Омбы өңірі қазақтарының әдеби мұрасын жинап, зерттеудің өзекті мәселелері



Дата23.02.2016
өлшемі57 Kb.
ШЫНДАЛИЕВА МЕҢДІГҮЛ БҰРХАНҚЫЗЫ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті журналистика кафедрасының профессоры, ф.ғ.д.


Омбы өңірі қазақтарының әдеби мұрасын жинап, зерттеудің өзекті мәселелері

Қазақ этногенезінде үлкен рөл атқарған – қыпшақтар мен қимақтар (VІІІ ғ) ХІ ғасырдың соңына қарай түрік тайпалары мекендегені, Ертіс пен Еділ бойының бәрін Дешті Қыпшақ (Қыпшақ даласы) тайпалары алып жатқаны тарихтан белгілі. Осы қыпшақтардың Сібір жеріне жылжуы ХІ ғасырдан бастау алады. Қыпшақтардың тұқымы бүгінгі күні Омбы, Челябі, Новосібір, Түмен, Қорған облыстарында, Ертіс бойында өмір сүріп келеді. Ресейдің оңтүстік шығысында қыпшақтар мен қимақтар көп болғандықтан, орыстар Алтын Орданы кейде Қыпшақтар Ордасы деп те атаған. Қыпшақтар Еділдің орта ағысынан Сырдарияға дейін көшіп-қонып жүргендігін тарихшылар еңбегінен білеміз.

1237 жылы Батый Ресейдің шығысын, оңтүстігін бағындырғаннан кейін, жолшыбай тыныш жатқан қыпшақтарға да тиіскен. Кейбір тарихшылардың айтуынша, моңғолдардың тез жеңіске жету себебі қыпшақтардың екі тобының қырғи-қабақтығынан болған. Сол қыпшақтардың бір тобы моңғолдарға бағынып, екіншісі батысқа қарай кетіп, Венгрия (Ғұн) жеріне қоныстанған деседі.

Белгілі зерттеуші А.Аристов Үгедей немересі Хайду ханның (1270-1301) әскерінің дені керейлер мен наймандар болғанын айтады. Керейлер 1377-1400 жылдардың өзінде Ертіс пен Ерен Қабырға тауларын мекендеген. Осы керейлер тұқымы бүгінгі күні Омбы облысының аудандарына біржола қоныстанған. Негізінен қазақтар тұратын жерлер: Томар, Қаратал, Домбай, Басағаш, Жаңаауыл, Сегізбай, Қызылағаш, Керейбай, Жарағаш, Балапанның Күнгейі – тізе берсе көп-ақ. Аталған ауыл аттары – бұл өлкенің барлығы байырғы қазақтардың қонысы болғандығының даусыз дәлелі.

Сібірдің орманды, далалы жерлерінде, әсіресе Есіл мен Тобыл, Тура, Ертіс, Объ өзендерінің жағасында осы түркітілдес тайпалар ХVІ ғасырда қоныстанған деп келеді. Көп әдебиеттерде оларды Сібір татарлары деп те атаған. Сібір хандығын билеген адамдардың дені татарлар мен ноғайлар болғанымен, арасында қазақтар мол болған. Қазақ халқын өз атымен алғашқылардың бірі болып атаған, әсіресе Сібір өлкесіндегі түркілердің мұрасын жинауға үлкен үлес қосқан В.В.Радлов: «Терістік Алтайдан Орал өзеніне, Омбыдан Зеравшан өлкесінің батыс аймағына дейінгі ұлан-ғайыр даланы өздерін «қазақ» деп, орыстар мен басқа батыс елдері қателесіп, «киргиз» немесе «киргиз-кайсак» деп атаған халық мекендегендігін» [1,11-б] жазып қалдырған.

Қазақ жері болғандықтан мұнда қазақы дәстүр, салт-сана бұзылмаған күйінде сақталған. Жаңа туған баланың шілдеханасынан бастап, үйлену, құда болу, құрбандық шалу, айт секілді ұлттық мәдени әдет-ғұрыптарымыз түгел бүгінгі күнге дейін жеткен. Ауылдарды аралап, халықтың тұрмысымен жақынырақ танысқан адам мұндағы ағайындардың ата кәсібінің толық сақталғанына қайран қалар еді. Ауылдағы әрбір шаңырақ мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен ұлттық салт-дәстүрге бай қазақ халқының бір бөлігі осы Сібір жеріне жинақталған.

Қай халықтың болсын қатынас амалдарының бірі сауда болса керек. Сібір жерінде де солай болған. 1715 жылы Ямышев бекінісі тұрғызылды. Орыс патшасының алдымен осы Сібір жерін мекендеген қырғыз-қайсақтармен байланысты күшейтудің жолын ойлауы тегін емес-тін. Қазақ болыстарымен келісімге келіп, 1755 жылдан бастап нақты қатынасқа көшеді. Сауда той. Омбы елінде осындай сөз ұғым бар. Алғаш рет ол 1759 жылы салтанатты түрде Омбыда ашылған. Тобыл мен Түмен орыстары ұн, кездеме, темірден жасалған басқа заттар алып келсе, қазақтар мал оның жүні, еті, сүті, майы, т.б саудаға салған. Орыс көпестеріне бұл сауда орталығының пайдасы күшті болған. Орыс патшасының әрекеті 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілхайыр ханның шешімінен кейін күш алуы осыдан қалыптасқан.

Сібір тарихын зерттеуші Ф.Усовтың: «Киргизы не смотрели равнодушно на попытки русских землеискателей приобретать у них землицы, а на против, жестоко мстили за это постоянными набегами и опустошеньиями погроничных селении»[2,5-6],- деген сөздері шындыққа ұласады. Профессор М.Әбдіров: «1822 жылы патша өкіметі қазақ даласын түпкілікті отарлау туралы шешуші қадам жасады. «Сібір қазақтары туралы Жарғы» қабылдады», - дейді.

Жоғарыда айтылған мәселелерден келіп заңды сұрақ туады. Ресей патшалығы бұратана халықтың несіне қызықты? Біріншіден, Сібір жерінде табиғи байлықтың қоры көп еді. Екіншіден, басқа елдермен сауда байланысын жасаудың тиімді жолы болды. 1789 жылдың өзінде Сібір хандығының құлатылуы осыған әкеліп соқтырды.

Патша Ор, Омбы, Петропавл, Тройцк бекіністерін беріректе, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында салса да, қазақтың байырғы жерлерін қанды қақпандарына алуды бұдан бірнеше ғасыр бұрын ойлаған. Ақырында қазақ жерін біржола иеленді.

Қошке Кемеңгерұлының «Бұрынғы езілген ұлттар» деген кітабында Ресейдің езгісіне ұшыраған 38 ұлттың тарихы, жер-суы, шарты, кәсібі, қоғамдық-әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі сөз етеді. «Русия үкіметінің қазақ туралы мынадай қанды саясаты болған. 1. Қазақтың байлығын сүліктей сору. 2. Қазақтың сорпаға шығар маңдай жерін сыпырып, қазақты шөлге қуу. 3. Ауылнайлық, билік, болыстық партиясының отын үрлеп, май тастап, қазақты бір-бірлеп қол қамшы-шоқпар қылып, ұлттық, азаматтық сезімін өсірмеу. 4. Қазақты шоқындыру»[5,26-б]. Қошке Кемеңгерұлының осы сөзіне қосарымыз да, аларымыз да жоқ.

Ермактың Сібірге келуінен бұрын бұл өңір түгелдей дерлік атақты Жошы ханның әулетінен шыққан Көшім ханның иелігінде болған. Ал Ермак 1585-1591 жылдары Сібір жеріне келіп, үстемдік жүргізді. Казактар мен қазақтар арасындағы қақтығыстар қазақтардың құнарлы жайылымдарын тартып алып, оларды отырықшылық пен егіншілікке үйретуді күштеп жүргізудің салдарынан болып отырған. Ата кәсібі мал шаруашылығымен айналысуға көп кедергісін тигізген. ХІХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап, Омбы уезіндегі қазақ руларын көшіп келуші шаруалар қыса бастайды. Оның дәлелі: «Батыс тарихшылары орыстардың жүргізген экономикалық саясатына қарсы қазақтардың мұндай наразылығының негізгі себебі – олардың қазақ руларының жайылымдары мен шабындықтарын тартып алып, Еуропалық келімсектерге беруінен көрінетін аграрлық саясаты деп көрсетіп жүр»[4,77-б].

Ертеректе-ақ бұл саясат үкімет тарапынан қолдау тауып, ресми сипатқа ие болады. А.Донели: «Солтүстік Қазақстандағы ең жақсы жерлер мен су көздерін басып алған келімсектер көшпелілердің миграциялық айналасына кедергі келтірілді. Қазақтар мен келімсектер бастапқыда бейбіт қарым-қатынаста болды. Кейіннен келімсектердің көшпелі шаруашылыққа зиянды әсерінен қазақтар мазасызданып, наразы болуымен бұл бейбіт қатынас бұзылды»[5,78-б],- деп жазады.

«Қазақтардың көшпелі экономикасына орыс империясының әскери ұйымдасқан жігі – казактар үлкен қауіп тудырып отырды. Казактар Қазақстан үшін нағыз апат болды. Қазақ даласындағы казак горнизондарын басқыншылығы өз қоныстарын орыс-казак әскери отарлауына қорғаған қазақтардың қозғалысын тудырды»[6,78-б]. Осы мәліметтердің өзінен казак әскерлерінің озбырлығын, Ресей үкіметі жүргізген отарлау саясатының тәртібін көру қиын емес.

Қыпшақтар дәл осы кезде Омбы уезінің солтүстік батысында болса, Ертіс пен Теке өзендерінің бойында керейлер мекен етіп, уездің оңтүстігінде Сырым ұрпағы сары керейлер қиын-қыстау кезеңді басынан кешіріп жатты.

Сібірдегі қазақтардың басының бірігуіне ислам діні де әсер етті. Қазақ жүздерінің ішіндегі ислам дінін кешірек қабылдағандардың бірі – Орта жүздегі керейлер мен наймандар, қыпшақтар. Елбасына күн туған қиын заманда керейлер көпке дейін мұсылман дінін қабылдамай, шамандыққа берік болып қалған.

Бұқарадан келген Шаһмансұр деген кісі керей елін аралап, кетерінде жиырма жастағы ұлы Мұхамедті тастап кетеді. Осы Мұхамед момын керей елін бірнеше жыл үгіттеп, мұсылмандыққа жүгіндірген екен. Соның әсерінен Ресей жеріндегі керейлер алғаш рет мешіт салдырып, медрессе ашқан. Оның кейбір деректері күні бүгінге дейін сақталған. Осы мешіттердің алғашқыларының бірі Омбыда ХVІІІ ғасырдың басында салынған. Мешіттің толық салынып, тұрғызылуына қазақтардың көп әсері болған. Сол заманның өзінде Омбыға келген әрбір қазақ азаматы мұсылмандар мешітіне кіріп, құдай жолына тәу етіп отырған. Соның бірі - қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов. Шоқан да осы мешітке келіп, дінге деген оң көзқарасын танытып, тілегі бір мұсылман қауымының атына тәңіріге құлшылық етіп отырған. Келе-келе осы мұсылмандар мешіті аяқасты болып, қонақ үй, дүкен ретінде пайдаланып кетті. 1950 жылдары байырғы мұсылман халықтарды имандылыққа тәрбиелеп келген киелі орынды бұзып, көп қабатты үйлер салыныпты. Адамның жүрегімен жасалған, қолынан тұрғызылған орталық осылай жоғалған.

Бүгінгі күні Омбыда қазақтардың Қожахмет хазірет мешіті халықтың арнап келетін қасиетті ғибадатханасына айналған. Ораза, құрбан айт, жұма намазы Қожақмет хазірет мешітінде ойдағыдай өткізіліп тұрады.

Қазақ зиялыларының Омбы қаласымен байланысы жайында айтпай кетуге болмайды.

Омбы - қазақ деген ұлы халықтың кіндік қаны тамған, зиялыларымыздың табаны тиген қасиетті топырақ алаш азаматы үшін киелі шаһар. Олай дейтініміз, халқымыздың белгілі азаматтарының біразы осы Омбыда білім алып, қызмет жасаған. Соның бірі Ақан сері Қорамсаұлы 1893 жылы Николай шахзада Омбыға келгенде тәкаппар, паң кісіден тайсалмай, елдің, халықтың жағдайын өлең шумақтарымен жырлап беріпті. Қазақ ақынына шын сүйсінген Николай Ақанға алтын медаль сыйлапты. Оны ел аузында тараған төмендегі шумақтар айқын дәлелдейді:

Омбыға патша келіп болды жиын,

Қалдырмай бәрін тегіс болыс-биін.

Министр, губернатор, советниктер,

Бас қосып, мәжіліс қызған ұлы дүйім.

Николай император ғұзретіне,

Сөйледім: «Бұл қазақтың жайы қиын».

Ұнатып ол шахзада біздің сөзді

Қош көріп алтын медаль қылған сыйын,-

деген екен.

Әнші-ақын Құдайберген Әлсейітов өмірі мен шығармашылығы да осы Омбы қаласымен тығыз байланысты. Құдайберген Әлсейітов айтыс өнерінің жүйрігі болған. Оның дәлелі: «Қазақ Совет энциклопедиясында» ақын Құдайберген Әлсейітов туралы қысқаша мынадай дерек берілген: «Әнші – композитор, ақын – импровизатор, 11-12 жасынан «бала ақын» атанған. Кереку, Омбы, Көкшетау, Ақмола, Қызылжар, Семейді аралап, әншілік өнерімен танылған. Бертінде Қараөткел, Қоянды жәрмеңкелерінде ән салып, ат ойынын көрсеткен. Автордың көптеген музыкалық, шығармалары «Құдайбергеннің әні», ал жыр саласында – «Құдайбергеннің Қадиша қызбен айтысы», «Баласы Әлсейіттің Құдайберген», «Құдайбергеннің желдірмесі», «Құдайбергеннің Сүйінбаймен айтысы» [7,36-б] деген атпен халық аузында жүр делінген.

1980 жылы Омбы Мемлекеттік университеті студенттерінің фольклорлық практикасында (Новосібір облысында) жазылып алынған бір әңгімені университетінің мұрағатынан 1992 жылдың басында көшіріп алған болатынбыз. Новосібір облысының «Маметкина» деревнясының тұрғыны сексенінші жылдары сексен жастан асқан Мұқарам Шөкейұлы деген ақсақал Құдайберген туралы былай деп әңгімелеген екен: «Қыпшақтың жол басының ішінде Құдайберген деген ақын өтіпті. Біздің елге Құдайберген келгенде бүкіл халық жиналушы еді. Шын жүйрік болатын»[8].

Көне көз ақсақалдардың айтуынша, Құдайберген ақын ертегі, қисса – дастандарды жатқа айтқан. Соның бірі – «Қалқаман - Мамыр» атты жыр. Шәкәрім жазған нұсқасын да, әлде басқа нұсқасын ба, ешқандай дерек жоқ. Ол әйгілі Үкілі Ыбыраймен айтысында:


Сұрасаң Арғыз атым - арғын - қыпшақ,

Бергі атамыз Сейіт пен Бұлғақ болмақ.

Бар байлығым басымда, ырысым – сол.

Құдірет маған берген тіл менен жақ,-

деп ата тегін қысқа таныстырады. Новосібір мен Омбы өңіріндегі өнер қадірін білетін ақсақалдардың айтуына қарағанда, Құдайберген ақын Сүйінбаймен Омбыда айтысқан дейді. Өкінішке орай бұл айтысты жатқа білетін ақсақалдар кездеспеді.

Омбы қазақтарының ішінде алты алашқа аты әйгілі болған зиялы жанның бірі – Мұқан Әйткенов. Әйтсе де ол туралы деректер күні бүгінге дейін беймәлім болып отыр. Бұл кісі Үш жүздің партиясының басын қосуға көп үлес қосқан. Мұқан қайраткерлігімен қатар шешен, табан астында өлең шығарғыш суырып-салма ақын болған екен. Ол айтқан қанатты сөздер, иірімді шумақтар үлкендер аузында жақсы сақталған. Мына төмендегі шумақты 1992 жылдың желтоқсан айында Омбы қаласының тұрғыны Сейітқазы Бұлқайыров деген ақсақалдан жазып алған едік:

Мен шықтым шәкіртіммен Орынборға,

Даяр болып билет алдым шойын жолға.

Қартайып шіркін көңілім қалған екен,

Кібіртіктеп әрең шықтым шойын жолға.

Алыста алшаң басып үйде отырмай,

Сұм жалған жүрегімнің тайғаны ма?

Баяғы әл-қуатты жинап алып,

Лебізімді шырқайтын арманына,-

деген екен ақын. Әрине бұл жолдардың өлеңдік құны төмен. Мүмкін бізге жеткізушілердің кінәсінен болар, әйтеуір, ұйқасы осал, маңызы да шамалы.

Қазағымыздың мақтанышы Сәкен Сейфуллин өмірі мен шығармашылығы осы қаламен тығыз байланысты. 1916 жылы Омбы оқытушылар семинариясында оқып, бүкіл жер жүзіне аты танылған ақын ретінде қалыптасады. Ол туралы Е.Исмайлов: «Сәкеннің Омбыға келуі бұрынғыдан да тереңдей білім алуына кең жол ашумен бірге саяси-қоғамдық және ақынның эстетикалық қөзқарасын қалыптастыруға қолайлы жағдай тудырды»[9,20-б], – деп, Омбы кезеңін ерекше атайды.

Ахмет Байтұрсынов алғаш Қостанайдан Омбыға қарай сапар шеккенде Абайдың өзін де, өлеңін де естімеген екен. Оның Абай атына қанық болуы осы Омбыдан басталады. Сұлу сөздің пайғамбары Мағжан Жұмабаев та осында оқып, ешкімге ұқсамайтын лирикасымен ақындық кредосын қалыптастырды.

Омбы қазақтардың тарихын толғай келе енді тақырыптың зәрулігі мен бұл мақаланы жазудағы мақсат пен міндеттерге қысқаша тоқталғанымыз жөн болар.

ХVІІІ-ХХ ғасырлар аралығы – қазақ халқының рухани – мәдени өміріне өшпес іс салған ерекше кезең. Осы тұста Омбы қазақтарының арасында да аты әйгілі ақын-жыраулар, би-шешендер өмір сүрген. Олардың бізге жеткен мұралары қазақ әдебиетінің бір арнасы іспеттес. Сондықтан оны нақты, тереңірек зерттеу әдебиеттанудың өзекті мәселесі бола бермек. Осыны ескере отырып, аймақтық әдебиеттану бағытында біраз еңбектену қажет сияқты. Әрине бұл жолда едәуір қиындықтар да кездеседі. Олардың ең бастысы деп мыналарды айтар едік. Біріншіден, осы уақытқа дейін Омбы өңірі туралы қазақ әдебиеті тарихында зерттеу жүргізілмеген, оны былай қойғанда ондағы әдебиет өкілдерінің аты да аталмаған; екіншіден, ол өлкені мекендеген қазақтардың көркемдік - әдебиет шығармашылығы кейінгі кезге дейін жүйелі жиналмаған.

Біз өз заманының халқының өмірін көзге елестететін шығармалары бар Байсерке абыз, Тоқсан би, Домақ шешен, Бектұр Батырқожаұлы, Олжабай Нұралыұлы шығармашылықтары жеке-жеке назар аударатын тұлғалар. Олардың әдебиетке қосқан үлесін анықтауға бүгінгі күннің өзекті мәселелері. Омбы қазақтарының қазіргі кезде 100 мың жолға таяу әдеби мұрасын талдау арқылы қазақ әдебиеті тарихына жаңа есімдерді қосу мүмкіндігі тұр. Алайда бұл көпсалалы зерттеудің бір бұтағы деп қараймыз. Өйткені, Астрахань Орынбор, Сартау, Самар қазақтары шығармашылығы да өз зерттеушілерін күтуде.

Сонымен қазақ әдебиеті тарихында Омбы өңірі қазақтардың үлесі елерлік екенін айта отырып, би-шешендер, ақын-жыраулар шығармалары осындағы қазақтардың ұлттық салт-сана, көркемдік-эстетикалық қалыптасуын мәдени және рухани, тәлімдік-танымдық дәрежелерін толық ашық бере алатынын алға тартамыз.

Аймақтағы қазақ халқы мәдени мұраларын, оның ішінде фольклор, этнография, тарихты жеке ғалымдар зерттеп жүр. Бірақ оларды газет, журнал, баспа, радио, теледидар материалдары жарық көрген жоқ. Осындай ғасырлап шоғырланған мұраны аймақтағы қазақтар туған тілінде естуге де, көруге де мүмкіндігі жоқ. Оның басты себебі: мұндағы қазақтардың бірде-бір хабар-ошар орталығы жоқ, ұлттық мектептер жоқтың қасы. Арғы-бергі ерлігімен, өнерімен, парасаттылығымен көзге түскен ардақтыларын ауызға сирек алатындары да сондықтан.

Тәуелсіз еліміздің әдеби-шығармашылық мұрасына Ертістің Омбы өңірі қазақтарының қосатын үлесі жоғары. Бұған дейін осы жайттар ескерілмей келді. Ол қазір де шешімін таппаған мәселе болып отыр.

Қорыта айтарымыз, біз аталған өлкедегі қазақтардың әдеби шығармашылығының жайы қалай әсіресе көркем туындының қай түрі (жанры) басым дамыды және олардың рухани өмірдегі орны қандай дегенге жауап беру қазақ әдебиеті тарихының аймақтық бағытын зерттеу мен зерделеу бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мәселелерінің бірі.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Радлов В.В Алтын сандық. - Алматы: Рауан, 1993.

  2. Статистическое описание Сибирского казачьего войска.Спб.1879.С.5-6.

  3. Кемеңгеров К. Бұрынғы езілген ұлттар. – Мәскеу: 1923.

  4. Қазақ. - Алматы: Жазушы, 1994.

  5. Қазақ Совет энциклопедиясы. 2.т. - Алматы: 1986.

  6. Омский Государственный университет. Архив филологического факультета. 1980. Папка. № 3.

  7. Исмайылов Е. Ақындар. - Алматы: Қазмембаспасы, 1956.

  8. Адамбаев Б. Шешендік сөздер. - Алматы: 1989.

  9. Әуезов М. Әдебиет тарихы. Қызылорда-Ташкент: 1927.

Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
data -> Қазақ очеркі
data -> Шетел журналистикасы
data -> Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы махаббат, адамгершілік мәселесі
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> «Қазақ» газетіндегі ұлт-азаттық КӨтеріліс туралы мақалалардың маңызы
data -> Толысқан талант иесі қалихан Ысқақов 70 жаста
data -> О бөкейдің «Жас Алаш» газетіндегі шығармашылық кезеңі М. Б. Шындалиева, Қазақстан, Астана
data -> Сақ Қайрат Өмірбайұлы
data -> Газет бетінде қазақ билері, батырлары туралы тұщымды мақала, тарихи-танымдық очерктер жарияланып тұрды


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет