Ж.Б. Әбдіқадырова
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Мысыр және Африка мүйізі аймағындағы қарулы қақтығыстар
Мақалада Африка мүйізі аймағындағы қарулы қақтығыстар қарастырылады және Мысыр Араб Республикасының бұл қақтығыстарды реттеуге бағытталған аймақтық саясаты зерделенеді. Мақалада автор бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауды көздейтін Мысырдың аймақтағы дипломатиясына оң баға бере келе, Африка мүйізі аймағы Мысырдың аймақтық сыртқы саясатының маңызды бағыты болып табылады деген қорытындыға келеді.
Түйін сөздер: Мысыр, Африка мүйізі аймағы, қарулы қақтығыстар, қауіпсіздік мәселесі.
ХХ ғ. 90-шы жылдары – ХХI ғ. басында Африка құрлығында бірқатар қарулы қақтығыс реттелді. Алайда қазіргі күні аймақтағы мемлекеттер шиеленіскен даулы мәселелерді әскери қақтығысқа апармауға тырысқанымен, сарапшылардың пікірінше, Мысыр мен Судан, Судан мен Эритрея, Судан мен Чад, Либия мен Алжир, Сауд Арабиясы мен Йемен, Марокко мен Алжир арасында шекарадағы қарулы қақтығыстардың өршуін толығымен жоққа шығаруға болмайды [1].
Мысыр басшылығы африкалық құрлықта аймақтық қақтығыстарды реттеу мақсатында белсенді дипломатиялық талпыныстар жасауда. Делдал ретінде және Африканың «от нүктелеріндегі» қақтығыстарды реттеу бойынша көптеген бастамалардың авторы бола тұра, Мысыр халықаралық аренада бітімгерлік рөл ойнауды, сапалы дипломатиялық әлеуеті бар екенін көрсетуге және сонымен бір уақытта көрші елдерде саяси тұрақтылық орнауына қол жеткізуді көздейді. Бұл тұста Мысырдың аталмыш кезеңдегі аймақтық сыртқы саясатының африкалық бағытында Африка мүйізі (Эфиопия, Эритрея, Джибути, Сомали) аймағындағы қарулы қақтығыстарды реттеу мәселесі ерекше орын алып келеді.
1996 жылдың сәуір айында Мысырдың бастамасымен Африканың 53 елінің 49 мемлекеті Африка құрлығын ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Құжат ядролық қаруды өндіруге, сақтауға және сынауға, сондай-ақ ядролық қалдықтарды жерге көмуге тыйым салуды қарастырды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – Ресей, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Франция және Қытай келісім-шарт орындалуының кепілдеушілері болды. Бұл оқиғаға байланысты сөйлеген сөзінде Мысырдың сыртқы істер министрі Амр Мұса Израильді «осындай қадам жасауға және ядролық қаруды таратпау туралы келісім-шартқа қосылуға, Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақты құруға алып келетін қадамдар арқылы араб көршілерімен жақындасуға» шақырды. Мысыр негізгі сыртқы саяси мәселелер, бастысы таяу шығыстық реттеу, ирақ мәселесі және Судан төңірегіндегі жағдай бойынша өз ұстынымын нығайту үшін африкалық ұйымдарды пайдалануға талпынады.
Мысыр «алдымен барлық қақтығыстарды тоқтатып, континенттің барлық мемлекеттері үшін ортақ қауіпті анықтау қажет, содан кейін ғана бірыңғай армия құру керек» деп есептеп, бірыңғай африкалық армия құру идеясына қарсы. Бірыңғай африкалық армия құру туралы Либияның Африкалық Одақтың Сирттегі саммитінде жасаған ұсынысы Мысырдың ғана емес, көптеген басқа да африкалық мемлекттердің қолдауын таппады. Самммиттің қорытынды құжатына континент мемлекеттерінің қақтығыстарды тоқтату үшін қақтығыс аймақтарына шұғыл түрде жөнелтілетін жедел әрекет ететін күштерді құру ниеті жайлы бап кірді. 2004 жылдың қыркүйегінде Мысыр Оңтүстік Африка Республикасында өткен құрлықта жедел әрекет ететін күштерді құруға дайындық бойынша бағдарламаның бөлігі болған «Әуе-десанттық Африка» халықаралық әскери жаттығуларға қатысты.
Каир Африка мүйізі аймағына зор назарын аударады. XX-XXI ғасырлар тоғысында бұл аймақта өршіген этникааралық, конфессияаралық және мемлекетаралық қақтығыстар аймақты мысырлық билік үшін қауіп объектісіне айналдырды. Осыған байланысты Мысыр Араб Республикасы (МАР) өршіген қақтығыстарды реттеу және жаңа қақтығыстарды болдырмау мақсатында аталмыш аймақтағы өз дипломатиясын жандандырды. Осылайша, 1996 жылы Мысыр 1995 жылдың желтоқсанында бұрқ ете түскен Йемен мен Эритрея арасындағы шекаралық қақтығысты реттеуде өз делдалдық әрекеттерін іске асырды. Нәтижесінде тараптардың дауды Гаагадағы Халықаралық арбитражды трибунал арқылы шешуге келіскендері Каирдың табысты дипломатиясының жемісі болды.
Осындай сәтті бітімгерлік саясатының арқасында Мысыр халықаралық аренада сенім мен құрмет артуға болатын ел ретінде қалыптасып үлгерді. Жалпы Каирдың Батыспен жағымды қарым-қатынастарын және «пирамидалар елінің» зор зиятты әлеуетін ескере келе, Батыста талай рет Мысыр – Оңтүстік-Шығыс Азияның кейбір елдерін сияқты жылдам және жарқын өрлеу күтіп тұрған болашақ «Ніл жолбарысы» деген пікірлер айтылуда [2]. Бұрынғы Мысыр президенті Хосни Мүбарактың өзін қолында зор саяси биліктен басқа, Араб Шығысындағы ең мықты армия шоғырланған перғауынмен жиі салыстырды.
Азия және Африканың торабында орналасқан Мысыр әрқашан оны қоршаған елдер арасында ерекше орынға ие болды. Жағрафиялық тұрғыда Мысыр тағы үшінші құрлықпен – «оның табалдырығында жатқан» Еуропамен де байланысқан [3]. Жалпы, қазіргі кездегі Мысырдың аймақтағы рөлін мойындамасқа болмайды. Оның үстіне «... Мысырға қатысты мәселелер Таяу Шығыстың тиесілі мәселелерімен өзара байланыста ғана қарастырылуы мүмкін. Мысыр батыста Мароккодан Иранға дейін, ал кейбір тұстарда тіпті шығыста Пәкістанға дейін созылған қақпаның басты тасы болып табылады. Бұл ауданның бір бөлігіндегі кез келген оқиға оның басқа да бөліктеріне әсер етеді» [4, 415 б.]. Шынында, МАР Таяу Шығыстың геосаяси кеңістігіндегі соғыс пен бейбітшілік «кілтінің сақтаушысы» болып есептеледі. Себебі мысырлық саясаттың кез келген қимылы аймақтық күштер тепе-теңдігін және аймақтағы қауіпсіздік жағдайын өзгертуі мүмкін [5, 4 б.].
Ресейдегі Африка Институтының зерттеушісі Э.А. Шауро Африка мүйізі елдері қоғамының әлеуметтік-мәдени өміріндегі исламның шешуші (Сомали мен Джибутиде) немесе маңызды (Эфиопия мен Эритреяда) рөлін ескертеді. Аймақтағы ислам факторының басым рөлінің дәлелі ретінде автор VII-VIII ғасырлардан тарихи дәйектер келтіреді. Бұл уақыттан бастап арабтар әуелі б.з. IV ғ. христиандық тараған Қызыл теңіз жағалауында өз ұтанымдарын нығайта бастайды [6, 3-4 бб.]. Және де Мысыр өзінің Африка мүйізі елдерімен қатынастарында бұл дау тудырмайтын дәйекті пайдаланып келеді. МАР көршілес жатқан африкалық елдерде этникаарлық алауыздықтар мен басқа да мемлекетаралық қақтығыстарға тартылмаған байсалды тәртіптер болғанына мүдделі. Оған қоса бұл тәртіптердің арабтық бағытты жақтаушы, ислами негіздегі, сондай-ақ Африкадағы арабтардың көшбасшысы – Мысырмен тығыз ынтымақтастыққа дайын тәртіптер болғандығын көздейді. Каирдың мұндай ұстанымы көп жағдайда Мысырдың ішкі қауіпсіздігінің ислам радикализмі мен онымен тығыз байланыстағы халықаралық лаңкестік сияқты қауіптерін жою, халықты ауыз сумен және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері қажеттілігінен туындайды.
Африка мүйізі аймағындағы африкалық мемлекеттер де Мысырмен тығыз қатынастар орнатуға мүдделі. Эфиопиямен шекара қақтығысы аяқталғаннан кейін Эритреяның шет елдермен саяси және экономикалық ынтымақтастыққа ұмтылу беталыстары байқалды. 2002 жылдың өзінде-ақ Эритрея президенті Исайяс Афеворки Каирге сапары кезінде МАР президенті Хосни Мүбаракпен және Араб Мемлекеттері Лигасының (АМЛ) басшылығымен болған келіссөздерінде Эритреяның «тарихи және жағрафиялық тұрғыда араб елі болып табылатындығын» мәлімдеді. 2003 жылдың қаңтарында Эритрея АМЛ-ге бұл ұйымда оған тұрақты бақылаушы мәртебесін беру туралы өтінішін білдірді. Себебі Эритреяның Мысырмен саяси ынтымақтастығы АМЛ шеңберінде беки түсер еді. Ал 2003 жылы ақпан айының аяғында Мысыр және Эритреяның балық шаруашылығы министрліктерінің арасында балық ресурстарын дамыту, теңіз өнімдерін сату және эритреялық балық аулау флотына техникалық персоналды дайындау салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды [7, 70 б.].
Африка мүйізі аймағындағы қарулы қақтығыстарды реттеуге бағытталған Х. Мүбарактың бастамалары Мысырдың келесі президенті Мұхамет Мүрсидің саясатында жалғасын тапты. Осылайша, Мысырдың бұрынғы президенті М. Мүрсидің АҚШ-қа алғашқы сапары кезінде 2012 жылы 26 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде: «Сомали халқының Нассан Шейх Мұхаметті ел президенті ретінде сайлауы елдің күрделі өтпелі кезеңінің табысы болды. Бұл оқиға ел бірлігі мен тұрақтылығына қарай оң қадам болып табылады. Мен бұл Ассамблеяның барлық мүшелерін тұрақтылыққа, мемлекеттік институттарды қайта құруға, сомали халқының жақсы болашаққа ұмтылуын іске асыруға қол жеткізуді көздейтін әрекеттеріне қарсы әрекет етуге талпынғандармен күресінде Сомали Үкіметінің талпыныстарын қолдауға шақырамын», ـ деп мәлімдеді. [8].
Осылайша, бүгінгі кезеңде Мысыр сыртқы саясатының стратегиялық міндетіне елдің Араб әлеміндегі жетекшілігін біртіндеп орнату және аймақта МАР ұстанымдарын саяси және экономикалық тұрғыда нығайту жатқызылады. Оның ішінде Каирдің Африкадағы маңызды мақсатына аймақтағы қарулы қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу жатады. Сол себепті Мысырда ұлттық қауіпсіздік концепциясын қалыптастыру кезінде Африка мүйізі аймағының елдеріне ерекше рөл беріледі. Демек, қорытындылай келгенде, Африка мүйізі аймағы Мысырдың аймақтық сыртқы саясатының маңызды бағыты болып табылады.
Әдебиеттер
1. Приложение. О возможных войнах и вооруженных конфликтах на Ближнем Востоке и в Северной Африке // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (23-29 октября 2006 года) // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/ 30-10-06a.htm
2. Мамед-заде П.Н. Религиозный фактор и международный имидж Египта // http://www.iimes.ru/rus/frame_stat.html
3. Щенников В.Ф. Египет снова претендует на лидерство в установлении мира на Ближнем Востоке // http://www.iimes.ru/rus/frame_stat.html
4. Исави Ш. Египет в середине ХХ века (Экономический обзор). – М.: Издательность иностранной литературы, 1958. – 440 с.
5. Юрченко В.П. Египет: проблемы национальной безопасности (1952-2002 гг.). – М.: ИИИБВ, 2003. – 312 с.
6. Шауро Э.А. Ислам в современной политической жизни стран Африканского Рога. (Заметки социолога) // Африканский калейдоскоп. Ученые записки Института Африки РАН. Выпуск 27. – М., 2005. – С. 3-14.
7. Шауро Э.А. Эритрея: справочник. – М.: Восточная литература, 2005. – 118 с.
8. Выступление Мохаммеда Мурси перед Генеральной Ассамблеей ООН, 26 сентября 2012 г. во время его первого визита в Соединенные Штаты в качестве президента Египта // http://constitutions.ru/archives/8249
Zh.B. Abdikadyrova
Egypt and armed conflicts in the Horn of Africa
The armed conflicts in the Horn of Africa and the regional policy of the Arab Republic of Egypt to resolve these conflicts are considered in the article. The author appreciates the Egyptian peace initiatives in the region and comes to the conclusion that the Horn of Africa region is an important direction of the regional foreign policy of Egypt.
Key words: Egypt, the Horn of Africa region, armed conflicts, the problem of security.
Ж.Б. Абдикадырова
Египет и вооруженные конфликты в регионе Африканского Рога
В статье рассматриваются вооруженные конфликты в регионе Африканского Рога и исследуется региональная политика Арабской Республики Египет по урегулированию конфликтов. В статье автор дает высокую оценку египетским мирным инициативам в регионе и приходит к выводу, что зона Африканского Рога является важным направлением региональной внешней политики Египта.
Ключевые слова: Египет, регион Африканского Рога, вооруженные конфликты, проблемы безопасности.
Достарыңызбен бөлісу: |