Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайы



Дата12.07.2024
өлшемі24.3 Kb.
#502943
Ясауи кесенесі жай-күйі


Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайы


Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай бүгінде «Түркістан – Қазақстанның рухани орталығы», рухани астанасы. Қаланы осындай абыройға жеткізіп отырған қала орталығындағы әлемдік сәулет өнерінің інжу маржанына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі екені ешкімге дау тудырмаса керек. Өткен дәуірлерден қалған мұра, қасиетті шаңырақ тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының Әлемдік мұралар тізіміне 2003 жылы енгізілген. Күмбезі көк тіреген көркем кесене мәңгілік ел мәдениетінің өткен тарихы ретінде әлем халықтарын мойындатты. 
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі бүгінгі ұрпаққа баға жетпес асыл қазына қалдырып, көптеген құрметті есімдерімен белгілі болған Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді, тарихи құнды жәдігерлерді сақтау, қорғау, қайта қалпына келтіру, кесене аумағына жерленген тарихи тұлғаларымызды дәріптеп, насихаттап, таныту бағытында жұмыстар жүргізетін іргелі қорық-музейлердің бірі. Қорық-музейде Ясауи мұраларын рухани тірек негізге айналдырып, кемел болашағымыздың кәдесіне жарату үшін көптеген игі шаралар жүзеге асырылып келеді. Сондай  шаралардың бірі әрі бірегейі Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау, сақтау жұмыстары.
Сәулеттік ерекшелігі мен әлеуметтік қызметі күрделі Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау, сақтау, жөндеу және қалпына келтіру  жұмыстарының өзіндік сыры мол. Осы орайда, ескерткіш құрылыс аумағындағы ылғалдылық пен жер асты су деңгейінің көтерілуін бақылап отыру жұмыстарына арнайы  тоқталудың маңызы ерекше деп білеміз. Мәселен, мемлекет қарауына алынған 1978 жылға дейін ғажайып өнер туындысының батыс қабырғаларына ылғалдылық пен жер асты су деңгейінің көтерілуінен үлкен қауіп төніп, ауқымды мәселелер туындай бастаған еді. Сондықтан, музей 1978 жылдан кесене қабырғаларының бойындағы және бөлмелеріндегі ылғалдылық пен температураның ауытқуы және жерасты су деңгейінің көтеріліп түсуі сияқты бағыттарда үздіксіз бақылау жұмыстарын арнайы құрал-жабдықтармен жүргізіліп келеді.
Бүгінде кесене мен оның аумағына ылғалдылықты өлшеп отыратын заманауи құрылғылар орнатылған. Осы құрылғылардың көмегімен алынған көрсеткіштерден кесене қабырғалары мен бөлмелеріндегі 2017 жылғы ылғалдылық қалыпты деңгейде болғандығын байқауға болады.
Сондай-ақ, 2010 жылы «Түркістан тарихы» экспозициялары орналасқан ХІХ ғасыр ғимаратына дренаж жұмыстары жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде ғимарат қабырғасына 1,5-2 м биіктікке дейін көтерілген ылғалдылық төмен түсті. Мұның өзі үлкен жетістік болды. Міне, осындай дренаж өткен жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Асхана, Мешіт, Кітапхана бөлмелері мен олардың дәліздеріне, құжыра бөлмелеріне де жасалынды. Бұл жұмыстар да өз нәтижелерін бере бастады. Алайда, кесененің айналасындағы ылғалдылықты түбегейлі жоқ етуде кесенеге қауіп төндіреді. Себебі, кесене астындағы топырақ құрғап қалған жағдайда оның ыдырап шөгу процесі жүруі мүмкін. Осыған байланысты кесене айналасына жүргізілген кешенді дренажды коллекторлардың құдықтарындағы су деңгейі әр он күн сайын қорық-музей мамандары тарапынан арнайы бақылауға алынып отырады.
Ортағасырлық сәулет құрылысының ұзақ сақталуының бір сыры оның өз заманында кесене ішінде ылғалдылық пен ауа алмасуының өте жоғары дәрежеде ойластырылып шешімін тапқаны деуге болады. Кесене бөлмелеріндегі ауа температурасы мен ылғалдылық көрсеткіштер жыл бойы бірнеше рет өзгеріп отырады. Ауа температурасы қыста -20 0С-тан жазда + 33 0С-қа дейін құбылады. Сәулет ескерткішіндегі ылғалдылықтың көтерілу себебі табиғи факторлармен тікелей байланысты екені анық. Мәселен, 2016 жылы қыс мезгілінде жауын-шашынның көп түсуіне байланысты кесене бөлмелеріндегі ылғалдылық 100 пайызбен 50 пайыздың аралығында болса, жаз айларында бұл көрсеткіш 35 пайыздан 30 пайызға дейін төмендеді. Кесене құрылысы артықшылығының негізінде ылғалдылық көрсеткішінің осылай ауысуы ғажайып сәулет жәдігеріміз үшін пайдадан басқа берері жоқ. Кесене құрылысындағы температура-ылғалдылық режимінің ортағасырлық шеберлер жоспарымен сәйкесінше сақталуы асыл мұрамыздың жақсы жағдайда тұруына мүмкіндік беріп отыр.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қабырғаларындағы жарықтарға қойылған маяктар 2000 жылдан бері ешбір өзгеріссіз сақталуда. Түбі бір Түркия Республикасының демеушілігімен жасалынған реставрация жұмыстарынан кейін кесенеде оған дейін орын алған жарықтардың ауытқуы байқалмайды. Бұл реставрация жұмыстары 1993 жылы басталып 2000 жылға дейін созылды, шын мәнінде келісімшартта аталмаған көптеген қосымша жұмыстар да іске асырылды. Атап айтсақ, барлық уақыт кесенені зерттеушілердің басты назарында болған ескерткіш бөліктерінің шөгу процесі, жерасты сулары мәселелері біржақты шешілді. Әсіресе, кеңес дәуірінде қолданылмаған «Тамыртектес тіреу-қазықтар» (Корневидные сваи) деп аталатын технологияны пайдалану ірі жетістік болды. Түрік фирмасының күшімен кесененің барлық қабырғаларының екі жақ бойымен әр метр сайын тереңдігі 15 метрге жуық, диаметрі — 10—12 см құдық-шұқырлар арнайы бұрғымен қазылды. Олардың 7 метрі топырақ қабатын, қалған бөлігі құмтас қабатын тесіп өткен болатын. Осындай 1500 шұқыр (шурф) бұрғыланып, ішіне темір біліктер орнатылып, арнайы сұйық бетон 350-400 атмосфералық қысыммен енгізілді. Мұндай үлкен қысымнан тас қабатындағы шұқыр диаметрі 20—40 сантиметрге, ал топырақ қабатын тесіп өткен шұқыр диаметрі 80—90 см кеңеюі тиіс еді. Жерасты сулары бетон қазықтар бойымен жоғары өрлемес үшін сульфатты қышқылдар мен түздарға төзімді арнайы цемент түрі пайдаланылды. Сонымен бірге, қабырғалардың іргесі ұзына бойына екі жағынан 15-20 см қалыңдығындай тереңдікте, ал биіктігі 80 см дейін ойылып шықты. Осы жұқартылған қабырға бойымен әр қазықтың тұсынан екі қабат рельс белағаш сыйып кететіндей тесіктер жасалды. Рельстер қазықтардың айналасына құйылған арматуралы бетон іргетасқа отырғызылды.
Сонымен қатар, осы реставрация барысында ескі жарықтардың ортасына арнайы ерітіндімен иньекциялар жасалды. Жасалынған реставрация жұмыстары кесененің сан ғасырлық мәселелерін шешуге септігін тигізді. Көненің көзіндей болған мәдени мұраны сақтау үшін мұндай игілікті, сауапты жұмысты іске асыруда еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан зор қажыр-қайрат жұмсағандығын атап өтуге міндеттіміз.
Қазіргі таңда кесене мен оның аумағы ескерткіштеріндегі мәселелер бойынша «Қазқайтажаңғырту» АҚ мекемесімен бірге жұмыстар жүргізілуде. Кез келген қайта жаңғырту жұмыстары халықаралық ЮНЕСКО ұйымының рұқсатымен ғана жүргізіліп келеді.
Алты ғасыр бойы от пен оқтан аман сау жеткен мұндай жауһар жәдігерді көздің қарашығындай сақтап өзімізден кейінгі өскелең ұрпақтарға дәстүр сабақтастығымен жеткізу бағытында қорық-музей үздіксіз жұмыстар атқара беретін болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет