Н. Ю. Пиговаева жоғары музыкалық білім жүйесінде арнайы пәндерді оқытудың психологиялық-педагогикалық Қатынастары



бет1/5
Дата20.06.2016
өлшемі399.5 Kb.
#149441
  1   2   3   4   5
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

Н. Э. Пфейфер

Е. И. Бурдина

Н. Ю. Пиговаева



ЖОҒАРЫ МУЗЫКАЛЫҚ БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕ АРНАЙЫ ПӘНДЕРДІ ОҚЫТУДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫ
Музыкалық-педагогикалық мамандықтардың студенттеріне арналған оқу құралы

Павлодар


Кереку

2011


УДК 378:372.878.012(075.8)

ББК 74.268.53 я73

П86
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесі басуға ұсынған
Рецензенттер:

Е. О. Жұматаева – педагогика ғылымдарының докторы, профессор;

Б. Г. Сарсенбаева - педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.
Пфейфер Н.Э., Бурдина Е.И., Пиговаева Н.Ю.

П86 Жоғары музыкалық білім жүйесінде арнайы пәндерді оқытудың

психологиялық-педагогикалық қатынастары: музыкалық-

педагогикалық мамандықтардың студенттеріне арналған оқу

құралы / Н. Э. Пфейфер, Е. И. Бурдина, Н. Ю. Пиговаева. –

Павлодар : Кереку, 2011. – 61 б.


ISBN 9965-583-87-0
Оқу құралында педагогикалық процестерді оңтайландыру мәселелері мен психологиялық-педагогикалық қатынастар, музыкант-студенттерді оқыту мен тәрбиелеудің әдістерін жетілдіру жолдары қарастырылады.

Оқу құралы 050106 «Музыкалық білім», 050402 «Аспапта орындау», 050408 «Эстрада өнері» музыкалық-педагогикалық мамандықтарының студенттеріне арналған.

УДК 378:372.878.012 (075.8)

ББК 74.268.53я73


ISBN 9965-583-87-0

© Пфейфер Н.Э., Бурдина Е.И., Пиговаева Н.Ю., 2011

© С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2011
За достоверность материалов, грамматические и орфографические ошибки ответственность несут авторы и составители

Кіріспе
Кез-келген оқытушының басты міндеті – білім алушыға оның мамандығына сай қажет білім көлемін оның есінде көп уақыт бойы қалатын деңгейде игерту. Білім алу барысында олардың денсаулықтарына зиян келмеуі үшін және олардың көңіл-күйлері де жайлы, қалыпты болып қалуы үшін, оқытушы өзінің пәні мен пәнді оқытудың қазіргі заман талабына сай әдістерін ғана біліп қоймай, сонымен бірге жалпы адамның психологиясы мен физиологиясының ерекшеліктерін де ескеруі қажет. Педагог білім алушының психологиялық жағдайын сезініп, тұлғаның жеке басына жарақат түсірмей отырып, оны түзеуі тиіс.

Тұлғаның ойлауының психологиялық механизмдерін түсіне біліп, оған табиғи түрде ықпал ете білу қажет. Физиологиялық жағдай мен индивидтің ерекшеліктерін білу мен түсіну оларды сездірмей түзеуге мүмкіндік береді. Педагогтің өзі игерген әдістері мен тәсілдерінің көмегі арқылы, білім алушының санасынан оның табиғи қабілеттерін босатып ала отырып, оны қандай да бір дарынды тұлға ретінде қалыптастырудағы, орындаушы ретіндегі психологиялық сенімділігін қалыптастыру мен бекітудегі маңызы зор.

Музыкалық өнерді зерттеу мен игеру – бұл өте күрделі ғылым. Ол философия, педагогика, психология салаларында белгілі бір дәрежедегі білімді қажет етеді. Кез-келген музыкант-педагог жұмыс барысында музыка және студенттің жеке тұлғасы, оның өзіндік ерекшеліктері, қабілеттері, ұмтылыстары сияқты екі фактормен кездеседі. Кез-келген музыкалық білім беруде оның маңызды компоненттері - музыкалық ойлау мен қате әрекеттердің алдын алу немесе түзеу болып табылады. Музыкант-оқытушы музыкалық ойлау дегеннің өзі немене және қате әрекет ету дегенді қалай түсіну қажет, оқу барысындағы кездесетін қандай да бір кемшіліктерді педагог қалай қабылдауы тиіс, музыкант-студенттің интеллектуалдық және орындаушылық қызметінде жағымсыз жақтарының пайда болуын арттырудың, немесе керісінше кемітудің шарттары қандай, шығармашылық, шабыт, шабыттану сияқты құбылыстарға не әсер етеді деген сияқты мәселелер төңірегінде жұмыс істеулері қажет. Барлық музыкалық және музыкалық-педагогикалық жоғары оқу орындарында, арнаулы пәндермен қатар педагогика және психология оқытылады. Психологиялық білімді кейін музыкалық-педагогикалық жұмыста қалай қолдану қажеттігін меңгеру, музыкалық сабақтарды тұрақты психологиялық іргетаста құра білуге үйрену – педагогтің басты міндеті болып табылады.

Білім алу кезеңі студенттің жаңалықтар ашуға келетін, дайын білімді қабылдап қана қоймай, оны зерттеуші ретінде қалыптасатын, өз бойында шығармашылық әлеуетін ашатын өзінше бір лаборатория болуы керек.

Оқытушы білім алушылардың бойында ғылыми тұрғыдан жұмыс істей білу, ғылым әдістерін жаңа білімді игеру құралы ретінде меңгеру қасиеттерін қалыптастыруы керек. Оқытушы жетекшіден ерекше бір ғалымға, экспериментаторға, теоретикке және практикқа, зерттеу үдерісінің жетекшісіне, шебер психолог-тәрбиешіге айналады.

Білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, олардың бойында шығармашылық қабілет қалыптастыру бұл – фундаменталды міндет. Білім алушының маман ретіндегі қалыптасуы осы міндеттің дұрыс шешілуіне тікелей байланысты. Зерттеу мәліметтері кез-келген студенттен шығармашылық тұлға қалыптастыруға болатынын көрсетеді. Кез-келген жағдайда адамның бойында шығармашылық потенциал тудыратын белгілі бір технология, өзінідік жүйе болуы қажет.



1 Кәсіби педагогикалық үдерісті оңтайландыру мәселелеріне психологиялық-педагогикалық қатынас
Қазіргі замандағы философиялық ой әрекетті белсенді, өзін қоршаған объективті әлемді өзгертуші тұлғаның өмір сүруінің негізгі тәсілі ретінде белгілейді. Әрекет барысында адам бойында сезіну мен қабылдау, ой мен есте сақтау, эмоциялар мен елестету сияқты химиялық үдерістер қалыптасады. Бұл құбылыстардың табиғаты мен өзгешелігі философтардың, психологтар мен педагогтердің назарында үнемі болады. Себебі теориялық негізсіз өмірдің түрлі жақтарын, тұлғаның шынайы өмірін құрайтын барлық қарама-қайшылықтар мен түрлі өзгешеліктерді соңына дейін түсіну мүмкін емес.

Кез-келген қалыпты дамып жатқан қоғамда жас ұрпақ ең алдымен әрекеттің ерекше түрі – білім алумен айналысады. Осының арқасында олар өздеріне дейінгі ұрпақтар жинаған барлық тәжірибені, білімді және дағдыларды игеріп, қазіргі білім берудің жаңа технологияларын үйреніп, кәсіби еңбекке дайындалады.

Сызбалық тұрғыдан барлық әлеуметтік тәжірибені төрт басты құрылымға орналастыруға болады:

- білім танымдық әрекеттің іс жүзінде тексерілген нәтижесі ретінде, нақты айтқанда шындықтың адамның ойында, санасында көрінуі;

- әрекеттің әртүрлі түрлері мен тәсілдері, оны оңтайлы жүзеге асыру тәжірибесі;

- шығармашылық, жасампаз әрекет тәжірибесі; әлемді эмоциялық-құндылық және моральдік-эстетикалық тұрғыдан қабылдау.

Материалдық мәдениет пен тәжірибені көрсетушілермен қатар, негізінде білім мен дағдының, іскерліктің иесі болуы тиісті болатын, бірақ ең бастысы қабілетті және өзінің бойындағы бардың бәрін білім алушыға бере алуға арнайы үйретілген оқытушының тұлғасы да көрінеді.

Оқытушы, қандай пәнге оқытса да, көрсету мен түсіндіруді пайдаланады, міндет қою мен талап етуді жүзеге асырады, орындалған жұмысты және оның түзетілуін тексереді, оқу үдерісін ынталандырудың негізгі түрі ретінде көтермелеу мен жазалауды қолданады. Педагогтар пайдаланатын жұмыс істеу қағидалары бойынша оларды екі категорияға бөлуге болады.

Біреулері үшін бастысы – оқытушының билігі, әсер етудің негізгі әдісі - еріктілік: «Мен сияқты істе!» ұраны. Басқалары үшін әр оқушының тұлғалық қайталанбас ерекшеліктерін сақтаап қалу, жүйелі түрде, байқатпай оған тәрбиелік әсер ету, шыдамдылық көрсету. Өздерінің үлгілерімен, өздерінің өмір мен өнерге деген көзқарастарымен оқытатындарды авторитарлық мектепке жатқызуға болады. Екінші қағиданы ұстанатындар үшін, басқаша айтқанда білім алушылардың әрекеттеріне толеранттық көзқарастағыларға бастысы - білім алушының өзіндік білім алуын, бақылау бойынша білім алуын, әртүрлі әдістердің көмегімен білім алуларын жолға қою. Авторитарлық мектептің өкілдерін іскерлер дейді (умельцы), себебі олар өздеріндегі бар білімді үйретеді.

Ал өздігімен шығармашылық жолмен үйрене білуге үйрететіндерді оқытушы деп атайды. Ал тәрбие мәселесіне келсек, 30-жылдардың өзінде Л. С. Выгодскийдің: «Біз оқытушы білім алушыны тәрбиелеуі қажет деген түсінікпен қош айтыстық. Тәрбиенің нағыз құпиясы тәрбиелемеуде»,- деп жазған. Оқытушы дәріс оқып жатқанда немесе сабақты түсіндіргенде, ол бір жағынан ғана оқытушы ретінде көрінеді, яғни «ол тек дайын білімді баяндап бергенде, оқытушы болуын қояды». Моральдік-этикалық тәрбиеге көзқарас өзгереді. Оқытушы өзінің білім алушыларын мүмкін болған жердің бәрінде әрекет етуге, кез-келген нәрсеге қайырымдылық тұрғысынан қарауға үйретіп, олардан еркін адамдар «жасауы» тиісті.

Негізі мораль тұтас тәрбиенің бөлінбес бөлшегі болуы тиіс. Моральдік тұрғыдан әрекет етіп тұрған адам шын мәнінде өзінің моральдік тұрғыдан әрекет етіп тұрғанын түсінбейтін адам. Моральдік тәрбие әлеуметтік ортаның өзі қалыптастыратын және реттейтін өзін-өзі ұстаудың тәсілдері арасына сіңіп кетуі тиіс.

Авторитарлық қағиданы, оқытушының ықпалын, марапаттаулар мен жазалаулар арқылы, зорлап таңуға құрылған тәрбие жүйесінің жағымсыз салдарлары туралы Выготский былай жазған: «тыңдаудың, тіл алғыштықтың моральдік құндылығы біздің тануымызда түкке тұрмас аз, осы құнға сатып алған қайырымдылық, біздіңше педагогикалық идеал бола алмайды.

Моральдік тәрибе жүзеге аспағанда ғана емес, көбіне ол жүзеге асқанда, өзінің қауқарсыздығын танитын. Ол өзінің қалағанына қол жеткізген жағдайларда әсіресе төмен құлдырайды. Кез-келген жазалау оның бойындағы махаббат пен сенімді тұншықтырып, тәрбиеленушінің намысына тиеді».

Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Оқу үдерісін ынталандырудың негізгі түрлерін атаңыз.

2. Оқушылардың бойында қандай психологиялық үдерістер қалыптасады.

3. Оқытушылар қандай негізгі екі типке бөлінеді?
1.1 Жоғары музыкалық білім жағдайында оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру
Қазіргі замандағы жаңа қоғамның дамуы жағдайында, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеудегі негізгі фактор - олардың еркі, жігері және білімі мен білім алуға деген құштарлықтары болып табылады. Келешекте аяғынан тік тұрып, социумда өзінің орнын таба алуы үшін адамда кәсібилік, ұлтжандылық, алдына ұзақ мерзімдік міндеттер қоя білу қабілеттері болуы қажет және жаңа қоғам жағдайында осы міндеттерді шешуге жігері мен біліктілігінің жетуі керек. Эстетикалық циклдің мақсаты тұлғаның үйлесімді дамуына, оның шығармашылық әлеуетінің қалыптасуына өз үлесін қосу.

Музыкалық білімнің мақсаты – өскелең ұрпақты, жалпы адамзаттың рухани байлығының бір бөлігі болып табылатын музыкалық мәдениетке тарту арқылы, жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыру. Музыкалық білім музыкалық өнерге деген қызығушылықты тудырып, оны түсіне білуге, эстетикалық талғамның, практикалық дағдылардың қалыптасуына, шығармашылық қабілеттерді дамытуға, өздігімен ойлауға, оқушылардың бойында өздерінің шығармашылық дарындылықтарына деген сенімдерінің дамуына әсер етеді.

Білім алушылар музыкалық курсты оқу барысында өнердегі түрлі стильдердің шығармашылық қағидалары мен олардың ең танымалы өкілдері туралы нақты білім алып, қазақ, шетел және орыс музыкасына жататын көптеген музыкалық шығармалар бойынша біршама кең түрде білімді меңгерулері қажет.

Оқу бағдарламасы бойынша білім алушы музыканың түрлі жанрларымен, дәуірдің негізгі шығармашылық қағидаларын көрсету тұрғысынан қарап оқытылатын композиторлардың шығармашылықтарымен немесе жаңашылқ композиторлардың шығармашылықтарымен танысады.

Білім алу барысында тыңдаушылар сонымен бірге, кәсіби музыкалық тілдің негізін меңгереді, музыкалық шығарманы түсіну мен талдауға үйренеді. Қазіргі заманда адамдардың арасында экономикалық, саяси, сондай-ақ мәдени салаларда белсенді түрде қарым-қатынас жасалып жатқан кезде, халықтың мәдени дамуының ерекшеліктері мен рухани құндылықтары әріптестік қарым-қатынастың маңызды факторы болып иабылады.

Музыкалық білім беру курсы тыңдаушының классикалық музыканың, сондай-ақ жалпы шынайы өнердің көркемдігін түсіну қабілетін дамытуға бағытталған. «...Адам жеңіл өнердің әсерінде қаншалықты көп болса (тіпті жақсы болып саналса да), соншалықты ол адамзат ұлы өнер деп атайтын үлкен өнерден алшақтай береді...

Ол (жеңіл өнер) біздің рухани әлеміміздің тереңдігіне бойламайды». Қарастыратын материал білім алушылардың шығармашылық стильдер, дәуірлер туралы танымдарын кеңейтіп, әлемдік музыкалық өнердің ең белгілі үлгілері туралы білім береді. Музыка сабақтары сонымен бірге музыкалық стильдерді, дәуірлерді және композиторлардың осы дәуірлерге қатысын оқу үдерісінде оқушылардың орындаушылық дағдыларын жетілдіруге арналған.

Курстың бағдарламасының тәрбиелік мәні де бар. Оған қазіргі замандағы әлем мәселелерін түсінетін және қабылдай алатын ашық тұлға қалыптастыру да жатады. Жер бетіндегі кез-келген жан иесіне қатысты гуманистік көзқарас, экологиялық мәселелерді түсіну – қазіргі жағдайда жеткіншек ұрпақты тәрбиелеудің көкейкесті мәселесі. Музыка шынында да адамдарға жағымды немесе жағымсыз әсер ете алады, яғни музыка адамға пайдалы не зиянды әсер етеді.

Ол ойды және сезімді байытады, күш-қуат береді, өз идеалдары үшін күрес жолында еңбек етуге жетелейді. Сондықтан қазіргі заманның теоретик музыканттарының және практиктерінің алдында мынандай екі идеологиялық міндет тұр: алдыңғы қатарлы өнердің бекуіне ықпал ету және оны бұқараға идеялық тәрбие берудің құралы ретінде пайдалану. Музыка сабақтары білім алушының бойында белсенділікті, саналылықты, өзіндік ойлауды, өмірлік ұстанымын қалыптастыруға, ұлтаралық қарым-қатынаста патриоттық сезім мен мәдениетке тәрбиелеуге бағытталған.

Музыка сабақтарының бағдарламасы эстетикалық және гуманитарлық цикл пәндерімен өзара байланыста болуды талап етеді. Шығармашылық сабақтар басқа арнайы пәндермен байланыс орнатады. Пәнаралық байланыс білімді тереңдетеді, бекітеді, олар білім алушының тез, әрі үйлесімді дамуына бағытталған.

Алға қойған мақсаттарға жету үшін жұмыстың түрлі әдістері мен түрлері қолданылады. Бұл перцептивтік, гностикалық, логикалық, басқару әдістері, сонымен бірге жұмыстың жеке және топтық түрлері.


Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Музыкалық білім берудің мақсаты қандай?

2 Музыкалық білім берудің тәрбиелік міндеттері қандай?

3. Оқытушылар алға қойған мақсаттарда нәтижеге жету үшін жұмыстың қандай түрлері мен әдістерін пайдаланады?

1.2 Музыкалық ойлаудың кейбір психологиялық механизмдері
Музыкалық-эстетикалық мәселелерге психологиялық қатынастың мәні музыкалық білім беруде тереңірек түсініледі. Бұл көркем шығармашылықты кешенді үйренудің жалпы тенденциясының бір түрі болып табылады. Бұған кейінгі кездері жарық көрген бірқатар еңбектер дәлел. Бұл еңбектердің ішінде әсіресе Е. В. Назайкинскийдің «Музыкалық қабылдаудың психологиясы туралы» («О психологии музыкального восприятия») деген еңбегін ерекше атап өтуге болады. Бірақ қабылдау мәселесінен басқа, музыкалық білім берудің басқа да түрлі мәселелері бар. Олардың арасында біз ең алдымен өзара байланысты үш мәселені ерекше атап өтеміз. Бұларда стиль мәселесі психологиялық тұрғыдағы кейбір заңдылықтармен ұштасады. Бұлар – стиль және музыкалық ойлау ұғымы, стиль және музыкалық шығармашылықтың психологиялық механизмі, стильдік талдау үшін музыканы қабылдау психологиясының ролі.

Музыкалық стиль – музыкалық ойлаудың ерекшеліктерін көрсету, ойлаудың ерекше шығармашылық формасының түрлері. Бұл стиль мәселесін психологиялық заңдылықтар тұрғысынан қарауға негіз болатын сәт.

Музыкалық ойлауды мейлінше қысқа, жалпылама түрде түсіндіргенде, оны есте сақтаудың музыкалық-интонациялық есту тәжірибесінің көмегімен игерілген, қайталанған музыкалық қабылдау нәтижесіндегі музыкалық-бейнелі елестетулермен ойлау деп жеткізуге болады.

Музыкалық ойлау - әдетте композиторлық қызмет ұғымымен байланыстырылатын музыкалық-шығармашылық ойлауға қарағанда кеңірек ұғым. Ол музыкалық мәдениеттің ірге тасын қалайтын үш басты буынның қажетті негізін құрайды. Олар: шығармашылық, орындаушылық және музыканы қабылдау. Олардың әрқайсындағы музыкалық ойлаудың сипатындағы айырмашылық қатыстық қана. Бұл буында бір бірімен араласып кетеді: тыңдаушының музыкалық ойлауы композиторға да, орындаушыға да тән және қажет; шығармашылық (композиторлық) ойлаудың біршама көрінетін потенциалдық элементтері тыңдаушыда сияқты орындаушының да саналы әрекеті бағытына сәйкес дамуы мүмкін (бұған көптеген тарихтан белгілі мысалдар дәлел бола алады).

Музыкалық қабылдауға келер болсақ, ол үш буынның барлығын біріктіреді де, осыған сәйкес стильдің мәнін талдауда шығармашылықтың бір қыры - қабылдау психологиясының бірқатар ерекшеліктерін елемеуге болмайды.

Лирикалық кейіпкер тарихи, ұлттық және әлеуметтік жағынан нақты анық, әлеуметтік-мәдени уақыт пен кеңістіктің нақты координатында болады. Шуберттің өлеңдерінде бұл сыртқы пішіні қарапайым, бірақ ішкі жан дүниесі терең адам. Өткен ғасырдың виртуоздық вариацияларында бұл керемет әңгімешіл, салондардың қыздырушысы.

Көптеген қазіргі замандағы симфониялық шығармалардың кейіпкері «тарихи» тұрғыдан ойлайды, қиялдаудың көмегімен түрлі кезеңдер мен мәдениеттерге ауысады.

Шығарманың интонациялық-субъективтік тұтастығының міндетті шарты – лирикалық кейіпкердің болуы. Онсыз шығармашылық әлем босап, ыдырайды, өнер өледі. Сондықтан барлық суреткерлер шығарманың басты интонациясына құлақ түріп, туындының субъективтік әлеміне терең бойлаған.

Чехов «мен олардың иісін де, өздерін ұстауларын да ортақ қылуға тырысамын» деген. Мынау Репиннің айтқаны: «Суреттің жалпы үйлесімі бойынша жұмыс істедім. Қандай ауыр еңбек! Әрбір дақ, түс, сызық – бәрі бірігіп, сюжеттің жалпы көңіл-күйін білдіріп, бірігіп суреттегі кез-келген субъектіні сипаттап тұруы қажет. Көп дүниені қиюуға тура келді, түстерде де, тұлғаларда да көп өзгерістер жасадым. Әрине, мен суреттің негізін құрайтын басты дүниеге тиіспедім. Сөйтсе де...».

Бунин: өз еңбегіңді аяқтағанда, оны жазудың басында, тіпті жазу үстінде өзің ойлағаннан мүлдем басқаша аяқталғанын көресің. Тек ең бастысы, шығарманың жалпы бір белгісі ғана жұмыстың басындағы оймен сәйкес келеді». Бұдан әрі айтқанында, «қандай да бір жеке сөз, көбіне қарапайым сөздердің бірі, қандай да бір есім жазуға ынтаңды тудырады», - дейді.

Осы негізгі интонация бірінші фразадан бастау алады. «Ия, бірінші фраза шешуші роль атқарады. Ол шығарманың көлемін, тұтас үндеуін анықтайды. Егер осы алғашқы дыбысыңды дұрыс ала алмасаң, онда шатасасың да, бастағаныңды кейінгіге қалдырасың, немесе жарамсыз деп тастауға мәжбүр боласың...».

Музыкатануда шығарманың бірлігі де интонациялық деп беріледі. Бірақ тек сөз жүзінде! Себебі интонациялық бірлік формальді мотивтік, ырғақтық бөліктердің бірлігі ретінде түсініледі. Бірақ мәселе ырғақтық-тақырыптық үндесуде емес қой (бұлар да шын мәнінде үйлесімді тұтастыққа кепілдік бермейді). Циклдық шығармада бұлар болмауы да мүмкін, бірақ рухтың бірлігі міндетті түрде қажет!

Ойлаудың жалпыпсихикалық қызметі ретіндегі бір түрі музыкалық ойлауға, бірқатар жалпы психофизиологиялық заңдылықтар мен сезінудің жоғары жүйке қызметі функциялары (эмоционалдық және интеллектуалдық), қабылдау мен олардың талдаулары, елестетудің пайда болуы мен есте сақтау, логикалық жалпылау, еріктік актілер т.б. тән. Әсіресе музыкалық ойлауды қалыптастыруда ойлаудың тіл мен сөйлеуге қатынасы ерекше орын алады.

Табиғи (сөйлеу) және музыкалық тілдердің шынайы қызмет етуінің табиғаты мен сипаты әр түрлі болғанымен, олардың ойлаудың мазмұнын жеткізу құралы ретіндегі және әлеуметтік-коммуникативтік қызметінің көрінуі ретіндегі ортақ белгілері бар. Бұдан жалпылықтың бұдан арғы ортақ белгілері, ең алдымен пайда болу мен дамудағы ортақтықтар (музыкалық және сөйлеу тілінің тарихи, биологиялық-антропологиялық аспектідегі алғашқы генетикалық өзара байланыс туралы белгілі гипотезаны есімізге түсірелік) шығады.

Адамның сәби кезіндегі сөйлеу тілін үйрену процесін және музыкалық өнер тілінің негізін игеруді бақылау осылай айтуға негіз болады. Балалардың сөз шығармашылығына, яғни үлкендердің тілдеріндегі жоқ сөздер мен сөз тіркестерін сөзжасам логикасына сәйкес және тілдің грамматикалық нормаларына сай шығару қабілеттері бар екені жалпыға белгілі.

Музыкалық тілдің, музыкалық сөйлеудің нормаларының стихиялы түрде өтіп жататын бұндай талдауы, әдетте сәби жасында басталатын болса керек. сөйтіп, музыкалық ойлаудың қажет шарты - есте ұзақ сақталатын тұрақты музыкалық-тыңдау түсініктерін ойсыз қалыптастыру. Бұл процестің мәнін ашуға Б.В. Асафьевтің ұсынған интонациялық қор ұғымы өзінің ықпалын тигізеді. Әрине, бұл ұғымды біршама кеңейту қажет. Асафьевта бұл ұғым музыкадағы шынайылықтың мәнін іздеу жолында пайда болды. Ірі кеңес дәуірі музыкатанушысының сәтті ұсынылған ұғымы оның тарихи және әлеуметтік тұрғыдағы қосымша дифференциациясы бағытында дамып және нақтылануы мүмкін.

Интонациялық қорды біз ұзақ уақыт бойы ішкі –есту есте сақтауында бірнеше қатар қабылдауы нәтижесінде бекіген музыкалық-интонациялық елестету кешені ретінде түсінеміз. Қордың қызметтері тиісті эмоционалдық жауап тудыратын, бұған дейін латенттік жағдайда болған интонацияларды тану түрінде көрініп, нақты музыканы тыңдау сәтінде пайда болады. бұл айтылғандарға мынаны да қосу қажет: біріншіден, кез-келген тарихи кезеңде әлеуметтік, ұлттық, этномәдени факторларға негізделген қордың шынайы интонациялық құрамының айырмашылықтары болады, екіншіден, қорға қозғалғыштық, тарихи өзгергіштік тән. Басқаша айтқанда, бұл құбылыс, синхрондық, сондай-ақ диахрондық ұштасуында да біркелкі емес. Жекелеген әлеуметтік топтардың қорларының аз, көп айырмашылықтарын, әсіресе, жеке факторлармен анықталатын айырмашылықтарды ескеру қажет. Әсіресе соңғысы жеке композиторлық стильдерді қалыптастырудың негізі болып табылатын шығармашылық музыкалық ойлаудағы жеке айырмашылықтардың пайда болуына негіз ретінде маңызды орын алады.

Интонациялық қор феномені интонациялық-есту тәжірибесін терең көрсетуді және сонымен бірге музыканы шығармашылық-бейнелеу мазмұнымен бірге қабылдаудың қажеттті шартын білдіреді. Қор музыкалық-интонациялық тәжірибенің нәтижесі ретінде оның қалыптасуы мен баюының шарты да болып табылады. Қор көлемі есту тәжірибесінің көлеміне тура пропорционалды.

Интонациялық қордың нақты мазмұны туралы мәселе екі тараушадан тұрады. Олар оның пайда болуының көзі мен оны құрайтын бөлшектердің сипаты.

Кез-келген тарихи кезеңнің қорының бастауы осы кезге дейін шығарылған, сондай-ақ онымен бір кезеңде шығарылған музыкалық шығармалардың жиынтығы бола алады. Іс жүзінде қор қандай да бір қасиетімен назар аудартқан, әдетте перципенттердің жағымды эстетикалық реакциясын тудырған салыстырмалы түрде алғанда бірқатар үлгідегі шығармалардың ішінен таңдап алынады.

Екінші тараушаның музыкалық ойлау үшін маңызы ерекше. Себебі оны құратын құрылымдық сәттердің салаларына тура ықпал етеді. Қорға ең алдымен әрине музыкалық есте сақтау қабілетінің дамуына қарай, жеке музыкалық шығармалар тұтас және олардың жеке бөлшектері де енуі мүмкін. Бірақ негізінен интонациялық қор ұғымына интуитивтік талдау жолымен шығарманы қабылдау процесінде бөлініп алынған, ерекше назар аудартқан және ұзақ уақыт есте сақталған бөлшектерді білдіреді. Олардың есте сақталуы қандай да бір шығарманы, әсіресе бірқатар шығармалардағы нақты интонациялық үлгілерді бірнеше қайтара есту арқылы іске асады.

Асафьевте қор ұғымы белгілі бір типтік үйлесімділікпен және үйлесімді белгілерімен байланысты, бірақ жеке типтік интонациялық формулалармен және тіпті интервалдық айналымдарға айнала алатын ырғақтық-ритмикалық құрылымды білдіреді. Біз қабылдаған қордың кең ауқымды түсінігінде ішкі есту санасында изоляцияланған түрде контекстен бөлініп алынған бөлшектер тек қана изоляцияланған түрде ғана емес, бір бірімен байланыста да бола алады.

Бұған түрлі жанрлардың, композициялық сызбалар пен форма құрудың қағидаларының типтік белгілері де жатады (форма құрудың қағидалары интонациялық қорға кіруі мүмкін музыкалық тілдің грамматикалық заңдылықтарын білдіреді).

Интонациялық қормен қатар музыкалық ойлаудың психологиялық механизмінің гипотетикалық моделінің сипаты жолында тағы да бір аралық буын аталып өтуі қажет. Бұл біз ішкі есту фоны деп атайтын құбылыс.

Егер интонациялық қор ұғымы жалпы алғанда лингвистикалық тұрғыдан музыкалық тіл ұғымына сәйкес келсе, онда фон музыкалық ойлаудың бір көрінісі ретінде, ойша интонациялауды білдіріп, ішкі сөйлеу ұғымына сәйкес келеді. Ол қорға негізделеді де, соңғының латенттік, түсінбейтін жағдайдан субъективті түсінілетін жағдайға ауысуын білдіреді.

Көрсетілген құбылыс музыкалық-есту тәжірибесі бар кез-келген тұлғаға, әсіресе ең алдымен композиторға тән болуы керек. Көбіне еріктен тыс түрде пайда болып, фон назардың тиісті бағытымен байланысты туындайды. Ол жалпы музыкадан тыс ойлаумен перманентті (үнемі саналы түрде болмаса да) қатар жүреді десек те болады. Фонның ішкі есту дыбысталуы сананың музыкалық ретке қажет дәрежеде эмоцияналдық тұрғыдан қобалжымауы кезінде, сонымен бірге музыканың шынайы дыбысталуын қабылдау сәтінде үзіледі. Керісінше, музыкадан тыс есту фонның қызмет етуіне бөгет жасамайды, есту санасын ерекше параллельді өмір сүретін ішкі музыкалық және сыртқы музыкалық емес ерекше бір жоспарларды тудырады. Бұлай параллельді өмір сүру бұл феноменді фон ретінде қарауға негіз болады. Музыкалық-дыбыстық әсерлердің саны мен жарқындығының артуы әдетте фонның қызмет етуінің белсенділігін арттырады.

Фонға қатысты, сондай-ақ интонациялық қорға қатысты да, оның мазмұны туралы мәселе туындайды. Бұл мәселенің бір жағы – құратын бөлшектердің формальдік сипаттары тұрғысындағы мазмұнға қатысты айтар болсақ, онда фон қорға қарағанда өзін интонациялық тұрғыдан ой елегінен өткен, біршама тұтас, логикалық жағынан байланысты құрылымдар ретінде көрсетеді. Фон мен қордың сандық жағына келер болсақ, фонның мазмұны қорға қарағанда тар екенін айта кетуіміз қажет. Фон тыңдаушының қабылдаған көптеген музыкалық материалдарының барлығының негізінде таңдалып құрылған жалпы қордың жалпы бөлшектерінен санасыз түрде таңдау нәтижесін білдіреді. Фонның нақты мазмұнында, интонациялық қордың мазмұнындағы сияқты бір әлеуметтік топтың ішіндегі, басқа әлеуметтік топтарды айтпағанда, мысалы кәсіби музыканттардың, ең алдымен композиторлардың ішіндегі жекелеген тұлғалардың арасында елеулі айырмашылықтар болады. Жалпы кез-келген композитордың жеке интонациялық қор және әсіресе ішкі есту фоны зерттеуші үшін жабық болып қалады. Тек қолда бар биографиялық материалдар негізіндегі жасалатын шығарманың стильдік ерекшеліктері мен генетикалық көздеріне талдау жасау арқылы болжамдар жасауға ғана болады.

Фон құбылысы есту тәжірибесі мен интонациялық қормен қатар, музыкалық ойлаудың негізгі болып табылатын шарты ретінде тыңдаушылық, орындаушылық, шығармашылық ойлауға тән. Бірақ дәл осы жерде тыңдаушылық пен шығармашылық ойлаудың арасындағы айырмашылық танылады. Олар бір-бірінен интенсивтік шамасына ғана қарай емес, мазмұнына қарай да ерекшеленеді. Бұл айырмашылық мынаған байланысты: біршама пассив тыңдаушылық фон дайын, біршама тұтастау музыкалық мәтіндерден құралады, ал белсенді шығармашылық фон оларға қоса музыкалық тілдің дискретті бөлшектерінен де тұрады. Осыған байланысты фонның екі фоны белгілі:

1) дайын мәтіндерді дыбыстаудан тұратын репродуктивті (мысалы, ойша әндету);

2) контекстуальді жаңа логикалық байланысқа түсетін музыкалық тілдің бөлшектерін ойсыз араластыруды білдіретін өнімді.

Бұндай интонациялық қордың бөлшектерінің сапалы өзгеруі белсенді, шығармашылық –композиторлық ойлаудың ерекшелігі болып табылады. Әрине, бұндай өзгерудің дәрежесі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан оның тереңдігі мен сипаты шығармашылық дарындылықты бағалаудың басты критерийі ретінде қаралады. Фонның қызметі кезінде өндірілетін материалдың бірінші және қосалқылық сипаты болуы мүмкін. Бірақ материалдың ерекше болуы мәселесін бұл жерде біз қарамаймыз. Біз басқа мәселені айтамыз. Ол шығармашылық ойлаудың өту түрлерінің айырмашылығы: шығармашылық ойлаудың өтуі пассивті болғанда фон сананы қозғамай, назар аудартпай, әдетте инерттік материал тудырып өтеді, ал белсенді болғанда, шығармашылықтың жаңа жедел темпін тудырады, ол эмоционалдық көтеріңкі көңіл күймен бірге жүреді де, сөйтіп жарқын, мейлінше жекелігімен ерекшеленетін материал тудырады.

Екінші жағдайда біздің алдымызда фон емес, шығармашылықтың белсенді процесс болады. Бұл шабыт, инсайт деп аталатынның дәл өзі. Бұл сәттің алдында дайындық кезеңі болуы мүмкін. Ол процесс үстінде біртіндеп (бірақ үнемі саналы түрде) интонациялық қордан алынатын бөлшектерді санасыз түрде таңдау мен олардың үндесу жолын анықтайтын идеялық-шығармашылық ой електен өткізіледі. Бұндай жолмен туған бейне кәсіби композиторларда музыкалық тканьнің негізгі компоненттерінің барлығының анық болуымен ерекшеленеді.

Оқушының қозғалысы «кері байланыстың» ашық және елеулі бөлігі ретінде, педагогикалық ықпалға жауап ретінде санадан тыс туындайтын белгілік хабар болып табылады. Бұл уақытты сезінудің өзгеруімен байланысты. Егер оқушы үшін бір сабақ тез өтіп, енді екіншісі ұзаққа созылғандай болса, өткізілген сабақтардың сапасы әр түрлі болғанына күмәндануға болады ма.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет