Олжас және әлемдік көркем ой



Дата30.06.2016
өлшемі268.16 Kb.
#168260
Олжас және әлемдік көркем ой
«Көне замандар қойнауында бойлай білу көп жағдайларда ұлттық мәдениеттің басқа халықтардың мәдениетімен қаншалықты таныстығы дәрежесімен байланысты. Осындай таныстықтың аясы кең болған сайын өз мәдениеті тарихын жарқыраған қырлары саны да арта түседі, оған тән және жалпы адамзаттық сипаты да мазмұндала көрінеді. Бұл мағынадан алғанда ғасырлар тереңіне кететін тарихқа деген қызығушылық, өзін біртұтас халық ретінде ұғынуға ұмтылу және басқа халықтардың арасындағы өз орнын табуға тырысуы - ұлттық сана сезімнің жоғарғы деңгейін көрсетіп қана қоймайды, сондай-ақ барлық мәдениеттер үшін ортақ басқа ұлттық мәдениеттермен араласуға деген ұмтылушылықтың куәсі болды» [1, 258 б.] - дейтін белгілі мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов ескертпесінің О. Сүлейменов шығармашылығын ұғынуға қатысты әдіснамалық маңызы зор. Ол туған халқының тарихын өзі үшін саналы түрде зерттеуге кіріспес бұрын барлық әлемдік мәдениеттерді шығармашылықпен игеріп қайтқан адам. Сондықтан оның поэзиясының әлемдік сарында болуы заңдылық.

Оның қаһармандары мен кейіпкерлері: ақындар мен батырлар, көшпенділер мен қалалықтар, ғалымдар мен қайраткерлер т.б. әр түрлі халықтар мен ұлттардың, мәдениеттер мен діндердің, дүниетанымдардың өкілдері. Олардың барлығына күнделікті пендешілік сүйініш пен күйініш, алауыздықтар мен бақталастықтар тән болғанымен барлығын біртұтас біріктіретін - жалпы адамзаттық рух идеясы бар. Бұл түрік-қазақ эпикалық жәдігерліктерінен, славян жырлары мен Скандинавия руна жазуларынан, Гильгамеш туралы Шумер хроникалары, мұсылман хадистері мен христиан апокрифтерінен Будданың уағыздары және бүгінгі ғарыштық игеруге дейінгі жетістіктерден тоқылған жалпы адамзаттық бірлік рухы идеясы. О. Сүлейменов адамзат мәдениетінің мыңдаған жылдық ортақ байлығын жәй біліп қана қоймайды, оны онан әрі дамытып, осы өмірде жүзеге асырғысы келеді. Өзінің кіндік қанымен туған жерімен байланысқан О. Сүлейменов үшін алыс-жақын құрылықтар мен өркениеттер арасында суайырық құрдымдар да жоқ. Жастайынан аңыз-әңгімелер мен ертегілер әлемінде өмір сүргендіктен О. Сүлейменов үшін орталық немесе шеткері аймақ ұғымдары жоқ. Оның поэтикалық формуласының: «Бас майданды көру үшін уақыт картасында мен масштабты ірілендіремін» [2, 77 б.] деуі кездейсоқ емес.

«Солай да болғам бір кезде, болғанмын үнді дагоры. Шоқан да болғам, Блок та, Конфуций, тіпті Тагорың! Сэссю да, Шаман Савл да, Будда да болғам, Басынба» [3, 69 б.] - дейді ақын. Мұндай мойындаушылыққа келгенде Олжас жалғыз болған жоқ. Ақынның әлемдік ауқымға ұмтылуы ұлттық мәдениеттегі Махамбет, Шоқан, Абай үрдістерінен бастау алады. Махамбеттің өр поэзиясы мен қайсар мінезі ақынға үлгі болса, Абай мен Шоқанның биік парасат пен ауқымдылық дәстүрлерін Олжас одан әрі жалғастырушы болды. Орыстың ұлы жазушысы Ф. Достоевский Шоқанға мынандай кеңестер береді: «Сіздің қызмет бабыңыз, жалпы жағдайларыңызда не істеу керек деп сіз кеңес сұрайсыз. Меніңше былай еткеніңіз жөн: ғылыммен шұғылдануды тастамаңыз. Сізде өте көп материалдар бар. Дала туралы мақала жазыңыз.7-8 жылдан кейін өзіңіздің Отаныңызға пайдасы тиетіндей етіп, өз тағдырыңызды құра білген болар едіңіз. Мысалы,Дала мен Сіздің халқыңыздың кім екенін түсіндіру және біруақытта орыстардың алдында оның білімді қорғаушысы болып қызмет ету - ұлы мақсат, киелі іс емес пе. Есіңізде болсын, сіз европаша толық білім алған алғашқы адамсыз. Бұған қоса тағдыр сізге кеңпейіл мен таза жүрек беріп, тамаша адам етті. Кейін қалуға, кешігуге болмайды: күш салыңыз, орындамай қоймаңыз, тырысыңыз және тіпті, мүмкін болса, қулыққа да барыңыз. Бәрі де болуы мүмкін ғой, сеніміңіз нық болсын. Менің қымбатты Уәлихановым, сіздің тағдырыңыз туралы менің утопиялық ойларым мен жорамал-нобайларыма сіз күлмеңіз. Менің сізді қадірлейтінім сондай, мен сіз туралы сіздің тағдырыңыз туралы күні бойы армандаймын. Әрине, өзімнің қиялымда мен сіздің тағдырыңызды әлпештеп орналастырып та қойдым. Бірақ армандарымның ішінде бір шындық бар: сіз өз халқыңыздың ішінде европалық білім алған бірінші адамсыз. Осының өзі таңқаларлық жағдай, мұны ұғыну сізге еріксіз түрде міндеттемелер де жүктейді. Сіз алғашқы қадамды қалай жасайсыз: кешіп-пішу қиын. Тағы бір кеңесім (жалпы айтқанда): азырақ ойланып, азырақ арманға бөленіңіз де көп жұмыс істеңіз» [4, 281-282 б.].

Достоевскийден ұзақ үзінді келтіріп отырғанымыздың себебі: бәрінен бұрын ұлы жазушы ақыл-кеңестерінің Олжас үшін де өзекті болғанына, яғни Шоқан алдында тұрған міндеттердің Олжастың алдында да, басқа жағдай, басқа формада тұрғандығына назар аудару болып отыр. «Кенжелемей», «азырақ армандап, көп жұмыс істеу» Олжасқа да қатысты болды. Шоқан алдындағы мақсат пен міндет бөлек, Олжастың алдындағы мақсат пен міндет бөлек, бірақ сабақтастық пен ауқымдылық ұқсастығы жақын. Шоқан алдында Ресей ғылыми қоғамдық пікірідің көкжиегіне шығу міндеті тұрса, Олжас өз алдына одан да зор адамзаттық көкжиекке шығу міндетін қояды. 1956 жылы Мұхтар Әуезов «Ф.М. Достоевский және Ш. Уәлиханов» атты мақаласында: «Достоевскийдің пікірінше, мәдениетті халықтар үшін мүлде белгісіз Дала тұрмысын - оның өмірінің ерекшеліктері мен ұрпақтарының тағдырларын толық және жан-жақты баяндайтын ғылыми-зерттеу жұмыстары, көркем туындылар жазуда, оның ең озық өкілдерінің шығармашылық еңбектері орасан зор рөл атқаруы тиіс» [4, 284 б.] - деп, атап көрсеткенін еске салады.

Тағдырдың жазуымен Абай мен Шоқан қазақ сахарасынан шыққан - бірінші еуразиялық патриоттар болды. 2007 жылы «Русский мир» қорының директоры Вячеслав Никоновтың «Бүгінгі орыс мәдениеті мен ғылымын Шоқан Уәлиханов, Абай, Қаныш Сәтпаев немесе Олжас Сүлейменовсіз елестету мүмкін емес. «Достастық» - өткен туралы естелік болып қана қалмай, болашақ туралы арман болу» [5] - керек деуін жай қонақкәде үшін айтылған сөз деп қабылдамау керек. Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре тұра тексермедім, ержеткен соң түспеді уысыма, қолымды мезгілінен кеш сермедім» атты өкініші мен «атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген адамзаттық өсиеті де Олжастың есінде тұрып, жастық шағынан өзінің талантын бағбандай мәпелеп, баптай білді. Материалдарды өзінің жеке өмірінен алған туындыларының ауқымы, О. Сүлейменовтің жеке тәжірибесі шеңберінен асып түсіп жатты. Орасан зор тарихи материалдармен жұмыс істеген Олжастың болашақ туралы жалпы адамзаттық тақырыптарға бой ұруы да табиғи нәрсе. Бұл тұрғыдан алғанда 1961 жылы адамзаттың ғарыштық кеңістікке шығуына орай жазылған «Адамға табын, жер, енді» поэмасының орны ерекше. Поэма адамзаттың ғарышқа ұмтылысының гиміндей. Адамзаттың ұлы минутында пайда болған ұлы сезімді кеңестік саңлақ ақындардың ішінде бірінші болып О. Сүлейменов ғажайып поэтикалық шеберлікпен жырлай білді. «Мен инженер ретінде осы бір құлақ тұндырарлық фактінің мәнін тез түсінген едім... Біз Гагариннің ұшуы бүкіл әлемді тыныштық пен ізгілікке күрт жақындатады деп үміттенген едік және сендік. Бірақ олай болмай шықты. Санадағы шығармашылық содан басталатын түрткі секіріс болған жоқ» [6, 17 п.], - дейді О. Сүлейменов.

Поэмада О. Сүлейменов адамзат тарихын «екі ғасыр - екі заманға» бөледі. «Бірінші ғасыр - тарихтың басы», «жүретін жолды ұғыну ғасыры, боранды сүрлеудің, жанталастың, бақыт пен уайымның, ғасыры болды Алдаспанның». О. Сүлейменовтің түсінігінде, «бірінші ғасыр» - бақыттың әлемдік формуласын іздеу жолындағы өліспей-беріспеудің, өрт пен күлдің ғасыры болды. Ал Гагариннің ғарышқа самғауы, адамзат үшін жаңа заман. Ол қирату мен адасудың, соғыстардың емес, жасампаздықтың, жердегі тіршілікті сақтаудың заманы болуы керек. Ендігі жерде адамзаттың Отаны бір, ол - Жер. «Жоқ Шығыс, жоқ Батыс па, Кәдуілгі Егіздей екі ұлы бар ұлы атаның». Сондықтан ақын Батыс пен Шығысты қарсы қоймай, екі дүние халықтарының арасындағы жаулық пен қырғиқабақтықтың тамырларына балта шапқысы келеді, адам ұғымындағы жалғандық пен үміттің бастауларына үңіледі, адам тарихының барлық қатпарларын арши отырып, адамзатты біріктіретін бірден бір арнаны тапқысы келеді. Оның түсінігінде адамзат абыздары бағы бір замандарда ең қымбатты құндылықтарының бірінен қапияда айырылып қалған. Бүгінгі адамзаттың бір-біріне деген өшпенділіктің себебі де сол.

Көне көшпендінің арғымағына мініп алып, жаңа кеңістікке ұмтылғаны сияқты. О. Сүлейменовтің көшпендісі ғаламшарға секіргісі келеді. Бұл тұрғыдан алғанда поэма болашақ әлемдік құбылыс - жаһандасудың жаршысындай. Жаңа оянған Сүлейменовтің көшпендісі томаға тұйық өмір сүргісі келмейді. Ол бүкіл әлемді қамтуға тырысады. Оған түзу, көлбеу, айналма толқынды қозғалыс болсын бәрі бір. Дала, ғалам, киіз үй, ұрыс тактикасы да, ақырғы соңында этикалық нормалары да осы «айналайын» сөзі. Бір замандардағы соғыс пен жаугершілік оған - жат. Көшпенді жаугершілік заманда әйел өзінің биік тұғырына көтеріле алмады, ал Сүлейменовтің көшпендісі үшін - Дала, Отан, тарих, ұлылық, ерлік пен ар-ождан, анамен байланысты. Ол бүкіл әлемді көшпенді немесе отырықшы деп бөлмей, ұлтына, нәсіліне, дініне қарамай айналғысы келеді [7]. Планетарлық деңгейге шыққан Сүлейменовтің көшпендісі өз дүниетанымымен бірге отырықшы халықтардың дүниетанымын да бойына сіңірген адам, сондықтан адамзат тарихының өн бойында өткен ортақ оқиғалар, адамдар мен тағдырлар ұмытылмай жаңа кеңістік пен уақытқа бірге жанды түрде алынып шығады - «Біз өзімізді ғасырлар дертінің жиынтығы етіп жасадық». Поэма негізінен бірінші жақтан айтылатын монологқа құрылғандықтан, басты лирикалық қаһарман Юрий Гагарин - Даланы «Анам» деп қабылдап, ақын оған өз дүниетанымын таңып отырады.

«Көшпенділер мен егіншілік көне замандардан әлемдік бірлікке тартылып отырылды, көшпенді бұл бірлікті «әлемге кіру» деп түсінсе, егіншілер «әлемді өзіне сіңіріп салуға» ұмтылады. Ежелгі көшпендінің «мәңгілік көкке сыйнуы» егіншілерді Көктің ылғал-жауынынан айырып, көшпендінің егіншілерге деген жаулық қатынастарын білдірді» - дейді Мұрат Әуезов [1, 263 б.]. Ал О. Сүлейменов поэзиясының негізгі сарындарының бірі - «Ойхой Нөсер! Ойхой Жауын!» бүкіл адамзатқа ортақ нұр болып құйылады: - «Жырғаңыздар, жырлаңыздар тартынбай, Жер мен Көктің үйленуі - бұл нөсер» [7, 104 б.].

Ғылым мен техникалық революция ғасырындағы адамзаттың ғарыштық кеңістікті игерудегі табыстарын жырлай отырып, ол мүмкін боларлық қауіптен адамзатты сақтандыруды ұмытпайды. Адамға толығымен бағынған кеңістік өзінің шексіздігімен «жерліктерді» тамырынан мүлдем ажыратып жіберуі мүмкін. Ондай жәйіттерді адамзат тарихында көшпенділер біруақыттарда бастан кешкен. Бүгінгі күнгі оның кемшін тағдыры да содан. Оны енді адамзат қайталамауы тиіс, «Европа мекен табиғи байланыстарын үзіп, айырылып қалған дойырлықтарды қайта жасауға кірісті. Мені тамырларым құтқаруда. Расын айту керек, барлық кезде емес. Ауада салбырап тұрған тамырлар, сиырдың құйрықтары тәрізді. Кеңістіктегі бағдарлардың орны ауысты. Біз шардың ішіндегі полюстерді шатастыратындай жылдамдықпен айналған зат сияқтымыз. Құлап бара жатқан шыңдар мен көкке самғаған тамыр жүйелері. Өмір діңгегіне деген әртүрлі көзқарастар» [8, 10 б.] - дейді ақын. Сондықтан Сүлейменовтің ойынша, үшөлшемді кеңістікті: өткен, бүгіні, болашақ - біртұтас сезінуден айырылып қалмау жолы маңызды, - «Кәдімгі біз өткен жол - сонау жарық жұлдызға жеткізетін жол анасы».

О. Сүлейменовтің көне көшпендінің рухани дүниесіне жан бітіруі - жаңа дүние бос жерде қалыптасқан жоқ деген байлам үшін қажет. Бірақ ол өрісі тар ұлттық шеңберде шектелмейді, қазақ даласының аумағын кеңейте түседі, оның көне жетістіктерінен жалпы адамзаттық мағына көреді және бүгінгі күн үшін өзектілендіріледі.О. Сүлейменовтің поэзиясы ХХ ғасырдағы жаңа ұлттың амбициясын білдіреді. Отан сезімі О. Сүлейменов поэзиясының өнбойында, алайда әлемнің көне тарихына еркін бойлаған ақынға өткен және бүгінгі халықтардың ой-арманы мен көңіл- күйі жат емес. Сондықтан оның поэтикалық тілінде орыс-қазақ сөздерінен бөлек, үнді, араб,украин болгар т.б. халықтардың сөздері еркін орнын тауып аударуды керек етпейді. Алайда, адамды Абай ұғымында қабылдайтын Олжас үшін кезкелген адам ең бірінші кезекте адамзаттың ұлы, бірақ оның болашақ жүзінен ақын өз халқының бейнесін де көргісі келеді. 1962 жылы шыққан «Нұрлы күндер» жинағында ақын, осы жалпы адамзаттық сарынды күшейте түседі. «Әзірге адамның ұлтын еске алуға болады, бірақ жақын арада оның қабілетінің ұлттылығы туралы айтуға кеш болады. Мені әлемдік деңгейдегі қандай да бір болмасын ойшылдың өзінің ойын қай тілде тұжырымдағаны мүлде қызықтырмайды. Капиталистік дүние табынатын суретші, коммунист Пикассоның туу туралы куәлігі мен енді ғана ойланып отырмын, - дейді ақын... Бірақ әзірге көптеген халықтар ұлттылығы арқылы лайықты орнын тауып отыр» [9, 169 б.].

О. Сүлейменов поэзиясы уақыт пен кеңістік шеңберінде қаншалықты терең де еркін сырғығанымен, ол ХХ ғасырдың екінші жартысының, ғылым мен техниканың саяси-мәдени кедергілерге қарамастан адамзатты объективті түрде жақындатқан дәуірдің ақыны. Сондықтан оған осы заман халықтарының тағдыры мен көңіл-күйі етене жақын. Тіпті, адамзаттың барлық молалары да оларды жақындатуға қызмет етуі тиіс. 1962 жылы Кариб дағдарысы әлемдік бейбітшілікке үлкен нақты қауіп төндірді. Африка құрылығымен бірге Алжир халқы да француздардан азаттық жолында күресіп жатты. Ақын жүйкесі де шегіне дейін сыр береді. «Молалардың жанында бас киімдеріңізді алып, бет перделеріңізді лақтырып тастаңыздар. Кім өзін интернационалист деп есептейтін болса, бүгінгі күнге ең керектісі: «Мен әрбір жәбірленуші халықтың азаматымын! Мен Мәскеуден Берлинге дейін жердегі 100 ұлттың ар-намысы үшін қан төктім» деп айтатын болсын. Гитлер Парижді таптағанда, мен француз азаматы болдым. Алғашқы коммунарлардың ұрпақтары кісі өлтірушіге айналғанда, мен Алжир халқының азаматымын. Адамзат таңдау жолы алдында тұр: жекеленген адамдардың бақыты үшін немесе барлығының бақыты үшін жүретін жолдар. Бірінші маршрут өзін ақтаған жоқ. Артқа бұрылу - бұл өлім. Тек алға қарай жүру қалып отыр. Еңбек - барлығы үшін. Бостандық барлығы үшін. Бауырластық - барлығы үшін. Бақыт та барлығы үшін. Бейбітшілік иероглифтері - планетаның көгіне көтерілді. Астымызда - Жер. Үстімізде - Күн. Ортақ бір Жер мен ортақ бір Күн» [9, 173 б.] - дейді ақын.

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Соғыс пен Бейбітшілік, фашизм мен гуманизм таңдаулары да О. Сүлейменов поэзиясында ұлттық қайнарлар мен жалпы адамзаттық құндылықтармен айшықтала, екінші жағынан «молекулярлық деңгейде» мұқият жырланады. Литвада идиш тілінде гетто туралы мұңлы ән салып тұрған кішкентай Зурна қызды - «Моисейдің қызы» емес «көшпенді Мұсаның қызы деп қабылдайды - «Менің Ибрагимім - Аврамдай, Жақыпым – Яковтай ән салады. Иса - міні Иисус. Менің Моисейім - Мұсам ақшамда күнбатысқа қарап, мұртын тістелейді».

Европадан европалықтар геттосын,

Израильдан мысырлықтар геттосын,

Америкадан қытайлықтар геттосын,

Ал қытайда үнділіктер геттосын

Көрген кезде кетті есім» - дейді ақын.

«Бір соғыс бір соғыспен аяқталды...» өлеңінде ақын соғыста қаза тапқан баласының сүйегін жат жерде қалмасын деп, туған жерге алып келуге бел буып жолға шыққан қазақ шалы суреттеледі. Алыстағы жүздеген молалардың ішінен өз ұлының қабірін тауып алып, қазып алуға емеурін танытқанда, сол жердің әйелдері: «Мұныңыз не?... Бұл арада он сегіз адам жатқан жоқ па? дейді. Қария уәжге тоқтап, жүгіне отырып құран оқиды. Бұл құран жалғыз ұлының рухына ғана емес, діні, тілі, нәсілі бөлек ғасырдың зұлмат күшімен күрескен қалғандарының барлығына бағышталған еді. Соқыр сенімдер шегініп, ортақ қайғы жалпы адамзаттық оймен нұрланады.

«Салқын соғыс» - бітіспес әлемдік идеологиялық күрес жағдайында «айқастан жоғары тұрып» «ақындар мен үкіметті аттап өтіп» әлем халықтарының тағдырына ортақтаса білу, бұл сөзсіз ақынның үлкен азаматтық жеңісі. «Менің сенімімде: ақын мен азамат - бұл екеуі бір нәрсе. Жоңышқа туралы жазса да ол бәрібір азамат. Өйткені адамдар үшін жазады. Осы бір ұғымды өз бойыңда ұштастыра білу - үлкен жауапкершілік. Бұлар бір мидың екі жартышары сияқты» [10, 125 б.], - дейді ақын. «Ақын - өз халқының қорғаушысы» деген қанатты сөз ескірді. Біз, ата-бабаларымыздың ащы тәжірибесін ой елегінен қайта өткізіп, басқа тұжырым жасаймыз: ол - адамдардың қорғаушысы» [11, 32 б.].

«Мен әрбір жәбірленуші халықтың қорғаушысымын» деп жариялаған О. Сүлейменов үшін азаттық жолында күресіп жатқан Азия-Африка елдері өкілдерінің халықаралық ұйымдардағы қызметі, әлемдік өркениеттік процесстерге кірігуі, өздерінің азаматтық-құқықтары жолындағы күресін мақтан тұтады. Ақынның бұл циклдағы өлеңдерін біріктіретін бір сарын бар, ол - ұлттық қадыр қасиет идеясы. О. Сүлейменов бұрынғы отарлық езгіде болған халықтардың ұлттық ар-намысын қалпына келтіру арқылы ғана, олардың адами қадыр қасиетін қалпына келтіруге болатынын жақсы түсінеді. Сондықтан БҰҰ-ы ғимаратының текпішегінен көтеріліп бара жатқан жас Африка мемлекетінің өкілі эпикалық сарында берілсе, - «дәл сондай еді-ау Маяковский жасында», «Бостандық рейсінде» өлеңінің лирикасына жоғарғы пафос тән. Ақын Алабама штатында автобуспен жол тартқан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сегрегацияға қарсы күреске жиналған ақ және қара нәсілді жігіттер мен қыздардың тобына қосылып кетеді:

Замананың қиянат зәбірі өткен

Маған таң боп қарайды негр біткен.

Шығып жатса майданға қаптап адам,

Мен де оларға қосылып аттана алам.

Ультра ұлтшыл экстремистер Парижде 15 тамызға өздерінің арандатуларын жасырын белгілеген. Бірін бірі танымайтын көше сыпырушы алжирлік пен өрісі тар көк долы сұлудың бірін бірі көргендегі әсерлері де тартысты. Сәл нәрседен от тұтанғалы тұр. Екі жақта астыртын сақадай сай. Алжирлік те «қойнындағы пышағының жып-жылы сабын үнемі түзетіп» жүреді. «Отельдің әйнегінен қарағанда» өлеңінде ақын бейбітшілікті сақтаудың қаншалықты адами нәзік факторлардан тұратынын, ал нәсілдік арандатудың оспадарлар үшін қаншалықты оңай екенін тамаша береді. Әдетте шетелдік жол сапарларда қарапайым пенде үшін сыртқы көріністердің әсері айрықша. Оларды жат әлем деп жатырқамау үшін биік өре, нақтырағы ақын болу керек. О. Сүлейменовтің «Әйел», «Нөсерге самолеттен қарағанда», «Нью-Йорк нөсері», «Чикаго. Жаратылыстану музейінде» (ақын онда далалықтарға ұқсайтын ежелгі көсемдер фигураларын көреді) өлеңдерін осы тұрғыдан қарау керек. Жаны жадау, жалғызсыраған «Нью-Йорк нөсерінің» өзі Дала жаңбыры боп құйылады:

Зәулім-зәулім үйлердің

Арасында өгейсіп

Жүрсең жаңбыр

Сен мені,

Туысқаным дегейсің.

Адай жігіті мен француз әйелінен туған американдық бала туралы «Ришад қырдың баласы» атты өлеңнің сюжеті де өте қарапайым. Ақын балаға тақия сыйлайды:

«Үнсіз-түнсіз кетті әкесі бұрылып,

Туған жері түсті ме екен есіне

Тапты деп бір туысқанын баласы

Мәз болып жүр анасы.

Әкесі адай, шешесі әсем француз

Ришадты испандық деп қаласыз...»

«Оралу» атты өлеңнің сюжеті де осыған ұқсас қарапайым. «Киелі жерлерден» мінәжәт қылып қайтып оралып келе жатқан жігітке Мәскеуде ғана әжемнің «бір уыс топырақ ала кел» деген бұйымтайын ұмытып кеткені есіне түседі. Бірақ «жер барлық жерде, меніңше, киелі емес пе» деп ұйғарған жігіт туған жеріне Мәскеудің бір уыс топырағын ала келеді.

Дәстүрлерден берік туындай отырып, О. Сүлейменов таптаурын болған метафоралардан бойын аулақ ұстайды. Жаңа тың образдар жасай біледі. Бірақ О. Сүлейменов түсінігінде «Күн мен жүрек қақтаған нұр махаббат» тілі өзгермейді. Сондықтан оның қазіргі ғашықтары да бір кездердегі Шумер ғашықтары сияқты «ұмыт болған» тілдерде сөйлей біледі. Автор саналы түрде бұл сезімнің «кітабилығына» киелілігіне назар аударады. Оның ойынша, «шаң басқан махаббат беттерінде» тек ғашықтарға ғана ашылатын жұмбақ, мыңжылдық сезімнің қуаты жатыр. О. Сүлейменов «Тепе теңдік» атты өлеңінде «болашақ ғасырлар романдарының парақтарын тарақпен тарап аршы, олар қараңғылықтан қорқады, ал жарыққа төзбейді. Аңызақ даладай боп бос жатқан ол беттерден қорықпай, парақтап үңіл: сіз бен біз, олар да тағы да кездесерміз» дейді [12, 118 б.]. Мұндай сарын «Ноктюрн» және Махатма Гандиге арналған «Жер шетіндегі бір минуттық үнсіздік», «Сонда, сонда хабарламалары», «Бал жей ғой, Асан!» өлеңдеріне де тән. Қазіргі заманның Асаны бақытын іздеп жол жөнекей неолитке бас сұғып, ине жасауымен одан өтіп Шумер жазу кестелерін кезеді. Уақыты өте келе зымыранға мінеді, мумиялар кітабын оқып шығып әлемдік кеңістікті өлшейді. Бірақ ол кім болса да: саяхатшы ма, ұшқыш па жай кезбе ме - географиялық, ұлттық мәдени құрсау шеңберінен ада адам. Барлық дәуірлерге кіріп шығып іздегені жай ғана нәрсе - адалдық, адами бақыт.

Адамзат ұлдарына әртүрлі тарихи ерекшеліктер, тұрмыстық, мәдени, экономикалық-саяси ала құлалықтар тән. Қай ғасырда, қай дәуірде болмасын адамзат тарихындағы жасампаздықтан гөрі қиратушылық-дүлей күштердің белең алғанына ақын қатты қапаланады. Ақын - дәстүрлі және бәріне белгілі әлеуметтік-экономикалық себептерінен асып өтіп мұндай қайшылыққа психологиялық тұрғыдан қарайды. Оның ойынша, бір халықтың екінші халыққа деген тарихи реніші, соқыр сенімдері экономикалық формациялардың ауысқанын да ұзақ есте сақталып, халықтардың кекшілдігіне, өзара сенімсіздігі мен өшпенділігіне қызмет етіп, адамдардың ең басты адами құндылықтары туралы ойлануына мүмкіндік бермейді: «Қарғыс атқан реніштің мәңгілігі! Мың жылдық қуанышты есімізде сақтамаймыз, бірақ әлем реніштің бір сәтін ұмытпайды, реніштің қоңырауы аңызақта сайрап тұр... Реніштің бір сәті үшін адамдар ғасырлар бойы кектенуге бар» [13, 6 б.] дей келе, ақын адам баласының керегесінен кері кеткен пендешілік аярлығын түйрей өтіп, оның барлығын түлен түрткен шайтан кейпіне тамаша топтастырады: «Бәрі ақылға сыймды. Киелі азапкерлер адам тобырын мезі етіп, - «пайғамбарлар» жұмақ туралы әбігер болып жатқанда, көңілді шайтан іс туралы айтады: бүгін өмір сүрейік, ертең - көре жатармыз. Шайтан: «Соңымнан!» деп жар салғанда, «Құдайдан» - «Қожайын» артық болып, жұмақтан жердегі өмір жақын болды» [13, 7 б.].

О. Сүлейменовтің поэзиясы - тынымсыз зерттеушіліктің, кешенді ізденістің тұйықтан жол іздеудің поэзиясы. Ақын рухани жұтаңдық пен ой мешеулігінің табиғатын зерттеуде әлеуметтік-қоғамдық әділетсіздіктің шеңберімен қанағаттанбайды. Адамдардың тыныш өмір сүріп, бейбіт тіршілік етуіне кедергі жасайтын себептердің бір ұшығын - жалған ғылым, жалған данагөйліктен іздейді. Ақынның ұғымында әлемдік ғылымда, ол әмбебаптық сипат алып отыр. Ресми данагөйлік пен ғылымның рухани таяздығын көре білу - догматизмі мен жаны сірілігін әшкерелеу қиынның қиыны. Жалған ғылым мен данагөйлікте жалған мұратсыз, дөрекі тұрпайылық өмір сүре алмайды. Тұрпайы мұраттарды пір тұтады. «Құмырсқа» поэмасында бұл мәселенің жай жапсары, анық-қанығы тамаша беріледі. Ойы өлі, «мақтаулы» дүмше данагөйдің бүкіл болмысы: - «Бар әлемнің арманы - Тау жазыққа айналса, ешкім оған көлеңке түсірмесе, жазық бойында тек қана құмырсқа зорайып тұрса. Мен тек кемістікке сенемін. Ұсақ-кембағалдарға табынатын кез келді» [14, 76-77 б.] - ұстанымына бағындырылған.

«Сөздің киесі, құдіреті болды» дейтін қазақы ұғым - О. Сүлейменовтің имандай сенетін негізгі ұстанымы. Оның түсінігінде, адамзат бойындағы ортақ тоқырау мен керенаулықты да сөздің киесімен, яғни - «зәреңді алған үйлесімнің шекарасын да көмей үніңмен жеңуге болады». Ақын, бұл тұжырымды адамзатқа ортақ дүниенің жаратылуы туралы Вавилония аңыздарынан да қосымша туындатып отырғаны жасырын емес - «Жоғарыдағы аспан атауын алмай тұрғанда, ал төменде Жердің атауы болмай тұрғанда» Жаратушы Құдай әрқайсысына атау беріп дүниенің бөліктерін болмыстың жоғынан алып шықты дейтін түсінік бар. Сондықтан О. Сүлейменов өлеңдерінде «сөз» мыңжылдық қадірі қашқан қатпар-түсініктерден тазартылып бәз қалпында, яғни киелі қалпында қолданылады, сөйтіп бүгінгі күннің жалпы адамзаттық мәдениеттерін шешуге бағындырылады. Мысалы, О. Сүлейменовтің Испания туралы өлеңінде фалангистер взводы испан ақынын атуға бұйрық алады. Бұйрықты орындаушылардың керенаулығы мен мәңгүрттігінен адам шошынады - «барлығы жендет болғанда ешкім жендет болмайды». Мұндай жандайшаптықпен олар таңғы күнді де атқан болар еді, өйткені «күн ұйықтауға кедергі жасайды» дейді О. Сүлейменов. Сөйтіп сөзбен тоғышардың рухани керенаулығын бұзады [13, 50-51 б.]. Сондай-ақ болгар ақыны Димчо Дебеляновқа арналған «Ана» өлеңіндегі «өз атыңды өзің шығар ер болсаң - танысын ел» тіркестерінің этимологиясы да өзіңді өзің жаса, тобырдан шыға біл мағынасында қолданылып тұр. Бірақ өзіңді қалай жасау керек? Тобырдан қалай шығу керек? Ең бірінші кезекте адам бол, жалпы адами нормалар мен құндылықтарды игер дейді ақын - «егер сен адам болсаң».

О. Сүлейменовті жалпыадамзаттық құндылықты бір сәтте болса ұмытып, адамдардың тұлға болып қалыптасуын кешеуілдететін халықаралық соқыр сенімдер, ғасырлар жүгінің ауыртпалақтарын алға тарту дәстүрлері еш қанағаттандырмайды. Сондықтан ақын бір халықаралық іс-шарадағы жүлденің сценарий бойынша французға берілгеніне қарсы:

«Французға жүлде - «Марсельеза» үшін бе,

Мен марсельдіктен артық жырлар ем»

дейді ақын немесе келесі бір де «Дүкендегі еттің сорт-сортқа бөлініп паршаланғанындай», тарих та тарауларға бөлініп паршаланған» деп ыза кернейді. Кезінде Олжастың «Арлингтон қабырі» өлеңіндегі «жау моласында да үнсіз қала алмаймын. Жерленген Аттила ма, әлде құл, әлде сүйкімді әйел ме. Өзімде түсіне алмаймын! Әйтеуір кезкелген мола маған қымбат» [9, 105 б.] - деген жолдары да жалпы адамзаттық мағынада айтылып тұрғанына қарамастан, «таптық тұрғыда» жазылмағаны үшін сын-ескертпелер көп айтылып еді.

О. Сүлейменов өзіне Батыс әдеби дәстүрлерімен бірге Шығыс поэзиясының дәстүрлері де жат емес екенін «Назым Хикметке» арналған өлеңдерінде білдіреді.

Алла! Қайттім, ақыл бер,

Таң сәрі - кеш пе ерте ме?

өлеңдерімді артынып - Хорасанға тартсам ба,

парсы-иран ассам ба?

Махаббат жайлы жаздым мен,

Жазғандай Иран шайыры

Таңда олар өлтірген

Ақындарды мұнарадан құлатып [15, 196 б.].

Мәдениеттанушы Әуесхан Қодар: «Егер Мағжан тек Шығысты ғана дәріптесе, Олжас Шығыс пен Батыс арқылы тұлғалық, азаматтық сана қалыптастыруға тырысқан. Сондықтан ол екі рухани дүниені бөлмей, өз жүрегінде ұштастыруға талпынып, «Шығыс әрқашан да шығыс, батыс әрқашан да Батыс» деген ағылшын ақыны Редъярд Киплингпен пікір таластырады. Ақын жолын бастамай тұрып «Аласартпай тауларды асқақтатсам Даламды» десе, ол бұдан кейін де ешқашан дүмбілез дөрекі ұлтшыл болған емес. Керісінше, өз халқын адамзат өркениетіне араластырсам деген ізгі ниетпен жүрді. Оның ең қомақты шығармасы - «Қыш кітабының» өзі де осыған айғақ. Бұл кітапта бірнеше қатпар бар. Соның біріншісі - кеңес ғылымын келеке ету, замандастарының надандығын, тарихи санаға кемістігін келемеждеу. Екіншісі, иран мәдениеті арқылы Шығысты дәріптеу, үшіншісі, көшпенділердің ерлік мәдениетінің сырына үңілу» [16, 56 б.] - дейді. «Қыш кітапта» О. Сүлейменов әдеби камералықтан бас тартты. Бұрынғы ақиқатты білдірген әдеби формалар мен тіл - музей экспонаттарындай рухынан айрылғандай еді. Сондықтан О. Сүлейменовке жаңа формалар мен тілге жүгінуге тура келді. Ең бастысы өзін толғандырған мәселелерді жеткізудің құралдары маңызды болды да, ақын тілді жаңартты.

О. Сүлейменовтің шығармашылығының қай бағытын алсаңыз да, жалпы адамзаттың бір тарихи тағдыры туралы идеялар биік мұнарадан мен-мұндалап тұрады. Көне замандардан бүгінгі күнге жақындаған сайын бұл ойлар күрделеніп кеңейе түседі. Туған Даладан бастау алып, сонау Париж, Лувр, Монмартр, Мәскеу, Новгород, Владимир, Саратов, Қазақстанның Жетісуы, Арқа, Оңтүстік, Еділ-Жайығын былай қойғанда, барлық құрлықтардың географиялық тарихи атауларымен бірге халықтары, олардың көрнекті өкілдері мен қарапайым адамдарының тыныс тіршілігі, түсініктері мен көңіл күйлерінің эволюциясы нақты реалистік мағынада жырланады, планетарлық Отан сезімін күшейте түседі. Ақын өзінің жер шары халықтары тарихының эмоциональдық әлеміне кіру қабілетін сынайтындай әсер қалдырады. Бұл жағынан алғанда О. Сүлейменов келесі бір Батыстың ақыны американдық ұлы Уолт Уитменмен жарысқа түскендей. ХІХ ғасырдың жаратылыстану ғылымы адамзатқа жаңа әлем - Ғарышты ашып беріп, У. Уитмен оның мәнін бірінші болып түсініп, планетарлық сананы, планетарлық Отанды жырлады. О. Сүлейменов объективті түрде оның жалғастырушысы болды. О. Сүлейменовтің артықшылығы тек поэтикалық құралдармен шектелмей, ғылыми құралдарды да іске қосып, бұл процеске елеулі екпін берді. Испан ойшылы Ортега и Гасеттің айтуынша, адам өз бойындағы мүмкіндіктерінің жобасы - О. Сүлейменовтің жобасы да нәтижелі шықты.

О. Сүлейменовтің әлем халықтары тарихының эмоционалдық әлеміне кіруінің үлкен құрамдас бөлімін, мүмкін негізгі бөлімін - ежелгі орыс тарихы құрайды. «Эскиздер» - циклындағы өлеңдері автордың ежелгі Русьтің рухани өмірін кез келген орыс маманынан кем білмейтіндігінің куәсі. Ежелгі славяндардың кеңдік, жомарттық, ізгілік қасиеттері еркін, екінші жағынан идеялық тартыс үстінде нанымды беріледі. Қаймағы бұзылмаған әртүрлі әлемдік діни қатпарлардан ада орыс жандүниесіне әлемдік діннің - Иудаизм, Христиандық, ислам - өкілдері өз діндерін сеппекші болады. О. Сүлейменов бұл процессті өте тартысты, әрі мысқылмен береді. Ежелгі орыс мінезін дөп басуына көне славян жылнамаларын, «Игорь полкі туралы жырды» зерттеу тәжірибелері сезіліп отырады. «Волхов, Сиқыршылар» өлеңінде Варяг көсемдерін Новгород вечесі мен қоңырауын, қауға сақал воеводалардың келбетін, ғашықтарының сырласуы көз алдыңызда елестейді. «Врубельдің - Русі» өлеңінде тақырыпты игеру кеңейе түседі. «Асқан Ару Глебованың зары» Ярославнаның жоқтауындай естіледі. Ақырғы соңында Ресейге арналған жалынды публицистикалық арнауларына кезігеміз.

«Біздің жерлеріміз қашанда қатар жүрді. Бұл сені де мені де, қамкөңіл етті. Сен мені хазар, касах, монғол, қайсақ, ақырында - қазақ дедің. Сенің еркін адамдарың менің есімімді алды. Сенің жарамды аттарыңды, мен алатөбел шұбарым дедім. Сенің қалаларыңа мен Сары-ат, Самара деп ат қойдым. Сенің Арбатыңды - арба жолым дедім. Сенің ерлеріңе жаугершілік «Ұр-ах!» Ұранын берген де мен едім. Осы дабырмен сен өзіңнің тәуелсіздігіңді жеңіп алып, басқалардың бостандығына қол салдың, Россия! Нөсер тамшысын аңсаған менің далаларыма, сен Еділдің лайсаң қарғыны болып келдің. Тастар батып, шаңдар су бетіне қалқып шықты. Бірақ Еділ кейін серпіліп, құрғақ құмдауыттарда, кенеттен шөптер пайда болды. ХХғасырдың бостандығы тууы үшін сен менен феодалдық заманның бостандығын тартып алдың. Сенің пушкаларыңның артынан - Пушкин келді. Бұл қатігез жеңіс еді. Сенікі және менікі. ...Сені Азия деседі. Мен мақтан тұтам, Азия! Анам менің Азия!.. Россия! Менің, соғыста атылып кеткен әкелерім айта алмаған, айтуға үлгірмеген және айтқысы келген сөздерін адамдарға айтқым келеді» [9, 163-165 б.].

О. Сүлейменовтің ғылыми-зерттеушілік жалпы адамзаттық сипаттағы өлеңдері мен мақалалары негізінен 60-70-жылдары жазылды. Жалпы адамзаттық, азаматтық іс-әрекеттері де осы жылдардан бастау алады. 1965 жылы «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында, ақын Соғыстың қаншалықты қасіретті және асқақ сөздерді тудырғанын айта келе: «Қаһармандық - тарихты әлі жалықтырған жоқ. Вьетнам - бұл бүгінгі күндердің Испаниясы: Мен онда найза мен қалам болғым келеді» - деп мәлімдеді. Ақын әлемнің ең қызықты тұлғасы ретінде Венгрияда туылып Ресейде әділет жолында күрескен және Испанияда осы жолда қаза тапқан Мате Залканы айтады. Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлығын жеңіп алысымен ақын оны американ солдаттарының құрбаны болған Вьетнамның Согми деревнясының тұрғындарына көмекке жібереді. Қазақстан жазушылары Одағының Азия-Африка елдері ақын-жазушыларының халықаралық интеллектуалдық қозғалысының бөлімін басқарады.

О. Сүлейменовтің поэзиясы ғана емес ғылыми ізденістерінің бағыты да жалпы адамзаттық бірлік санасын қалыптастыруға бағытталған. Ақынның шығармашылығы тек түркі-славян әлемінің халықтарын ғана емес, барлық құрылық елдері халықтарын толғандырады. Себебі оның шығармашылығы қазіргі заманның дәстүрлі дүниетанымның классикалық формаларынан да ерекшеленеді. Классикалық философия дүниетанымның негізінен дүниені оймен танудың ұғымдарына, ғылымның заңдарына бағындырылған. Сүлейменовтің ерекшелігі сонда оның ойлары поэтикалық образдармен көмкеріліп, академиялық ізденістерге қарағанда неғұрлым жанды және бедерлі қабылданады. Бұл орайда Луй Арагонның: «Менің жеке басым, логикалық ақыли құрғақ тұжырымдар тізбегіне қарағанда, идеялардың поэтикалық ассоциацияларына көбірек сенемін» [17, 248 б.] - деген сөздері еске түседі. Сондықтан ақынның өлеңдері, публицистикалық мақалалары мен эсселері оның адамзаттық ойларының «архитектоникасына» ену тұрғысынан алып қарағанда да айрықша ұтымды шығады. Ғылыми ізденістері де жалпы адамзаттық басты көкейкесті мәселелермен үндесіп жатады. «Бүгінде біз тек - біздің ұлттық тарихтың категорияларымен рухани өмір сүре алмаймыз. Мәдени интеграция планетарлық сананы тәрбиеледі. Біз ғаламның тіршілік сыйланған бірден бір ғарыштық денесі - Жер екенін білдік. Бұдан бір ғасыр бұрын ғана, ол шексіз болып көрінген еді. Ол біздің ортақ Отанымыз. Біз азбыз, біз ғаламда жалғыз тұяқпыз. Сондықтан Жер планетасында не нәрсе өтіп кетсе де - біздің Ортақ тарихымыз. Ежелгі грек мәдениеті - төлқұжатында «грек» болып жазылғандікі ғана емес, біздің бәріміздікі. Сондай ақ Шумер, Ежелгі Қытай, Перғауындық Египет мәдениеті де солай. Бұл менің сенімім» [6, 16 б.], - дейді ақын.

1962 жылдан басталған ақынның тұңғыш ғылыми мақалалары «Игорь полкі туралы жырдың» мәтіні мен мазмұнын ғалымдардың бөлек-бөлек зерттеуіне қарсы бағытталса және оның нәтижесін «Аз и Я» кітабы қорытындыласа, нақ осы еңбегінің екінші бөлімінде ақын әлемдік тарих, тілтану ғылымындағы ғылыми бытыраңқылыққа қарсы шығады. Әлемдік гуманитарлық ғылымдағы оқшаулық орта ғасырлардағы феодалдық бытыраңқылық атмосфераларын еске түсіретін. О. Сүлейменов кеңестік қана емес, әлемдік тілтану, тарих және саяси ғылымдардағы академиялық бытыраңқылықтың объективті және субъективті себептерін ашып көрсетеді. Парадоксальдығы сонда ХХ ғасырдағы әлемдік қоғамдық ғылымдардың, мектептердің гуманистік деңгейі Сократ, Конфуций, Пушкин, Толстой, Абай т.б. жеке тұлғалық мәдениетінен кемшін түсіп жатты. «Данагөйлер келесі ұрпаққа өздерінің қайтіп өмір сүргісі келгенін өсиетпен қалдырады,- дейді ақын. - Біз әзірге бұрынғы өткен данагөйлерден аз білеміз.Бірақ біз нақты өмірде қалай болатынын және идеалды жағдайда қандай болу керек екенін тиянақтылықпен ажырата білеміз. Данышпандар аяқтарының астына қарамай құрдымға құлады. Мамансымақтар идеалистер болған жоқ Олардың көзқарастары соқпақ жол үстіндегі тастардан жоғары көтеріле алмады. Бүгінгі әдебиетшілер биік мұратқа пендешілікпен қарайды» [18, 7 б.].

Ғалымдар бытыраңқылығының ғылыми, идеологиялық, діни, географиялық, саяси себептерімен шектелмей, ақын - тарих қойнауындағы жалпы адамзаттық ғасырлар бойғы адасулардың қайнар көзін деректерге деген ала құла, бытыраңқы көзқарастардан іздейді. Адамдардың күнделікті бейбіт өмірі, күнделікті тарихы - адамзат тарихының құрамдас бөлімі. Бірақ өкінішке орай, олардың барлығы жазба деректерде бейнеленбей, О. Сүлейменовтің түсінігінде өзіндік адамзаттық «ақ таңдақтарды» құрап отыр. Осылайша адамзаттың ой тарихындағы ең түйіткілді, ең жаны сірі соқыр сенімдердің бірі академиялық соқыр сенімдерге қарсы шығып гуманитарлық «Берлин қабырғасын» құлатқысы келеді. Сөйтіп адамдардың бірігуіне жол ашуға ұмтылады. «Тарихнаманың ғылыми еместігінің себептерінің бірі жазба деректерге деген соқыр сенімде жатыр,- дейді О. Сүлейменов, - Олардың әрқайсысы жекелей және жинақтай алғанда күнделікті айтылып жүрген және таптаурын болған «Тарих дұрыс» деген мәтелді теріске шығарды. Ежелгі жылнамалардың кез келген мәліметіне құдайдай сеніп, біз өткен туралы жалған түсінік алдық. Тарихи оқиғалар көбіне біржақты сипатталған және оның әділ, шын екені әлі дәлелдеуді талап етеді. Біздің бабаларымыздың санасында өздерінің ішкі бөгесіндері болды; әрбір жергілікті жерге, әрбір дәуірге өз бөгесіндері тән еді. Барлық ежелгі жазушылар әлемін біріктірген не нәрсе - тартысты драмаға деген кеселді құмарлық болды. Соғыс және Бейбітшілік. Бұл ХIХ ғасырдың жазушысы көрген оппозициялық формула». Бірақ ежелгі шығармалардың формуласы қарапайым, ол - соғыс. Соғыстың әрбір қас қағым сәтін бейнелеген. Ал бейбіт ғасырларға жылнамаларда орын берілмеген» [19, 185 б.]. Сондықтан өзінің зерттеу жұмыстарында О.Сүлейменов әлем халықтарының тілдеріне, сөздіктерінің материалдарына тікелей шығып, сенуге болатын бірден бір объективті дерек ретінде сүйенеді.

О. Сүлейменовтің ғасырлар тоғысында дүниеге келген іргетасты еңбектері «Жазу тілі», «Қиылысқан параллельдер» де «Аз и Я»-ның жалғасы іспеттес осы адамзаттық рухта жалғасын табады. Толассыз фантазия, адам ой-арманының шексіз самғауы. Санқилы жорамалдар да бұл еңбектерге тән. Бірақ олардың барлығы тарих, тілтану, философия, саясаттану, әлеуметтану, экономика ғылымдарының ең соңғы жетістіктеріне сүйенген. О. Сүлейменов ғылыми ізденістері мен идеяларының танымалдылығы осымен түсіндірілсе керек. Құпия жазуларды, тілдер мен аңыздарды жаңаша тарқатып түсіндіру оның ойынша адамзат тарихын жаңаша түсінуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қазіргі таңда бүкіл әлем елдерінде жекеленген халықтардың тарихы жасанды түрде бөлініп, оқшау оқылатындығына қарамастан, біздің бүкіл адамзат тарихымыздың негізі бір, өзара байланысты. О. Сүлейменовтің ғылымы мен поэзиясы ежелгі және жаңа замандарда үзілген байланыстарды қайта қалпына келтіруге бағытталған. Әрбір ұлттық мәдениет пен жалпы адамзаттық мәдени мұраттар туысқандығы басым бағыт алады.

Әлем азаматы ретінде О. Сүлейменовті өткен ғасырлардың кеселдері ғана емес, қазіргі заманауи адамзаттық және ұлттық дерттер де қатты толғандырады. Ол үшін планетаны мекендеген халықтар мен олардың үкіметтері ортақ мүддені шешу мәселесіне күш біріктіру керек. Табиғи жаһандасу жағдайында көптеген халықтардың интеллектуалдарын жалпы адамзаттық мәдениетпен ұлттық мәдениеттердің арақатынасы мәселелері қызықтырады. Уайым мен үрей де жоқ емес. О. Сүлейменовтің ойынша, аман қалу философиясы ғасырлар тәжірибесінен өткен мәдени-рухани дәстүрлерге деген байсалды қатынастарды талап етеді, адамзат мәдениетінің неғұрлым іргетасы негіздерін дамыту керек. Әрбір ұлт өз мәдениетінің дәстүрін сақтап қана қоймай, оған жаңа мазмұн беруі керек. Ал О. Сүлейменовтің соңғы кітаптары жалпыадамзаттық және ұлттық мәдениеттерде қалыптасқан қазіргі рухани және интеллектуальдық вакумды - бос кеңістікті толықтыруға мүмкіндік береді. Өз мәдениетіне жаңа мазмұн бере алмай жатқан ұлттардың тағдыры күрделі. Осы тұрғыдан алғанда О. Сүлейменовтің соңғы еңбектері қазақ мәдениетінің ғана емес, әлемдік мәдениеттердің қазіргі жаһандану жағдайындағы «бейбіт қатар өмір сүруіне» көмектеседі. Шынында да Ф. Достоевский айтпақшы «оның ең озық өкілдерінің шығармашылық еңбектері орасан зор роль атқарады».

Әдетте, О. Сүлейменовті Отандық оппоненттері ақынды ұлттық мәдениет пен тіл тағдырларына қарағанда, әлемдік проблемалардың жетегінде кетті деп кінәләйді. Бірақ шын мәнісінде оны көп жағдайда - әлемдік мәдениетте ұлттық мәдениет көптүрлілігінің жойылып кетпеуі толғандырады. Ал оның бірден бір кепілін, ақын «Поездар кешіккенде» өлеңінде былайша білдіреді:

Басып қалсам клавишті - «Атойлап!»

Эпостардан құйындатып жігіттер,

Үш жүз жылға кешіксе де

Листтен бұрын құтқаруға асығады [11, 244 б.].

Ақынның туған тілге қатысты мына бір жан тебірентерлік сөздері де оның кепілі: «Бабаларымның тілі - мыңжылдықтың тілі. Уақыт бойында сен саз балшықтай иленіп, отқа қақталдың. Қылыштың соққысы мен қамшының ысқырығы, ерлеріміздің өрлігі мен әйелдердің ыстық табы да сенде. Шумер, ғұн тілдерінің ұмыт болған үндері монғол сөздерінің қырылы да сенен естіледі. Сен қайда тудың? Өртке оранған Жетісуда ма? Сен бізге тамырларымыз арқылы берілдің. Сөйтіп, сен жүрегіміздің дүрсілі, ойымыздың қоңырауы болып тұла бойымызды кернеттің. Тағдыр мені қалай шыр айналдырса да - ант етемін! Мен саған қайтып оралам. Өмірімнің басында, әлде соңында. Алыстан, құтты саяхаттан, қымбат жасаумен, үлде мен бүлдеге оранып, ұмыт қалған әкесіне оралған перзентіндей ораламын» [13, 267 б.].

Авиабилетімен әлемді кезіп жүре бергенше, «Зәулім екі қабатты үй салуға кеңес бергендерге» құлақ салмай, Африка, Франция, Азияны шарлаған қазіргі көшпенді О. Сүлейменовтің рухани әлемі өте күрделі, біруақытта өте түсінікті де қарапайым. О. Сүлейменов үшін көшпенділерлің эстетикалық мұраттары жаһандасу заманында із-түссіз жоғалып кетпейді. Бүтіндей бір дәуірді құрап, «жалпы адамзаттық рухтың» құрамдас бөлімі болды. Қазақ халқының рухани тәжірибесі бүгінгі жаһандасу заманында оның ұрпақтарының кәдесіне жарайды дейтін түсінік - О. Сүлейменовтің негізгі ұстанымы. Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов жазғандай: «Сірә, О. Сүлейменовтің ақындық дарынының басты ерекшелігі - өз халқының рухани өмірінің терең де, арналы ағыстарына «тартыла» білуінде. Оның орыстілді поэзиясында дүниені тұщынудың ұлттық стереотиптері тартыссыз және ақыли стиллизациясының ебедейсіз нобайларынсыз еркін көрінеді. Пұтқа табынған көне заманның, бөлінбейтін, біртұтас әлем туралы тарих сыннан өткізіп асқақтатқан баяғы ата-бабаларымыздың түсініктері - О. Сүлейменовтің поэзиясында үзіліп қалған байланыстардың стихиясына қарсы қойылады. Өзі қайта жасаған әлем көрінісінен ұлттық мәдениет мұраттары мен жалпыадамзаттық мәдениет мұраттарының туыстығын көре білуіне мүмкіндік беріп, рухани кемелдік дәрежесімен ерекшеленетін оның поэзиясының сипатты белгілері - азаматтық, патриоттық пафос, үлкен оқиғалар әлеміне деген белсенді қатынас, ұсақ-түйектер мен фактілерді философиялық тұрғыда ұғыну болып табылады» [1, 264 б.].



Түйіндей келгенде, О. Сүлейменов әлемдік көркемойдың дамуына қомақты үлес қосты. Оның поэзиясында әлем халықтары поэзиясының барлық дәстүрлері мен мектептерінің жетістіктері дамытылып, ғылыми ақындық сипатқа ие болды және ҒТР дәуірінің заманауи көркемдік талаптарына жауап беріп, зор ақындық үн ретінде мойындалды.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Әуезов М. Предки, в бою поддержите меня» (О национальном своеобразии поэзии О. Сулейменова) // Дружба народов. -1968. - №7. - С. 258-264.

  2. Сүлейменов О. Исправляя метафорой мир. - Алматы: Қаржы - қаражат, 1996. - 288 с.

  3. Сулейменов О. Таңдамалы туындылары. - Алматы: Жібек жолы, 2005. – 384 б.

  4. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1985. – Т.20. – 496 б.

  5. Материалы Второго форума творческой и научной интеллегенции СНГ. Евразийская муза.. Приложения к Литературной газете. – 2007, декабрь - 26-31. - Вып. 2. - № 2.

  6. ҚРОММ. 2225-қор. 1-тізбе, 83-іс. // Ответы О. Сулейменова на вопросы журнала // «Шарк Юлдузи» (Узбекистан) Икраму Атамуратову. – 1987, декабрь – 16.

  7. Сүлейменов О. Ата мекен. – Алматы: Жазушы, 1972. – 288 б.

  8. Сулейменов О. Год объезяны. – Алма-Ата: Жазушы, 1967. – 107 с.

  9. Сулейменов О. Солнечные ночи. – Алма-Ата: Казгослитиздат. - 1962. – 181 с.

  10. О. Сүлейменов Но людям я не лгал / сост. Абдулло С. - Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – 146 с.

  11. Сулейменов О. Избранное: Стихотворения и поэма. Сост. и автор С.Абдулло. – Алматы: Раритет, 2006. – 416 с.

  12. Сулейменов О. Трансформация огня. – Алма-Ата: Жалын, 1983. – 240 с.

  13. Сулейменов О. От января до апреля. – Алма-Ата: Жазушы, 1989. – 272 с.

  14. Сулейменов О. Глиняная книга. – Алма-Ата: Жазушы, 1969. – 251 с.

  15. Мартынов Л.Н. Вместо предисловия // В кн.: Сулейменова О. Определения берега. - Алма-Ата: Жазушы, 1979. - 456 с.

  16. Әуесхан Қодар. Қанағат қағанаты. – Алматы: Қағанат, 1997. – 108 б.

  17. Рзаев В. Слово об Огне // Новый мир. - 1986. – №4. – С.246-249.

  18. Сулейменов О. Эссе. Публицистика. Стихи и поэмы. Аз и Я. - Алматы: Жалын, 1990. - 592 с.

  19. Сүлейменов О. Аз и Я. - Алматы: Жазушы, 1975. - 304 с.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет