Очерктегі көркемдік тәсілдердің Қызметі



Дата07.07.2016
өлшемі211.1 Kb.
#184212

ОЧЕРКТЕГІ КӨРКЕМДІК ТӘСІЛДЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ



М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан

Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде: “Диалог, сөйлестіру (грекше - dialogos) - әдеби шығармада екі кейіпкердің немесе бірнеше адамның сөйлесуі, оларды сөйлестіру тәсілі” [1,79 б], - деп анықтама берілген. Көркем очерктерде де шынайы образдар ашылуы үшін өмір құбылыстары мен оқиғаларын терең, тартымды тілмен жеткізу диалог арқылы жүзеге асады. Очерктегі диалогта кейіпкерлерді жай бір-бірімен сөйлету арқылы емес, керісінше, адамдардың қарым-қатынасы, мінез-құлқы, эмоциясы, психологиясы, эмоционалдық, сюжеттік-композициялық жүйесінде диалогтың атқаратын рөлі зор.

Әдебиеттанушы ғалым Л.Боровой көркем шығармадағы диалогтың қызметіне: “... адам қалайша бұлтарыс жасайтыны немесе тасаланып бағатыны, нені түгел айтып, нені бүгіп отырғаны, оның ұғымынша қандай нәрсені атамаса да түсінікті екені, сөйлеу жүзінде ол қандай мүмкіндіктер байқататыны аңғарылады” [2,188 б], - деп сәтті анықтама берген. Кейіпкерлерді бір-бірімен сөйлестіру, ойландыру тұстары стильдік амалдардың ең көп қолданылатын түрі. Кез келген очеркист диалогты орынды пайдалана білгенде ғана кейіпкердің мінез-құлқын толық аша алады. Әсіресе, көркем очерктерде кейіпкердің ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздермен, ретіне қарай көбіне қысқа, шағын сөйлемдермен диалог берілсе бұл жазушының тіл өрнегінің бір қыры.

М.Әуезовтің “Жуалы колхозшысы” очеркінде мынадай диалог бар. Онда Ванновка жанындағы көпірді түзетуге бара жатқан үш жұмысшының диалогы егіс науқанындағы қарбаласын көрсеткен тұсы өте сәтті шыққан:

“ - Көктемді айтпағын. Қиын-ақ болған ет. Өзіміз адам боламыз деген ек. Масадай сенделіп қалмадық па?

Қалдыбай ырғала түсіп:

- Қызық ... Сонда да егіс жоспарын толық бітіріп шықтық. Мәмет көктем мен былтырғы қыстың күйінен үзіле алмай:

- Сонда қатынның еңбегі жүдә зор болды. Тегі, қатын деген берік жан болады екен. Еркек порт кететін көрінеді.

- Сонау таудан, - деп Мәмет бет алдымыздағы 6-7 шақырым жердегі Жыланды тауын көрсетіп, - рауаш, алға әкеп, өзіміз колхоз ісінде жүргенде ас қып беріп жүреді, қатын” [3,7 б], - деп кейіпкерлердің күнделікті әңгімелесулері осындай артық сөзсіз, жасанды ділмарсусыз болып келеді. Бұнда жазушы диалогты ситуацияға қарай құрған. Бұл диалогтағы тағы бір ерекшелік – жергілікті диалект сөздерді орынды жерінде пайдаланып, шындықты объективті тұрғыдан пайымдаған. Лексика нанымдылығымен суреттеудегі жазушы басқа көркем очерктерінде де диалектік, жаргон элементтерді ұмытпай пайдалану арқылы персонаждардың ой әлемін сәтті ашады.

Очерктегі диалог арқылы кейіпкерлердің ішкі сыры аңғарылады. Әр кейіпкердің сөз саптауынан, ой-толғанысынан, сөйлеу ерекшелігіне жан дүниесін анық байқауға болады. Кез келген жазушы шеберлікке өз кейіпкерлерін мінез-құлқы мен ой-өрісіне сәйкес сөйлете білгенде ғана қол жеткізеді.

С.Мұқановтың “Сарыарқада” атты көркем очеркінде Ұланбелдің болашағына сүйсіне отырып, табиғатты беріп, табиғат – адам, адам – табиғат бір-бірінің қимыл-әрекеті мен белгі-қасиеттерін иемденіп жатады.

“ - Бұдан қолайлы орын жоқ, - деседі әңгімелесушілерім.

- Күнгей жағымыз – Мойынқұм, теріскей жағымыз – Бетпақдала. Шу аяғының бұл тұсы Мойынқұмның да, Бетпақдаланың да орта тұсынан килігеді, сондықтан қарым-қатынасқа өте қолайлы.

- Өнегесінің бәрі де жақсы-ау бұл араның”, - дейді Сәлмен Тасболатов, күле сөйлеп, - әттең жазғы масасы мен сонасы – ай!... Масасы бұлттай үйіріліп буып жібереді, сонасы жарып жібереді!... Ала жаздай Шу бойында мал ұстамайтын себебіміз сол!...” [4,209 б]. Оқырманға бейтаныс, танымайтын жерлер туралы мәліметтерді берген, автор оқушысының ой-өрісін кеңейтуге, табиғат құпияларын ұғынуға септігін тигізеді.

Кез келген очеркші өзін қоршаған орта мен кейіпкерлердің сөйлеу кезіндегі жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысын қатар қадағалай отырып, өмірлік көзқарас, рухани-тұрмыстық өлшемдер, адамгершілік-этикалық нормалардан хабар бергенде, шынайлыққа қол жеткізеді.

Б.Майлиннің барлық очерктерінде кейіпкерлердің өзін сөйлетіп, қаһармандар іс-әрекеттерін автор өзі баяндауы арқылы бастайды. Автор оқиғаны баяндағанда мейлінше қысқа, негізгі мақсатқа бағындыра, өте ықшам түрде диалогтарды сәтті пайдалануды жөн санаған. Жазушы очерктерін оқығанда, ондағы диалогтарға үңілсек, өткен күндердің күйкі тіршілігі, жаңа заманның қазақ топырағына келуі көз алдыңа елестеп, зілсіз күлкі шақырады. “Құлақ” атты көркем очеркіндегі Бекен мен әйелінің арасындағы диалогта:

“ - Әлгілердің “Құлақ” деп жатқаны кім еді?

- Мені айтады.

- Сен құлақ па едің? Қара шешей ашуланғанда:

“Қаңғырған Телеу” - дейтіні қайда? Осы сенің руың күніне бір

өзгере бере ме?

Бекен мырс етіп күліп жіберді.

- Ит-ау, “құлақ” дегені – руы емес, бай деген сөз.

- Солай ма ? “Қаңғырған Телеу” деген сөзін тастай беріп, қара шешей “құлақ” деп мазамызды ала ма деп қорқып едім” [5,34-35 б], - дейді. Бұл диалогтан персонаждың ой-әлемі, орыстың “кулак” сөзін “құлаққа” айналдырып алған қазақтың қарапайым әйелінің ой-түсінігін жеңіл юмормен сәтті баяндаған.

Б.Майлиннің “Жасасын, Мұсабай!” атты очеркіндегі Мұсабай, Мұхамедрахымдардың тілдесулері хабар беру сипатында болғанымен, сол кезеңнің көңіл-күйінен, кейіпкерлер мінез-құлықтарынан да елес береді. Артық сөз жоқ, диалогтың көмегімен сол замандағы асыра сілтеушілік, келеңсіздікті сынауға бейімділік, моральдық-этикалық мәселелерге очеркші жауап іздеуге талпынады.

”- Алдынан шығыңдар, кілемге салып көтеріп әкеліңдер!”,-дейді.

Әзірейілдей жаланған епті жігіттер теңді шешіп, араби кілемді шаққа салып, дөңеске қарай бет түзейді.

- Уа, бұл не?

Сізді кілемге салып көтеріп алып бармақшы, - деп, Мұсабайдың нөкерлері жымың-жымың етеді” [5,225 б],- деп кеше ғана ауыл коммунисі, кешке дейін сөйлесе де шаршамайтын Мұсабайдың аз күнде болыс болып береке таппағаны, кедейден шыққан белсенді іскерлердің келеңсіз тұстары, Мұсабайдың қарапайым халықпен қарым-қатынасы жан-жақты нақышпен өзгеше көмкерілген. Жазушы өмірдің өзіне үңіліп, оның әр қырын қаз-қалпында суреттейді.

Очеркшінің “Батыр большевик” көркем очеркінің “Ұры” бөлімінде Құсбек мырзаға кездескендегі диалогтан Амангелдінің ой-санасы, болмысы көрінеді және алдағы әрекеттеріне психологиялық мотивировка болады:

„ - Астыңдағы ат кімдікі?

- Менікі.

- Сенікі емес, менікі болар!

- Сенікі болса, сен мініп жүрер едің ғой!

- Түс аттан!

- Бұл күнге дейін ешкім аттан түсіріп көрген жоқ еді...

- Мына мен түсірем ендеше!

- Кім түскенін көрсетейін!- деп Амангелді жетегіндегі атты сауырға бір салып қоя беріп, оған төніп тұрған жігіттердің бірін олай, бірін былай аттан аударып тастап, ойнап шетке шыға келді” [6,301 б], - деген үзінді де кейіпкердің мінез-құлқын, қайсар қайтпастығы, рефлексологиялық қасиеті ықшам, шынайы берілген. Амангелді Имановтың әділетсіздікке күйініп, әділдік орнатпақ әрекеті, қазақ халқына адалдығы, жан ашуы жан-жақты қамтылған. Бейімбет қаламынан шыққан очерктердегі диалогтар оп-оңай және көркем жасалына салады. Бұл диалогтарда үздік сөз образы, көркем тіркестер де жоқ. Қарапайым жай ғана сөздер бола тұра, өмір шындығын көз алдыңа алып келетін ең керек сөздерді жинақы пайдалануға шебер.

С.Мұқановтың қазақ әдебиетіне, оның ішінде, очерк жанрына қосқан үлесі туралы профессор Д.Ысқақұлы: „... Ол елді аралағанда, шет елдерге шыққанда да қолынан қаламы түспейтін. „Саяхаттар”, „Туған жердің тыңында”, „Тыңда тұнған байлық”, „Алыптың адымдары”, „Адам-Атаның шоқысында” сияқты кітаптары арқылы жазушы әсіресе жолсапар очерктің шебері ретінде танылды” [7,180 б],- дейді.

Жазушының “Каспийге саяхат” көркем очеркінің тілі көркем, бірнеше бөлімнен тұратын көлемді шығарма. Бұл очеркінде жазушы кейіпкерлердің ойын беруге келгенде, санитарлық самолетпен ұшқанда, кең даланың әр жерінде тау сияқты өркештенген тұмандар, итбалықтардың тіршілігі туралы Саламат Хайдаров екеуінің әңгімесі очерктің екі-үш бетінде тұтас берілген. Қат-қабат оқиғаны, әр түрлі қаһармандарды, бір-біріне ұқсамайтын мінездерді, қылықтарды, ақыл-парасаты да әр қилы адамдар образы бұл очеркте көркемдікпен алға тартылған.

Очеркке өзек болған – Каспий теңізінің маңындағы ел-жұрттың тіршілігі, күн көрісі, табиғат жағдайы, әйтеуір бұралаңы көп тарау-тарау өмір. Бұл көркем очерктің басты қаһарманы – Сәбит Мұқановтың өзі, барған жері, басқан қадамын суреткер қырағы көзінен жазады.

“- Шторм! – деді Иван Иванович, - бес-алты баллдай болу керек. Біраз күшейеді бұл.

Менің мотормен бірге кеткім келді.

- Қойыңыз! – деп зыр ете қалысты серіктерім. – Шыдамайсыз, азап шегесіз. Және қауіпті де күшті.

- Сонда да барғым келеді, - дедім мен.

- Е, неге?

- Штормды бастан кешіру қажет. Әйтпесе, мен оның немене екенін қайдан білем. Сәті түскенде көріп қалуым керек” [4,345 б], - деп, жазушы бірнеше күн теңіз үстінде жүріп, теңіздің сыры мен қырын ұғуға, балық түрлері, уылдырық шашуынан бірталай мәліметтерді тереңнен толғап, теңіз маңайындағы халықтың өмір шындығына сүңгиді. Жазушының қат-қабат оқиғалардың шырайын келтіре баяндаудың шебер болғаны туралы профессор Қ.Ергөбек: „ Ол өз шығармаларында осы оқиғаларды шырайын келтіре бейнелейді. Сонымен қатар, оның өмірі сол кезде жаңадан қалыптаса бастаған қазақ интеллигенциясының алғашқы қарлығаштарының өмірі еді” [8,5 б],-дейді. “Каспийге саяхат” очеркінде де автор көрген-білгендерін, алған әсерлерін хронологиялық тәртіп бойынша сөйлескен адамдары арасындағы диалогтар арқылы әдемі баяндаған. Балықшының шын өмірін білетін Саламат Хайдаров, Тәжиев Сатанғұл, Шапаев Байғожа, Сәлімжан, Құмар, Әбдім т.б. кейіпкерлерімен сөйлесу арқылы автор сыршыл, өміршең диалогтармен Каспий жағалауындағы қазақ тұрмысының бедерлі бейнесін алға тартқан.

Көркем очеркке жеке адам, көпшілік қауым, оған ерген халық, қоғамдық-саяси өзгерістер, әлеуметтік күрес, арқау болады. Көркем очерк диалогтар арқылы жаңа қоғамдық жағдайларды, өмір сүрген орта және жеке адамның өсу, жетілу жолдарын көрсетуге тырысады. Ғабдол Слановтың “Алтай баласы” көлемді очеркі Қасым Аманжоловтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі бастан кешірген ұлы жорықтарының тарихын суреттейді. Қан майданда болған қаһарман ұлдарымыздың атқарған алып қимылдары туралы мына эпизодта:

“Барлаушы баяндап тұр. Қасым да, серіктері де тыңдап отыр.

- Айтып болдың ба?

- Болдым...

- Ұсақ-түйек детальдарына дейін көзімізге көрсетіп бер.

- Қағазға түсірші.

- Ия, картасыз, кәне?

Виктор отыра қалып, көрген-білгенін қағаз бетіне түсірді.

- Енді түсінікті, - деді Қасым. Әйтсе де... ол енді басшы бір серігін

алып қалып, өзгесіне лұқсат етті. Үш кісі оңаша қалғанда, Қасым қайтадан сөз бастады [9,269 б]. Талай шабуылды бастан кешіріп шыққан жігіттердің сөзінен жер бетіндегі сұрапыл соғыстың қиындығын автор ашық көрсете отырып, “Тентек қара” Қасымның партизандық жорықтарын қызғылықты баяндайды.

Ғабдол Слановтың “Шыңға шырқап барады” очеркінде М.Әуезов туралы мынадай қысқа диалог бар:

“- Драманы тұтас басса қайтер еді? – дегенімізде, Мұқаң күлімдеп тұрып:

- Мысық жеген шектей шұбатылып қайтесіңдер. Газетке лайықты да болмас” [9,125 б],- деген бейнелі сөзді айтқан кемеңгер жазушының шеберлігін осы бір-екі ауыз сөзбен дәлелдеп береді.

Қапан Сатыбалдиннің “Жамбылмен жиырма тоғыз күн” очеркінде диалогтарға көп орын берілген және мұнда көркемдік-эстетикалық заңдылық бар. Уақыт ырғағын, хронологияны сақтай отырып, очеркші баяндау жүйесінде адамдардың түсінік-нанымы, мінез-құлқы т.б. қасиеттеріне үлкен мән берген. Жамбылдың артта қалған тоқсаны мен алдағы жүзін сездіре бастағанын, Отан, туған жерге деген сүйіспеншілігін мына ықшам диалог арқылы шынайы берген.

“- Е, Жәке, Мәскеу жақсы ма, Ұзынағаш жақсы ма?, -деп қарттан сыр тартсақ, ол кісі:

- Мәскеу жақсы ғой. Үлкен астана, шаһар. Бірақ Жамбылға Ұзынағаштай жер қайда? – Данышпанның сөзі. - Әрі туған жер ыстық. Алматының орны бөлек-ау!, - деп қояды, ойын-шыны аралас” [10,78 б]. Осы қысқа сұрақ-жауаптарда Жамбылдың бір сәттегі көңіл-күйі, елге деген сағынышы, тарлан ақынның таланты, рухани-интеллектуалдық, характерлік сипаты дәлелденген деуге болады. Автордың “Мыңтеңге” көркем очеркінде басты кейіпкердің бейнесі диалог арқылы ашылады. Мыңтеңгенің мінезі сынық әйел екені, еркекпен сөйлескенде ұялып, әдеппен ұяң сөйлейтіндігі, арзан қалжыңға үйір еместігі әйелдік қасиетін мың есе ажарлап тұрғанын айта келе:

“- Жеңгей, мына Құрманбай сізді биыл Мыңтеңге емес, миллион теңге болады дейді ғой. Онысы не сөз?

- Еңбегіміз жанса кім білсін, онан да қымбат болармыз. Бүгінде

алдымыздан көлдің құрағындай жай ғой, - деді жымиып.

- Қалай, Отанға берген сертіңізден табылатын түріңіз бар ма?

- Табылармын деймін. Жаздайғы еңбектің жемісі көз алдымызда тұр ғой. Адал еңбегіміз зая кетпеген сияқты” [10,98 б],- деп, қазақ әйелінің бойындағы жақсы қасиеттерді, сырды талдай отырып, Мыңтеңге жүзіндегі еңбекқорлық пен рухани қанағаттану сезімін ұтымды кестелеген. Мыңтеңгенің жан дүниесіндегі өзіне деген сенімділік, сертке адалдық, кішіпейілділік, ұяңдық, адал мінез, әлеуметтік белсенділік жолындағы ілгері басушылық қадамы айшықты көрсетілген.

Қапан Сатыбалдин - очерк жанрына үлкен үлес қосқан жазушы. Оның очерктерінің әрқайсысын өз кезінде саяси тәрбиелік мәні бар мәселеге арнағанын, адам өміріне, тіршілігіне, асыл мұраттарына бағындыра жазғанын байқау қиын емес. Жазушының “Кетпенді адам” очеркінің басты кейіпкері Қашақбай Сыр бойында күріш өсірудің қыр-сырын жетік білетін, ауыл-аймаққа еңбегімен танылған азамат ретінде көрінеді. Осы Қашақбай бір күнде “Қызылтуға” басқарма болып тағайындалғанда, көпшілік тақымы толмай, қомсынып бұл қалай болар деген күдікті қаймықпай жеңген еңбек адамын жазушы ойын ашық айта алатын адам ретінде сенімді суреттейді:

“ - Жолдастар, - деп бастап, ол сөзге кірісті. – Жолдастар, мен өздерің күнде көріп жүрген бригадир Қашақбаймын. Менің өмірім де, өнерім де, білімім де өздеріңе аян. Менің сендерден жасырын ештемем жоқ. Үлкен аға, кіші іні бәріңіз де мені білесіздер. Міне, бүгін орталарыңда отырмын. Ең алдымен айтарым, ынтымақ керек. Түсініп, сыйласып жұмыс істейік. “Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ” деген ғой бұрынғылар. “Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар” сияқты жаман әдеттен арылайық. Ол бізге де, колхозға да пайда бермейді. Тәртіпті болайық. Менің бәрінен бұрын сіздерге қоятын тілегім осы – тәртіп” [10,109 б]. Топ жарып үйренген шешендердей көсіліп, қысылмай, қымсынбай сөйлеген кейіпкер түсінік-нанымы, адамгершілігі, намыстан құр алақан еместігі осы үзіндіден көрініп тұр. Автор өз кейіпкері арқылы жұмысшы, еңбекқор елдің мінез-құлық психологиясының типологиясын жинақтап, өршіл адамдық мұраттарды аша білген.

Қорыта айтқанда, көркем очеркте диалогтың рөлі ерекше, өмірлік шындықты жан-жақты, терең ашып көрсетуде септігін тигізетін көркемдік элементтердің бірі. Жоғарыда байқағанымыздай, заман тынысы мен адам характерлерін, өмір заңдылықтарын нанымды бейнелеуде диалогтың атқаратын қызметі зор.

“Пейзаж (фр. Pays – ел, жер) – әдеби шығармадағы жаратылыстың, яки табиғаттың әсем көрінісі, көркем бейнесі. Жазушы әдеби шығармада көркем ойлардың ажары ретінде, жаны есебінде, образдың-метафора жүйесінің арқауы сипатында табиғат келбетін ұсталықпен пайдаланады” [1,163 б],- дейді әдебиеттану терминдерінің сөздігінде.

Қай кезде де очерк жанрында жазушы пейзажды суреттей отырып, табиғаттың жұрт қызығарлық көріністерін адамдардың іс-қимылымен бірлікте, үнемдеп, дәлдеп беруге талпынған. Көбіне очеркшілер пейзажбен очерктің идеясы мен характерлерді ашуды пайдаланған.

Әдебиеттанушы ғалым Б.Майтанов: “Көркем туындыдағы пейзаждың функциясын үш түрлі арнаға саяды. Сюжеттік орайда ол – оқиғалық уақыттың өлшемі. Композициялық тұрғыда ол көркемдік жолмен қабылданған әлемнің тұтастығын білдіреді. Шығарманың идеялық - мазмұндық астарларына қатысты ол характерологиялық міндеттер атқарады ” [11,196 б],- деп, табиғаттың қаламгерлер шығармашылығында әр алуан сипатта суреттелетінін айтады.

Табиғаттың адам өмірінен алатын орны ерекше болғандықтан, очерк жанрында да пейзажбен суреттеу мол кездеседі. Шебер очеркші пейзаж арқылы заманның рухани, еңбек табыстарын адамның әртүрлі көңіл-күйін әдемі суреттеуге қол жеткізе білген.

М.Әуезов очерктерінде табиғат құбылыстарын тамылжыта сипаттауда алуан үнді қалыппен бейнелейді. Бір ғана “Түркістан солай туған“ очеркінде табиғат көріністері үнемі үйлесім тауып, пейзаждық суреттеулерде қаһармандар бейнесі де сомдала түскенін көреміз. Бұл очерктің әрбір бөлімі басында табиғат кейіпкерлерді өз құшағына алып, бағыт меңзеп, бірде жадырап, бірде қатыгездікке басқаны үйлесімді болып келеді.

“Бүгінгі таң атқалы үшінші тәулік те болды. Үздіксіз ауыр, шабан, мимырт жүріс әлі аяқталған жоқ. Тек тасбақадай тарбанып бірқалыпты шақыр-шұқыр, тарсыл-күрсіл салып, айдалада жалғыз әлектенген “ДТ-54” тракторын көресің. Айнала құлан елсіз, мүлде меңіреу. Трактор тына қалса, теңіз түбіндей үнсіздік әлемі басады, ол мелшиген жым-жырт” [12,7 б].

“Аспан ылаңы әлі айықпаған. Жақын заманда айығардай түрі де жоқ. Жұмырланған қою сұр бұлт қана қаптаған. Жотадан айналаға көз жіберсе, көз тоқтарлық бірде бір қарауытқан бұдыр жоқ. Тек қана ақ көрпесін қалың жамылған, дүңкиген қалың-қалың жоталар жатыр. Кей жақта көкжиекке шейін созылып жатқан ұшан-теңіз ақсұр дала, суық дала. Жүргіншілерге әлі соншалық жат, жұмсақ дала [12,8-9 б].

Адамы аз, жалғыз жарым үйлері ғана бар сирек отар, қашарлары бар Түркістан жерінің отыз жылдан бері болмаған ауыр қысын, табиғаттың қатігез мінездерін суреттегенде реалистік бояу таба білген.

“Түпсіз кең, мөлдір көк аспанда шырқау бір биікте салқар-салқар топтарымен ақ қанаттары күнге шағылыса соншалық мол аққулар өтіп жатты. Сұңқыл-сыңғыр әдемі бір үндері кейде тына қалып, тыңдаған жанға ақ қанаттардың сытырлаған үндерімен ілесе жетеді. Егіс даласында жүрген Нина Петровнаға мынау аққулардың қатарлары ғажайып боп сезілді. Әсіресе, олардың сұңқыл үндері – жоғарғы октавамен анық, әсем естіледі. “Аққу әні деген осы ма екен? Өмірде алғаш көрген, аспанда жүзген топ аққуларым осы еді, қандай ғажайып?” деп өзімен өзі сөйлескендей” [12,37 б]. Осы үзінді көктемдегі табиғат құбылысы мен очерк кейіпкері Нина Петровна бейнесімен үйлесім тауып, кейіпкер мен жарасымы бар пейзаж оқушыға белгілі дәрежеде әсер етеді. “Табиғат құбылысын адам характерімен салыстыра суреттесе, табиғатқа да жан бітіп, жадырап жүре береді” [13],- дейді А.П. Чехов. Жоғарыдағы очеркте де табиғат үнемі адамдармен бірге, кейіпкерлер характеріне сәйкес құбылып отырады.

“Аспаны мен даласы, жер-көгі осындай неше алуан әрі күшті, әрі сұлу жан иесі толы жон бүгін тыңды меңгеруге келген жаңа жұртқа әлдеқайда жақын, жылы көрінді. Жылы жақ, әсем күншуақ үш күнге созылды. Сол үш күнде тыңды айырған тракторлардың еңбек өнімдері алған күндерден және де үдеп, аса түсті” [12,40 б].

М.Әуезовтің “Түркістан солай туған “ очеркі табиғат пен адам өмірін бірлікте, қаhармандар әрекеттерін суреттеуде де адамдар еңбегін ақиқат құбылыстармен байланыстыра, нанымды көтеріңкі пафоспен бейнелейді.

“Март айының алғашқы күндері жетсе де, жон әлі қыстан арылған жоқ. Күн болар-болмас қана жылынғандықтан, қар өте баяу, сылбыр ғана еріп жатыр" [12,29 б], "Боран қаратастан да, қалтылдаған тікенді шеңгелдің үсті-басынан да, бауырынан да ұйытқып өтіп жатыр" [12,11 б]. Бұл очеркінде жазушы табиғатты тек характерлерді ашу үшін ғана шеберлікпен пайдаланбайды, кейде ел басындағы ауырлау тұрмыс-тіршілікті көрсету мақсатында да жұмсайды.

М.Әуезовтің "Оңтүстік сапарынан" очеркінде де оңтүстіктің қайнар ыстық шағы, еңбек майданы, еңбек адамының сана-сезімінің барша сипатымен алынып, анық, есте қаларлықтай етіп суреттеледі.

"Шаяннан асып, Қаратау асып созаққа ауыспақ. Түнде жүрмек болып ек. Кешке біз Қаратаудың "Алғабастан" шыққан соңғы ет бөктерін басып, күнгей жолмен бірталай жүрдік. Әншейінде Қаратау тақыр тасты, қойнауы сусыз, сараң, тау көрінуші еді. Ал, әзірге біздің келе жатқан жолымызда әр белден ассаң, төскейден аққан бұлақ – бастау, сай бойы шалғынды көгал. Бел – белестері құйқалы, шымы тұтас, тегіс түкті өлкелер, мал ырысы өңірлер екені айқын танылады" [12,83 б]. Жазушы дәл осы сарынмен очерктің өн бойында жыланды Кіші Шаян, Үлкен Шаян, Көкбас өлкелері Қаратаудың өзге талай қымбат қасиеттерін білмей тұрып-ақ, көз қуантып, көңіл сүйсіндіргендігі туралы жүйелі баяндау тәсіліне жүгінген.

Прозаның асқан шебері Бейімбет Майлин очерктерінде де пейзажды кейіпкер көңіл-күйін танытуға орайластыра, психологиялық, характерологиялық міндеттер атқаруға бағындырады.

" Күз...

Ызыңдаған ащы жел суық лебін денеге соғып, тітіркендіреді. Денені түршіктіріп, ыстық ызғарын көз алдыңа елестетеді. Қыс келді, қыс келді!... дегендей болады" [5,180 б], - деп аш, жалаңаш дірдектеп жүрген балалардың жайын жазушы нанымды жеткізу арқылы шынайы психологизмге қол жеткізген. "Сен де солай ма едің?" очеркінде "Күн ызғырық боран... Терезеден енген жел үйді ысқаяқтандырып, танапты қуырып барады.

Кішірек келген ағаш үйдің үлкен жақ бөлмесінде пешке арқасын сүйеп, батсайы күпісінің өңірімен тізесін қымтай түсіп, екі көзінде мөлдіреген жас - Дәмеш отыр" [5,198 б]. Мұнда очеркші Дәмештің көңіл-күйін қысқы боранға қабаттастыра баяндайды. Терезеден енген желдің танапты қуырып бара жатқандығын, жел ысқырып, долданған сайын Дәмеш те ыстық жасына булығып, зарлап отырғанын көзге елестетіп, автор мол динамикаға қол жеткізген. Дәмеш, Иба, Шарипаларды Асылбектің алдап кетуі жарыстырыла суреттеліп, бақытсыз жандарды зарлатып кеткен жансызды әшкерелеп барып, жазушы очеркті аяқтайды. Б.Майлин «Айшаның қайраты» очеркін былай бастайды: «Күлімдеген күн жанды жайландырған көгорайға бауыр төсеп жатсаң, көңіл шіркін көтеріліп, аспандатып лоблымай ма! Қайдағы-жайдағыны еске түсіріп, еркіңді алып билеп, ананы қара, мынаны қара деп, түрлі нәрсені көрсетіп қызықтырып болады ғой... Нақ осындай күйге ақын кездессе, көтеріңкі көңілмен жүректі жеген шерін ағытады» [5,199 б], – деп автор өз сөзінен ішкі толғанысын ақтара, табиғат сұлулығын сүйсіну сезімдерімен суреттейді. Мұндағы жазушының ішкі көңіл-күйі, адам жанына, сезім серпілістеріне қанат байланатыны жайында айтылғанын байқаймыз. Автордың «Жол үстінде» очеркінде сайлау өткізуге шыққан Мертай мен қара қыстың қатал бейнесі қатар өріледі. Б.Майлиннің шығармашылығы туралы ғалым Серікқали Байменше: «Рухани мәдениетіміздің азғантай арыстарының бірі болып саналатын Бейімбет шығармаларының мәңгілігі – ол айтып отырған мәселелердің осынау алмағайып кезеңде де көнермей, жаңа ғана жазылғандай әсерге бөлейтіндігінде» [14,147 б],- деп баға береді. Жазушы, әсіресе, табиғатттың көріністерін суреттегенде, адамның еңбек процесіне қатыстырып, қимыл-әрекетке байланыстыра отырып мүсіндеген.

«Сары дала ақ кебінді жамылып, қыр мен ойы теңеліп, жым-жылас болып жатыр. Ызғырықтан жел жаяу борасындатып, майда қарды қырдан асыра қуып барады.

Тастамбайдың ақырынан түсетін қара желінен жалғыз ат жеккен бір шаналы еңбектеп келе жатыр. Шанада екі кісі: қасқыр ішіктің жағасын түріп жіберген біреу шананың төрінде шалқайып отыр, бұл сайлау өткізуге шыққан жігіт, ескі шидем күпісінің белін құрмен буған, жайтабан қайыс етігін ыққа қарап отырып сықырлатып қаға түсіп, орта жастағы бір кісі көшірде отырып айдап келеді. Бұл Ысқақ деген». [5,202 б], - мұнда автор қыр мен ойдың теңеліп жым-жылас болып жатуы мен Мертайдың өз-өзіне сенімсіздігі, адамдың бір ауық әлсіздігін бейнелеп елестеткен. Мертайдың сырт тұлғасы, қимыл қозғалысы мен ызғырықтау желдің жаяу борасындатқанымен, желілес алынып, ойдың тұтастығына қол жеткізеді.

С.Мұқановтың очерктерін оқып отырғанда, жазушының өмірге, оны танып-білуге деген құштарлығын табиғат суреттерімен астастырғанын аңғарамыз. Қазақтың байтақ жерін дамылсыз аралап, табиғатының әсемдігіне әлемнің құлағын түргізіп, өз қаламымен бұл туралы өндіріп жазған жазушы. «Бүгінгі ауыл осындай» көркем очеркінде көктемнің жайма-шуақ күндерін тұрмыспен өзектестіре суреттейді.

«...Алматының күнгей жағына созыла біткен Іле Алатауының етегіне дейін бүркеп жатқан қар, соңғы бір жұманың ішінде биікке қарай жиырылып, бергі беттегі белесті жоталар ашылған. Енді ол жоталар теп-тегіс жасыл жамылғыға орана бастады. Биікке сырғыған қар Алатаудың орта тұсын белуарлай өскен шырша орманына кіріп, ол бір тұс, алыстан қараған кісіге, қара қылшық қасқырдың жонын елестетеді. Одан арғы жоталардың үстінде аппақ қар. Қыс пен жаздың түйіскен сол бір тұсында, екі мезгілдің де бейнесін өзіне тартатындай боп, ақ пен қарасы сапырылысқан бұлт, биік белестердің басына қонып қапты. Бұлттан бойын асыра, аспанға шаншыла көтерілген «Үлкен Алматы» мен «Кіші Алматы» шыңдары таудың төбесін баса ұшқан екі самолетке ұқсайды... [15,7 б], - деген көлемді үзіндіде таулы жердің орналасымын, үзіндінің соңғы жағындағы «қара қылшық қасқырдың жонындай», «бұлттың биік белестердің басына қонып қалуы», екі шыңның «тау төбесінен ұшқан екі самолетке ұқсауы» сияқты көркемдеу компоненттерімен шебер кестеленген. Жазушы бұл тұста Алматы маңайындағы Калинин өңірінің жалпы болмысын панорамалық кестемен қыс пен жаздың түйіскен тұсын қорыта сипаттау нәтижесінде табиғатқа деген көзқарасын сүйсіну сезімімен суреттеу арқылы зор нанымдылық дарытқан деуге болады.

С.Мұқановтың авторлық толғаныстарды төл сөзбен бедерлейтін, монологтық формада беретін пейзаждары да көптеп кездеседі. С.Мұқанов, әсіресе, «Туған жердің тыңында» атты көркем очеркінде пейзажды суреттеуде реалистік өрнектерге баса назар аударатындығымен ерекшеленген.

«Біздің арада бір кең жайлау бар, оның батысы Обаған өзеніне, күнгейі Есіл өзеніне, шығысы Майбалыққа (Солтүстік Қазақстан облысы, Пресногорьков ауданы), теріскейі Пресногорьков стансасына (Қостанай облысы) тіреледі. Мөлшерлеп айтқанда, бұл жайлаудың ұзын тұрқы жүз елу километрдей, көлденеңі жүз километрдей. Ормансыз жазық далаға біткен бұл жайлаудың өн бойында қаптаған көл. Қара топырақты жерінің шалғынына жаңбырлы жылдары, бейнелеп айтқанда, «құлын жасырынады». Жаз айларында жүздеген ауылдар келіп қонатын бұл кең жайлау, өзге айларда құлазып бос тұрады» [15,19 б], - деп, жер мен елді мекендердің орналасымын, табиғатын көркем бедерлей отырып, баяндау кезіндегі бейнеленетін обьектінің дәлдігі, тиянақтылығы, өмірдегі шындықпен өзектесіп жатқандығын көреміз. С.Мұқановтың бес жасында барып, он үш жасында кеткен қыстауы Жаманшұбар мен Дос жайлауы бала кезден көзіне таныс даланың суреті мен әке-шешеден айырылған жазушы өз өмірінің көңілсіз сәттерімен табиғаттың қатал қысындағы боранды тамырластыра баяндайды.

«Күні бүгінге дейін көз алдымда: таусыз, ормансыз, өзенсіз, көлсіз, белессіз жап-жазық кең далада, күнгейден теріске қарай созылған саяңдау жерге шыққан екі қалың шіліктің ортасында біздің ауылдың «Жаманшұбар» аталған қыстауы тұрады. Айналада, күніне ат жетер жерде одан басқа ауыл жоқ.

Қыс ол араның қары қалың түседі, жолсыз жерден қарулы салт аттан басқа көлік жүре алмайды. Көп күндер алай-дүлей боранмен өтеді. «Жынды» аталатын кейбір борандарда, адамға астына мінген атының құлағы көрінбейді. Ондай боранда ешкім жолаушы шықпай, қақпаларын бекітіп алады да, қолдағы малдарын күтіп отыра береді» [15,21 б], - деп, кейде үйлер мен қораларды теп-тегіс жауып кететін боранды күндердегі табиғи өзгерістерді нақты суреттеген жазушы Жаманшұбардың қысындағы балалардың көңіл-күйін де әсем жарасыммен пайымдай келе, сол әлемнің эстетикалық болмысын «аяз сүйген балалардың бетіндегі қып-қызыл қандары да шалқыған жалындай құлпырып ойнар еді...» [15,22 б], - деген фразадан поэтикалық дәлме-дәлдікті көреміз.

С.Мұқановтың соншама сүйетін Жамашұбары мен Дос жайлауы кейіпкердің жан-дүниесімен тығыз байланыстырыла өрілгендіктен, терең психологизм, лиризммен қаһарман әрекеттеріне сәйкес көп қырлы сипатпен топшыланады. Очерктің басынан көктем мен жаздың жан жадыратар пейзаждарының кездеспеуі, қақаған қыстың бораны мен қарлы көктемнің қытымыр күндерінің жиі кездесуі автордың әке-шешесінен осы Жаманшұбарда айырылуы мен сол кездегі жадау тіршілікпен тамырластықты сездіреді.

С.Мұқановтың «Сарыарқада» көркем очеркінің кейбір тұстарында кейіпкер қабылдауына еш әсері жоқ пейзажды қамтып отыруы баяндау ауқымдылығын кеңейте түскен. «Күн ол кезде батысқа еңкейіп, батуға беттеп бара жатыр еді. Аспанның өзге тұсы ашық болғанмен, батар күннің түрлі-түсті бояуына шомылғысы келгендей, алыста бұлдыраған биік тау сияқтанып, батыс жиекке сиректеу қоңыр бұлт шөгіпті. Біз Қамқа көлге жақындай, күн сол қоңыр бұлтқа сүңгіді де, «мен әлі де жер бетінде бармын» деп белгі бергендей, жан-жаққа кең тармақтана шыға келді. Күн сәулесіне боялған бұлтты аспан, жердің үсті түгіл, астында да бар сияқтанып, батыс жиектің барлық әдемілігі нақ сол бейнесімен, Қамқакөл шалқарының тұнық түбінде де жайнап кетті» [15,211 б]. Жоғарыдағы көрініс күнде болады, бірақ суреттелген пейзаждың шынайылығына нұқсан келтірмейді. Керісінше, көркемдік шарттылыққа сенімділік береді.

Ғабиден Мұстафин очерктерінде де пейзаждар кейіпкер толғаныстары мен ішкі сезім күйлерімен астарласа қызмет атқарады. «Жаппарқан» атты көркем очеркінің басты кейіпкерінің көңіл-күйіне сәйкес құбылып отыратын табиғат суреттері сәтті шыққан. Мысалы: «Балбыраған көк дала күн аймалап құшқан соң, бетегесі бөртіп, қызғалдақтары жайнап кетті. Кеудені жара жұпар исі аңқиды. Алыстағының бәрін сағым көтеріп, жер беті жел үрген торғындай толқып тұр. Осы жұпар иіс, кең дала жеке өзіне тигендей, теңселе басып бір бала келеді» [16,344 б]. Мұнда табиғат тек характер ашу үшін ғана шеберлікпен пайдаланылып қоймайды, кейде ел басына, ер басына түскен жағдайды да бейнелейді.

«Қалың орман қабағы салбырап тұнжырап тұр. Желсіз жауған ақша қар жер бетін жым-жылас қыпты. Ақ киінген он жігіт осы қардай аппақ, осы қардай дыбыссыз, жауға беттеп жүріп келеді. Қадалған көз – кірпік қаққанша, тігілген құлақ – дем алғанша бірдеме бола қалатындай, дем де, кірпік те қабаттамай, тұра тұрса екен деп келеді» [16,362 б], - деп соғыс кезіндегі Жаппарқан мен оның жанындағы жігіттердің сақ іс-әрекеттерін, жауға қарсы соғыс қимылдары да табиғатпен үндесе көрініс табады.

Ғ.Мұстафин әсем табиғатты суреттеу арқылы қаһармандардың өмірін көрсетуде негізгі тек ретінде пайдаланған. «Түн. Ұйыса қонған көп керуен бұйығып тым-тырыс ұйықтап жатыр. Қайсыбір қостардың жаққан оты әлі де өшіп болған жоқ, қызыл шоқтар көрінеді. Жанәбіл арбаға сүйеніп, оңтүстіктен батысқа қарай созылған «Семізқыз» тауына қарап тұр. Таудың қара көлеңкелі терең сайы, оның ойына әлденелерді келтіреді... Теңіздей аспанда жүзген алтын табақ айға қараса, көңілі жадырайды, айдың сырын білуге ынтығады... Мұның бәрі де оған уақыт өткізу үшін ермек сияқты. Ол сонау бір жаппаға қарай береді. Ойын бөліп, жүрегін магнитше тартып тұрған сол жаппаға қарай, әне, мысықша басып аяңдады енді» [16,332 б], - деп, «Керуен» очеркінде айлы түн мен Жанәбіл сезімін бір-біріне астастыра, Әсияның шолпысы сылдырлағанда, жігіттің жүрегі соғып, демі кеудесіне сыймай, кернеп кеткендігін жарық айлы түнмен тұтастыра берген. Жоғарыдағы мысалдардан қазақ әдебиетінің классиктері очерк жазудағы шығармашылық ізденістерінде адамды табиғатпен тығыз байланыста алып суреттегеніне куә боламыз. Алуан түрлі пейзаж суреттері, қаһармандардың рухани жан-дүниесі, адамгершілік қасиеттері мен психологиялық жағынан да ұштасып, белгілі идеяны айшықты формада бейнелеу құралына айналғанда ғана, табиғат көркемсурет дәрежесіне жеткен.

Көркем очерктерде пейзаждың көркемдік-эстетикалық қуатын арттыратын стилистикалық компонент рөлін теңеу, метафора, кейіптеу, эпитет, троп, фигура т.б. түрлері атқаратыны логикалық та, көркемдік те шешімін табады. Бір сөзбен түйіп айтқанда, қазіргі қазақ очеркіндегі көркемдік компоненттердің бірі - пейзаж әрбір суреткер ұстанған көркемдік әдіс заңдылықтарымен тығыз байланысты.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Тимофеев Л., Венгеров Н. Краткий словарь литературоведческих терминов. – М; Советский писатель. 1968.

2 Боровой Л. Путь слова. – М; 1974.

3 Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Жетінші том. - Алматы: Жазушы. 1980.

4 Мұқанов С. Саяхаттар. - Алматы: Жазушы, 1978.

5 Майлин Б. Ел сыры. – Алматы: Жазушы, 1994.

6 Бисенова Ғ. Жомарт жүрек жылуы // Жалын, 1987, №3.

7 Ысқақұлы Д. Әдебиет алыптары. – Астана: Фолиант, 2004.

8 Ергөбеков Қ. Жақсыдан қалған сөз. – Алматы: Жалын, 1991.

9 Сланов Ғ. Замана шежіресі. – Алматы: Қазақстан, 1970.

10 Сатыбалдин Қ. Таңдамалы шығармалар. 4-том. – Алматы: Жазушы, 1975.

11 Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. – Алматы: Санат, 1996.

12 Әуезов М. Очерктер және кино-әңгіме. 7 том. - Алматы: Жазушы, 1981.

13 Чехов А.П. А.П. Чеховаға хазған хатынан. // Қазақ әдебиеті. 1958. №36,5.

14 Байменше С.Е. Бейімбет Майлиннің белгісіз туындыларының шығармашылық тарихы. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. - Астана, 2004.

15 Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. 13 том. – Алматы: Жазушы, 1978.



16 Мұстафин Ғ. Бес томдық шығармалар жинағы. 5 том. – Алматы: Жазушы, 1984.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет