ӘОЖ.903/904(574) (092) Қолжазба құқығында
Үмітқалиев Ұлан Үмітқалиұлы
Ә.М. Оразбаевтың Қазақстан археологиясына қосқан үлесі
07.00.06 _ археология
Тарих ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Диссертациялық жұмыс әл-Фараби-атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих факультеті, археология және этнология кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекшісі:
|
тарих ғылымдарының докторы,
профессор Ә.Т. Төлеубаев
|
Ресми оппоненттер:
|
тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Ж. Жолдасбаев
тарих ғылымдарының кандидаты,
доцент Д.Талеев
|
Жетекші ұйым:
|
ҚР БҒМ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
|
Диссертация 2010 жылы «29» қазан сағат 14.00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жанындағы тарих ғылымының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Автореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Жұмыс Қазақстан археологиясының көш басында тұрған, қазақтардың арасындағы археология саласында ең бірінші кәсіби білім алған, жеріміздің көне дәуір ескерткіштерін зерттеуде көп еңбек еткен ғалым, ұстаз Әбдіманап Медеуұлы Оразбаевтың археология ғылымына қоскан үлесіне арналады. Ә.М. Оразбаевтың шыққан тегі, өскен ортасы, маман, ғалым, ұстаз болып қалыптасу жолы, оның Қазақстанның қола, ерте темір дәуірі ескерткіштерін зертеудегі ғылыми жетістіктері, археолог мамандардың бірнеше ұрпағын дайындап тәрбиелеудегі орны – сол кезеңдегі және бүгінгі таңдағы ғылым, білім деңгейі, өресі тұрғысынан баяндалып сараланады.
Тақырыптың өзектілігі. Егемендігіміздің еркіндігі арқасында соңғы жылдары Қазақстан тарих ғылымына кезінде өз үлестерін қосқан белгілі тарихшыларымыз Б.С. Сүлейменов, Р.Б. Сүлейменов, А.Н. Нүсіпбеков, Ә.Х. Марғұлан, К.А. Ақышев, М.С. Мұқанов, т.б. туралы арнаулы ғылыми жұмыстар жазылды, кейбіреулері енді зерттеліп жатыр. Жалпы бұндай ізденістер – белгілі ғалымдардың ғұмырнамасын, олардың тарих ғылымындағы қосқан үлестерін саралап бағалау – ғылым саласының әр кездегі жеткен жетістігін, деңгейін, кемшіліктерін бағамдап отыруға мүмкіндік береді, сол арқылы жаңа ғылыми мақсаттар, міндеттер қойылады.
Тарихи тұлға өмірі мен қызметін зерттеу тарих ғылымының ерекше жанры және құрамдас бөлігі. Тұлғаның өмірбаяны тарих ғылымының даму үрдістері арқылы берілуі осы жанрдың негізгі ерекшелігі болып табылады. Мұндай жұмыстардың маңызды тәрбиелік ролі бар. Оразбаев сияқты ғалымның ғылыми өмір жолын зерттеу болашақ археолог жастарға оның үлгілі жолын көрсетуде маңызды шаруа болумен қатар, жалпы археология ғылымының романтикасымен қатар үлкен бейнеттің, ұлттың көне, ортағасырлық тарихын ашудағы маңыздылығымен байланысты. Көне дәуірлердің археологиялық мұраларын зерттеумен қатар, Ә.М. Оразбаев археолог мамандарды дайындауға және өз мектебін қалыптастыруда үлкен қызмет атқарды. Нәтижесінде тарих, археология саласында ірі ғалымдар шоғырын қалыптастырды. Олар қазіргі таңда еліміздің жоғарғы оқу орындарында, республиканың ғылыми зерттеу мекемелерінде табысты ғылыми және оқытушылық қызметтер атқаруда. Ғалымның бұл еңбегі де қазіргі Қазақстан ғылымының дамуы мен қалыптасуын көрсетумен бірге ғылымдағы өзекті проблемаларды шешудегі зерттеулерін ашып береді.
Бүгінгі таңда тарих ғылымының салаларының ішінде археологияның маңызы ерекше артып келе жатқандығын мойындамасқа болмайды. Оған дәлел соңғы жылдардағы археологияға деген мемлекеттік көзқарастың ерекше болуы. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының ең қомақты бөлігі археологияға арналған, егемендік алғаннан бері осы салада жоғары білікті мамандар дайындауға да ерекше көңіл бөлінуде.
Зерттеуімізге арқау болып отырған тұлға Ә.М. Оразбаевтың азамат, ғалым болып қалыптасу жолындағы тағдыр талайына байланысты ғалымның шәкірттерінің бірі Ә.Т. Төлеубаев былай деп жазады: «Кеңестік сұрапылдың қара дауылы тек ғылымда ғана өз әсерін тигізіп қана қойған жоқ, бұрынғы жақсылардың ұрпағын қырып – жойды, тентіретті, тіпті тарыдай шашып жіберді. Оның бір дәлелі қазақтың маңдай алды екі археологы Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев пен Кемал Ақышевтың тағдыры. Біреуі арғын, тобықтыдан шыққан атақты Оразбайдың ұрпағы болса, екіншісі атақты Шорманның Мұстапасының ұрпағы. Екеуі де сол үшін ашық та, жасырын қуғындауды көп көрді. Осы кісілердің сол уақыттағы аға халықтың өкілдерінен әйел таңдауының өзі бір жағынан бас сауғалаудың бір шарасы ма деп ойлайсың?!».
Ә.М. Оразбаевтың ғылымға осындай қиын қыстау кезеңде келіп, ұлт мүддесі үшін бір ауыз сөз сөйлеудің өзі мұң болған заманда жұмыс жасап, сапалы да салмақты ғылыми еңбектер қалдырды. Ғалым өз зерттеулерінде ғылыми еңбектің санына емес сапасына мән бере отырып, ғылыми мұраның терең сараптамалық, жүйелілік жағын назарда ұстады. Зерттеулерінде археологиялық қазба деректердің баламасын, арғы тегін халқымыздың тамыры тереңде жатқан бай этнографиясынан таба білді. Ғылыми еңбектерінің жарыққа шыққанынан шықпағаны көп екенін ескерсек, алдағы уақытта көне тарихымыздың ақтаңдақ беттері сол жұмыстар арқылы толыға түсері сөзсіз. Ғалымның Отан тарихына қатысты көптеген археологиялық қазба деректері уақытында жарыққа шыққан жоқ. Бірақ сол еңбектерді жарыққа шығарар шәкірттері бар екеніне сеніп, ғұмыр бойы тірнектеп жинаған далалық материалын қаттап жинап кетті. Бүгінгі күні Ә.М. Оразбаевтың ғылыми мұралары жинақталып, терең сарапталып жарыққа шығуда. Ә.М. Оразбаевтың жарыққа шықпаған еңбектеріндегі кейбір материалдар, тұжырымдар уақыт талабына қарай жаңа деректермен, тың көзқарастармен толықтырылуы арқылы Қазақстан археологиясының өзекті мәселелерін шешуге септігін тигізері анық.
Қазақстан археологиясының негізгі жетістіктерінің бірі қола және ерте темір дәуірлерінің қоныстарын, жерлеу ескерткіштері мен ғұрыптық орындарын, сондай ақ ортағасырлық ескерткіштер мен қатар ежелгі қазақ архитектуралық ескерткіштерін зерттеу болды. Олар Қазақстан жерінде ежелгі дәуірде, орта ғасырларда қалыптасқан өркениеттердің шынайы тарихын ашуға мүмкіндік жасады.
Ә.М. Оразбаевтың ғылыми еңбектерін зерттеу барысында сол кездегі еліміздегі археология ғылымының дамуы, қалыптасуы, қола, ерте темір дәуірі кезеңдеріне байланысты туындаған ғылыми проблемалар, оларды шешу мақсатындағы ғылыми тәсілдер, көзқарастарды да қарастырамыз. Бүгінгі таңда да қола және ерте темір дәуірлерін зерттеуші кез келген ғалым Ә.М. Оразбаевтың фактологиялық жағынан өте шынайы, дәл материалдарына, терең ой тұжырымдарға толы еңбектеріне соқпай кете алмайды.
Бүгінгі таңда Қазақстан және онымен көрші аймақтарды қола дәуірінде мекендеген тарихи-мәдени, этникалық бірлестіктер, жергілікті археологиялық мәдениеттер, мезгілін, мәдени атрибуциясын анықтаушы тірек ескерткіштер, сатылық кезеңдер, олардың хронологиялық шектері, т.б. мәселелер бойынша біршама жұмыстар жасалғанымен, әлі дүдамал немесе жаңа материалдар негізінде қайта қарастыруды қажет етіп отырған мәселелер жеткілікті. Бұндай мәселелер Қазақстан аумағындағы ерте темір дәуіріне жататын ескерткіштерді зерттеуге байланысты да көптеп саналады. Осы мәселелердің көпшілігіне Ә.М. Оразбаев та өз кезінде пікірін білдірген, сонымен қатар ол кейбір ғылыми көзқарастарды қалыптастыруға тікелей қатысқан ғалымның бірі. Қазіргі уақыттың өзінде андронов мәдениетінің өзекті проблемаларының бірі феодоров мәдениетіне қатысты екенін айта кетуіміз керек. Сонымен бірге ғалымның соңғы қола дәуірінің ескерткіштерінің мәдени атрибуциясына, олардың жалпы қола дәуірі ескерткіштерінің жүйесіндегі алатын орнына, хронологиялық шеңберіне, таралған ареалдарына байланысты пікірлерін қазіргі зерттеушілердің көпшілігі «уақыттан оза айтылған пікірлер» деп бағалап жүр.
Ә.М. Оразбаевтың археология ғылымында тағы бір бағаланатын қыры қазба жұмыстарында өте ыждахаттылық пен тазалықты талап ете отырып, немқұрайлылық пен жүрдім бардымдылық жол бермеуі. Ғалымның мұндай жетістігіне қола дәуірінің аса көрнекті маманы М.П. Грязновтың археологиялық қазба мектебінен өткендігі болса керек. Ә.М. Оразбаевтың кәсіби деңгейдегі зерттеулерінің өзі археология ғылымы саласында үлгі тұтуға тұрарлық екенін айта келе, далалық қазба жұмыстарының өте жоғары дәрежеде жүргізілуі қазіргі жаңа технологиялар заманында өзекті болып отыр.
XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың басы археология ғылымының тарихы мен әдіснамасында соны жаңалықтар, сындарлы қорытындылар жасау кезеңі болды. Археология ғылымындағы жекелеген мәдени-хронологиялық дәуірлерге, аймақтарға арналған монографиялар, мақалалар жарық көрді. Қазақстан археологиясы жабық құбылыс емес, оны әрдайым Еуразия даласының тарихынан бөліп қарау мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан археологиясының даму жолы және оның қалыптасуы мен негізгі бағыттарын анықтауда айрықша орны бар тұлғалардың өмірі мен қызметі өзекті мәселе болып қала бермек.
Зерттеу жұмысының тарихнамасы. Ә.М. Оразбаевтың өмірі, ғылыми шығармашылық қызметі жөнінде жарық көрген еңбектерді екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бұл еңбектер негізінен біріншіден, шәкірттері тарапынан жазылған естеліктер болса, екінші топқа ғалым еңбектеріне берілген пікірлерді жатқызамыз. Ә.М. Оразбаевтың өмірі, ғылыми шығармашылығы мен ұстаздығы жайлы алғашқы мақалалар ғалымның шәкірті Ә.Т. Төлеубаевтың ынта-жігерімен 90-шы жылдардан бастап жазыла бастады. Ә.Т. Төлеубаевтың ғалымға арнаған кең көлемді мақаласында өмірі мен қызметіне және ұстаздық, ғалымдық зерттеулеріне қатысты кең көлемді мәлімет беретін алғашқы еңбек деуге тұрарлық [1, с. 4]. Осы мақаладан кейін шәкірттері атынан Ғ.Қ. Омаровтың [2, 122-129-бб], М. Елеуовтың [3, 15-18-бб], А. Тоқтабайдың [4, 21-23-бб], Г.Н. Балтабаеваның [5, с. 18-21] мақалалары жарық көрді. Осы мақаладан кейін шәкірттері атынан Ғ.Қ. Омаровтың, Е. Бияровтың мақалалары жарық көрді. Ғалымның ашылмаған қырлары мен мұрағат деректеріндегі материалдар негізінде Алматы қалалық мұрағатының қызметкері Р. Жасынованың «Археолог ғалым Ә.М. Оразбаев» атты мақаласы жарық көрді (Алматы ақшамы 10 наурыз 1997 жыл).
Ә.М. Оразбаевтың қола дәуіріне қатысты зерттеулері, әсіресе соңғы қола дәуірі мәселелеріне арналған еңбектері А.З. Бейсеновтың, Ж.Қ. Құрманқұловтың, В.В. Варфоломеевтың және Ресей ғалымдары В.И. Стефанов, О.Н. Корочковалардың еңбектерінде жоғары бағаға ие болды. Ғалымның өмірбаяны мен ғылыми еңбектері туралы мақалалар мен естеліктер әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті ғалымдары ұйымдастыруымен 2009 жылы өткен «2-Оразбаев оқулары» ғылыми конференциясының материалдары жинағында да жарық көрді. Аталған естелік мақалалар мен зерттеу еңбектердегі шолу, атүсті қысқа пікірлер Ә.М. Оразбаевтың өмірі мен ғылыми-педагогикалық мұрасын зерттеудің тек бастамасы ғана деп білеміз. Ә.М.Оразбаев сияқты ғалымның, үлкен ұстаздың ғылыми мұрасын, педагогикалық қызметін сипаттап жазу, жан-жақты талдау археологтардың бүгінгі ұрпағының міндеті деп білеміз.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Бұл диссертацияның негізгі мақсаты археолог ғалым, жоғарғы мектептің көп жылғы ұстазы Ә.М. Оразбаевтың Қазақстан археология ғылымы мен білімінің қалыптасып дамуына қосқан үлесін, оның елу жылдық ғылыми-педагогикалық ғұмырын сипаттап жазып, саралап бағалау арқылы көрсету. Ә.М. Оразбаевтың ғылыми тұлғасын зерттеу оның Қазақстан археологиясындағы орнын ғана ашып қоймайды, сонымен қатар сол кезеңдегі археология ғылымының алдындағы проблемаларды және солардың шешу жолдарын көрсетеді. Аталған мақсатқа жету үшін зерттеуде мынадай міндеттер қойылды:
– Ә.М. Оразбаевтың тұлға, қазаққа белгілі үлкен бір әулеттің ұрпағы ретіндегі әлеуметтік-қоғамдық ортасын қалпына келтіру, оның тағдыр талайындағы өмір кезеңдерін анықтау – сол арқылы оның өмірге, қоғамға, ғылымға деген көзқарасын, ұстанымдарын анықтау;
– Ә.М. Оразбаевтың Қазақстан археологиясы ғылымының қалыптасуындағы орнын анықтау. Отандық археология тарихындағы кезеңдерді саралау және оны ғалымның ғылыми шығармашылығымен байланыстыру;
– Ә.М. Оразбаевтың Қазақстанның жоғарғы білім беру саласындағы қызметін сипаттап жазу, оның археолог, этнограф мамандарды дайындаудағы орнын ашып көрсету;
– Ә.М. Оразбаевтың еңбектеріндегі ғылыми мәселелерді жіктеу, анықтау және олардың шешу жолдарын көрсету;
– Ғалымның Қазақстанның қола дәуіріне байланысты еңбектерін саралап бағалау, осы саладағы бүгінгі жаңалықтар, жаңа көзқарастар, пайымдаулар тұрғысында ғалым еңбектерінің қолданылуы, қолдаушылығы немесе теріске шығушылығы мәселесін зерттеу;
– Ғалымның еңбектеріндегі көне қоныстар мен үйлердің зерттеуіне, олардың жаңғыртпаларының жасалуының ғылыми негізділігі мен дәлдігіне тоқталу, маңызын ашу;
– Ә.М. Оразбаев еңбектеріндегі көне дәуір жәдігерлеріне жасалған этнографиялық заман салыстыруларының негізділігін және бұл тәсілдің мәдени генезис мәселесін анықтаудағы орнын ашып көрсету;
– Ғалымның ерте темір дәуіріне байланысты зерттеулерін саралау, мұртты обалардың архитектурасына байланысты, Орталық, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан өңірлеріндегі сақ, үйсін, қаңлы ескерткіштеріндегі қазба жұмыстарының нәтижелерін ашып көрсету;
– Ә.М. Оразбаевтың профессор У.Х. Шалекенов т.б. ғалымдармен бірге Ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласында жүргізген зерттеу жұмыстарының кейбір қорытындыларын анықтау;
– Ә.М. Оразбаевтың әр уақыттардағы Қазақстанның барлық өңірлерінде жүргізген зерттеулерінің әлі жарыққа шықпаған мұрағаттық деректерін ғылыми сараптау, жарыққа шығаруға ат салысу;
Алғашқы рет Ә.М. Оразбаевтың Қазақстан археологиясының қалыптасуы мен дамуындағы қызметі жайлы жекелеген зерттеу жұмысы осы еңбектің жаңашылдығы болып табылады. Ғалымның ғылыми мұрасындағы негізгі теориялық мәселелер, ғылыми концепциялар, көзқарас эволюциясы, негізгі мәселелердің сипаты мен шешу жолдары мен ерекшеліктері де қарастырылады. Ғалымның қола және ерте темір дәуірлерінің ескерткіштері бойынша жиналған, кезінде үлкен күш-жігер, мол мемлекеттік қаражат жұмсалған, бірақ жарияланбай қалған қазбалар материалын ғылыми айналымға енгізбекшіміз.
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Ә.М. Оразбаевтың қызметін зерттеуде маңызды дерек – ғалымның қаламынан туған жеке ғылыми еңбектері. Сонымен бірге жұмыстың деректемелік негізін мұрағаттық материалдар құрайды. Олар бірнеше мұрағаттарда сақтаулы. Атап айтатын болсақ, Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми мұрағатындағы 1948-1969 жылдар аралығындағы археологиялық экспедициялардың материалдары, Алматы қалалық Мемлекеттік Орталық мұрағатының № 282 қор, 47 іс сақталған ғалымның жеке қоры, өзі ұзақ жылдар ұстаздық еткен әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің мұрағатында сақтаулы жеке басына қатысты құжаттар мен ғалымның университет қабырғасында жүргізген археологиялық зерттеулерінің деректері пайдаланылды.
Ғалымға қатысты мағлұматтарды былай топтастырғанды жөн көрдік:
-
ғылыми еңбектері, мақалалары, олардың қолжазба нұсқалары, қазба жұмыстарының дала күнделіктері мен сызбалары және оларға арналған тезистік деректер;
-
өмірбаяндық сипаттағы деректер өзі жазған өмірбаяндары, әртүрлі мінездемелері, жеке құжаттары, дала күнделіктері, ғылыми еңбектерінің тізімдері, ғылыми қызметі туралы пікірлер, құрмет қағаздары, құттықтаулар, естеліктер;
-
Ә.М. Оразбаевтың жазған хаттары мен оған жазылған хаттар. Ғалымның тұлға ретінде бейнесін жасау үшін және ғылыми тұжырымдарына баға беруде М.П. Грязнов, М.Н. Комарова, Ф.Х. Арсланова, Э. Шарифидинова, Г.Б. Зданович, А.С. Загородный және тағы да басқа ғалымдармен алысқан хаттар және олардың естеліктері бірегей дерек болып табылады.
Сонымен қатар ғалымның әріптестері У.Х. Шалекенов, О. Смағұлов және шәкірттері Ә.Т. Төлеубаев, М.Е. Елеуов, Ж.Қ. Таймағанбетов, Б.К. Қалшабаева, А. Тоқтабай, Ғ.Қ. Омаров, Ж. Жетібаевтардың естеліктері, әңгімелері Ә.М. Оразбаевтың ғалымдық, ұстаздық, адамгершілік бейнесін тануға үлкен септігін тигізді.
Сонымен бірге ғылыми зерттеу жұмысымызда Ә.М. Оразбаев және оның ғылыми еңбектері жөніндегі пайымдауларды, пікірлерді, бағалауларды қола дәуірінің зерттеушілері М.П. Грязнов, С.А. Теплоухов, Ә.Х. Марғұлан, С.С. Черников, О.А. Кривцова-Гракова, К.В. Сальников, К.А. Ақышев, Э.Ф. Федорова-Давыдова, М.Ф. Косарев, М.Г. Мошкова, В.С. Стоколос, Г.Б. Зданович, Т.М. Потемкина, Н.А. Аванесова, Ж.Қ. Құрманқұлов, А.З. Бейсенов, В.В. Варфоломеев, В.В. Евдокимов, А.А. Ткачев, Н.А. Ткачева, В.И. Стефанов, О.Н. Корочкова сынды ғалымдардың еңбектерінен де алдық.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі. Зерттеу жұмысының методологиялық негізін тұлғатану саласында еңбектері бар белгілі ғалымдарымыз М.Х. Асылбеков, С.Ф. Мәжитов, М.Қ. Қойгелдиев, т.б. еңбектеріндегі тарихи тұлғаға, оның еңбектеріне сол заманның тұрғысында баға беру, сол тұлға өмір сүрген кезеңдегі объективті, субъективті жағдайларды ескеру сияқты қағидаларды басшылыққа алдық. Сонымен қатар, Ә.М. Оразбаевтың ғылыми еңбектерінің мазмұнына баға беруде, оның зерттеу тәсілдерін саралауда археология ғылымындағы үлкен методологтар Жан-Клод Гарденнің, А.С. Клейннің, В.Ф. Генингтің, А.В. Арциховскийдің, т.б. методологиялық еңбектеріне сүйендік.
Зерттеуде жеке тұлғалардың өмірбаянын хронологиялық бірізділікпен баяндап, оның азамат, ғалым ретіндегі қалыптасуына тарихи жағдайлардың, өскен ортаның, ғылыми мектептің қаншалықты әсері болғандығын анықтау үшін эмпирикалық материалдарды салыстыра зерттеу, анализ жасау, синтездеу тәсілдері қолданылды. Жоғарыда аталған әдістерді қолдану деректік қорға негізделіп жүргізілген зерттеудің ғылыми шынайылығына кепілдік береді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ә.М. Оразбаевтың ғылыми өмір жолын зерттей келе біз Қазақстан археологиясының қалыптасуын анықтаймыз. Сондай ғалымның өмірі, ғылыми жолымен сол кезеңдегі КСРО және Қазақстан археология ғылымының біртұтас ұрпағының ғылымдағы атқарған істері, сол кезеңдегі археологиядағы теориялық ұстанымдар, көзқарастар, мектептердің даму үрдісі, археологиялық кезеңдеулер, мәдени атрибуциялар т.т. байланысты. Ғалым зерттеулерінің нәтижесін, оның ғылыми көзқарастарын талдау онымен бір заманда өмір сүрген ғалымдардың пікірлерін, концепцияларын қарастыруды қажет етті.
Зерттеудің осы негізгі ғылыми жаңалығы арқасында төмендегідей тарихнамалық жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылдық:
-
Ә.М. Оразбаевтың өмір жолы, маман археолог ретінде қалыптасуы анықталды;
-
Ғалымның ғылыми-ұйымдастырушылық, педагогикалық және қоғамдық қызметі баяндалды;
-
Ғалымның Отандық археологиядағы қола дәуірін зерттеуге қосқан үлесі, ғылыми тұжырымдарының құндылығы, нақтылығының деңгейі анықталды;
-
Қазақстан археологиясында қазіргі таңда өзекті мәселеге айналған «соңғы қола дәуірі» проблемасына қатысты Ә.М. Оразбаевтың зерттеулерінің кәсіби деңгейі мен теңдессіз құндылығына баға берілді;
-
Ә.М. Оразбаевтың көне дәуірлердің ескерткіштеріне жасаған жаңғыртпаларының ғылыми шынайылығы мен алғашқы жұмыстар екендігіне баға берілді;
-
Ә.М. Оразбаевтың зерттеулеріндегі этноархеологиялық сабақтастық мәселелері сараланып, ол тұжырымдардың қазақ халқының этногенезін анықтауда өзекті, әрі тұңғыш жұмыстар екендігіне жан жақты талдау жасалынды;
-
Ғалымның ерте темір дәуіріне қатысты Шығыс, Орталық, Оңтүстік Қазақстан өңірлеріндегі зерттеулеріне, жасаған қорытындыларына баға беріліп топтастырылды;
Жұмыстың басты нәтижелерінің бірі археолог-ғалымның жоғары кәсіби деңгейі мен табиғи талантының нәтижесінде археология ғылымына ықпалын көрсете отыра, оның біртуар бейнесіне, ғылыми мұрасына жалпы адамзаттық, объективтілік тұрғысынан баға берілді.
Зерттеу жұмысының қолданыстық маңызы. Жұмыстың басты нәтижелері мен тұжырымдарын отандық археология ғылымының тарихы, даму мәселелері және интелегенция тарихы бойынша қорытынды еңбектер жазғанда қолдануға болады. Сондай ақ тарихымыздың көне кезеңдерінің, әсіресе қола және ерте темір дәуірлерінің кезеңдемесі мен ескерткіштердің архитектуралық құрылымының жаңғыртпасын жасауда, этногенез мәселесінде, жоғарғы оқу орындарында оқытылатын арнаулы курстарда пайдалануға болады деп есептейміз.
Зерттеудің сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыстың басты мәселелері мен негізгі қорытындылары бойынша жеке және бірлексен авторлықтағы 15 ғылыми мақала жарық көрді. Оның ішінде 4 мақала ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ұсынған басылымдарында жарияланды. Жалпы Қазақстан археологиясының зерттеу мәселелері бойынша 29 ғылыми мақала шықты.
Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, 3 бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған деректердің тізімінен тұрады. Жалпы көлемі 124 баспа бетінен және 38 бет қосымшадан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі, жұмыстың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, әдістемелік негіздері, мерзімдік ауқымы, практикалық маңызы және қорғауға ұсынылатын басты тұжырымдары берілген.
«Ә.М. Оразбаевтың өмірі мен қызметі» атты бірінші тарауда ғалымның шыққан ортасы, білім алу кезеңдері, Ұлы Отан соғысына қатысуы мен ерліктері оның болашақ ғалымдығы, ғылыми жетістіктері тақырыбымен байланыстырылып сипатталады.
«Өскен ортасы» тақырыбындағы 1.1 тараушада Ә.М. Оразбаевтың өскен ортасы, өмір тарихы мен ғылыми жолының сан қырлы белестері шынайы сипатталады. Ә.М. Оразбаевтың жеке ғалымдық, ұстаздық бейнесімен бірге үлкен Оразбаевтар әулетінен шыққан халқымыздың бірнеше біртуар тұлғалары тарих беттерінен өзінің жаңа орынын тапқан. Сондай ақ текті әулетпен тікелей байланыста болған ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының ірі қайраткерлері ғалымның азамат ретінде қалыптасуына тікелей әсер еткен.
Әбдіманап Медеуұлының үлкен әкесі Оразбай Аққыұлы (1831-1922) «Абай жолы» эпопеясындағы басты бейнелердің бірі. М.О.Әуезовтың «Абай жолы» романы ұлтымыздың бірегей әдеби мұрасы саналғанымен, ондағы Оразбай бейнесі кеңестік идеология ырқымен басқаша сипатталғаны, ондағы Оразбай әдеби кейіпкер екендігі қазіргі уақытта ғылыми ортадағы жұртшылыққа белгілі. Әйтсе де соңғы жылдардағы осы тақырыпқа қалам тартқан әдебиетшілер қауымының деректері бойынша, ел аузындағы ескі әңгімелер мен пікірлер бойынша шын, тарихи Оразбай бейнесі басқаша танылуда. Ол тек үлкен бай, шонжар ғана болып қоймаған, сонымен қатар ақыл парасаты мол беделді би, елге силы қажы болған.
Әбдіманап Медеуұлының өз әкесі Медеу Оразбайұлы (1863-1931) сауатты, көзі ашық, қазақ зиялыларының бірі болған. Ол Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты халқымыздың біртуар тұлғаларымен жақын жолдас, пікірлес болған.
Медеу Оразбайұлы 1922 жылы Мұқтар Әуезовтың ақыл кеңесімен Шыңғыс тауының бауырында, Ақтан бұлағының басында өз қаржысымен Семей қаласынан түйемен қызыл кірпіш тасытып мектеп салдырған. Бұл мектеп 1932 жылға дейін талай жалшы, кедей орташалардың балаларының көзін ашқан. [1, с. 4-8]. Кезінде үлкен кеңшардың орталығы болған осы ауыл қазір Медеудің атымен аталады.
Оразбаев Медеу мен оның екі ұлы Медеуов Саниязбек пен Медеуов Сләмқайдар 1931 жылы ақпан айында Абыралы, Шұбартау және Шыңғыстау аудандарында болған шаруалар көтерілісіне қатысты. Сол жылы олар Кеңес өкіметін құлатып, жаңа өкімет құрмақшы болған бандылар тобының бас көтерушісі ретінде айыпталып қамауға алынады. 1931 жылы мамыр айының он бесінде ППУГПУ үштігінің жиылысында мемлекеттік қылмыскер ретінде айыпталып, заңның 582 тармағы бойынша Медеу Оразбай ұлы 68 жасында Саниязбек және Сләмқайдар атты ұлдарымен бірге Алматы қаласында ату жазасына кесіледі. Шындығында да Шыңғыстау көтерілісінің жетекшісі Медеуов Саниязбек пен Торайғыров Емілжан деген азаматтар болған [6, 196 б.].
1931 жылы Әбдіманап Медеуұлы 8 жасында панасыз қалған шешесі Қасежанмен (1878-1978) бірге сол кезде Томскіден медицина институтын бітіріп келген Қабыш Медеуұлының қолына, Талдықорған облысының Айнабұлақ станциясына көшіп келеді. Үйден кетерде Әбдіманап ағаның анасы қолына бір түйіншектен басқа дәнеңе алмаған. Мәселе бас амандығына келіп тірелген заман еді деп жазады Әбдіманап Медеуұлы өзінің естеліктерінде. Сөйтіп жоғары білімді дәрігер Қабыш Медеуұлы кішкентай Әбдіманапты аштықтан, панасыздықтан ғана құтқарып қалмайды, сонымен қатар оны оқу-білімге тәрбиелеп, кейіннен ғылым жолына да түсуіне мұрындық болады. Олай дейтініміз, кейіннен өскелең жігіт Әбдіманапты Әлкей Хақанұлы Марғұланмен таныстырып, оның археология ғылымына келуіне де осы ағасы себепші болған.
«Әлекеңмен алғаш рет 1931 жылы кездестім. Қабыш ағамның жақын жолдасы еді. Біз Айнабұлақ станциясында тұрғанда 6-7 күнге бізге демалысқа келетін. Ұзын бойлы, қайратты қою қара шашты, қазақтың тамаша бір азаматы еді. Әлекеңмен аға ретінде таныстығымнан бөлек 1955 жылдан 1974 жылға дейін жиырма жылға жуық қызметтес болдым. Шағатай, араб,түрік, парсы тілдерін білетін. Ол кісіні сол кездегі облыстық партия комитетінің секретарынан шопанға дейін қатты қадірлейтін»,– деп аса бір құрметпен еске алады Әбдіманап Медеуұлы [7, 2-8-бб.] Жалпы Ә.М. Оразбаев Әлекеңді тірлігінде қатты құрметтеп, аға ретінде бек силаған. Сол силастықтың белгісі болса керек Әбекең өзінің жалғыз ұлына Әлкей деп ат қойған. Ғалымның өмір жолы аумалы төкпелі замандармен сәйкес келді, сонымен қатар оның балалық шағы қазақтың әлі қаймағы бұзылмаған қоғамының ортасында өтті. Бұл жағдай оның кейінгі ғылым жолындағы тарихи салыстыруларына негіз болды. Көз алдында елесі қалған қазақ халқының шаруашылығы, тұрмыс салты, дәстүрі, дүниетанымы оның кейіннен зерттеуші болған кезіндегі пайымдауларына сөзсіз әсер етті.
«Ғалым болып қалыптасуы, ғылыми экспедициялары мен зерттеулері» атты 1.2 тараушада Ә.М. Оразбаевтың арнаулы мамандық алуы, оның алғашқы ұстаздары, біртіндеп ғылымға келуі, үлкен ғылымға бой ұсынуы, ғылыми экспедицияларының нәтижесінде атқарған ғылыми жаңалықтары сөз болады.
Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев Алматы қаласындағы №8 орта мектепті бітірген соң, 1940 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Сонда оқып жүріп 1941 жылы 13 желтоқсанда әскер қатарына шақыртылады. Соғыстан оралғаннан кейін 1946 жылы қыркүйек айында С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің тарих факультетінде оқуын жалғастырады. Бірақ Ә.М. Оразбаев болашақта археолог болуды армандайды. Ал ҚазМУ-де ол кезде археологтарды дайындамайтын еді. Сол тілегін ол университет басшылығына да жеткізеді. Сонымен осы Университетте 1948 жылдың 10 қазанына дейін оқиды. Содан кейін Ә.М. Оразбаев өзінің археолог болу арманын орындау үшін Ленинград қаласындағы А.А. Жданов атындағы Ленинград Университетіне ауыстырылады. Университет қабырғасында жүріп 1949 жылы наурыз айында партия қатарына қабылданады. Сонда оқи жүріп одақтық дәрежедегі академиктер А.И. Окладников, Б.Б. Пиотровский, М.П. Грязнов, В.И. Равдоникас, А.Н. Бернштам, М.И. Артомонов, М.М. Дъяконов, И.И. Борисовский және т. б ғалымдардан дәріс алады [1, с. 4-8], оқуды тыңғылықты оқиды, экспедицияларға қатысады. 1951 жылы 29 қыркүйекте Жоғарғы білім министрлігінің жас мамандарды қызметке бөлу жөніндегі шешімі бойынша ССРО ҒА-ның Материалдық мәдениет тарихы институтына аспирантураға жіберіледі. Аспирантурада оқыған жылдарында да көптеген экспедицияларға қатысады.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаңа қарқын алған зерттеулер нәтижесінде түрлі археологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, жинақталған қазба деректері жүйелі тұжырымдар жасауға себепші болды. Археологиялық нысандардың көп жерлерден табылуы, көптеп ғылыми айналымға енуі қола дәуірі ескерткіштерінің кезеңдестірілуін жасауға мүмкіндік берді. Сол кездегі Кеңес одағы көлемінде Андронов мәдениетінің алғашқы зерттеушілерінің бірі Михайл Петрович Грязнов сынды ғалымның басшылығымен қола дәуірін зерттей бастады. Оған берілген зерттеу аумағы Оңтүстік Сібір мен Ресейдің орманды өлкелерімен шектесетін Солтүстік Қазақстанның орманды далалы және далалы аймақтары еді.
1958 жылы Ә.М. Оразбаевтың тарих ғылымының кандидаты дәрежесін алу үшін жазылған «Солтүстік Қазақстанның қола дәуірі» атты диссертациялық ғылыми жұмысы М.П. Грязновтың жетекшілігімен қорғалды. Мұндай күрделі ғылыми жұмысты жазуда және қорғауда мәліметтердің аздығына байланысты қиындықтар да туындады. Әсіресе сол кездегі өте беделді ғалым К.В. Сальниковтың кезеңдеуіндегі «замараев кезеңін» жаңаша көзқараспен «замараев мәдениеті» деп атап жаңалық ашуы өзінше ғылыми ерлік еді.
Ә.М. Оразбаевтың ғылымдағы жолы екі кезеңнен тұрады десек, оның алғашқы кезеңі 1956 – 1971 жж. аралығында Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнография институтында алдымен кіші, кейіннен аға ғылыми қызметкер болып істеген кезі. Бұл кез Ә.М. Оразбаевтың ғылымда құлашын кең жайған кезеңі десе болады. Соғыстың отты жылдарынан кейін бар қажыр қайратын ғылымға арнады.
Ә.М. Оразбаев Қазақстанның қола және ерте темір дәуірлерін зерттеу арқылы ғылымға сүбелі үлес қосты. Әсіресе, елуінші жылдардың соңында Солтүстік Қазақстанның соңғы қола дәуірі ескерткіштерін белдеулі қыш ыдысымен байланыстырып жеке «замараев мәдениеті» деп ұсынуы ғылымға қосылған соны жаңалық еді. Бұл ғылыми тұжырым алғашында көптеген ғалымдар тарапынан қолдауға ие болғанымен, кейіннен көптеген талас та туғызды. Дегенмен де, соңғы кезде қола дәуірін терең зерттеп жүрген отандық ғалымдар Ж.Қ. Құрманқұлов, А.З. Бейсенов, В.В. Евдокимов, В.В. Варфоломеев Ә.М. Оразбаевтың соңғы қолаға байланысты айтылған ойларын заманынан озып айтқан пікір деп дәлелдеді [8, 126 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |