қазақстанда бұл ауру өте кең таралған. Күресу шаралары – зақымдалған өркендерді жою, жоғары агротехника. Ақұнтаққа төзімі алма сорттары жоқ. Фунгицидтермен үш-төрт реттік залалсыздандыру жақсы нәтиже береді: бірінші – гүлдеуден бұрын; екінші – гүлдеуден кейін; үшінші – екіншіден екі жұмадан соң және төртінші – үшіншіден екі жұма өткен соң.

Жақсы нәтижені 0,2% концентрациялы каратанмен немесе мороцидпен; 0,1% концентрациялы морестанмен және коллоидты күкірттің 1% суспензиясымен; Топаз – 2-4 рет, 0,3-0,4 л/га, Арчер – 0,8-1 л/га; Хорус – 0,14 л/га – 1-3 рет, 8-14 күн сайын.

Алмұрт шірігі – фузикладий (Fuzicladium virescens, қат. Hypomycetales) саңырауқұлағы мен оның қалталы сатысымен Verturia pirina (қат. Dothideales) қоздырылады. Аурудың белгілері мен күресу шаралары алма шірігімен бірдей.

Алуан түрлілік (varietas) – белгілі бір түрдің басқа дарақтарынан морфологиялық, физиологиялық, экологиялық белгілермен ерекшеленетін дарақтарын біріктіретін таксономиялық, түр ішілік категория.

Аманита (т.Amanita, қат. Agarikales) – центрлі табаны мен қақпағы (басында дөңес, кейін жалпақ; ақ, қызыл, жасыл түстеріне боялған) бар, біршама ірі жеміс денелі саңырауқұлақ. Жабындысы ортақ, кейбіреуінде жалқы. Ортақ жабынды жарылғаннан кейін қақпақта қабыршақтар түрінде, ал табанының негізінде вольва деп аталатын түйн тәрізді ісік түрінде қалады, ол бос немесе өсіп кеткен болуы мүмкін. Кейбіреуінде жалқы жабындының қалдықтары жақтау түзеді. Гименофордың пластинкалары бос, ақ немесе сарғыш, еш уақытта қызғылт не қоңыр болмайды – бұл оларды жеуге жарамды шампиньондерден ажыратады. Соралық тозаң – ақ түсті. Қылқанды немесе жапырақты ормандарда өседі. Қазақстанда таулы ормандарда кездеседі.

Әлемде 100 түр белгілі. Қазақстанда 18 түр анықталған, олардың 5 түрі улы және өмірге қауіпті, - A. phalloides, A. pantherina, A. muscaria, A. nitida, A. echinocephala, жеуге жарамдылары – A. caesaria, A. fulva, A. excelsa, т.б.



Аматоксиндер – ақ поганкадан(Amanita phalloides) және галерина(Galerina) туыстасының кейбір түрлерінен бөлініп алынған 5 токсиннің жалпы атауы.

Амебоид (грi. amoibe - өзгеріс) – денесінің қалпын ұстап тұратын қатты қабығы жоқ протоплазма түріндегі вегетативті дене. Төменгі сатыдағы саңырауқұлақтарда және актиномицеттерде кездеседі.

Амебоидті қозғалыс – клеткалар (лейкоциттер) немесе ағзалардың кеңістіктегі бағытталған орын ауыстыруына әкелетін, жалғанаяқтар (псевдоподийлер – клетканың уақытша цитоплазмалық өсінділері) арқылы қозғалуы. Жануарлар, өсімдіктер мен саңырауқұлақтардың арасында кеңінен таралған. Классикалық мысал ретінде амебаның қозғалысын көрсетуге болады.

Амилоидты споралар – қабықшасында амилаза бар споралар. Ол Мейцер реактивінің әсерімен спораларды көк, қоңыр-көк, тіпті қара түске дейін бояуға мүмкіндік береді.

Амилопласттар, крахмал түзушілер – крахмал түзетін түссіз пластидтер (лейкопласттар).

Амитоз (гр. mitos – жіп) – ядро мен цитоплазманың тігінен бөлінуі (плазматомиясыз болуы мүмкін). Ядро бөлініп, цитоплазма бөлінбей қалған жағдайда екі немесе көп ядролы клеткалар түзіледі. 1841ж. Ремарк ашқан.

Аммонификация (лат. fatio – істеймін) – азоты бар органикалық заттардың микроағзалармен (шірінді бактериялар, актиномицеттер, саңырауқұлақтар) ыдыратылуы, мұнда бос аммиак бөлінеді. Топырақты азоттың жақсы сіңірілетін түрлерімен байытады.

Амфи- (гр. amphi – жанында, жан-жақтан) – күрделі сөздердің бөлшегі, сөзге «айнала», «жан-жақтан», «екі мағыналы» дегенге жақын мағына береді.

Амфибионт (гр. amphibia – амфибия, bion – тіршілік ететін) – сулы ортада да, құрлықта да тіршілік етуге бейімделген ағза.

Амфимиксис (гр. mixis – араласу) – жыныс урдісінің қарапайым типі, мұнда жаңа ағза ата-анасының жыныс гаметаларының қосылуы нәтижесінде пайда болады. Саңырауқұлақтарда жыныстық көбеюдің формалары алуан түрлі: оогамия, изогамия, гетерогамия, зигогамия және т.б.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет