Өлеңнің қара бауыр қасқалдағы
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, филология ғылымдарының кандидаты.
Поэзия әлеміне өлеңнің еңселі ақ ордасын сән-салтанатымен, қымбат жабдығы – кестелі тіл, шешен сөз, шебер өрнегімен келістіре қондырған Есенғали Раушанов сынды ұлт ақыны деуге әбден болады. Бұл сөзімізге дәлелді оның әр жырынан, әр шумағынан, әр тіркесінен келтіре аламыз. Ақынның тереңнен тамырланған қаламгерлік тұлғасын “Періштелер мен құстар” жыр кітабы айғақтай түседі.
Кезі келгенде жырауларша кесек толғайтын, сөйте тұрып қат-қабат жан әлеміндегі қалтарыс-бұлтарыстарды нәзік сезімталдықпен тұспалдай жырлайтын Есенғали – бүгінгі поэзияның дамуына өзіндік үлкен үлесін қосқан дара стильді, ерекше болмысты ақын.
Кітаптың “Бозаңға біткен боз жусан” аталатын бірінші бөлімі, яғни, жалпы жинақ “Еркек” деген өлеңмен ашылған. Бұл өлең — ақынның адамдық жолда ұстанған өмірлік қағидасындай. Ой мен сезімді бір-бірімен қабыстыра отырып жыр толғағанда айтарын еш іркіліссіз өрнекті сөзбен еркін төкпелете айтатын ақынның мінезі осы өлеңде толығымен танылған:
Батырша күліп түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жонымды тостым “міне” деп,
Жолбарыс-тағдыр атылса.
...Қасқайып өстім шыңымда
Қара да беріш қайың боп.
Ендігі қалған ғұмырда
Езілетұғын жайым жоқ.
Өлеңге ең әуелі керегі – мінез. Міне, сол мінез. Қайсарлық пен нәзіктік қатар сіңген жан болмысы осындай тегеурінді де салмақты сөздермен жыр болып өріледі.
Ақын өлеңдерінен халық басынан кешірген тарих мол орын алған. Алмағайып заман суретін өлеңіне өзек ете отырып, адам тағдырына, оның жан-дүниесіндегі қасіретке үңілу – ақынның ұстанымы. Небары екі шумақтан ғана тұратын “1932 жыл. Қазақстан” өлеңіне қасіреті мен зары төгілген кезең шындығы тұтасымен сыйып кеткен:
“Ел қырылған деседі мына дөңде,
Не деймін мен осынау тұл әлемге?
Кәрі аспан...
Кәдімгі дөң...
Қараша айы...
Түк те жоқ көз тоқтайтын бұдан өңге.
Өлең шөп барқын қара мақпал сынды,
Мақпалды сусыма құм жапқан сынды, —
Құм басып өлген қыздың қолаң шашы
Бұрқырап сыртқа шығып жатқан сынды,
Өлең шөп, өлең шөп — Қазақстан...
ХХ ғасыр басындағы алмағайып заманда халық басынан кешкен ауыр қайғы, сұмдық зобалаңды бұдан артық қалай бейнелеуге болады! Поэзия баяндаудан, әңгімелеуден іргесін аулақ салып, көрікті де астарлы сөзбен бейнелеуге бой ұрғанда ғана түйсікке әсер етіп, жүректі қозғайтыны хақ. Ақынның ақындық тегеуріні мен дарын қуаты екшеп шығарған өлең жолдары заман шындығын айна-қатесіз көз алдымызға әкелген. Қазаққа қоныс болған маң даланың көрмеген құқайы жоқ. Енді бірде ақын сол оқиғаларды болған қалпында жырына арқау етеді. Сөйте отырып замананың салған лаңын жайып салады. “Қазақ ауылы” сюжетті өлеңінде тарихи кезеңнің нағыз шындығы бейнеленген. Өлеңнің “Сәскеде” атты бөлімінде қазақ ауылына шапқан ақ әскердің іс-әрекеті соншалық әпербақан оспадарлығымен көрінеді.
Селеудің кімді күтіп сарғайды өңі,
Ителгі үркіп ұшты самғай бері,
Ит үрді,
Қой маңырап,
Түйе боздап,
Кепкен шал қырға қарап “Алла-ай” деді.
Атының басын ауылға бұрған атаманның әскері салған лаң ауылды осылай азан-қазан етіп шулатады. Кепкен шалдың кескен теректей құлауы, сауға сұраған би ағаның бишік жеуі, бәйбішенің таяққа жығылуы, “қамысты сүйрігінен айырғандай” тағы бір үннің шығып жатуы – ақынның тілінде шынайылықпен өлең болып өрілген сурет. Басына қазан киіп, жау кеткен соң бой көрсеткен қорқақтың тірлігі де оқиғаны шынайыландыра түскен.
Бармысың, тірімісің, жарығым-ай,
Не жаздық, неден жаздық тағы Құдай.
— Болғанда ағы мұндай бұл итіңнің,
Қызылы қандай болмақ, Тәңірім-ай!
Қазақ ауылы текке сескенбеген екен. Ақтардың салған ойранынан соң ауылға ат басын қызылдар бұрған. “Кешке” деп аталатын өлеңнің екінші бөлімінде сол қызыл әскердің қылығы көрсетіледі:
Селеудің кімді күтіп сарғайды өңі,
Ителгі үркіп ұшты самғай бері,
Ит үрді шабаланып.
Бұл не тағы?
Кепкен шал қырға қарап “Алла-ай” деді.
Тұтастай бір шумақты қайталай отырып, ақын ақтар салған ойранның тағы қайталанатынын аңғартады. Тек үшінші жолдағы сәл өзгеріс ендігі келген әскердің аңысын аңдап, сыпайы болып, шын содырлықтарын ішке бүге келген алдамшы қалпын көрсетеді:
Жүрісі “жау емеспіз” дегенді айтып,
Көрінді қырық қаралы атты кісі.
Қонақжай қазақ ауылы бейбіт қалыппен келгендерді ақ дастарханын жайып қарсы алады. Бірақ, ақ ниетпен жайылған дастархан, қонақжайлық ізетті қызыл командир басқаша қабылдап, құм ішінде отырған қазақ ауылына күдікпен қарайды. Ақыры, өзін қонақ етіп отырған ауылды ойрандауға бұйрық береді. Қызылдардың сұмдығы ақтардың әрекетінен де асып түседі. Ақын бұл оқиғаларды тілге тиек ете отырып, замананың бет пердесін сыпырып, шынайы бет-бейнесін танытады. Өзіміз сезген, сезінген, бірақ, айта алмай пұшайман болған саясаттың сұмдық астары осы бір оқиға арқылы ашылады.
Дамудың күре тамыры – дәстүр жалғастығы екені белгілі. Ұлттық поэзиямыздағы алтын арқау үзілмей көне дәуірден бүгінге дейін жеткені, ертеңгі күнге де жол тартары ақиқат. Есенғали лирикасында сонау көне түркі поэзиясынан тамыр тартып, кешегі жыраулар поэзиясынан сусынын қандырып, жаңа жазба поэзиядағы нәзік сыршылдық тұмасына бас қойған, асқақтық пен тереңдікті, өрлік пен нәзіктікті шебер үйлестірген ерекше бітім, кең тыныс, өзгеше өрнек бар. Әрбір тіркес пен әрбір жолдың балталасаң бөлінбес тұтастығы, шашауы шықпас жинақылығы, терең астары, бай мазмұны, салмақты мәні — ақын поэзиясының табиғаты. “Біздің ауыл” топтамасында өзі тіршілік кешіп отырған бүгінгі ауылдың тыныс-тіршілігінің суретін әр қырынан көрсетеді. Бұйығы ауылда тіршілік етіп жатқан қарапайым адамдардың ой-арманы, мақсат-мүддесі, іс-әрекеті назарға алына отырып, кішкентай оқиғамен үлкен адамзаттық мәселені айта алғанына аталмыш топтамадағы “Генетика”, “Әңгіме”, “Қанағат шофер куәлігінен айрылып қалды”, “Көкем-ай”, “Той. Рейім шал. Өлең” туындылары дәлел. Туған жерге деген риясыз махаббат пен сағыныш, ата-баба салтына деген шексіз құрмет, адам атты жаратылыстың қат-қабат жан әлеміне тереңдей бойлау өлеңді нәрлендіріп, құнарлы да бай поэтикалық тілмен төрт аяғын тең басқан жорғадай төгіліп кеткен. Бір кезеңде заман зауалы қыспаққа алып, басына екі талай күн туғанда қазақ ата мекенінен амалсыз ажырап, зар шекті. Жан-жаққа босып кеткен ел күні туғанда ата мекенге, ақынша айтсақ, “Жеке боп, ауыл болып, халық болып// Хат болып, хабар болып, табыт болып” оралды. Өйткені ата мекен – ештемеге айырбасталмас киелі мекен.
Менің ата мекенім – менің жаным,
Жаныма жара түссе, көңіл жарым.
Жеткізіп бір кісідей айта алмадым
Білсем де мың кісідей оның зарын –
Халық тағдырына бей-жай қарай алмау – мазасыз жанды ақынның бір ерекшелігі. Тарихқа назар сала отырып, оны қуатты, терең мағыналы өлеңге айналдыру, көркемдік сапасы биік поэтикалық туындыны дүниеге әкелу ақыннан аз нәрсені талап етпесе керек. Шынайы шеберлік сезімталдық пен аңғарымпаздық, сыршыл суреткерлік, биік талғам мен бай тілдік қор тұтасып, үйлесім тапқанда ғана танылады. Осы талап тұрғысынан келгенде Е.Раушановтың әрбір өлеңін шеберліктің хас үлгісі деуге болады.
“Бір қайың бар – ақ қайың, нәзік қайың” өлеңіндегі тұнып тұрған сыршылдық оқырманының жүрек қылын шертіп, терең ойға шомдырады. Мұңлы қайыңның желдің жұлмалауына амалсыз көніп тұрған шарасыз халіне жан-жүрегі сыздай отырып:
Жұбатар ем, хал-жайын сұрар едім,
Тілі жұмбақ әлі күн бірақ оның.
Жапырақтар жерге емес, ерте үзілсе
Жүрегіме құлайды мына менің –
деп мұңаяды. Жапырақтың жүрекке құлауы — тосын да ғажап сәтті бейнелеу. Ақын лирикасында жапырақ қорғансыз да нәзік, сезімтал да мұңлы жан дүние бейнесі іспетті. Бір өлеңінде “Жапыраққа айналып кетсем мен деп // Жасырындым күн ауа топ шеңгел кеп” десе, тағы бір өлеңінде: “Сен қалтырамашы, жалғыз жапырақ // Менің жанымды ауыртып”, “Сен қалтырамашы, жалғыз жапырақ //...Менің де жалғыз қарындасым бар” дейді. Іңір суретін сөзбен салған, жазбен, күзбен, жұмбақ сырлы түнмен, желмен сырласындай тіл табысып, олардың әрқайсысын персонаж (бейне) дәрежесіне дейін көтерген ақын үшін уақыттың әрбір мезеті мен мезгілі, әрбір құбылысы терең сырға, үлкен мәнге ие. Табиғатты назарға ала отырып, ақын тың сипатты, поэтикалық қуаты аса жоғары кейіптеулердің тамаша үлгісін жасайды. Мысал керек пе? “Түннің көз жасы”, “Қаңтардың келуі”, “Сүйдім мен Іңір деген пері қызын”, “Еркем Тамыз”, “Ерте кетіп барасың, сары күз”, “Жаз не деп еді”, т.б. өлеңдерін оқып қараңыз. Желді, түнді, т.б. табиғат құбылыстарын бейне дәрежесіне дейін көтере отырып, адам жанының сырын шебер де шешен тілмен аңдату – Есенғалидың негізгі ұстанымы. Табиғат атты ұлы ұғым адам өмірінен бір сәтке де тыс қалмақ емес. Ақын адамды табиғат әлеміне сіңіре бейнелегенде осы фәлсафаны әсте естен шығармайды. Желдің сыршыл да мұңлы қалпы (Бақты аралап баяу ғана жүреді // Жел бүгінде суып біткен бәрінен), “қара шашты”, “меңсіз қара ат мінген” түннің таяныш, сүйеніш іздеп, шерге бөккен жан түріндегі бейнесі (Өксиді үнсіз кеудеме басын сүйеп // жұбатуға жаралғам мен о бастан) жан жүйені қозғап, терең ойға қалдырады.
Лирикалық өлеңдерінде түрлі өзекті мәселелерді, адам тағдырын көтере білген ақын соқталы дүниелері – поэмаларында да терең мәнді, тарихи-философиялық ой-толғамдарды биік те терең поэтикалық қуатпен жырлайды. “Сарыөзен”, “Ғайша-бибі” поэмалары соның айғағы. Халықтық дастан-жырлардағы қара сөзді араластыра, өлеңмен жырлау тәсілін асқан шеберлікпен жаңғырта отырып, өткен күн оқиғасының мән-маңызына үңіледі. “Сарыөзен” поэмасының орталық тұлғасы Мұхаммед-Салық Бабажанов арқылы халық тарихы мен тағдырын танытып, ақын үлкен міндетті орындаған. Поэма прологы қара сөз түрінде өріліп, белгілі бір заманда болған уақиға қара обаның түсі болып баяндалады. Сармат көсемі мен алан патшасы Батразд арасындағы әңгіме, сарматтардың қырғын табуы, Батраздтың жалғандық әрекеті, “бұлардың салтында моланы қазуға да, жаңғыртуға да болмайды” деген сөзі тарихи оқиғаның нағыз шындығын танытады (Бұл сөз поэма финалында генерал-губернатор аузынан қайталай айтылады). Сол түсті көріп жатқан қара обаның үстінен қара көз сотник – Мұхаммед-Салық мінген фаэтон өтіп бара жатыр... Бұл бейнелі желі поэманың идеялық мазмұны мен тақырыптық мәнін аңғартып өтеді. Түс көріп жатқан қара оба – тұмшаланып қалған тарих. Сондай-ақ, қазақ даласының патшалық Ресей қолындағы халі генерал-губернатор Крыжановскийдің әрекеті мен ішкі ойынан айқын танылады. Ақын баяндаудан гөрі тұспалдау мен ишаралауды негізгі тәсіл ете отырып, қазақ даласына жүргізіліп отырған саясаттың қитұрқылығын тайға таңба басқандай етіп көрсетеді.
...Қарайды маңдайшадан дала жаққа
Суреті самұрықтың түйіліп бір.
...Желкеде самұрық тұр, сәл қозғалсаң,
Жарқ ете түсетіндей жасын болып.
Осы жолдардың өзі көп нәрсені аңғартады. Алдына келген Салықтың мақсаты мен тілегін білген соң генерал-губернатор оның ісін құптағандай жауап берсе, іштей:
“Да-а, сөз жоқ, батыл ұлан, батыл ұлан,
Көз жазбау керек болды заты бұдан.
...Қазақта қарғыс атқыр тағы бір ұл
Қағынып туған екен жатырынан...” —
деп, сөзіне мүлде қарама-қайшы ой ойлайды. Поэмадағы табиғат суреті, адам ойы мен сезімі, орданың сән-салтанаты, кейіпкерлер характері ақындық зор қуатпен құйылып түскен, астары қалың бояу, арасына сына кірмес тіркестер, жігі білінбес ұйқастармен жырланған. Ордаға қонаққа келген генерал-губернатордың көздеген мақсаты мен мұраты шағын ғана эпизод – бір-екі шумаққа сыйып кеткен:
Шылымның түтінінен оймақ жасап,
Мырс етті губернатор – нені білді?
Сол түтін босаға емес, төрден өріп,
Тұрды да сақина боп дөңгеленіп,
Ақырын саф ауаға тарап жатты,
Гүлдердің жапырағын желмен өбіп.
Білген жоқ қырдың нәзік гүлі бүгін
Тамырға сіңетінін түбі мұның.
Гүлдің бойына сіңген шылым түтіні үстем елдің далалық азат халықты қалай бұғаулайтынының тұспалы. Мұндай ұтымды да тапқыр тұспалдар күллі поэманың құндылығын арттырған. Жылы сөйлеп, жымия күлген генерал-губернатордың сұмдығы мен аярлығы, екі жүзділігі Салыққа өз қолымен у беріп, оның өліміне аһ ұра қайғырғандай кейіп көрсету әрекетімен барынша ашылған.
Е.Раушановтың “Періштелер мен құстар” жыр кітабы — мазмұны мен тілі келіскен, қазіргі қазақ поэзиясының шырқау биікке жеткенін, өлеңнің көркемдік мүмкіндігін барынша танытқан маңызды жинақ. “Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын” келістіре алған ақынға “шырқау биікке жеткенді” деген сөзді әбден елеп-екшеп, ойланып барып-ақ айтып отырмыз. Мына қос шумаққа қараңызшы:
Шыжыған күннен қорынбақ болып,
Көлеңке іздеп жан-дене,
Шыршықты бетке ап шомылмақ болып,
Шыққанда қыздар сәндене.
Шыршық ағатын, ыршып ағатын,
Жыршы болатын бар ағын.
Шыршық ағатын, шымшып ағатын,
Ақ қайраң санын жағаның.
Не деген сурет, не деген сөз саздылығы! Әр жолы әндетіп тұрған жоқ па?!
Осындай өлеңдері бар жинақтың қандай биік бағаға да лайықтылығын айтып жатудың өзі артық сияқты.
:
Достарыңызбен бөлісу: |