Үмітқалиев Ұлан Үмітқалиұлы Ә. М. Оразбаевтың Қазақстан археологиясына қосқан үлесі



бет2/3
Дата16.06.2016
өлшемі267.5 Kb.
#138391
түріДиссертация
1   2   3

«Педагогикалық–ғылыми қызметі» атты 1.3 тараушада Ә.М. Оразбаевтың педагогикалық-ғылыми қызметі мен ҚазМУ-дің қабырғасында ұстаздық еткен жылдардағы археологиялық экспедицияларының зерттеу қорытындылары сөз болады.

1971 жылы ол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің тарих факультетінде археология және этнология кафедрасы ашылды. Университет ректоры Ө.А. Жолдасбековтың шақыртуымен Қазақ ССР Ғылым Академиясының, Ш.Ш.Уалиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев оның алғашқы кафедра меңгерушісі болып тағайындалды. Ә.М. Оразбаев кафедраның кадрлық, оқу-методикалық, материалдық-техникалық базасын біліктілікпен, үлкен сүйіспеншілікпен құра бастады. Ол өзінің маңайына талантты студенттер мен ғалымдарды топтастыра білді. Алғашында штаттық мамандар корпусын құру өте қиын болды. Өйткені ол кезде Қазақстанда ғылыми атағы бар археолог, этнографтар өте аз еді. Мамандар жетіспегендіктен, жекелеген проблемалардан арнаулы курс оқуға Ғылым Академиясынан белгілі ғалымдар Ә.Х. Марғұлан, Х.А. Алпысбаев, О. Смағұлов және Мәскеу, Ленинградтан Одақтық дәрежедегі профессорлар М.П. Грязнов, С.С. Черников, Ю.А. Заднепровский шақырылды. Бүгінде осы кафедраны басқарып отырған Ә.М. Оразбаевтың алғашқы шәкірттерінің бірі профессор Ә.Т. Төлеубаев сол кезді былай еске алады: «Кафедра бірден екі мамандану бойынша кадр дайындады. Ол археология және этнография маманданулары. Мен кафедраның археология бойынша дайындаған шәкірттерінің екінші ұрпағының өкілімін. Кейін білдік, біздің сол кездің өзіндегі оқу жоспарымыз Мәскеу мен Ленинград университеттерінің археология бөлімдерінің оқу жоспарынан бірде бір кем болмапты. Қайта сол кезде әбден қалыптасқан Орта Азия университетінің оқу жоспарынан да күшті, мазмұнды болған екен. Сөз жоқ бұл Әбдіманап Медеуұлының үлкен ғылыми мектептен өткендігінің және ерекше еңбегінің нәтижесі». Кафедраның ашылуымен байланысты университетте археологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, Қазақстанның әр өңірлерінде қазба жұмыстары жүргізілді. Ә.М. Оразбаев кафедра жетекшілігі қызметімен бірге студенттердің терең білім алуына толық жағдай жасауды және ғылыми ізденістер жасауына қолдау көрсетуді жадында берік ұстады. Факультет ішінде археологиялық үйірме ісін дамытып, студенттердің әртүрлі одақтық конференцияларға қатысуына жағдай жасады. Аймақтық үйірме жұмыстарын жандандыру мақсатында «Қазақстан археологиясының өзекті мәселелері» мен «Андронов мәдениетінің негізгі проблемалары» және «Ерте темір дәуірі мен ортағасыр археологиясына» қатысты бағдарлама жасады. Ол бағдарлама 1970 жылдардағы кеңестік археологияның өзекті деген 100 тақырыбына арналған болатын. Ә.М. Оразбаев 1971-1972 жылдардан бастап университет көлеміндегі оқу процесінде теориялық білімді практикамен жетік ұштастыру керек екенін терең түсініп студенттерді археологиялық экспедицияларға тартты [9, с. 5-9].

Ә.М. Оразбаевтың археолог ғалым ретінде далалық зерттеулерімен бірге ұстаздық қырынан танытатын бірнеше оқу әдістемелік құралдарын жасағанын айта кеткен жөн. Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев 1974 жылдан бастап археология және этнология кафедрасының құрметті ұстазы, белгілі ғалым Уахит Хамзаұлы Шалекеновпен бірге университет қабырғасында археолог, этнограф мамандарды тәрбиелеуде үлкен еңбек атқарды.

Ә.М. Оразбаев өзінің бойындағы бар білімін, тәлім-тәрбиесін, методикасын өзінен кейінгі буынға сіңіре отырып, өз ғылыми мектебін қалыптастырды. Өмірінің соңына дейін археология ғылымына өзіндік сара жол сала отырып, шәкірттер тәрбиеледі. Олар тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Ә.Т. Төлеубаев, Ж.Қ. Таймағамбетов, М.Е. Елеуов, С.И. Әжіғалиев, А.Тоқтабай, С.У. Жауымбаев, Б.К. Қалшабаева, Ғ.Қ.Омаров және т.б. Осы аты аталған және басқа да ғылым мен білімнің әр саласында жүрген зерттеушілер және ұстаздар шоғыры бүгінге дейін Әбдіманап Медеуұлын өздеріне ұстаз тұтады. Ә. Медеуұлы шәкірттеріне бойындағы бар білімін беруге тырысты, ғылымға деген тазалықты, шын сүйіспеншілікті талап етті.

«Ә.М. Оразбаевтың қола дәуіріне қатысты зерттеулері» атты 2.1 тараушада Ә.М. Оразбаевтың елу жылға жуық ғылыми ғұмырындағы Қазақстанның барлық өңірінде жүргізген қола дәуіріне қатысты зерттеулерінің тарихнамасы мен алғашқы ғылыми кезеңдемелеріне сипаттама жасалады. Ә.М. Оразбаев зерттеулерінің негізгі бағытына айналған қола дәуірі көне қоғамда болған ірі өзгерістер мен шаруашылық және мәдени секірістер кезеңі деп атауға болады.

Қола дәуірі басқа тарихи кезеңдерге қарағанда көбірек зерттелгенімен, аталмыш дәуірдегі тарихи проблемалардың көпшілігі әлі де шешіле қойған жоқ. Неғұрлым қола дәуірінің ескерткіштер көбірек зерттелген сайын, бұл тарихи мәдени кезеңге қатысты сан алуан мәселелер легі де ұлғая бастайтыны тарихи шындық болып отыр. Мұның өзі бір шетінен отандық археология ғылымының дамуын да көрсетеді [10, 6 б.].

Орталық және Солтүстік Қазақстан жерлеріндегі Ә.Х. Марғұлан бастатқан ғалымдарымыздың мақсатты түрде жүргізген зерттеулері нәтижесінде азды көпті мәліметтер жинақталып осы өңірлердің ескерткіштерінің кезеңдестірілуін жасауға мүмкіндік туды. Қазақстан жеріндегі қола мәдениеті кезеңдемесін К.А. Ақышев (1953), Ә.М. Оразбаевтар (1958) жасады. Олардың кезеңдемелері сол уақыттағы ғылымда басшылыққа алынған К.В. Сальниковтың кезеңдемесі негізінде жасалды, дегенмен де олардың кезеңдемесінің өзіндік ұстанған бағыты, бағдары бар еді. Олардың кезеңдемелерінде жергілікті мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктері, ұқсастығы, басқа мәдениеттермен байланысы ашып көрсетілді.

Елуінші жылдары жасалған Қазақстандық қос ғалымның (Ақышев К.А, 1953, Оразбаев Ә.М, 1958) қола дәуіріне жасаған кезеңдемелері қазіргі таңда ғылыми айналымда тек тарихнамалық деңгейде қаралғанымен бүгінгі қола дәуірі кезеңдемелерінің жасалуында олардың да үлесі бар екені анық. Сол уақыттағы деректердің аздығына қарамастан, кезеңдеу тәсілдерінің әлі жетілмегендігіне қарамастан бұл ғалымдардың қола дәуіріндегі бір мың жылды түрлі кезеңдерге бөлуі өте құнды ғылыми жаңалық еді.

Әбдіманап Медеуұлының қола дәуіріне жасаған кезеңдемесінің құндылығы сонда, ол бұл жұмысында феодоров және алакөл кезеңдерінің ескерткіштерінің ара жігін толық ажыратып берді және алакөлдік ескерткіштердің солтүстік Қазақстандағы ерекше түрін анықтады. Ғалымның бұл пікірінің дұрыстығын оның осы мәселені кейіннен зерттеген адамдардың тарапынан қолдау тапқанынан ақ көруге болады. Ә.М. Оразбаев зерттеулеріндегі негізгі ой – жергілікті мәдениеттер энеолит дәуірлерінен бастап ақ үздіксіз үзіліссіз даму үстінде болды. Еуразияның орманды далалы және далалы өңірлерін мекендеген тайпалар металл қорының арқасында соңғы қола дәуірінде қоғамдық ірі секіріс жасады. Федоров және алакөл мәдениеттері қатар өмір сүрді, осы екі этномәдениет бір біріне әсер етті.

Жалпы Орталық Қазақстанның көптеген ескеткіштерін қазуға Ә.М. Оразбаев тікелей басшылық жасады. Өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасына дейін Орталық Қазақстанда қазылғаған қола дәуірінің қоныстары мен жерлеу орындарының 70 пайызға жуығын Ә.М. Оразбаев қазып зерттеген.



«Ә.М. Оразбаевтың соңғы қола дәуірі бойынша зерттеулері» деп аталатын 2.2 тараушада ғалымның соңғы қола дәуіріне берген кезеңдемесі, соның ішінде осы мәдениеттерге тән белдеулі қыш ыдыстарды ерекшелеуі мен бірге әлі күнге ғылыми құнын жоймаған зерттеулері жан-жақты талданады.

Қазақстан жеріндегі көне мәдениеттерді зерделеуде қола дәуірінің, әсіресе соңғы қола дәуірі мәдениетін зерттеу отандық археология тарихының ерекше маңызды тұсы болды.

Ә.М. Оразбаев өзінің еңбегінде соңғы қола дәуірінің тұрмыстық сипатын өзінен кейінгі ерте темір дәуірінің көшпелі мал шаруашылығына бағытталған қоғамына тың серпін берді деді. Сондай ақ соңғы қола дәуірі «алғашқы қоғамдық құрылыстың» дамыған соңғы белесі болып, келесі көшпенді мал шаруашылығына негізделген тайпалық бірлестіктер қоғамына өтті деді [11, с. 282].

Ғалымның соңғы қола дәуіріне байланысты берген бағасы қазіргі таңда дәлелденіп отырған ерте темір дәуіріндегі сақ тайпалық бірлестіктері мемлекеттілік дәрежесіне дейін көтерілді деген тұжырымдарға негіз болары сөзсіз. Мемлекеттіліктің алғы шарты қалыптасумен бірге қазақ халқының шаруашылығының көріністері және тұрмыс салтының қайнар көзі бастау алатын соңғы қола дәуірін, отан тарихының маңызды кезеңі деп қарау қажеттілігі туындап отыр. Бұл мәселе төңірегінде де Ә.М. Оразбаев еңбектерінде қамтылғандығын және тамыры тереңде жатқан қазақ халқының этноқайнар көздерін қола дәуірінен сабақтастыра отырып қарастыру ғалым зерттеулерінің басты қағидасы болды. Бірақ бір өкініштісі ұзақ жылдар бойы отандық қола дәуірін зерттеуші Ә.Х. Марғұлан бастатқан ғалымдар үштігінің зерттеулері тек тарихнамалық деңгейде қарастырылғаны рас еді. Дегенмен соңғы қола дәуірі мәселесі қазіргі таңда да көпшілік ғалымдардың назарын аудартып, оң бағыт алды деуге болады.

Соңғы қола дәуірі проблемалары Қазақстан археологиясының тарихымен бірге жасасып келе жатқан тақырып болғандықтан оның сан салалы қырлары Ә.М. Оразбаев еңбектерінен шет қалған жоқ. Соңғы қола дәуіріндегі ірі қоғамдық өзгеріс нәтижесінде қалыптасқан дамыған жаңа үлгідегі мәдениетті қыш ыдыстары бойынша ерекшелеуі қазіргі таңда қола дәуірін зерттеуші белді мамандардан қолдау табуда. Сондай ақ соңғы қола дәуірінің келесі бір өзекті мәселесіне айналған Қарасұқ мәдениетінің Қазақстан жеріндегі мәдениеттерге ықпалы жөніндегі таласты пікірлерге өз тарапынан үн қосып, Қазақстан жеріндегі қола дәуірі тайпалары ұдайы даму үстінде болған жергілікті тайпалар екендігін айтылды.

«Ә.М. Оразбаев зерттеулеріндегі этноархеологиялық салыстырулар мен көне дәуір қоныстарына жасаған жаңғыртпалары» атты 2.3 тараушада ғалымның қола және ерте темір дәуірлеріне қатысты зерттеу негізінде жасалған жаңғыртпалары мен қазақ халқының өмір тұрмысымен көне мәдениеттерді салыстыру еңбектері қарастырылады.

Ә.М. Оразбаев Қазақстан территориясының барлық өңірлерінде өз зерттеулерін жүргізіп отан тарихының осы кезеңдеріне терең бойлап, ширата суыртпақтап дәстүр жалғастығын өз халқымыздың шаруашылығы мен тіршілігінен таба білді. Ғасырлар тұңғиығында шөгіп жатқан бірізділікті тауып қана қоймай, оның басқа да көріністерін салыстыра отырып жаңғыртпасын жасады. Ә.М. Оразбаев өз зерттеулерінде Қазақстанның Солтүстік және Орталық өңірлерінен қола дәуірінің ірі жеті қонысын қазып оның үшеуінің (Бұғылы, Шағалалы, Суықбұлақ қоныстарына) таза ғылыми тұрғыда жаңғыртпаларын жасады. Бұл үш қоныстың жаңғыртпасының жасалуы Отан тарихында ең алғаш көне ескеркіштерді қалпына келтірудің бастамасы еді. Қоныстардың үйлердің осы қайта қалпына келтірілген түрі ғылыми әдебиеттер мен оқулықтардың және мұражайлардың көркемдік құнды дүниесіне айналды.

Ә.М. Оразбаев зерттеулерінде кездесетін археологиялық қазба материалдарын халқымыздың этнографиясымен сабақтастыру үрдісін бірнеше салаға бөліп қарастыруға болады.

Қола дәуірі қоныс құрылыстары қазақ халқының қыстау құрылыстарына өте ұқсас келеді, қазақтардың тастан немесе саман кірпіштен салынған құрылысын, оның іші сырты сазбен сыланатынын, үсті бөрене ағаштармен, шөппен және күл топырақпен жабылатынын салыстырды. Ә.М. Оразбаев көп жылдық зерттеулерінің нәтижесі ретінде әсіресе қола дәуірі қоныстарына, шаруашылығына берген бағасын Солтүстік Қазақстан жеріндегі 1964-1967 жылдар аралығындағы Шағалалы қонысының зерттеулері көрсетеді. Шағалалы қонысы Көкшетау облысы, Красноармейск ауданы, Октябрь селосы жанындағы Шағалалы өзені жағалауында 16 қоныс үй орнынан тұрады. Барлық қоныс орындарында қазақ халқының тұрмысындағы сияқты үй жаймен жапсарлас қора қопсы орналасқан, сондай ақ үй ішінде қысты күндері жас төлдер (қозы, лақ, бұзау) тұруы мүмкін, өйткені қоныс ішінен кіре беріс бұрышта қоңыр түсті шірінді мал көңі сияқты заттар сақталған [12, с.129].

Сонымен бірге қазақ халқының этнографиясындағы киім үлгілері, жүннен сырылып жасалған – «шекпен», теріден жасалған жеңіл – «саптама», жүннен иіріліп тоқылатын «байпақ» және т.б киімдермен бірге, шиден тоқылатын «өрмек», түйе жүнінен тоқылатын «шуда жіп», теріден жіңішкелеп тілінетін бау ретінде «тарамысты», айта отырып бұлардың алғашқы үлгілері андрон мәдениеттерінен бастау алады деген болатын [13, с. 255].

Шағалалы қонысындағы № 4 жертөледен табылған сүйек тері өңдейтін заттың сабында бейнеленген аң бейнесі (қасқыр) ерте көштелілер кезеңінің «аң стилі» образының қайнар көзі болумен бірге онда бейнеленген кейбір күрделі сызықтар және № 3 жертөледен табылған сүйек ауыздықтағы әртүрлі өрнектер, қазақ халқының ою өрнегіндегі «қошқар мүйіз», «қара тұяқ», «ит құйрық» сияқты мотивтерді қайталайды деген болатын [13, с. 64]. Қола дәуірінің ерте кезеңдеріндегі тайпалардың, өмір салтын қорыта келе олардың жерлеу дәстүріндегі қоршаулар жөнінде тоқталды. Жерлеу орындары сыртында қоршау жасау дәстүрі, көне тайпалардың мал аяғынан, үй жануарларынан, түз тағыларынан қорғау үшін салынған. Сонымен бірге адамдардың өзі «аруақ»-«рух» деген түсініктердің пайда болуымен бірге «өлілер әлеміне» бөлек ауыл ретінде қарап, топтастырып жерлеп олардан қорқу қалыптасқан. Өлген адамдардың аруағы шығып кетеді немесе үстін таптаса рухы ашуланады деген түсініктер болуы мүмкін. Ондай түсініктер қазіргі уақыттарға дейін кейбір халықтарда сақталған дей келе, қазақ халқының дүниетанымындағы «адамның жаны өлмейді, өлілер әлеміне ұшып аруаққа айналады» егер ата-баба аруағын еске алып, иіс шығарып «жеті шелпек» пысырып тұрса өлі аруақ риза болады деген түсінікті салыстырды [11, с. 259]. Ә.М. Оразбаев ғылыми еңбектерінің өзіндік ерекшелігін құндылығын арттыратын жақтары осы археологиялық қазба деректерін жан жақты талдап, салыстыру арқылы мәдени жалғасын халқымыздың тұрмысы мен тіршілігінен, табиғи болмысынан таба білуінде.

Қазақ халқының рухани әлемі, дәстүрлі мәдениеті мен өнері тамырын тереңге жайған. Қай халықтың болса да рухани әлемі ең алдымен дәстүрлі өнерінен көрінетінін білеміз. Қола дәуіріндегі тайпалардың тұрмысы мен әл-ауқаты түгелдей табиғатқа тәуелді болды, сондықтан Қазақстан жеріндегі тайпалар табиғи ортаға бейімделе отырып мыңдаған жылдар бойы дәстүрлі шаруашылық пен дүниетанымдық түсініктер қалыптастырды. Бұл жергілікті жерде табан аудармай ғұмыр кешкен тайпалар мен ұлыстардың жалғасы қазақ халқында көрініс тапты. Қола дәуіріндегі тайпалардың қазақ халқының этногенезін зерттеуде басты орында тұратыны жөнінде Ә.М. Оразбаев еңбектерінде жиі айтылады. Оны сан қырлы зерттеулері кезінде адамның туғаннан көз жұмғанға дейінгі тіршілігінен нақты дәйектерімен көрсете білді.

«Ә.М. Оразбаев зерттеулерімен байланысты қазіргі қола дәуірінің өзекті мәселелері» деп аталатын 2.4 тараушада Ә.М. Оразбаевтың қола дәуіріне қатысты еңбектерін саралай отырып, осы кезеңді зерттеуге қосқан үлесі мен бірге Отандық археологияның қола дәуіріне байланысты мәселелері мен даму жолының бағыттары сипатталады.

Елуінші жылдары Қазақстандық ғалымдар тарапынан жасалған кезеңдеме алғашқы Андрон мәдениетінің жүйеленуінде негізгі бағыт сілтеуші зерттеулер болумен бірге, Еуразияның көне мәдениеттерін зерттеуге үлес қоса отырып, жергілікті аймақтық өзгешеліктерді де ашып көрсете білді. Жергілікті аймақтық ерекшелік дегенде сайып келетін мәселелер, табиғи орта, этно-археологиялық байланыстар және мәдениеттердің тамырының автохтондылығы мен аймақтық атаулар ғалымдарымыздың назарынан шет қалған жоқ. Қазақстан жеріндегі жасалған кезеңдеме ісінің К.А. Ақышев (1953), Ә.М. Оразбаевтар (1958) тарапынан жасалған үлгілері сол уақыттағы мәліметтердің аздығына қарамастан Қазақстандық жас ғалымдардың өзіндік ұстанған бағыты, бағдары бар екендігін көрсетті. Олар үш кезеңнен тұратындығы мен атауларының біркелкілігін К.В. Сальниковтың кезеңдемесі негізінде сақтағанымен жергілікті мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктерін және ұқсастығының ара жігін ажырата отырып өз кезеңдемелерін ұсынды.

Жетпісінші жылдардан бастап мәліметтердің молайуымен байланысты және жерлеу ескерткіштерімен қатар қоныстардың көптеп зерттелуі, сондай ақ алакөлдік ыдыстардың феодоровтық ыдыстармен аралас кездесуі және т.б жорамалдар екі этностың қатар өмір сүргендігі жөніндегі тұжырымдарға әкелді. Бұл бағыт алғашқы кезеңдемені жасаушылардың тұжырымдарын жоққа шығарғанмен әлі күнге екі этностың біреуі, яғни феодоровтықтар қайдан келгенін ашып айтып бере алмайды. Алакөл және феодоров мәдениеттерінің қатар өмір сүруі жөнінде қола дәуірін зерттеуші ғалымдардың ірі шоғыры Э.Ф. Федорова-Давыдова, М.Ф. Косарев, М.Г. Мошкова, В.С. Стоколос, Т.М. Потемкина, В.В. Варфоломеев, В.В. Евдокимов, А.А. Ткачев, Н.А. Ткачева, В.Г. Ломан есімдермен толыққанымен, арасында алғашқы бағытты қолдайтын Г.Б. Зданович, Н.А. Аванесова, Е.Е. Кузьмина және т.б болды. Ал екі этностың қатар өмір сүргендігін жақтайтын ғалымдар ішінен алғашында М.Ф. Косарев пен Т.М. Потемкиналар феодоровтықтарды Орал және Батыс Сібірдің қияндағы аймақтарынан келген тайпалар дейді [14, с. 14-27]. Еуразия даласының кең жазығында тараған екі мыңжылдықтан артық уақытты қамтитын қола дәуірінің зерттеліну тарихының өзі бір ғасырдан асқанмен шешілмеген мәселелері жетерлік. Қазақстан жері өзінің географиялық жағының алуан түрлілігімен бірге сан қилы мәдениеттердің тоғысқан торабы және шешуші аралық аймақ. Қазба деректерінің молығуы және кәсіби деңгейдің өсуі жалпы кезеңдеулерден нақты тарихи сипаттауға көшуден көрініс тауып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Соның ішіндегі неғұрлым даулы мәселелердің бірі феодоров және алакөл мәдениеттерінің қалыптасу орны жайында болып қала береді. Егер алакөл мәдениетінің пайда болу аудандары Тобыл мен Есіл бойы деп есептелсе, ал феодоров мәдениеті ескерткіштерінің қалыптасу аймағы туралы мамандардың көзқарастары бірегей емес.

Қазіргі таңда жаңа тұжырымдар бойынша феодоров тайпаларының шыққан отаны жөнінде бірнеше пікірлер қалыптасқанын айта кетуіміз керек. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап феодоров мәдениетінің қыш ыдыстарындағы өзіндік ерекшеліктеріне қатысты бұрыннан қалыптасқан Орта Азиялық ықпалдар бар деген теорияны қолдаған Н.Б. Виноградов, С.А. Григорьевтер тарапынан қайта қозғалды. Олардың айтуынша феодоровтықтардың арғы аталары Алдыңғы Азиядан жылжып Иран, Орта Азия жерлері арқылы Ертіс жағалауларына жеткен. Негізгі толқын батысқа қарай орманды далаларға қоныстанып кротовск мәдениетімен араласса, далалы аймақтарда алакөл мәдениетімен араласқан дейді. Сондай ақ Орал, Ертіс аралығында феодоровтық ерекше қыш ыдыс мәдениеті бар екенін де айта кетеді. С.А. Григорьевтің әсіресе басқа пікірлерінен көрі Орта Азиядан қазіргі Қазақстан жеріне келген феодоровтықтар жан жаққа тараған деген пікірі ескеріліп Қарағандылық зерттеуші И.А. Кукушкин тарапынан қолдау тапты [15, с. 26-30]. Алакөл және феодоров мәдениеттерінің алғашқы ашылған отаны саналатын Ресей жерінің ғалымдары осы мәселеге қатысты соңғы жылдары жаңа бір көзқарастар қалыптастыруда. В.И. Стефанов пен О.Н. Корочкованың Челябинск облысы Соснов ауданы жеріндегі Урефты І ескерткіштеріне жүргізген көп жылдық зерттеулері нәтижесінде андронов мәдениетінің алакөл және феодоровтық ескерткіштеріне кеңінен тоқталған. Онда алакөлдік мәдениеттің сол аймақта кеңінен таралуын айта келіп феодоров мәдениетінің түпкі отанын қарастырады. Қазіргі уақытта қола дәуірінің негізгі проблемаларының бірі осы феодоров мәдениетінің шығу тегі мәселесі болып қала береді.

Алайда бұл зерттеу жұмысымыздың негізгі бағыты Ә.М. Оразбаев археология ғылымына қосқан үлесін қарастыру болғандықтан басты мақсатымыз басқа пікірлерге мойын бұрмай біржақты көзқарас қалыптастыру емес. Қайта ғалым зерттеулерінің кейбір белгісіз қырларына үңілу арқылы не себепті ғылыми тұжырымдарының өзгермегеніне жете түсіну және қола дәуірінің қазіргі мәселелеріне үн қосу. Сонымен бірге Ә.М. Оразбаевтар тарапынан жасалған кезеңдеменің сатыланып келетін дәстүрлі мәдениет шеңберіндегі ойлары әлі күнге оқтын-оқтын қайталанып қарастырылуы бұл проблеманың әлі де қарастырылуды қажет ететінін көрсетеді.

«Ә.М. Оразбаевтың ерте темір дәуіріне қатысты зерттеулері» атты үшінші тарауда Орталық, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан өңірлеріндегі ерте темір дәуірі бойынша зерттелінген Ә.М. Оразбаевтың ғылыми еңбектері мен мұрағат деректері талданып, жерлеу ғұрпының қалыптасуы мен қола дәуірі арасындағы этногенетикалық байланыстар сипатталады.

«Орталық Қазақстандағы ерте темір дәуірі ескерткіштеріне жүргізген зерттеулері» атты 3.1 тараушада Орталық Қазақстандағы Ә.М. Оразбаев зерттеулеріндегі «мұртты» обалардың архитектурасы мен семантикасына жасаған қорытындылары талданады.

Сөз болып отырған ескерткіштердің негізгі мәнін ашуда Ә.М. Оразбаев өзінің «Жанайдар қорымындағы «мұртты» обаның архитектурасы» атты еңбегінде тереңірек үңіліп, жан-жақты ашуға тырысты. Жанайдар қорымындағы «мұртты» оба Қазақстандағы ең көне архитектуралық кұрылыстардың бірі дейді. Ә.М. Оразбаевтың бұл еңбегі ғылымда «мұртты» обаларды зерттеудегі ең алғашқы архитектуралық жаңғыртпа жасау болып табылады. «Мұртты» обаларды мұндай қайтадан қалпына келтіру және архитектурасына терең үңілу жұмыстары бұрын-соңды қолға алынбады десе де болады. Ал «мұртты» обалардың ішкі функциясына, семантикасына берген пікірлері, ойлары әлі де ғылымда өз мәнін жойған жоқ.

Ә.М. Оразбаев та «мұртты» обаларды ғұрыптық ескерткіштер деген пікірді ұстанды. Оның болжамы бойынша, мұндай ескерткіштер ежелгі дәуірдің діни салтанаттары кезінде құрбандыққа ат шалу дәстүрімен, қасиетті күн тәңіріне табыну идеяларымен сабақтас болғандығын айтты [16, с. 176].

«Ә.М. Оразбаевтың Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірі ескерткіштеріне жүргізген зерттеулері» атты 3.2 тараушада ғалымның Шығыс Қазақстан облысында әр жылдарда жүргізген археологиялық зерттеулері негізінде тұрғындардың жерлеу ғұрпы ашылады.

Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірін зерттеуде Ә.М. Оразбаев үлкен үлес қосқан археологтардың бірі еді. Өзінің бағамды ғұмырындағы археологиядағы алғашқы қазба жұмыстары осы өлкемен тығыз байланысты болды. А.А. Жданов атындағы Ленинград университетінің тарих факультетінің археология бөлімінде оқып жүргеннің өзінде-ақ 1948 жылы С.С. Черников басқарған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясына қатысқан. Ә.М. Оразбаев тарапынан жасалған Шығыс Қазақстандық ескерткіштердің ғылыми сараптамалық қорытындылары да өзіндік жеке ұстанымға ие дербес пікірлерде жасалды. Әсіресе жергілікті жерде табан аудармай өмір сүрген көне Шығыс Қазақстандықтар неолит дәуірлерінен бастап ақ көршілес жатқан Оңтүстік Сібірдегі Афанасьев және Орталық Қазақстандық тайпаларымен мол металл қорлары арқасында саяси, қоғамдық байланыстар орнатып үздіксіз даму үстінде болды. Оның кейінгі дәуірлердегі көріністерін тас жәшіктерде Құлажорға мәдениеттерінен де көруге болады дейді [17, с. 40].

Шығыс Қазақстан өңірінің зерттелу тарихнамасында зерттеушілер пікірлері бір жерден шығып, карама-қайшылықсыз даму үстінде болды деуге болады. Әсіресе осы өңірдің үлкен зерттеушісі Ә.М. Оразбаев үзеңгілес әріптесі С.С. Черниковтың тұжырымдары негізінде жасалған және М.Қ. Қадырбаев пен Ю.А. Заднепровский тарапынан қолданған ерте темір дәуірінің жүйелік кестесі құнды. Ә.М. Оразбаевтың Шығыс Қазақстан өңірлеріндегі уақытында берген зерттеу қорытындылары да осы ғалымдардың тұжырымдары негізінде үндес келетінін аңғаруға болады.

«Ә.М. Оразбаевтың Оңтүстік Қазақстандағы жүргізген зерттеулері» атты 3.3 тараушада Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі б.з.д. 2-1 ғасырларға жататын жерлеу ескерткіштері сараланып, жерлеу ғұрпы анықталады. Мәліметтердің көбі кіші көлемді обаларды зерттеуден алынған нәтижелер.

Ғалымның Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі зерттеулері бағытты түрде кең көлемде қамтылмағанымен әр жылдарда әр кезеңнің ескерткіштерін зерттеуге өз үлесін қосты. Оңтүстік Қазақстан территориясының көне кезеңдер ескерткіштері археологиялық жағынан өте аз зерттелгенін Ә.М. Оразбаев өзінің зерттеулерінде жетпісінші жылдардың өзінде ақ айта бастаған болатын: «По завершении исследования бронзы Северного Казахстана я буду просить отдел, дирекцию Института и Ученый совет дать мне возможность занятся исследованием бронзы Южного Казахстана и Семиречья, где памятники эпохи бронзы не только не изучены, но можно сказать и не выявлены» [18, с. 3].

Жетпісінші жылдары Ә.М. Оразбаевтың Қазақ Ұлттық Университетінде археология кафедрасының ашылуымен байланысты алға қойған мақсаты Оңтүстік Қазақстан және Жетісу өңірлерінің көне дәуір ескерткіштерін зерттеуге бағытты түрде мүмкіншілігі болмады.

Ә.М. Оразбаев ұзақ жылдар Қазақ Ұлттық Университетінің археологиялық экспедициясына жетекшілік жасап Ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласында студенттерге тәжірбиелік практика жүргізу барысында қаланың қазба жұмыстарымен бірге осы өңірдегі ерте темір дәуірі ескерткіштеріне де қазба жұмыстарын жүргізіп тұрды.

Ә.М. Оразбаев зерттеулеріндегі Жалаңаш, Тасжарған, Жетіжар І, ІІ ескерткіштері өзінің сыртқы құрылымы мен ішкі жерлеу салты жағынан Жетісудың ерте үйсін дәуірі ескерткіштерімен өте жақын байланыстарды көре отырып, жергілікті үлкен бір мәдениет ауқымында болғанын нық айта аламыз. Ғалымның бұл зерттеулері археологиялық жағынан өте аз қарастырылған аймақтың мәдениетін, генезисін анықтауда аз да болса үлесі бар деп білеміз. Жетіжар І ескерткіштерін зерттеуде олардың үйсін дәуірі ескерткіштері екенін айтумен бірге әлеуметтік дәрежесі төмен қауымның қорымы екенін айтты. Сондай ақ Жетіжар ІІ ескерткіштеріне қазба жұмыстарын жүргізбесе де олардың сыртқы орналасу құрылымы мен көлеміне қатысты әлеуметтік дәрежесі жоғары таптың қорымы екенін айтты [19, с. 62-70]. Сонымен бірге жалпы осы ескерткіштердің мәдени және қоғамдық құрылымдарына қатысты Шу бойындағы Ортағасырлық Ақтөбе қаласымен байланыстыруы ерекше атап өтуге тұрарлық. Өйткені, әлі күнге археологиялық ғылыми сараптамалар жасауда обалар мен қалалардың қоғамдық және мәдени сипаты мүлдем бөлек қарастырылады.

Жалаңаш, Тасжарған жерлеу ескерткіштерін жаңадан ғылыми айналымға енгізе келе олардың ерте үйсін дәуіріндегі Жетісулық ескерткіштермен және Шығыс, Орталық Қазақстан жеріндегі осы кезең ескерткіштерімен сабақтастықтарды көрсетеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет