Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен
Мұсылман діндар ғалымдарының қазіргі заманның үндеулеріне
жауаптары
Құрастырушы :
шейх Мухаммад бин Хусайн бин Саад әл-Суфран әл-Кахтани
араб тілінен орыс тіліне аударған:
Владимир Абдулла Нирша
Арабша мәтінінің редакциясын басқарған: Сауд Арабиясы Корольдігінің Ең ірі ғалымдары Комитетінің мүшесі, доктор шейх Салих бин Фаузан әл-Фаузан
Орыс тіліндегі бірінші басылымның редакторы:
муфтий Исмаил-хазрат Шангареев
қазақ тіліне орыс тілінен аударған
сайтының редакциясы
***
Бұл кітапта Сүннет жолын ұстанған ең ірі діндар ғалымдардың жауаптары жинақталған. Егер қаласаңыз, оларды бүгінгі күнде сәнге айналған «Уахаббист» сөзімен атаңыз. Бұл жауаптарда террористік актілердің кез келген түрін жасауға, бейбіт адамдарды өлтіруге және оларды ұрлап кепілдікке алуға, өзін-өзі өлтіруге, жарылыстар ұйымдастыруға қарсы қатал түрде қорқытып айтылатын ескертулер бар, өйткені мұндай іс-әрекеттер озбырлыққа және жәбірлеуге жатады.
Сондай-ақ бұл жауаптар осы адасушылық жолын ұстанып жүргендердің күмәндарын теріске шығарады. Осы тақырыпқа қатысты ғалымдардың сөйлеген сөздерінің басым бөлігі 11-қыркүйектегі әйгілі уақиғалардан көп уақыт бұрын айтылған болатын, бұл, өз кезегінде, Исламның оларға ешбір қатысы жоқ екендігіне куә болады. Бұл пәтуаларды оқу әрбір әділ адамның құқығы болып табылады және шындықты білуге ұмтылған барлық сауатты адамдардың мүддесіне үйлеседі.
КУВЕЙТ, 2008
Алғысөз
Адамдардың арасында Аллаһтың елшілері болмаған әр уақыт кезеңдерінде адасқандарды дұрыс жолға шақыратын, өздеріне жасалып жатқан зәбірлерді сабырлықпен көтеретін, Құдіретті және Ұлы Аллаһтың Кітабы арқылы өлілерді тірілтетін және Оның нұрымен соқырлардың көзін ашатын ғалымдардың болуын орнатып қойған Аллаһқа мадақтар болсын! Олар Ібіліс қағып құлатқандардың қаншасын тірілтті және көптеген адасқандарды дұрыс жолға шығарды. Олардың адамдарға істегендері нендей жақсы, ал адамдар оларға қарсы жасағандары нендей жиіркенішті еді! Олар фанатиктердің Аллаһтың Кітабына жасаған бұрмалауларын мойындамайды, сондай-ақ өтірікшілердің дәйексіз тұжырымдарын да, надандардың түсіндірмелерін де мойындамайды, ал біз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ екендігіне және Мухаммад – Оның құлы, әрі елшісі екендігіне куәлік береміз.
Пайғамбарымызға, оның отбасына, оның барлық сахабаларына және Ақырет күніне дейін оның жолымен жүріп оның Сүннетіне1 ілескендерге Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын!
Құдіретті және Ұлы Аллаһ Мухаммадты , оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, өзіне жақындатты және оны адамдарға Аллаһтың құлдарына құлшылық қылудан бас тартып, Аллаһтың өзіне ғана ғибадат ете бастауға және түрлі жолдармен адасушылықта жүруден Аллаһқа мойынсұнуға көшуге шақыру үшін пайғамбар ретінде жіберді, өйткені Ислам пайда болғанға дейін адамдар надандықтың шырмауында еді және өз төзімсіздіктерінен соқыр болды. Абыржуда болған олар бүліктердің тасқынының ортасында батып-сүңгіп жатты, өз құмарларымен мас болып, адасу мен надандықтың кісендерінен шыға алмады. Олардың ақсүйектері өз-өздерімен сүйсінумен, ал қаралары басыбайлылықта болды, сөйтіп Аллаһ адамдарға Жәннат бақтарына жол көрсеткен, оларға Аллаһтың жолдауын жеткізген, Оның аяттарының2 мағынасын түсіндірген және пұттарды талқандауды бұйырған елші жіберді, соның себебінен ақиқат жарқырай түсті, қараңғылық жарықтан ажырады және екіжүзділіктің тамырлары қопарылып жұлынды. Оның Сүннетіне ілесу игілік пен есендікте өмір сүрудің кепілі болып табылады, оның (жаққан) жарығы сөнбейді, ал дәлел-дәйектері теріске шығарылмайды; кім Сүннетке ауытқымай ілессе, қорғалған болады, ал кім оған қарсы шықса, өкінеді, өйткені Сүннет - алынбас қамал және мықты негіз. Сүннетің артықшылығы айқын және кім оны берік ұстанса, жетістікке жетеді, ал оған қайшы келетін нәрсені қалаған адам опат болады; Сүннетпен байланысын үзбей ұстағандар мәңгі дүниеде бақытты болады, ал бұл дүниеде оларға адамдар қызығушылықпен қарай бастайды.
Маған адамдардың басына түсіп жатқан ауыр апат-лаңдарға қатысты олардың мұсылман ғалымдарының пәтуаларына3 мұқтаж екендігі және білім ұмытылып, ақыл-парасат аз кездесетін, дін ережелеріне ілесу мысалдары аз көрінетін, ал бидғаттар (дінге енгізілген жаңалықтар) көбейген, келісім жойылып бара жатқан, жікшілдік пайда болып, адамдардың бастарына қайғы-қасіреттер үйіліп, қан төгіліп жатқан, адамдар тығыз байланыста болу керек адамдардан аулақ болуға, ал аулақ жүру қажет кімселерге жақын болуға ұмтылатын кезеңде осындай пәтуалар арқылы бүліктерден құтылу және адамдардың дінін, ар-намысын және өмірін қол сұғудан сақтап қалу мүмкін болатындығы айқын болды.
Осындай уақытта бүліктерден құтылу тек Сүннетке ауытқымай ілесіп, көрнекті кісілердің тарихы мен өмір жолынан ғибрат алу арқылы және Пайғамбардың жолы мен мұрасынан алыстау, білім мен оны алып жүрушілерден алшақтау Мухаммадтың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, үмметін опат болуға әкелетіндігін түсіну арқылы ғана мүмкін болмақ.
Аллаһ Тағала: «Расында, Бұл Құранда адам баласы үшін әр түрлі мысал бердік. Оларға бір белгі келтірсең де, қарсы келгендер: "Сендер қисынға сыймайтын нәрсе айтып тұрсындар!", - дейді. Осылайша Аллаһ білмегендердің жүректерін бітейді. (Мухаммад) енді сабыр ет. Аллаһтың уәдесі - хақ. (Иманы) мығым еместер сені (өз міндеттеріңе) салғырт болуыңа мәжбүрлемесін», - дейді (әр-Рум сүресі, 58-60 аяттар).
Хузайфа бин әл-Йаман, Аллаһ оған разы болсын: «Әдетте адамдар Аллаһтың Елшісіне, Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын, игілік туралы сұрақтар қоятын еді, ал мен жамандық туралы сұрайтынмын, өйткені ол (жамандық) менің басыма түседі деп қауіптенетінмін. (Бірде) мен: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Жахилиет4 кезінде біз ең нашар халде едік; кейін Аллаһ бізді осы игілікке5 жеткізді, ал осы игіліктен кейін жамандық қайта оралып келеді ме?» - деп сұрадым. Ол: «Иә», - деп жауап берді. Мен: «Ал сол жамандықтан кейін игілік қайта оралып келеді ме?» - деп сұрадым. Ол: «Иә, бірақ онда бір кемшілік болады», - деп жауап берді. Мен: «Оның кемшілігі не нәрседе болады?» - деп сұрадым. Ол: «Менің Сүннетімді ұстанбайтын адамдар (пайда болады) және (олар басқаларды) мен бағыттап жатқан жақтан өзге жаққа бағыттайды, және сен олардың (істерінің кейбірін) мойындайсың, ал (кейбірін) тәрк етесің», - деді. Мен: «Сол игіліктен кейін қандай да бір жамандық келеді ме?» - деп сұрадым. Ол: «Иә, Тозақтың қақпаларының аузында (тұратын) шақырушылар (пайда болады) және (олардың шақыруына) жауап бергенді олар оған (Тозаққа) тастатады», - деді. Мен: «Уа, Аллаһтың Елшісі, бізге оларды сипаттап бер», - деп сұрадым. Ол: «Иә. (Олар) біздің халқымыздың адамдарынан (болады) және біздің тілімізбен сөйлейді», - деді. Мен: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Менің өмір сүруімнің тұсында осылар орын алса, (мен не істеуім керек) деп ойлайсың?» - деп сұрадым.Ол: «(Шынайы) мұсылмандардың тобынан және олардың әмірінен кетпей ұстан», - деді. Мен: «Ал олардың ішінде (осындай) топ та, әмір де болмаса ше?» - деп сұрадым. Ол: «Онда ол секталардың барлығынан алшақ бол, тіпті талдың тамырына тістеріңмен қатты жабысып алып, өлгеніңе дейін осындай жағдайда қалуға тура келсе де!» - деді. әл-Бухари «Сахих», № 7084 хадис; Муслим «Сахих», № 3434 хадис.
Құрметті бауырым, сенің назарыңа соларға ілесуің және басшылығын ұстануың қажет болған ғалымдардың пәтуалары жинақталған кітап ұсынылады. Біз олардың айтқандарынан ешнәрсені алып тастамадық та, және оған ешнәрсені қоспадық. Тек олардың сөздерін ғана жеткіздік және кітапты бөлімдерге бөлдік.
Аллаһ Тағаладан бізге барлық игі нәрсеге қол жеткізуге көмектесуін және барлық жаман нәрседен алыстатуын, бізді ашық және жасырын апаттардан қорғауын, бізді игілікке себепші, ал жамандындыққа бөгет қылуын, Өзінің дініне көмектесуін және Өзінің сөзін үстем етуін сұраймыз. Және Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.
Мухаммад бин Хусайн бин Саид әл-Суфран әл-Кахтани
Әр-Рияд
БІРІНШІ БӨЛІМ
ИМАМДАРДЫҢ МҰСЫЛМАН ЖӘНЕ МҰСЫЛМАН ЕМЕС МЕМЛЕКЕТТЕРІНДЕГІ ЖАРЫЛЫСТАР МЕН ҚОПАРУШЫ ІС-ӘРЕКЕТТЕР ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ШЕШІМГЕ ҚАТЫСТЫ БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ
Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің жарылыстар мен қопарушы іс-әрекеттер туралы шешімі
Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ! Тақуаларды ең соңында игілік күтеді, ал жауласуды тек қана залымдарға қатысты көрсету керек және Қиямет күніне дейін Аллаһтың игілігі мен сәлемі Оның жаратылыстарының ішіндегі ең абзалы - Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына, барлық сахабаларына және оның ең дұрыс басшылығының арқасында тура жолға түскендердің барлығына болсын.
Хижра жыл санауы бойынша 1409 жылы, мухаррам айының 12-нен 18-не дейін (1988 жылдың 24-тамызынан 30-тамызына дейін) әт-Таиф қаласында өткен Ең ірі ислам ғалымдарының Комитеті Кеңесінің 32-сессия мәжілісі террористік актілердің орын алғандығы жөніндегі анықталған фактілері бойынша өткізілді. Бұл терактілердің салдарынан көп мұсылман және мұсылман емес мемлекеттерінде көптеген жазықсыз адамдар құрбан болды және қоғамдық мүлік пен қоғамдық мекемелердің жойылуы орын алды. Бұл келеңсіз уақиғаларға имандары пәс немесе тіпті иманнан жұрдай, нәпсілерін дерт және жеккөрушілік жаулап алған адамдар жауапты.
Үйлерді жару, қоғамдық мүлікті өрттеу, көпірлер мен туннельдерді жару, сондай-ақ ұшақтарды жару немесе басып алу қопарушылықтың осындай іс-әрекеттерінің мысалы бола алады. Бірнеше алыс және жақын елдерде осындай қылмыстар жиі қайталанатындықтан және Сауд Арабиясы да басқа да елдер сияқты осындай қопарушылық іс-әрекеттерінің нысанасы болғандықтан, Ең ірі ислам ғалымдарының Кеңесі, ол іс-әрекеттер зиян тигізу немесе қоғамдық тыныштықты бұзу мақсатымен қоғамдық және үкіметтік мекемелерге немесе басқа бір нәрселерге қарсы бағытталғанына қарамастан, қопарушылық іс-әрекетімен айналысатын адамдарға ұстамды бастау бола алатын жазаны орнату мәселесін қарастыруды міндетті деп тапты.
Кеңес шариғат қағидалары жалпы алғанда бес міндетті нәрсені: нақты атап айтқанда - дінді, өмірді, ар-намысты, ақыл-есті және мал-мүлікті - сақтап-қорғау міндетіне қатысты екендігі туралы ғалымдардың нұсқауларымен танысты. Кеңес мұсылмандардың өміріне, ар-намысына және мал-мүлкіне қол сұғу алапат қауіптермен қаншалықты қатерлі екендігіне, сондай-ақ қопарушылық іс-әрекет қоғамдық тыныштықтың бұзылуына, анархияға, бүлікке, мұсылмандарды үрейлендіруге және олардың мал-мүлкіне қауіп төнуіне әкелетіндігіне өзіне толық есеп береді.
Аллаһ Тағала, Оған мадақтар болсын, жазаларды қолдануды, олар арқылы қоғамдық және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, заңдастырып, адамдардың дінін, тәндерін, өмірлерін, ар-намысын, ақыл-есін және мал-мүліктерін қорғады. Аллаһтың мына сөздері осының түсіндірмесі болады: «Соның салдарынан Исраил ұрпақтарына: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған6 біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен; және кім оны тірілтсе7, барлық адамды тірілткенмен тең», - деп жаздық» (әл-Мәида сүресі, 32-аят).
Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері8, немесе елден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» (әл-Мәида сүресі, 33-аят).
Осы аяттарда аталған жазаларды қолдану қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етуге және мұсылмандардың өмірі мен мал-мүлкіне қол сұғуға нәпсісі итермелеген кез келген адамды жүгендеуге кепілдеме береді. Негізінде ғалымдар қалалардың ішінде соғыс әрекеттерін жүргізудің басқа жерлерде соғыс әрекеттерін жүргізуден ешбір айырмашылығы жоқ дейді, өйткені Аллаһ Тағала: «...және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің …», - деді.
Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Адамдардан кейбіреуінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңырқатады да, (ол) Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол - өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады, ал Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді» (әл-Бақара сүресі, 204-205-аяттар), - деді .
Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Жер жүзі түзетілгеннен кейін9 бүлікшілік қылмаңдар» (әл-Ағраф сүресі, 56-аят), - деп бұйырды.
Ибн Касир, Аллаһ оны рахымына бөлесін: «Аллаһ Тағала жер бетінде бұзақылық (жасауға) және ол (жер) түзетілгеннен кейін оған зиян тигізетін нәрселерді таратуға тыйым салады, өйткені егер алғашында істер дұрыс бағытта жүрген болса, ал кейіннен барлығы бұзылған болса, бұл Аллаһтың құлдары үшін ең зиянды болып табылады, сөйтіп Аллаһ Тағала бұған тыйым салды», - деді.
Әл-Қуртуби10: «Аллаһ Тағала, Оған мадақтар болсын, түзетуден кейін қандай болса да кез келген бұзақылық жасауға тыйым салды және бұл (үкім) барлық (адамдарға) қатысты», - деді.
Жоғарыда баяндалғандарға негізделіп және жоғарыда аталған іс-әрекеттер материалдық немесе өзге де мүдделер үшін соғысып жүрген жақтардың іс-әрекеттерімен салыстырғанда анағұрлым қауіптірек екендігіне сүйене отырып, өйткені қопарушылық іс-әрекетпен айналысып жүрген адамдар қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға, мұсылман үмметін қиратуға, оның сенім жүйесін жоюға және оны Раббымыз көрсеткен жолдан тайдыруға ұмтылып жатқандықтары себепті, Кеңес төмендегідей шешім шығарды:
-
Егер адамның қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіргені: үйлерді, мешіттерді, мектептерді, ауруханаларды, көпірлерді, қару қоймаларын, сумен қамтамасыз ету көздерін және мұнай құбырларын немесе ұшақтарды жару яки басып алу және соған ұқсас іс-әрекеттер арқылы өзге адамдардың өміріне және жеке немесе қоғамдық мүлікке қарсы қастандық жасау жолымен қопарушылық іс-әрекетімен айналысып жүргені немесе жер бетінде бұзақылықты таратып жүргені шариғатқа сәйкес анықталса, күнәлі адам өлім жазасына лайықты.
Бұған осындай әрекеттерді істеп жүргені үшін күнәлі адам өлім жазасына лайықты болады деген жоғарыда келтірілген Құранның аяттары және қопарушылық іс-әрекетпен айналысып жүрген адамдар үлкен қауіп төндіретіндігі және қарақшылардан да көп зиян әкелетіндігі нұсқау бола алады.
Жеке адамды ғана өлтіру немесе тонау арқылы оған қастандық жасаған қарақшыға Аллаһ осындай жазаны бекіткен болса, онда көптеген жазықсыз адамдарға қайғы-қасірет тигізетін лаңкестер (терроршылар) оған тіпті лайық.
-
Бірінші тармақта айтылған жазаны қолданудан бұрын шариғат соттары тергеу органдары мен Жоғарғы сот тарапынан іске асатын дәлелдерді жинақтау жұмыстарын жүргізуі қажет. Бұл өз парызымызды толық өтеу үшін, абай болудың қажетті іс-шараларын орындау үшін және бұл мемлекет қылмыстарды тергеуге және оларға жаза белгілеуге байланысты шариғат бекіткен барлық рәсімдерді ауытқымай ұстанатынын көрсету үшін қажет.
-
Кеңес мұндай жазаның бекітілгендігі туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялануы қажет деп есептейді.
Аллаһтың игілігі мен сәлемі Оның құлы және елшісі - пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына болсын.
Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Кеңесі11
Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Әр-Рияд қаласында орын алған жарылыс туралы шешімі
Әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақ! Өзінен соң басқа пайғамбарлар келмейтін Мухаммадқа, оның отбасына және оның сахабаларына салауаттар мен сәлем болсын.
Комитет: «Бұл қастандық - күнә, жиіркенішті қылмыс, қиянаттың көрінісі, сатқындық және адамдардың өмірі мен мал-мүлкіне қол сұғылмаушылыққа қатысты, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатысты діни тыйымдарды бұзу болып табылады», - деп шешті.
Мұндай қылмысты бойын өшпенділік, қиянатшылық, көралмаушылық, әділетсіздік, дұшпандық және өмір мен игілікке деген жиіркеніш баулап алған пасық қана істей алады. Мұсылмандар бұл қылмыстың тыйым салынғандығы, жиіркеніштілігі және өте үлкен күнә екендігі жөнінде бірауызды пікірді ұстанады, ал осы және осы сияқты қылмыстарға тыйым салынғандығына нұсқайтын Құранның аяттары мен хадистер өте көп және көпшілікке аян.
Осыдан шыға келе, Комитет бұл қылмысқа тыйым салынатындығы жөнінде шешім шығарады, жаман ағымдарға, бұзақы идеялық көзқарастарға және опатқа соқтыртатын бағыт-бағдарларға ілесуден сақтану керектігін ескертеді, өйткені егер адам жамандыққа үндейтін өз нәпсісіне ерік берсе, ол оны опатқа жетектейді. Тұла бойын жеккөрушілік баулап алған адамдар осы әрекеттерде өздері үгіттеп жүрген жақсаруға шақыру түріндегі өздерінің мақсаттары мен қалауларын іске асыруға мүмкіндік табады. Ал осы қопарғыш элементтер туралы бір нәрсе болса да білген әрбір адам олар туралы құзырлы органдарға хабарлауы керек.
Құранда Аллаһ адамдарды жамандыққа шақыратындардан және жер бетінде бұзақылық пен пасықтық жасап-таратушылардан сақтануды ескертті. Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері немесе елден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» (әл-Мәида сүресі, 33-аят).
Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Адамдардан кейбіреуінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңырқатады да, (ол) Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол - өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады, ал Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді. Ал қашан оған: «Аллаһтан қорық!», - делінсе, оның паңдығы ұстап, өзін күнәкар етеді. Оған Тозақ жетеді12, (ол) нендей жаман орын» (әл-Бақара сүресі, 204-206-аяттар), - деді.
Біз Оған ғана мадақтар айтатын және Одан ғана дұға тілейтін Аллаһ Тағаладан бейтбіт тұрғындарға қастандық қылатындарды әшкерелеуін, бізден және барша мұсылмандардан зұлымдықтың бетін кері бұруын, осы және өзге де мұсылман елдерін барша жаман және айыпты нәрселерден қорғауын және біздің мұсылман әмірлерімізге, сондай-ақ барлық мұсылман мемлекеттерінің әмірлеріне адамдар мен мемлекеттерге пайда беретін амалдар жасауға көмектесуін жалбарынып сұраймыз. Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.
Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Кеңесі
Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Әл-Хубар қаласында орын алған жарылысқа байланысты шешімі
Әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақ! Өзінен соң басқа пайғамбарлар келмейтін Мухаммадқа, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.
Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Кеңесі 13.02.1417 х.ж. (29.06.1996 ж.) сенбі күні әт-Таиф қаласында өткен өзінің төтенше 10-отырысында Шығыс ауданында орналасқан Әл-Хубар қаласында хижра бойынша 09.02.1417 ж. (25.06.1996 ж.) сейсенбіде орын алған және қирауларға, көптеген мұсылмандар мен мұсылман емес адамдардың опат болуына, жарақат алуына және қорқып-үрейленуіне әкеп соқтырған жарылыс туралы мәселені қарады.
Аталған мәселені қарап және зерттеп, Кеңес бірауызды төмендегі шешімді қабылдады:
1. Аталған жарылыс - қылмыстық акция деген пікірге мұсылмандар бірауызды келіседі, бұған төмендегі жағдайдайлар нұсқайды:
а) Аталған жарылыс баршаға аян болуға тиіс болған Ислам тыйымдарын бұзу болып табылады. Мұндай әрекеттерді жеке тұлғаның қол сұғылмаушылығына қастандық, қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, сондай-ақ бейбіт тұрғындардың өміріне қарсы және адамдар оларсыз амалдай алмайтын қоғамдық қызметтерге қарсы жасалған қастандық болып табылады. Аллаһтың тыйымдарын бұзуға қорықпай бет алған, Оның құлдарына қатысты зұлымдыққа жол берген және мұсылмандар мен олардың арасында өмір сүретін басқа тұрғындарды қорқытып-үрейлендіруге талпынған кімсенің қылмысы нендей жиіркенішті және ауыр болып табылады! Оған қасірет, тағы да қасірет болсын, өйткені оны Аллаһтың жазасы, кек алуы және Оның лағынеті күтіп тұр, ал біз Аллаһтан қылмыскерді әшкерелеуін және оны қорлауын тілейміз.
б) Шариғатқа сәйкес әрбір мұсылман және де мұсылмандармен бейбіт өмір сүріп жатқандардың барлығы қол сұғылмаушылық құқығына ие; бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деген: «Кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы ішінде мүлде қалатын Тозақ болады. Сондай-ақ оған Аллаһтың ашуы, қарғысы болып және зор қинау әзірлеп қойылған!» (ән-Ниса сүресі, 93-аят).
Мұсылмандардың қорғауындағы адамды13 білместікпен өлтіру туралы айтар болсақ, бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деді: «Ал егер ол (өлтірілген адам) сендермен олардың арасында келісім болған бір елден болса, өлгеннің иесіне құн тапсырып, әрі бір мүмін құлды азат етуі керек» (ән-Ниса сүресі, 92-аят).
Ал егер қорғаныштың астында болған адамды білместікпен өлтіргені үшін құн төлеп, айыпты өтеу амалдарын жасау қажет болса, онда мұндай адамды қасақана өлтіру туралы не айтуға болады? Мұндай адамды өлтіру едәуір ауыр қылмыс және едәуір салмақты күнә болып табылады, ал сахих хадистердің бірінде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Муахадты14 өлтірген (адам) аңқыған иісі (одан) қырық жылдық жол қашықтықтан сезілетін Жәннаттың иісін де сезбейді» (әл-Бухари «Сахих», №3166 хадис), - деп айтқаны туралы.
Сонымен, қорғаныштың астындағы адамды өлтіріп, өте ауыр және жиіркенішті қылмыс жасау түгілі оны ренжітуге де болмайды. Муахадты өлтірген адамға өте қорқынышты ескертулер жолданған, өйткені мұндай күнә өте ауыр күнәларға жатады және оны жасаған адамға Жәннатқа кірмейтіндігі туралы қорқытылып айтылады, ал біз Аллаһтан пана іздейміз және Ол бізді қолдаусыз қалдырмауын тілейміз!
в) Мұндай қылмыс Ислам тыйым салған бірқатар амалдардың жасалуымен байланысты. Олардың қатарына қиянат, сатқындық, зұлымдық пен өшпенділіктің көрініс беруі, мұсылмандарды қорқыту т.б. жатады. Бұл амалдардың барлығы Аллаһ, Оның Елшісі және муминдер тәрк ететін және жек көретін, айыпталатын өте жиіркенішті істер болып табылады.
2. Кеңес мұндай қылмыстық әрекеттер шариғатпен тыйым салынғандығына анық нұсқайды және әлемге төмендегіні жариялайды:
Исламның, сол сияқты Аллаһ пен Қиямет күніне иман келтірген кез келген мұсылманның да мұндай іс-әрекеттермен ортақ еш нәрсесі жоқ. Мұндай амалдарды тек бұрмаланған көзқарастар мен бұзылған сенімге ие адам ғана жасай алады. Ол өзінің күнәсына және өзінің қылмысына жауапкершілік тартады және оның әрекеттерін Исламмен де, іс жүзінде Исламның бекіткен ережелерін басшылыққа алып, Құран мен Сүннеттің нұсқауларын ұстанатын мұсылмандармен де байланыстыруға болмайды.
Мұндай іс-әрекеттер - нағыз пасықтық пен қылмыс және шариғатпен де, адамның табиғатының өзімен де тәрк етіледі. Дәл сол үшін де Құран мен Сүннет мұндай әрекеттерге үзілді-кесілді тыйым салады және оларды жасап жүргендермен байланыста болудан сақтану керектігі туралы қатаң ескертеді. Өйткені Аллаһ Тағала: «Адамдардан кейбіреуінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңырқатады да, (ол) Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол - өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады, ал Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді. Ал қашан оған: «Аллаһтан қорық!», - делінсе, оның паңдығы ұстап, өзін күнәкар етеді. Оған Тозақ жетеді, (ол) нендей жаман орын» (әл-Бақара сүресі, 204-206-аяттар), - деді.
Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері немесе елден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» (әл-Мәида сүресі, 33-аят).
Аллаһ Тағаладан осындай істермен айналысып жүрген адамдарды шариғат бойынша соттау үшін әшкерелеп, ұстап алуға көмектесуін жалбарынып сұраймыз. Сондай-ақ біз Одан бұл елден де, басқа мұсылман елдерінен де қайғы-қасіреттің бетін аулақ етуін, екі Қасиетті мешіттердің қызметшісі болған король Фахд бин Абд әл-Азизге, оның үкіметіне барлық мұсылман әмірлеріне мемлекеттер мен Аллаһтың құлдарына пайда әкелетін істерді атқаруға, бұзақылық пен бұзақыларды басып тастауға көмектесуін, осы әмірлер арқылы Оның дініне көмектесуін, Оның сөзін ұлықтап-биіктетуін және барша мұсылмандардың істерін ретке келтіруін тілейміз, өйткені бұл Оған ғана тәуелді және Ол мұны істей алады.
Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.
Достарыңызбен бөлісу: |