Қобыланды батыр



бет7/7
Дата03.12.2019
өлшемі388.5 Kb.
#447622
1   2   3   4   5   6   7
Кобыланды батыр жыры

Жақындасып қалысты.

Өшігіп жүрген батырлар

Бір ауыз сөзге келмей-ақ,

Шегінісіп екеуі

Еменнен найза салысты.

Итерісіп тұрысты,

Ат тізесін бүгісті,

Бүгісе-бүгісе тұрысты.

Біріне-бірі ұмтылып,

Тақымдары құрысты.

Он саусағы қарысты.

Бірін-бірі ала алмай,

Біреуі дүние сала алмай,

Қақырғаны қан татып,

Түкіргені жын татып,

Қақырғанда қан ішті.

Түкіргенде жын ішті.

Жанынан күдер үзісті.

Қанжарменен қармасты.

Семсерменен серместі.

Сөйтіп ойын ойнасты,

Шыбын жанды қинасты.

Қанжар қалды қайысып,

Семсер қалды майысып,

Ерлерің жаннан түңілді,

От шығады ұртынан,

Үмітін үзді Алшағыр

Шәрі, байтақ жұртынан.

Сол уақыттар болғанда

Домаланып барып жығылды,

Қара қасқа аттың сыртынан

Сонда жатып құлайды.

Артық туған Қобыланды

Ерегіскен дұшпанның

Басын жоймай қоймайды.

Есіктің алды кендір-ді,

Қобыландыдай батырың

Найзасын ырғап ендірді,

Алшағырдай дұшпанын

Ат саурына міндірді.

Қатуланып Қобыланды

Түгі шығып білектен,

Етке тоқтар қайрат па?

Өтіп кетті сүйектен,

Қайта тартса шықпайды,

Қобыланды ердің найзасы

Қанмен қатыс жібектен.

Алшағыр ханды өлтіріп,

Дұшпанның күнін қуырып,

Артықша тартып найзасын

Күшпенен алды суырып.

Алшағырдың соңынан

Белгілі судың сағасы,

Қызылбастың ағасы,

Құртқаны алар сапарда

Өлтіріп кеткен Қобыланды,

Шауып шықты қаладан

Қырық бес кез баяғы

Қызыл ердің баласы –

Ағанас пен Тоғанас –

Қаладан шықты екі жас.

Әкесін Қобылан өлтіріп,

Құртқаны алған жерінде.

Көктім аймақ елінде

Ежелден кекті болған қас,

Ағасы еді Ағанас,

Інісі еді Тоғанас.

Қаладан шығып екі жас

Қобыландыдай батырға

Көздерінен ағып жас,

Ортаға алып екеулеп,

Келе салды найзаны,

Таптырмай ақыл, айланы.

Қараспан таудай алысып

Еменнен найза салысып,

Олар екеу, бұл жалғыз

Қарсыласып шабысып,

Дұшпанын Қобылан табады,

Енді ортаға алады,

Пірлер кәміл қолдады,

Қобыландыдай баланы

Көңілге кінә болмаса,

Қобылекеңнің бөксесін

Бурыл аттың үстінен

Қисайтып кетіп барады.

Қобыландының ауғанын

Қарлыға көзі шалады.

Жетіп келіп Қарлыға

Ағанасты сол жерден

Алып тастай береді.

Қисайған Бурыл үстіне

Түзеліп Қобылан мінеді.

Жеке бір жалғыз қалғасын

Тоғанасты Қобыланды

О да бүріп іледі.

Бұл екеуінің артынан

Көк қасқа атпен Ақтайлақ

Ұрысқа шықты жағдайлап.

Орақ шығып бұ жақтан

Ақтайлақты сол жерде

Іліп тастай береді.

Ақтайлақтың соңынан

Баласы еді Нарқызыл

Шығып еді қаладан,

Қараман шығып бұ жақтан

Бұл-дағы іліп тастады.

Қазан басты қара дәу

Шығып еді қаладан,

Қарлыға іліп тастады.

Қалмақтың қара батыры

Шығып еді қаладан,

Қобылекең іліп тастады.

Қылышпенен ұрады,

Осылайша батырлар

Келгендерін қалмақтың

Кезек-кезек төртеуі

Баудай жаншып тұрады.

Сонда ердің соңында

Күмбезді найза қолында

Ағын судың сағасы,

Берен тонның жағасы,

Қызылбастың ағасы,

Көбікті ханның баласы.

Құндыз бөрік басында,

Әскері бар қасында,

Өзі он бес жасында

Сүйіншіге қыз алып,

Күйеу боп жатқан осында.

Үстіне дұшпан келгесін,

Байлауда қалған Қобылан

Босағанын білгесін

Ұрыспаққа айла таба алмай

Үстіне сауыт киеді.

Болатты байлап жанына.

Қарына найза іледі.

Қаланың аузын аштыртып,

Біршымбай шықты қаладан.

Шыға салып Біршымбай

Ала кетті жағадан,

Көрсетіңдер деп ерлікті,

Мен көрмеген манадан

Келуімен Біршымбай

Бөтен сөзге қарамай,

Қобыландыны бір шаншып,

Қарлығаны бір шаншып,

Қараманды бір шаншып,

Ер Орақты бір шаншып,

Көк ала атпен Біршымбай

Сыпыртып өтіп жөнелді.

Және айналып-толғанып

Найзасын және қолға алып,

Ер Орақты бір шаншып,

Қараманды бір шаншып,

Қарлығаны бір шаншып,

Қобыландыны бір шаншып,

Сыпыртып өтіп жөнелді.

Етіне киген жейде еді,

Маңдайы шып-шып терледі,

Біршымбайдың қайраты

Барған сайын өрледі.

Самсап тұрған ерлерді.

Бір адамдай көрмеді.

Осылайша Біршымбай

Үш-үштен найза түйреді,

Етіне найза ендірді.

Үш-үштен найза тигесін,

Етіне найза енгесін,

Төрт көкжал да меңдеді.

Меңдегенін көргесін

Қарлыға сұлу сөйледі:

«Мал шыдамас жауырға,

Жан шыдамас бауырға,

Сендер мұнда тұра тұр,

Есебін тауып, жігіттер,

Өлтірейін мен, – деді, –

Менен күші әкемнің

Бір батпандай артық-ты.

Әкемнен күші мұның да

Сегіз батпан тартыпты.

Үстіндегі сауыттан

Атсаң оғы өтпейді.

Шапсаң қылыш кеспейді.

Жел соғарлық шамалы

Көк желкеден артында-ай.

Өлтіріп кетсе мені егер

Көк желкеден атыңдар.

Жігіттер, болмай ғапыл-ай!

Мінген аты кер еді,

Аты әйел демесең,

Қарлыға қыз да ер еді.

Қобыландыдай батырың

Қарлығаға сенеді.

«Есебін тауып айламен

Өлтірмесем, болмас», – деп,

Бөркін жұлып алады,

Шашын жайып Қарлыға

Ақмоншақ атты қамшылап,

Ерлердің шығып қасынан,

Біршымбайдың алдынан

Қарлыға шауып барады.

Жетіп барып сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

«Айналайын Біршымбай,

Сал құлағың сөзіме,

Сен кеткесін, Біршымбай,

Шаһарды басып көп дұшпан,

Еліңе ойран салғаны.

Байлаудан қашып

Қобыланды,

Әскер жиып барғаны,

Қайратқа әкең жарамай

Қаза тауып қалғаны.

Дұшпанды қырып, шырағым,

Бәріңді алдым босатып,

Бір жанымды аямай.

Жалғыздық түсті басыма

Серікке атаң жарамай.

Қашып еді үш батыр

Жалғыз қудым шыдамай.

Енді өлсем де арман жоқ,

Көрсетті енді бір Құдай.

Мені танып, шырағым,

Атыңның басын бұрмадың

Қайратыңнан айналып,

Жалғыз бауырым,

Біршымбай,

Болайын сенің құрбаның.

Менен қашқан үш дұшпан

Мынау келіп тұрғаны.

Сөзімді тыңда, шырағым,

Жалғыздық түсіп басыма,

Көңілімде бар қапа,

Бұл дұшпанды ала алмай,

Басына қайғы сала алмай,

Ақыл-айла таба алмай,

Басымды саған қоса алмай,

Жаудың тұрып қасында

Жаралы болған басымды

Адам көрмес жерге апар.

Қайтып келіп үш жерден

Найза сұғып кек әпер.

Бір туғызған, шырағым,

Екеумізді бір Құдай.

Туғаны көрсе кемшілік

Кімнің жаны шыдайды?»

Жара қатты, жан тәтті,

Басынан бөркін жұлып ап,

Бірге туған Қарлыға

Алдына келіп жылайды,

Біршымбай сонда сөйлейді:

«Ой, апеке, білмедім,

Жау ішінде жүргенің,

Кім екенің көрмедім.

Толықсыған найзамды

Оңды-солды сермедім.

Кетті көзім қарайып,

Кім екенін білмедім.

Бері жүргін, жан апа,

Тауға апарып қояйын,

Қайтып келіп үш ерге

Найзамды кезек ұрайын».

Алдына түсіп барады,

Қарлығадай сұлуың

Алды-артына қарады,

Көк желкенің тұсы деп,

Өлер жерің осы деп,

Жайымен бара жатқанда

Найзаны алып ұрады.

Біршымбайдай серкеден

Тозады мақпал көрпеден,

Назары әрмен ауғанда

Өз апасы Қарлыға

Найзаны салды желкеден.

Біршымбай мінген ала атты

Ала атты шауып сұлатты,

«Жан апа» деп жылапты.

Жан апасы құрысын.

Біршымбайды Қарлыға,

Айламенен құлатты.

Біршымбайды өлтірді,

Сәтіне ісін келтірді,

Көк ала атты жетелеп,

Жүрер жолын төтелеп

Ерлігін анық білдірді.

Үш батырға келеді.

Келгеннен соң Қарлыға

Көңілі тасып шат болып,

Қарлығаға сенеді.

Көрген адам таңданар,

Қарлығаның порымына

Көп дұшпанын мұқатып,

Құдайы қалап ерлерді,

Істері келді орнына.

Қарлыға мінген кер ме еді,

Қапияда Біршымбай

Айламенен өледі.

Қарлыға айла қылмаса.

Күшті туған Біршымбай,

Дұшпанға болар ер ме еді?

Қарлыға менен Қобылан.

Қараман, Орақ төртеуі

Бастарын қосып батырлар

Намыстарын бермеді.

Қобыланды ердің бақыты

Барған сайын өрледі.

Біршымбайдың соңынан

Ешкім шықпай қаладан,

Баспақты сиыр танадан,

Алтын-күміс шарадан,

Жүгін тиеп шанаға

Тоқтар бас боп көп Қыпшақ

Шуылдап шықты қаладан,

Қалмай қатын, баладан.

Есіктің алды Есіл-ді,

Есілдің талы кесілді,

Үлкен қақпа алдында

Қаладан шығып көп Қыпшақ

Қойдай маңырап шуылдап,

Қозыдай маңырап дуылдап,

Қобыланды ерге қосылды,

Ертеңгі күн бесінде.

Қабыл болды бұл сапар

Қобыланды ердің мұраты.

Құтылып жаудан ел-жұрты

Есендік-саулық сұрады.

Көп мұқатып дұшпанды

Ерлердің көңілі тынады.

Алшағыр ханның шаһарын

Бүкіл Қыпшақ жабылып,

Он сегіз күн шабады.

Атаңа нәлет ит қалмақ,

Іздегенін табады.

Қыпшаққа тиген Алшағыр

Бүтін жұртын жалмады.

Алтын-күміс, бар малын,

Ырғап-жырғап алады.

Артық бақыт табады,

Шауып жаудың қаласын, –

«Шырағым», – деп жұбатты

Жылаған Қыпшақ баласын.

Олжа малға толтырған

Қараспан таудың сағасын

Белдемше буды беліне.

Белгілі болды еліне,

Нан піседі деміне.

Қалың Қыпшақ – көп Қият

Көп олжаға кенелді.

Дұшпаннан алған көп малды

Қараспан тауын бет алып,

Ызғытып айдап жөнелді.

Артық туған Қобыланның

Келмеді дұшпан шеніне

Ойлаған оның мұратын

Келтірді тәңірім жөніне.

Үш ай, үш күн дегенде,

Қараспан тауын жағалап,

Азаулы деген көліне

Тоқтар басы көп Қыпшақ

Келіп қонды баяғы

Алшағыр шауып зарлатып,

Бөлініп көшкен жеріне.

Құланнан аиқан қодықты,

Көлден тартқан борықты -

Қалың Қыпшақ жағалап,

Қараспан тауға қоныпты.

Кемшілік көріп кәпірден

Пенде болып байланған,

Жылаған Қыпшақ баласы

Бұрынғыдай екі есе

Бақ-дәулетке жолықты.

Келіп қонды көп Қыпшақ

Азулы деген көліне.

Бұрынғыдан көп артық

Дәулет бітті еліне.

Артық туған Қобыланның

Ісі келді жөніне,

Келмеді дұшпан шеніне.

Қалмақтан алған көп олжа

Әділдікпен батырдың

Жиып алып көп халқын,

Бөліп берді еліне,

Пақыр, кедей, кеміне,

Кедейі байға теңеліп,

Риза болды бәрі де

Қобыланды сынды еріне.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет