Насируддин бұРҺануддин рабғҰЗИ



Дата09.06.2016
өлшемі308.52 Kb.
#124433
НАСИРУДДИН БҰРҺАНУДДИН РАБҒҰЗИ
ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Алтын Орда мемлекетінің тарих сахнасына шығуымен түркі халықтарының мәдени өмірінде үлкен серпіліс болды. Жошы ұрпақтарының Исламды қабылдауының нәтижесінде Мысырда билік басына келген мәмлүк-қыпшақтарымен саяси қарым-қатынас орнап, мәдени һәм әдеби байланыс нығая түсті. Алтын Орданың астанасы – Сарай қаласы мен Мысыр шаһары арасындағы мұндай саяси-дипломатиялық қатынастың тығыз жолға қойылуының басты себебі, біріншіден, екі елдің де бір мәдениет пен ортақ өркениеттің аясына топтасуы болса, екіншіден, түркі халықтарының туысқандық байланысында жатыр еді. Хан ордасы мен сарай маңына шоғырланған ғалымдар мен шайырлар да екі ел арасында «алтын көпір» қызметін атқарды. Сондықтан да Сарай қаласында басталған шығарманың Мысырда аяқталуы немесе мәмлүк-қыпшақтар ордасында жазылған еңбектің Сыр жағасында қайта көшірілуі секілді жағдайлар сол кездің әдеби өмірінде қалыпты жағдайға айналды. Сондай-ақ ежелден өркениет ошағы болған Харезм аймағының Алтын Орда мемлекетінің қол астына қарауы түркі сөз өнерінің дамуына оң ықпал етті. Тамыры тереңде жатқан түркі жазба мұрасы ХІІІ-ХІҮ ғғ. діни-танымдық, үгіт-насихаттық және сопылық-ғашықтық сипатында дамып, тематикалық жағынан байи түсті. Аударма-нәзиралық дәстүр де бұл кезең әдібиетіне тән құбылыс еді.

Алтын Орда тұсында дүниеге келген сондай шығармалардың бірі – Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидың «Қиссас ул-әнбия» атты шығармасы. Халық арасына бұл еңбек «Қиссас ул-әнбие» («Пайғамбарлар қиссасы»), «Қиссас ул-әнбие Рабғузи» («Рабғұзидың пайғамбарлар қиссасы»), «Қиссас ул-әнбие 'әләйһи әс-сәләм» («Пайғамбарлар қиссасы (ғ.с.)») және «Қиссаи Рабғузи» («Рабғұзи қиссасы») деген атпен кең тараған. Бұл әдеби жәдігедің әр түрлі аталуына басты себеп – мұсылман халықтарында пайғамбарлар тарихына арналған діни-танымдық еңбектер өте көп болғандықтан да, шығарманы авторымен қоса айту белең алған. Оған түрткі болған автордың «...іздегенге оңай, тілекшіге сүйеніш болсын деп «Қисаси әр-Рабғұзи» (деп) ат қойдық1» деген жолдары, сондай-ақ туындының ең көне нұсқасын (бұл нұсқа ХҮ ғасырға тиесілі) хатқа түсіруші Мұхаммед Уәзири деген кәтибтің «Ұлы Жаратушы патша әлемнің қолдауымен «Рабғұзи қиссасы» қасиетті айдың жиырма жетінші (27) күні сәске уақытта Алланың мейірімінен үміт етуші әлсіз қажы... Мұхаммед Уәзиридің қолымен тамам болды2», деп жазуы себеп болса керек. Сонымен қатар, ХІХ-ХХ ғасырларда Қазан және Ташкент баспаханаларында бірнеше рет жарық көрген бұл еңбек ел арасына осындай әр түрлі атпен кең тараған.

ХІҮ ғасырда дүниеге келген бұл әдеби жәдігерге деген қызығушылық әріден басталды. Шығарманы әр жылдары П.М.Мелиоранский, А.В.Ерофеев, С.Е.Малов, Н.П.Остроумов, Н.Ф.Катанов, В.В.Радлов, Н.И.Ильминский, В.Р.Розен, М.М.Габдерәхимов, Ғ.Х.Арифған, Ә.Н.Нәжіп, Ә.Р.Тенишев, Г.Г.Фитрат, Н.Маллаев, Э.Фазылов секілді түркітанушылармен бірге, I.Jalil, S.Cagatay, K.Gronbech, J.Schinkewitsch, J.Thuri, F.Koprulu, H.E.Boeschoten, M.V.Damme сияқты Батыс ориенталистері мен түрік ғалымдары зерттеді. Сондай-ақ, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, А.Қыраубаева, Н.Келімбетов, Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов, Н.Сағындықов секілді қазақ ғалымдары да Рабғұзи мұрасын әдеби һәм тілдік тұрғыдан зерттеуде өз үлестерін қосты. Әсіресе, әдебиеттанушы А.Қыраубаеваның «Ғасырлар мұрасы» (1988 ж.) атты кітабында бұл шығарма көркемдік жағынан зерделенгенін ерекше атап өткен жөн.

Сондай-ақ, соңғы жылдары бауырлас түркі тілдес ғалымдардың Рабғұзи мұрасын ұлттық дүниетаным тұрғысынан қайта қарастыруға ден қойғаны байқалады. И.Остонақулов, Х.Сафарова және Н.Хажиева3 секілді жас ғалымдардың осы салада кандидаттық диссертация жазғаны соны меңзейді.

Рабғұзи шығармасының ең көне қолжазбасы Лондондағы Британия музейінің кітапханасында сақтаулы тұр. Осы нұсқа ХҮ ғасырда жазылған болып, бүгінгі ғылымға белгілі ең толық әрі көне нұсқа болып саналады. ХҮІ ғасырда көшірілген нұсқасы Санкт-Петербургтағы М.Е.Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік кітапханасында сақталған. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, осы кітапханада Рабғұзидың шығармасына қатысты 6 қолжазба, Швецияда 2 қолжазба, Париж бен Бакуде бір-бір қолжазбадан сақталған. Түркітанушы К.Гренбек Лондон нұсқасын 1948 жылы Копенгагенде бастырып шығарған. Кейінірек келесі бір мәтін Н.И.Ильминскидің атсалысуымен 1859 жылы Қазанда басылды. Жекелеген үзінділерін 1897 жылы М.Мелиоранский, 1930 жылы С.Малов жарыққа шығарды. Сонымен бірге, Л.Будагов пен В.Радловтың белгілі сөздіктерінде де бұл жәдігердің лексикалық материалдары берілген. Сондай-ақ, «Пайғамбарлар қиссасының» кейбір үзінділері Н.П.Остроумовтың (1874), Н.Ф.Қатановтың (1894) зерттеулерінде де қамтылған4.

Бұлардан басқа ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазандағы Шамсуддин Хусаинов пен Ташкенттегі Хасан Арифджанов баспаханаларында да бірнеше рет жарық көрген5. Пайғамбарлар тарихын егжей-тегжейлі талдап берген бұл кітапқа оқырмандар әрқашан қызығушылық танытып отырған. Сондықтан да бұл шығарманың құрастырушысы да, бастырушысы да көп болған. Мысалы, 1907 жылы Қазан шаһарында Исмайыл Намсуддиновтің баспасында басылған «Қисасул әнбияны» шығарушы Ахмеджан Жалмұхамедов болса, 479 беттен тұратын 1914 жылы Қазандағы Каримовтар баспасында жарық көрген нұсқаны дайындаған Имамолла Салахбан молла Шәріп «Қазақылары» деген азамат6.

Осы аталған нұсқалардың ішіндегі ең көнесі әрі толық сақталғаны – Лондон нұсқасы. Ал, Ресей Ғылым Академиясы Шығыстану институтының Ленинград бөлімінде С-245 нөмірмен сақтаулы тұрған нұсқаның алғашқы және соңғы беттері жоғалғандықтан, кейінірек басқа мәтіндер негізінде қайта толықтырылған. Соның өзінде де бір нұсқамен екінші мәтіннің арасындағы айырмашылықтар кездесіп отырады. ХІХ-ХХ ғғ. Қазан және Ташкентте басылған литографиялар мағына жағынан бір-бірінен онша алшақ кете қоймағанымен де, кейбір өлең жолдары мен хикаялардың өзгеріске ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, 1873 жылы жарыққа шыққан Қазан нұсқасындағы мына өлең жолдары:

Бұ көңлім мұрадға тікмәк тіләр,

Қаму халқ ара өкунмәк тіләр7, -
деп берілсе, 1899 жылы Қазандағы Университет баспаханасында басылған «Қисасул әнбияда» осы өлең жолдарының алғашқы «Бу» яғни «бұл» деген сөзі түсіп қалған да, тек:
Көңлім мұрадға тікмәк тіләр,

Қаму халқ ара өкунмәк тіләр8, -


деген жолдар ғана қалдырылған. Ал, ғылымға белгілі Лондон нұсқасында бұл өлең жолдары 1873 жылғы Қазан баспасы үлгісімен бірдей берілген9. Сондай-ақ, Рабғұзи қиссаларының ішіндегі Жүсіп пайғамбарға арналған жеріндегі мына өлең 1899 жылғы нұсқада:
Ұғұл-қыз ахырадта көзгә нур турур,

Көңулгә дуниәдә сурур турур10 ,-


деп жазылса, 1873 жылғы Қазан нұсқасында осы өлеңнің алғашқы жолындағы «ахырадта» деген жер түсіп қалып:
Ұғұл-қыз көзгә нур турур,

Көңулгә дүниәдә сурур турур11,-


деп берілген. Ал, Лондон нұсқасында бұл өлең жолы мүлдем басқа мағынада жазылған:
Ұғұл-қыз гургә нур турур,

Көзгә сурур турур12,


Қазан баспаларындағы «көзге» деген жер мұнда «көрге» болып көрсетілген. Сондай-ақ, арабша және түркише жазылған ғазалдарда да аздаған өзгешеліктер бар. Мысалы, Қазан литографияларында «Иә, сәббәх...» деп басталатын өлеңнің соңы «Ғашық ол мағшұқты көрсе жүз айырмас ышқыдан, Бек неше құлды сөксе, құл қашан көңілін кесер» деген жол Лондон нұсқасында «Рабғұзи Насир көрурса жүз айырмас ышқыдан, Бек неше бушуб сөксе құл қашан көңілін кесер» деп берілген. Осындай айырмашылықтарды мәтіндегі кейбір хикая, қиссалардан да аңғаруға болады. «Қисасул әнбиядағы» мұндай мәтіндік айырмашалықтар нұсқалардың кейінгі дәуірлерде бірнеше рет көшірілгендігінде, сондай-ақ кейінгі баспа редакциясы тарапынан өңделгендігінде десек, соның салдарынан шығарма лексикасы да уақыт талабына сай өзгеріп отырғандығына тығыз байланысты.

Шығыстанушы К.Гренбектің Лондон нұсқасының көшірмесін (факсимилесін) жариялауы (1948 ж.) бұл салаға үлкен қозғау салды. Осы нұсқаның негізінде УзССР ФА Х.Сулайманов атындағы Қолжазбалар институты 1991 жылы мәтінді жарияласа, 1997 жылы Түркиядағы Ататүрік атындағы Тіл құрымы Рабғұзи шығармасының көшірме мәтінімен бірге транскрипциясын жарыққа шығарды.

Соңғы жылдары Н.Сағындықовтың аударған «Рабғұзи қиссасынан» жекелеген үзінділер «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты христоматияға енгізілсе13, жазушы Р.Мұқанованың жасаған тәржімасы «Қисса-сул-Әнбия-и Адам-атадан Мұхаммед ғалайһи – уәссәләмға дейін» деген атпен жарияланды.

ҚР «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Әдеби жәдігерлер» сериясының сегізінші томы Рабғұзи мұрасына арналды. «Насируддин Бурһануддин Рабғұзи. «Пайғамбарлар қиссасы» деген айдармен жарыққа шыққан бұл басылымның басты ерекшелігі – ғылымға белгілі ең көне қолжазба саналатын Лондон нұсқасы негізінде дайындалған14.

Орта ғасырлық өзге әдеби ескерткіштерге қарағанда бұл шығарманың бірнеше қолжазбасының сақталуы, сондай-ақ, ХІХ-ХХ ғғ. бірнеше рет кітап ретінде жарыққа шығуының басты себебі – «Рабғұзи қиссасына» деген сұраныстың көптігінде болса керек. Себебі түркі жұртының түп негізден ажырамай, рухани тұтастықта тұрған кезінде дүниеге келген бұл еңбек ұйғыр әдеби тілінің ықпалындағы оғыз-қыпшақ жазба тілінде дүниеге келген. ХІҮ ғасырда дүниеге келген әдеби жәдігерлерді жіті зерттеген Ә.Нәжіп Алтын Орда дәуірінде алтын орда-египеттік және алтын орда-харезмдік әдеби тілдің қалыптасқанын жазады15. Алтын орда-египеттік жазба тілі й-тобында қарастырылса, алтын орда-харезмдік әдеби тілі з-тобына жатқызылған. З-тобына жататын жазба тіліне Қарахандықтар билігі тұсындағы әдеби тілдің әсері болған. Рабғұзи мұрасы тілдік тұрғыдан осы топтың (з-топтың) аясында қарасытырылады. Сондықтан да бұл шығарма Шығыс Түркістаннан Кіші Азияға дейінгі аралықты қоныстанған түркі мұсылман жұртында кеңінен пайдаланылған.

Шығарма авторының қай жылдары өмір сүргендігі, бұдан басқа қандай еңбектер жазғандығы туралы толық мәлімет сақталмаған. Тек туындының бас жағында «...бұл кітапты жазған, құлшылық жолында төзген, күнәһарлық даласын кезген, азығы жоқ, күнәсі көп Рабат оғызының қазысы Бұрһан ұлы Насируддин ұрпағы, (Сатараллаһу 'әйбиһи уә нәууәра қалбәһу16)17» деген мәлімет келтірілген. Бұл жолдардан шығарма авторының толық аты-жөні Насируддин Бұрһануддин Рабғұзи екендігі, әрі Рабат оғызының қазысы болғандығы белгілі болады. Ал шығарманың соңғы жағында «Қожамыз раббани ілімдердің ғалымы, дін ілімінің білгір ұстазы, мәселелерді шешуші, ғажайыптардың кіліті, имамдардың имамы, шариғаттың сүйеніші, хас пен тобырдың қарайтын қайнар бұлағы, халал мен харамды ажыратып беруші – Насируддин Рабғұзи18» деп кәтиб тарапынан жазылған жолдардан Рабғұзидың өз заманының белді оқымыстыларының бірі болғанын аңғарамыз. Егер Рабғұзи терең білімді дін ғұламасы болмағанда, сол заманның ел билеушілері оған пайғамбарлар тарихын жазып бер деп өтінбейтіні және оның өзі мұндай үлкен еңбекті жазуға батылы барып, қол ұрмайтыны белгілі.

Құранда аты аталатын жиырма бес пайғамбар, Мұхаммед пайғамбардан кейін өмір сүрген төрт халиф және Хазірет Хасан мен Хусейннің соңғы өміріне дейінгі дәуірді тұтастай қамтитын бұл жәдігер өзіндік дәлел-айғақтармен жазылған. Дәлел-айғақ деп отырғанымыз – шығармадағы әрбір пайғамбардың өмірі туралы жазарда немесе белгілі тарихи оқиғаны суреттеуде Рабғұзи кейінгі оқырманның көңілінде күдік не күмән болмасын деген ниетпен әрбір сөзіне Қасиетті Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінен үзік-үзік мысалдар келтіре отырып, тартымды етіп жазып шыққан. Кәтибтің «...раббани ілімдердің ғалымы, дін ілімінің білгір ұстазы» дегені соны меңзесе, сонымен бірге шығарманың құрылымы, сюжеттердің тартымды болуы үшін фольклорлық элементтерді ұтымды пайдалануы, кейбір жерлерде өз ойын өлең сөзбен өрнектеуі, сөз жоқ, Рабғұзидың сөз маржанын тере білген сөз зергері болғанынан хабар береді. Бұл көне мұрада түркише жазылған жыр жолдарын айтпағанның өзінде, бірнеше жерде арабша өлеңдер де жиі кездеседі. Әрі ондағы өлең жолдарының аруздың бірнеше үлгісінде жазылғанына қарап, шығарма авторының реті келгенде шайырлық шеберлікпен айналыспады ма екен деген ой келеді. Өйткені, Рабғұзи – Ислам тарихын жетік білген ғұлама ғана емес, сонымен бірге Хақтың жамалын аңсаған ғашық пенде. Мысалы: «Дүниені көріп келіңдер деп, бәрін дүниеге жіберді. Келді, дүниені көрді. Біразы сонда қалып, қалғаны қайтып келді. «Басқалар қайда?» деген дауыс келді. Олар: «Дүниені көрді, көңілдері дүниені қалады, сонда қалды», - деді. «Жұмаққа барып, жұмақтың не нәрсе екенін көріңдер», - деген жарлық келді. Барды, жұмақты көрді, олардың көпшілігі сонда қалды. «Басқалар қайда?», - деген жарлық келді. «Тәңірім, олар жұмақты қалады, сонда қалды», - деді.

«Дүниеде қалғандар кәпірлер еді, жұмақтар қалғандар мүміндердің сауатсызы еді», - дейді. Жұмақта қалмастан құзыретке келгендері хас құлдар еді. «Дүниеге көңіл қоймадыңдар, жұмақты қаламадыңдар, енді не тілейсіңдер?», - деген жарлық келді. «Тәңірім, бізге дүние қажет емес, ақырет керек емес, бізге Сен керексің», - деді19», деген жолдардан Рабғұзидың Жаратушыдан қорқуды емес, қайта Жаратушыға ғашық болу қағидасын ұстанғанын көреміз. Орта ғасырда өмір сүрген шайырлардың басым бөлігі – Хаққа ғашықтар болатын. Сондықтан да олардың туындыларында ғашық пен машұқ бейнесі кеңінен суреттелді. Сол дәуірде дүниеге келген Рабғұзи мұрасында да Хаққа ғашық болу ұстыны басты міндет болғанға ұқсайды.

Орта ғасырлық түркі жазба әдебиетінде көлемді һәм маңызды еңбектерді жазарда осы туындыны жазуға себепкер болған тұлғаны немесе қолына қалам ұстауға мәжбүрлеген тарихи оқиғаны суреттеуге арналған «Сәбәб-е тәлиф» яғни «Жазылу себебі» деген тарау (не тарауша) беріледі. Орта ғасырда дүниеге келген Рабғұзидың бұл шығармасы да сол дәуірдің әдеби дәстүрін сақтай отырып, жәдігердің жазылу себебін былайша тарқатады: «Тарих жүз елуге кірген алғашқы жылдары хат-хабар тасушы жетіп: «Пайғамбарлар қиссаларына шексіз ықыласым бар. Әр жерде кейбірі тура, кейбірі қате, біразы анық, біразы шала, бірінің сөзі аз, енді бірінің мақсаты қысқа екені баршаға белгілі. Енді сенің қолыңнан шыққан, қаламыңнан дүниеге келген, сенің кітабың, сенің туындың болған бізге «Қисас ул-әнбия» болса, оқуға керек, үйренбекке ыңғайлы болар еді», - деген ұсыныс-тілек болды. Өзімді қаншалықты бұл іске әлсіз, мұндай амалға лайық еместігімді жақсы білсем де, өзімді зорлап, уақыт болсын деп бұл ауыр іске қол ұрдым. Алла Тағаладан соңына дейін медет сұрап, кітапты бастадық. Мұндағы мақсат пайғамбарлар қиссасы еді, алайда Адам (ата) нан бұрынырақ жаратылған (заттар) бар болғандықтан, содан бастауымыздың пайдасы артығырақ болсын деп, тәртіп бойынша жаратылғаннан бастадық20».

Осында Рабғұзи бұл шығарманың жазылуына арнайы ұсыныс болғандығы, ондағы мақсат пайғамбарлар өмір-тарихын тарқатып жазу керек екендігіне тоқталады. Ал тапсырыс беруші кім деген сұраққа келсек, тағы да автор: «...бектер ұрпағы, жігіттер сардары, ұлы атты, құтты затты, ізгі мінезді, ислам сауытты, моғол текті, мұсылман дінді, адамзат сүйеніші, мүміндер қуанышы, беделі ұлы, ақылы теңіз бегіміз Насируддин Тоқбұға21», деп, Ислам дінін қабылдаған моңғол билеушілерінің бірі Насируддин Тоқбұға бектің өзі өтінгенін жазады. Одан әрі Рабғұзи, Тоқбұға бектің құрметіне мына жолдарды арнайды:
Жасы кіші, жолы ұлы,

Заты анық бек Тоқбұға

Ол Насируддин көниясы.
Ел билесін, жүз жасасын,

Болып бағынышты Жаратушысына,

Бұдан артар жақындығы22.

Осылайша өз заманының белді бектерінің бірінен тапсырыс алған Рабғұзи Алладан медет сұрап, сол дәуріде дүниеге келген көптеген кітаптарды парақтап, өзіне дейін жеткен аңыз-әпсаналарды, риуаяттарды сараптап шығарманы жазуға кіріседі. Бір тақырыпты ашарда, әуелі, міндетті түрде Құран аяты мен пайғамбар хадисінен үзінді келтіріп, содан кейін хикая, риуаят секілді қосымша мәліметтерге жүгінеді. Сонау ежелгі әлемнің жаратылысынан бастап, ҮІІ ғасырға дейінгі терең тарих қойнауынан сыр шертетін діни-танымдық, үгіт-насихаттық бұл еңбек бас-аяғы бір жылда жазылып бітеді. Шығарманың соңында автор:


Міне біттім бұл кітапты, ей, жарандар, жер жүзі халқы,

Бір жыл ішінде өтті оның жазы-қыс, жаз-күзі.


Ұйқы бұздым, өзімді үздім, сөзім түздім, түнде мен,

Ерте тұрдым, қалам ұрдым, еңбектендім түн-күндіз(і).


Бақ қопардым тал ағашты жас жапырақ ол шешек,

Жемісі хикмет, кемел аятты хабар жұлдызы.


Қан құрғаттым, жан шаршаттым, кен шығардым тас қазып,

Сап қызыл алтын тізбектеп безедім бұл жер жүзі(н).


Ой жемісін ектім перде ішінде түймедей,

Жасырдым әркімнен тимесін деп жат көзі,-


деп, Аллаға шүкіршілік етеді. Бұл жәдігерді жазуға бір жыл кеткенін, осы уақыт аралығында ешқайда да шықпастан, өзіне тек қаламын серік еткенін, еңбек құнды болсын деп, «бақ қопарып..., ой жемісін еккенін» тамаша суреттейді. Сондай-ақ бұл шығарманың «сап қызыл алтыннан безелгеніне» де ерекше тоқталады.
Барып істедім Насируддин Тоқбұғабек қызметіне,

Сұрай ма, сұрамай ма белгілі білсін өзі.


Аяты хабар әсілі оның, өзінің аты «Қисас» (Қиссалар),

Бая-аяғына түгел қарасаң барша пайғамбарлар сөздері...


...Өзгелер көп әлем мойыншақ тізді ел кезіп,

Мен гауһар, дүр, інжу тіздім, кезбедім дала-жазы (н).


Жеті жүз он еді жылда жазылды бұл кітап,

Туған еді сол уақытта құт, бақыт жұлдызы.


Күн шығыстан күн батысқа қане жетсе сөздерім,

Есіткеннен дұға сұрадым міскін Насыр Рабғұзи23.


Ғазал жанрымен жазылған бұл өлең жолдары бір жылдық тынбай жасалған еңбектің басты құжаты. «Өзгелер көп әлем мойыншақ тізді ел кезіп, Мен гауһар, дүр, інжу тіздім, кезбедім дала-жазы(н)», деп басқалар мойыншақ тізсе, ол оқырман үшін гауһар, дүр мен інжу тізгенін жазады. Адам атадан Мұхаммед пайғамбарға дейінгі барша пайғамбарлардың өмір тарихынан мол мәлімет беретін бұл құнды шығарманың һижри санағы бойынша осылайша 710 жылы (яғни 1309-1310 жж.) соңғы нүктесі қойылады.

Рабғұзидың «Қисасул әнбиясы» Ислам өркениетінің аясында дүниеге келгендіктен де, сол кездегі жазба әдебиеттің дәстүрлі шарттарын қатаң сақтаған. Орта ғасырлық Шығыс мұсылман әдебиетінде шығарманың басында міндетті түрде бүкіл болмысты жаратқан Жаратушыға сәна айтып, содан соң пайғамбарға мадақ жолдаған. Үшінші – еңбектің жазылу себебін таратып айтып, содан кейін ғана негізге бөлімге көшкен. Жәдігердің соңында автордың Жаратушыға жалбарынған мінажаты берілген.

Шығарма негізінен ірі қиссалардан тұрады. Әр қисса белгілі бір пайғамбардың өмір тарихына арналған. Сондай-ақ шығарманың соңғы бөлігінде Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли және Хасан, Хусеиннің соңғы өмірін суреттеген қисса бар. Әр қиссада сол баяндалушы пайғамбардың өміріне қатысты қызықты тәмсіл-мысалдар қысқа хикаялармен толықтырылып отырған. Сондай-ақ, ішінара пайда, андату, риуаят, сұрақ-жауап секілді қысқа-қысқа әңгімелер де орын алған.

«Қисасул әнбия», негізінен, насыр яғни қара сөзбен жазылған. Десек те сөз өнерінен хабары бар Рабғұзи осы прозалық шығарманың өзін назымға яғни поэзияға жақындатып, кейбір жерлерін іштей ұйқасқа құрған. Осы жәдігерді әдеби тұрғыдан қарастырған А.Қыраубаева да осы жағына баса назар аудара келіп:

«Зылиха қумаққа мыл қылды. Исүф қашмақға мыл қылды.

Зылиха қумаққа амал қылды. Жүсіп қашпаққа амал қылды.

Қара сөздің өзін ұйқастырып, құлпыртып айту кездеседі. Мұндайда антоним сөздер де қолданылады24», - деп жазған болатын. Осы жерде әдебиеттанушы ғалым «қумаққа мыл қылды», «қашпаққа мыл қылды» деген сөздердің өзара ұйқасқа құрылғанын мысал етіп келтіреді. Рабғұзи шығармасында мұндай ұйқасқа құрылған жерлер жиі кездеседі. Тіпті кейбір тұстары қара сөздің қалыбымен жазылған поэзия секілді көрінеді. Мысалы: «Әммә бә'д, бу кітабны тузгән, та'ат йолында тізгән, мә'сият йабанын кезгән, аз азуқлуғ, куп йазуқлуғ Рабат оғузының қазысы Бурһан уғлы Насируддин ұрұғы, сәтәраллаһу 'әләйһи уәс-сәләмәтә уә рахимә шиябәһу андағ айтур. Әжәл ут-тәжул 'умәра уә мухиббул 'уләмә бекләр ұрұғы, игитләр арығы, ұлұқ атлық, құтлұқ затлық, езгу құлқлық, Ислам йарығлық, муғул санылығ, мусулман динлиғ, адамиләр инанчы, мумынлар қуанчы, һиммәті әдиз, 'әқлы тегиз бегіміз Насируддин Тоқбұға...25» деген жолдардағы бірнеше сөздердің ұйқасқа құрылғанын аңғаруға болады. Осындағы біз астын сызып көрсеткен «тузгән»-«тізгән»-«кезгән», «азуқлуғ»-«йазуқлуғ», «тәжул 'умәра»-«мухиббул 'уләмә», «бекләр ұрұғы»-«игитләр арығы», «ұлұқ атлық»-«құтлұқ затлық»-«құлқлық», «йарығлық»-«санылығ», «инанчы»-«қуанчы», «әдиз»-«тегиз» деген сөздер мен тіркестер іштей ұйқаспен жазылған. Рабғұзи мұнда сөздерді бірде ырғаққа салып, бірде ұйқасқа құрып, сөйлемдерді әдемі қалап шыққан. Сондай-ақ, мәтіндегі: «Бұ күн туңғуздың еті харам булгән, сәбәб ол турур, темішләр. Қачан алты ай тамам болды ерсә...», «Ул йулдин кунмишдә унгундә, сунгундә бақар темишләр26», деген жолдарды да мысал ретінде келтіруге болады.

Шығыс мұсылман әдебиеттануында мұндай прозаларды садж үлгісімен жазылған қара сөз деп атайды. «Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде» бұл терминге мынадай анықтама берілген: «Садж – ұйқасты қара сөз (арабша мағынасы – ұйқастыру) түрінде келетін әңгіме, хикая; араб, парсы, түркі тілдес халықтардың әдебиетінде ертеден орныққан жанрлық түр27».

Ұықаспен жазылған қара сөзді садж деп атайды. Бірақ садж тек ұйқастан ғана тұрмайды, сонымен бірге ырғақты да болуы мүмкін. Оны ырғақты қара сөз деп атайды. Әдебиеттанушы Қ.Жұмалиев: «Кейбір қара сөздерде де ырғақтың күштілігі аңғарылады, бірақ ол өлеңдегі тәрізді қатал сақталынатын заңдылыққа бағынбайды. Бір жерде ырғақты бұзушылықтан келсе, екінші жерде сақталмайды және ырғақты бұзушылықтан шығармаға кемшілік те келмейді. Егер бір шығарма басынан аяғына шейін ырғаққа құрылса, оны ұйқассыз өлең не ырғаққа негізделген қара сөз дейді28», - деп жазған.

«Садж» сөзі арабша болып, сөздіктегі мағынасы бұлбұл, тоты сияқты құстардың сайрағанда дауыстарының бір-бірлеріне қосылып хормен шығуын айтады. Ал әдеби термин ретінде ырғақты және ұйқасты қара сөзге қарата айтылады. Ондай прозаның түрін «насри мусажжағ» яғни «саджылы проза» деп тайды.

Садж қолданылуы жағынан үшке бөлінеді:

Біріншісі, Садж мутәуәзи немесе Толық садж деп, бір немесе бірнеше сөздер шоғырындағы кейбір жерлер ырғақты әрі ұйқаспен жасалатынды;

екіншісі, Садж мутарраф немесе Ұйқасты (қафиялы) садж деп, бірдей ұйқасқа құралытан прозаны;

үшіншісі, Садж мутәуәзән немесе Ырғақты садж деп, тек бірдей ырғаққа негізделген қарасөзді айтады29.

Отырар қаласынан шыққан Әбу Ибрахим Исхақ әл-Фараби ырғақты қарасөзге мынадай анықтама берген: «Ырғақты қарасөз (шешендік өз - Ә.Д.) дегеніміз – бір-біріне үндесе айтылатын сөздермен өрілген даналық. Оның поэзиядан айырмашылығы - өлең өлшемімен құрылмағандығында30».

Орта ғасырлық Шығыс мұсылман әдебиеті, негізінен, поэзия түрінде дамыды. Десек те прозамен жазылған шығармалар да жиі кездеседі. Сол қарасөзбен жазылған жәдігерлердің де іштей ұйқас пен бірдей ырғаққа құрылғаны байқалады. Мысалы, парсы шайыры Сағдидың «Гүлістан» деген шығармасында біз жоғарыда келтірген садждың үш түрі де кеңінен қолданылған31. Классикалық парсы әдебиетінің ішінен Сағди мұрасын екшеп алуымызға себеп, оның «Гүлістаны» орта ғасырда, анығы Рабғұзи шығармасы дүниеге келген дәуірде, сол әдеби ортада Сәйф Сараи тарапынан түркі жазба тіліне тәржімаланған болатын. 1391 жылы «Гулистан бит-түрки» (Түркише Гүлістан) деген атпен тәржімаланған бұл жәдігердің де кейбір жері бірдей ырғақ, ұйқаспен жазылған. Мысалы: «Шайтан мухлисләр білән жықыша білмәс, дағы сұлтан муфлисләр білән», «Ей, тәліб, ризқ олтуркім игәйсән, ей, мәтлуб, ажалдағы ни қалдыкім дегәйсән», «Екки нәмә муһәли ақи дурур, бірі олкім ризқ мақсумдан артуқ имәк, екінчі олкім ажал мағлумдан бурун улмәк», «Талығсыз сәйид тәнкиздә балық тұта білмәс, дағы ажалсыз балық құры ердә улмәс32». Осында біз астын сызып көрсеткен «Шайтан мухлисләр білән-сұлтан муфлисләр білән», «олтуркім игәйсән-қалдыкім дегәйсән», «мақсумдан артуқ имәк»-«мағлумдан бурун улмәк», «тұта білмәс»-«ердә улмәс» деген сөздер өзара ұйқасқа құрылғанын аңғару қиын емес.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қарасөзбен жазылған шығармалардың өзін барынша өлең сөзге жақындатып, іштей ұйқас пен бірдей ырғаққа құру орта ғасырлық Шығыс мұсылман әдебиетіне, соның ішінде түркі жазба әдебиетіне тән қасиет еді. Түркі халықтарының ең алғаш сөздігін жасаған Махмұт Қашқари да өзінің шығармасының құндылығы туралы айта келіп: «Мен бұл кітапты хикмет сөздер, сежілер (садж – Т.Қ.), мақал-мәтелдер, режез және несір (көркем қарасөз – А.Е.) секілді сөздермен безендіріп, мақсұс әліппесі ретімен жазып шықтым33», деп, шығармасында саджды кеңінен қолданғанына тоқталады. Себебі ежелден кең байтақ даланы мекендеген түркі халықтарының өлең сөзге жақын болуы бойға дарыған қасиет болатын. Ғасырлар қойнауынан жеткен батырлық жыр-дастандарды айтпағанның өзінде, қазақ халық прозалық үлгілерінің кейбір тұстары бір ұйқас не ырғақпен құрылатыны белгілі. Халық прозасының жанрлық ерекшеліктерін жіті қарастырған С.Қасқабасов түркі халықтарының ертегі жанрын зерделей келе, қазақ ертегілерінің көбінесе: «Ертеде, ерте-ертеде, ешкі жүні құйрығы келтеде, Қаратаудың ойында, Қарасудың бойында», «Ертегім ерте екен, ешкі жүні бөрте екен...», «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, байлар киіп қырмызы, жарлының тоны келтеде34...» деген жолдармен басталатынына назар аударған. Осында келтірілген мысалдардан негізі қарасөзбен сомдалатын ертегінің де бастапқы жағы өзіндік бір ұйқасқа құрылатынын аңғару қиын емес. Халық ауыз әдебиетімен терең сусындаған орта ғасырлық түркі шайырлары көнеден келе жатқан сол дәстүрді өз шығармаларында сақтауға тырысса, екінші жағынан Ислам өркениетінің аясында араб, парсы мәдениетімен танысудың арқасында садж үлгілеріне қанықты. Исламтанушы ғалымдар қасиетті Құранда да садждың үш түрі кездесетіндігін жазады35. Өзіндік мақам мен әуенге құрылған Алла аяттарын тәжуидпен оқығанда тыңдаушыны ерекше сезімге бөлейтіні, әуелі Жаратушының құдіреті десек, екіншіден көктен түскен кітаптағы саджға тікелей байланысты.

Орта ғасырда кеңінен қолданылған әдеби өрнектер мен шайырлық шеберліктер түркі халықтарының бүгінгі әдебиетінде де сақталған. Көркем сөз әлемінде көнеден келе жатқан сондай дәстүрдің бірі – садж үлгісінде қалам тербеу. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы ырғақты қарасөзбен жазылған. «Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл жетпейді. Жүзі айтарлық айнадай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан таңындай боп, бойы құба талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу тартса – есің кетіп, сұңқыл қақса – шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қия кезеді36», деген жолдар іштей ырғаққа құрылған. Орта ғасырда Рабғұзи, Сараи мұраларында кеңінен қолданылған қарасөзді құбылтып беру үрдісінің көркемдік дәстүрге ұласып, бүгінгі әдебиетімізге дейін жеткенінің куәсі боламыз.

Рабғұзи мұрасының негізгі бөлігі қарасөзбен жазылғанымен де, шығармада бірнеше өлең жолдары ұшырасады. Бұл, негізінен, әр қиссадан кейін Алланың пайғамбарын мадақтауға құрылған арнаулар. Сондай-ақ Жүсіп пайғамбар қиссасында ғашықтық ғазалдары мен төрттағандары бар. Шығармада жалпы түркі тілінде 243 бәйттен (яғни, 486 жол) тұратын 43 өлең берілген. Өлеңдердің басым бөлігі аруздың рамали мусәммәни мәхзуф (фә'иләтун фә'иләтун фә'иләтун фә'илун; -v-- -v-- -v-- -v-) уәзнінде жазылған. Аруздың бұл уәзініне түсетін өлең жолдары, негізінен, әр қиссаның басында Алланың пайғамбарларын суреттеуде қолданылған. Сондай-ақ, ражази мураббәи сәлим (мустәф'илун мустәф'илун; --v- -- v-), рамали мусәддәси мәхзуф (фә'иләтун фә'иләтун фә'илун; -v-- -v-- -v-), мутәқариб мусәммәни мәқсур (фә'улун фә'улун фә'улун фә'ул; v-- v-- v-- v~), музари' мусәммәни әхраб (мәф'улу фә'иләтун мәф'улу фә'иләтун; --v -v-- --v –v--) уәзіндерімен жазылған өлең жолдары да кездеседі.

Шығармада ұшырасатын төрттағандар аруз өлшемімен (мустәф'илун мустәф'илун фә'улун) жазылды дегенімізбен де, бармақ өлшеміндегі 7-8 буынды өлең өлшеміне де өте жақын келетін тұстары бар. Мысалы:


Көз көргені жамал ол,

Сүймек оны халал ол,

Сондай жамал көріп ап,

Кім сүймесе обал ол37, -


деген төрттаған силлабикалық өлең жүйесінің (4+3) 7 буынды өлшеміне де түседі. Сондай-ақ кейбір өлең жолдарының қай өлшемімен жазылғанын айырудың өзі қиын.

Араб тілін жетік білген Рабғұзи сол тілде де бірнеше өлең жолдарын жазған. Кейбірінің астына тәржімасын берсе, енді бағзы бірін аудармастан, сол қалпында жеткізуге тырысқан. Шығармада кездесетін Құран аяттары мен пайғамбар хадистерін де бірде тәржімасымен, кейде тәржімасыз берген. Аят, хадис мағынасын толық аудармағандағы мақсаты – баяндалып отырған оқиғаның жалпы мазмұны түсінікті болғандықтан да қажет деп таппаса керек.

Шығармадағы Рабғұзидың өзі баяндап отырған кейіпкердің бейнесін суреттеуі оның өзіндік шеберлігін танытады. Әрбір пайғамбардың қиссасын баяндардың алдында сол персонаждың тарихи бейнесін сомдау арқылы оқырманға көп мәлімет беруге тырысады. Мысалы шығармадағы Хұт пайғамбар қиссасы мынадай жолдармен басталған:

«Ол – «Уә илә 'әдин әхәһум Һудән38» шапанын киген, «Йә қауми у'буду Аллаһа39» деп жарлық жеткізген, «Йә, Һуду мә житәнә бибәйинәтин40» айғағын есіткен, «Фә и'тинә бимә тә'идунә41» сөзін тыңдаған, «Уә убәллиғукум мә урсилту биһи42» деп сөйлеген, «Уә ләкинни әракум қаумән тәжхәлунә43» деп жауабын берген – ХҰТ (Ғ.С.)44».

Осылайша Рабғұзи Хұт пайғамбардың портретін мүсіндеу кезінде Құран аяттарын көркемдік детальдар ретінде пайдаланып, суреттеліп отырған Алла елшісі туралы әуел бастан толық мәлімет беруге тырысады. Осы жолдардан Нұхтың көне дәуірде Ад қауымына пайғамбар ретінде жіберілгендігі, оның Хақ дінді уағыздағаны, алайда қаумының оған қарсы шыққаны, соның нәтижесінде сол халықтың қарғысқа ұшырағаны қысқаша баяндалып өтеді. Одан әрі оқиға осы желінің негізінде өрбиді. Сондықтан да қиссаның басында келетін бұл жолдар автордың баяндалар оқиғаның мәнісін аңдатуы десек те болады. Рабғұзи осы жолдардан кейін суреттеліп отырған кейіпкерге жыр-жолдарын арнайды. Мысалы Ибрахим пайғамбар қиссасында:
Үйде туған, еңбек еткен, тауда тұрған, Ибрахим,

Жұлдыз аңдып, айды таңдап, көкке енген, Ибрахим.

Айтты бір күні: «Ей, ана, айтшы менің тәңірім кім өзі?»,

Айтты: «Менмін», «Сеніңкі кім?» деп сұраған, Ибрахим.

«Сол әкең ол», - деді. Айтты: «Кім әкемнің тәңірі?»,

Айтты: «Намрұттың тәңірі кім?», - деп сұраған, Ибрахим.


Мұнда да Ибрахим пайғамбардың өткен тарихын бір өлеңге сиғызып, Алла елшісі туралы толық мәлімет беруге тырысады. Мұндай арнау өлең әр қиссаның басында берілген. Рабғұзи мұндай арнауларда негізінен шығыс мұсылман әдебиетінде кеңінен қолданылған әдіптеме ұйқасты (редиф) таңдап алған. Әр екінші жол сайын қайталанып келіп отыратын қосақ сөз – «Ибрахим». Мұндай ғазал үлгісіндегі бір сөз немесе сөз тіркесін қайталап отыру, көбінесе, арнау өлеңдерде қолданылады. Әсіресе, бұл үрдіс орта ғасырлық А.Иасауи, С.Бақырғани, Атаи секілді түркі ақындарында жиі кездеседі.

«Рабғұзи қиссасының» тематикасы, идеялық бағыты негізінен діни сипатта болғанымен де, шығармада автор тарапынан қосылған аңыз-әпсаналар, хикаялар да жетіп артылады. Сондықтан да бұл қиссада діни көзқарастың (ақиданың) қалыбы көтере бермейтін мифтік желілер де жиі бой көрсетеді. Халық прозасының мұндай үлгілері негізінен жан-жануарларға (қарлығаш, қарға, ит және т.б.) қатысты хикаяларда орын алған. Мысалы: «Тағы (бірде) айтылады: Тышқан кемені тескенде адамдарда үрей пайда болып, тесікті бітеу қолдан келмеді.

Нұх: «Кім мына тесікті бітесе, соған қалағанын беремін», - деді.

Жылан: «Мен мыналарды бекітейін, су кірмейді. (сосын) іштегі суларды шығарсын», - деді. «Маған не бересің?», - деді және жылан.

Нұх: «Не қалайсың?», - деді.

Жылан: «Ненің еті тәтті болса, соны бер», - деді. Нұх (ұсынысын) қабылдады. Жылан суға кіріп, тесіктің үстіне жатты, су тоқтады. Ішіндегі суды сыртқа шығарды. Су мәселесі шешілді. Кемеден шыққан соң, жылан келіп Нұхтан (баяғы сұраған) етті сұрады. Нұх: «Барлық жануарлар шықты, жайылып кетті, ет қайдан болсын», - деді. Жылан қатты қалағанда Нұх (ғ.с.) масаға: «Барып, жер бетіндегі барша еттің дәмін тат, жыланға берейік», - деді. Маса барды, кешікті. Жылан сұрады. Нұх ұялғаннан, қарлығашты масаны іздеуге жіберді. Қарлығаш келіп, масаны тапты. «Неге кешігіп жүрсің?», - дегенде маса: «Жер беті үлкен екен, айналып кеш қалдым», - деді.

Қарлығаш: «Еттерді жеп көрдің бе? Ненің еті дәмді екен?», - деп сұрады.

Маса: «Бәрінен де адамның еті тәтті екен», - деді.

Қарлығаш: «Ол еттің дәмі аузыңда бар болар, аузыңды ашшы, көрейін», - деді. Маса аузын ашты, қарлығаш масаның аузын іздеген болып, тілін жұлып алды. Содан бері маса тілсіз қалды.

Екеуі Нұх пайғамбарға келді. Масадан қанша сұраса да, сөйлей алмады. Мазасыз ызыңдады. Қарлығаштан: «Неге сөйлемейді?», - деп сұрады. Қарлығаш: «Менімен сөйлескенде барлық нәрсенің ішінде су бақасының еті тәтті екенін айтты. Кешіккенінен қорқып, сөйлей алмай тұр», - деді. Нұх (ғ.с.) бақаның етін жыланға берді. Егер қарлығаш сол күні ізгі іс жасамағанда, біз барша адамзат жыланға жем болатын едік...45» және «...Содан кейін Нұх (ғ.с.) бір хабар алып кел деп, көгершінді жіберді. Барды, суы сінген бір сай жер бар еді, сонда қонды, аяғы балшық болды. Сол сәтте-ақ қайтып келді. Аяғындағы балшықты көрсетті. Ол балшық аяғында түк болды. Бүгінде аяғы түктілер соның ұрпағы.

Тағы бір риуаятта: Көгершін келіп, суы құрғаған жерге қонды. Азап суы сасық болғаны үшін, аяғы қызыл болды, деген сөз бар. Тұмсығымен зәйтүн ағашының жапырағын алып келді. Нұхқа көрсетті. Нұх оған (оның құрметіне): «Адамзат саған мейірімшіл болып, үйінен орын берсін», - деп дұға жасады. Көгершін: «Тағы бұйымтайым бар», - деді. Нұх дұға жасады. Алла Тағала мойнына бір алқа кереметін жасады46».

Халық арасына кең тараған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» деген аңызды Рабғұзи Нұх пайғамбар заманымен байланыстырады. Тек жыланның кемені бір шартпен бітейтінін ғана енгізген автор қалған жағында аңызды сол қалпында бере салған. Сондай-ақ, үй көгершінінің қай дәуірден бастап адамға жақын болғанын, аяғының неге қызыл әрі түкті жасалғанының жауабын да автор Нұх пайғамбар заманынан табады.

Сонымен бірге он екі бұрж (жұлдыз календары) бен жеті жұлдызды Жүсіп пайғамбар қиссасында суреттеп, оны да Жақып пайғамбардың он екі ұлы және оның әйелдерімен байланыстырады.

«Жоғары көкте он екі жұлдыз бұрж (жұлдыз календары) бар... Ол бұрждар мыналар: қозы (хамал), сиыр (сәуір), арандант (жауза), қучық (саратан), көр арыстан (әсәд), бидай басы (сүнбіле), үлкер, чизан (ақраб), жай (қаус), ұғлақ (жәді), кунәк (дәлу), балық (хұт).



Осы он екі бұржда жеті жұлдыз бар. Ол қандай жұлдыздар десе, айт: Сәкәндір (Сатурн), Унгәй (Юпитер), Куруд (Марс), Йашық (Күн), Сақит (Шолпан), Арзу (Меркурий), Йалчық (Ай). Бұл жұлдыздар тынбай айналыста болады.

Осы он екі бұрждарда жаңағы жеті жұлдыз туады. Және бір әлем астында жеті бұрждан он екі жұлдыз туды. Жеті бұрж қайсы десең: Жақып пайғамбар, Шауша, Зағура, Сүнбіле, Қамар, Хабиба, Рахил. Жақыптың алты әйелімен жетеу. Он екі жұлдыз қайсы десең, он екі баласы: Рубил, Лауий, Шамғун, Яхуда, Жада, Дан, Яғсар, Ястахир, Забатұқ, Қазур, Жүсіп және Ибн Ямин47».

Жақып пайғамбар мен оның алты әйелін жеті жұлдыз ретінде суреттеп, он екі бұржды сол алты әйелден тараған он екі ұлға балаған. Рабғұзидан басқа пайғамбарлар қиссасына барған ғалым-ғұламалардың еңбектерінде мұндай мәлімет кездеспейтіндігі ақиқат. Ислам әлемінде тарих атасы атанған Табаридің тарихына парсы тілінде шарх жазған Бәләмидің «Торихноме-е Бәләми» атты шығармасының композициялық құрылымы Рабғұзи қиссасымен астарласып жатқанымен де, парсыша ол еңбекте түркі ғалымы келтірген көптеген аңыз-әпсаналар жоқ. Онысы түсінікті де. Себебі Бәләми діни риуаяттарға арқа сүйесе, Рабғұзи өз шығармасында халық прозасы мен көркем сөз өнеріне көп орын берген.

Қараһандықтар билігі тұсында өмір сүрген Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» «Жеті жұлдыз, он екі бұрұж туралы» («یتی کوکب اون ایکی بوروج ») деген арнайы тарау беріліп, көктегі жұлдыздар төмендегіше суреттелген.
Секәнтір бәрін ең үстінен айналар,

Бір бұрұжда екі жыл, сегіз ай қалар.

Сонсоң Оңай болар екінші орында,

Он және екі ай уақыты бар оның да.

Үшіншісі – Күрүд, көк мұз қасарған,

Жақындасса – құрыр, жасап, жасарған.

Төртінші – Күн жарық шашқан ғаламға,

Жылу, жарық төгер жақындағанға.

Бесінші – Сәбит, нұрлы жүзін бұрғанда,

Сүйінерсің, тыншып қандай мұңнан да!

Одан кейін Арзу, тілек келеді,

Жақындаса, тілегіңді береді.

Бұлардың алдын Иалшық жүріп, шолады,

Күнмен қарсы келсе, жайнап толады,-


деп, жеті жұлдызды Баласағұн суреттесе, Рабғұзи:
Және жеті жұлдыз бұлар да жүреді,

Сәкәндір, Унгәй, Куруд, һәм Йашық.

Сақыт, Арзу, Йалчық жауындай болып,

Соғыстан қашпа жасырып жарық.


Сондай-ақ, он екі бұрж Рабғұзи шығармасында былайша суреттелсе:
Он екі бұрж, жеті планета қыстық,

Ең әуелі қозы, сиыр, арандант, қучық.

Көр арыстан да бидай басы, үлкер бірге,

Шаян һәм жай, ұғлақ, кунак һәм балық48.


Жүсіп Баласағұн:
Бұдан басқа он екі Өкәк көрінер,

Бірі жұп боп, бірі тақ боп бөлінер:

Жаз жұлдызы – Қозы, сонсоң Үд келер,

Әрәндір, Құшық жақын, жуық жіктелер...

Арыстанмен Бұғдай басы қос болар,

Сонсоң Үлгі, Шадан, Иа болар.

Келер сонсоң Оғлақ, Көнәк һәм Балық,

Олар туса, болар көгің жап-жарық49.


Осы тұрғыдан алған уақытта ХІІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн мен ХІҮ ғасыр тумасы Рабғұзидың шығармалары арасындағы үндестіктің сыры – екі ұланның да түркі дүниетанымын жетік біліп қана қоймастан, сонымен бірге оны өлең сөзбен өрнектеуінде дер едік.

Рабғұзи қиссаларының ішінде кездесетін образдың бірі – Шығыс мұсылман әдебиетінде көп жырланған Ескендір бейнесі. Орта ғасырлық жазба жәдігерлерді айтпағанның өзінде, киелі кітаптардан саналатын Тәурат пен Құранның ішінен бой көрсеткен Зұлқарнайын оқиғасы ислами әдебиетте жағымды кейіпкер ретінде көрініс берді. Әлемді әділдігімен басқарып, Батыс пен Шығысты өз қарамағына қаратқан әділ патша тұлғасы классик шайырлардың шығармаларында жиі жырланды. Солардың қатарында, Фирдаусидің «Шаһнама», Низамидің «Иқбалнаме» мен «Шарафнама», Әмір Хұсрау Деһлеуидің «Ойне-е Искәндәри», Әбдірахман Жәмидің «Херәдномә-е Искәндәри», сондай-ақ Әлішер Науаидің «Сәдде Искәндәри» секілді шығармаларын атауға болады. Қазақ ақындарының ішінде Тұрмағанбет Ізтілеуов («Ескендір хикаясы»), Шәді Жәңгірұлы («Ескендір Зұлқарнайын»), Дулат Бабатайұлы («Шаштараз»), Мағжан Жұмабаев («Ескендірдің екі мүйізі»), Ыбырай Алтынсарин («Өсиет өлеңдер»), Абай («Ескендір») сияқты ақындар да Ескендір бейнесін сомдады. Сондай-ақ, Зұлқарнайын хақындағы діни аңыз-хикаялар ХІХ ғасырда жарық көрген кітаптар мен мерзімді баспасөз беттерінде де ауық-ауық жарияланып тұрды. Мысалы, «Дала уалаяты газетінің» 1895 жылы жарыққа шыққан 5-ші санында «Ескендір Зұлқарнайын өзінің дұшпандарын неменен жеңгені» туралы мақала жарияланса, 1909 жылы Қазандағы Б.Л.Домбровский баспаханасынан 66 беттен тұратын «Хәзрәти Зулқарнйын хикматі тәфсирі ти-баянда баян қылынур» деген кітап шықты50.

Ислам әлемінде Ескендір Зұлқарнайынның жағымды бейнеде жасалуына Құран аяттар әсер еткен болса, оның тарихи тұлғасы мен әдеби бейнесінің сомдалуына ислам тарихын жіті зерттеген тарихшылар мен қасиетті аяттардың сырына үңілген мүфәссирлердің еңбектері қатты әсер етті. Ескендір бейнесінің түркі даласында ұзақ уақыт жырлануына да Рабғұзи сомдаған Ескендір тұлғасының өзіндік әсері болды.

Рабғұзи шығармасы – кейінгі көркем әдебиеттің дамуына әсер еткен негізгі қайнар бұлақтың бірі. Себебі Құрандағы персонаждар мен сюжеттерді суреттеуді мақсат еткен ақын-шайырлар Рабғұзи мұрасына жіті назар аударған. Орта ғасырда, сондай-ақ ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласында кеңінен жырланған «Жүсіп-Зылиха», «Ескендір», «Миғражнама», «Кербала оқиғасы» секілді тақырыптар Рабғұзи шығармасында өзіндік дәлел-айғақтармен егжей-тегжейлі баяндалған. Алла елшілерінің өмір жолы аят, хадистермен көмкеріліп, шығарманың құндылығын арттыра түскен. Діни тақырыпқа барып, пайғамбарларын өмірін өлең сөзбен өрнектегісі келген жазба ақындардың Рабғұзи мұрасымен танысып, көп мәліметке қол жеткізгені анық. Сондықтан да ХІҮ ғасырда дүниеге келген бұл шығарма сол дәуірде дүниеге келген көптеген жәдігерлер секілді тарих толқынында жоғалып кетпестен, қайта бірнеше нұсқада біздің дәуірімізге дейін жетіп келді, сондай-ақ ХІХ ғасырда Қазан және Ташкент шаһарларындағы алғашқы баспаханаларда бірнеше жарық көрді. Дінді көркем сөзбен үгіттеген Рабғұзи мұрасының өміршеңдігі де осында жатса керек.


*** *** ***
Рабғұзи шығармасының ең көне қолжазбасы Лондондағы Британия му­зейінің кітапханасында сақтаулы тұрғанын жоғарыда атап өттік. Осы нұсқа ХV ғасырда жазылған, бүгінгі ғылымға белгілі ең толық әрі көне нұсқа болып саналады. ХVІ ғасырда көшірілген нұсқасы Санкт-Петербургтағы М.Е. Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік кітапханасында сақталған. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, осы кітапханада Рабғұзидың шығармасына қатысты 6 қолжазба, Швецияда 2 қолжазба, Париж бен Бакуде бір қолжазбадан сақталған. Бұлардан басқа бұл еңбек ХХ ғасырдың басында Қазандағы Шәмсуддин Хусаинов пен Ташкенттегі Хасан Арифджанов баспаханаларында да бір­неше рет жарық көрді. Десек те бұл аталмыш литографиялық нұсқаларда баспахана тарапынан жасалған аздаған өзгертулер мен түзетулерді жоққа шығаруға болмайтындығын жоғарыда нақты дәлелдермен ашып көсеттік.

Сондықтан да біз бұл кітапты аудару барысында ең көне қолжазба болып есептелетін Лондон нұсқасын пайдаландық. Бұл нұсқаны 1948 жылы шығыстанушы К.Гренбек тауып ғылым әлеміне танытқан болатын. Біз қолдағы бар литографиялық нұсқалар мен Лондон нұсқасын жіті салыстыра отырып, соңғы нұсқаның әлдеқайда толық екеніне баса назар аудардық әрі рсы нұсқаның оқырманның қолына жетуіне барынша күш салдық. Сондай-ақ соңғы жылдары бауырлас түркі елдерінде Рабғұзи мұрасына қатысты жарияланған кітаптарды да сараптап шығып (Анкара, 1997; Ташкент, 1991), онда кеткен кемшіліктерді қайталамастан, жетістіктерін мейлінше пайдаландық.

Кітапты дайындау барысында сол дәуірдің әдеби тынысы мен стильдік ерекшелігін толық сақтау мақсатында барынша түпнұсқаға жақындатылып аударылды. Сондықтан да кітапта кейбір стильдік ерекшеліктер мен сөйлем құрылымдары сол қалпында берілді. Сонымен бірге көзіқарақты оқырман үшін мәтіннің транскрипциясын да қоса жариялап отырмыз. Әрі ғылым әлемінің сұранысын қанағаттандыру мақсатымен қолжазбаның көшірмесін беруді де жөн деп таптық Асыл мәтіннің көшірмесі қазақ топырағында алғаш рет жарияланып отырғанын ерекше айтып өткіміз келеді.

Шығармада кездесетін қасиетті Құран аяттары мен пайғамбар хадистерін, сондай-ақ жекелеген арабша өлең жолдарын қазақшаға тәржімалауда бізге дейін жарық көрген (Ташкент, 1991; Анкара, 1997) кітаптардың көп септігі тигенін ерекше атап өткеніміз жөн. Әрі оқырманға қиындық туғызбау үшін арабша мәтіннің аудармасын бірден жақша ішіне бергенді жөн деп таптық. Транскрипция мен аударманының тепе-теңдігін сақтау мақсатымен аяттар мен дұғалардың қазақша тәржімасы транскрипцияда да берілді.



Тәржімасы, транскрипциясы, сондай-ақ құнды қолжазбаның көшірмесі қатар жарияланып отырған бұл көптомдықтың оқырман қауымға берері мол деп ойлаймыз.

Төрәлі ҚЫДЫР

Ф.ғ.к.



1 Әдеби жәдігерлер. 20 томдық. Насируддин Бурһануддин Рабғұзи. Пайғамбарлар қиссасы. 8 том. Алматы: Таймас, 2008. 480 б. 12 бетте.

2 Бұл да сонда, 452 бетте.

3 Остонақулов И. Қисас ар-Рабғузий – адабий асар. Автореферат (кандид.). Тошкент, 1993; Сафарова Х. Рабғузийнинг «Қиссаи Юсуф Сиддиқ алайхис-салом. Автореферат (андид.). Самарқанд, 2001; Hacıyeva N. Nәsirәddin Rәbquzinin Qisәsül-әnbiya әsәri vә dili (nam. diss. avtoref.) Bakı, 1992.

4 Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. Алматы: Мектеп, 1988. – 19 бетте.

5 Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. Алматы: Мектеп, 1971. – 34 бетте.; Елеукенов Ш., Шалғынбаева Ж. Қазақ кітабының тарихы. Алматы: Санат, 1999. - 192 б.

6 Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. Алматы: Жазушы, 1986. – 19 бетте.

7 Рабғұзи. Қисасул әнбия. Қазан. 1290-1873. 145 б.

8 Рабғұзи. Қисасул әнбия. 1899. 138 б.

9 Nasirud-din bin Burhanud-din Rabguzi. Kisasül-enbiya (Peygamber kissaları). 1-cild. Giriş-Metin-Tıpkıbasım. Ankara, 1997. - 474 s

10 Рабғұзи. Қисасул әнбия. 1899. 135 б.

11 Рабғұзи. Қисасул әнбия. 1290-1873. 148 б.

12 Nasirud-din bin Burhanud-din Rabguzi. Kisasül-enbiya (Peygamber kissaları). 1-cild. Giriş-Metin-Tıpkıbasım. Ankara, 1997. - 478 s.

13 Ежелгі дәуір әдебиеті (Құрастырған және өмірбаяндық деректерді жазған А.Қыраубаева). Алматы: Ана тілі, 1991. – 280 б.

14 Әдеби жәдігерлер. 20 томдық. Насируддин Бурһануддин Рабғұзи. Пайғамбарлар қиссасы. 8 том. Алматы: Таймас, 2008. 480 б.

15 Наджип Э.Н. Культура и тюркоязычная литература мамлюкского Египта ХІҮ века. Туркестан: Туран, 2004. – 48 с.

16 Оның айыбын Алла жапсын және жүрегін нұрландырсын

17 Бұл да сонда, 10 бетте.

18 Бұл да сонда, 450 бетте.

19 Бұл да сонда, 24 бетте.

20 Бұл да сонда, 11 бетте.

21 Бұл да сонда, 10 бетте.

22 Бұл да сонда, 11 бетте.

23 Бұл да сонда, 451 бетте.

24 Қырбаубаева А. Ғасырлар мұрасы. Алматы: мектеп, 1988. 54.

25 Nasirud-din bin Burhanud-din Rabguzi. Kisasül-enbiya (Peygamber kissaları). 1-cild. Giriş-Metin-Tıpkıbasım. Ankara, 1997. - 370 s.

26 Бұл да сонда.

27 Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Алматы: Ана тілі, 1996. 179 б.

28 Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. Алматы: Мектеп, 1969. 154 б.

29 Хәмоий Ж.Ә. Фунуне бәлоғат вә сәноғәт-е әдәби. Чопе 21. Теһран: Һума, 1382. - 42-43 бб.

30 Дербісәлиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. Алматы:Рауан, 1995. - 137 б.

31 Сағди Ширази. Гулистон. Теһран: Һума, 1345. - 45 с.

32 Сараи Сайф. Гулистан бит-тюрки. Часть ІІ. Казань:Издательство Казанского университета, 1980. -82 с.

33 Егеубаев А. Кісілік кітабы. Алматы: Ана тілі, 1998. -187 б.

34 Қасқабасов С. Жаназық. Астана: Аударма, 2002. -258 б.

35 Док. Хәләби Ә.Ә. Тәсире Қурән уә хәдис дәр әдәбиот-е форси. Теһран: Әсотир, 1379. -328 с.

36 Аймауытов Ж. Шығармалары. Алматы: Жазушы, 1989. -146 б.

37 Әдеби жәдігерлер. 20 томдық. Насируддин Бурһануддин Рабғұзи. Пайғамбарлар қиссасы. 8 том. Алматы: Таймас, 2008. -131б.

38 («Және Ад қауымына олардың бауыры Хұтты (жібердік)»).

39 («Ей, менің қауымым, Аллаға құлшылық етіңдер»).

40 («Олар: «Ей, Хұт, сен бізге ешбір айғақ әкелмедің»).

41 («Уәде қылған нәрсеңді алып кел»).

42 («Және мен сендерге алып келген нәрсемді жеткізудемін»).

43 («Алайда сендерді надан халық көремін»).

44 Әдеби жәдігерлер. 20 томдық. Насируддин Бурһануддин Рабғұзи. Пайғамбарлар қиссасы. 8 том. Алматы: Таймас, 2008. -51б.

45 Бұл да сонда, 46 б.

46 Бұл да сонда, 47 б.

47 Бұл да сонда, -112-113 бб.

48 Бұл да сонда, -112-133 бб.

49 Әдеби жәдігерлер. 20 томдық. Жүсіп Баласағұн. Құтты білік. 5 том. Алматы: Таймас, 2007. -74б.

50 Елеукенов Ш., Шалғынбаева Ж. Қазақ кітабының тарихы. Алматы: Санат, 1999. -32 б.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет