НҰрбекова аида мұратбекқызы бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың дидактикалық ерекшелігі



бет1/3
Дата11.07.2016
өлшемі0.49 Mb.
#190233
түріАвтореферат
  1   2   3
ӘОЖ 372.02/.026.9-057.874 Қолжазба құқығында

НҰРБЕКОВА АИДА МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың дидактикалық ерекшелігі

13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика тарихы және білім, этнопедагогика

Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу

үшін дайындалған диссертацияның


АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Шымкент, 2010

Жұмыс М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде орындалды

Ғылыми жетекші: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Д.Рахымбек


Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Р. Ибрагимов


педагогика ғылымдарының кандидаты,

А.Қ. Рысбекова


Жетекші ұйым: Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мемлекеттік халықаралық қатынастар

және әлем тілдер университеті

Қорғау 2010 жылы «___»__________сағат______ М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемелекеттік университетінің педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д.14.20.01 диссертациялық кеңесінде өтеді. Мекен жайы: 160012, Шымкент қаласы, Тауке хан даңғылы, 5. 342 ауд.

Диссертациямен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады (160012, Шымкент қаласы, Тауке хан даңғылы, 5 үй, 2-қабат).


Автореферат 2010 «___»________________________таратылды.


Диссертациялық кеңестің

Ғалым хатшысы С.А. Жолдасбекова
КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақстан Республикасындағы қазіргі болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер білім саласын жетілдіруді талап етеді. Әсіресе, гуманитарландыру мен демократияландыру процестері, ең алдымен, оқу-ағарту, білім беру салаларының қазіргі заман талаптарына сәйкес болуын қажет етіп отыр.

Қазақстан Республикасының Білім беру заңында бастауыш білім беру туралы былай делінген: «Бастауыш білім беру – баланың жеке басын қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң талпынысы мен алғырлығын, негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кеңінен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениеті мен дағдыларын дамытуға бағытталған».

Бастауыш мектептің алдында тұрған негізгі мақсат – оқушыларға білім бере отырып ойлау қабілетін дамыту, қызығушылығын арттыру, оқуға ынтасын ояту. Бастауыш мектеп кезеңінде алған білімдерді бала өз іс-әрекетінде қолдануға машықтанады және ой қорытынды жасай алу, себеп-салдарды анықтау, түсінік беру, ойлау қабілетінің дамуы анық көріне бастайды және осы кезеңде оқушының ойлауы нақты-бейнеліден абстрактылы ойлауға қарай дамиды, заттарды тиісті ұғымдарға жатқызып, өзінің ойын дәлелдеуге үйрене бастайды. Дәлелдеу үшін бала тиісті жүйе – логикалық ойлауға сүйенеді. Логикалық ойлау анықтылығымен, бірізділігімен, дәлелділігімен ерекшеленеді. Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлауын дамытуға біріншіден – айнала қоршаған ортаны танып білу, екіншіден – баланың тапсырмаларды шешуге деген өзіндік талаптардың күшеюі, үшіншіден – сөздік қорының кеңеюі әсер етеді.

А. Байтұрсынов ұғымдарды қалыптастыру үшін ойлау заңдарын, ережелерін дұрыс пайдалану керектігін айтады.

Т. Тәжібаев «Адамның дүниетану үдерісі нақты қарапайым пайымдаудан бірте-бірте дерексіз ойлауға көшіп отырады» – дейді.

Ж. Аймауытов жас буынның дұрыс ойлап, дұрыс сөйлеуіне ата-ана мен мектеп оқытушылары бірден-бір жауапты деген құнды пікір айтады. Бұл пікірлер оқу-тәрбие үдерісіндегі озық ой-пікірлермен үндесіп жатқандығын байқауға болады.

Қ. Жарықбаевтың еңбектерінде «Баланың логикалық ойлауын дамыту, ұғымдарын өсіру – науқандық жұмыс емес. Ол әрбір сабақ үстінде, мектептегі барлық тәлім-тәрбие үдерісінің барысында ұдайы жүргізілетін жұмыс. Мұнда оқушылардың жас ерекшелігі де қатты ескеріледі» – делінген.

М. Жұмабаев та өзінің «Педагогика» атты шығармасында оқу ағарту ісінің келелі мәселелерін қарастыра келе логикалық ойлауға тоқталған.

Ұлы ғалымдар, педагогтар Я.А. Коменский, И.Г. Песталоцци, Ж-Ж. Руссо, И.Ф. Гербарт, А. Дистервег, К.Д. Ушинскийдің оқыту арқылы оқушылардың ақыл-ой кабілеттерін дамытуға баса назар аударғаны тегін емес.

Оқыту үдерісінде логикаға көңіл бөлген чех педагогы Я.А. Коменский оқушыларды ой тұжырым жасауға үйретіп оларды өмірмен байланыстыра білуге ары қарай логикалық ойлауын жетілдіру керектігін айтқан. Ол қандай пән болмасын ойлаудың формалары талдау, жіктеу және салыстыруға көп көңіл бөлген. Бұл көзқарастар ары қарай ұлы педагог К.Д. Ушинскийдің еңбектерінде көрініс тапты. «Баланың логикалық ойлау қабілетін дамыту – бастауыш сыныпты оқытудың басты мақсаты. Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамыта оқытудың негізгі ерекшелігі – айнала қоршаған орта және табиғатты бақылау және көрнекі оқыту болу керек» – деп құнды пікір айтады.

В.А. Сухамлинскийдің еңбектерінде бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлауын дамытудың негізгі жолы абстракциялық ойлауды ұйымдастыруға көп көңіл бөлген. Өйткені абстракциялық ойлау заттардың ерекшелігін, ұқсастықтарын және себептерін түсіндіреді – дейді.

Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту туралы психолог ғалымдардың Н.А. Менчинская, Е.Н. Кабанова-Меллер, Л.С. Выготский, З. Калмыкова, Л.Н. Леонтьев, А.А. Люблинская, А.В. Петровский, Л.В. Занков, В.В. Давыдовтың және т.б. еңбектерінде көптеген пікірлер айтылған. Ойлауды дамытудың қажеттілігі туралы әдіскерлер А.Я. Зорина, Ж. Икрамов, И.Я. Лернер, А.В. Усова, оқушының логикалық ойлауын дамыту туралы Б.Г. Ананьев, Ж. Пиаже, Л.С. Рубинштейн, Э.Ж. Гингулис, И.С. Якиманская, В.А. Крутецкий, Ю.А. Самарин, Л.П. Стойлова, В.П. Стрезикозин А.Д. Гетманова, В.С. Егориналар да пікірлер айтқан. «Мектеп жасы жеке психикалық үдерістің саналы және өздігінен әрекет етуінің пайда болуы мен және дамуымен сипатталады және оқыту өзінен кейін дамуды алып жүреді»–дейді Л.В. Выготский.

Кіші мектеп жасындағы балалардың ойлауын дамыту туралы Н.А. Менчинскаяның еңбектерінде ойлауды дамыту оқытумен тығыз байланысты екені айтылған.

Қазақстандық педагог ғалымдар бастауыш сыныпты оқыту жөнінде Т.Қ. Оспанов, Б.М. Қосанов, Б.С. Қуанова, Б.А. Тойлыбаев, С.А. Жолдасбекова, А.Ш. Орақова оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту туралы Д. Рахымбек, Р. Ибрагимов, С.Қ. Меңліқожаева, Ғ.А. Баймадиева, Б.А. Тұрғынбаева, Р.О. Ысқақова, Н. Иманқұл, Т. Есімханов, А.А. Жаппаров, Т. Ғабитовтың, М.Ө. Мұсабеков, Е. Бекболғанов, Қ.Ж. Қарақұлов, А. Мырзабаева, Н.Ә. Талпақов, және т.б. еңбектерінде де құнды пікірлер айтылған.



Оқушылардың логикалық ойын дамыту мектепте оқытылатын пәндік білімдерді және олардың ғылыми мазмұнын меңгеру үдерісінде жүзеге асырылады. Дегенмен, ғылыми зерттеу жұмысында эксперименттік бақылау тәжірибелерін жүргізу бастауыш сынып оқушыларының білім алу барысында логикалық ойлау қабілетін дамыту қажеттілігі мен бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың дидактикалық ерекшеліктері ғылыми-педагогикалық тұрғыдан негізделмеуі арасында қайшылықтар туғызатыны байқалды. Бұл қайшылықтарды мәселе ретінде қарап, мынадай тақырыпты таңдап алу қажет болды: «Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың дидактикалық ерекшеліктері».

Зерттеу мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытуды педагогикалық тұрғыдан негіздеу және логикалық ойлауды дамытудың дидактикалық ерекшеліктерін айқындап, оқу үдерісінде кешенді пайдаланудың әдістемесін ұсыну.

Зерттеудің нысаны – бастауыш мектептегі оқу-тәрбие үдерісі.

Зерттеу пәні – бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамыту жүйесі.

Зерттеудің ғылыми болжамы: егер бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың дидактикалық ерекшелігі айқындалып, іс-жүзінде әдістер тиімді қолданылса, онда оқушылардың логикалық ойлау қабілетінің даму жүйесінің негізі қаланады.

Жетекші идея: оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыру бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілеті дамуының дұрыс қалыптасуына жәрдемдеседі.

Зерттеу міндеттері:

  • бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытуды педагогикалық тұрғыдан негіздеу;

  • бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлауын дамытудың моделін құру;

  • оқу–тәрбие үдерісінде бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың дидактикалық ерекшелігін анықтау;

  • зерттеу мәселесі бойынша әдістемелік ұсыныстар мен нұсқаулар жасау;

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері таным, білім, оқушының және оның ақыл-ой іс-әрекеті, ойлау туралы философиялық, психологиялық, педагогикалық теориялар мен тұжырымдамалар, білім сапасын арттыру теориялары құрайды.

Зерттеудің көздері. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы, жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұны тұжырымдамасы, жетекші психолог, педагог, әдіскерлердің ғылыми-зерттеу нәтижелері, зерттеліп отырған мәселеге байланысты отандық, жақын шетелдік ғалымдардың еңбектері;

Зерттеудің әдістері. Теориялық тұрғыдан философиялық, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық әдебиеттерді талдау; оқушылар мен мұғалімдер арасында сауалнама жүргізу; тәжірибе–эксперимент жұмыстарын және олардың нәтижесіне баға беру; материалды сандық және сапалық тұрғыда сұрыптау, қорытындылау.

Зерттеу базасы. Тәжірибелік–эксперимент жұмысы Шымкент қаласының Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы, Қорқыт-ата атындағы №22 орта мектеп, №79 жалпы орта мектеп, Арыс ауданы Саналы елді мекені «Қаражантақ» орта мектебі, Бәйдібек ауданы «Бөген» жалпы орта мектебінде жүрізілді.

Зерттеудің негізгі кезеңдері.

Бірінші кезеңде (2005-2006 ж.ж.) зерттеу тақырыбы анықталды, объектісі, мақсаты, болжамы, міндеттері, әдістері тұжырымдалды. Тақырыптың теориялық-педагогикалық негіздері анықталды.

Екінші кезеңде (2006-2007ж.ж.) оқу жоспарлары, бағдарламалары, әдістемелік оқу құралдары мен оқыту үдерісіне талдау жасалынды. Іздену эксперименті жүргізілді.

Үшінші кезеңде (2007-2008ж.ж.) зерттеу жұмысына байланысты жиналған материалдар теориялық тұрғыда талданып қорытындыланды. Зерттеу нәтижелері нақты тұжырымдалды және әдістемелік ұсыныстар енгізілді.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:

  • бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың практикалық негіздері мен дидактикалық ерекшеліктері анықталды;

  • оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамуының көрсеткіштері және деңгейлері анықталып, моделі құрылды;

  • бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың теориялық негіздері ашып көрсетіліп, тиімді әдістер ұсынылды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі:

  • оқу-тәрбие үдерісінде оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға байланысты мұғалімдерге арналып «Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың әдіс–тәсілдері» атты арнайы курс дайындалды;

  • зерттеу нәтижелерін жоғары және арнайы педагогикалық оқу орындарында, бастауыш мектеп оқу–тәрбие үдерісінде, педагог кадрлардың біліктілігін жетілдіру институтында пайдалануға ұсынылуында.

Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:

  • «логикалық ойлау» ұғымының сипаттамасы, бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың дидактикалық ерекшелігінің педагогикалық негіздері;

  • бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамыту моделінің, көрсеткіштерінің және деңгейлерінің негізгі сипаттамасы;

  • оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамыту жолдарын жетілдірудің әдістемелік нұсқаулары.

Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі зерттеу тақырыбы бойынша психологиялық-педагогикалық, оқу-әдістемелік әдебиеттер мен оқу құралдарына жан-жақты талдау және оларды зерттеу барысында негізге алу, тәжірибе-сынақ бағдарламасының педагогикалық мақсатқа сәйкестігі; педагогикалық іс-тәжірибеге қатыстырылған сыныптар мен оқушылар санының жеткіліктілігі; бақылау жұмыстарының бірнеше рет қайталануы арқылы қамтамасыз етілді.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және тәжірибеге ендіру: зерттеу «Қазақстандағы және онымен шектес аумақтардағы инновациялық білім беру мен әлеуметтік мәдени саясат: тәжірибе, мәселелер мен перспективалар» (Астана, 2005), «ХХІ ғасырда білім мен ғылымдарды ұштастырудың жолдары және білікті мамандар даярлау сапасын арттырудың өзекті мәселелері» (Шымкент,2006), «Жас ғалымдардың инновациялық идеялары олардың ғылымның дамуына қосқан үлесі» (Шымкент, 2007), «Қазақ мемлекеттілігі және түркі әлемінің тарихи-мәдени құндылықтары» (Шымкент, 2009) халықаралық ғылыми–тәжірибелік және ғылыми–әдістемелік конференцияларда; «Білім берудің негізгі аспектілерін жетілдіру жолдары» (Шымкент, 2005), «Инновациялық технологияны тиімді қолдану негізінде педагог кадрларын даярлау сапасын жетілдіру» (Шымкент, 2007), республикалық ғылыми–тәжірибелік конференцияларда баяндамалар оқылды. «Әлеуметтік ғылымдардың өзекті мәселелері» (Шымкент, 2006) ғылыми мақалалар жинағында жарияланды. Зерттеу жұмысының мазмұнының негізгі идеялары, педагогикалық мәселелері ғылыми–педагогикалық басылымдарда «Ізденіс» (Алматы, 2006), «Ұлт тағлымы» «Қазақстан мектебі» (Алматы, 2007), «Бастауыш мектеп» (Алматы, 2007), Қазақстан мектебі» (Алматы, 2008) «Қазақстан мектебі» (Алматы, 2008) және республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарда «Бастауыш білім» (Алматы, 2008) «Бастауыш білім» (Алматы, 2008) жарық көрді.

Диссертация құрылымы: кіріспе, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан тұрады.

Кіріспе бөлімінде зерттелген мәселенің көкейкестілігі, әдебиеттерге қысқаша талдау, зерттеу мақсаты, объектісі, пәні, міндеттері, ғылыми болжамы, зерттеу әдістері, теориялық және практикалық маңыздылығы, еңбектің ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын қағидалар, зерттеу кезеңдері, базасы, зерттеу көздері баяндалған.

«Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың педагогикалық негіздері» атты бірінші тарауда педагогика саласында жарық көрген зерттеу еңбектеріне мазмұндық сипаттама келтіріледі; бастауыш сынып оқушыларының ойлау қабілетін, оқу-тәрбие үдерісінде дамытудың педагогикалық мәні ашылып, тақырыптың бүгінгі зерттеу деңгейі көрсетілді. Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың анықтамасы, мазмұндық жүйесі жасалды.

«Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың тиімді жолдарын ғылыми тұрғыда негіздеу, әдістемесін жасау» атты екінші тарауда тәжірибелік–эксперимент жұмысының оқыту жүйесі, пәндік сабақтар қарастырылып бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың дидактикалық ерекшелігі анықталды.

Қорытындыда ғылыми педагогикалық және тәжірибелік эксперимент жұмысының нәтижелеріне негізделген тұжырымдар мен ұсыныстар берілді.

Қосымшыда бастауыш сынып мұғалімдеріне өтілген анкеталық жұмыс, бастауыш сынып оқушыларына арналған логикалық жаттығулар жинағы келтірілді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Логика адам ойлауын өзінің нысанасы ретінде қарастыратын ғылым болғандықтан оны философия, психология, педагогика, әлеуметтану, жоғары жүйке қызметінің физиологиясы және басқа ғылымдардың зерттеу пәні. Философия өз пәні ретінде тұтастай ойлау мазмұнын, адамдардың әлемге деген көзқарасы мен әлемнен алатын орнын, олардың таным қабілеттерін зерттейді. Адамның жоғарғы жүйке физиологиясы адам ағзасында өтетін физиологиялық үдерістердің механизімі мен заңдылықтарын қарастырады. Психология адамның түрлі топтарының ойлау ерекшеліктерін, олардың өзара әрекетін айқындайды, олардың жасерекшелігіне қарай дене және психикалық дамуын зерттейді. Ал, педагогика ғылымы оқыту мен тәрбиені ерекше бірлік пен бүтіндік деп танып, өсіп келе жатқан ұрпақты қоғам өміріне үйрету мақсатына бағытталған қызметі ретінде зерттейді.

Танымдық әрекеттің күрделі үдерісі – ойлау. Ойлау сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс-қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде бейнеленуі. Ойлауды зерттеумен айналысатын ғылымдардың бірі логиканың ойды зерттеудегі әдіс-тәсілдерінде өзіндік ерекшелігі – бүкіл адамзатқа ортақ ой әрекетінің заңдары мен формаларын айқындайды, адам ойының нақты нәтижесі болып табылатын ұғым, пікір, дәлел, ой формаларының табиғатын зерттейді. Ойлаудың негізгі формалары: ұғым, пайымдау және ой тұжырымы. Ұғым – деген сөздің өзі «ұғу» деген етістікпен бір түбірлес. Біздің қандай да бір нәрсе не құбылыс туралы біліміміз болса, оның қасиеті туралы басқа нәрселермен қатынасын білген жағдайда ғана оны басқалардан ажыратамыз және сол нәрсе туралы ұғымымыз болады. Ұғым – нәрсенің мәнді белгілерін бейнелейтін ойдың формасы. Сөйлеу тілімізде ұғымдар сөзбен, сөз тіркестерімен беріледі. Мысалы, «оқулық», «тәрбие», және т.с.с.

Д. Рахымбек «Ұғымдарды меңгермейінше заңдар мен теорияларды саналы түрде білу мүмкін емес, өйткені олардың өзі ұғымдар арасындағы байланыстарды білдіреді. Ал ұғымды меңгеру дегеніміз – болмыстың, заттар мен құбылыстардың маңызды қасиеттерін, олардың арасындағы мәнді байланыстарды, ара қатынасты білу» – дейді. Ғылыми зерттеулер мен адамның тәжірибесінде кеңінен қолданылып жүрген, ғылымның «қаруы» ретінде қабылданған ұғымдардың мазмұны оқу үдерісінде біртіндеп ашылады. Ұғымды меңгеру оқушылардың белсенді ой қызметімен, талдау және жіктеу, салыстыру, абстракциялау және жалпылау сияқты ойлау операцияларын орындаумен байланысты. Сондықтан ұғымдарды қалыптастыру оқушылардың ойлауын дамытумен тікелей байланысты.

М. Жұмабаев ұғым ойдың ғана ісі, сондықтан оны ойда ғана қалыптастыруға болады. Ұғым көп заттардың ортақ сандарын алып жия білу, басқаша айтқанда, зат туралы ой. Ұғымды қалыптастыру үшін алдымен бір тектес заттардың әрқайсысына тән дербес белгілерін алып тастап, дерексіздендіріп, олардың бәріне ортақ бірлігін көрсететін жалпы белгілерін анықтап алу қажет.

А. Байтұрсынов ұғымның өзін екіге бөліп қарастырады: 1) ес ұғымы. Ол арқылы – адам заттардың мәнін, сипатын, сырын, т.б. таниды; 2) іс ұғымы. Ол арқылы – табиғат күшін танимыз деп жазған. Ұғым деп қоршаған ортадағы заттардың, құбылыстардың қасиеттері мен маңызды белгілерінің жалпыланған логикалық сипаттамасын түсінеміз. Ұғым зерттелінетін нысананың жалпы, сонымен бірге мәнді белгілері, негізгі игі түйіні болатын барлық айрықша сипаттары туралы түсінік, мәліметтердің тұтастай жиынтығы туралы пайымдар. Ұғымның қалыптасуының негізгі логикалық тәсілдері: талдау, жинақтау, салыстыру, абстракциялау және жалпылау. Ойлаудың барлық тәсілдерін жеке-жеке қарастырғанымен тәсілдер бір-бірімен тығыз байланысты және бірге орындалады. Осы тәсілдердің барлығын оқушылар оқыту бағдарламасы бойынша бастауыш сыныпта меңгереді.

Бірнеше ұғымнан тұратын ойлаудың формасының екінші түрі – пайымдау. Пайымдау – онда нәрсенің бар екендігі, немесе нәрселердің ара-қатынасы туралы бір нәрсе не құпталады, не терістеледі. Қазақ тілінен алған білімізге сүйене отырып, біз әрекетке итермелейтін сөйлемдердің не ақиқат, не жалған бола алатынына көз жеткізіледі.

Ойлаудың үшінші формасы – ой тұжырымы. Ол пайымдау мен ұғымға қарағанда анағұрлым күрделі. Ақыл-ой қызметінде сөз – ұғым, сөйлем–пайымдау десек, онда ой тұжырымы сол ақыл-ой қызметінің өзі. Талдау, сұрақ қою, жауап іздеу, түсіндіру, болжау, дәлелдеу, бекерлеу, көзін жеткізу, күдік тудыру, сұрау, талап ету, тыйым салу – барлығы және де басқа ойлау әрекеті белгілі ой тұжырымының түрлеріне ие болады. Сондықтан біз ойлау мен ой тұжырымын жасау екеуі бір нәрсе деп айта аламыз. Егер ұғым негізінде – шындықтың нәрселік сипаты, ал пайымдау негізіне – нәрселердің байланысы (қатынасы) жатса, онда ой тұжырымы объективтік нәрселердің неғұрлым күрделі, өзара байланысын құрайды. Егер ой тұжырымы бір ғана пайым нәтижесінде жасалатын болса, онда ол тікелей, егер бірнеше пайымдар нәтижесінде ой тұжырым жүргізілетін болса жанама ой қорыту деп аталынады.

Оқушыларды ой қорытулар жасау мен дұрыс қорытынды шығаруға үйрету – мектептегі барлық пәндерді оқытудағы басты педагогикалық мәселелердің бірі. Мұнда барлық пәнінің маңызы ерекше. Себебі жаңа білімдерді алу мен оларды игеру барысының әрбір қадамы сайын ой қорытулар жасау және қорытынды шығарып отыруға тура келеді.

Ой тұжырымы нәтижесінде дұрыс қорытынды шығару үшін ақиқат пайымдарды негіз ете отырып, ойлау заңдарының орындалуын басшылыққа алады. Кез келген ғылымдағыдай, логиканың өз заңдары бар, ол айрықша заңдар. Олар, бір жағынан, ойлаудың негізгі қасиеттерін бейнелейтіндіктен ғылым заңдарына, басқа жағынан, дұрыс ойлауға қойылатын негізгі заңдарды құрайды. Ол заңдарға қайшылық заңы, тепе-теңдік, үшіншісінің болмау заңы және негіздеу заңы. Логиканың формалары мен заңдары дұрыс орындалуы арқылы оқушылар білімдерді меңгереді және логикалық ойлайды.

Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлауының дамуы екі негізгі саты арқылы өтеді. Бірінші сатыда (ол шамамен I – II сынып) олардың ойлау әрекеті көбіне әлі мектеп жасына дейінгі баланың ойлауын еске түсіреді. Мұнда көрнекі әсер ету басым болады. Балалар нақты заттарға немесе оның дәл баламаларына, бейнелеулерге сүйенеді. I - II сыныптың оқушыларын заттар мен жағдайларды олардың қандай да бір жеке сыртқы белгісі бойынша бағалайды. Балалардың ой қорытулары көрнекі алғы шарттарға, қабылдау деректеріне сүйенеді. Қорытынды жасау логикалық дәлелдер негізінде емес, қабылдаған мәліметтерге тура қатынасы жолымен жүзеге асырылады. Бұл кезеңдегі балалар жасайтын жинақтау заттардың көзге түсетін белгілерінің күшті қысымымен болады. Бұл сатыда туындайтын жинақтаулардың көпшілігі заттар мен құбылыстардың бетінде жататын нақты қабылданған белгілер мен қасиеттерді қамтиды. Бастауыш сынып оқушысына олар жасаған жаттығулар нақтылы бақылау жағдайларына, олардың егжей-тегжейлі сөзбен сипаттауға сүйенетіндей етіп беріледі. Мұндай материалдарды салыстыруда балалар ұқсас белгілерді табады және оларды тиісті сөздермен белгілейді. Білімді толық жинақтаудың негізгі критерийі баланың алған білімге сай келетін нақтылы мысал келтіре білуі болып табылады. Осы кезеңде оқытудың көрнекілік ұстанымын кеңінен қолдануға негіз болады.

Жүйелі оқу әрекеті негізінде III – IV сыныпта бастауыш мектеп оқушысының ойлау сипаты өзгереді. Ойлаудың дамуының екінші кезеңі осы өзгерістермен байланысты. III – IVсыныптарда ұғымдар арасындағы қатынасты көрсетуді талап ететін тапсырмалар көлемі ұлғая береді, оқушылар ұғымдардың кейбір белгілері арасындағы тектік-түрлік қатынасты, яғни топтастыруды игереді. Екінші кезеңнің аяғына қарай оқушылардың көпшілігі бұрынырақ жинақталған ұғымдары шеңберінде оларды ойша талдау мен құрастыру арқылы қорытынды жасайды. Мұғалімнің түсіндіруі және оқулық материалының тікелей көмегінсіз-ақ ұғымдарды меңгеруге көптеген жағдайларда жеткілікті болады. Көрнекі сәттері аз, объектілердің көпті-азды байланыстары бойынша сипатталатын пайымдаулар саны өседі.

Сондықтан бастауыш сынып оқушыларының заттар мен құбылыстардың белгілері мен қасиеттері туралы пайымдауларының негізінде көбінесе көрнекі бейнелеулер мен суреттеулер жатады. Сонымен қатар бұл пайымдаулар мәтінді талдау, оның жекеленген бөліктерін ойша салыстыру, бұл бөліктердегі басты сәттерді ойша айқындау, оларды бірегей көрініске біріктіру, ақыр соңында, кейбір жаңа, ендігі жерде тікелей түп нұсқадан қашық жатқан және абстрактілі білім болған пайымдаулардағы жеке нәрселерді жалпылау болып табылады. Белгілі заттар мен құбылыстарды жіктеу іскерлігі бастауыш мектеп оқушыларының ақыл-ой әрекетінің жаңа күрделі формаларын дамытады, ол қабылдаудан біртіндеп бөлінеді де оқу материалдарымен жұмыс істеудің өз алдына бөлек, өзінің ерекше әдістері мен тәсілдерін жинақтай бастаған үдерісі болады.

Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың маңызды факторы, баланың психикалық, ақыл-ой іс-әрекет тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін бүкіл оқу үдерісін жолға қою.

Оқытудың негізі болып табылатын таным мен қарым-қатынас арасындағы әртүрлі байланыстар оқу үдерісі нәтижесінде жан-жақты кеңейтіледі және ол тек іс-әрекет барысында ғана емес, таным қызметтеріне әсер етеді. Демек, мұғалім жетекшілігімен танымдық іс-әрекет арқылы оқушылар әлемді нақты, жүйелі тану, ғылыми ақиқаттарды меңгеруге көшеді. Нәтижеде, оқыту үдерісінде оқушылар оқу материалының заңдылықтары мен байланыстарын бірінші рет ашушы, танушы жағдайында болады. Бұл танымдық ғылыми зерттеу әдістері оқушылардың оқып үйрену қызметінің әдістері де болып табылады. Оқыту үдерісінде танымның дәлелдеу, жаттығу, талдау, жіктеу, индукция және дедукция, жалпылау мен нақтылау сияқты әдістері қолданылды. Бұл әдістер логикалық ойлау әдістері де болып табылады деп те айтуға болады.

Қазіргі мектеп курсында оқушылардың логикалық сауаттылықтарын тәрбиелеуді бірыңғай мазмұнды әдістемелік тұрғыда құрудың үлкен мүмкіндігі бар екендігін көрсете отырып, бастауыш сынып оқушыларының меңгеруге тиіс мынадай логикалық білім мен дағдыларды көрсетіледі: ұғымдарға анықтама бере білу; анықтаманың жәрдемімен ұғымдарды тани алу; ұғымдарды жіктей білу; логикалық байланыс жасайтын сөздердің мәнін ажырата білу; пайымдаулар кезінде жіберілетін қателіктерді таба білу; сипаттау; пікір айту; тәсілдерін меңгеру болып есептеледі. Осы аталған білім мен дағды негізінде оқушыларды дұрыс ойлай білуге, ойды жүйелі жеткізе білу дағдылары қалыптастырылады. Сондықтан ой дамытудың логикалық амалдарымен байланысты болады: мәселені талдауға, жалпылауға, нақтылауға, қажетті және жетікілікті шарттарды көрсете білуге, ұғымдарды анықтау, пайымдаулар мен ой қорытындылар жасауға т.б. Алдымен оқушыларды танымның әдістерімен, логикалық амалдары және тәсілдерімен таныстырудың жолдары анықталды.

Оқыту үдерісінде оқушылардың алатын білімдерін тең емес екі бөлікке бөлуге болады деп есептелінеді. Оның біріншісі интеллектуалды қызмет тәсілдерін, ал екіншісі оқытылатын пәннің нақтылы материалдарын құрайды. Бұлардың екінші бөлігінің оқу құралдарындағы көрініс табуы біріншісінен артық болғанымен сондай дәрежеде дамыту тұрғысынан алып қарағанда екіншісінің мәні біріншісінен кем болып қалады. Ал нақты материал білімді құрайды. Мұндайда ақыл-ой іс әркеті екіге бөлінеді: өзіндік арнаулы және жалпы логикалық білімдер.

Өзіндік арнаулы білім мазмұны пәндік білімдердің ерекшеліктерін бейнелейтін болса, екіншісі ақыл-ой қызметінің бағдарлық негізі болып, ойлаудың логикалық тәсілдерінің құрылғысын, алған нәтижелердің дұрыстығын бағалайтын логикалық бақылау ережелерін құрайды. Сондықтан оқушылардың ойлау қабілетін дамыту екі категорияға байланысты болатынын атап көрсетеміз: жинақталған білімдер қоры және білім алуға қажетті ойлау амалдарын меңгеру.

Оқу іс-әрекетінің мәні – оқушының пәндік білімдер мен біліктерді меңгеруімен бірге пәндік мазмұнға қатысты іс-әрекет тәсілдерін меңгеруінде де жатыр. Д. Рахымбек «Бұлардың ішіндегі ең маңыздысы және оның соңғы нәтижесі – білімдір жүйесі. Жаңа білімдер жүйесі оқу үдерісінде бұрын игерілген білімдер негізінде жалпы логикалық және арнайы тәсілдер жәрдемімен қалыптасады және дамиды. Сондықтан мұғалім оқушы санасында білім қорының негізі қаланбаса ешқандай ақыл-ой іс-әрекетінің, яғни дамудың болуы мүмкін емес екенін естен шығармауы тиіс» – деген пікір айтады. Бастауыш сыныпта оқытылатын пәндердің негізгілері ана тілі, қазақ тілі, математика, дүниетану пәндері. Әр пәннің оқушының логикалық ойлау қабілетін дамытуда өзіндік мазмұнға ие.

Ана тілі пәні арқылы оқушы қоршаған ортаны таниды, ұлттық мәдениетті, моралды, дүниетанымды сезіне бастайды, сөйлеу машығында оқушының өзіндік ерекшеліктері айқындала түседі. Бұған қоса тілді оқып үйрену барысында оқушылар алғашқы тілдік мағлұматтарды меңгереді, ақыл-ойы, сөйлеу дағдылары жетілдіріледі. Бастауыш сыныптың ана тілі оқулықтарына көркем шығармалардың мынадай жанрлары да енгізілген: өлең, жұмбақ, әңгіме, мысал, ертегілер, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, айтыс, шешендік сөздер, ғылыми мақалалар мен очерктер, т.б. Балалар әдебиетіндегі жұмбақтар мен ертегілерді балалардың жас ерекшеліктері мен білім дәрежесіне, санасына, қабілетіне қарай лайықтап таңдап алынады. Осылай таңдап алынған шығармалар мен мәтіндер оқушылардың берілген материалды толық игеруіне, ой-өрісінің кеңейіп, тіл байлығының, сөздік қорының артуына игі әсерін тигізетіні сөзсіз.

Қазақ тілін оқытудың негізгі мақсаты – оқушыларды оқуға, сауатты жазуға және тіл арқылы қарым-қатынас жасау қызметінің түрлерін (тыңдау, оқу, сөйлеу, жазу) меңгеруге үйрету, ойлау қабілетін дамыту, өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын етіп тәрбиелеу.

Қазақ тілін бастауыш сыныпта оқытудың басты әдісі – тілдік фактілерді бақылату және талдау. Бұл оқушылардың ойлау қызметін күшейтеді. Оқушылардан ережелер мен анықтамаларды саналы түрде түсіну, әрі есте сақтау талап етіледі. Мысалы, салыстыру әдісі жаңа тілдік құбылыстар бұрын өтілген тілдік құбылыстар мен салыстырылып, олардың арасындағы ұқсастық пен айырмашылық белгілері айқындатылады.

Дүниетану пәнін оқытудың алғашқы кезеңінде табиғат құбылыстары туралы дұрыс, біртұтас түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді, табиғат туралы ғылымдарды одан әрі саралай оқып үйренуге белгілі бір негіз қалайды. Оны оқып-үйрену барысында дүниенің материалдығы мен танымдылығын, құбылыстардың өзара байланысын, заңдылықтар мен эволюция идеяларын түсінуге қадам жасалады. Қоршаған дүние объективті түрде өмір сүретін болғандықтан, ондағы заттар мен құбылыстары алдымен санада бейнеленеді. Көру, сезіну, түйсіну арқылы сезім мүшелерге материалдық түрде әсер етеді де біз оларды қабылдаймыз. Қабылдау барысында сыртқы сезім мен ішкі сезімдер біріге отырып танымды нақтылай түседі. Сезім арқылы таныған дүниені ғылыми біліммен байланыстырғанда ғана білім қалыптасады.

Дүниетану пәні ойлау тәсілдерінің индукция және дедукция әдістеріне үйретеді, құбылыстардың мәніне терең бойлау дағдысын қалыптастырады. Логикалық ойлаудың дамуы бірнеше кезеңнен тұрады. 1) Фактілер мен құбылыстарды бақылау. 2) Жауапты іздеу үшін мәселе (шарт) қою. 3) Бақыланып отырған нәрсе бойынша мүмкін болжамдар жасау. 4) Болжамды зерттеу және дұрыс жауапты тәжірибе жүзінде тексеріп, талдап, тиянақты қорытындылай білу.

Бастауыш сыныптың математика бағдарламасы балалардың математикалық білім, біліктерін қалыптастырып, ой-өрісін кеңейту, шығармашылығын, логикалық ойлау қабілетін дамытып, оқытудың өмірмен байланысын нығайту мақсатында өздігінен есептер құрастырып шығаруды ұсынады.

Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту үдерісінде оқытудың мынадай үш құрамды бөліктерін ескеру қажет деп есептелінеді: мазмұндық, амалдық (операциялық), ой-түрткілік (мотивациялық). Мәселен, оқытудың мазмұндық құрамдас бөліктеріне оқушылардың білуіне тиіс ұғымдар жүйесі, ережелер, заңдылықтар жатады. Бұл мәліметтер оқытудың бөлігі – оқу бағдарламалары мен оқулықта баяндалады. Оқытудың амалдық құрамдас бөліктеріне ақыл-ой қызметінің тәсілдерін меңгеру жатқызылады. Оларға оқу материалдарына ең бастыны ажыра алуды, деректерді, құбылыстарды салыстыру, сәйкестендіру мен жалпылауды, өз ойын дәлелдей алуды және ойлаудың амал-тәсілдері мен әркеттік құрамды бөліктерін жатқызады да, оқушылар не мақсатпен, не үшін оқиды, білім мен дағдылар не үшін қажет деген мәселелерді түсіндіру оқытудың түрткілік (мотивациялық) аспектісін құрайды. Бұл ойлау үдерісінің құрамды үш бөлігі бір-бірімен тығыз байланысты. Олар білім, біліктің негізін қалайды. Сондықтан білімдерді игерудің тәсілдерін қаншалықты тиянақты меңгеру жүзеге асырылса, білім негіздері соншалықты берік қалыптасады, оқушы білім мен ол білімдерді алу жолдарының қажеттілігін саналы түсініп, білімді тәжірибелік жақтан қолдана білуге ынталанса, олардың ойлауы соншалықты жедел дамиды.

Ақыл-ой қызметінің логикалық дидактикалық жіктелуі оқу үдерісіндегі оқытудың мақсаты және оның тікелей нәтижесі ретінде қалыптаса отырып, ойлауды дамыту мәселелерін де шешуге мүмкіндік жасайды. Педагогикалық зерттеулер оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту мәселесіне ерекше мән береді. Оны пайымдаулар жасап, ой қорытулар жүргізе алуға оқушыларды үйрету кезінде де логикалық маңызы арта түседі. Мысалы, оқушы өзінің құрастырған сөйлемі бойынша айтылатын ойдағы негізгі ұғымды анықтай отырып, оған сөзді таңдауы, ойлау кезінде маңыздыны ажыратады. Оқушылардың логикалық ойлауы ойлау амалдарын орындай алумен, әрекетпен байланысты. Демек, оқушылардың ойлау амалдарын меңгермейінше, оларды пайымдауға, дәлелдеуге және қорытынды шығара білуге үйретуге, мүмкіндік болмайды.

Балалар алдына мәселенің шешу жолдарын табу мен белсенділікті талап ететін тапсырмалар жүйесі бастауыш сынып оқушыларын әуел бастан-ақ ақыл-ой ізденісі саласына жетелейді, олардың алдына жан-жақты пікірлер мен тұжырымдар негізінде іс-әрекеттің табылған әдістерін негіздеу қажеттігінен ашылады. Осындай ойлау іс-әрекетінің арқасында балалар қажетті білім мен іскерлікті саналы түрде меңгереді. Бұл жұмыс балаларды қызықтырады және мұғалім тарапынан дұрыс басшылық жасауды талап етеді. Сондықтан оқытудың алғашқы кезеңінен балаларды қайсы бір мәліметтерді олардың қажеттілігі мен қолдану жағдайларын тиісті дәрежеде түсінбей тұрып жай есте сақтауды талап ету ерекше қауіпті. Әрине, бастауыш сынып оқушылары көп нәрсені берік есте сақтай да алады және осының арқасында оқудың тікелей тиімділігіне қол жетеді. Бірақ маңызды сәті – балалардың логикалық ойлауын дамыту назардан тыс қалдыру алдағы бүкіл оқу ісіне зиянын тигізеді. Оқушылардың логикалық ойлауының дамуы және оқушылардың оқуға деген көзқарасының жайы олардың оқу әрекетінің қалыптасу үдерісіне байланысты. Сондықтан педагогика үшін осы іс-әрекетті құру және оның жекелеген бөліктерінің ерекшеліктері туралы мәселе ерекше маңызды болып табылады. Қорыта келгенде, оқушының әр түрлі пәндік тапсырмалар мен жаттығулар орындау барысында ұшырасатын қиындықтар мен қолайсыздықтар оқу құралының мазмұнының қиындығына, сипаттамасына, мұғалім арқылы ұйымдастырылған оқушылар әрекетінің құрылымына байланысты болады.

Зерттеліп отырған мәселеге қатысты жарық көрген еңбектердің бәрінің мазмұны, оларда бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың арнайы нысаны жетік болмағандығын дәлелдейді. Мектеп бағдарламалары мен құралдарында да, сондай-ақ әдістемелік нұсқаулар мен ұсыныстарда да бұл мәселеге әлі де болса жүйелі көңіл бөлінбегендігі байқалады. Сөйтіп, бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытуға ғылыми-практикалық нұсқаулардың, арнайы оқу кешендерінің аздығы белгілі бір қолбайлау болып отыр. Осыны мәселе ретінде қарап бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың дидактикалық ерекшелігін анықтаудың, мәнін ашу мен құрылымы, құрамдас бөліктері, өлшемдер, көрсеткіштер бірлігінде моделін құруды, қалыптасу деңгейлерін анықтауды мақсат еттік.

Соңғы жылдары педагогика ғылымында модельдеу әдісі кеңінен қолдануда (М.И. Зотов, Е.Л. Невский, В.Н. Кузьмина, И.Г. Михеева), бұл әдіс білімнің басқа салаларында да өзін кеңінен ақтап отыр. Модельдеу әдісі бастапқы ұғымдар мен гипотезалар арқылы құрылатын іргетас негіздерін тексеріп алуға мүмкіндік береді. Модельден алынған мәліметтер оқу-тәрбие үдерісінің тоериялық негіздерін құру үшін мәнді мазмұнға ие болады. Зерттеу барысындағы жетекші теориялардан туындайтын талаптарға сәйкес бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытуды басшылыққа алатын теориялық моделін ұсындық. (кесте 1)



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет