Москва-Кунцево. 18. 06. 61 Ең қымбат іні-досым Есет!



Дата09.06.2016
өлшемі46.91 Kb.
#124459
«Москва-Кунцево. 18.06.61
Ең қымбат іні-досым Есет!
Кеше хатыңды алып ем. Оқта-текте бір айтылатын көңіл-жүрек сөздері айтылған екен. Алғыс деген аз ғана. Орайына сондай шындық жүрек құшағы лайық та. Мен сені қазақ әдебиетінің, әдебиет ғылымының айырмас, қажымас, жылдар жүрсе арылмас жегіндісі – еңбек торысы дейім.Сол үшін сүйем де, бек бағалаймын. Адамдығың, адалдық достығың өзіне бір дара. Сенің жұртқа еткен еңбегің аз ба? Сен мені айтыпсың, соны оқып отырып мен сенің өзіңді көп-көп еске алдым. «Өзі ғой осындай көпке көмегі, көп іске себі тиіп, талайда талайдан алғыс алған жан» – деймін. Соның ішінде, әсіресе, қазақ совет әдебеиетінің үлкенді-кішілі жазушыларына Сені мен сендей бірнеше жандардың сіңірген еңбегі аз ба? Жақында Москвада Әлжаппар, Тахауи, Қалтай үшеуі отырған бір отырыста: сыншы – оқытушы – зерттеуші сен бастаған ғалымдардың жазушылар үшін қадірлі көмек еңбегі қандайлық екенін сөйлеп ем.

Мені көп айтқансың, көп жүрген соң жақсы-жаман ұзақ өмір жолым жамала беретін шығар. «Көп жүрген» дегеннен шығады. Бұрын жасы үлкеннің жақсы белгісі есебінде «Бір көйлекті бұрын тоздырған ғой» дейтін еді. Көйлекті бұрын тоздыра жүріп өзін де қоса тоздыра жүретіні есепке алынбайтын. Мен тегі өмірдің оры-қыры, биігі мен ойпаңы, қысталаңы-шатқалы дегенді көбірек көргемін. Кейбіреулер(дің) өмірі бір келкі, тура, түзу, жаттық, жазық жолындай өткен болса, менікі тіпті саушылық жағының өзінен алғанда да жауатқандай тәрізді.

Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе, өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгендігім көп, жиренгеннен көрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол.

Бұның бәрі былайына айтқанда, өмірдегі «алымы қайтпаған» дегенді аңғартса – «берім де сарқылмаған» дегенді де ойлатса керек. Сондықтан да өмірімізге, заманымызға, еңбегімізге – бар күйімізге құмармын деймін де.

Науқасым жанға батқан нәрсе болмаса да операциясыз айықпайды деседі. Ол қажет болса кейінге несіне қалдырамын? Мезгіл кейіндеген сайын мен алпыс төрттен ары күшейе бермейім (саушылық жағынан) – қайта әлсірей бермейім бе, ал ауру болса күте бермесе, өздігінен кетпеуге мүмкін ғой. Сондықтан түбі бір операциясыз болмайтын болса осындай семіз, күйлі кезімде жасатқаным жөн бе деп тұрмын. Алдағы сейсенбіде – бүрсігүні консилиум болады. Сол не десе де көнемін деп тұрмын.

Жақында сенікі сияқты аса дос қымбат хатты Евг. Вас.-надан (Евг. Вас. Лизунова) алдым. Мүсілім де жақсы толық хат жазыпты. Уахатов тілектестік жайын жазып ВАК-тың хабарын тосып жүргенін айтыпты. Жазылып шыққан соң оның да, Балташтың да жайларын ВАК-тан білемін.

Закиді алса – ең болмаса рукопись бөліміне алсын (егер Әуелбекті алу қажет болса), ал К - ді (танылмады) Лизуноваға беру қажет, қажеті – Әуелбек қой. Мен оның өзіне бұл жөнінде еш нәрсе айтқан емеспін. Үй ішіңе тегіс сәлем.

Қош. Мұхтар Әуезов»


1961 ж. 21 июнь

Москва, Кунцева

Қадірлі іні-дос Тахауи!


Сен берген кітабыңды түгел оқып шығып осы хатты жазып отырмын. Әрине, сенің үлкен еңбегің, өзіңді кең құлашыңмен, өнімді өріс-өрнегіңмен емін-еркін танытқан шығарма «Қаһарлы күндер». Мына шығармаларда «бертін соқтың», «кемшін келдің» демекші емеспін. Бұларда сен әдейі кіші жанрлардың әр алуанын толғап көруді мақсат еткенсің. Өз ішіндегі басылмаған пернелеріңді де тіл-үн қаттырып, тебірентіп көрмек болғансың. Әрі сен пьесалар да жазып жүрсің. Сценарийді де қолға аласың..Осының бәрі өте заңды іздену жайындағы бел-белестер.

Сол ретте, әрине, «Махаббат мұңы» жақсы повесть. Өзгелер қонымды, ұнамды әңгімелер (роман, новелла). Бұлардың бәрінің тақырыбы, адамдықтары, шындықтары – жалғансыз, риясыз, зорлықсыз әділ шындықтар. Сонысы ұнайды. Екінші – сен бір жақсы соныға түсе бастапсың. Ол интеллигенция туралы жазу, өзіңмен замандас, қанаттас қатарыңды жазу – соларды және ішкі мәдениет өресіне қарай – ішіне үңіле, сезіміне бойлап жазу бар. Өте орынды, өте асыл іздену.

Бұл жолда, алда көп-көп ыстық тартымды, аса қызу қызғылықты, тым шабытты құштарлық туғызатын болмыстар, сәттер шындықтар бар. Осы адамдар: жақсы, ойлы, саналы, арлы болса – халқының, қауымыңның да болашығы ғой.

Оларды көрсетумен бірге, сынаумен бірге бойлау, бастау – қалыптасу да керек. Сен шынайы қызығарлық соныға түскенсің. Соған менімше құдіретің де жетеді, ілгері тереңдей, ірілей тарта түс. Бұл тақырыпта сен ұдайы әділ-адал дәл шындықтың өзінде болыпсың ғой. Қоспа, бояма, ... бұнда керек емес. Бәрі өзің жақсы білетін өз ортаң. Өзің жүзіп жүрген мекен-көлің.

Менде тағы бір қуанышты сүйсінген ойлар ұдайы қатар отырды (осы кітабыңды оқу үстінде дейім). Ол: сенің өзіме сонша ет-бауыр, шабытымен іні бауыр екеніңді сезіне отыру шақтары. Мен сенің мақалаларыңнан, үлкен романның да кен бояуларынан – осы менімен туыстас ау-деп ойлап жүруші ем. Ал мынада мен өзімнің сезімдерімді, сырларымды, саған жаздырып соған барымша сеніп, еліге еріп ырза боп отырғандаймын. Әрине, әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де, ал өз жүрегіңе ұқсап соққан жылы тамырлы жан бауырыңдай сезбеске шараң жоқ.

Мен сені, Әбдіжәмілді, Зейнолла, Тәкенді, Сафуанды – көптен, бастан бөлек санайтұғым. Біз, Хрущев жолдас айтқандай «жәрмеңкеден қайту бетіндегі» жандарға қосылдық. Енді әдебиет болашағын ойламай болмайды. Сендерді сол болашағымыз дейім. Өзіме етене жақын дегенде, сенен – менің жасырақ шағымда өзімнен таппаған жақсы сыпаттарды көремін. Сенің отызың менен қызуырақ, сенде ерте түскен ой бар деп сенемін. Әдебиеттің арлы ойы болса керек дейім. Сондықтан анау бір жылдардан-ақ саған, сендерге мен безразлично қараған емеспін. Алдарыңнан, жауапты, ойлы жаңалықтарды, өзге бар қазақтан молырақ күткен күйдемін.



Екінші бір өнімді топ: Мұқамеджан, Хамза, Зейін. Бұларды сендер көбірек түсіне білсеңдер.әділ болады. Олар жастық кетіп, ұзақ заман тұсалып қалған, жігерлі талант, өмірге қомағайлық (жақсы мағынада) ала келген. Шығармалық шабытқа да сондай қомағайлар. Өнімді еңбек етеді. Сендердей, осылардай адамдарға байланысты болашақты, үдей басатын, адымыздан келетін болашақты ойламасақ, кім боламыз? Ал «алғы» дейтін қаншалық? Қанша кең қалың қатпар өткенің жатыр? Шап-шағын ғана емес пе? Әсіресе, ол мәдениетті өнер боп та өстіп піскен емес қой. Көбінше көбікті толқын санап жүрміз. Мен операция тосудамын. Сәлем. Көп сәлем.
P.S.Әбдіжәміл, Зейнолла бәр-бәріне көп сәлем. Республика мерекесі бәріңе де құтты болсын, мен – жүрекпен, тілекпен бәріңмен біргемін Мұхтар».

Бұл өсиет. Мұхтардың сол «жүрекпен, тілекпен бәріңмен біргемін» деген ақтық демінің табын, шығардағы жанының жылуын сақтап қалу ғана парыз болатын. Өкінішке орай, осы ақтық лебізде аты аталған «жүрегіне ұқсап соққан жылы тамырлы жан бауырыңдай сезінген» бір қылжыр өзінің романынын «Абай жолынан» асырып бағалату үшін А.Марченко деген жалдамалы сыншыға мақала жаздырып, Мәскеуде бастырды. Тек Т.Ахтанов қана «Ол биік бізге әлі алынған жоқ» деп, досының ізін жаймалады. Бұл Мұхтар Әуезовке өлгеннен кейін істелген көрқаптық сатқындық еді. Талант қуаты Мұхтар Әуезовтен кейінгі тегеуірінді, жандүниесі жарасымды Тахауи Ахтанның қалам күшін «қазақы күреске» салып, шашыратып та жіберген сол досының «достығы» еді. Дертке шалдығып, қиналып жүргенде М.Әуезовтің мұрай-үйінде айтқан өкініші әлі де жүрегімді сыздатады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет